Қазақ әдебиетіндегі «түрме шығармашылығы»

Бұл мақалада  қазақ  әдебиеттану ғылымындағы әдебиеттанушылар назарынан  тыс қалып келе жатқан «Түрме шығармашылығы» туралы  түсінік  берілген. Автор қазақ  әдебиетінде  «түрме шығармашылығы» деген  арнайы сала болу керек екенін әлем әдебиеті контексі негізінде дәлелдеген. Ғылыми мақалада қазақ  әдебиетінде  түрме шығармашылығы кезеңі мен даму жолы, оның  арнайы  өкілдері айтылған. Ғылыми мақаланың жаңалығы - әдебиеттегі арнайы саланың  бар екені  айтылғаны бола алады. Автор ғылыми жұмысы бұл са...
Раздел Математика
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Қазақ әдебиетіндегі «түрме шығармашылығы» туралы түсінік

Тоқтарбай Елдос, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, педагогика және филология факультетінің 3 курс студенті

Әдебиеттану ғылымында «түрме шығармашылығы» деген түсінік бар. Біз бұл ұғымды қолдан жасап отырғанымыз жоқ. Бірақ бар. Бар екені ғылымда нақты дәлелденбеді. Біз осындай олқылықтың орнын толтыру мақсатында осы түсініктің мән-мағынасын ашу жолында біршама еңбектерді қарастырған едік. Өкініштісі сол - бірде-екілі мақала болғанымен, толыққанды зерттелмеген. Былайша айтқанда, тың тақырып, соны құбылыс.

ХХ ғасырдың бас кезінде «елім» деп еңіреген қазақ оқығандары солақай саясаттың құрбаны болып, көбі саяси қуғынға ұшырып, темір торға қамалды. Жалпы қазақ әдебиетіндегі түрме шығармашылығы екіге бөлінеді. Бірі - кеңестік жүйе, екіншісі - Шыңжаң өлкесіндегі жүйе. Әрине, кеңестік жүйе бәрімізге белгілі. Оған Мәди Бәпиұлы, Иманжүсіп Құтпанұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев секілді тағы басқа қазақ зиялыларының шығармашылығы дәлел бола алады. Ал, Шыңжаң аймағындағы «түрме шығармашылығы» ұғымына жазушы Қабдеш Жұмаділовтің мына пікірі: «Шыңжаңдағы қазақ әдебиетінің өзгеге ұқсамайтын бір ерекшелігі, онда «түрмеде туған әдебиет» деп атауға болатын шығармалардың тұтас бір шоғыры бар. Шыңжаңда «түрме туындыларының » негізін қалаған - Таңжарық ақын. Жеті жыл (1940-1946) Үрімжі түрмесінде азап шеккен Т.Жолдыұлы шығармаларының жетпіс пайызын түрмеде отырып жазған. Арада жарты ғасыр өткенде оның жолын Қ.Шабданұлы жалғастырды. Өлеңнің жолы жеңіл, камерада бірге жатқандар жаттап алып, халыққа жеткізіп отырған. Ал қарасөзден тұратын романдар циклін тілдей қағаздарға ұсақтап жазып, біртіндеп сыртқа шығаруды құдай басқа салмай-ақ қойсын» мысал бола алады.[1; 3 бет]

Тағы да Қабдеш Жұмаділовтің мына сөзіне назар аударсақ: «Айта кетер бір жәйт: әрине Қазақстанда да атылып-шабылған, абақтының дәмін ұзақ татқан қаламгерлер аз болған жоқ. Көбі айдаудан қайтпай, жендеттер қолынан мерт болды. Бір өкініштісі, солардан қалған әдеби мұра жоқтың қасы. Иманжүсіп пен Мәдидің мұңды-зарлы әндерінен өзге «түрме туындысы» шамалы. Неге олай? Ресей түрмелерінің есігі неге сонша берік болды? Кірген ізі бар да, шыққан із жоқ. Әлде бабаларымыздың «Орыс - темір ноқта, Қытай - қайыс ноқта» дегені рас болғаны ма? Зерттеу керек.» [1;4бет] Бұл дұрыс пікір. Енді біз барынша осы пікірдің айналасында ой қозғап көрдік. Арысы Иманжүсіптен, берісі Қайрат Рысқұлбековтен аяқталған шығармаларды қарастыра отырып, түрме шығармашылығын үш кезеңге бөлуге болатын аңғардық: 1927-1938 жылдан кейінгі саяси қуғынның екінші бөлігі 1950-1958 жылдар болса, үшіншісі 1986 -1987 жылдар аралығы.

Түрме шығармашылығы дегеніміз - тас әрі қараңғы тар қапаста жазылған туындылар. Бұнда жан жарасы мен шеккен азаптың шері бар. Қабдеш Жұмаділовше айтсақ: «Жазушы және түрме. Қалам мен қапас. Әдетте сыйыспайтын-ақ ұғымдар. Екінші жағынан қарасаң, таңданатын да ештеңе жоқ сияқты. Империяға күні қараған кіріптар, бодан елдің өз ұлтын сүйген, азаткер зиялысы абақтыда отырмағанда қайтуші еді. Ағыспен жүзетін ептілер мен жансауға жағымпаздар болмаса, қуғын-сүргін, айдау, абақты дегендерің - қайраткер азаматтың маңдайына жазылған сыбағасы емес пе?! Ресей империясында барар жерің - итжеккен, Сібірдің ақырған аязы, ит тұмсығы өтпес тайга орманы... Ал Қытай қағанатында ондай суық Сібір жоқ. Оның есесіне Тарым бойлаған Такламакан шөлі бар. Саясыз, панасыз, жалаңаш шөл. Алпыс градус аптапта ұшқан құстың қанаты күйеді. Сібірде - азап болса, Тарымда - тозақ». [1;5 бет]Ал, бұл шығармалардың тар қапаста жазылып, ел аузына жетуі, халық санасында қалуы өзінше бір бөлек әңгіме. Мысалы, Мәдидің түрме жазған өлеңдерінің көбі ақын, энограф Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының жеке мұрағатынан алынған. Ал, Тарым лагеріндегі Таңжарық, Қажығұмар, Керейхан секілді ақын-жазушылардың шығармалары да тағдырдың соқпағын көрген.

Түрме шығармашылығының өзі жазылу жанры жағынан поэзия, проза болып екіге жіктеледі. Әзірше проза жағынан тек Қажығұмар Шабданұлының көптомдық «Қылмыс» романын ғана білетініміз ақиқат. Әлемдік әдебиетте Алекс Ла Гуманың «Тас ғалам» деген түрмеде отырып жазған романы бар. Американ жазушысының да тағдыр-талайына тар қапасқа таңылу жазылған екен. Міне, байқасаңыз «түрме шығармашылығы» әлемдік әдебиетте де бар құбылыс. Бұл екі романда жанры жағынан мемуарға жатады. Екі авторда өз бастарынан өткен оқиғаны қоғаммен байланыстырады. Бірі - Шыңжаң қазағының жартығасырлық тарихын қамтыса, екіншісі - ағылшын-үнді халықтары арасындағы саяси езгіні сөз етеді.

Әлем әдебиетіндегі түрме шығармашылығының аса көрнекті өкілі, нигерия әдебиетіндегі түрме шығармашылығы негізін қалаушысы - Воле Шойинка. 1986 жылы әдебиет саласындағы нобельдік Воле Шойинкаға берілді. Ол Африка құрылығындағы осы сыйлыққа ие болған тұңғыш жазушы.[2;10 бет] Әлем әдебиетіндегі аса көрнекті жазушы-драматург 1966 жылы Нигерияда болған қантөгісті әскери төңкеріске қатысы бар деген жалған айыппен екі жылға бас бостандығынан айырылып, ауыр режимдегі түрмеге қамалған. Жазушы түрмеде отырып, көрген азапты күндері мен халқының ауыр тұрмыс-тіршілігі жайлы көргенін, түрме дәрігері үстелінен ұрлап алған қарындашпен «Адамның ақырғы демі» деген кітап жазады. Кейін бостандыққа шыққан соң абақтыда көргенін «Заңсыздық кезеңі» атты темір тор ішіндегі қасіретке арналған роман жазады (1973 жылы). Бұл роман - жазушының түрмедегі азап шегіп отырған ойларының қорытындысы.

Абақты алтын берсе жатпас едім,

Бал берсе,палау берсе татпас едім.

Кешегі елде жүрген еркін күннің,

Минөтін мың ділдәға сатпас едім, -деген Байқадам Қаралдыұлының өлең жолдарындағыдай ешкім абақтыға барғысы келмейді. Бірақ солақай саясаттың зардабын шеккендер абақтыға «жалған айыппен» жабылды. Абақтыға жабылып, итжеккенге айдалып, өлім құшқандардың көбі - зиялылар, көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар еді.

Қазақ зиялыларының рухани-моральдық дағдарысы 1937 жылғы қуғын-сүргін жылдарында айқын көрінді. 1937 жылы әдеби шығармаларымен елге танылған қазақ зиялыларын айыптау мен қуғындау етек алып, олардың шығармаларының әр жолынан, айтылған ой пікірлерінен ұлтшылдық пен байшылдықты, кеңес үкіметіне қарсылықты, теріс ниеттілікті көруге тырысушылар шықты. Тарих сахынасынан кеткен алашордашыларды айыптап, олармен азды көпті байланыста болғандарды жылы қабақ танытқандарды алашордамен байланысын үзбеген, алашорданың агенттері, ниеттері бір деп кінә тағу қалыпты іске айналды. Жазушылар шығармаларынан күмәнді деген ой-пікір тауып, партия бағытынан, тап жолынан ауытқыды деп айыптады. Сыншылар осылай жасау арқылы, бір жағынан, тап жауларын, халық жауларын әшкерелеуге үлес қосты. Екіншіден, партия саясатын, бағытын қолдау үстінде деген өзі жөнінде жағымды пікір туғызу мақсатын көздеді. Тап жауларын әшкерелеу ісінен, жалпы елді қамтыған науқаннан қарапайым халықтан бастап, өкімет билігіндегі тұлғалар да тыс қалмады.

Қаламгер мен түрме. Түрмеде отырып жазылған шығармалар бүгінгі таңда арнайы зерттеуді қажет етіп отырғанын сөзіміздің басында айтып өттік. Бұл жазушының немесе ақынның теңдесі жоқ ерлігі! Бүгінгі ұрпақ ұлттық не екенін, отаршылдық зорлықтың небір түрін осы шығармалардан білетін болады.

Түрме шығармашылығының тағы басқа өкілдері бар. Олар - Алаш ұранды әдебиетті насихаттаушылар, алашордашылармен қарым-қатынастық байланысы бар адамдар. Біз бұл топқа Файзолла Сатыбалдыұлы, Әлмұхамед Оспанұлы, Ақтас Тұрғымбайұлы, Бәлдік Байтоғайұлы, Шіменбай Әлшорин секілді есімдері белгісіз ақындарды жатқызамыз. (Біздің қолымызда осы аталған ақындардың шығармалары бар. Алдағы уақытта әрқайсысын жеке-жеке талдап, көпшілік назарына ұсынамыз - Т.Е.) Бұлар да тұтқындалған, айдалған, саяси жүйенің жапасын шеккендер. Алдағы уақыттарда басқа да репрессияға ұшыраған жазықсыздардың шығармашылығы хақында сөз қозғармыз.

1992 жылы «Қапаста жазылған хаттар» деген кітапша жарық көрді. Кітапта жала құрбандарының жырлары енген. Еліміздің әр жылдары басынан кешірген қилы кезеңдері мен қайғылы оқиғаларының куәсі болып, нақақтан жапа шеккен он бір ақынның түрме де жазған өлеңдері енген. Осы кітапқа енген ақын Бүркіт Ысқақов жөнінде профессор Р.Бердібай: « Б.Ысқақов бұл өлеңдерімен қазақ совет поэзиясында болмаған «Тұтқын жыры», « Ләгер өлеңдері» деп аталатын поэзияның жаңа түрін, жаңа жанрын бастады. Сондықтан бұл өлеңдер қазақ поэзиясына қосылған жаңа бет болып табылады», - деп бағалаған. Профессор ақынның топтама өлеңдерін «Қазақ әдебиеті» газетіне бастыртқан. (1987 жылғы, 16-қазандағы саны)

Біздің басты мақсатымыз қазақ әдебиеті тарихына «түрме шығармашылығы» деген ұғымды және оның өкілдерін енгізу болса, ғылыми жаңалығы - солардың шығармашылығын текстологиялық тұрғыдан талдап, әдеби бағасын беріп, арнайы антология ретінде шығару.

Бұл зерттеу жұмысының арқалар жүгі ауыр екені бесенеден белгілі. Алайда, бұл жұмысты педагогикалық институттың бакалавр дәрежесіндегі 3 курс студенті жазып отырғанын және ескеру керек. Әрине, жұмыстың кемшін тұстары болары хақ. Бұл - бастамасы. Қалғаны - болашақ ісі.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Шабданұлы Қ. «Қылмыс» романы, Алматы-2005 жыл.

2. «Қазақ әдебиеті» газеті //1987 жыл, 6 ақпан.





© 2010-2022