Қайдасың, аяулы қазақ қызы

Раздел Воспитательная работа
Класс -
Тип Статьи
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Мақсаты: Қазақ халқының әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, әдептілікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа, мол мейірімділікке, төзімділікке, шыдамдылыққа баулып, ар тазалығын жоғары ұстайтын қылықты қыз тәрбиелеу

Қазақ қызы десе, бет-жүзінде ұяңдығы бар, шашы ұзын, басқан ізі білінбейтін жан елестейді, шолпының сыңғыры құлағымызға келеді. Жібектей сызылған қырдың қызыл гүліндей бүлдіршіндерді көргенде халқымыздың қандай жақсы салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы болғанына риза боламыз, мақтанамыз.
Қыз бала тәрбиесіне халқымыз сонау заманнан ерекше мән беріп келеді. Қыз баланы құрметтеу, қыз бала алдында дөрекі сөйлемеу, ізетті болу, ер-тұрманы әшекейленген сұлу жорға мінгізу, босағада отырғызбау сияқты дәстүрлі, тәрбиелік мәні зор әдет-ғұрыптарды атадан балаға мұра етіп қалдырып отырған.
Жас кезеңдеріне қарай қыз - шақалақ, нәресте, бөпе, бөбек - сәби - бүлдіршін - балдырған (3-5ж.) - ұлан, өрен - жеткіншек, бойжеткен (13-15ж.) - ару, бикеш, қалыңдық - келін, жар - келіншек, - әйел ана, - бәйбіше - әже - ене - ел анасы - кейуана, қария - кемпір болып аталады.
Жарық пен жылу жоқ жерде, от пен жылу жоқ жерде тірлік-мақұрым. Ал екеуінің көктегі көзі - күн, жердегі көзі - Ана. Ананың мейірін көтере алмаған елдің көсегесі көгеруі мүмкін емес. Отбасы түзелмей, Отан түзелмейді. Ал қыздар - болашақ аналар!
Халқымыз қыз баланы:
Қыз емес, қыздың аты - қызыл алтын,
Көрінер толған айдай жүзі жарқын.
Үлкеннің алдын орап сөз сөйлемес,
Халқының сақтай білген ізгі салтын- деп алтынға теңесе,
Мен қазақ қыздарына қайран қалам,
Жанары, жаны жаздай жайраңдаған.
Қыз өссе - елдің көркі деген сөзді
Қапысыз қалай айтқан қайран бабам, -
деп өлең-жырға қосып, табиғаттағы аңға, құсқа балап «Кер маралдай керілген», «Тотыдайын таранған, сұңқардайын сыланған» дәріптеген.
Қыздарды: -табиғат сұлулығына теңеп Айсұлу, Күнсұлу, Жұлдыз,
-нәзік гүлге балап Гүлжан, Саягүл, Раушан деп атаған.
- аспандағы аққуға ән қосамын деп Аққу , Марал , Еңлік , Құралай , Тоты , Бұлбұл
- дүниедегі қымбат заттарға, асыл тастарға балап, Алтын, Меруерт, Гауһар деп атаған.
Қыз бала қай халықта болмасын әдемілік пен әдептіліктің, сұлулық пен іңкәрліктің символы. Қазақ халқы мінезі жақсы, әдепті жігітті «қыз мінезді жігіт екен» деп тегін айтпаған. Халық аузындағы «қыздың жиған жүгіндей», «қыздың төккен кестесіндей» деген тіркестер қыз баланың нәзіктігін, шеберлігін, ұқыптылығын аңғартады.
Әрбір отбасы, әке-шеше, аға-жеңге бойжеткен баласын ылғи да жібектей мінезімен, уыздай тәтті қылығымен, іскерлік-ұқыптылығымен, әдепті-ізеттілігімен, иманды инабаттылығымен, күміс күлкісімен көргісі келген. Оларды кішкентайынан әлпештеп, мәпелеп, жаны мен арының таза, мінезінің жайсаң болуын қадағалап отырған. Жасөспірім шақтағы еліктегіш қасиеттерін ескеріп, оған «қырық үйден тыю» керектігін үнемі еске салған. Үй ішіндегі кесте тігу, өрнек, кілем тоқу, ән-күй, айтыс сияқты түрлі өнерге баулығын.
Халық қыз бала тәрбиесін 4 ұғым: адал мен арам, обал мен сауап төңірегінде топтастырады. Ұлт дәстүріндегі бір ерекшелік- тәлімдік ақыл-кеңесті жас ұрпақ санасына астарлап, тұспалдап жеткізу. Мысалы, «Келінім, саған айтам, қызым, сен тыңда», «Қыздың қырық жаны бар» деген мақал-мәтелдерде тәрбиелік талап- тілектерді жанамалап жеткізген.
Қыз бала 14-15 жасқа жетісімен үсті-басын таза ұстап, сәнді киінуге, әдемі, сымбатты көрінуге тырысады. Қыз баланың көркі алдымен шаш күтіміне байланысты. Қыз баланың талғаммен киінуі дегеніміз - қымбат киімдерің болсын деген сөз емес, бар киіміңді ұқыптылықпен, орны-орнымен, өз тұрқының кейбір табиғи кемістігін жасырып, жақсы жағын көрсетіп, моданы өзіне бейімдей ала білуі. Қыз баланың бүкіл кескін-келбеті (отырыс-тұрысы, жүріс-жүгірісі, сөз саптауы, жұртпен қарым-қатынасы) әсем де нәзік болуы тиіс.
«Бет пішіні келіскен, сөзі сыпайы, өзі әдепті, сұңғақ бойлы, терең ойлы қыз - ару.
Жүзі жылы, өзі ұяң, тәні нәзік қыз - әсем.
Сөзі өткір, өзі пысық, өрескелдікті сүймейтін, болмашыға күйіп - піспейтін,
келбетті қыз - сұлу.
Істесе үйіріп, сөйлесе бұйырып, баурап алатын, өзі бірден көзге түсе қоймайтын қыз - көрікті.
Баппен сөйлеп, биязы күліп, жақсы - жаманның жөнін біліп тұратын қыз - әдемі.
Дене бітісі жинақы сөзі салмақты, қыз - ажарлы.
Қыз бала тәрбиесіне қатысты халқымыздың мақал-мәтелдерінің орны ерекше, тәрбиелік мәні зор.
- Ата даңқымен қыз өсер, Мата даңқымен бөз өтер.
- Қыздың жолы жіңішке.
- Қыз өссе - елдің көркі, үл өссе - жердің көркі.
- Ер бала ата-анаға таяу, Қыз бала үйге жаққан бояу.
- Ұлға отыз үйден тыю, Қызға қырық үйден тыю.
- Ұлың өссе, ұлы жақсымен ауылдас бол, Қызың өссе, қызы жақсымен ауылдас бол.

Қыз бала тәрбиесіне ерекше мән берген халқымыз «Қызға қырық үйден тыйым,қала берді қара күңнен тыйым» деп білген. «Әйелді сүйіктіге айналдыратын -ар мен ұят» деп санаған халқымыз қазақ қыздарына мынадай 10 түрлі талап қойған:
1. Әдептілік;
2. Ар-ұждан пәк болу;
3. Кеңпейіл, кешірімді болу;
4. Мейір-шапағатты болу;
5. Ақыл-парасатты болу;
6. Сабыр-салмақты болу;
7. Адал, ақ жарқын болу;
8. Моральді, мұратты болу;
9. Өжет, батыр болу;
10. Ұят, намысты болу.
Қызың көргенді де ибалы, сөзі - сынық, ісі - түзік, киімді бойына жарастырып киіп, жымиып қана күліп, сызылып жаймен жүріп, айтқаныңды екі етпесе - ажарың.
Ал, тіліңді алмай бедірейіп, кісі көрсе кекірейіп, топ ішінде қарқылдап, ұятты жерде саңқылдап, етегін кесіп, омырауларын ашып, көрінгенге көзін тесіп, күндіз кетіп, түнде келіп жатса - азабың.
Тән сұлулығы деген бар, жан сұлулығы деген бар. Тән сұлулығы - сыртқы көз арбар көрініс. Жан сұлулығы - бұл әйелдің ішкі дүниесі, Сезім шынайылығы, мінез байлығы, пейіл кеңдігі, ар алдындағы адалдығы.
Тән сұлулығы - теңіз бетіндегі көпіршігі мол толқын. Жан сұлулығы - бұл тереңдегі ағын. Осы екі қасиет бір адамның басында ұштасса, ғұмыр бойы айналасын нұрға бөлеп өтер еді.
Қыз - бүгін әке-шешесінің қонағы болса, ертең бір шаңырақтың ошағының сәні. Болашақ ұрпақтың өз қатарынан озары да, қыз бен қыз тәрбиесіне байланысты. Сәлеуетті ана болғанда саналы ұрпақ болады. Олар бүгін мектеп қабырғасында оқып жүрген қыздар. Болашақтың тамыры, қоғамның негізі тарихтың көзі -жанұя. Ал сол қасиетті ұяның алтын тірегі, отбасының ұйтқысы, жайнаған осы жауқазындар. Қыз - өмірдің қызғалдағы, қыздар - болашақ ана. «Болмасаң да ұқсап бақ «деп Абай атамыз айтқандай, қыз балалар жағымды қасиеттерді меңгерсе, арамызда ару да әсем, сұлу да көрікті, әдемі де ажарлы қыздар көп болса, біздің өміріміз мәнді, қызықты да шуақты болар еді.

© 2010-2022