Эссе на тему Жастар

Раздел Социальному педагогу
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Тақырыбы: Мен мемлекетімнің гүлденуіне не істей аламын?
Мақаланың мақсаты мен міндеті:
Бұл тақырыпты жазудағы басты мақсатымыз еліміздің ертеңі атанған жасұлан жастардың ұлтжанды ұландар болуының кепілі - патриоттық сезімнің кіші буындағы жалған болуының себебі мен осындай өтірік елжандардың отанға сүйіспеншілігін жандыруда жол іздеу. Тығырықтан шығу үшін үлгі беру.

Жалған патриоттар
Сенің отаның саған не бере алады деп сұрама, сен өзіңнен отаныңа не бере аламын деп сұра. Дж. Кеннеди
Қазіргі Қазақстанның абыройы асқақтап, әлеуеті дамып келе жатқаны әрбір отандасымыздың құлақ құрышына сіңіп қалғаны жалған емес, сол даму жолында бөгелген белестеріне де сын айтып сыни көзқарасын танытатын адамдардың қоғамда болуы да жат дүние емес екені анық. Еліміз елеулі де еңселі мемлекет атану үшін аз тер төкпеді. Сөзсіз, әрбір елдің саяси тәжірбиесінде кездесетін қателіктер жіберіп, бармақ тістер сәттер де болды. Бірақ жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ дейді емес пе аталы сөз?! Әлемнің саяси сахнасында соңғы жиырма жылда өзін белсенді әрі жан - жақты көрсеткен отанымыздың бүгінгі таңдағы абыройы қасықтап жиналып, тек ерен еңбек арқылы келгені ақиқат. Екі онжылдық ішінде халқымыз күрделі күйбелеңді де, өзіндік өзгерісті де көрді. Тек осындай соқпақ пен ойға толы ұлы жолда ел басқарған елбасы да, өкілетті өкімет те ащы сын мен қатал сөгіске бір емес бірнеше рет ұшырағаны өкінішті. Әрине, сын түзелмей, мін түзелмейді. Алайда, аузым бар деп орынсыз сынау да өрескел қателік. Соңғы бесжылдықта жас толқын жаңа буын аузынан: «Қазақстан - парақорлар отаны», «Елімізде әділеттілік жоқ!», «Отанымызда сөз бостандығы жоқ», «Басқа елдер бізден әлдеқайда дамып кеткен», «Білім деңгейі жоғары шетелде оқыған абзал» деген сынды сөздер жиілеп шығатын болды. Иа, айтылар сын адамға жаңа серпіліс беретіні талассыз. Бірақ «Жаманға жаман десең жантая түседі» деген халық даналығы да жай айтылмаған болар. Бұл сөзбен сынды құртып, жалған сөйлеуге шақырғым келмейді. Тек бәріміз сөз қозғап сын айтпай тұрып, ауыз ашар алдында жеті рет өлшеп бір рет кессек екен деген ой. Қайткенмен де қателік те тәжірибе. Бұқараның бұлай сөйлеуіне де жөн бар. Отанға опасыздық жасап, қалталарын толтыра қашқан азаматтардың да, бай-бағыландарды жауапқа тартпаған соттардың да ел жадында аз болмағаны рас. Бірақ осындай сөз аузынан шыққан адамның бұлай сөйлеуінің түрткісі не? деген сауалға көптің берер жауабы «патриотизм», «отанға деген махаббат пен жан ашу». Ойлана қарасақ жанашыр адам сөйлеп қана қоймай әрекет те жасайды емес пе? Ал сонда сынымен адамның сағын сындырып, тауын шағатын адамдардың кім болғаны? Осындай жалған патриоттардың күн санап өсуі өкінішті. Отанға деген ілтипатын білдіріп, «жан ашығандықтан» сынайтын адамдар құр сөйлеп қана қоймай әрекетке көшсе ғана даму үдерісіміз қарқындай түспей ме? Егер осындай сөз аузынан шыққан адам тамшыдай ғана үлес қосып, өз басы парадан, «ағалықтан» аулақ болса, бұл да бір жетістік емес пе? Егер қазіргі жас ұрпақ шетелдік білім деңгейін біздің елімізге енгізерліктей ғалым, ағартушы, ұстаз атанса ел көркеймей ме? Егер әр азамат өз отанының игілігіне бір тамшы тер төксе жарқын болашақ кепілі осы емес пе? Әр адам қоғам мүшесі, яғни қоғам кірпіш тасы. Өз қоғамымызды өзіміз құраймыз емес пе? Елдің басты билігі де біз емес пе? Бос кеуде патриот емес ретінде айтарым: «Иә, мен парақорлар отаны атанған елімді сүйемін! Иә, мен әділеттілігі жоқ елімді сүйемін! Иә, мен білімі төмен туған жерімді сүйемін! Сүйгендіктен елімнің ертеңі үшін аянбай тер төгудемін!».
«Патриот - ол Қазақстанды шын сүйетін, ұлттық құндылықтарды қастерлейтін, бойында адалдық, ар-намыс, ізгілік қасиеттері бар, халқының дәстүрі мен Отанына деген сүйіспеншілігі мол адам» - дейді елбасы Н. Ә. Назарбаев патриоттар жайлы.
Бір қарағанда «бір адам не өзгерте алар?» сынды сауал туындайды. Алайда мен болашақ тілші ретінде осы мәселені көтеріп, елге ой салып, әрдайым ойға тамызық болып жүрсем бұл да өзі тамшыдай болсын үлес болар. Қазіргі жаңа толқынның саналарына ой салып, жүректеріне отанға деген махаббат сезімін ұялата алсам, соның өзі ерен еңбек. Ертеңгі таңның жарқындығы мен еліміздің қарқыны қазіргі жасөспірімдердің отанына деген махаббаты мен сүйіспеншілігіне тікелей байланысты. Сол ертеңгі болашаққа қадам жасаған әр жанның тұсауын «Отан» деген сөзбен кесіп, ел берекесі үшін әр азамат жауапты екенін кеуделеріне түйсек, бұл да жеңіс. Әр адам ол қоғамның, яғни елдің үлкенді-кішілі бөлшегі. Сондай бір бөлшек келешекте елі үшін жанталасып, өз ортасына «бар қателікті жою үшін өзің еңбек ету керек» дейтін ой салса, ел ойының сапасы өсері талассыз. Мен туған жерімді сүйемін және сол елімнің әлемде ақпараттандыру саласы бойынша алдыңғы қатарда бой көтеру үшін аянбаймын. Ал нақ осылай кез-келген ұстаз, дәрігер, бақташы, кәсіпкер, ғалым не қарапайым шахтер ойласа, бұл арманның орындалары анық.
Түйін
Егер мен «жалған патриот» болғанда дертке қандай дауа табар едім? Біріншіден, мен өз отанымның нағыз шынайы патриоты бола аламын. Нағыз патриот ретінде елеулі еліміздің туын әлемде әрдайым үлгі ретінде танитындай өз саламда аянбай тер төге аламын. Жаһанды ақпараттандырып отырған ВВС немесе Associated Press секілді порталдардан отандық Kazinform, Tengrinews, Interfax сынды ақпараттық медиахолдингтердің оза шабуына жарқын болашақта білек сыбана кірісе аламын. Отандық «төртінші билік» өкілдерінің мәртебесін көтеріп, ақпаратпен жабдықтау, сауатты әрі нақты хабар жеткізуге септігін тигізетін, елбасымыз қалағандай бәсекеге қабілетті тілші болу үшін талпынамын. Еліміздің жарқын болашағының келеріне кеудемде күдік көлеңкесі көрінбесіне уәде бере аламын. Екіншіден, болашақ әке, отағасы ретінде артымнан қалар тұяқтарға отанға деген махаббат сезімін туған сәттерінен бастап бойларына дарыта аламын. Отбасынан бастау алатын отанымның кіші ұяшығының ұлтжанды ұландарға толарына кепіл бере аламын. Үшіншіден, бүгінгі күні елбасымыздың аманат етіп тапсырған «Мәңгілік ел» даму жолы стратегиясының жетік орындалуын тілші ретінде жіті қадағалай аламын. Сол даму жолындағы жетер жетістікке тер төгер адамзат баласына әрдайым қол ұшын соза аламын. Еліміздің мәдени-танымдық дамуы «ЕХРО-2017» немесе «Универсиада-2017» сынды іс-шаралармен тоқтап қалмауы үшін белсенді студент болып ат салыса аламын. Бұл дүлділдер додасында мен оза шапсам да, жауырыным жерге тиіп, жеңіліс тапсам да айтылған сөздерімнің тек қағаз бетінде қалмауына ант ете алар едім!

© 2010-2022