Статья на тему ВОвойны 1941-1945 годов Екі майданның ері

Раздел Воспитательная работа
Класс 11 класс
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Н.Н.Муханбеталиев

Жалпы білім беретін М.Қаналиев атындағы

Алғабас орта мектеп-балабақша кешенінің тарих пәні мұғалімі.

Алғабас ауылы,

Сырым ауданы,

Батыс Қазақстан облысы.



Екі майданның ері

(Ұлы Отан соғысының ардагері М.Қ.Қаналиевтің 90 жылдығына орай)

1924-1994ж.ж

Ерлік те, еңбек те ешқашан ескірмейді.Уақыт өткен сайын аңызға айналатын атақты адамдар болады.Өз заманының заңғар тұлғасы Молдаш Қаналиев есімін де, осы санаттан табуға әбден болады.

Молдаш Қаналиев 1924 жылы 15-ші қарашада Сырым ауданының (бұрынғы Жымпиты) Жосалы ауылдық округінің Әзтөбе елді мекенінде дүниеге келген. 1931-1933 аштық жылдарында әкесі Қаналы отбасымен Орынбор облысына көшеді. Сонда бай орыстарға жалданып,тамақ асырап күн көрген.Сол жерде орыс мектебінде білім алып, 1933 жылы әкесі Қаналының дертке шалдығуына байланысты елге қайта көшіп келеді.Көп кешікпей әкесі Қаналы қайтыс болады.Әке қамқорлығынан ерте қалып, интернатта тәрбиеленіп,білім алады. 1939 жылы К.Маркс атындағы орта мектепті үздік бағамен бітірп, 1939-1940 жылдары Бұлдырты орта мектебінің интернатында жатып оқиды. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталған кезде колхозда есепші, кейіннен ауылдық кеңестің хатшысы болып қызмет атқарады. 1942 жылы қыркүйек айында 18 жасқа толар толмастан өзі сұранып майданға аттанады.Курск иінінде, Украина, Чехословакия, Германия жерлерінде сұрапыл ұрыстарға қатысып, бірнеше рет жараланған (соның ішінде бір рет ауыр). Майданда көрсеткен ерліктері үшін ІІ,ІІІ дәрежелі «Отан соғысы», ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, медальдармен наградталады. Молдаш Қаналыұлының 1990 жылы Ұлы Жеңістің 45 жылдығына орай жергілікті «Қызыл ту» газетінде жариялаған мақаласында отты жылдар жаңғырығын былай деп еске алады:

«Ұлы Отан соғысының Жеңіспен аяқталғанына 45 жылдан асты.Бұл совет халқының тарихындағы теңдесі жоқ Жеңіс мейрамы. Біз, осы сұрапыл шайқастың қатысушылары,оның жалынына шарпылып қан төксекте елге оралып,ұзақ жылдар еңбек етіп,жасымыз ұлғайып соғыс салған жарақат әсері денемізді бір сыздатса,сол соғыстан оралмаған жерлестеріміздің,жауынгер жолдастарымыздың қазасы жүрегімізді және сыздатады.

Елі үшін.Отан азаттығы үшін құрбан болған,қайран азаматтар, сіздерді ешкім де, ешуақытта ұмытпауға тиіс!

Фашистік Германия елімізге қарсы тұтқиылдан соғыс ашқанда біздер мектепте оқушы едік. Жазғы каникул кезінде оқушыларды әуе шабуылынан қорғаныс жөнінде қысқа курстан өткізіп, халықты әуе шабуылы мен химиялық улы заттардан қорғаныс жөнінде даярлау міндеті тапсырылды және біз мүмкіндігінше іске асырдық.

1941 жылдың аяқ шенінде жігіттердің жаппай майданға аттануына байланысты мені колхоз басқармасының бастығы колхозға есепші болуға үгіттеп көндірді. Бұл 1942 жылдың қаңтар айы болатын.Бұл жұмысты сол жылдың мамыр айына дейін істеп,одан соң ауылдық Советтің хатшылық жұмысына ауыстырды.

Сөйтіп 1942 жылдың қыркүйек айына дейін осы жұмыста істеп,Армия қатарына шақырылып әуелі денсаулығыма байланысты тылдағы әскер қатарында болуға жарамды деген документім бойынша әскери міндетімді атқардым.Кейін өз еркіммен майданға баруды қалап, әуелі пулеметшілер даярлайтын полк мектебінде,кейін жаяу әскерлер училищесінде даярлықтан өтіп, Сталинград түбіндегі ұрысқа аттандырды. Бірақ,біз майдан шебіне жеткенше Сталинградтағы неміс ариясы құртылып,біз баруға тиісті 13 гвардиялық жаяу әскер дивизиясы Курск облысына барған екен.Онда азырақ әскери даярлықтан өтіп 1943 жылы Курск иініндегі ұрысқа қатысып,сол жылы 4-ші тамызда Белгород қаласы түбінде аяғымнан жарақаттанып,госпитальдан шыққан соң атты әскерге жіберуді сұрадым.

Сөйтіп,1944 жылдың басынан Украина жерінде толықтыруда тұрған 1 гвардиялық атты әскер корпусынабарып,сол құрамада соғысты аяқтап, армия қатарынан босағанша болдым.

Соғыс жылдарында талай-талай қиындықтарды бастан өткіздік,ажал ауызынан қалған кездеріміз болды,солардың кейбіреулерін бүгінгі ұрпақтың есіне салуға мақұл көрдім.

...Менің майдандас досым Жамбыл облысы,Сарысу ауданында тұратын Айнабеков Әбдірахман өзінің 1985 жылғы жеңістің 40 жылдығы қарсаңында маған жазған хатында біздің майданда болған кездегі бір оқиғаны былай суреттейді: «Бауырым Молдаш! Рейдтен шығамыз деп жүгіріп жүргенде неміс минометчиктерінің үстінен түсіп екеуміз екеуін жатқызып едік қой.

Мен жүгіріп кеттімде,сен бірінші взводтың солдатымен келе жатқанда жамбасыңнан оқ тиіп жараланып, 3 күн жалғыз өзін орман арасында қалып,одан кейін деревняға еңбектеп барып үйдің шатырында 7 күн жатып, немістер кеткен соң басқа бөлімнің солдаттары сені госпитальға апарып, соңда емделіп,одан соң өзіміздің бөлімге келгенсін...

Мен көп жерде менің бір жолдасым немістер тұрған үйдің шатырында жатып,аман оралды деп әңгіме етемін.Мұның бәрі есімде» деп жазады.

Міне,біздің бастан кешкен майдан оқиғасының бірі осындай. Бұған қосып айтарым мен қансырап жүре алмай отырғанымда біздің батареяның Клунко деген сержанты көріп,арқалап алып кетейін деген.Бірақ, мен оған ниетіне рахмет, тау-орманда алып жүре алмассын,жігіттерге сәлем,мен тірі болсам қалайда өздеріңе қосыламын дегенмін. Ол бөлімшеге келгенде командирге «М.Қаналиев қатты жарақаттанып орманда қалып қойды» деп хабарлаған. Осыған сүйеніп әскери бөлім менің анама балан ерлікпен қаза болды. Сүйегі Чехославакияның Шарбово деревнясында қалды деп қара қағаз жіберген. Бұл қағаз қазірде менің қолымда «Қырық жыл қырғын болса да,ажалды өледі», «От ішінде мақта жанбайды» деген халық мақалы дұрыстығына осы және басқа да менің басымнан кешкен оқиғалар дәлел.

...Бірде Силезияның биіктегі көмір шахтасының қызыл кірпіш үйінің подвалынан батареямыздың атқан оғындәлдеп бақылауға жіберілдім.Сонда біздің минометіміздің бір минасы қарсы жаудың бір танкісінің шынжыр табанына дәл түсіп,тоқтатып тастады.Оған қасымдағы басқа зеңбірек барлаушылары разы болып «минометші жарадың,миномет оғымен танкіні тоқтаттың» деп жатыр.

Сол күні батареяға қарай жүгіріп келе жатқанда жау танкісінің снаряды дәл түсіп қасымдағы қатар келе жатқан екі жолдасым Клунко және Крапивинді өлімге ұшыратып, менің үстімді олардың шашыраған қаны жуып кетті.Бірақ мен аман қалып батарея командиріне келіп болған жайды айтып,олардың шашылған денесін түнде әкеліп жерледік.

...Енді бірде 1945 жылдың қаңтар айында біздің атты әскер корпусы Оппельн қаласы маңында Одер өзенінен ұрыспен өтіп,арғы беттен шығып жерді (пландарм) басып алып,негізгі күшті өткізуге дайындық жүргізді. Жаулап алған шағын жерді көріп,штаб бастығы майор сондағы бөлімшелердің командирлеріне тапсырмасын беріп кейін қайтарда Одердің дәл жағасында орналасқан әуеге ататын ДШК батареясын көруге тоқтағанда жаудың «Ванюша» ататын 6 стволды минометінің оғы дәл түсіп,жанағы батареяның құрамын түгел жойып жіберді,ал біз штаб бастығының қасына ерген байланысшылар Одердің жарынан төмен құлап аман қалдық.

...Тағы бірде Эльба өзенінің батыс бетінде биіктікте қорғаныс шебін құрып жатқан жау солдаттарының қарасы көрінді.Біз минометтерімізді әзірлеп, жалма жан атып жібердік.Бинокольмен қарап тұрған командиріміз жау окобына дәл түсіп 2-3 солдатты жоғары лақтырып жібергенін көзімен көріп рахмет айтты. Себебі жау жағы ақ жалау көтеріп,ұрыс қан- төгіссіз аяқталды.

Ұлы Отан соғысы аяқталған күнді Германияның Торгау қаласының маңында қарсы алдық.Біздің 58-ші дивизия бөлімдері осы маңда Америка әскерлерімен кездескенін естідік. 1946 жылдың басында үш рет жарақат алғандар қатарында әскерден босатылдым.»

Құрыштай шынығып,өмір көріп,тағдыр тезіне пісіп оралған жасқа елде де үлкен сенім жүктеліп, тұралап қалған шаруашылықты көтеруге сенім білдіріп, жауапты жұмыстар жүктелді.Жігерлілігіне,біліктілігіне елді тәнті еткен жігітке Калинин атындағы колхозды басқару тапсырылды.Кейін екі колхоз біріктіріліп,ірілендірілген «Қызыл ту» колхозын басқаруға сенім артылды.Ісінің ыңғайын тез меңгерген ұғынықты, міндетін мінсіз атқаруға дағдыланған іскерлігі уақыт өткен сайын еселеп, атақ абыройы биіктей түсті.Колхоз өндірісінің қарқыны еселей өсіп, егіннен мол өнім алынып,төрт түлік саны 2-3 есе көбейді.Тұрғын үйлер,мектептер, мәдени ошақтар,сауда орындары салынды. Атқарылған жетістіктерге қол жеткізуге үлес қосқан әр саланың өзінен даңқты адамдар қатары көптеп шығып,үкімет наградасымен марапатталды.

Аудандағы совхоздар арасындағы жалғыз колхоздың көрсеткіші,атақты «Правда» колхозымен тайталасып тұрды. Колхоз халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің бірнеше рет дипломанты атанса,екі мәрте Республикалық ауыспалы туды иеленіп,Одақтық туды да ұстап көрді.Осы теңдесіз тер төгіп,тынымсыз тірлік қылуының нәтижесінде сол кездегі үкіметтің үлкен наградалары Ленин,Октябрь революциясы, Еңбек қызыл ту ордендерімен және 15-тен аса медальдармен,құрметті белгілермен марапатталды. Республика Жоғарғы Кеңесінің депутаты, СОКП XXIII съезінің делегаты,колхозшылардың бүкілодақтық ІІІ съезінің делегаты болып сайланды.Сонымен қатар облыстық,аудандық партия комитеттерінің мүшесі,облыстық,аудандық кеңестердің бірнеше мәрте депутаты.

Ер есімі ел есінде жаңғыра,жарқырай түсері анық. Сырым елінің дара саңлақтарының бірі,елдің «Құрметті азаматы» атағы 1990жылы берілді. Қазіргі таңда Алғабас елді мекенінде көше атауы және 1995 жылы Молдаш Қаналиев есімі Алғабас орта мектебіне берілді.

Соңында өшпестей із қалған Молдаш Қаналыұлы Қаналиевтің есімі ғасырларға азық боларлық ақиқат аңыз болып қала бермек.



Кешегінің батыры

жерлес ақын Тарғын Қошқарбаев


Елді бастап береке ұйымына,

Байлықтың айналдырдың ұйығына.

Басқарып жиырма жыл бойы «Қызыл туды»,

Ауыр жүк артып жүрді иығыңа.

Көрсетіп ұлы еңбекте қабілетті,

«Қызыл туды» одаққа мәлім етті.

Үлкенге-іні,кішіге-аға болып,

Болып еді қарапайым,әділетті.

Көп еді ауыртпалық көргеніңіз,

Белгілі фашистті де жеңгеніңіз.

Қайсар ерлік-қажырлы еңбек куәсі ғой,

Кеудеде он бес медаль орденіңіз.

Мал бағып, халқыңызға егін орған,

Жиырма жыл басшы болып,болдың қорған.

Нар денеңді ел үшін оққа төсеп,

Фашисттің жанбасында оғын қалған.

Мадақтаса ерін,елін мақтасын да,

Қаналиев-даңқты көп ғасырға.

Атын беріп Алғабас мектебіне,

Іліп қойды ескерткіш тақтасында.

Кеңеске мәлім болып атағыңыз,

Депутат боп бірнеше рет атандыңыз.

Қаның тамған Сырымдай ауданында,

«Құрметті азамат» деген ат алдыңыз.

© 2010-2022