Презентация на тему Ғасыр ақыны

Раздел Воспитательная работа
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Ғасыр ақыны

1-жүрг. -Құрметті ұстаздар мен оқушылар!

Әр адамның азаматтық қасиеті мен мәдениеті өз халқын,өз атамекенін қалай сүюімен,өз ана тілін қалай білуімен өлшенбек.Ананың ақ сүтіне уызынан жарыған адам қашан да отаншыл,ұлтжанды болмақ.Әркімнің өз тіліне деген құрметі өз анасына ,өз ұлтына, өз Отанына деген құрмет деп білуі керек.

2-жүрг.- «Ең жақсы тіл-ана тіл» демекші, біздің қазақ тіліміз сияқты әсем де әуенді, көркем де мазмұнды тілде сөйлеу қандай бақыт! Тілге деген нағыз махаббатты, оған деген шын көңілді ақын Мұқағали жырларынан табамыз.

1-жүрг. -Бүгінгі «Ғасыр ақыны» атты кешіміз сол ана тілін шексіз сүйген қазақтың нар ақыны Мұқағали Мақатаевқа арналады. Жыр кешіне қош келдіңіздер!

2-жүрг. Батар,кетер келмеске күнім менің,

Қалар бірақ киелі тілім менің.

Қасіретті шақтардан түңілгенде,

Қасиетті тілімнен түңілмедім,-деген «Жыр-ошақ» өлеңіндегі осы жолдар жүрегіңде мәңгілік із қалдырады.

1-жүрг. -Мұқағали - ғажайып,ақиық,сыршыл ақын.Ол бізге көрінбейтін сиқыр бояулардан,бізге естілмейтін құпия дыбыстардан тоят алатын жұмбақ ақын.

2-жүрг. Ән сал жаным!

Әніңмен тербет мені,

Бір сәтке тынсын,тірлік жер көктегі,

Дала ұйысын,

Дамылдап таулар жатсын,

Таулар жатсын,мәңгілік жөргектегі-деп ақын Мұқағали жырлаған, кешіміздің беташары болсын деп ақын сөзіне жазылған тамаша әнге кезек береміз.

1-жүрг.-Сөзі:М.Мақатаев : «Аңса,жаным»

Әні:

Орындайтын: Оразғалиева Мейрамгүл.9-сынып оқушысы.

1-жүрг. -М.Мақатаев 1931 жылы 9-ақпанда алматы облысы,Нарынқол ауданы,Қарасаз деген жерде дүниеге келеді.Азан шақырып қойған аты - Мұқаметқали.Әкесі -Сүлеймен,шешесі -Нағиман.Әкесі Сүлеймен сұрапыл соғысқа өз еркімен аттанып,Калининград майданында ерлікпен қаза тапты.

2-жүрг.-Балалық шағынан-ақ ақын ерте есейеді.Оны ақынның мына өлең жолдарынан көреміз:

Шаруаның баласы болғасын ба,

Шаруамен айналдым он жасымда.

Майдандағы әкеме оқ жібердім,

Айырбастап күлшемді қорғасынға.

1-жүрг.- Анасы Нағимаға ұлдарын өсіру оңайға түспейді.Әжесі,анасы,інілерінің ортасында баскөтерер ересегі осы Мұқағали болып,бала иығын батпандай басқан отбасының ауыртпалыған ерте сезіне бастайды.Әкеге деген сағыныш өлең боп ақ қағаз бетіне түседі.

2-жүрг. - Әкеміз бір әкеден жалғыз еді,

Судағы жаңа біткен жалбыз еді.

Мінеки көп ай болды хабары жоқ,

Әкемізді бір көруге зармыз енді.

Бұл өлең асқар таудай қорғаны болған әкеге деген жас жүректің өшпес,ыстық сағынышы болатын.Дарабоз ақын жыр табалдырығын осылайша аттаған еді.

1-жүрг. -Ал анаға деген шексіз махаббаты ше? Ана-өмір сыйлаушы,бала бағбаншысы.Олай болса, «Шеше, сен бақыттысың» деген өлеңін тыңдап көрелік.

2-жүрг. -Оқитын 6-сынып оқушысы Табылғанова Жаңылсын.

1-жүрг.- Биік таулар аспанменен таласқан,

Өлең-жыры адамзатқа тіл қатқан,

Қазағымның кең пейілді ақыны,

Мұқағали талантымен қаратқан.

2-жүрг.- «Менің анкетам» атты өлеңі бойынша көрініс.

1-жүрг.- Байтақ ел,балауса тау, бозаң далам,

Секілді бәрі менен көз алмаған.

Кең дүние кенде етсең сыбағамнан,

Шырылдаған сәбидей мазаңды алам,-деп ақын туған ел,туған халқына талай жырларын арнаған болатын.

2-жүрг.- М.Мақатаев -«Елім барда»

Оқитын:Жүсіпханова Перизат.

1-жүрг.-Ауыл бейнесі ақынның көз алдында,көңілінде.Кір жуып,кіндік қаны тамған туған жері,ғажайып өлкесі туралы жырлайды.

Қарасазым!

Айтылмаған сезім ең,

Мен іздеген бақыттың сен өзіме ең.

Сенің ғажап табиғатыңды кімге айтам,

Кім құмартса,өзі көрсін көзімен,-деп ақын өзі жырлағандай туған жеріне арналған әні- «Саржайлау»

Орындайтындар: Досаева Салтанат пен Жүсіпханова Перизат

1-жүрг.-Жазылар естеліктер мен туралы,

Біреулер жан еді дер әр тұлғалы.

Біреулер тұлпар еді деуі мүмкін,

Бүтінделмей кеткен бір ер-тұрманы.-Ақын біліп айтқандай талай-талай ақын өмірі,өлеңі туралы замандастары,достары,

қаламдастары естеліктер жазды.

2-жүрг.- «Естеліктер» кітабында Нұрғиса Тілендиевтің мынадай сөздері бар:

-Мұқағали дүниеден өткен соң қатты күйзелдім.Жүрегім ауырып,екі айдай емханада жаттым.Арада екі ай өткен соң жұмысқа киетін бешпетімнің қалтасынан хат шықты.Мұқағалидың жазуы, «Аға,мен ғой.Дертім қозып барады.Не боларын білмеймін.Мынаған назар аударып көрерсіз» депті.Хатта өлең жазылған екен, «Есіңе мені алғайсың» әні дүниеге осылай келіпті.

1-жүрг.-Сөзі М.Мақатаевтікі

Әні:Н.Тілендиевтікі

«Есіңе мені алғайсың»

Орындайтын: Сисенова Меруерт

2-жүрг.-Ақын жүрек сезімтал,нәзік.Кей-кейде өмірден безініп,ол өзіне сүйеніш болар адам іздейді.

1-жүрг.-Ғашықпын!

Шын ғашықпын сол адамға!

Мен болмасам,болмайын.Сол аман ба?

О,тәңірім! Неткен жан ед қайырылмайтын,

Жүрегі еттен бе,әлде қоладан ба?!-деген сыршыл ақынның жастық алау шағында жазған махаббат,ғашықтық жайындағы өлеңдер топтамасы бір арна.

2-жүрг.-«Махаббат диалогы»/екі оқушы: Сауытбаева Г,Ерманов Қ/

1-жүрг.-Тойланбаса,тойланбасын,не етейін,

Той көрмей-ақ,сый көрмей-ақ өтейін.

Қаламымды берші маған,бәйбіше,

Болашаққа арыз жазып кетейін,-деп мұңы мен сырын жан-жарымен бөліскен ақынның зайыбы Лашын Әзімжанова естелікте былай дейді:

2-жүрг.-Мұқағалидың айнымайтын,аймалайтын досы-өлеңі еді. «Өлең жазғанда жасап қалам»дейтін.Мен Мұқағалиды данышпан,көреген,әулие дер едім.Оның тек өлеңде емес,өмірде де айтқан болжауы келіп отыратын.Оған дәлел 1976 жылдың 26 қаңтарында:

Ұмыт болып есебің де,өсегің де

Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде

Қырықтың бесеуінде-деп жазғаны сөзсіз орындалды.Дәл сол айтқан жасында, яғни 45 жасында, 1976 жылы 27 наурызда мәңгілікке ұйқыға кетті.

1-жүрг. Мұқағали Мақатаев «Лашынға»

Оқитын :Маралбекова Зульфия.

2-жүрг.-Ақынның «Фариза қыз» деп аталатын өлеңі жайлы Ф.Оңғарсынова былай дейді.

1-жүрг.-Бір жылы іс-сапармен Бакуге баратын болдым.Жүрер алдында хат бөлімінің қызметкері 5-6 хат әкеліп берді.Арасында біреуі тым қалыңдау екен.Ашып қарасам, қолмен жазылған өлең. «Фариза,Фаризажан,Фариза қыз» деп басталатын ағыл-тегіл шумақтар.Осы кезде біреу телефон соқты.Лашын жеңгей екен.

-Ағаң саған хат жазып жіберіп еді,соны алды ма,алмады ма деп мазасызданып жатыр.Ауырыңқырап тұр ағаң,ауруханада...-деп жеңешем сөзінің соңын жұтып,бәсең сөйледі.Мен өзімнің жол жүріп бара жатқанымды,хатты алғанымды,келгесін өзім соғатынымды айтып хош айтыстым.Өкініштісі сол мен Баку сапарында жүргенде Мұқағали ақынның өмірден өткенін естідім.

2-жүрг.Шын мәнінде екі ақынның арасында поэзия деп аталатын құдіреттен таралған шынайы сыйластық болды,достық болды.

Өлең «Фариза,Фариза ақын,Фариза қыз»

Оқитын:Құсайынов Райымбек.

1-жүрг.Ақын отбасында2 ұл,2 қыз бар.Ұлдары:Жұлдыз,Айбар.

Қыздары:Алмагүл,Шолпан.

Мұқағали күнделік те жазды.Балаларына өсиет сөз қалдырған екен. Соны оқып көрелік.

2-жүрг.

-Сүйікті балаларым менің!Ақылсыз болмаңдар.Өмір тола қауіп,абай болыңдар!Өмірдің әрбір құбылысына байыппен қараңдар.Жөні жоқ,мейірбан,жұмсақ болмаңдар.Өмір бар да жауыздық бар. Мейірбандықпен,жұмсақтықпен жауыздықты жеңуге болмайды.Бір сөзбен айтқанда сүйе де,жек көре де біліңдер,бірақ әрқашан да адам қалыптарыңда қалыңдар.Әрдайым сақ болып,әрдайым өздеріңді қорғай біліңдер!

1-жүрг.

-Бұл өсиет тек ақын балаларына емес бізге де,өскелең ұрпаққа арналған да сияқты.

2-жүрг.

-Естеліктерде Мұқағали ақынды өте балажан деп еске алады.Әсіресе тұңғышы Майгүлді өте жақсы көрген.Басқа балаларынан гөрі Майгүлді еркелетсе керек.Бірақ қатал тағдыр ешкімді де аямаған ғой.Жаңа ғана бәйшешектей бүр жарып келе жатқан Майгүлін өмір заңы тез солдырады,қара жер құшағына алады.Ақын қызынан айырылып,тек өлеңінен қуат алып,жүрегін жұбатады.Сол өлеңдерінің бірі- «Майгүлге»

Оқитын: Сиражова Гүльфайруз.

1-жүрг.Өмір-жамандық пен жақсылық арасындағы күрестен тұрады.

-Жылап келіп,келмейді,жылап кеткім,

Ол ғұмырды ауызға бір-ақ тептім.

Жамандықты жақсартып,жақсылықты,

Одан әрі келеді шуақты еткім-деп ақын түбінде жақсылықтың жеңетініне шексіз сендіреді.

2-жүрг.

-Ақын күнделігіне:

Бүгін 1974 жылғы 27 қаңтарда бір отырғанда,үздіксіз, бірбе-бір түзетусіз,таңертеңгі сағат 10-нан түнгі сағат 12-ге дейін «Чили,шуағым менің» атты поэма жаздым./12-дәптер/. Бұл поэма 277 жол,14 сағат ішінде ешқандай тоқтаусыз,өшірусіз 300-ге жуық жол поэма жазу расында ғажап.

1-жүрг.

-Мұқағалидың 1722 жолдан тұратын,ақпан айының 5-нен 15-не дейін 10 күн ішінде жазған поэмасы- «Аққулар ұйықтағанда»

Үзінді оқу.Маралбекова

1-жүрг.

Өлеңдерім жай болып атылғанда,

Атылғанда,аспаннан оқылғанда.

Мылқауларға тіл бітіп,керең естіп,

Жанар пайда болады соқырларға-деген екен,солай болды да.

2-жүрг.

-Ақын жырларының тақырыбы сан тарау.Соның салмақты бір бөлігі - діни өлеңдер.

Мұхамбеттің үмбеті-мұсылманмын,

Пайғамбарым қолдайды қысылған күн.

Алсын Алла тағалам ант етемін,

Алла есімін кеудемнен ұшырған күн!

1-жүрг.

-Ақынның ислам дініне әрі адал, әрі беріктігі осы бір шумақ өлеңнен-ақ көруге болады. Ораза ұстаған ағайынның ниеті,тілегі қабыл болсын!

2-жүрг.

Мұқағали ақынның 14 поэмасы,балаларға арналған өлеңдері,бірнеше әңгімелері,повестері,қыруар аудармалары бар.

Поэмаларының бірі де,бірегейі- «Райымбек» поэмасы.

1-жүрг.

Поэзия-үмңт сенімі, жүрек дірілі,жан тынысы,шексіз сезімге толы махаббат,осы құдіретті белгілердің бәрі Мұқағали поэзиясынан табылады.

2-жүрг.

Олай болса,

-Поэзия!

Менімен егіз бе едің?

Сен мені сезесің бе, неге іздедім?

Алауыртқан таңдардан сені іздедім,

Қарауытқан таулардан сені іздедім,-бүгінгі жас ұрпақ жүректегі ыстық ықыласын жыр шашу етіп шашады.

Әлібекова Ұлболсын өз өлеңін оқиды.

1-жүрг.

Өмір-мәңгі,уақыт-мүмкін елес,

Кел,Болашақ! Сауық құр,күлкіңе көш.

Бір күн шықса,бір күннің батуы анық,

Екі күннің тұруы мүмкін емес.

2-жүрг.-

-Нағыз тума таланттың 2 өмірі бар.Бірі-шектеулі өмірі,2-сі-мәңгілік өмір.Мұқағалидың шектеулі өмірінің күні батқанымен,оның шығармашылық өмірінің күні шықты.Ол төбемізде нұр шашуда.Ол мәңгі.Ұрпақтан-ұрпаққа сарқылмас нұрын еселеп шаша бермек.

Келесі жыр кешіне дейін қош сау болыңыздар!

«Саржайлау» әні тағы да қайта айтылады.

© 2010-2022