Творческая работа о ветеране ВОВ

Раздел Воспитательная работа
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Есть
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Семей көп салалы колледжі






Карл Айғаным Мирланқызы





БАТЫРДЫҢ БИІК ТҰЛҒАСЫ








«Ұлы Жеңіске сенің жақындарыңның да үлесі бар»

конкурсына





Ғылыми жетекшісі

Семей көп салалы колледжінің оқытушысы

Уразбаева Айжан Карлқызы





Семей 2011

ХХ ғасыр - адамзат игілігі жолында жеңіс-жетістіктері бола тұра қазақ халқы үшін шектен тыс зорлық-зобалаңы, қайғы-қасіретімен де есте қалып, көне де қилы тарихымызға енді. Әсіресе, қазақ халқының ТМД елдерімен бірге төрткүл дүниені дүр сілкіндірген - Ұлы Отан соғысына қатысып, елдік пен ерліктің үлгі- өнегесін көрсеткені алыс-жақын жұртшылыққа айдай анық ақиқат.

Адамзат тарихындағы қанды қырғын - Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына 62 жыл толды. Уақыт-сынапта тоқтау да, дамыл да жоқ. Алайда, Отанды сүйген, елі үшін күйген, жерді қорғаған, қиын да сындарлы сәттерде жанын жалау еткен Ерлер есімі, Ерлік үлгісі ұмытылмайды! Кешеден бүгінге жеткен - тарих тағылымы, өмір-уақыт шындықтарының бірі осы.

Ел басына төнген қиын-қыстау кезеңде Жеңіс жалауын желбіретіп, Ел еңсесін көтеріп, Отан-Анаға аман оралып, Ерлік шежіресін толықтыра түсетіндердің бірі - ІІІ Украин фронтының 40-шы Енакиевск - Дунай атқыштар гвардия дивизиясының бөлім командирі, гвардия сержанты, Семей облысы, Мақаншы ауданы, Бақты ауылының тумасы, менің ғылыми жетекшім Уразбаева Айжан Карлқызының қайын атасы Уразбаев Тұрсағұл.Творческая работа о ветеране ВОВ

Уразбаевтар отбасының мұрағатында сақталған соғыс ардагерінің жеке бас құжаттары, өлең жинақтары, қызметтік мінездемелер және ең құнды құжат - соғыс жылдарында жазылған КҮНДЕЛІК материалдарын негізге ала отырып аздаған зерттеу жұмыстарын жүргіздік.

Қызыл Әскер қатарына шақырылған 1942 жылдан жазылған күнделіктің алғашқы бетіндегі автордың өмірбаянына сүйенсек:

Тұрсағұл Уразбаев 1924 жылы Бақты ауылына қарасты Қара қоға деген ауылда күзде туыпты. Әкесі Серікболұлы Оразабай 1898 жылғы. 6 жасынан медреседе оқып, алғыр бала болып ер жетеді. 16 жасынан күреске қатысады. Дастандарды жатқа айтып, өнерлі жігіт болады. 1931-1936 жылдары Қытаймен екі ортада сауда-саттық жасағаны үшін 1937 жылы халық жауының қатарына жатып 25 жылға сотталып, 1942 жылы түрмеден Совет Армиясына алынып, 1943 жылы Курская дуга үшін шайқаста 45 жасында ерлікпен оққа ұшады.Творческая работа о ветеране ВОВ

Анасы Сақыш Төрежанқызы өте сабырлы, салмақты, ауыл анасы атанған адам болған екен.

Балалық базары тарқамаған, бал дәуреннің құрығына тоймаған қызық күндері көп кезінде 1933 жылы 9 жасында әкесі Тұрсағұлды төте оқуға береді. Сабақты кілең 5-тік бағаға оқыған баланы 1937 жылы мектеп директоры «халық жауының баласын оқыта алмаймын» деп мектептен шығарып тастайды. Анасы баласын аудан орталығына жібереді. «Халық жауының үйі» деп бір түннің ішінде тінтіп, іске татар дүние- мүлкін, малын қазынаға алып, кіші шешесін жер аудартады. Семья жағдайы қиындаған соң Тұрсағұлды ауыл мектебіне қайта ауыстырады. Бұл уақытта мектеп директоры басқа адам болған. Оқушы бала жүгіру, мылтық ату, күрес сияқты спорттық үйірмелерге қатысып, жақсы нәтижелер көрсетіп жүреді. Тұрсағұлдың бар арманы ел қатарлы комсомол мүшесіне өту. Бірақ әкесіне тағылған жала үшін жеткіншек Тұрсағұлды комсомол қатарына қабылдамайды. 1939 жылы ағасы Жұмағұлды әскерге шақырғаннан кейін семьяның барлық ауыртпалығы өзіне түскен соң, мектептен шығып ауылда жұмысшы болады. Осы кезде жаңа мектеп директоры: «Егер облыстық спорттық жарысқа барып, барлық спорт түрлерінен 1 орын алсаң, комсомол мүшесіне қабылдаймыз»,- деп шарт қояды. Арманының орындалуы өз қолында екенін түсініп, жарыста бар күш-жігерін салып мылтық атудан 1 орын алып, 1 разряд алады, жүгіруден- 1 орын, күрестен 1 орын алып «Спорт шеберіне үміткер» атақтарына ие болып қайтады. Мектеп директоры уәдесін орындап 1 айдың ішінде комсомол мүшесі, оған қосымша 7 класты үздік бітірді деген дипломға ие болады. Бала-жігіт спортпен қоса өлеңге де әуестігі болады. Мектепті бітіріп еңбекке кіріскені туралы өлең жолдарымен әскердегі ағасы Жұмағұлға былай хат жазады:

Жүрсіз-ау Армияда қайран ағам

Түскенде сіз есіме қайғыланам.

Есімнен сіз келгенше шығармаймын,

Кетерде тапсырмаңды айтқан маған.

Бітірдім 7-іні алып сыйын,

Одан ары оқуға болды қиын.

Қазірде военторг завхозымын,

Қал жақсы жетерлік дүния-бұйым. (1940 ж.)

Адамзат тарихындағы ең сұмдық, ең әділетсіз, ең жауыз соғыс - Ұлы Отан соғысы да атамның өмірінде өшпес із қалдырды. Сарғыш тартқан соғыс жылдары жазылған күнделікке қарай отырып, бұл - өткенінен өнеге іздеген жанның долбармен айтатын жорамалы. Сиясы көшіп, әбден оңып кеткен беттерін ұстап көп отырдым. Өткен күннен хабар беріп, сыр шертіп тұрған майдан туралы жазылған күнделік - киесі бар тәбәрік секілді. Алақаныма сап, аялай қарадым, Тәбәрік емей немене? 69 жыл бұрын жауынгердің төс қалтасында жүріп, қан мен терін сіңірген, ауыр жылдардың ауыртпашылығын арқалаған жәдігер ғой. Жүрек үнін ұғып, кеудені кернеген сағыныш сезімін сыйғызған қойын дәптер. Осы қан майданның куәсі, тәбәрік көріп отырған қолжазбадағы мәліметтерді оқи отыра білгенім Т.Уразбаев 30 тамызда 1942 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылады. Тұрсағұлдың алдында жауынгер қатарына алынған әкесінен, ағасы Жұмағұлдан қара қағаз алған ана үйдегі шаруаның иесі, асыраушысы, қолқанаты болып отырған ұлының амандығын мойынына бұршақ салып тілеп, сұрапыл соғысқа шығарып салады. Бақты ауылынан 1924 жылы туылғандардан барлығы 41комсомол шақырылып, соның 12-і соғыстан аман оралады. Оның біреуі - Т.Уразбаев. Творческая работа о ветеране ВОВ

Жас жауынгер өзін былай сипаттайды:

«Мен солдат. 10.09.1942. Семей қаласы. Үстінде сұр шинель, басында қызыл пилотка, маңдайшасында жұлдыз, белінде әдемі белбеу, мойынында противогаз, аяғында қызыл ботинка қонышында обмотка, қолында 5 атар мылтық. Қақпада дежурный тұр. Бүкіл Семей қаласы мен Ертіс маңайы толы солдат. Міне сол солдаттардың бірі дежурный болып тұрған Тұрсағұл».

Мақаншы ауылынан тамақтарын 4 арбаға тиеп жас боздақтар жаяу Аякөзге 1 апта дегенде жетеді. Аяқөзден Семейге дейін поезбен жетіп, Семей қаласындағы Шмидта 4-ші үйде орналасқан казармаға орналастырылады. Бірге шақырылған бір неше жүздеген балаларды облвоенкомат соғысқа әкетіп жатты. Мақаншыдан келгендерден жалғыз Тұрсағұл қалады. Тағы басқа аудандардан келгендерден 8 жігіт болады. Барлығы халық жауының баласы екен. Оларды жұмысшылар коллониясына жібермекші екен. Осы уақытта Москвадан бір генерал келіп жас комсомол мүшелерінің өтінішін қабылдап, Полковая школаға қабылдайды. Бұл мектепте соғысқа дайындық жүргізіледі.

«Қатқан солдат боп шықтым үшінші айда

Баяғы жүдеп кеткен Түкең қайда?

5 сөтке күндіз -түні жүгіртседе,

Шаршаумен ұйқы қашқан кірмейді ойға.»-деп жас жауынгер 3 айда әскери өмірге қалыптасқанын көрсетеді.

3 айдан соң «сержант» шені беріліп ауылдан келген 35-45 жасар колхозшы, малшыларды 110 сағаттық соғысқа дайындық курсын оқытуға Т.Уразбаевты қалтырады. 1943 жылдың наурыз айында бөлім командирі ретінде Петропавл және Омск, Челябинск облыстарын басып Украинаға соғысқа аттанады. 15.04.1943 жылы Украинаның Харьков облысының терістік жағындағы 40 км. жерде соғысқа бірінші рет қатысады.

Жасынан батыл, бірбет, өжет болып өскен Тұрсағұл жау әскерлерінің өктем, озбыр әрекеттеріне ақыл-парасатымен, қимыл-қозғалыстарымен, күш-қуат, қажырымен де қиян-кескі ұрыстарға, шешуші шайқастарға алғашқылардың бірі болып қатысып, ата-бабаларының ерлік шежіресін ел қорғау ісімен, ерекше тапсырмаларды бұлжытпай орындау арқылы үлкен үлес қосады. Әсіресе, ІІІ Украин фронтының 5 Ударная Армиясының 40- гвардиялық дивизия сержанты Т.Уразбаев көпұлтты жауынгерлермен майдандағы қиян-кесті ұрыстардың бел ортасында болады.

Көптеген шешуші шайқастарға қатысып, ерекше тапсырмаларды орындау жолында батылдық танытып, ер - жерге, елдік-ерлік салтқа адалдығын, халқына- қалқан, қорған бола алатындығын алдыңғылардың бірі болып көрсетеді. Т.Уразбаев Отан қорғау жолындағы ерен еңбектерінің бірі 1943 жылы қаңтар айында Сталинград маңайында орналасқан фашист әскерлерінің орналасуын барлауға барғаны. Комбаттан алған тапсырмалары немістердің артиллериясының, қару-жарақтары, дәрі-дәрмектері және неше танк барын картаға сызып, мүмкіндік туса 1 офицерді тұтқындау. Бұл тапсырманы орындаған 6 жауынгердің 1- қаза болады, қалған 5-і бір офицерді тұтқындап, тиісті картаны толық сызып әкеледі. Осы еңбектері үшін Совет Одағының Бас қолбасшысы Сталиннің бұйрығымен Алғыс жарияланады. Барлаушы Тұрсағұл бұл сапарды төмендегідей өлең жолдарымен күнделігіне түсірген:

Ай қараңғы бүгінде,

Мезгіл түннің ортасы.

Келеді қайтып барлаушы,

Қолында неміс картасы.

Келе жатыр сақтықпен,

Кектенген жауға санасы.

Полковникті олжалап,

Кісендеп апты қарашы.

Орта бойлы қаракөз,

Қазақ жап-жас баласы.

Келеді түнде барлаушы,

Аңдап басып, аяңдап.

Бағдарлайды жан-жағын,

Алды-артын шолып алаңдап.

Аман қайтты бүгінде

Жау жағынан бері өтіп.

Ойрандап жау штабын

Казармасын жер етіп.

Аман келді тағы да,

Аңдушы сұмға алдырмай.

Жаңбырша жауған оқтардың,

Біріне де шалдырмай.

Таң ата жетті полкке

Штабына кірді кеп.

Көргендерін түгелдей

Айтып берді мәлімдеп.

Дивизия бастығы

Тыңдап отыр күлімдеп

Құшақтады бәрінде

Жарайсың батыр ұлым деп.

Ашық аспан, ай жарық

Ауған түннің ортасы.

Генерал отыр штабта

Алдында неміс картасы. (13.01.1943. Сталинград)

7.09.1944 жылы 111 гвардиялық атқыштар дивизиясы қатарында мергендігімен ерекшеленген бөлім командирі гвардия сержант Т.Уразбаев «Снайпер» омырау белгісімен марапатталады.

Қанды қырғынды, сұрапыл соғысты бастаған неміс-фашистермен бетпе-бет келіп, қарудың да, білектің күшімен де қарсы тұрды. Ел-жерге шын берілгенді қайратына күш қосты, жігерін жани түсті.Ұлт мұратына жету жолында жанын жалау, намысын серік етті. Батырлық пен қайраттылық, елдік пен ерліктің үлгісін көрсетті. Т.Уразбаев қалың көпке үлгі-ғибраттың маңызы мол ерен ерліктерінің бірі өзінің қойын дәптерінде былай делінген:

«Рота командирі аға лейтенант Алябин мен взвод командирі капитан Белкин, жаңадан келген комиссар аға лейтенант Садыков: «Қазір ұйықтаңдар. Таңғы 3-те қалаға бет аламыз»,-деді. Бұл 1943 жылдың қысы еді. Біздерді сапқа тұрғызып, әр рота командирлері өз солдаттарын бастап әкетті. Менің байқауымша, қарсы алдымызда үлкен өзен. Ені 300 метрдей. Екі жағынан салынған сәнді үйлер. Кәзір бүлініп біткен. Сау қалған қабырғаларының түбінен окоп қазып орналасқан солдаттар. Өзеннің арғы бетінде немістер, екі жағы бірін-бірі аңдумен жатыр. Бірінші түн тыныш өтті. Командир келіп түнде шабуылға шығатынымызды хабарлады. Таң ата біздің зеңбіректер, минометтер, пушкалар жау жаққа шабуыл бастады. Аржақта қара түтін, бір неше жерден өрт шығып жау үшін заман ақыр басталды. Біз атакаға көтерілдік. Мұз үстімен арғы бетке өте бастадық. Бір мезетте немістерге жан бітіп өзенді минометпен атқылап, мұзды оя бастады. Қаншама біздің жауынгерлер суға батты. Өзеннің арғы жағына аман өткен менің бөлімшемді немістер пулемет, автомат оғымен қарсы алды. Бас көтеруге мүмкін емес. 2 жауынгерім оққа ұшты, сол кезде жиекке бір неше снаряд келіп жарылып шұңқыр жасап кетті. Біз сонда тығылып, алғашқы оқ бораннан аман қалдық. Сол кезде біздің самолеттер келіп жау окоптарына бомбы тастап, пулеметтерден оқ жаудырды, осы жағдайды пайдаланып алға ұмтылдық. Біздің взвод жауынгерлерінің алды жау окобына келіп түсіп, қоян қолтық айқас басталды. Қарсы алдымда қашып бара жатқан екеуді автоматпен ұрып құлаттым, оң жағымда Тұрсынахун деген өзбек жігітінің көмектес деген дауысы шықты. Оны менен 7 метрдей жерде бір неміс қылқындырып жатыр екен. мен көмекке ұмтылдым. Ол маған қанжарын сала бергенде, одан бұрын мен қос жауырынының ортасынан салып жіберіп, досымды аман алып қалдым. Өзбек жігіті бір жауды ұрып өлтірсе, екіншісін атып өлтіріпті. Бөлімше жауынгерлерін іздеп 5-ін тірідей тапқаныма қуандым. Біз 2 қол пулеметінің дисклерін оққа толтырып, танкке лақтыратын гранат, шөлмектерді жиып алдық. Сол кезде взвод командирі Белкин келіп окопты терең қазыңдар, немістер бізді арғы бетке қайта қуып тастау үшін шабуылға шығады. Бір қадам шегінбейміз, деп бұйрық етті. Сол -ақ екен қарсы жақтан снаряд жауып кетті, миналар қаншама. Ұлып ұшқан снарядтар бас көтертер емес, аспан жарылып жер қозғалғандай болды. «Готовтесь, танки идут!» деген командирдің дауысы естілді. Қарсы жақтан қырқадан шаңдатып темір танктер көріне бастады. Зеңбірегімен оқты боратып келеді. Соғыстағы ең үрей ұштырар тажалдың өзі. Тасада тұрған біздің зеңбіректер ата бастады, алдыңғы екі танкті атып тоқтатты. Қалған танкілері бір нәрседен құр қалғандай заулап келеді, қорғаныс шебін бұзуға ұмтылды. Танкілер соңынан солдаттары қаптап келеді. Взвод командирі Белкин маған қарап: «Сержант, анау дөңестің бер жағына тез жетіп бекініс жаса. Бірде- бір танкіні бері өткізбе»,- деп бұйырды. Керекті гранаталар, шөлмектерді алып айтылған жерге бөлімшеммен жеттім. Орналаса бастағанымызда 4 танк 500 метрдей жерде өрлеп келеді. Мен Тұрсынахун мен Аліфазды(азербайжан жігіті) жау солдатын танктен бөліп тастаңдар, ал біз танкілермен айналысайық дедім. Жаудың ойламаған жағынан сөйлеп берген қос пулемет қаптап келе жатқан көк сұр шинелді сұмдарды топалаң тигендей құлатты, тірі қалғаны жерге жабысып жата қалып атып жатыр. Алдыңғы 4 танкіні 4-іміз бөліп алдық. Маған бөлінген танкі тасада жатқан мені көрмей өте бастағанда бір бума гранатаны шынжыр табанына дәлдеп лақтырдым, жарылған гранаттың екпінді желі мені орнымнан ұшырып жіберді. Үстімнен 2-адам қарғып жөнелгенін сезіп байқасам жаудың танкистері екен. Автоматтан оқ жаудырып екеуін құлаттым. Тұра бергенімде алдымнан тағы бір танк келді, оған екінші бума гранатаны лақтырып үлгердім, олда дәл тиіп танкінің үстіңгі жағы өртеніп тұрып қалды. Мен есім шығып, орнымнан қалай тұрып кеткенімді білмеймін, бір күшті қол «Жат!»,- деп екпетімнен түсірді. Есімді жиғаннан соң байқағаным 5 танкі өртеніпті, жаудың жаяу әскерлері кейін шегінген сияқты, қасымда басынан қаны ағып Тұрсынахун жатыр. Жарасын таңып, кеберсіген ауызына су тамыздым. Біз 7 жауынгер едік.3-і өліпті, 2-і орнында жоқ, жарақаттанып кеткен болар. Өлген достарымның документтерін алып жаралыны арқалап кейін шегіндім. Алдымнан полк командирі Сыдыков Болат қарсы кезікті. Жарақаттанған досымды жерге қойып командирге рапорт берейін дегенде есімнен таңып құлаппын. Сонда білдім шойынның жарқыншағы оң жақ қабырғамды сойып кеткенін. Мені санбатқа, Тұрсынахунды госпитальге жіберді. Ертеңінде есімді жиғанда Сыдыков менен сүйінші сұрады. Мені «Қызыл жұлдыз» орденімен наградтапты. Біздің бөлімшенің жаумен қалай айқасқанымызды полк командирі дүрбімен көріп тұрған көрінеді. Батальон жауынгерлері алдында болған айқасты айтып берді.»Творческая работа о ветеране ВОВ

Сөйтіп 18 жасында (1943.30.08.) әскер қатарына шақырылып Ұлы Отан соғысында қиян-кесті ұрыстың бел ортасында болған әсіресе Украин майданында Днепр жағалауындағы шешуші шайқастарда гитлершілердің озбыр да опасыз әрекеттеріне батыл да ерлікке толы қимылдарымен қарсы тұра білген Т. Уразбаевқа 21 жасында 1944 жылы «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталып, басқа шабуылдары үшін Совет Одағының қол басшысы Сталиннің бұйрығымен 12 рет Алғыс жарияланады.Творческая работа о ветеране ВОВ

Тарих беттерінде тіркелген 29.08.1943 жылы Саур-могила үшін шайқаста да Тұрсағұл ардагер қатысқаны күнделік беттерінде жазылған.

«Ауыр жарақаттан кейін 40 гвардиялық атқыштар дивизиясының 111-ші полкіне қайта келдім. Рота командирі Поляков мені мерген ретінде осы ротада қалтырды. Дивизия командирінен бұйрық тосып отырмыз. Ендігі бет алысымыз Саур-Могила деді.

Бес тәулік бойы батысқа қарай жол жүріп келеміз. Алдымызда 3 шақырымдай жерде онша биік емес төбе көрінеді. Сол төбе Саур Могила екен. Ішімізде 40-тан асқан С.И.Харченко деген украин старшина болды. Туған жері осы облыс екен, сол кісінің айтуынша Шыңғыс хан Украин жерін басып алмақ болып жауынгерлерімен баса көктеп кіреді. Бұрыннан қамданып отырған Украин елі осы төбенің басында жауын қарсы алады. Ол кездің заңы бойынша екі елдің батырлары жекеп-жекке шығады. Монғол әскерлерінің қаһарман батыры өмірі жауынан жеңіліп көрмеген Сауыр Украина жағынан Иван Бондаренко деген 25 жастағы батыр шығады. Екеуі осы шайқаста қаза болады да бір жерге жерленеді. Жерленген зиратты «Саур могила» деп аталған себебі осы.

Бізді 12 жауынгерді алдыңғы шепке жіберді. Төбенің етегінен біздің басқа жауынгерлер отырған терең окопқа дейін бір кісілік окоп қазылған. Неміске қарсы қазылған окопта екі біздің солдат отыр екен. Біреуі қазақстандық атақты пулеметші досым Жолбарыс екен. Екеуіміз көрісіп амандастық. Окоптан 20 метрдей жерде жусаған қойдай немістердің өліктері жатыр. Түнде СС солдаттарымен шайқасқандарын айтты. Рота командирі И.С.Бощин келіп түнде немістер тағы шабуылға шығуы мүмкін. Дайын болыңдар. Жолдас Нұрмухамедов Жолбарыс пулемет қасыңда екі көмекшің атакаға бірге көтерілсін, Жолдас Уразбаев сен мергеннің мылтығына ие боп, неміс офицерінің, пулеметчигінің көзін құртуың керек. Сенің атақты мерген екеніңді мына Жолбарыстан естідім. Рас па?,- деп сұрады. «Арнайы мергендер курсын оқығаным рас. Взвод командирі болып мергендікке көңіл аудармай келгенмін» дедім. Таңертеңгі 11 мөлшері. Құмырсқадай қаптап СС-тер алға ұмтылды. Алды оққа ұшып құлап жатса да артқы ілектері алға ұмтылуда. Бұйрық бойынша немістің 2 офицерін, 1 пулеметкчигін құлаттық, енді снайпер мылтығына найзасын кидіріп орнымнан тұрғанша Жолбарыста қызу айқасқа кірісіп кетіпті. Найзамен немістің 3солдатын қадап, қайта оқтап жауға қарай атуды тоқтатпадым. Осындай қиын жағдайда көмекке келген 111 полктің жауынгерлерімен немісті өз окоптарына тықтық. Біз тығылған окоп көзге түспейтін қалтарыста еді. Сонда да немістер ажал оғы қайдан келіп жатқанын есептеп біліп алған. Мерген мылтығыммен 5-ін сұлаттым. Сол кезде «командирді бұғыңдар»,-деп айтып үлгердім минометтің оқтары басымыздан жауып кетті. Мен еңбектеп Жолбарысқа келіп жағдайын сұрасам, ішіме оқ тиді ғой деймін, бір түрлі болып тұрмын деді. Шалқасынан жатқызып қарасам, ішек-қарны шығып тұр екен. Бинтпен таңып жатқанда санитарлар келіп санбатқа алып кетті. Сондай қиын жағдайда жатып көмекшілеріне пулеметті жерге түсір, майлаңдар деп бұйрық беріп жатыр. «Батыр» деп осындай солдаттарды айту керек. Мен досым үшін көзге көрінгенін нысанаға алдым. Шіркін мерген мылтығы ғаламат қой. 600 метрді 60 метрдей көрсетеді. Сол кезде дивизияға келген бір майорға И.С.Бощин мына қырылған жаудың 80% -н пулеметші Нурмухамедов пен мерген сержант Уразбаевтың үлесі деп таныстырды. Осы шайқаста 21 немісті мерген мылтығымен аттыппын. Келесі күннің таңертеңгі 8 мөлшерінде немістердің снарядтары аспаннан атқылай бастады. Терең окопқа оқты бұршақша жаудырды. Мен окопқа келе жатқанымда 3 метр қалған жерде бір снаряд жарылып төбемнен ұрғандай болды. Көзім қарауытып құладым. Қатты жарақат алған екенмін. Командир роты Иван Семенович Бощинмен жылап қоштасып госпитальға кеттім. Госпитальда 2 ай жаттым. Саур-могиладағы шайқас үшін «СССР-дің Үздік мергені» атағын берді.

Ұлы жеңісті Тұрсағұл Уразбаев Германияда қарсы алады. Жеңіс күнін халқына сүйінші - өлең түрінде жеткізеді:

Сүйінші елім, сүйінші

Сүйіншіге сүйінші!

Қуан ата-анамыз,

Әжелермен бабамыз.

Соғыс бітті жеңіспен,

Кешікпей елге барамыз.

Фашистің туын құлаттық,

Әскерін қырып сұлаттық.

Қанды шелек сұмдарды,

Қан құстырып жылаттық.

Ардақты Отан сен үшін,

Туып өскен жер үшін.

Құрбан болды сан ұлың,

Әлпештеген ел үшін.

Құрбан қылып шыбын жанымды,

Төктім талай қанымды.

Неше өліп, тірілдім,

Аямай бойда барымды.

Мақтан ет ана ұлыңды,

Қойдай боп дұшпан қырылды.

Әлемнен фашист жоғалып,

Гитлредің басы жұлынды.

Әкесін күтіп бала отыр,

Баласын күтіп ана отыр.

Бір көрсем деп ел жұртты,

Дүрсілдеп жүрек және тұр.

Сағыныштан сарғайып

Солдаттардың жары отыр.

Қайтады елге ерлерің,

Гүлденер қайта жерлерің

Ұмытылар ертең-ақ

Қиыншылық көргенің. (1945, маусым)

Берлинде ерліктің алауы, Жеңістің жалауы желбірегеннен кейін 40 гаврдиялық атқыштар дивизиясы 17 гвардиялық механикалық дивизияға ауыстырылып Австрия, Венгрия, Румыния, Югославия, Чехославакия елдерін неміс-фашистерден азат етеді. Жауынгер соғыс тынышталған сәттерде күнделік беттеріне азат еткен елдер туралы этно-географиялық мәліметтер түсірген екен:

«Бессарбия. Украинаның бір туысы екен. Халқы егін шаруашылығымен шұғылданған. Біз 7 күннің ішінде жауды қуып шықтық. Содан Румыния мемлекетіне барып 14 күн соғыста болдық. Бұл елде мал жағы көп болады екен. Қора-қора қой. Тонын аударып киіп мал бағып жүрген шаруалар. Халқының түсі қып-қызыл болады екен. Жазды күні еркектері жеңі, жағасы кестеленген ұзын ақ көйлек киіп, штандармаен жүреді екен. Бидай, сұлы, борми көп егеді екен. Қауыны өте үлкен болып өседі. Бормиді шикідей диірменге тартып, сүтке басады, ол ең құрметті «мамалигі» деген тағамы. Сыған, еврейлер тұрады екен.

Румыниядан Днепр арқылы Валеарияға өттік. Бұл батыс мемлекеттерінің ішіндегі ең культурныйы екен. Бұл мемлекетте араб, түрік, татар, еврей, сыған т.б. көптеген ұсақ ұлттар көп екен. Оқулары екі тілде жазылады: латынша және арабша. Есек малы көп болады екен. Бүкіл даласында түрлі жеміс бау-бақша.

Венгрия өте бай мемлекет. Жеріне жүзім өте көп шығады екен. Әр үй сайын погребтері толы сыра. Егіс көп салады, түрлі жемістер егеді. Халқы өте жуас келеді екен. Біз 2 ай оборонада жаттық. Ал Чехославакия мен Югославия мемлекеті орыстың бір тұқымы. Халқының түрі, салты Украина тәріздес екен. Югославияда маршал Титоны өз көзіммен көрдім.

Австрия Германия екеуі бір туыс деуге болады. Өте бай, культурный, таза ел екен. Әр селосы электрмен қамтамасыз етілген. Үй басында мотоцикл, велосипед. Кәрі-жасы жаяу жүрмейді. Орман арасында елік, қара құйрық өте көп жүр. Олардың салтында елікті атпайды екен. Сондықтан өте көп. Венада 1 ай тұрдық.»

1945 жылы қазанның 17 күні СССР-дің Жоғарғы Кеңес Указымен демобилизацияланады. Қараша айының 12 күні туған елі Бақтыға оралады.

Туған жер өскен аул алтын бесік

Келемін қуаныштан көңілім өсіп

Егіліп ағалап кеп бас салғанда

Танымай алғашында қалдым шошып.

Солқылдап тияр емес көздің жасын

Қой десем қояр емес әке басым

4 жылда адам болып өсіп қалған

Бұл менің бірге туған қарындасым.

Жылама Күлжәкішім айналайын

Енді сен ойламайсың қайғы уайым

Есен сау ел қатарлы тірі жүрме?,

Шешеңнің айтшы сәулем қал жағдайын.

Бір емес екі бірдей ағаң өлді,

Тірі ағаң қаннан аққан көрді селді.

13 жыл үкіметке бас имеген

Әкең қалды құшақтап қара жерді.

Енді жоқ Қиысбек пен Жұмағұлың

Жылама жылау деген жаман ырым

Түйедей ботасы өлген боздамасын

Шешеңе айт жүгір сәулем бізден бұрын. (Жантезек аулы. 21.10.1946)

Елге оралысымен:- Батырмын, еңбегім сіңді!-деп қол қусырып отырмады. Ауыл-елдің жүдеу жұпыны тірлігіне, колхоз жұмысына білек сыбана кірісіп кетті. Соғыстан кейінгі қиюы қашқан ауыл-елдің еңсесін еңбек арқылы, қоғамға қызмет ету жолымен көтеруді ойлаған Т.Уразбаев аз уақыт ішінде сөзі мен ісінде бірлігі бар білікті басшыға, халқының қалаулы азаматына айналды.

1946 - 1948 ж.ж. Мақаншы ауданының Жарбұлақ поселкелік кеңесінің (сельпо) председателі қызметін атқарады.

1948-1955 жылдары Уполминзаг Мақаншы ауданы бойынша агенті болады.Ел шекарасын қорғауда ерен еңбегі үшін 3 мақтау қағазымен марапатталса, Шығыс округінің КГБ-ң 2086 әскери бөлімінің командирі подполковник Бородкиннің бұйрығымен 2 рет Алғыс жарияланады. Сонымен қатар, «СССР мемлекеттік шекарасын Үздік қорғағаны үшін» медалімен наградталған.

1959-1978 жылдары Семей облысы бойынша ауылдық басқармаларда ауыл тірлігін жоғарлатуда қызмет атқарады.

1978 жылдан зейнеткерлікке дейін Мақаншы аудандық байланыс бөлімінің бастығы қызметінде болады.

Ел алдындағы адал еңбегі еленіп 1953 жылдан 1977 жылдары аралығында Қазақ ССР-ің еңбекшілерінің аудандық Кеңес депутаты болып сайланған.

Қысқасы, туған жерді түлетіп, оған адал еңбегімен тер төкті, іскер ұйымдастырушылық қабілетімен қалың көпке үлгі-өнеге көрсетті.

Т.Уразбаев ел алдындағы адал еңбегі үшін «Еңбек ардагері»медалімен, көптеген мерекелік медальдармен марапатталған.

Қазақ Советтік Социалистік Республикасы Қазақ коммунистік партиясының құрылғанына 70жыл толуына байланысты Қазақ ССР -ің Президенті, Қазақстан компартиясының бірінші хатышысы Н.Назарбаевтан арнайы құттықтау алған.

Ұлы Жеңістің 50 жылдығына Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың шақырылуымен Алматы қаласында өткен салтанатты жиынға қатысып, президенттен мерекелік қол сағат пен автокөлік сияқты сыйлық алып қайтады.

Сонымен бірге аудандық газетінің, облыстық «Семей таңы» газетінің меншікті тілшісі болады.

Ел әңгімелерін, майдан көріністерін, ауыл жағдайын, арнауларды ерекше шеберлікпен, серпінмен жеткізе біліп, баспасөз құралдарының беттерінен көрініс тапқан. Соның бірер тұстарын еске түсіріп өтейін: Ә.Найманбаевтың 125 жылдығына арнап жазған очерк, «Шопандарға», «Қызыл армия», «Анама хат», «Жалақорға», «Өмір мен уақыт» т.б.

Өкінішке орай даңқты жандар тізімі уақыт өткен сайын ... азайып бара жатыр.

«Қырық жыл қырғыннан аман келген» ардагер Уразбаев Тұрсағұл 2001 жылы 24 ақпанда өзінің Жарбұлақ ауылында жұмыссыз жүрген арақ құмар, жеңіл ақша тапқысы келген ала аяқтың қолынан қаза табады.

Азаттық пен бостандықты - мұрат еткен, Отанға - жеңіс, салтанат сыйлаған Ерлер есімі мен еңбегіне мәңгілік ескерткіш қойып, басты назарда ұстау- мерейлі міндет һәм кәделі де сауапты іс.

Ендеше, ел қорғаған - ерлерге, туған жердің тұғырлы тұлғасына құрмет көрсету, тағзым ету бүгінгі мен болашақтың басты борышы. Сөзімнің соңын ардагер атаның «Қарт солдат сөзі» өлеңімен аяқтағым келеді.

Батыстан қаптаған қара тұман,

Аяққа оралғанда улы жылан.Творческая работа о ветеране ВОВ

Аластап сол жауызды жерімізден,

Біздерміз Жеңіс күні салған ұран.

Жау оғы бізге қарай сан атылған,

Шыққамыз жоқ солдаттың

санатынан.

Кешегі жауды жеңген жауынгерміз,

Болаттай жүрегі асыл жаратылған.

Өмірдің өр басында тұрмыз бүгін,

Көтеріп уақыттың ауыр жүгін,

Соғыстан аман қайтқан боздақтардың,

Қаншасы содан бері болды шығын.

Қарт солдаттың ең жасы жетпіс жаста,

Қара қалмай барады сақал, шашта.

Тілейміз бақытты ұзақ, бейбіт өмір,

Бүгінгі алдағы ұрпақ-келер жасқа!

Қолданған әдебиеттер:

  1. Т.Уразбаевтың соғыс жылдары жазылған күнделігі

  2. Ақиқат журналы. № 6, 2011

  3. Ақиқат журналы № 8, 2011

  4. Ақиқат журналы №12, 2010

  5. Егемен Қазақстан газеттері

  6. Семей таңы, Ақ жол, Ленин туы газеттері

© 2010-2022