Доклад на тему: Устаз

Раздел Социальному педагогу
Класс 11 класс
Тип Рабочие программы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Ұстаз

Ұстаз - жас ұрпақты, жалпы адамды ізгілікке баулып, жақсылыққа тәрбиелейтін, білім беретін оқытушы.

Қазіргі қоғамда оқу-тәрбие жұмысын жүргізуші маман педагог ұстаз деп аталады. Дегенмен, ұстаз ұғымы арнаулы білім, қажетті құжатқа байланысты емес. Үлгілі, өнегелі, өмір тәжірибесі бай адам ғана ұстаз бола алады. Жалпы "Ұстаз - тәрбиелеуші" ұғымы діни ілімнен бастау алады. Ол адамзатты ғылымды сүюге, танымға құштарлыққа үндейтіні Құран Кәрімнің беташар сүресінің Алланы "Рабби - тәрбиелеуші" мағынасында ұлықтаумен басталуынан көрінеді. Мұсылмандар пайғамбары Мұхаммедке (ғ.с.) келген алғашқы уахидің де "Оқы, оқы, оқы…" деп басталуы адамды ізгілікке бастаушы ғылым-білімнің маңызын, осы ілімді шәкірт жүрегіне егуші ұстаз қызметінің маңызын аңғартады.

Діни танымда, халықтың мифологиялық санасында шәкірттің ұстазға бұлтақсыз мойынсұнуы мен шексіз берілуін, өз еркін ұстазға сеніп тапсыруы арқылы ақиқат ілімді иеленетіні насихатталған. Мұның бір мысалын Мұса (ғ.с.) пайғамбардың Қызыр (ғ.с.) пайғамбарға шәкірт болуынан көреміз. Демек, бұдан ұстаздың зор жауапкершілігін, оның терең ілім иесі болуымен қатар, кемел адамдық қасиеттің иесі болуы керектігін байқаймыз. Дәстүрлі Қазақ мәдениетіндегі рухани-ақылақтық тәрбие ісінде "Ұстаз - шәкірт" қарым-қатынасы кең тараған әрі ғылыми, ағартушылық, мәдени, кәсіптік тәрбие беру тәжірибесін рухани тәжірибемен ұштастырған ерекше жүйе болды. Қазақ халқының шәкіртті ұстаз алдына апарғанда айтылып, мәтелге айналған "Сүйегі - менікі, еті - сенікі" деген сөзінің астарына үңілсек осыны аңғарамыз. Бұл мәтел кеңеcтік замандағы атеистік идеологияға сай бұрмаланып түсіндіріліп келсе, герменевтикалық тұрғыдан сөз астарына үңілсек: "сүйегінің - асылының, рухының иесі - Алла бар, оған қиянат жасама, ал етін сомдау, яғни біліммен көркейту ұстаздың ісі" деген тұспал бар.

Бұл мәтелде ұстаздың шәкірт тәрбиелеу ісіндегі ең негізгі ұстанымның бірі - шәкірттің өзіндік "меніне" құрмет, қайталанбас адамдық тұлғасы қалыптасуына ықпал ету міндеті көрінеді. Ұстаз - пір, яғни ақиқат жолындағы рухани тәрбиеші, жолбасшы ұғымы да қазақ дәстүрлі мәдениетіне жат емес. Қазақ халқының рухани мәдениетінде бай мұра қалдырған, рухани адамгершілік мұраттары мен ақылақтық ұстанымдары, үлгі-өнегесі түркі әлеміне, жалпы адамзатқа ізгілікті, игілікті жол нұсқайтын рухани ұстаздар бар. XIX-XX ғасырларда А.Құнанбаев көшбасшысы болған, ағартушылық идеясын басты ұстаным тұтқан Алаш арыстары қазақ қауымын тың өріс, жаңа өркениет көшіне ілесуге үндеді және осыған негіз боларлық ғылыми-әдістемелік негіз жасады. Кеңестік дәуірде өркендеген ғылым-білім саласындағы жетістіктер негізінде ұстаз мамандығы, педагогика ғылымы жаңа деңгейде дамып өрістеді.

Мұғалім мамандығы

Өмірде мамандықтың түрі көп. Әр мамандықтың өзіндік ерекшелігі бар. Дәрігер адамдарды емдесе, мұғалім оларды оқытады, әнші ән айтады, құрылысшы үй салса, тігінші киім тігеді. Тағы басқа да мамандықтар туралы айта беруге болады.

Адамдар мамандықты жүрегінің қалауы бойынша таңдауы керек. Өйткені, әрбір адамның болашағы таңдаған мамандығына тікелей байланысты. Өз ісін жақсы көріп, үлкен жауапкершілікпен атқарғанда ғана адам өзін бақытты сезінеді екен.

Жас ұрпақты білім нәрімен сусындатар, шәкірт жүрегіне гүл егер, бала жанының бағбаны аяулы ұстаздар емес пе? Иә, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақындар да, тегеуріне темір балқытқан жұмысшы да, егін еккен дихан да, мал бағып терін төккен шопан да бәрі-бәрі ұстаздан білім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.

Ұстаз - таудан арқырай аққан тау өзені секілді, айналасына қуат беріп, жолында кездескендерді суымен нәрлендіріп, таудай қиындықтарды тастай домалатып, білімнің сар даласында тыныштық тауып, дамылдайды. Ұстаз - Жер деген әлемнің бетін көркейткен, шәкірттеріне шуақ төккен Күн-Ана. Ұстаз - ақылдың тозбайтұғын асылы. Қасиетті мамандық иелерінің ішіндегі жауһары. Өзге мамандық атаулылары өздерінің түр-сипатын мың құбылтып жатса да, еш өзгеріссіз сол бәз баяғы қалпында жас ұрпаққа адамгершілік қасиеттердің дәнін еккен диқаншы.

Менің мамандығым - мұғалім. Қиындығы мен қызығы мол осы мамандықты бала күнімнен армандадым. Адам баласына көмектесу - игілікті істердің бастамасы.

2011 жылы Алматы қаласындағы №1 мектеп-гимназияға қазақ тілі мен әдебиет пән мұғалімі болып жұмысқа орналастым. Ең алғаш «Ұстаз» деген атаққа ие болуым да осы мектептен басталды. Бұл мектеп оқушылары менің армандарымның жүзеге асуына өз үлестерін қосты.

«Бала жүрегі- кішкентай күй сандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұру керек» - деп, М. Шаханов ағамыз айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу мұғалімнің ең басты міндеті деп ойлаймын.

Күнделікті таңертең мектеп ауласына жақындағанда, балалардың сыңғырлай күлген дауыстары мені қуанышқа бөлейді. Мектепке кіргеннен-ақ, өзімді мазалаған сан түрлі ойлардан арылып, оқушыларымның тәтті қылықтарымен әдемі жүздерінен шаттанамын. «Баласыз үй мазар, балалы үй базар»- деп ата- бабаларымыз бекер айтпаса керек. Балалардың әр күні біздің көз алдымызда өтіп жатыр.

Алдымызға келген балалар - біреудің маңдай алды жарығы, енді бірі - жал дегенде жалғызы, бірі - ерке, бірі - қой аузынан шөп алмас момыны. Маңдай алды жарығын Таңшолпандай жарқыратып, жал дегенде жалғызды көпшілдікке үйретіп, қой аузынан шөп алмасты ортада жарқылдап сөйлер шешен қылып тәрбиелеу үшін қажымас қайрат пен батырлық қажет.
Мектеп - балалардың екінші үйі болса, ал ұстаздар екінші анасы десек те артық етпейді. Әр үйдің еркелерін бір арнаға тоғыстырып, олармен жұмыс жасау оңайға соқпайды. Алайда баланың тілін тауып, тілдесу, жақсы тәрбие берудің өзі бір үлкен ғанибет. Ақ парақ бетіне сызу сызғандай баланың кіршіксіз санасына алғашқы адамгершілік, мейірімділік нұрын сеуіп, білім, өнер нәрімен сусындату мына біз мұғалімдердің еншісінде.

Сөзден жыр кестесін өрген Ғафу Қайырбеков ұстаз деген сөздің анықтамасын дәл берген.

Ұстаз болу - сезімнің ақындығы,

Ұстаз болу - жүректің батырлығы.

Ұстаз болу - мінездің күн шуағы,

Азбайтұғын адамның асылдығы.

Осы төрт қасиет әр ұстаздың бойынан табылуы қажет. Себебі мұғалім қай сабақта болмасын оқушысын еркіндікке баулиды. Сондықтан да ұстаздың міндеті талап пен еңбекті оқушыдан талап ете отырып, білімнің теңізінен маржан тергізу. Оқушы сабағыңнан ешқашан жалықпау керек.
Ұстаз - Қаратаудың қойнауындай тереңде жатқан кенді ашып, білім мен ғылымның жемісінің дәмін таттыратын, армансызға арман ұялатып, қанатсызға дарын қанатын бітіретін ғажайып күш иесі. Менің мамандығым әлемдегі ең қажет мамандықтардың бірі. Сондықтан мамандығымды мақтан тұтамын.


© 2010-2022