16-желтоқсан Тәуелсіздік күні ( 8 - сынып)

Раздел Воспитательная работа
Класс 8 класс
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

16 Желтоқсан - Тәуелсіздік күні

Мерекелік концерттің тақырыбы: «Тербет елді, тәуелсіздік ұраны!»
1 - жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар, оқушылар және қадірменді қонақтар!

2-жүргізуші: Бүгінгі Тәуелсіздігіміздің 24 жылдығына арналған «Тербет елді, тәуелсіздік ұраны!» атты мерекелік концертімізге қош келдіңіздер!
1 - жүргізуші: Тәуелсіздік - ең басты құндылығымыз. Тәуелсіздікке қантөгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізгеннен кейін ғана елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қоса алдық. 24 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелдерінен аман өткізіп келеміз. Осы кезеңде Қазақстанды дүние дидарындағы ең мықты мемлекеттер танитындай, сыйлайтындай деңгейге жеткізген тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай көреген саясаткердің ерен еңбегін дәл бүгін және әрқашанда айтып өтеміз.
Тәуелсіздік күні еліміздің барлық азаматтары үшін орны ерекше мереке деп білеміз, себебі, осынау жүрекжарды қуанышқа толы күнді ата - бабаларымыз ғасырлар бойы армандап, күтумен өтті.
2-жүргізуші:
Армандарды жақындатып тым алыс,
Біздің жаққа жеткен екен жылы ағыс.
Егемендік - ел бақыты, ертеңі,
О, халайық! Құтты болсын қуаныш!
Азат өлкем күндей күлген шығыстан,
Асыл елім жан - жүректі ұғысқан.
Ата бабам аңсап өткен бақытым,
Айналайын, Қазақстан - нұрстан!
1 - жүргізуші:
Қазақстан, көк байрақты нұр едің,

Сен дегенде лүпілдейді жүрегім.

Өзің менің- қуанышым, бақытым,

Өзің менің-мақтанышым, тірегім.

Қыран құсың көк аспанда самғасын,

Желбіресін көк байрағын сан ғасыр!

Жас ұландар, берік ұста туыңды,

Жарқыратып туған елдің таңбасын!

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы енгізілсін.


1 оқушы: Көк байрақ

Зеңгір көк түс - бұл Қазақстан байрағы,

Желбірейді көгімде азаттықтың айғағы.

Аспанмен жатыр астасып алтын күні айбарлы,

Бейбіт күннің болашағы, ұланбыз біз жайдарлы.

Алтын күннің астында қалықтайды қыраным,

Шет-шетінен көмкерген ою-өрнек, жыр-әнім.

Санамызда салт-дәстүрім жаңғырып,

Орындалып жалындаған асқақ биік арманым.

Көк байрақты көтерер болашақпен таудаймын,

Елім үшін жаным пида, лапылдаймын, лаулаймын.

Ана тілім, өз тілімді жаттап өскем жасымнан,

Қасиетті қара өлеңді бір өзіңе арнаймын.

1-жүргізуші: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны орындалсын!

2-оқушы: Әнұран

Жігерлі шат көңілмен, мақтанышпен айтамыз,

Өзіңде айбын қуаныш, өзіңнен қуат аламыз.

Ашық аспан, бейбіт күн-жалғаса берсін салтымыз,

Тәуелсіздікке тән белгі - шырқасын мәңгі халқымыз.

Жан азығым, қалықтай бер, шарықтай бер, Әнұран,

Салтанатты асқақ саз, гүлдене бер кең далам!

Жүректерде жаңғырады кеудені кернеп Әнұран,

Елімде рух, мән берген иесі оның - мен болам!

1-жүргізуші: Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан - әлемдік аренадан өз орнын ойып алған, Азия мен Еуропаны мойындата білген рухы биік қайсар елдің мекені. Біз сол өркениетке қадам басқан тәуелсіз елдің ұланымыз. Біздің ел тәуелсіздігін алғаннан бері әлемдік қауымдастықтың біразына мүше болды. Еліміздің бірлігін, ұланғайыр даламыздың тұтастығын қорғайтын құжаттар мен шарттарға қол қойылды. Еліміздің мамыражай бейбіт тірлігі, төріміздегі Ата Заң, көгіміздегі азаттықтың көк байрағы, ұлттық теңгеміз, республикалық «Ұланның» құрылуы.

2-жүргізуші: Тәуелсіздік! Қандай киелі сөз. Осы бір құдіретті сөздің тереңіне көз жіберіп, ой елегінен өткізсек, ата-бабаларымыздың ғасырлар бойғы асыл арманы, азаттық жолында құрбан болған талай боздақтардың ұрпақтарына қалдырған аманаты екені сөзсіз. «Өткенсіз болашақ жоқ» дейді дана халқымыз.

Ән: «Елбасы », орындайтын 7 - сынып оқушысы Әзидолла Ақжүніс
2 - жүргізуші: Құттықтау сөз кезегі мектебіміздің директоры Изимова Гүлшара Нәдірқызына беріледі.
1 - жүргізуші:
Күй, сені тәтті көрем, жаным сүйіп,
Тыңдаймын тыным алмай, жанып - күйіп
Өмірдің сырын ашып жүрегіме
Музаның әміріне басымды иіп.
Алайық ескі күйдің бәрін жиып,
Жандырған ой - қиялды қалың күйік
Шерттіріп құнарлырақ домбыраға
Тербеліп ырғағына тамылжиық

« Той бастар » күйі. Орындайтын:мектеп оқушыларынан құралған «Үкілі домбыра » оркестірі оқушылар.

Келесі тыңдайтындарыңыз осы орындауда «Қос алқа» күйі
Бақытым - Республикам Қазақстан,
Көгінде ақ көгершін, қаздар ұшқан.
Саған жетпес құшағы әлемнің де,
Қыс болса, бір шетінде жаз ауысқан.

Алдарыңызда бишілер тобының орындауында « Жастар биі»
3-оқушы:
Көркемсөз:

Тәуелсіздік күні құтты болсын!

Азат күн туды қырандай еркін самғаған,

Асыл арманды ақиқат күнмен жалғаған.

Ұғынсаң елім, бостандық атты бақ құсы

Сан ғасыр бойы басымызға да қонбаған!

Бұл күнді күтіп батырлар жанын қиысты,

Бостандық алып күмбірлеп кетті күй ішкі.

Ержүрек ұлы, қайсар қыздары бар қазақ

Мәңгілік азат халық болуға тиісті!

Жаңарды заман, жасампаз елміз жайнаған,

Төсінде сан мың ұлт өкілдері жайнаған.

Мұнай мен газы атқылап көкке алтын боп,

Еңбекші жұртпен жадырап кетті бай далам!

Ақ Орда тігіп, Астана қылған қаласын,

Тарихын танып, ардақтап жатқан баласын.

Барша әлем білген бөрі жүректі баласын,

Қиналмай өтер алдынан шықса дара сын.

Бастауың мәңгі желбірей берсін көгіңде,

Айбарлы менің Алашым!

1 - жүргізуші:
Қазақ дейтін менің бір елім,
Жатыр алып жарты дүние әлемін.
Бұл даланы анам жаспен суарған,
Бұл далаға жылап келіп қуанған, - деп Қасым Аманжолов ағамыз жырлағандай, кең байтақ жерімізде Қазақ халқының басынан не өтпеді десеңізші. Талай қиындықты бастан кешірсе де, ешқашан мойымай, күресе білді. Азаттық таңы туатынына кәміл сеніп, үміттерін үзбеді.
2 - жүргізуші:
Сол күндер ғой жүректің аңсағаны,
Соған шөлдеп, шөліркеп тамсанады,
Өкініш пе, білмеймін қуаныш па
Өз - өзінен жүрегім ән салады.

Айтқали Нұрдәулеттің орындауында ән «Алға, Қазақ жігіттері!»

1 - жүргізуші:

«Орнында бар оңалар» демекші, ел орнында, жер орнында, жерге жетер байлық жоқ. Жер болса, ел болады, ел болса ер болады. Ерлеріміздің арқасында «Қазақстан» егеменді ел болып, дүние жүзіне танылды. 120-дан аса ұлт өкілдері тұратын осынау қасиетті мекенде, асқақтаған өлкеде, кеңшілігі керемет дархан дастархандай далада, егіні теңіздей толқыған, төрт түлігі өрбіген, өндірісі өркендеген мекенде өмір сүруші әрбір адам өз Отанын жанындай сүйіп, оның көк байрағын көкке көтеруді мақтаныш тұтады.


2 - жүргізуші:
Қазақпын, еңселі елмін егеменді,
Кеңейттім кең әлемге керегемді.
Мұхиттың ар жағында жатқан жұрттар
Таныды тепе - тең деп тереземді.
Қазақпын, қойнауы - құт, жері - дархан,
Әнімді бес құрлықтың бәрінде айтам.
Ән:«Жаса, Қазақстан!» орындайтын:10 -сынып оқушысы Жұмағазы Ақсәнім
4-оқушы:
Желтоқсан - заман толғағы байтақ даланың,
Шарпыған сәті үміт пен күдік қаланың
Желтоқсан - Қайрат, Ләззат, Сабира
Құрбаны болған жаланың.
Ал қоғамның адамнан бар ма асылы,
Кеткенде жоқ құлақтан зар басылып,
Бұғаудағы боздақтар кете барды
Бірі атылып, ал бірі дарға асылып

5-оқушы:

Жаңғырды халқымыздың мың өшкені,

Бар мұнда сан ұрпақтың үлестері.

Ел үшін мәңгілікке жалғасады

Ақыл-ой, ар-намыстың күрестері.

Қазақстан сан ғасырлық тарихы бар,

Қазақстан-бұл азат ел, танысындар.

Көкбайрағы, елтаңба, әнұраны,

Қазақ елі егемен сан ұлысы бар.

Көрініс: «Әжесі мен немересі»

1 - жүргізуші:
Барлық ұлттың басын қосты бұл достық
Ұлы достық Нұрлы достық
Күн достық Достық деген қасиетті ұранға
Кең даланың жүрегі де үн қосты
Биші қыздар биімен де үн қосты « Қазақ » биі.
6 - оқушы:
Қасиетті Қазақстан мекенім,
Ақиқаттың алтын бесігі екенсің.
Елім, жерім, Отаным - бақ - дәулетім,
Болашағым, өнер - білім, өркенім.

Бейбіт өмір тілеймін мен халқыма
Туған тілім шұбарланба жарқыра
Тарихымызда таланттылар көбейсін
Бас иемін ата баба рухына.

Бойымда әні бұлақ жатыр бұрқырап
Сол бұлақтан сыр ағыздым жыр құрап
Тілейтінім барша жұртқа бір ғана
Ырыс, бақыт, татулық пен ынтымақ.
7-оқушы:

Жеттік міне осы күнге көптен бері аңсаған,

Ата-баба ұрпақ үшін көп қуатын жұмсаған.

Осы күнге құрбан етті талай қазақ жандарын

Бұл күн үшін неше тұлға аямады қандарын.

Он алтыншы желтоқсан-елдің ұлы мейрамы,

Жаңа шыққан көктемдей, жаз күніндей жайдары.

Арымыздай тап-таза, жанымыздай шуакты

Көтерілді биікке Қазақстан байрағы.


Ән: «Қазақстаным» Орындайтын: Рамазан Бекен

2 - жүргізуші:
Ту тігілді халқымның бүгін бағына
Жас өрендер желбіретіп нық ұста
Ғасырларға жалғастырып елдікті
Дақ түсірме ата баба рухына.
1 - жүргізуші:

Үлгі бізге аталардың ерлігі
Ұлағаты өнегесі еңбегі
Тәуелсіздік туын ұстап жоғары
Бүгінгі ұрпақ болар елдің ертеңі - дей келе бүгінгі тәуелсіздігіміздің 24 жылдығына арналған «Тербет елді, тәуелсіздік ұраны!» атты мерекелік кешіміз өз мәресіне де келіп жетті.
2 - жүргізуші:

Құрметті көрермендер, осымен мерекелік концертіміз аяқталды. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп рахмет!



© 2010-2022