Әдеби - сазды кеш «О, поэзия! Менімен егіз бе едің?»

  Қазақ поэзиясының қайталанбас сөз зергері, ғасырлар тоғысында ғасыр ақыны атанған  Мұқағали Мақатаевтың өмірі, өлең – жырлары туралы мәліметтер беру, ақын туралы естеліктермен таныстыру; оқушылардың танымдық көзқарастарын дамыту; халықтың асыл ұлы Мұқағали жырлары арқылы бүгінгі жас ұрпақты поэзияны сүюге тәрбиелеу; Ақынды еске алу.      Ақиық ақынның суреттері, слайдтар, бейнебаяндар, ақын шығармалары бойынша кітаптар көрмесі, интернет сайттарының кітапхана материалдары   Бүгін менің туған кү...
Раздел Математика
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Әдеби - сазды кеш


Тақырыбы «О, поэзия! Менімен егіз бе едің?»

Мақсаты: Қазақ поэзиясының қайталанбас сөз зергері, ғасырлар тоғысында ғасыр ақыны атанған Мұқағали Мақатаевтың өмірі, өлең - жырлары туралы мәліметтер беру, ақын туралы естеліктермен таныстыру; оқушылардың танымдық көзқарастарын дамыту; халықтың асыл ұлы Мұқағали жырлары арқылы бүгінгі жас ұрпақты поэзияны сүюге тәрбиелеу; Ақынды еске алу.

Көрнекіліктері: Ақиық ақынның суреттері, слайдтар, бейнебаяндар, ақын шығармалары бойынша кітаптар көрмесі, интернет сайттарының кітапхана материалдары

Шараның барысы:

Бейнебаян №1 «Бүгін менің туған күнім...»

Сахнаға Мұқағали шығады Бүгін менің туған күнім.

Ой, бәле-ай!

Мына адамдар неге жатыр тойламай?!

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай.

Мына дүние неге жатыр үндемей?!

Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.

Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,

«Мынау шапан,

Мынау - атың, мін» демей.

Мына жұртқа жақпады ма әлденем?!

Бекер өмір сүргенім бе, әлде мен?

Халқым, сенің қасиетіңді білем деп,

Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!

Айтамын деп қуанышың, мұңыңды,

Басқа арнаға бұрдым ба әлде жырымды?!

Мен, бәрібір, өзіңменен бір болам,

Өзегіне тепсең-дағы ұлыңды.

...Тойланбаса тойланбасын,

Не етейін.

Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін.

Қаламымды берші маған, бәйбіше,

Болашаққа арыз жазып кетейін...

(Мұқағалиға бәйбішесі қалам әкеліп береді. Ақын стол жанына жайғасып, өлең жазуға кіріседі).

1-жүргізуші. Армысыздар, қадірменді қонақтар, құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі

Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орайластырып ұйымдастырылған

«О, поэзия! Менімен егіз бе едің» атты әдеби-сазды кешке қош келдіңіздер!

2-жүргізуші. Қара өлеңнің көш керуенін қара нардай алға сүйреген биігіміздің бірі әрі бірегейі

Мұқағали Мақатаев - ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ ақын.

Ол өзінің қысқа ғұмырында өзіне-өзі сенген. Асыл ой, жауһар сезімге

суарылған жырлары қазақ халқының рухани әлемін байытқан үстіне байыта

түскен, қиялы ақ қарлы Алатау жаққа шарқ ұрған, асқақ мұзарт шыңдарға қарай

қанаты талмастан биіктен-биікке самғаумен келген ақиық ақынның жырлары

мен көркем дастандары - сол сенімінің жемісі. Ақын жаңа ғасыр қақпасын

ентікпей еркін ашып, жаңа мыңжылдық айдынына шығып отыр.Олай болса,

Мұқағали Мақатаевтың өмір жолына шолу жасайық.

Бейнебаян №2

1-жүргізуші. Алматы облысы, Нарынқол ауданы, Қарасаз аулында 1931 жылы дүние есігін

ашқан Мұхамедқали Сүлейменұлы Мақатаев қазақ поэзиясының басына қонған

бақ екенін ол кезде ешкім де білмейтін. Ақынның атын нағашысы Бизақ қояды.

Мұхаммед пайғамбар мен пайғамбардың төрт шадиярының бірі Әли сияқты

қасиетті қос есімнен құралған атты иеленген бала тегін азамат болмас деген

ырыммен қояды. Кейін жеңгелері «айтуға оңайландырып» «Мұқағали» атап

кеткен екен. Мұқағали - үйінің тұңғышы. Ақынның 2 інісі болған: Тоқтарбай мен

Көрпеш. Ақынның әкесі Сүлеймен 1941 жылы 29 желтоқсанда қан майданға

аттанады. Үш айдан кейін хабар-ошар біржола тоқтайды. Бала Мұқағали осы

сәттен бастап жетімдікті бастан кешіреді. Әжесі Тиын мен анасы Нағиманның

тәрбиесінде жетіледі. Оның алғашқы өлеңдерінің тууына да өз әкесіне деген

балалық сағынышы себеп болады. Қазір ескі Қарасазда орны ғана қалған,

мұражайда сызбасы тұрған шағын лашық үйде Мұқағалидың балалық шағы өтеді.

«Қарасаз» өлеңі. Өлеңді оқитын 8-класс оқушысы Қазбек Аяна

2 -жүргізуші. Мұқағали еңбекке ерте араласып, ауылдық кеңестің хатшысы, қызыл отаудың

меңгерушісі, комсомол комитетінің мүшесі, жеті жылдық мектептің мұғалімі

болды. М.Мақатаев Нарыңқол аудандық «Советтік шекара» газетіне орналасып,

қаламгерлікке ден қояды. Мұнан соң «Социалистік Қазақстан» қазіргі «Егемен

Қазақстанда», «Мәдениет және тұрмыс», қазіргі «Парасат», «Жұлдыз»

журналдарының редакциясында, Қазақстан Жазушылар одағында қызмет

атқарды. Өзінің шынайы таланты, сырға толы, тұнық та мөлдір жырлары

арқылы халықтың жүрегіне жол тапқан. Мұқағали мұрасы бүгінде туған

халқының қажетіне жарап, рухани азығына айналып отыр.

«Отан» өлеңі. Өлеңді оқитын 6-класс оқушысы Жамбалаева Ақерке


1-жүргізуші. Ақиық ақын, кезінде мұзбалақ ақын атанып кеткен Мұқағали Мақатева өмірі

туралы сыр шертер бейнесюжетке назар аударайық.

Бейнебаян №3

2-жүргізуші. Ақынның жары Лашын Әзімжанова «Мұқағали мөлдірліктен, тазалықтан, биік

адамгершіліктен тұратын еді»,- дейді ақын туралы естелігінде. Жырларының

құндылығы ақын жанының риясыз тазалығында жатыр деп ұғынуымыз қажет.

Ендеше, Мұқағалидың поэзиясымен сырласайық.

  1. «Қуаныш» өлеңі. Өлеңді оқитын 5-класс оқушысы Есенгелдинова Мейрамгүл

  2. «Досым саған сенемін» өлеңі. Өлеңді оқитын 5-класс оқушысы Қалдыбаева Мерей

  3. «Дос болам десең» өлеңі. Өлеңді оқитын 5-класс оқушысы Михайлова Аида

1-жүргізуші. Поэзия - адам жанын тебіренткен, айтылмай, бейнеленбей тынбайтын өктем

рухтың бейнесі. Ақынның өзге жұрттан артықшылығы - бүкіл болмыспен,

табиғатпен табысып, кез келген кісі әсерлене бермейтін кұбылысқа тебіренетіні,

кез келген кісі әсерлене бермейтін нәрседен әсерленетіні. Сондықтан да ол -

ХХ ғасырдың «Ғасыр ақыны» боп танылған поэзия пайғамбары.

2-жүргізуші. М.Мақатаевтың өлеңдерін сүйіп оқымайтын, тыңдамайтын адам жоқ.Ақын

ағамыздың қалам тартпаған тақырыбы қалмаған. Ана мұның, әке зарын, жетім-

жесір қайғысын, ердің ерлігін, пәк махаббатты, достықты жырға қосқан. Өз

халқының салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын қадірлей білген ұлтжанды ақын.

1.«Аққулар ұйықтағанда». Поэманы оқитын 6-класс оқушысы Беркімбаева Аружан

2. «Көктем келер». Өлеңді оқитын 8-класс оқушысы Жабаева Аружан

Бейнебаян №4

1-жүргізуші. Иә, «Бақыт деген не өзі?»

«Үш бақытым» өлеңі. Өлеңді оқитын 8-класс оқушысы Мұхамедиева Дарина

2-жүрігізуші. Ақын Мұқағали дегенде есімізге еріксіз поэзия падишасы атанған Фариза

Оңғарсынова түсетіні сөзсіз. Ендеше Мұқағалидің ақын апамызға арнаған өлеңін

назарларыңызға ұсынамыз.

«Фаризаға» өлеңі. Өлеңді оқитын 8-класс оқушысы Утеназарова Аружан

1-жүргізуші. Айналасына ақ жауындай нұрын сеуіп, тау суындай мөлдір, таза сыр ағытып,

келер ұрпаққа «Шолпан», «Дариға - жүрек», «Соғады жүрек», «Өмір - өзен»,

«Аманат», «Армысыздар достар», «Өмір-дастан», «Қарлығашым, келдің бе?»,

«Жырлайды жүрек», «Аққулар ұйықтағанда», «Шуағым менің», «Аққудың

қанатына жазылған жыр», ұлағатты еңбектерін ұсынды. Жырсүйер қауымды

тамсандыра баурағаны да баршамызға мәлім.

2-жүргізуші. М.Мақатаев поэзиясы талай жүрекке от берген. Оның жырлары оқырманмен бірге

мұнайып, бірге шаттанады. Оның әр шумақ өлеңінен шындық пен ақиқат жеңісі

үшін тауға да, тасқа да жар салған ақын жүрегінің үні естіледі. Туған елдің

тұңғиық намысын, шыңдықтың шыңына ту етіп, қадамын нық басып, шындықты

жырлаған.

1. «Поэзия» өлеңі. Өлеңді оқитын 6-класс оқушысы Төлеген Аружан

2. «Қара өлең». Өлеңді оқитын 6-класс оқушысы Гайсаева Азиза

3. «Елім барда» өлеңі. Өлеңді оқитын 6-класс оқушысы Танабергенов Исламбек

4. «Жоқ дәрігер». Өлеңді оқитын 6-класс оқушысы Сағындықов Расул

1-жүргізуші. М.Мақатаевтың сазды лирикалық өлеңдерін оқыған сазгерлер үлкен әсерде болады. Мұқағали өлеңдеріне көптеген әндер шығарылды. Бұл Мұқағали өлеңдерінің өте бір нәзіктігі. Сазгерді ән салуға жетелеп, өмірге талай тамаша ән әкелді. Мұқағалидың жырлары жастардың жүрегіне, халқының жүрегіне жарқырап жетіп, жалын құйып, өзінің жарығы мен жылуын дарытуда. Оқыған сайын жаңа сырларын, сырлы саздарын төгуде.

«Саржайлау» әні. Орындайтын 8-класс оқушысы Мұхамедиева Дарина

2-жүргізуші. М.Мақатаевтың өлеңдері, жыр-шумақтары ғасырдан-ғасырға жалғаса береді.

Мұқағали Мақатаевтың есімі жалпы қазақ баласына, жырсүйер қауымға ыстық

екені сөзсіз. Ақынның өзі айтқандай, оның өлең-жырлары өлген жоқ.

1-жүргізуші. Қара саз, қара шалғын өлеңде өстім,

Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің.

Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,

Өлтіре алмас, алайда өлеңді ешкім,- деп өзі айтып кеткендей, ақынның өлеңдері

еш уақытта өлмейді. Ұрпақтары Мұқағалиды ешқашан да ұмытпақ емес, ұлы

ойшыл кереметтей көркем өлеңдерімен мәңгі жасай бермек.

2-жүргізуші. Мұқағали Мақатаевты ұрпақтары ешқашан ұмытқан емес. Мұқағали бір ғасырда

бір келетін, қазақ поэзиясының алтын домбырасы дерліктей хас талант иесі. Иә,

жақсы жырды, жақсы ақынды таңдай білсек, қорғай білсек, хақымыздың рухани

өзегі, сана байлығы толыға түсері анық. Мұқағали Мақатаевтың әрбір өлеңін

қымбат қазынымыздай сақтап, оқуымыз керек. Ол - біздің міндетіміз.

1-жүргізуші. Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып , аяғын көп шалдырған.
Өлді деуге сияма, ойлаңдаршы ,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?- деп Абай атамыз жырлағандай, 45 жыл ғана қысқа ғұмыр ішінде халқына өшпес із қалдырған ғасыр ақыны Мұқағали жырларынан біраз сусындағандай болдық . Әрине , ақынның мол , таусылмас мұрасын бір күнде, бір сағатта оқып білу мүмкін емес . Ақын шығармалары ұрпақтан-ұрпаққа тарап , жалғасын таба береді.

2-жүргізуші. Жазылар естеліктер мен туралы;

Біреулер жан еді дер өр тұлғалы.

Біреулер тұлпар еді дер де мүмкін,

Бүтінделмей кеткен бір-бір ер-тұрманы

1-жүргізуші. Өзінің «Күнделігінде» ақын 1976 жылдың 14 ақпанында былай деп жазыпты :

«- Менің қымбатты достарым! Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды, творчествомды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазсам, соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем. Естеріңізде болсын, менің өлеңім жеке тұрғанында түк те емес. Біріктіріп қарағанда ол поэма іспетті. Басы және аяғы бар. Бүкіл менің жазғаным, бүтін бір поэма. Адамның өмірі мен өлімі, қасіреті мен қуанышы туралы поэма. Егер нанбасаңдар, барлық өлеңімді жинап, бір жинаққа топтастырып көріңдерші. Естеріңде болсын, әрбір өлеңім өз орнында тұрсын. Яғни жылына және бойына қарай, сонан соң көз алмай оқыңдар. Егер мені содан таппасаңдар, онда ақын болмағаным!»

2-жүргізуші. Мұқағали - жалпыхалықтық, ұлттық тұлға. Әрбір өлеңін оқығанда, оның қазақ екенін жазбай танисың, ұлт ақыны екенін айқын аңғарасың. Жалпы ұлттық рух дегенде, мынадай басты құндылықтарымызды алға тартар едік. Олар - туған жер, өскен өлкеміз, ана тіліміз, тарихымыз, дініміз, салт-дәстүріміз. Міне, осы құндылықтардың қай-қайсысы болса да, Мұқағали шығармаларының алтын арқауы.

Мұқағали Мақатаев «Мен туралы» өлеңі


Бейнебаян №5, «Есіңе мені алғайсың» әні


1-жүргізуші. Ғасыр ақыны Мұқағали Мақатев шығармашылығына арналған әдеби-сазды кешіміз осымен соңына жетті. Келгендеріңіз үшін алғыс білдіреміз.


© 2010-2022