Өзін-өзі тану пәнінің апталығы сценарий

Раздел Школьному психологу
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

№7 жалпы білім беретін шағын орталығы бар лицей орта мектебі













«Өзіңді тану- өмірді тану»

(Өзін-өзі тану пәні апталығының ашылуына)






Жауапты: Пән мұғалімі А.Е.Нурсалиева
















Талғар қаласы

2013-2014 оқу жылы


Тақырыбы: Адам болам десеңіз...

Мақсаты:

- Махаббат пен шығармашылық аясында оқушыларға махаббат, бақыттың құндылық ретіндегі мағынасы және мейірімді адами қасиеті мен өзара көмек әрекеттері туралы түсінік беріп, қамқорлық жасау, көмек көрсету дағдыларын дамыта отыра, рухани адамгершілік қағидаларын өз бақыты үшін дұрыс қолдана білуге, өмірді бағалай білуге тәрбиелеу.

- оқушыларды өз болашағы бағытын айқындап, мақсат қоя білуге үйрету;

- оқушылардың өзін-өзі тәрбиелеу, өзін-өзі жетілдіру арқылы болашаққа құштарлығын дамыту;

Тәрбиелік мәні: Адам бойындағы адамгершілік қасиеттерін дамыту, өз-өзіне деген сенімін арттыру, адами қарым-қатынастарын қалыптастыру.

Көрнекіліктері: нақыл сөздер, «Өзіңді тану-өмірді тану» стенд, слайд, шарлар, С.Назарбаева туралы бұрыш.

І жүргізуші: (Ұлағат)

Өзіңді тану - ғаламды тану,

Жақсы менен жаманды тану.

Өзіңді - өзің талқыға салып,

Адал менен арамды тану.

ІІ жүргізуші: (Меруерт)

Қателігіңді түсіне білу,

Дұрыс жүріп, күтіне білу.

Үлкенді сыйлап, кішіні сүю,

Күлетін жерде жөнімен күлу.

І жүргізуші: (Ұлағат)

Сабақты оқып, тәртіпті болу,

Білімді жинап, дүниені шолу.

Өзіңді өзің тану дегенің,

Өз бойындағы мініңді жою.

ІІ жүргізуші: (Меруерт)

Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар! Бүгінгі «Өзіңді тану - өмірді тану» атты апталықтың ашылу салтанатына қош келдіңіздер!

І жүргізуші: (Ұлағат)

Шеңбер болып тұрайық жылы жүзбен,

Бізге келсін қуаныш, нұр іздеген.

Мейірім толған жанымыз, жүрегіміз,

Үлгі алсын көрген жан мына бізден,-деп бүгінгі «Өзіңді тану - өмірді тану» атты апталығымыздың ашылуы көңілді әрі жарасымды аяқталуы үшін бір-бірімізге көтеріңкі көңіл күй тілейік.

ІІ жүргізуші: (Меруерт)

Нұрландырып ізгі жандар тілегімен,

Күн күлер мейірімнің реңімен.

Әлемдік сыйластықтың қызыл жібі,

Өтеді әр адамның жүрегінен, - дегендей салтанатты жиынның алғы сөзін мектебіміздің анасы, жүрегі Агильская Такура Айдарбекқызына сөз береміз.

І жүргізуші: (Меруерт)

Ән «Көк тудың желбірегені». Орындайтындар Айзере мен Ұлағат Илиповтар

ІІ жүргізуші: (Меруерт)

Сара Алпысқызы Назарбаева 1941 жылдың 12 ақпанында Қарағанды облысы Қызылжар селосында дүниеге келді. 1992 жылғы ақпан айынан бастап - «Бөбек» республикалық балалар қайырымдылық қорының негізін қалаушы және президенті. Бүгін - «Бөбек» қорының негізін қалаушы, Сара Алпысқызының туған күні. «Бөбек» қорын құрып, жетімдерге жәрдемдескен, «Өзін-өзі тану» пәнін білім бағдарламасына енгізіп, жеткіншектерді ізгілікке баулыған тұлға. 2010 жылдың 1-ші қыркүйегі - «Өзін өзі тану» пәнін Қазақстан Республикасының үздіксіз білім беру жүйесіне жаппай енгізді.

І жүргізуші: (Ұлағат)

«Өзін-өзі тану» пәнінің балаларға, ата-аналарға, ұстаздарға берер көмегі зор, бүкіл адамзатқа өзінің жылуын сыйлап, өмірге деген жақсы көзқарасын оятып, бір-біріне деген қарым - қатынастарын жақсартып, өмірдің дұрыс жолына бағыттайды. Сонымен қатар, адамның рухани жан дүниесін байытып, ішкі жан дүниесін ашуға көп көмегін тигізіп отыр.

«Өзін-өзі тану» сабақтарының өзіндік ерекшелігін байқататын «Шаттық шеңбері», «Өзіммен-өзім», «Әңгімелесейік», «Сергіту сәті», «Сахналау», «Ойын-Жаттығу», «Жүректен -жүрекке» шеңбері балалардың дамытушы ортасын құруға ықпал етеді.

ІІ жүргізуші: (Меруерт)

Сонымен келесі кезекті әдеби монтажға берейік.

1- оқушы: (Бағдат 3 б)

Алғыс айтам, менің Сара апама

Бүлдіршінге бақыт сыйлап, жыр сепкен.

Бал-бөбектер анасы, данасы,

Жүректерге махабатпен нұр төккен.

2- оқушы: (Мәди 3 а)

Жақсы адам боп өссін деп,

Шығарған өзің тануды.

Сара апама мың алғыс,

Жолдаймыз салем жалынды.

Үмітіңді ақтаймыз,

Үйреніп өнер, білімді.

Ар-ұятты да сақтаймыз,

Жолатпай жаман қылықты.

3-оқушы: (Бекзат 3 ә)

Оқушының білімін де сынайды.

Бірін-бірі ізгілікке үйретіп,

Зерделеп, сыпайы сөз құрайды.

Оқушылар өзін-өзі таниды,

Бойымызға тек ізгілік дариды.

4-оқушы: (Айдана 3 б)

Өмірге қызыға қарайсың,

Бәрін де бақытты санайсың.

Бұл пәнді үйренсең ерінбей,

Бойыңнан керемет байқайсың.

5-оқушы: 2 «б» сыныбы

Кім үлкенді сыйласа,

Кім үлкенді тыңдаса

Үлкен болған кезінде

Сыйлы болмақ өзі де.

І жүргізуші: (Ұлағат)

Меруерт ендігі кезекті 3 «Ә» сынып оқушыларының ұлдарына берейік. Өз өнерлерін ортаға салып, көрермендерді таң қалдырсын.

ІІ-жүргізуші: (Меруерт)

Иә, Ұлағат, дұрыс айтасың, енді біздің сыныптастарымыздың өнерін тамашалайық!

І- жүргізуші: (Ұлағат)

Ортаға 3-ші сынып оқушыларын шақырамыз.

1-оқушы (Бота 3 а)

Үлкен алдында иіліп сөйле,

Кіші алдында сызылып сөйле.

Иіліп сөйлегеннен белің бүгілмейді,

Сызылып сөйлегеннен сөзі үзілмейді.

2-оқушы: (Анель 3 ә)

Тәртіпті бала сүйеніш,

Төбең бір көкке жетеді.

Ұрыншақ бала жанында,

Ұрыс пен керіс айқай шу.

Ұстамды бала маңынан,

Ұнамды қылық байқайсың.

3-оқушы: (Ақзер 3 б)

Сыйла үлкен кісіні

Қамқорлыққа ал кішіні.

Сақтап көше тәртібін,

Бағдаршамның ал тілін.

Әдет қыл бұл ісіңді,

Тазалап жүр тісіңді.

4-оқушы: (Айсұлтан 3 ә)

Даламдай кең пейілім,

Жүрегім толы мейірім,

Мен үшін жоқ уағың,

Бәріңе ортақ шуағым.

Жер шарының ұл-қызын

Жылытуға жетер қызуым

5-оқушы: (Асем 3 б)

Сыйлап сәлем беремін

Көршілерді көргенде.

Ізетпен бас иемін,

Үйге қонақ келгенде.

Әдепсіз деп сөкпесін,

Анама айтып өкпесін.

6-оқушы: (Марал 3 а)


Құрметтеп ата-анамды,

Ардақтап әпке, ағамды,

Қамқор боп сіңлі-ініме,

Сыйлымын үлкен-кішіге

Бәрін де жақсы көремін,

Үнемі көмек беремін.

Үлкенді сыйлау -кішілік,

Үлгілі мінез-кісілік.

ІІ жүргізуші: (Меруерт)

Ұлағат, енді аға -әпкелеріміздің бәрімізге айтар ақыл-кеңестерін тыңдап көрелік және есте сақтайық.

1-оқушы: (Мереке 9 б)

  1. Егер бір күннің қадірін білгің келсе, оны ауырып жатқан адамнан сұра;

  2. Егер бір сағаттың қадірін сезінгің келсе, оны кездесуге асыққан жандардан сұра.

  3. Егер бір минуттың қадірін түсінгің келсе, оны жолдан қалып қойған жолаушыдан сұра.

  4. Егер бір секундтың қадірін білгің келсе, оны жеңіске жете алмай қалмай спортшыдан сұра.

2-оқушы: (Сұлтан 9 б)

Қоғамдық орындарда, көшеде:

  1. Біреуді мазалаған немесе оған қолайсыздық тудырған жағдайды кешірім сұра.

  2. Адамдардың немесе заттарды саусағымен нұсқап көрсетпе.

  3. Тесіле қарама; Адамдарға бұрылып, немесе ртынан қарама.

  4. Көшеде жүріп бара жатып тамақтануға болмайды.

  5. Біреудің бөлмесіне немесе кабинетіне сыртқы киіммен кірме.

  6. Есікті қағып кір.

  7. Өзіңе рұқсат етілгеннен кейін ғана отыруға болады.

3 оқушы: (Асель 10 а)

Салауатты өмір салтын сақтап, ұзақ өмір сүргісі келетіндерге кеңес:

  1. Ұстанымым салауатты өмір салты болсын және оны бұлжытпай сақта;

  2. Денсаулығыңды жастайыңнан сақта;

  3. Әркез мейірімді, ұстамды, сабырлы, ақылды да, мазасыздық пен әбіржу жүрекке күш түсіреді;

  4. Жақындарыңды құрметте, ақыл-кеңестеріне құлақ сал, олар сенің өміріңдегі басты құндылықтарың;

  5. Өзіңе қызықиты рухани жақтан қанағаттандыратын іс-әрекеттерді таңдап ал.

  6. Таза ауада көбірек болуға тырысып, дне еңбегімен шұғылдан.

  7. Уайым-қайғыға берілме, көңіл-күйіңді түсірме;

  8. Қалыпты нәрсенің бәрі денсаулыққа пайдалы, ал шамадан тыс нәрсе зиянды.


І жүргізуші: (Ұлағат)

Енді кішкентай бүлдіршіндеріміздің арнайы дайындаған көрінісін тамашалайық. (Обал мен Сауап, 2 б сынып оқушылары)

ІІ жүргізуші: (Меруерт)

Өз өнерімен 9 ә сынып оқушысы Юсупова Заринаны ортаға шақырайық.

І жүргізуші: (Ұлағат)

Өмір деген - қымбат екен достарым,

Өмір -менің жарқылдайтын аспаным.

Өмір - менің сарқылмайтын дастаным,

Мен -өмірде жас зерттеуші, жас ғалым, -дей отырып, Меруерт, енді ағаларымыздың көрінісіне кезек берейік, «Өмір» туралы

Немересі:

Ата, адамдар неліктен жасы ұлғайғанда ғана өмірді түсіне бастайды?

Атасы:

Өмірді түсіну адамның жасына байланысты емес, балам. Адам бала күнінен

бастап, өмрдің сан алуан құпияларын тануға құштар болса, өзінің жан дүниесіне үңіле білсе, дұрыс шешімдерді қабылдауға үйренсе, өмірді түсініп тани біледі.

Немересі:

Иә, адам өзі дұрыс деп ойлаған шешімді қабылдайды. Бірақ ол өзінің қателескенін кейін білетін кездері болады.

Атасы:

Барлық адам қателеседі. Ал ақылды адам өз қатесін түсініп, қорытынды жасайды.

Әңгіме қателік жасауда емес, одан сабақ алып, уақытында түзей білуде.

Немересі:

Меніңше өмірде бәрі жақсы болса, ешнарсеге қиналмауға болады. Кейде адам қиын жағдайға тап болып, қандай шешім қабылдау қажет екенін білмей дал болады. Неге?

Атасы:

Өмірдің ащысы да, тұщысы да болады. Адамның мықтылығы кез-келген қиындықты мойымай көтеріп, жеңе білуінде.

Немересі:

Өмірді танудың және жақсы өмір сүрудің қандай жолы бар?

Атасы:

Өмір сүрудің түрлі жолы бар, тек таңдау жасау өз қолыңда.

Оны таңдау үшін өзіңді, өзгені, өмірді таны. Жақсы мен жаманды анықтап бағасын бер. Өзіңе, өмірге, болашағыңа сенімді бол. Сөзіңе ісің сай болсын!

ІІ жүргізуші: (Меруерт)

3 ә сынып оқушысы Ақзердің орындауында «Тау-тау« биін тамашалайық

ІІ жүргізуші: (Меруерт)

Достарымыздың арнаған тілектеріне назар аударалық.

1-оқушы (Айдина -3 б)

Жайнай бер, менің мектебім

Балаларың беске оқысын

Әдемі болсын қыздарың,

Күшті болсын ұлдарың,

Жарқыра, жайна, мектебім!

2 оқушы: 2 б сыныбы

Салақ болсаң жасыңнан,

Шыбын кетпес қасыңнан.

Таза болсаң жасыңнан,

Сабын қалмас қасыңнан.

3 оқушы: 2 б сыныбы

Жалқау болсаң жасыңнан

Ұйқы қалмас қасыңнан.

Еңбек сүйсең табылар

Бар жақсылық басыңнан

ІІ жүргізуші: (Меруерт)

Ортаға 11 ә сынып оқушысы Думанқызы Гүлфираны шақырамыз

ІІ жүргізуші: (Ұлағат)

Сара Алпысқызы: «Мен бала жас кезінен әрқашан дені сау әрі бақытты болып өсуін, өмір даналығы мен мен адамзатқа қызмет ете білу бақытын игере отырып, өсуін қалаймын. Өзінің кім екендігін, не үшін өмір сүріп, не үшін талаптанатынын пайымдай білсін. Әркім өзін ашып көрсете білуі тиіс»-дейді.

І жүргізуші: (Меруерт)

Құрметті біздің екінші ана-әкелеріміз сіздерге денсаулық, бақыт, әрбір атқан таңдарыңыз тек қуанышқа толы болсын, біз сияқты балаларыңыздың жемісін көріп жүре беріңіздер.

І жүргізуші: (Ұлағат)

Ал, аға-әпкелерімізге тілеріміз оқуда озат, тәртіпті, ортасында сыйлы, әдепті болсын деп тілейміз.

ІІ жүргізуші: (Меруерт)

Осымен «Өзіңді тану-өмірді тану» атты іс-шарамызды аяқтаймыз. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп-көп рахмет.

Екі жүргізуші бірге: Келесі кездескенше қош сау болыңыздар!


© 2010-2022