Шешендік сөздер құрылысындағы ерекшеліктер

Ерте заманда шешендік өнер Мысыр, Вавилон, Ассирия, Қытай, Үндістан елдерінде өркендеп дамыған. Алайда, осынау өнердің үзілмес тарихы Көне Грекиядан басталады. Халықтың рухани-мәдени өміріндегі ең бір аяулы, ең бір ардақты өнердің бірі-шешендік өнер. Осынау қасиетті өнердің туын асқақтата желбіреткен  көсем ойлы, тапқыр тілді, сұңқар үнді ділмар шешен-билер қазақ сахарасында  тіл өнерінің  жандануына, темірдей берік тәртіптің, имандылықтың, ізгіліктің қанат жаюына әсер етті. Толқынды топтың алды...
Раздел Завучу
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Бірманова Қымбат Исланбекқызы

Қазақстан Республикасы,Қостанай облысыРудный қаласы

«№7 орта мектебі» мемлекеттік мекемесінің директоры

Шешендік сөздер құрылысындағы ерекшеліктер


Ерте заманда шешендік өнер Мысыр, Вавилон, Ассирия, Қытай, Үндістан елдерінде өркендеп дамыған. Алайда, осынау өнердің үзілмес тарихы Көне Грекиядан басталады. Халықтың рухани-мәдени өміріндегі ең бір аяулы, ең бір ардақты өнердің бірі-шешендік өнер. Осынау қасиетті өнердің туын асқақтата желбіреткен көсем ойлы, тапқыр тілді, сұңқар үнді ділмар шешен-билер қазақ сахарасында тіл өнерінің жандануына, темірдей берік тәртіптің, имандылықтың, ізгіліктің қанат жаюына әсер етті. Толқынды топтың алдында аса еркін, асқан мәнерлі, құйқылжыта айтылған парасатты, кесімді, шешен сөз халық санасында өшпес өнеге, қасиетті кие ретінде қабылданып, ұлттық сөз өнерінің айдынына құйылған нағыз кәусәр бұлақ болды.

Ұлттың ұлы мұраттары мен ұлылығы, ірілігі мен бірлігі, саналылығы мен пәктігі, есендігі мен еркіндігі, намысы мен ынтымағы үшін, тәуелсіздігін қорғау, тұтастығын сақтау, қорғаныс қабілетін күшейту жолында күш-қуатын, білім-білігін сарқа пайдаланған, ауыздыға сөз, аяқтыға жол бермеген сол бір заманның жарқырап туған жарық жұлдыздары, мемлекет мәмлегерлері Үйсін Төле бидің, Қаздауысты Қазыбек бидің, айыр тілді Алшын Әйтеке бидің кесімдері, үлбіреген нәзік сезіммен, жан толқытарлық ғажайып құлшыныспен, терең тебіреніспен айтылған айшықты да асыл ойлары көнермейді.

Осы уақытқа шейін шешен-билердің мейлінше дәл, ұтымды сөздері көркем сөз ретінде қарастырылып келгені белгілі. Негізінде, шешен-билер мемлекет тағдырын шешетін шынайы тұлғалар. Мемлекеттің көсегесінің көгеруі, дамуы нағыз шешен-билердің тегеуірінді өнерімен, өнегесімен, ұлтының салт-дәстүрін, рухани болмысының қасиеттерін, ерекшеліктерін бойына дарытқан текті тұлға, ереже-қағидаларына жүйрік әрі жетілдіруші дархан дарын, әлеуметті ілгері сүйрейтін, қызғыштай қорғайтын, жақсылыққа үндейтін үлгілі ұйымдастырушы.

Ұлттық шешендік өнер ғылымының тарихы, әлбетте, «Шығыстың Аристотелі» атанған данагөй Әбу Насыр Әл-Фарабиден басталады. Ол «Риторика» атты күрделі трактатында ғылыми-теориялық топшылауларын алдымен кәдімгі тәжірибелік іс-мақсатта, қолдану аясынан туындатады.

Пікір сайысында, тіршілік таласында, дау дамай үстінде қоғам, адам, жер-су, мемлекет тағдырын, аса мәнді өмірлік мәселелердің түйінін шешуде, келешегін айқындауда риториканың әдісі мен тәсілдерін, шешендік қарым-қабілеттің қыр-сырларын мінсіз менгеру қажет. Нақтылап айтқанда, көз жеткізу, көкейге ұялату, ұғып тыңдау, дәлелді пікір айту, шыншыл көзқарас, тиянақты білім, сөйлеушінің бет-жүзі, қимыл-әрекеті сияқты ұғымдарды жіктеп, түсіндіреді.

Шешендік сөздер қазақ ауыз әдебиетіндегі шағын көлемдегі дидактикалық жанрлар. Қоғам өмірінде, табиғат құбылыстарына байланысты терең ой, бейнелі шебер тілмен айтылған халық шығармасы, тапқырлық сөздер мен тұжырымдар. Жанр мазмұнына қарай шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау деп үш салаға бөлінеді.

Даудың әр қайсысы бірнеше түрге (жер дауы, жесір дауы, құн, мал, ар дауылары) жіктеледі. Шешендік арнау бата, тілек, әзіл-сын, көңіл айту, естірту т.б. нұсқалардан тұрады. Шешендік толғауға қоғам, заманға байланысты білім берерлік, тағлым-тәрбиелік мәні бар тақпақ, термелер жатады. Ал шешендік дауларда азаматтық істерді шешуге қатысты шешендік, тапқырлық сөздер, ұйғарымдар бейнеленеді. Шешендік сөздер мазмұны мен құрылысы жағынан мақал мен мәтелге, аңыз-әңгімелерге, толғауларға, айтыстарға жақын. Композициялық құрылысына қарай пернелі сөз, термелі сөз болып екі топқа бөлінеді. Қара сөзбен айтылғандары - пернелі сөз, толғау, тақпақ түріндегілері термелі сөз деп аталады. Шешендік сөздер сонымен қатар түсінік пен түйінді сөздерден құралады. Түйінді сөз тұрақты, түсінік сөз ауыспалы мағынада келеді. Шешендік сөздер жазба әдебиетке жақын жанр. Оқиғалардың реалистігі, тілінің әдебилігі және белгілі халық ойшылдарының (Майқы би, Аяз би, Жиренше шешен) шешен билердің (Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билердің ) аттарымен айтылатындығы бұл пікірді растай түседі. Шешендік сөздердің көпшілігі бастапқы қалпында сақталған. Шешендік сөздер нұсқалары өзін тудырған қоғаммен, себептермен бірге жойылып, біздің заманымыздағы қызметі көркем әдебиетке ауысты. Шешендік сөздер - тапқырлық пен шешендікке үйрететін көркем сөз үлгісі ғана емес, халықтың көне тарихымен бірге жасап келе жатқан тәрбиелік мәні зор халық даналығы. Ол түрік тектес халықтардың көпшілігінде кездеседі.

Шешендік өнердің қайта жаңғыру-қоғамдық қажеттілік. Қазір ақпараттар легінің заманы, ақпараттық қоғам өмірде жаңа үрдістерге жол ашты, шешендіктің жаңа түрін туғызды. Жаңа шешендіктің міндеті тіліміздегі барлық сөздерді өмірдің барлық саласында қолдана білуді жүктейді. Қазіргі шешендіктің басты міндеті-терең ойлап, ақылға салуға айтылған сөзді тек қабылдап, оның мағынасын дұрыс түсінуге, өзіне керек емес ортаның әсіресе түсіп қалмауға үйрету. Бұл - монолог құрай алу, басқалармен диалогқа түсе алу, іскерлік жағдайында тілдік қарым-қатынаста сөз жүйесін басқара алу деген сөз. қазіргі шешендік оқушыларды этика нормаларына баулып, сөз мәдениетін жітік меңгерту, ұнамды да сенімді сөйлей білуге үйретуі тиіс.

Шешендік өнер- зайырлы қоғамның әлеуметтік және экономикалық өсуінің кілті. Қоғамдық сауығуда адамның білімі, денсаулығы, көңіл-күйі, еңбектегі табысы үлкен рөл атқаратын болса, осындай қоғамдық ахуалды қалыптастыратын да мәдениетке негізделген тілдік қарым-қатынас. Тілдік қарым-қатынаста кісінің білімі, өзін-өзі ұстау мәдениеті, тындау және сөйлеу мәдениеті шешуші рөлі атқаратын болса, осындай мәдениетті қалыптастыратын да шешендік өнер. Қай кезде болса да шешендік өнердің қызметі қоғамды басқару, мораль қалыптастыру, этика мен адамгершілік, стиль қалыптастыру, сөйлеу әрекетін жандандыру болған.

Аристотельдің айтуынша шешендік өнердің негіздерін үш нәрсе құрайды: мерзімді жағдай; авторлық жігер шабыт; парасатты, ойлы сөз. жағдай уақытқа, орынға, тақырыпқа қатысты. Көпшілік алдында сөйлейтін сөз өзінен-өзі туындамайды, белгілі бір орында, белгіленген уақытта, көпшілікті қызықтыратын тақырып төңірегінде жүзеге асады. Шешендік әрекеттің екінші бөлігі - ынта-жігер, шабыт, көзқарас, түпкі ой. Шешендік әрекеттің үшінші бөлігі-парасат, ақыл-ой. Ақыл-ой тілдік құралдар арқылы көрінеді, сондықтан сөйлеуші тындаушыларына жететін сөздерді іріктейді, түсінуге жеңіл тілдік құралдарды тыңдайды. Сонымен, этнос - шешендік сөзді тудыратын жағдай, пафос - шешендік сөздің мағынасын жасауға негіз болатын ынта-жігер, логос - ынта-жігердің, яғни пафостың тілдік құралдар қажетті сөздер арқылы іске асуы. Мысалы, көпшіліктің бас қосуы белгілі бір жерде, белгіленген бір мерзімде, анықталған тақырыпта өтеді. Бұл -этнос. Сөйленетін сөздің мазмұны тақырыпқа, айтылатын орнына, уақытына сәйкес сөйлеушілер тарапынан ойластырылады. Бұл - пафос. Сөйлеушілер бәріне бірдей түсінікті сөздермен, тілдік құралдармен сөйлеуге ғана тиісті. Бұл - логос.

Қазақ шешендік өнерінің тарихына көз жіберсек, шешендік өнердің дамуында осы үш элементтің шешуші рөл атқарғанын көреміз. Халықтық мәселелерді талқылаған әрбір халық жиналысы, әр түрлі дау-дамайларды шешуге арналған билер кеңесі, жақсы мен жаманды айыратын айтыс өнері белгілі бір тақырыптардың төңірегінде келісілген орын мен уақытта өткізіліп отырған; сөйлеушілер тақырыптан ауытқымай, туындаған мәселелердің айналасында ортақ мазмұнды өрбітіп, басты-басты ойларды шешуге ат салысқан; жиынға қатысушы немесе таңдаушы көпшіліктің ақыл-ойына әсер етіп, түрткі болатындай, парасатқа жетелейтін қуатты да көркем, әсерлі де айқын, халыққа түсінікті тілмен сөйлеуді мақсат еткен.

Олай болса, оқушыларды шешендік өнерге баулу үшін, оларды сөйлететін жағдай туғызу керек, кімдердің алдында, қандай уақытта, қандай тақырыпта сөйлейтіндеріне қарай сөздің мазмұнын, негізгі идеясын, басты-басты ойларды келісіп анықтау қажет, сөйлейтін аудиториясының жас құрамына, білім деңгейіне қарай тілдік амалдарды іріктеу орынды.

Мысалы, Аристотель шешендік өнер мен поэзияны бөліп қарады. Шешендік өнердің міндетін сендіру, поэзияның міндеті еліктеу екенін айтып, поэзияның ақыл үйрету, тәлім-тәрбие беру жағы бар екенін жоққа шығармады. «Поэтикалық мәтіндер арқылы да ақыл үйретуге болады, бірақ ол ұзаққа бармайды, себебі оның ақылды қозғайтын эффектісін тындаушы тез ұмытады»,- дейді Аристотель.

Шешендік - стилистика мен грамматикаға тығыз байланысты. Ойын түсінікті әрі айқын әрі көркем жеткізе білу үшін, шешен грамматика мен стилистика заңдарын жетік меңгеруі тиіс. Грамматика кез келген сөйлеуді оның мазмұны мен мақсатына қарамастан құрауға қатысады. Грамматика нормалары бұзылса сөйлеу әрекеті табысқа жетпейді, ой айқындылығына нұқсан келеді. Дұрыс құрылған сөйлемдер ғана сөйлеушісі мен тындаушысын түсіністікке жетелейді.

Шешен сөз қара сөз шығармаларының бөлектей бір сөз емес, бұл да пайымдама болады. Мұның пайымдамадан бөлектенетін жері мынау ғана:

Пайымдамада жазушының мақсаты-негізгі пікірін баяндап, түрлі дәлелдермен сипаттап түсіндірумен қоймай, пікірін нандыру, сендіру, ұйыту, балқыту, иман келтіру болады.

Шешен сөзде айтушының мақсаты- баяндап, сипаттап, анық түсіндіріп беру. Осы айтылған мақсаттарға қарай шешен сөздің тілі уытты, лепті, әсерлі, қанды қайнатып, жүрек тулатып, естен айырып, ерікті алып кететін күшті, көрнекті, сәнді, мәнді тіл болады.

Қазақ халқының ауыз әдебиеті, соның ішінде дәстүрлі шешендік сөздері, міне сондай халық сақтаған, халық өңдеуінен өткен құнды мұралардың, асыл қазыналардың бірі болып табылады.



Пайдаланған әдебиеттер


  1. Шешендік өнер С. Негимов Ана-тілі -1997ж.

  2. Ана тілі газеті №6 1999ж

  3. Ана тілі газеті №5 2002ж



© 2010-2022