Открытый урок: «Ертеңіңді ойласаң-есірткіге жолама»

Раздел Социальному педагогу
Класс 7 класс
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Есть
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Открытый урок: «Ертеңіңді ойласаң-есірткіге жолама»Ертеңіңді ойласаң-есірткіге жолама

Тақырыбы: «Ертеңіңді ойласаң-есірткіге жолама»

Мақсаты: Салауатты өмір салтын насихаттай отырып, табиғаттың адам баласына сыйлаған басты байлығы денсаулықты сақтаудың басты қағидалары: оқушыларды зиянды әдеттерден бойларын аулақ ұстауға, әлем дерті нашақорлық ауруынан сақтануға, оқушылардың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға, денсаулықтың қадірін түсініп,сақтай білуге тәрбиелеу.

Тәрбиелік бағыты: Салауатты өмір салты

Жоспар: І. Кіріспе.

Есірткі жас өмірді улайды

ІІ. « Ажалыңмен ойнама,айналайын» (көрініс)

ІІІ. Дәрігер кеңесі

ІV. Ертеңіңді ойласаң - есірткіге жолама

V. Қорытынды

Жүргізуші: Құрметті ұстаздар, ата-аналар, оқушылар!

Бүгінгі 8б сынып оқушылары өткізгелі отырған «Ертеңіңді ойласаң-есірткіге жолама» атты тәрбие сағатымызды бастаймыз. Нашақорлық- ғасырымыздың дерті. Ұлтымызды азғындатып, адамды кісілік қасиетінен айыратын тажал дертіне қарсы күрес отбасынан, мектептен басталуы тиіс.Сондықтан біздер заманымыздың қасіретіне айналып отырған есірткіге қарсы тәрбие сағатын өткізгелі отырмыз.Осы шарамызға мектеп медбикелері де қатынасып отыр.

І. Есірткі - жас өмірді улайды

Аяла: Есірткі- ғасыр тажалы. Онымен қазір бүкіл әлем болып күресуде. Бірақ ол оңай алдырар жау емес екен. Күн өткен сайын шырмалып, ауруды ауыздықтауға қанша күш салса да, оның жарасы асқынып бара жатқан секілді. Есірткі адамзат баласына құмарлық үшін ежелгі заманнан таныс. Ғалымдар сөзімен айтқанда, есірткіні алғаш рет Жерорта теңізін мекендеген халықтар пайдаланған екен. Көкнәр, зығыр т.б. құрамында есірткі заттары бар өсімдіктер дүниежүзінің кез-келген түкпірінде өсіріледі. Есірткінің түрлері: гашиш, морфин, опий, кокаин, апиын, героин. Осылардың барлығы да аса күшті наркотикалық әсері бар заттар болып табылады.

Мөлдір: Есірткі түрлерінің әрқайсысының әсері әр түрлі. Ацетон және желім секілді түрлі еріткіштерді иіскеп ләззат алатындар да бар, нашақорлықтың бұл түрін «токсикомания» деп атайды. Токсикоманияға айналған баланың қимыл-қозғалысы босаңдау, әрекеттері баяу болады, орынсыз күле береді. Жиі иіскеу салдарынан еске сақтау қабілеті бұзылып, ызақор болып кетеді. Транквилизаторларды, яғни тыныштандырғыш дәрі-дәрмектерді пайдаланса, баланың өңі қашып, сөйлеу мәнері өзгеріп, дөрекілік таныта бастайды. Атақты гашиш пен қара сора бала психикасына алғашында қоздырғыштық сипатта әсер етеді: күтпеген жерден күлкі қысады, қисынсыз нәрселерді айтып сандырақтай бастайды. Бұл жағдай біраз уақыттан соң түнеріңкі көңіл-күйге ұласады, көзінің көруі күрт нашарлайды. Апиын тектес заттарды пайдаланса бала әлсіреп, басы ауырып, құсқысы келеді.Есірткінің әсер етуі кезінде көз қарашығы кішірейе түсіп, жарықты ажырата алмайды. Ал есірткі тілеп, буын-буындары сынып ауырғанда көз қарашығы ұлғая түседі. Егу жолымен пайдаланатындар үнемі, тіпті аптап ыстықта да ұзын жеңді киім киіп жүреді. Жалғыздықты ұнатады, достарымен кездесуден бас тартады. Нашақорларды осы белгілері арқылы анықтауға болады.

Айжан: Жасөспірімдердің осы жолға түсіп, тығырыққа тірелуінің себебі неде? Қатыгез әлемде пана іздеген бала ақша табу мақсатында есірткі сатып күнелткендердің құрығына оп-оңай-ақ түседі. Бала іші- бауырына еніп, жылы сөйлейтін жылпостарға бауыр басып, дегеніне көне береді. Жеткіншектер үнемі әр нәрсеге, әркім-ге еліктегіш. Жұлдыздардың ішінен өзіне ұнағанын пір тұтады. Егер оның жұлдызы есірткінің дәмін тартып көргенін білсе, ол да қалыспауға тырысады. Еліктеудің де жөні бар, қазақ «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деп бекер айтпаған. Өнеріне табынамын деп, өмірінен үлгі алудың қажеті жоқ. Өнерімен көпшілікті тәнті етіп жүрген, үлгілі жанұяның мүшелері де есірткінің жетегінде кете барады. Нашақорлық өмірдегі қиындыққа шыдамаған, сәтсіздікке төзе алмаған адамнан шығады. Нашақорлар бір мезеттік рахат үшін бүкіл өмірін сарп етуге дайын. Бір рет шегіп немесе иіскеп көрген адамның нашаны өз еркімен тастап кетуі мұң. Сондықтан осы бастан есірткіден бойымызды аулақ ұстайық!

ІІ. «Ажалыңмен ойнама, айналайын» көрініс

Жүргізуші: Иә,атын естігеннен кейін есіңді алып, төбе шашыңды тік тұрғызатын есірткі деген індеттің талай шаңырақты ортасына түсіріп жатқаны кез-келген адамның жан дүниесін шайқап өтері анық. Есірткі дерті ұрпақты уландырып ағзасын аздыра, тектілігін тоздырып отырған кесел. Осы жерге жиналған көпшілігіміз балаңызға бір қарап қойып, жоқ, бұған менің балам ұқсамайды; одан құдай сақтасын деп отырсыздар. Жоқ, ата-ана, есірткі дерті осы отырған әрқасыңыздың үйіңіздің қақпасын қағып тұр.Ол үнсіз келіп кез-келген жасты өз апанына тығып жатыр.

( Көрініс көрсетіледі)

Жүргізуші: Бұл-көрініс қана емес, осы күнгі өмірдің ащы шындығы. Ал, ата-аналар, өздеріңіз айтыңыздаршы, бір шаңырақтың үкілеген үмітінің үзілуіне не себеп?Бұл қайғы қасіретке кім кінәлі? Жасөспірім бала ма, жоқ әлде баласына қарамаған ана ма? (Ата-аналардың пікірі тыңдалады)

Жүргізуші: Ата-аналардың пікірін тыңдадық, енді оқушылардың ойларын тыңдайық. Ортаға 3 оқушыны шақырамыз.

Кездейсоқтықтан шығу:

Сен өте жақсы көретін досыңның есірткі қабылдағанын бір-екі рет байқадың. Ол сені сезеді деп ойлаған жоқ. Ата - анасына немесе ұстазына айтайын десең, досыңның көңілін қимайсың. Сен досыңды қалай құтқарасың?

Өткен жылы ғана мектепті бітіріп, қалаға кеткен бір көршің саған есірткімен ауызданғанын және оны шеккенде керемет күй кешетінін айтты. Тіпті сені де ауыздандырғысы келді. Сен оның уытты зат екенін білген жоқсың. Сен қабылдар ма едің?

Саған 11 сынып оқушысы: «Маған есірткі әкеліп бер. Екеуміз бірлесіп шегеміз. Мұны тек сен екеуміз ғана білетін болайық. Әйтпесе . . . » деп жұдырығын көрсетіп, шарт қойды. Өзіңді қандай жолмен құтқарасың?

(Оқушылардың ойлары ортаға салынады )

ІІІ.Дәрігер кеңесі

Жүргізуші:Енді біздің тәрбие сағатымызға қатынасып отырған медбикелердің нашақорлық туралы ойларын тыңдайық.

Дәрігерге сұрақ:

1. Нашақорлық ауру ма, әлде әдет пе?

2. Нашақорлықтан емделгеннен кейін де ол қайтадан қайталануы мүмкін бе? 3.Есірткі таратушыларға қарсы қандай ұйымдарды білесіз?Олардың атқарып жатырған жұмыстары септігін тигізе ме?

ІV.Ертеңіңді ойласаң- есірткіге жолама

Гүлзер: Есірткі-адамның қас жауы. Осы әсерлі затты адамдар ортақ шприц арқылы пайдаланып, нәтижесінде қаһарлы ауруға ұшырайды. Мұны пайдаланған адам арықтап, жұмыс істеу қабілеті төмендейді, жүйке жүйесіне әсер етіп, өз әрекетіне жауап бере алмай, қылмысқа барады. Жаман әдеттердің бірі болып табылатын есірткіні қолдана отырып, адам денсаулығына емес, рухани жан дүниесіне де нұқсан келтіріп, хайуандарша ғұмыр кешіп, ақыл-ой жүйесі бұзылады.

Адам -өмірін қысқартады

Ақыл-ой жүйесі бүзылады

Жүйке жүйесіне әсер етеді

Ақтоты: Есірткі мен шылым болып тартқаның,

Ішіп алып жұмыссыз болып жатқаның.

Шетелдіктің мазағы болып аруың,

Ұрпағыңды жөн бе жатқа сатқаның.

Қайран жастар қайда кетіп барасың,

Тағдыр тәлкек ,дайындап тұр жазасын.

Есірткі мен никотинге уланған,

Әкелдіңдер кеміс қазақ баласын.

Жаншат: Есірткі есіртеді есіңді алып,

Мәңгіріп отырарсың ойдан қалып.

Мәз болып ыржаңдайсың күлкің-түлкі,

Бұл ісің көрінбейді саған түрпі.

Адасқанның алды- жөн, арты-соқпақ,

Өткеніңе өкініш,жоқты жоқтап,

Нақұрыстық, азғындық басқа келер,

Ойланбасаң егерде сөзге тоқтап.

Әйгерім: Нашақорлық-ғасыр дерті, жаман ауру,

Мақсаты оның- келешекке балта шабу.

Ана арқылы сәбиге де беріліп,

Ұрпағымыз жұқтырады бойына у.

Нашақорлық жайлаған індет білем,

Жоймай оны жақсылық күн жоқ білем.

Күресуге ғасырдың тағдыры үшін,

Оған сен де міндетті, міндетті мен.

Жүргізуші: Денсаулық сен үшін үлкен байлық,

Бағыңды кетірме, достым.

Есіңді кетіретін есірткіге,

Бұл өмірде ешбір жол жоқ.

Қазақ жері, бұл Қазақстан,

Жаса мәңгі гүл Қазақстан!

Ән: «Жаса Қазақстан» орындайтын Алтынбек Қарашолақов

V.Қорытынды

Жүргізуші: Салауатты өмір салтын қолдайық,

Болашаққа жеңіл қадам басайық.

Өмірдегі басты байлық дей тұғын,

Бірінші байлық денсаулықты сақтайық.

Кенбай орта мектебінің жастары

Бүгін міне тамаша іс бастады.

Салауатты өмір салтын қолдаймыз,

Жамандықтан жанымызды қорғаймыз.

Өмір есірткісіз де қызыққа толы. Өнер мен спортты жаныңа серік етіп, болашаққа нық қадам бас. Ертеңінді ойласаң - есірткіге жолама, жеткіншек! Осымен «Ертеңінді ойласаң - есірткіге жолама» атты тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.

« Ажалыңмен ойнама, айналайын» көрініс

І-жүргізуші: Есірткі- ғасыр тажалы. Онымен қазір бүкіл әлем болып күресуде. Бірақ ол оңай алдырар жау емес екен. Есірткі-бір басын кессең, екінші басы шыға келетін жеті басты жалмауыз сияқты.

ІІ-жүргізуші: Есірткі бар жерде есірткіні таратушылар да бар. Олар-кісінің көз жасынан, қайғы-қасіретінен алтын ақша сауып отырған қаныпезерлер.

І-жүргізуші: Сол қаныпезерлердің ең алдымен айналдыратыны-өсіп келе жатқан көк өрім жастар.

ІІ-жүргізуші: Көкнәр деген шөп болады. Есірткінің біразын осы шөптен жасайды. «Көкнәрдің көз жасын ішкен адам өмір бойы жылап өтеді» деген сөз бар халықта.

І-жүргізуші:Иә, есірткіге бір берілген адам өмір бойы жылап өтеді. Тек өзі ғана емес, ата-анасын, бауырларын, жанашыр жақындарының бәрін де қоса жылатады.

(Қайғылы, ауыр музыка ойнайды. Сахнаға ана мен бала шығады. Бала-нашақор. Қолында-шприц. Азған. Жүдеген. Қиналған. Нашақорлық ауруынан жанын қояярға жер таба алмай тұр.)

Бала: Апа, кешір мені. Кешір. Мен осындай күйге ұшырадым. Білесіз бе, мен… мен- нашақормын. Мен үшін бұл дүниенің қызығы жоқ. Атып келе жатқан таңға қарап қуана алмаймын. Адамша сөйлесіп, адамша күле алмаймын, апа-а!

…Мен үшін өмірдің… бар қызығы-наша… наша, наша, анаша!

Наша тауып берші, апа. Наша тапшы. Жанымды қоярға жер таба алмай өліп барам.Өліп барам, апа. Наша, наша… Мені аясаң, мені балам десең, наша тауып берші, апа…(жылайды)

Анасы: Құлыным-ай, құлыным… Қалай тап болдың бұл бәлеге. Анаша дегенің - көрініп келген ажал еді ғой .Соны біле тұра… сорлы балам… ажалмен ойнағаның не болғаның. Өміріңнің бар қызығынан -қуанышынан айырып ,сені қасіреттің қара құрдымына батырған қаныпезер кім? Сені осыншама сорлатқан қай тас-

жүрек? (Осы кезде шатыр-шұтыр, құлақ тұндырар үні естілді. Сахнаға есірткі таратушы шығады. Үстінде -қара киім. Бетінде-адамның бас сүйегінің маскасы) Есірткі таратушы: Ол қаныпезер кім еді?-деймісің. Ол мен… мен. Мына менмін. Не істейсің маған, байғұс.

Ана: Сен бе едің? Сен бе едің, жүзіқара. Құлынымды адамдық жолдан тайдыратындай не істеп еді ол саған? Не жазығы бар еді?

Есірткі таратушы: Рас, оның маған еш жазығы жоқ. Сенің балаңда ұзында -өшім, қысқада кегім жоқ. Бірақ … Қазір дүниені ақша билеген заман … Оны өзің де жақсы білесің. Ақша, ақша, ақша!.. Егер сенің балаң сияқтылар болмаса, сол ақшаны мен қайдан алам. Кім береді маған оны.

Ана: Ақша, ақша дейсің. Ақшаңдап қалғыр… Қай заманда адамнан ақша қымбат болып еді. Ақшаның жолында құрбандыққа шалынардай не күнәсі бар еді құлынымның.

Есірткі таратушы: Күнәсі не деймісің ? Күнәсі - әлсіздігі. Балаң «жоқ» деген сөзді айта алмайды екен. «Жоқ» деген сөзді айтуды үйретпепсің балаңа. Маған да керегі - сондай адамдар.

Мен оны,балаңды айтам, дискотекада қармаққа іліктірдім.

(Осы кезде біраз уақыт жалт- жұлт еткен түрлі түсті сәулелер жарқылында дискотека музыкасы ойналады. Музыка біткенше аз- кем пауза.)

Есірткі таратушы: (сөзін жалғастырды). Иә, мен оны дискотекада қармаққа іліктірдім. Қасында үріп ауызға салғандай әп-әдемі қыз бар екен. Мен оған экстази ұсындым. Ақша сұрағам жоқ. Тегін бердім. Әуелі ол алғысы келмей, қашқақтап еді. Мен: «Е, е, сені жігіт пе десем, аузынан ана сүті кеппеген сарыауыз балапан екенсің ғой »,- деп едім, ол менің қолымды қайтара алмады. «Жоқ, керек емес» деп айта алмады. «Жоқ» деген сөзді үзілді-кесілді айта алмауы сенің балаңның түбіне жетті.

Ана: Экстази бердім деймісің … Ол неменесі тағы да.

Есірткі таратушы: Экстази деген-есірткінің осындай жас балаларға арналған түрі. Оны қабылдаған бала шаршағанын, қарнының ашқанын, шөлдегенін білмейді, билей береді, билей береді… (Осы кезде тағы да жалт - жұлт еткен түрлі түсті сәулелер жалтылында дискотекадағы батыстың аласұрған қыздырма музыкасы естіледі).

Ана: Құлынымның мойнына тұзақты ең алдымен осылай салдым десеңші…Жүзіқара!

Есірткі таратушы : Иә, балаңның мойнына алғашқы тұзақ осылай салынды. Кейін сол тұзақтың ұшын тарта бердім, тарта бердім . Балаң осылайша менің құлақкесті құлыма айналды. Құлға айналғаны емей немене, есірткіге үйренгені соншалық, айналшықтап қасымнан шықпайтын болды. Мен енді одан ақша сұрадым. Ол есірткіден ақша аямайтын. Бірте-бірте ол есірткінің ең күшті түрлеріне ауыз салды. Тамырына шприц сұғып барып, жаны жай табатын болды. Ол үшін көп ақша керек еді. Ақша! Балаң енді өзінің үйіне өзі ұры болып түсті. Үйіндегі қымбат заттардың бәрін сатты.

Міне, көрдің бе, балаңның түбіне өзінің көрсеқызарлығы, әуесқойлығы жетті. « Жоқ! Болмайды! » деген сөзді үзілді-кесілді айта алмайтын табансыздығы жетті түбіне.

Ана: Жоғал! Жоғал, қарабет! Жоғал, жүзіқара! Сен ажал әкелуші, ұрпаққа өлім себуші нағылетсің. Мен жалғызымды сенің қандықол шеңгеліңе тастай алмаймын. Жоғал! ( Ашынған ана есірткі тасушының жағасынан ала түседі.Ал баласы болса, анаша тілеп, тұлабойы қалш-қалш етіп, жанын қоярға жер таба алмай дірілдеп тұр.)

Есірткі таратушы : Ей, бейшара әйел! Сенікі құр далбаса! Көрдің бе ана балаңның халін. Өлгелі тұр ғой. Оған қазір керегі-анаша. Оған дәл қазір анасынан да анаша қымбат. Сен оған анаша бере алмайсың. Ал мен… берем. Тегін берем.

Бала: Тегін дейсің бе? Тегін бе? (қалш-қалш етіп дірілдеп, есірткі таратушыға алақан жаяды.)

Есірткі таратушы: Анаша керек пе саған?

Бала: Иә, керек. Өліп барам. Берші. Өлтірмейін десең, берші.

Есірткі таратушы: Егер анаша алғың келсе, тас кенедей жабысқан шешеңді әрі алып кет.

(Бала жүгіріп келіп, шешесін өңменінен итеріп жібереді. Шешесі құлап түседі.)

Есірткі таратушы: Айтпадым ба саған. Оған қазір анасынан гөрі анаша қымбат.

( Анасы қолын көкке жайып зар илейді. Бала алақанын жайып жалынып, есірткі таратушының соңынан еріп кетеді.)




© 2010-2022