Аграрлық өнеркәсіп кешеніне инновациялық технологияларды енгізудің маңыздылығы

Еңбекке жарамды халықтың үштен бір бөлігінен астамы осы аграрлық салада қызмет етеді. Ұлттық индустриалдық-инновациялық экономиканы қалыптастыруда АӨК-нің стратегиялық рөлі қомақты. Алайда, инвестициялардың ұлғая түсуіне қарамастан, АӨК-нің бәсекеге қабілеттілігі төмен деңгейде қалып отыр. Өндірістік қуаттарды жаңғыртудың, отандық және шетелдік ең озық технологияларды ауыл шаруашылығы өнімінің отандық индустриясына енгізудің баяулығы аграрлық саланың технологиялық тұрғыда артта қалуына негізгі ...
Раздел Технология
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Есть
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:


ШҚО Өскемен қаласы, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ

оқытушысы Рахышов Төлеубек Тұрысбекович

Аграрлық өнеркәсіп кешеніне инновациялық технологияларды енгізудің маңыздылығы

Аграрлық өнеркәсіп кешеніне инновациялық технологияларды енгізудің маңыздылығы



Қазақстанның аграрлық өнеркәсіп кешенінде (АӨК) кейінгі жылдары ішкі жалпы өнімнің (ІЖӨ) 7-8 пайызы қалыптасады, яғни еліміздің сыртқы тауар айналымының орта есеппен 4 пайызға жуығы АӨК үлесінде.

Еңбекке жарамды халықтың үштен бір бөлігінен астамы осы аграрлық салада қызмет етеді. Ұлттық индустриалдық-инновациялық экономиканы қалыптастыруда АӨК-нің стратегиялық рөлі қомақты. Алайда, инвестициялардың ұлғая түсуіне қарамастан, АӨК-нің бәсекеге қабілеттілігі төмен деңгейде қалып отыр. Өндірістік қуаттарды жаңғыртудың, отандық және шетелдік ең озық технологияларды ауыл шаруашылығы өнімінің отандық индустриясына енгізудің баяулығы аграрлық саланың технологиялық тұрғыда артта қалуына негізгі себептердің біріне айналған.

Аграрлық секторы дамыған елдер жоғары экономикалық дамуға ие. Мысалы: АҚШ, Австралия, Дания, Голландия, Аргентина, Бразилия және Канада. ХХ ғасырдағы әлемдік ауыл шаруашылығы өндірілетін өнімнің ғылыми сыйымдылығын арттыруға бағытталған. Бұл арқылы әлемдік деңгейдегі ауыл шаруашылығы ұйымдары ішкі азық-түлік нарығында сұраныс пен ұсыныстың теңгерімін тұрақтандыруға, әлемдегі озық нарықтарға оңай енуге және ұлттық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ығыстырып шығаруға мүмкіндік алмақ. Яғни, осыған орай, Қазақстан да аграрлық секторды инновациялық тұрғыда дамыту міндеттерін ұтымды шешуге талпынуы қажет.

Ғылыми-зерттеу үдерісі мен инновациялық қызмет АӨК-ні дамытудың маңызды бағыттары болып табылады, олар ғылым мен техника жетістіктерін қолданудың негізінде ауыл шаруашылығы өндірісін үздіксіз жаңартып отыруға мүмкіндік бермек.

Қазіргі уақытта елімізде экономиканы дамытудың маңызды факторы ретінде ресурс үнемдейтін инновациялық технологиялар айрықша рөлге ие болуда. Бұл өндіріс құралдары ұдайы қымбаттай түсіп отырған сәтте және түпкілікті өнім бағасының қымбаттау қарқыны саябырлап отырған шақта өте қажет.

Көптеген елдерде ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру, сондай-ақ топырақ құнарлылығын сақтап қалпына келтіру мәселелері егіншіліктің ресурс үнемдейтін технологияларын енгізу арқылы жүзеге асырылуда. Мұндай технологиялар топырақты өңдеу әдісін қолданудан бас тартуға негізделген. Бұл тәсілдердің кешені топырақ құрылымының тозуына, құнарлылығының азаюына, топырақ ылғалын жоғалтуға және түсімділіктің азаюына қарсы бағытталған. Ресурс үнемдейтін технологиялардың шешуші қағидаларының бірі рентабелді ауыл шаруашылығы дақылдарын және топырақ құнарлылығын жақсартатын дақылдарды қамтитын ауыспалы егісті қолдану болып табылады. АҚШ-та осындай технологияларды қолдану арқылы 23 млн. га егістік алқабы өңделеді, Бразилияда - 23 млн. га, Австралия мен Канадада - 9 млн.гектардан астам. ФАО деректері бойынша нөлдік технологиялар қолданылған егістік алқаптар көлемі 1 млн. гектарға жеткен. Технологияларды қолдану арқылы топырақтың құнарлылығын арттыру - ең тиімді экономикалық бағыт. Әртүрлі табиғаттық-климаттық жағдайларымен ерекшеленетін өңірлерде өндірістің тұрақтылығын жақсарту, топырақтың жел арқылы немесе су арқылы тозуын болдырмау, су ресурстарын пайдалануды және бүкіл экологияны жақсарту, қаржы және энергетика ресурстарын үнемдеу - егіншілікте ресурс үнемдейтін технологияларды енгізудің артықшылықтары ретінде танылған. Егіншіліктегі ресурс үнемдейтін технологиялар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге экологиялық және экономикалық әртүрлі жағдайларда қолданылатын ауыл шаруашылығы өндірісінің экономикалық тиімділігі мен тұрақтылығын арттыратын егіншіліктің икемді жүйелерін қолдануға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, аграрлық өнеркәсіп кешенінің қолданыстағы техникалық паркінің тозғандығын да ескеру қажет. Аграрлық нарық сарапшылары мен шолушыларының деректері бойынша қазіргі уақыттағы ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызға жуығының әбден тозығы жеткен. Бүкіл тракторлардың жиынтық санының 94 пайызға жуығы 10 жылдан астам уақыт бойы үздіксіз пайдаланылып келген, астық жинайтын комбайндар бойынша бұл көрсеткіш - 77,7 %. Яғни еліміздегі ауыл шаруашылығы техникасы паркінің 80 пайызынан астамын ауыс-тыру қажет болып отыр. Таяудағы жылдарда аграрлық өнеркәсіп кешені өндірісінің материалдық-техникалық базасын жаңарту-ға жұмсалатын инвестициялардың өсуіне орай, сатып алынатын жаңа техникамен бірге қолданылатын ауыл шаруашылығы өндірісінің технологияларын да анықтап алуымыз қажет.

Ресурс үнемдейтін технологияларды енгізу үшін, ең алдымен, ресурс үнемдейтін технологияларға арналған қазіргі заманға лайық, бәсекеге қабілетті техника өндіруді қолдауға және дамытуға бағытталған, ауыл шаруашылығының жаңа техникаларын, сонымен бірге тұқым себетін кешендік машиналар сатып алуды қаржыландыруға бағытталған, жаңа агротехнологияларға бейімдеп оқыта отырып қолданбалы зерттеулер жүргізуге бағытталған жүйелі мемле-кеттік қолдау қажет.

Қазіргі уақытта Қазақстан өндірісті техникалық тұрғыда қайта жарақтандыруға арналған қолайлы жағдай жасауда, ауыл шаруашылығына технологиялар мен инвес-тициялар тарту үшін лизинг схемаларын, жеңілдіктер мен преференцияларды іске асыруда. Аграрлық өнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдаудың жаңа шаралары шеңберінде негізгі қорлар сатып алуға арнап несие беру бойынша (мысалы, ұзақ мерзімді субсидиялы кредиттер беру бойынша) кешенді шаралар көзделген.

Ауыл шаруашылығындағы стратегиялық маңызы бар проблемалардың тағы бірі дәнді дақылдар мен басқа да ауыл шаруашылығы дақылдарының түсімділігін арттыру болып табылады. Қазіргі уақытта Қазақстан Респуб-ликасы дүниежүзіндегі бидайдың 2 пайызын өндіреді, ал өзінің әлеуеті бойынша 4-5 пайызын өндіре алады. Біздің елімізде бидайдың түсімділігі орта есеппен 10-11 ц/га, яғни Австралия, Аргентина, Канада және АҚШ сияқты табиғи-климаттық жағдайлары біздегіге ұқсас елдермен салыстырғанда бір жарым-екі есе төмен. Еліміздің бүкіл өңірлерінде егіннің түсімділігі ауа райының ыстық болуына, суыққа, топырақтың сортаңдығына тәуелді екені белгілі; республикамызда әрбір үш жылдың екеуінде қуаңшылық болып тұрады. Алайда егіннің түсімділігін тек осындай жағдайлар ғана кемітіп отырған жоқ. Қазақстандық сорттар өздерінің әлеуеті бойынша жоғары түсімділікке қабілетті бола тұрса да, олар бидайға тән ауруларға көбінесе қарсы тұра алмайды, қыста өсіп-өнбейді. Аграрлық ғылымның алдында тұрған стратегиялық келелі міндет ― өсімдік шаруашылығындағы молекулярлық биология мен биотехнологиялардың ең озық технологияларын қолдана отырып, бидайдың түсімділігі жоғары жаңа сорттарын шығару. Қазақстандық ғалымдар австралиялық өсімдіктердің функционалдық геномика орталығының ғалымдарымен бірлесіп қазіргі заманға лайық ген инженериясының тәсілдерін қолдану арқылы цисген технологияларын әзірлеуге кірісті. Цисген технологиялары дәстүрлі селекцияда қол жеткізу мүмкін болмаған мейлінше қысқа мерзім ішінде, таңдап алынған гендерді ғана жалғастыру арқылы түсімділігі жоғары жаңа сорттар жасауға мүмкіндік береді. Бидайдың қуаңшылыққа төзімді сорттарын жедел алу үшін, жаңа сорт шығарылғаннан бастап элиталық сорт өндіруге дейін австралиялықтардың тәжі-рибесі қолданылатын болады. Таңдап алынған гендерді ғана жалғастыру арқылы цисген технологияларын қолдана отырып алынған түсімділігі жоғары жаңа сорттар (қолданыстағымен салыстырғанда 50 пайызға жоғары) өсімдіктерді өнеркәсіптік селекциялау технологиясын енгізуге және 12-15 жылға созылатын селекциялық процесті 5-7 жылға дейін қысқартуға мүмкіндік бермек екенін сарапшылар анықтап берген. Сонымен бірге, жаңа сорттар қуаңшылық болған жылдарда түсімділіктің жойылуын 25 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік береді. Экономикалық тұрғыда жүргізілген есептеулер бойынша дисконттау ставкасы 15 пайыз болғанда жаңа сорттарды енгізудің экономикалық жиынтық тиімділігі 1,3 АҚШ долларына жетпек. Осылайша, шетелдік агротехнология-ларды трансферттеу Қазақстанның ауыл шаруашылығының бәсекеге қабілеттілігін арттырудың маңызды тетіктерінің бірі болып табылады. Сонымен бірге, шетелдік ең озық технологияларды ұтымды бейімдеу үшін ғылым көрнекті ғылыми орталықтармен бірлесіп зерттеулер жүргізуді, отандық ғылыми кадрлардың тағылымдамасын күшейте түсуі қажет. Ғылыми әзірлемелердің нәтижелерін ұтымды пайдалану және оларды өндіріске енгізу ― аз шығын жұмсап экономикалық қолайлы нәтижеге жеткізетін, аграрлық өнеркәсіп өндірісін сапалық тұрғыда жақсартудың тиімді тәсілі.

Шетелдік ең озық технологияларды ауыл шаруашылығына тарту ұлттық ішкі жалпы өнімдегі ғылымды қажетсінетін ауыл шаруашылығы өнімін молайтуға ықпал етеді, аграрлық өнеркәсіп кешеніндегі инновациялық қызметтің тиімді құралдарының бірі және саланың техникалық-технологиялық тұрғыда артта қалушылығынан құтқаратын маңызды шара болып табылады.



© 2010-2022