Ұлттық бас киім, сәукеленің үлгісін жасау

Сабақтың тақырыбы:  Ұлттық бас киім, сәукеленің үлгісін жасау. Класы: 8  класc Өткізілген күні: 14 ақпан 20011жыл. Мақсаты: Білімділік: Ұлттық бас киім, оның түрлері мен ерекшеліктері  туралы білімдерін толықтыру. Дамытушылық: Саусақ икемдерін жетілдіру, шеберліктерін шыңдау. Тәрбиелік: Ұлттық өнерді, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге үйрету. Құрал жабдықтар: Қайшы, ине- жіп, желім немесе скоч, бор т.б. Қажет материалдар: Қызғылт түсті мата ( 25 х 25), жұқа кортон қағаз (25 х 25), бисер моншақтар, жабысқақ жылтыр қағаз, өрнекті таспа (35 см ), үкі. Көрнекіліктер: «Киім стильдерінің түрелері» – слайд, «Ұлттық бас киім түрлері» - слайд, «Қазақстан суретшілерінің суреттері» – слайд, «Сәукеленің түрлері» - слайд. Сабақтың жоспары: I. Ұйымдастыру бөлімі. II. Үй тапсырмасын сұрау – Киімнің шығу тарихы. III. Жаңа сабақ: Теориялық  бөлімі: Киім стильдерін қайталау. Ұлттық киім түрлері. Аңыз әңгіме. Ерлерге арналған бас киімдер. Әйелдерге арналған бас киімдер. Сәукеле түрлері мен құрылысы. Сәукеле туралы. Қазақстан суретшілерінің шығармаларымен танысу.
Раздел Технология
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Сабақтың тақырыбы: Ұлттық бас киім, сәукеленің үлгісін жасау.

Класы: 8 класc

Өткізілген күні: 14 ақпан 20011жыл.

Мақсаты:

Білімділік: Ұлттық бас киім, оның түрлері мен ерекшеліктері туралы білімдерін толықтыру.

Дамытушылық: Саусақ икемдерін жетілдіру, шеберліктерін шыңдау.

Тәрбиелік: Ұлттық өнерді, ұлттық құндылықтарды қадірлеуге үйрету.

Құрал жабдықтар: Қайшы, ине- жіп, желім немесе скоч, бор т.б.

Қажет материалдар: Қызғылт түсті мата ( 25 х 25), жұқа кортон қағаз (25 х 25), бисер моншақтар, жабысқақ жылтыр қағаз, өрнекті таспа (35 см ), үкі.

Көрнекіліктер: «Киім стильдерінің түрелері» - слайд, «Ұлттық бас киім түрлері» - слайд, «Қазақстан суретшілерінің суреттері» - слайд, «Сәукеленің түрлері» - слайд.

Сабақтың жоспары:

I. Ұйымдастыру бөлімі.

II. Үй тапсырмасын сұрау - Киімнің шығу тарихы.

III. Жаңа сабақ:

Теориялық бөлімі:

Киім стильдерін қайталау.

Ұлттық киім түрлері.

Аңыз әңгіме.

Ерлерге арналған бас киімдер.

Әйелдерге арналған бас киімдер.

Сәукеле түрлері мен құрылысы.

Сәукеле туралы.

Қазақстан суретшілерінің шығармаларымен танысу.

Практикалық жұмыс:

Сәукеленің үлгісін жасау.

IV. Жаңа сабақты бекіту.

V. Үйге тапсырма

Сабақтың барысы:

Үй тапсырмасын тексеру.

Өткенді қайталау:

Оқушылар, біз өткен сабақта киімнің шығу тарихына тоқталып өткен болатынбыз. Мына тақтадағы сұрақтарға дұрыс жауап беру арқылы бүгінгі сабаққа байланысты суретті аша аламыз.

Сұрақтар:

  1. Киім дегеніміз не? Қызметі.

  2. Алғашқы киімдер қашан пайда болды? Сипатта.

  3. Матаға бедер, сурет салу туралы не білесің?

  4. Киімге ою- өрнек салу қайдан шыққан?

  5. Үкіні не үшін кімдер таққан?

  6. Қазақтың ұлттық киімінде қандай көшпенді халықтың киім үлгісі көбірек сақталған?

  7. Ұлттық киім қандай шаруашылыққа байланысты дамыды?

  8. Қазақтар европа үлгісіне қашан көшті? Толығырақ тоқталып өт.

Сонымен мына жерде сәукеленің суреті ашылды. Бүгінгі біздің сабағымыздың тақырыбы - «Сәукеленің үлгісін жасау»

Жаңа сабақты бастамас бұрын, біз тағы да киім дегеніміз не, киім үлгісінде қандай стильдер бар? Осыған тоқталып өтейік.

Киім - денені ауа райының, сыртқы ортаның әсерінен қорғайтын, Адамның денесіне киюге арналған жасанды жамылғы.

Қолданылуы мен сипатына қарай киім үлгісінің мынадай стильдері бар:

  1. Классикалық стиль - Іскерлік стиль. Оған қатаң, элегантты, сәннен тыс өзгермейтін киім үлгілері жатады.

  2. Романтикалық стиль - Тарихи кастюмдерге меңзейтін еркін стильдегі киімдер.

  3. Фольклорлық стиль - Халықтың, дәуірдің ұлттық рухын бейнелейтін киім үлгілері.

  4. Тұрмыстық стиль - Көбінесе стильдердің арласуы кездесіп отыратын күнделікті тұрмысқа арналған киімдер.

Енді біз өткен замандағы және қазіргі кездегі ұлттық киімдерді салыстырып көрейік.

Қазақтың ұлттық киімдерінде этникалық, экономикалық, әлеуметтік және табиғи ортаның ерекшеліктерінен туындайтын көне дәстүрлер сақталған. Ұлттық киімдер адамның дене мүшелеріне сәйкес баскиім, иықкиім, белдік киім, аяқкиім болып жіктеледі. Пайдалану, тұтыну ерекшеліктеріне қарай сәндік және күнделікті, жыл мезгілдеріне қатысты қыстық, масым аралық және жаздық киімдер болып бөлінеді.

Бүгінгі біздің тақырыбымыз: «Сәукеленің үлгісін жасау» болғандықтан, бас киімдерге толығырақ тоқталатын боламыз. Сіздердің назарларыңызға мынадай аңыз әңгімені ұсынайын.

... Ескі діни аңыз бойынша жер астында үлкен көк төбенің басында алып көктерек өсіп тұр. Көк төбені дәу көк өгіз мүйізімен көтеріп тұрса, сол дәу көк өгіз алып балықтың үстінде тұрады екен. Көктөбенің басындағы алып көктеректің жуан төрт бұтағы бар екен. Сол төрт бұтақ дүниенің төрт тарабын ( шығыс, батыс, оңтүстік, солтүстік ) көрсетеді екен. Көктеректің бұтақтарында жер бетіндегі бар адамның аттары жазылған жапырақтар өсіп тұрады - мыс. Адам қайтыс болғанда сол жапырақтардың бірі үзіліп түседі. Үзілген жапырақ қасындағы жапыраққа жанасып кетсе, сол адамның құлағы шыңылдайды екен. Адам фәни дүниеден бақи дүниеге өтерде кеудесінен жаны көк шыбын болып ұшып шығады - мыс.Сол көк шыбын өлген адамның қырқын өткізгенше сол үй ішінде ұшып жүреді екен. Қазақта қырқына дейін жоқтау айту үрдісі сол сеніммен қалған. Марқұмның қырқынан кейін көк шыбын қос көк кептерге айналып, көк теректегі үзіліп түскен жапырақтың орнына барып қонады екен... Осындай діни сенімге негізделген аңыз қазақ өнерінде өте көп бейнеленген. Мысалы музыкалық аспаптардың ең көнесі болып есептелетін қасиетті қобызды алайық. Қобыздың құрылысы бағзы замандағы аңызды еске түсіреді. Қобыздың шанағы - жұмыр жерді, ажырасы көк өгіздің басын бейнелесе, мойны мен басы - көк терек. Басындағы салпыншақтар - жапырақтар мен көк кептерлер.

Сол сияқты төбесіне үкі тағылған бас киімдер де аталған дүниенің үлгісі іспеттес. Бөрік, тақияның шошақ төбесі - көк төбе, үкісі немесе шашағы - көк терек, ал ернеуі - жерді білдіреді. Бас киімдер көбіне төрт қиықты болып тігілген. Бұл да дүниенің төрт шетін білдіретін ұғым. Сонымен қатар Байрақ қадалған киіз үйде аңыздағы дүниенің үлгісі іспеттес.

Жапанда жалғыз ағаш егіледі,

Жел соқса жапырағы төгіледі - деген халық өлеңі бар. Осы күнге дейін қазақ халқы жапанда өскен жалғыз ағашты әркезде қасиетті деп есептеп, оған мата, орамал байлау, түбіне теңге тастап кету жоралғысы сақталған.

Ендігі кезекте жоғарыда айтылған дүниені бейнелейтін ұлттық бас киім үлгілерімен танысайық. Олар : Үкілі бөрік, шаманның бас киімі, батырдың дулығасы, киіз қалпақ.

Ұлттық бас киімдер- ерлерге арналған, әйелдерге арналған болып жіктеледі.

Ерлердің бас киімдері - тақия, бөрік, қалпақ, күлпара, тымақ , мұрақ.

• Тақия - ер адамдардың жаздық бас киімі. Кейде бөрік , тымақ ішінен де киіледі.

• Бөрік - күз, қыс мезгілінде киетін шағын жылы бас киім. Шеті аң, жануар терісімен көмкеріледі.

Басында түлкі бөрік түбіттелген,

Болар ма сенен артық жігіт деген.

• Тымақ - көбіне түлкі терісінен тігілетін қыстық бас киім.

• Күлпара - жаңбырдан, желден қорғану үшін тымақтың сыртынан киетін матадан немесе жұқа киізден тігілген бас киім.

Күлпара бастырған пұшық тымақ,

Ішкі бауын өткізген тесік құлақ.

• Қалпақ - ақ киізден немесе қалың матадан тігілген, биік төбелі бас киім.

• Мұрақ - лауазымды адамдар киетін екі жағы қошқармүйізденіп келетін салтанатты бас киім.

Әйелдердің бас киімдері - тақия, бөрік, қасаба, кимешек, қарқара, сәукеле.

• Тақия - қыздарға арналған, зерленген, моншақ тағылған жаздық бас киім.

• Бөрік - аң терісінен тігілген, матамен қапталған жылы бас киім.

Бөркім, бөркім, бөркім - ай,

Басыма киген көркім ай!

• Қасаба - зерленген, оқаланған әйелдерге арналған бас киім.

• Кимешек - ақ матадан тігілген, кеуде, иық, жонды жауып тұратын әйелдерге арналған бас киім түрі.

• Қарқара - биік төбелі, бағалы аң терісі тұтылған, төбесіне қарқара (үкі) құстың қауырсынын таққан бағалы бас киім.

Жарасқан келбетіне қарқарасы,

Сұлуға әркімнің ақ бар таласы.

• Сәукеле - қызды ұзатқанда киетін аса қымбат, бағалы әрі кәделі бас киім.

Келесі кезекті түрлі сәукелелерге назар аударыңыздар.

Сәукеленің құрылысы - тәж, төбе, құлақбау, артқыбау.

Сәукеле туралы:

• Қалыңдыққа арналған кәделі бас киім.

• Биіктігі 70 см- ге дейін.

• Төбе жағына қарай жіңішкере береді.

• Киізден тігіліп, сыртқы қызыл барқытпен тысталады. Өн бойына алтын, күміс әшекейлер мен маржан моншақтар тағылады. Жиегіне бағалы аң терісінен жұрын салады.

• Сәукеленің өзі - «Көк төбені», үкісі - «Өмір ағашын» бейнелейді.

• Аса қымбат баскиім. Қалыңдықтың тектілігі осы сәукелесіне қарап бағаланған.

• Дәстүр бойынша сәукелені тек ұзатылған қызға кигізеді. Қалыңдықтың тек өзіне ғана тиеселі меншігі болғандықтан оны айырбастамайды, кие тұруға да бермейді. Әйел өмірден озып кетсе, сәукеле төркініне қайтарылады немесе балаларына ғана мұраға қалдырылады.

• Әдет бойынша оң жақтағы құда түспеген қызға сәукеле кигізбейді.

• Қыз ұзатылар кезде сәукелеге үкі мен кестелі желек қадайды. Желек беташардан кейін ғана ашылып, қалыңдыққа көрімдік береді.

• Жас түскен келін бір жылға дейін желек жамылып жүреді. Ойын , тойға барғанда сәукелесін киіп барады.

Сіздерге естеріңде жүрсін деп Қазақстанның халық суретшілерінің бірнешеуінің шығармаларын назарларыңызға ұсынамын.

Е.Төлепбаев - «Қалыңдық», А.Дүзелханов - «Көктем» , Ө.Жұбаниязов - «Таң».

Практикалық жұмыс:

Бүгінгі сабақтың практикалық бөліміне көшейік.

Алдымен Сәукеле жасаудың жолы - технологиялық картамен танысамыз.

Қажет материалдар. Қажет құрал жабдықтар.

Алдарыңдағы картаға қарап отырып, жұмыс жасауға көшеміз.

Бекіту сұрақтары:

Қандай ұлттық бас киім түрлерімен таныстық?

Ерлерге арналған. Әйелдерге арналған бас киім түрлерін ата?

Сәукеленің құрылысын айтып бер?

Сәукеле туралы не айтар едің?

Үйге тапсырма:

Бас киімге байланысты ырымдар мен тиымдарды жазып келу.

Сабаққа жақсы қатысқан оқушыларды бағалау.

Қорытынды:

Қазақта «Ою - ойғанның - ойы ұшқыр» - деген сөз бар. Қол өнері біздің жан - жақты жетілуіміз үшін үлкен септігін тигізетін өнер. Ендеше шеберлік пен ісмерлікті таңдаған әр бала қателеспейді деп сенемін.

Аралбаева Актолкин Габбасовна

БӨ, сызу, технология пәндері мұғалімі

Х.Есенжанов атындағы орта мектеп

Теректі ауданы БҚО




© 2010-2022