ЭССЕ на тему Кәсіптік білім берідің проблемалары

Раздел Социальному педагогу
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Кәсіптік және техникалық білім берудің проблемалары



Шымкент көлік, коммуникация және жаңа технологиялар

колледжінің оқытушысы Абдразахова П.



Ғалым да, шахтер де бас иетін,

Ұстазым, бар сенің қасиетің.

Білім берген, ой берген, ақыл берген,

Көз алдымнан кетпейді асыл бейнең

Осы тақырыпты алғаннан соң көп ойландым. Шындығында мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін абзал жандар. «Мұғалім мамандығы - барлық мамандықтың анасы» деп қалай дәл тауып айтқан. Ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ болары анық.

Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі - бәрі ұстаздан білім, тәлім алған, сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді.

Қиындығы да, қызығы да жетерлік, ең бастысы - жауапкершілігі жоғары мамандықтың бірі ұстаздық ету екені ақиқат. Өйткені бұл мамандық иелерінің мойнына ешнәрседен хабары жоқ, мыңдаған тарыдай ғана бүлдіршіндердің бойына білім нәрін сеуіп, тәрбие ұрығын егіп, таудай азамат етіп шығару міндеті жүктелген. Сондықтан басқа мамандық иелерінің баршасы да ұстаздарға борыштар деп ойлаймын. Қыран түлегіне қайтпас қанат сыйлайды, ұстаз шәкіртіне талмас талап сыйлайды» демекші, ұстаз қай кезде де колледждің жүрегі, қоғамның тірегі. Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Сондықтан қоғам дамуында білім беру ең маңызды мәселе болып табылады.

«Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз» деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде мұғалімдер алдында үлкен жауапкершілік жүктеді. Әрбір тұлға өмірінде үлкен тәрбие мен таусылмас білім ошағын санасына ұялатқан ұстазын мәңгілік есінде сақтайды. Нағыз мұғалім, міне, осы. Өйткені, әрбір мемлекеттің өсіп өркендеуінің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы - ұстаз берген білімде. Сондықтан да дамудың ең биік көкжиегінен көрінгісі келген кез келген мемлекет ең алдымен, білім беру саласын дұрыс жолға қойып, сапасын көтеруді мақсат етеді. Ендеше, осындай бәсекеге қабілетті, рухы биік ұрпақ тәрбиелеу жаңа формация мұғалімінің еншісіне тиері анық.

Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші - білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе.

Бұл мәселені шешудің кілті ұстаз қолында. Өйткені, ұстаз елдің ертеңгі тізгінін ұстайтын ұрпақ тәрбиелейді. Адам тәрбиелеу - ұлы міндет. Ол міндетті атқарушы - ұстаз. Ұстаздың негізгі құралы - сабақ.

Сабақ скрипка аспабы секілді: онымен жай гаммаларды ойнауға немесе Паганинише саусақ ұшын сымға жеңіл тигізіп, одан ғажайып үн шығаруға да болады. Әрбір сабағы ғажайып әуенге толы нағыз ұстаз болу кімнің де болса арманы.

Менің түсінігімдегі ұстаз - рухы таза, ой - өрісі биік, ұлты мен Отанының болашағы үшін тер төгіп, шыдамдылық пен табандылықтың үлгісін көрсетуші, өз бойындағы асыл қасиеттері мен білімін болашақ ұрпақтың бақыты мен кәдесіне жаратып, қоғамды өрге өркендетуші, жаңашылдықтың бастаушысы, жүрегі - жылы, көңілі - дарқан адам.

Ұстаздан дәріс алмаған адам қазір жер бетінде жоқ десе де болар. Бұл мамандық содан да киелі. Жан - Жак Руссоның «Ұстаз болу - өз уақытыңды аямау, басқаның бақытын аялау» деген нақыл сөзі жаныма өте жақын.

Ұстаз білгенін үйретуші ғана емес, тұла бойы тұнған өнеге, ақ тілеулі ана тәрізді барлық адамның бойынан жақсылық іздейтін ізгі ниет иесі. Шәкірті өзінен озған ұстаз - еңбегі ақталған ұстаз. Өйткені, өмірдің заңы даму, ілгерілеу, озу. Өзінен озған шәкірт тәрбиелейтін шебер ұстаз үздіксіз ізденісте болып, қоғам сұранысына сай білімді, шығармашыл, өзін - өзі дамытып, жетілдіре алатын болуы қажет деп ойлаймын. Мен ұстаздықтың ауыр жүгін арқалауды өз жүрегімнің қалауымен таңдадым. Маман ұстаз ретіндегі негізгі ұстанымым: баланы тұлға деп тану, оның пікірімен санасу, оқушының кішкентай қуанышын, табысын бағалай білу.

Болашақта мұғалім мамандығы ең беделді, әрі жоғары ақы төленетін мамандықтың біріне айналуы үшін оны сүйіп, талмай еңбек ету қажет.

Ұстаздық қызметте, шәкірттермен қарым - қатынаста ізгі ниеттілік, кішіпейілділік және мәдениеттілік бірінші кезекте тұру керектігіне көзім жетті.

Қытай философының «Маған жәй айтсаң - ұмытамын, көрсетсең есімде сақтаймын, ал өзімді іс - әрекетке қатыстырсаң үйренемін» деген даналығы білім алушының білімге ықыласын аттыруда ақпараттық - коммуникативтік технологияларды пайдалана отырып, өзіндік ізденіс жүргізуді практикада жүзеге асырудың маңызды екендігін көрсетеді.

Сапалы білім негізі - жан - жақты ақпараттық материалдарды, көрнекі құралдар мен ұтымды технологияларды, тиімді әдіс - тәсілдерді пайдалана отырып, білім алушыға ешбір кітаптан таба алмайтын білім беру. Өйткені, тек оқулықтағы білімді жеткізуші мұғалімнің құны жоқ деп ойлаймын. Оқулықтағыны оқушы өзі де оқып алады.

Сондықтан бүгін білім берудің сапалы болуы үшін: біріншіден, ұстаздың жан - жақты академиялық білімінің болуы, екіншіден, мұғалімнің өз мамандығына деген шынайы сүйіспеншілігінің және ешқандай дипломмен бірге берілмейтін шығармашылық қабілеті, балаға деген кіршіксіз адамгершілік қасиеттері болуы шарт.

Осындай жаңа даму үрдісі алға басып отырғанда Елбасы Н.Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер - бүгінгі оқушыларды, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» - деген еді. Біз осы сөзге сай болуымыз керек.

Бүгінгі таңда жастардың білімін көтеру кең ауқымды мәселе болып отыр. Жастардың біліктілігі мен кәсіби дағдыларын қалыптастыру арқылы ғана еліміздің ғылыми-техникалық және әлеуметтік-мәдени жетістіктері қарыштап дамымақ. Сол себепті осынау ақпараттандыру ғасырында елімізге білімді де білікті, белсенді, азаматтық ұстанымы бар кәсіби мамандар қажет-ақ.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Жолдауында: «Біздің азаматтарымыз үнемі ең озық жабдықтармен және ең заманауи өндірістерде жұмыс жасау машығын меңгеруге дайын болуға тиіс» делінген. Жолдаудың бұл тармағы кәсіби білім беру ұйымдары сындарлы ойлай алатын, шығармашылық әлеуеті жоғары, өз кәсібін толық меңгерген тұлға тәрбиелеуге бағдарлануы тиіс екенін көрсетеді. Бұл техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының алдына оқу-тәрбие үрдісін жаңғырту арқылы жастардың таңдаған мамандығымен қызыға айналысуы, материалдық жағдайын жақсартуға болатынына көз жеткізіп, ұлттық экономиканы үздік кадрлармен қамтамасыз ету міндетін қойып отыр.

Теория мен тәжірибенің ұштастырылуымен берілетін кәсіби білімнің кепілі -- оқытудың дуальдық жүйесі. Бұл -- күнделікті алған білімдерін тәжірибелік сабақтарда бекіту арқылы сол саладағы тиімді еңбекпен жалғастыруға берілген мүмкіндік. Оқытудың дуальдық жүйесі -- қазіргі кезде кәсіптік-техникалық кадрлар даярлаудың ең тиімді жолдарының бірі. Бұл жүйе Германия, Дания, Швейцария, Австрия сияқты көптеген еуропалық елдерде және соңғы жылдары Қытайда және Азияның басқа елдерінде кең тараған. Оның ерекшелігі -- өндірістік оқыту мен теориялық оқытуды біріктіреді. Ал артықшылықтарына келсек, теориядан гөрі тәжірибеге басымдық берілуі, оқуын бітірмей-ақ өндіріске жұмысқа орналасу мүмкіндігінің болуы, тәжірибеден өту барысында еңбекақы төленуі және т.с.с.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында көрсетілгендей, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін жаңғыртып, мемлекеттік білім беру тапсырмасы бойынша ТжКБ оқу орындарында білім алған түлектердің оқуды бітіргеннен кейін жұмыспен қамту мен үздік әлемдік тәжірибелерге сай келетін білім сапасының жоғары деңгейіне қол жеткізу үшін оқытудың дуальдық жүйесі сұранып-ақ тұр. Кәсіптік білім беру орындарына дуальдық оқыту жүйесін енгізу арқылы мамандық бойынша теориялық білімі мен іс-тәжірибелік дағдысы бар, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлап, еліміздің әлеуметтік жағдайын жақсарта аламыз.

Егемен еліміздің жарқын болашағы үшін көлік мамандарын даярлауда аянбай еңбек етейік, әріптестер!



© 2010-2022