Жетім балалардың тұлғалық психологиялық даму ерекшеліктері

Раздел Школьному психологу
Класс 10 класс
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

ЖЕТІМ БАЛАЛАРДЫҢ ТҰЛҒАЛЫҚ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ДАМУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Қазіргі таңда қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуы бар әлеуметтік сұраныс негізі жан-жақты дамыған жеке тұлға ретінде қалыптасып қоғамдық ортада әлеуметтенуін қажет етеді. Жетім балаларды жаңа қоғам мүддесіне лайықты, жан-жақты жетілген, белсенді іс-әрекеті мен ғылыми саналы көзқарасын қалыптастыру, бойында ұлттық сана, ұлттық психология қалыптасқан ертеңгі қоғам иегері боларлық парасатты азамат тәрбиелеп өсіру - балалар үйі педагогтарының, Үкіметтің және барша халықтың міндеті.

Балалар үйі - мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларды қоғам талабына сай тәрбиеленуін жүзеге асыратын ұйым, ол демократиялық қоғамның тұлғаларын даярлайды. Бұл арнаулы ұйымдар - жетім балалардың дағдыларын қалыптастырып, әлеуметтік тұрғыда бейімделуін қамтамасыз етеді.

Осыған орай, Қазақстанда ұлттық психология ғылымының негізін салған психолог, ғалымдар: Ә.Алдамұратов, С.Балаубаев, Қ.Жарықбаев Т.Тәжібаев Г.А. Урунтаева, Х.Т.Шерьязданова, т.б. өздерінің ғылыми еңбектерін балалардың психологиялық даму ерекшеліктеріне арнады.

Сонымен қатар, балалар үйіндегі жетім балалардың психологиялық даму ерекшеліктері, тәрбиеші мен тәрбиеленушілер арасындағы және оқу-тәрбие жүйесіндегі қарым-қатынастар мәселесін зерттеген Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері ғалымдары Т.И.Дьяконова, И.М.Михайлицкая, С.В.Яосева еңбектерінде балаларды тәрбиелеу мен жан-жақты дамыта қалыптастыру мәселелерін зерттеп, ғылыми-әдістемелік жолдарын ұсынған.

Ал, С.А.Дзенушкайтенің «Біздің үй» атты еңбегінде: «Балалар үйінің педагогикалық ұжымы денелері мен психикасы дұрыс дамыған балалар үшін қажетті жағдай жасауға міндетті. Ол үшін жоғарғы ұрпақтардың бай тәжірибесін қолдана отырып, әлеуметтік жағдайда адамгершілігі мол, еңбекке бейім етіп, тәрбиеленушілерді өз беттерімен өмір сүруге жан-жақты дайындау» - деп ой түйіндеген.

Жетім балалардың психологиялық даму ерекшеліктері туралы А.М.Прихожан, Н.Н.Толстыхтың «Дети без семьи» атты еңбегінде: «Көптеген елдерде жүргізілген зерттеулердің нәтижесі көрсеткендей, отбасынсыз өскен балалардың дамуы, оның ішінде баланың мінез-құлық дағдылары мен жеке тұлға қасиеттерінің қалыптасуы отбасында өскен балаларға қарағанда ерекшеленіп тұрады. Басқаша айтқанда, олардың дамуы төмен немесе жоғары емес, жәй балаға қарағанда - олар өзгешелеу» - деп тұжырымдаған.

Жоғарыда біз талдау жасаған зерттеулер бүгінгі таңда балалар үйіндегі оқу-тәрбие үдерісін әр қырынан қарастырғанымен, жеке тұлғаны қалыптастыру мәселесі жан-жақты, арнайы зерттеу нысанасына алына бермейді. Сол себепті, біз зерттеуімізде балалар үйінің оқу-тәрбие үдерісінің барысында ішінара болса да жетім балалардың жеке тұлғасын қалыптастыру мен әлеуметтенуі мәселесін қарастыруға ден қойдық.

Гуманист психологтар Г.Айзенк А.Маслоу, Г.Оллпорт, К.Роджерс өз еңбектерінде жеке тұлға туралы құнды ой-тұжырымдар жасаған.

К.Роджерстің пікірінше жеке тұлға мен оның мінез-құлқы қоршаған ортаны қабылдауына байланысты дамып қалыптасады. Ғалым теориясында: «Мен» тұжырымдамасы «нақты Мен-ді» және «идеалды Мен-ді» (адамдар қандай болғысы келеді және қандай болуы керек) қамтиды. «Мен» тұжырымдамасының дамуы, негізінен әлеуметтену процесі арқылы жүреді. Әрбір адам үшін ең маңыздысы - оны басқалардың түсінуі және жақсы көруі десе, А.Маслоу адамның мінез-құлқы мен тәжірибесі қажеттіліктер иерархиясымен реттеліп отырады дейді [3, Б. 7-8].

Өзінің жеке тұлға теориясында гуманистік және жеке даралық тұрғыны біріктірген гуманист Г.Оллпорт адам табиғатының - жеке тұлғалық даму, өзін-өзі жеңе білу мүмкіндіктерін толық іске асыра білу аспектілерін зерттеген [3].

Г.Айзенктің жеке тұлға теориясы диспозициялық теорияның үш негізгі бағытының біреуіне - қатаң бағытына жатады. Бұл бағыт адамның қатаң биологиялық құрылымдары: дене құрылымы, жүйке жүйесі, ми және белгілі жеке даралық қасиеттері арасында қатаң сәйкестік құруға ұмтылады. Мәселен, психолог: «Жеке тұлға - бұл адамның қоршаған әлемге дербес бейімділігін анықтайтын, оның мінезінің, темпераментінің, интеллектісінің және дене құрылысының азды-көпті тұрақты құрылымы. Мінез - мотивациялы-еріктік мінез-құлықтың азды-көпті тұрақты жүйесі. Темперамент - адамның аффективті, эмоциялы мінез-құлықтың азды-көпті тұрақты жүйесі. Интеллект - бұл когнетивті мінез-құлықтың азды-көпті тұрақты жүйесі» - деген тұжырым жасаған [3, Б. 401]. Әрине, жеке тұлғаның қылықтары, іс-әрекеттері оның мұң-мұқтажы мен (физиологиялық қажеттілікті қоспағанда) талап тілектерінен туындайды.

Осыған орай, біз балалар үйлеріндегі тәрбиеленушілердің даму ерекшеліктерін анықтауда төмендегідей мәселелерді қарастырдық:

- дүниеге келген кезінен бастап әрбір кезеңдердегі өсу тарихын қарастыратын құжаттар мен материалдары;

  • жетім балалардың физиологиялық, психологиялық, педагогикалық жағынан дамуы;

  • балалардың білімге қызығушылығы мен ынта-ықыластары;

  • балалардың еңбексүйгіштік деңгейлері мен еңбекке қатынастары;

  • жетім балалардың денсаулық жай-күйлерінің бақылауға алынуы.

Осындай мәселелерді жан-жақты талдау барысында әрбір жетім баланың психологиялық өзгешеліктерін айқындай аламыз. Біздер жоғарыдағы сұрақтарға жауап бермес бұрын, тастанды, жетім балалардың пайда болу себеп-салдарына тоқтала отырып, балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің нормативтік-құқықтық құжаттарын талдау барысында төмендегідей мәселелерді анықтадық.

Балалар үйіндегі балалардың әрқайсысының жеке дәрігерлік сараптамалар тарихымен танысқанымызда, біз байқаған ерекшеліктер: балалардың 90% денсаулықтарына байланысты дәрігерлік есепте тұрады, оның 63% невроз, астеноневротикалық, психоневрологиялық тұрғыдан жүйкесінің нашарлауы жиі кездеседі. Ал, 27% йод тапшылығы, темір тапшылығы сияқты т.б. сырқаттары бар екені анықталды. Осы мәліметтерге қосымша ескерілетін жәйт, балалар үйіндегі жетім балалардың психикалық дамуы мен мінез-құлық, жүріс-тұрыстарында өзіндік бағыттылық сияқты қасиеттердің тұрақты еместігі байқалады.

Көрсетілген мәселелердің мәнін ашу барысында жетім балалардың балалар үйіне келгенге дейінгі тарихымен танысқанымызда, олардың ата-аналарының 80% ата-аналық құқықтарынан айырылғандар. Соның 35% моральға жат қалықтарымен өз балаларына теріс әсерлер жасаса, 24% әке-шешелерінің бірі ішімдікке салынған, ал балалардың 21% шешелері жезөкшелік пен қыдырымпаздыққа бой ұрғандар. Қалған 20% ата-аналары жұмыссыздықтан, тұрмыс күйінің жоқтығынан, жалғыз басты студент аналар балаларын балалар үйіне берген.

Қазіргі уақытта ата-анасының қамқорлығынсыз қалған тәрбиеленушілердің психикалық дамуы жағынан отбасында өсетін құрдастарына қарағанда айырмашылығы болады. Себебі, балалар үйі жағдайында тәрбиеленіп жатқан балалардың даму қарқыны бәсеңдеу. Олардың дамуында және денсаулығында бірқатар сапа жағынан жағымсыз ерекшеліктер бар, олар нәрестелік жастан басталып, мектепке дейінгі шақта және одан әрі барлық сатысында байқалады. Бұл ерекшеліктер әр түрлі және бірдей емес дәрежеде өсудің әр сатысында байқалады. Осылайша, балалар үйінде тәрбиеленіп жатқан балалардың бірінші өмір жылында-ақ отбасында өсетін өз құрдастарына қарағанда ерекшеленеді: олар шаттана білмейді, олардың танымдық белсенділігі төмендеген, үлкенге үйір болу сезімі туындамайды, сенбейді, тұйық, көңілсіз және енжар, т.б. Мұндай мінез-құлық сезімдері тәрбиеленушілердің жеке тұлғасының қалыптасуына кері әсерін тигізуі мүмкін.

Осы тұрғыда, америка психологы М.Райбл ана қамқорлығынан айрылған 600 нәрестеге бақылау жүргізген де, ана қамқорлығының болмауы баланың екі айлығынан бастап-ақ өте ауыр тәндік бұзылуларға әкеп соқтырады. Өйткені, емшектегі бала ағзасының дұрыс жұмыс істеуі үшін сыртқы ортадан оған ана-ның табиғи қамқорлығын беретін қоздырғыштар алуы тиіс деген шешімге кел-ді. Сипалау, қолға алу, төске басу, ананың дауысы, емшектегі бала үшін ему мүмкіндігі, емшек сүті, белгілі бір ауа температурасы және т.с. бала үшін өте маңызды. М.Райблдың пікірі бойынша гигиена сақталмайтын жағдайда өмір сүретін, бірақ анасымен табиғи қарым-қатынасы бар нәрестелерде тәндік бұзылу туындамайды. Сонымен қатар, оның деректері бойынша ана қамқорлығының болмауынан тәндік бұзылулар жақсы жабдықталған және ғылыми тұрғыдан дұрыс күтімді қамтамасыз ететін ең жақсы балалар ұйымдарында да кездеседі. Алайда, зерттеуші есептегендей жетім балалардың толық дамуы үшін қажет «нәзік жеке әсерді» айырбастай алмайды .

Жоғарыда аталған ғалымдардың зерттеу нәтижелері бойынша физикалық дамуы (бойы, басының көлемі, салмағы) көбінесе ұйымда бала ұзақ уақыт бойы өмір сүруіне қарай жақсарады. Салыстырмалы қолайлы физикалық дамуының жақсаруын авторлар емшектегі балаларға арналған ұйымдарда көрсетілетін медициналық көмектің жақсылығымен түсіндіреді. Бірақ ақыл-парасат деңгейі физикалық дамуға қайшы келеді: неғұрлым бала ұйымға ерте түссе, солғұрлым олардың ақыл-парасатының бөгелуі байқалған.

Жетім балалардың дамуында психологиялық ерекшеліктер байқалады. Олар:

  • психикалық процестердің дамуындағы ерекшеліктер: қабылдауының төмендігі, түйсінудің әлсіздігі, есте сақтаудың, қиялдың баяу дамуы, көрнекілік-бейнелік ойдың толық жетілмеуі, ерік-жігері әлсіз, зейіннің тұрақсыздығы, т.б.;

  • мінез-құлық дағдыларындағы ерекшеліктер: жиі көңіл-күйдің өзгеруі мен тұрақсыздық, ашушаңдық, өзін-өзі ұстай алмаушылық, сабырсыздық, сенбеушілік, ызақорлық, тұйықтық, енжарлық, қатыгездік, ұқыпсыздық секілді жағымсыз мінез-құлық дағдылардың басымдылығы;

  • қарым-қатынастағы ерекшеліктер: құрдастарымен жиі келіспеушілік, құрдастарымен бірігіп ойнай білмеуі, үлкендермен сөйлесе алмау, оқшаулануы.

Осыған орай, жетім балалардың психологиялық дамуындағы сәтсіздікті анықтайтын себептер мынадай:

  • тәрбиеші мен тәрбиеленушілер арасындағы қарым-қатынас пен оқу-тәрбие үдерісінің дұрыс ұйымдастырылмауы;

- әлеуметтік мәдени ортамен қарым-қатынастың шектеулілігі;

  • балалар үйі тәрбиешілерінің психологиялық-педагогикалық дайындығының жеткіліксіздігі;

- тәрбиеленушілерді тәрбиелейтін үлкендердің, маман педагогтардың жиі ауысуы;

  • жетім балалардың қарапайым мұқтаждықтарының шектелуі.

Отбасы жағдайында, өз үйінде бала өзін еркін ұстап, қалаған қажеттілігін қанағаттандырып отырады. Мысалы, қыз бала әжесі мен анасының үй жұмыстарына қатысып, ұл бала ата, әкесімен үй шаруашылығына қажетті заттарды, нәрселерді жасауға қатысып, көзімен көріп, іс-әрекеттерді бөлісуге, жоспарлауға ат салысады. Әрбір еңбек іс-әрекеттері үлкендер тарапынан қадағаланып, бала еңбекке баулынады. Ал, балалар үйлеріндегі ұл-қыздардың мұндай мүмкіндіктері жоқ. Сол себептен, тұрмыстық қарапайым жұмыстарға икемсіздік көрсетеді. Қазіргі психологиялық зерттеулерде балалар үйлері тәрбиеленушілерінің дамуында болатын негізгі кедергі (депривационные условие), қолайсыз күй деп білеміз.

Жетім балалардың мұқтаждықтарының шектелуі, жеке тұлға ретінде қалыптасуда қажетті әлеуметтік қарым-қатынастар мен аналық жылылықтың болмауынан деп тұжырымдауға болады. Балалардың ақыл-ой, адами ізгілік қасиеттері мен психологиялық процестердің бағдарлы дами алмауы - өз қажетін өтей алмаудың басты сипаттамасы болмақ.

Қорыта айтқанда, жетім балардың тұлғалық сапаларының тежелуі әлеуметтік-мәдениет орталықтарына сирек баруынан, эстетикалық тәрбиенің әлсіздігінен, айналасындағы адамдармен қарым-қатынастардың аздығынан болады. Ал, Жетім балалардың ең басты талап-тілектерін қанағаттандырмайтын іс-әрекеттер құрамы қимыл-қозғалыс, айналасындағы қарым-қатынас мұқтаждығы, әлеуметтік қарым-қатынас күйі, бала жасындағы әлеуметтік шектелу, өз-өзін әлсіз сезінуі, т.б. әлеуметтік-психологиялық тұрғыдан алғанда, қарым-қатынастың кедейленуі, әсіресе, олардың сезіну, түйсіну, есте сақтау, қиялдау, т.б. процестерінің дамуының тежелеуінен болады деп ой түйіндейміз. Біздің жетім балалардың психологиялық ерекшеліктерін анықтаудағы мақсатымыз - жетім балалардың тұлғасын қалыптастыру мен оларды әлуметтендіру жолдарын іздестіру, бағыт-бағдарын айқындау болды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Дзенушкайте С.А. Наш дом. - Москва: Педагогика, 1987. - 176 с.

2. Прихожан А.М., Толстых Н.Н. Дети без семьи. -Москва: Педагогика, 1990. - 160 с.

3. Психология. Адамзат ақыл-ойының қазынасы. 10 томдық: Гуманистік психология. 5-том // Құрастырушылар: Әбеуова И.Ә., Шериязданова Х.Т. - Алматы: Таймас, 2005. - 480 б.

4. Лангмейер И., Матейчек З. Психическая депривация в детском возрасте. - Прага, 1984. - 264 с.







Жетім[өңдеу]

Уикипедия - ашық энциклопедиясынан алынған мәлімет

Жетім - ата-анасының екеуi де немесе жалғыз басты ата-анасы қайтыс болған бала болып табылады. Сондай-ақ ата-ана құқықтарының шектелуiне немесе олардан айырылуына, ата-анасы хабар-ошарсыз кеттi деп танылуына, олар өлдi деп жариялануына, әрекетке қабiлетсiз (әрекет қабiлетi шектеулi) деп танылуына, ата-анасының бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуiне, ата-анасының баласын тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерiн қорғаудан жалтаруына, оның iшiнде ата-анасының өз баласын тәрбиелеу немесе емдеу мекемелерiнен алудан бас тартуына байланысты, сондай-ақ ата-анасы қамқорлық жасамаған өзге де жағдайларда жалғызбасты ата-анасының немесе екеуiнiң де қамқорлығынсыз қалған бала. Жетімдік - баланың психикалық дамуына қатты әсер етеді. Ата-анадан айрылған және интернат жағдайына түскен балалардың жалпы психикалық жағдайы төмендейді, өзін-өзі реттеп-бағыттауы бұзылады, көңіл күйі жабырқау болады. Балалардың басым көпшілігінің өмірге құштарлығы жоға-лады, өзіне-өзінің сенімсіздігі күшейіп, бойын үрей билей бастайды. Эмоционалдық-танымдық тал-пынысы төмендейді де, интеллектуалдық дамуы тежеледі.

Мазмұны

[жасыру]

  • 1Жетімдіктің түрлері

  • 2Жалпы мәлімет

  • 3Қоғамдағы орны

  • 4Жетімдер туралы теориясы

  • 5Теориялық және тәжірибелік маңызы

  • 6Статистикалық көрсеткіштері

  • 7Интернат үйлерінде көрсетілетін тәрбие түрлері

  • 8Әлеуметтенуін қолдаудың мақсаттары мен технологиясы

  • 9Әлеуметтендірудің негізгі «кластерлері»

  • 10Шетелге асқан жетімдер саны және рөлі

  • 11Бала асырап алудағы құқықтары мен міндеттері

  • 12Дереккөздер

  • 13Дереккөздер

Жетімдіктің түрлері[өңдеу]

Әлеуметтік жетім - ата-анасы бар немесе қайтыс болмаған, бірақ ата -ана өз келісімдерімен баладан бас тарту, сондай-ақ ата-ананың түрлі сол қылықтарға бару арқылы олардың құқықтарын шектеп баланы айырып алу.

Тұл Жетім - ата-анасының екеуi де немесе жалғыз басты ата-анасының біреуінің қайтыс болуы тұл жетім деп аталады. Қазіргі таңда әлеуметтік жетім тұл жетімге қарағанда 80 пайызды құрап отыр. Қалған пайызы ғана тұл жетімдер.

Жалпы мәлімет[өңдеу]

Жетім атауының өзі кезінде соғыс заманында ата-аналары қайтыс болған кезде баланың қараусыз қалып отырған. Міне осындай соғыс, қиын-қыстау, ашаршылық кезеңдерде пайда болған болатын. Оның өзінде Тәуке ханның - Жеті Жарғы, Есім ханның - Ескі жолы сияқты заңдарында жетімдерді бай қауқарлы адамдарға асырап алуға беріп отырған. Х - XX ғасыр аралығындағы «жетім» ұғымының анықтамасы - толық жанұялық тәрбие көрмеген. Оларға тән қасиеттер: агрессия, алаңдаушылық, мінездегі жат қылықтар. Кейінгі жылдары әлеуметтік-экономикалық себептерге байланысты және әртүрлі себептер тұрғысынан әлеуметтік жетім балалар саны артуда. Осыған байланысты жетімдер мәселесі және оларға білім беру тәрбиелеу үдерісі, сонымен қатар, психологиялық-педагогикалық тұрғыдан қамтамасыз ету, тек арнайы педагогикада ғана емес жалпы педагогика, психология, әлеуметтік педагогика және тағы басқа ғылымдардың ғылыми білім саласында көкейтесті болып отыр. Бұл жағдайда аталмыш балалар тобы психологтар мен педагогтар, дәрігерлердің зерттеу нысанына айналуда.

[1]

Қоғамдағы орны[өңдеу]

Қазақстан Республикасында соңғы жылдары жетім балалар мен ата-анасынан ажыратылған, яғни олардың қамқорлығынсыз қалған балалардың жағдайы көпшілікті толғандыруда. Бұл мәселе Қазақстан Республикасының «Қазақстан-2030» даму стартегиясына сай жетім балалар үйіндегі тәрбиелініп жатқан әрбір ұрпақтың жеке адам ретінде қалыптасуының шешуші факторы ұлттық тәрбие деп көрсеткен. Жетім балалар тәрбиесіне қазіргі кезде ұлттық тәрбие тұрғысынан да көңіл бөліп, оларды тұлғалық қалыптастыру мәселесі бүгінгі күн талабы.Балалар үйінде тәрбиеленуші баланың жеке тұлғасының әлеуметтік қалыптасуының өзіндік ерекшелігі бар. Оның іс-әрекеті толығымен тәртіпке салынып қадағаланылады, бұл бала дамуында артта қалушылықты, масыл-дықты, жеке басы еркін ұйымдастырудың төменгі деңгейін туындатады. Сонымен қатар, әлеуметтендіруге байланысты ғылыми-педагогикалық әдебиеттерде әлеуметтендіру деңгейлері мен факторлары және «әлеумет-тендіру», «бейімдеу» ұғымдары бөліп қарастырылады. Жетім балаларды әлеуметтендіру мәселесін шетелдік, отандық ғалымдардың зерттеулеріне, тәжірибелерге сүйене отырып, теориялық, практикалық тұрғыда сипаттау қазіргі педагогика іліміндегі мұндай өзекті мәселені шешуге себеп болады. Көптеген теориялық деректерді талдау барысында біздің тарапымыздан қазіргі жағдайда жетім балаларға көмек көрсету жүйесінде жетім балалар тәрбиеленетін мекемелер қызметінің бірнеше жұмыс бағыттары айқындалды. Атап айтар болсақ, әлеуметтік, медициналық, психологиялық, ұйымдастырушылық-тәрбиелеушілік. Мұндағы тәрбиеленушілердің қоғамдық ортаға бейімделуі баланың әлеуметтік статусына сай емес, медициналық тұрғыдан бұл типтегі балалар тұқым қуалаушылық тұрғысынан дертке шалдыққан немесе жүйке жүйкелері тозу арқылы ашушаң, ызақор болып келеді. Мұның барлығы айналып келгенде олардың әлеуметтенуіне кедергі келтіріп, әлеуметтендірудің тиімділігін төмендетеді яғни, балалар шынайы өмірге даярланбайды. Оларды қоғамдық өмірге даярлауда өздерімен қатар бірге алып жүретін адамдардың қажеттігі туындайды. Олар ең алдымен әлеуметтік педагогтар, содан кейін психологтар, жалпы педагогтар.Оларды әлеуметтендіруге қиыншылық тудыратын себептерге тоқталар болсақ, олар әлеуметтік бейімделу деңгейлерінің, әлеуметтік белсенділіктерінің, әлеуметтік құзыреттіктерінің, әлеуметтік құндылықтарының қалыптасуы төмендегідей болып отыр. Оларды әлеуметтендіру әлеуметтік педагогтар тәрбиеші педагог қоғам жүйесі арқылы іске асырылуы тиіс деген тұжырым жасауға болады. Демек, жетім балаларға әлеуметтік-педагогикалық тұрғыдан көмек көрсету, өмір сүруге үйрету, өзімен қатар алып жүру әлеуметтік педагог, психологтардың, тәрбиешілердің, кәсіби іс-әрекеттерінің жүйесі болып табылады. Бұл жетім балаларды өзімен қатар алып жүру баланың бойындағы жеке қасиеттерге сүйену арқылы іске асырылады. Жетім балалардың тұлғалық әлеуметтенуіне бағытталған педагогикалық алғы шарттар жасалуы және теориялық тұрғыдан жүйеге келтірілуі, әдістемелік тұрғыдан нақты қарастыру, кезек күттірмейтін мәселе деп айтуға болады. Балалар үйіндегі тәрбиеленушілер шектеулі қарым-қатынастың шеңберіндегі әлеуметтік байланыстардың тұйық жүйесінде өмір сүреді. Отбасының, білім беру жүйесінің әлеуметтендіру әсері барынша кемиді, достарымен, құрдастарымен қарым-қатынас шеңбері тарылады. Қоғам мекемедегі баланы шеттетіп, оны өзінен және де мәдени құндылықтар мен заңдылықтардан алшақтатады. Балаға қоғамнан алшақтату жағдайында әлеуметтік мәдени тәжірибені жеткізу қиындайды, ол ересек болған кезде де орны толмас тапшылық болып қалады.

Құрлық

Жетімдер
саны (1000)

Бүкіл балалар санынан
алатын пайызы

Африка

34,294

11.9%

Азия

65,504

6.5%

Латын Америка мен Кариб алабы

8,166

7.4%

Барлығы

107,964

7.6%

Жетімдер туралы теориясы[өңдеу]

Ата-ана қамқорлығынан айырылған әрбір бала - отбасында тәрбиеленуге тиісті. Себебі: олар міндетті түрде ата-аналарының өмірін қайталап немесе қайталайтын болса болашақта олардың саны екі есе көп болмақ. Демек, біз жетім балаларға ұсынып отырған жобамыздың барысында жаңа мүмкіндіктер сыйлаймыз. Ол Отбасы үлгісіндегі балалар үйі, ондағы шиеленістерді реттейтін және әр балаға жаңа отбасын сыйлайтын делдалдық ұйым. Демек, асырап алғысы келген азаматтарға жағдай жасаймыз. Баланың өзін қоршаған объективті нақтылықта өзін-өзі танытуы үшін тек отбасылық орта ғана мүмкіндік бере алады. Сондықтанда бұл мәселе өте өзекті. Басқа балалар қалай отбасында тұрса, жетім, тастанды балаларымызда отбасы үлгісіндегі үйлерінде тұруы қажет, сонымен қатар өздерінің отбасы махабатын сезіне алмаған жетім балаларымызға сол ыстық отбасы махабатын сезіндіру. Онсыз да тағдырдың тәлкегіне ұшыраған, ата-анасының безбүйрек, қатыкез болғаны үшін, өз отаны бұйыртпаған махаббатты жат елдерден тауып жатқандар да бар. Жат елге барып Қазақстанды қорғау үшін тәрбие алмайды. Қазақстанымыздың атын шығаратын да сөндіретін де осы балаларымыз. Ұлттық рухымызды қалыптастыратын да, ұлттық мүддемізді көтеретін де осы асыл қазыналарымыз. Тәрбиені бала тұлғасының әлеуметтенуінің психологиялық-педагогикалық құрамдас бөлігі ретінде санау тұжырымдамасы (О.С.Гребенюк, А.В.Мудрик, М.И.Рожков); әлеуметтік ортаны баланың тұлғалық қалыптасуындағы өте маңызды детерминант ретінде қабылдауға бағытталған педагогикадағы әлеуметтік-рөлдік тұжырымдама (Н.М.Таланчук, В.П.Созонов); жетім балаларды өмірге бейімдеуде қолданылатын әлеуметтік-психологиялық қолдауды ұйымдастырудың басты психологиялық жағдайларының әдістемелік негіздерінде әзірленген әлеуметтік-психологиялық қолдау мен жәрдем теориясы (Л.И.Аксенова, А.В.Мудрик, Х.Т.Шерьязданова, Ю.Н.Галагузова, Б.А.Расчетина, А.А.Тынышбаева), интегративті тұлғалық құры-лым ретінде көрінетін әлеуметтік-психологиялық жұмысқа ұстаздардың кәсіби жеке дайындығы тұжырымдамасы (Г.Ж.Меңлібекова) мазмұндап отыр. Жұмыс аясында зерттеу мәселелері бойынша психологиялық әдебиеттерді талдау, тұлғалық ба-ғыттаушы сипатты технологиялық үлгіні қолдана отырып, балалар үйіндегі әлеуметтік-психология-лық қолдауды ұйымдастыру жүйесінің тәжірибесін оқып-үйрену, балалар үйінде тәрбиеленушілердің әлеуметтенуін әлеуметтік-психологиялық қолдау бағдарламаларын жобалау, әлеуметтік-психологиялық диагностика (сауалнама, бақылау, тестілеу, әңгімелесу), психологиялық тәжірибелік эксперимент әдістері қолданылды.

Отбасы тәрбиесінің теориялық мәселелерін сөз еткенде, Бауыржан Момышұлының "Ұшқан ұя" повесін мысалға алуға болады Бала Бауыржанның психологиясын, отбасындағы тәрбие алу рәсімдерін осы кітапты талдау барысында көреміз. Баланы өмірге бейімдеуде жетімдер үйінің, тәрбиешілердің да орны бөлек. Олай дейтін себебіміз, бала бір жақта тәрбие алу мүмкін емес. Үйде ата-ана баулыса, мектепте мұғалімдер тәрбие береді. Тәлім-тәрбиедегі жарасымдылық бірлесіп жұмыс істеген жағдайда ғана үйлесімділік табады. Өйткені баланың өмір сүруге құштарлығының оянуы өзін қоршаған ортасына: тәрбиешісіне, ата-анаға, бірге жүрген құрбы-достарына, олардың күнделікті іс-әрекеттеріне байланысты. Отбасы- өмірге адам әкелу, оның қажеттілігін өтеу, өмірге жан-жақты даярлау, яғни әлеуметтендіру, сол сияқты тәрбиенің барлық түріне бағыт берумен айналысатын әлеуметтік институт.[1] Отбасы "дербес мектеп, әлеуметтік институт" деп қарастыратын болсақ, әке-шеше-сол орданың ұстаздары, ал ата-әже-профессорлар іспеттес. Сол сияқты Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 1959 жылдың 20 қарашасында 1386 (XIY) қарарымен қабылданған "Бала құқықтары Декларациясында", 1989 жылдың 20 қарашасында қабылданып, 1990 жылдың 2 қыркүйегінде күшіне енген "Бала құқықтары туралы Конвенцияда" бала өмірі мен денсаулығы, білім алуы мен тәрбиесі жан-жақты қаралған. Отбасында ата-ана арқылы берілетін тәрбиенің басты мақсаты- баланың жасын, жеке ерекшелігін, психикалық процестерін ескере отырып, өз тегін жалғастыратын лайықты ұрпақ тәрбиелеу. Сол ияқты отбасы үлгісінде тәрбиеленетін балаларымызды да осылай тәрбиелеу.[2] Осы аталған міндеттерді қазақ отбасында қалай жүзеге асырудың жүйесін жасауда бірізділік болмағанымен, ғалымдарымыз өздерінің зерттеу нысанасы тұрғысында қарастырып келеді. Әрине, қазақ отбасындағы өзіндік ұлттық тәрбиесінің ерекшелігі, ұстанатын қағидалары, сүйенетін тағылымдары бар. Т.Рысқұлов кездерінде отбасы үлгісінде тәрбиелену теория жүзінде пайда болғанымен іске аспады. Кейіннен заңдары да қабылданып бірте-бірте отбасы үлгісіндегі үйлер пайда болып, тастанды, жетім балаларға арналған арнайы үйлер де салынып, іске аса батады. Бұл мәселеге өзіміздің Тұрар Рысқұловтың тигізген үлесі өте зор. Тіпті осы балаларға арналған кереметтей заңдарымыз да бар. А Отбасы үлгiсiндегi балалар ауылы және жасөспiрiмдер үйлерi туралы 2000жыл 13 желтоқсандағы № 113-ІІ Қазақстан Республикасының Заңы. Бұл Заңның негiзгi принциптерi мен мiндеттерi осы Заң адамгершiлiк, әдiлеттiлiк, адамның еркiн дамуы, тәрбиеленушiлердiң құқықтары мен заңды мүдделерiн басымдылықпен қорғау, балалар ауылы және Жасөспiрiмдер үйлерi отбасы мүшелерiнiң өзара көмек және қолдау көрсету принциптерiне негiзделедi. Ата-ана қамқорлығынан айырылған әрбір бала отбасында тәрбиеленуге тиісті. Себебі: олар міндетті түрде ата-аналарының өмірін қайталап немесе қайталайтын болса болашақта олардың саны екі есе көп болмақ.

Теориялық және тәжірибелік маңызы[өңдеу]

-ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды балалар үйі жағдайында қолдау, тәрбиелеу, әлеуметтену үдерістеріндегі өзара байланыстар (ықпалдастыру) арқылы әлеуметтенудің теориялық ау-қымын кеңейту; -іс-әрекет мазмұнына модератор, менеджер, фасилитатор және т.б. қызметтерді енгізе отырып, тәрбиеші мен тәрбиеленушінің арасындағы өзара әрекеттің ұғымын байыту; -әлеуметтік-психологиялық қолдау және жәрдемдесу үдеріснің арақатысын қарастыратын тәсілдерді жүйелендіру; -ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды балалар үйі жағдайында әлеуметтік-психологиялық қолдау үдерісінің өзіндік ерекшеліктерін ұлғайту; -ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың балалар үйі жағдайында әлеуметтенуін әлеумет-тік-психологиялық қолдаудың психологиялық жағдайларын сипаттау және әдістемелік ұсыныстарды ғылыми түрде әзірлеп, оларды сынақтан өткізу; -тәрбиеленіп жатқан мекеменің өзіндік ерекшеліктерін ескере отырып, ата-ана қамқорынсыз қалған балаларды әлеуметтік-психологиялық қолдау бағдарламасын әзірлеу; -ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды балалар үйі жағдайында инвариантты және бала-малы құрамды қолдаудың ықтималды психологиялық жағдайларын (құрылымы, мазмұны, техноло-гиясы) қарастыру. Балалар үйінде жұмыс іс-тейтін ұстаздардың біліктілігін көтеру жүйесінде, жоғары оқу орындарында әлеуметтік қызметкер, психолог, ұстаздар даярлауда қолдануға болады.

Статистикалық көрсеткіштері[өңдеу]

Ресми ақпараттарға сүйенсек Республикамызда 75000 жетім бала ар екен, олардң 660 интернат ұйымдарында тәрбиеленуде, олардың ішінде: жалпы және санаторий түріндегі мектеп-интернаттарда - 37 541 бала, мектеп жанындағы интернаттарда - 15 096 бала, балалар үйлері мен жетім балаларға және ата анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мектеп-интернаттарда - 12 574 бала, кемтар балаларға арналған түзеу мекемелерінде - 12 599 бала, ерекше тәрбиелену жағдайларына мұқтаж балалар мен жасөспірімдерге, мінез құлқы девиантты балаларға арналған мектеп-интернаттарда - 884 бала, отбасы үлгісіндегі балалар ауылдарында - 281 бала, отбасы үлгісіндегі балалар үйлерде тәрбиеленуде. Жетім қалған балалардың негізгі бөлігі білім беру және әлеуметтік қорғау органдарының интернат мекемелерінде тәрбиеленуде. Мұндай мекемелерде бала, бірінші кезекте, ата-анасының қамқорлығына зәру, бұл оның табиғи дамуына кері әсер етіп, нәтижесінде ауыр психологиялық салдарларға әкелуі мүмкін. Балалар еркін қоғамдағы жауапты өмірге дайын болуға тиіс. Ал жетім бала балалар үйінен түлек болып шыққаннан кейін күн сайын ересектердің көмегінсіз бастан кешіруіне тура келетін түрлі проблемаларды шешуге қауқары жоқ. Балалар үйлері түлектерінің ішінде олардың қатарластарына қарағанда, қылмысқа қатысушылар немесе қылмыс құрбандары неғұрлым жиі ұшырасады, жұмысынан немесе тұрғын үйінен неғұрлым жиі айрылады, ал өз отбасын әрең құрса, оның нашақорлық немесе маскүнемдік жолға түсуі тіпті оңай, сонымен қатар олардың арасында суицид құрбандары да жиі кездеседі. Бұл олардың жеке-дара өмірге енуінің үлкен қиындықтармен ұштасып, әр уақытта табысты жүрмейтінінің белгісі.

Интернат үйлерінде көрсетілетін тәрбие түрлері[өңдеу]

Әлеуметтік-тұрмыстық тәрбие- өзіміздің салт-дәстүрлерімізге тәрбиелеу; Әлеуметтік-педагогикалық тәрбие- олардың бойында шыншылдық, жанашырлық, адамгершілік пен мейірімділік, ұйымдастырушылық қасиеттерге тәрбиелейді. Әлеуметтік-психологиялық тәрбие- ұлттық тәлім-тәрбие берудің нәтижесінде өз ұлтына тән ұлттық қадір-қасиеттерді, ұлттық сана сезімді, мінез-құлықты, түйсік-түсінікті, көңіл-күйді, ұлттық сезімді, эмоциялық шымырқануды, ұлттық мақтанышты, ұлттық талғамды, ұлттық материалдық және рухани құндылықтарды, ұлттық мүдделерді, мақсат-мұраттарды, ұлттық өзіндік шаруашылық жүргізу машық-тарын, іскерлік пен тәжірибені, өнерді меңгерту болып табылады; Әлеуметтік-құқықтық тәрбиелер-білім алу барысында өздерінің құқықтары мен міндеттеріне үйрету. Әлеуметтік-экономикалық тәрбиелер- әр бала өздерінің қаражаттарын тиімді жұмсауға үйрету, демек қаржылық сауаттылыққа үйрету.

Әлеуметтенуін қолдаудың мақсаттары мен технологиясы[өңдеу]

Тәсіл

мақсат

әдістемелік негіз(технологиясы)

Тәрбиеленушіні дербес өмірге дайындау технологиялары

Қажетті әлеуметтік дағдыларды қалыптастыру арқылы дербес өмірге дайындықты қалыптас-тыру

Дамыту ортасын құру, әлеуметтік-психологиялық тренинг

Тәрбиеленушілердің әлеуметтік-кәсіби бейімделуін қалыптастыруға бағытталған технологиялар

Жасөспірімді белсенді жұмыс әрекетіне қоса отырып, алғашқы кәсіби дағдыны қалыптастыру және тұлғаны дамыту

Өзара әрекеттің бригадалық түрін ұйымдастыру, ынталандыру және шара қолдану жүйесі

Тәрбиеленушінің тұлғасына не-гізделген технологиялар

Тәрбиеленушінің үйлесімді тұлға ретінде дамуы

Психологиялық тренингтер мен кеңес беру

Әлеуметтену - баланың тұлғалық дамуындағы табиғи үдеріс, ал қолдау - бұл үдерісті демейтін психологиялық жағдайларды қолдан ұйымдастыру жүйесі Осыған қарамастан, әлеуметтенудің басты негіздері (теңесу, интериоризация, еліктеу, аккомодация, фасилитация, көз жеткізу, конфор-мизм) соңғы дамудың табиғи заңдылықтарына негізделген, ұстаздың қолдау алатын баламен өзара әрекетінің негізгі тетіктері ретінде қарастыруға болады. Қажетті психологиялық жағдай сияқты кешенді қолдаудың теориясы мен тәжірибесін қалыптас-тыруға арналған негізгі жағдай жүйелі - бағыттау тәсілі болады. Мұның астарында, дамуды субъектінің сол немесе басқа да инновацияларды дамытуды таңдауы мен меңгеруі деп түсіну жатыр. Жүйелі бағыттау тәсілінің негізі ретінде, субъекті дамуының ішкі қорында, яғни, субъектінің өз бетінше таңдау жасау және ол үшін жауап беру құқығын иелену басымдылығы алға шығады. Осылайша, жетім балаларға арналған кез келген балалар үйі немесе интернаттың басты міндеті - тәрбиеленушілердің әлеуметтенуі, олардың қазіргі қоғамға сіңісуі, оларға: а) жалпы қоғамдық ықпалдастық пен әлеуметтік-психологиялық жағдаяттардың баланың жеке тұлғасының дамуына әсер ету; ә) бұл үдерістегі істерге баланың өзінің белсене ат салысуы; б) қоғамдағы әлеуметтік қатынастар жүйесін жетілдіру, оның ішінде интернат түлектеріне қатыс-ты жүйені қайта қарастыру үдерістері жатады.

Әлеуметтендірудің негізгі «кластерлері»[өңдеу]

Отбасылық депривация факторлары. Баланың жас шамасына сәйкес ересектермен қарым-қатынасы оның толыққанды психикалық дамуының басты шарты болып табылады. Мұндай қарым-қатынастың негізінде өмірдің алғашқы айларында қалыптасатын жеке байланыстар жүйесі жатыр. Отбасылық әлеуметтену тәжірибесінің болмауы тәрбиелеу мекемелеріндегі өмір жағдайынан туындаған қордаланып қалған қажеттілік фрустрациясымен (психологиялық реакция) байланысты бала-ның тұлғалық және психикалық дамуын тежейді. Отбасылық депривация интернат үлгісіндегі мекемелерде тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдердің әлеуметтенуінің бұзылуының бірден-бір басты себебі болып табылады. Әлеуметтік белсенділіктің төмендеуінің факторында. Балалар үйлерінің өзіндік ерекшеліктеріне, жетім балалардың әлеуметтік қоршаған ортамен еркін және кең қарым-қатынасы шектелген. Соның салдарынан, балалар үйлерінде тәрбиеленушілер әлеуметтік белсенділіктің субъектісі ретінде толық-қанды қалыптаспайды. Олардың ересектермен, құрбыларымен қарым-қатынастарында сындарлықтың байқалмайтыны, өз ұстанымдарын өзгелердің пікірлерімен ұштастыруға қырсыздықтары тән. Олардың сана-сезімі қарым-қатынас үдерісіндегі көбіне көп қорғаныс қызметін атқарады. Шектеулі қарым-қатынас факторы. Жасөспірім жаста қарым-қатынас қаншалықты әлеуметтік және тұлғалық дамудың тетігі болып табылса, оның бұзылуы да қайта қайталанатын қиындықтарды белгілейтін фактор болып саналады. Оның кемшілігі психикалық дамудағы артта қалушылықпен, сезімдік және еріктік аяда ауытқушылықтармен мазмұндалады. Жетім балалардың өз құрбыларымен қарым-қатынас орнатудың барынша мол мүмкіндігі мазмұнды байланыстарға негіз болмайды. Күнделікті өмірдегі «бәрі барлығымен» амалсыздан тілдесудің байланыстары тең тұрақты қатынастар қалыптастыру мүмкіндігін төмендетеді. Сезімдік-ұнамды, сезімдік-ұнамсыз байланыстар көбіне шамадан тыс, артық қарым-қатынас ретінде қалыптасады. Жас-өспірім жетімдер ашушаң, дауқұмар болып келеді. Олардың арасында ауыр және қарама-қайшылықты жағдайлар жиі болып тұрады.

Шетелге асқан жетімдер саны және рөлі[өңдеу]

1999 жылдан бері шетелдік азаматтар 8169 қазақстандық баланы бауырына басыпты. Бұл - асырап алынған (37 450 бала) балалардың жалпы санының 21,7 пайызы. Ал соңғы он жылда 28 829 (77,1 пайыз) баланы қазақстандықтар және 452 (1,2 пайыз) баланы олардың шетелдердегі туыстары асырап алыпты. «Өткен жылы 3 мыңнан астам жетімдер өзінің жаңа отбасын тапса, тағы да 1 мыңнан астам адам бала асырап алғысы келетіндердің кезегінде тұр», - деді Жансейіт Қансейітұлы. Айғақ болатын тағы бірер сандарды келтірелік. Он жыл ішінде жәудіркөз жетімдер әлемнің 30 еліне әкетілген. Біздің жетімдерімізді асырап алудан бірінші орында - АҚШ (6406 бала), екінші орында - Испания (600), үшінші орында Бельгия (343) тұр. Одан әріде немістер - 173, канадалықтар - 167, ирландықтар - 140, француздар 131 жетімімізді асырап алған. Енді мынадай бір қызық дерекке назар аударалық. Шетел асқан 8169 тұл жетімдердің 3752-сі - қазақтар (45,9 пайыз), 4057-сі - орыстар (49,7 пайыз) және 360-ы басқа ұлттар (4,4 пайыз) екен. Онда да басқа ұлттардың арасында өзбек, тәжік, түрiкмен, қырғыз ұлтының бірде-бір баласы жоқ. Неміс, украин, белорус, татар, поляк, молдован, грек, корей, грузин, шешен, армян және ұйғыр ұлтының өкілдері ғана бар.

Бала асырап алудағы құқықтары мен міндеттері[өңдеу]

1. Баланы асырап алушы баланы тәрбиелеуге, оның денсаулығы, дене, психикалық, адамгершілік және рухани жағынан дамуы жөнінде қамқорлық етуге міндетті. 2. Бала асырап алушы баланың пікірін және уәкілетті қорғаншы және қамқоршы органдардың нұсқамасын ескере отырып, өз бетінше тәрбие беруге құқылы әрине заңға қайшы боласа. 3. Бала асырап алушы баланың пікірін ескере отырып, оның міндетті орта білім алғанға дейін білім беру мекемесін және баланы оқыту нысанын таңдауға құқығы бар және баланың міндетті түрде орта білім алуын қамтамасыз етуге міндетті. 4. Шетелдік бала асырап алушылар Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдіктеріне және консулдық мекемелеріне асырап алған баланың денсаулық жағдайы туралы есеп береді. Баланы асырап алу тәртібі. 5. Шетелдік азаматтардың, соның ішінде балалардың туысқандары болып табылатын адамдардың, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының балаларды асырап алуы туралы істері аудандық (қалалық) соттарда қаралады. Бала асырап алушының және асырап алынған баланың құқықтары мен міндеттері баланы асырап алу туралы сот шешімі заңды күшіне енген күннен бастап туындайды. Сот баланы асырап алу туралы соттың шешімі заңды күшіне енген күннен бастап үш күн ішінде осы шешімнің көшірмесін шешім шығарған орны бойынша азаматтық хал актілерін жазатын орган мен қорғаншы және қамқоршы органға жіберуге міндетті. Бала асырап алу азаматтық хал актілерінің мемлекеттік тіркеуі үшін белгіленген тәртіппен мемлекеттік тіркелуге тиіс.

Дереккөздер[өңдеу]

1,Болдырев Н. Мектептегі тәрбие жұмысының методикасы. -Алматы, 1987. тарау. 2, Қазақстанда жетім балалармен әлеуметтік жұмыс жүргізу мәселесінің құқықтық негіздері. - Алматы: Ұлт тағлымы, 2005. - № 4. - Б.314-318. 3, Жетім балалармен әлеуметтік жұмыс - өзекті мәселе. - Алматы: Қазақстан жоғары мектебі, 2005. - № 4. - Б.233-235. 4, Жетім балалардың әлеуметтенуінің кейбір ерекшеліктері //Мектепке дейінгі және бастауыш білім: қазіргі жағдайы, даму тенденциялары және мәселелері халықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. - Алматы, 2007. - Б.118-123. 5, Социализация детей-сирот как педагогическое явление //Актуальные проблемы образования в условиях его модернизации. Международная научная конференция. - Москва: МГПУ, 2007. - С.151-154. 6, Проблема становления личности детей-сирот и их взаимоотношения со взрослыми //«Кадровые ресурсы инновационного развития образовательной системы». Материалы І Всеросийского педагогического конгресса. - Москва, 2007. - С.264-268.



© 2010-2022