Бастауыш сынып оқушыларының икем дағдысын қалыптастыру

Раздел Школьному психологу
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Бастауыш сынып оқушыларының икем дағдысын қалыптастыру


Бастауыш саты - оқушылардың икем дағдысының, білімділігінің қалыптасуының бастамасы болып табылады. Өйткені, баланың жеке бас қасиеттері, оның адамгершілігінің, шығармашылық қабілетінің, жалпы мүмкіндіктерінің, белсенділігінің қалыптасуы мектепке дейінгі тәрбие мен бастауыш сыныптарда жүзеге асады.

Бастауыш мектептің негізгі міндеті - жеке тұлғаны дамытып, оның алғашқы қалыптасуын қамтамасыз ету, білімге деген сенімін нығайту, іскерлігі мен дүниетанымын қалыптастыру, оқуға деген қызығушылығын оятып, ынтасын арттыру болып табылады. Сондықтанда бала тәрбиесінде, баланың мінезін қалыптастыруда бастауыш мектеп мұғалімдеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі.

Бала жаны жаңалыққа құмар, білмегенін білгісі келіп, белгісіз нәрсені ашуға тырысатын болғандықтан, бастауыш сынып мұғалімі олардың осы талпынысын дамытуға көңіл бөлуі тиіс. Оқушылардың сүйіспеншілігін арттыру мақсатында сабақ барысында тиімді әдіс-тәсілдерді енгізіп, оны ұйымдастыру, формасын түрлендіріп отыру - мұғалімнің басты міндеті екені белгілі. Мұндай жағдайда мұғалімнің шеберлігі, ұйымдастырушылық қабілеті үлкен рөл атқарады.

Мұғалім балаға білім мен бірге жан-жақты тәлім тәрбие береді.

Әрбір мұғалім оқушысының қолы бос кезде немен шұғылданатындығын, кімдермен дос болып бірге жүретінін назардан тыс қалдырмауы тиіс. Бастауыш сыныптың әрбір оқушысы өзінің көрген -білгенін қай сабаққа қызығатынын, қай апайды жақсы көретінін, қандай қызықтар болғандығын апайына асығып жеткізеді. Олар күнделікті алған бағаларын бір-біріне көрсетіп мақтанады. Сондай жағдайда оқушыңызбен бірге қуанып, ақыл-кеңесіңізді беріп отырсаңыз баланың өзіне деген сенімі артады.

Оқушының іс әрекетіне тереңірек үңіліп, онымен әңгімелескенде баланың пікірімен үлкен адамдай санасқан пайдалы. Егер мұғалім оқушыға тапсырмалар бергенде педогогикалық және психологиялық тәсілдерді қолдана білмесе баланың мінезін бұзады. Мысалы оқушылармен бірге тапсырмалар орындағанда жұмсақ дауыспен, кішіпейілділікпен айтқан тапсырма, билік көрсетіп, бұйырып іс тапсырғаннан анағұрлым тиімді. Балаға көп ұрсу- жазалаудың жоғарғы шегі. Ал жазалау орынды болмаса мұғалім беделін жойып алады.

Біздің балаларымыз-ертең бұдан да қызықты өмірді өз қолдарымен жасаушылар. Ертеңнің шынайы адамдары арамызда өсіп келеді. Олар ұстазының бүкіл іс-қимылына, жүріс-тұрысына, сөйлеу мәнеріне, адаммен қарым-қатынасына еліктейді.

Бүгінгі мұғалім бастауыш саты оқушыларына тек білім беріп қана қоймай, олардың бойында ұлттық мінез-құлық, адамгершілік, сыпайылық пен кішіпейілділік қасиеттерін қалыптастыруға, баланың жан дүниесін рухани қазыналармен байытуға, қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін меңгертуге тиіс.

Жас буын балдырғандар бейне жас шыбық сияқты. Олардың бойына адами адал қасиеттер олардың күнделікті алған тәрбиесіне қарай өрбіп, қалыптасып отырады. Көбірек ақыл үйретем деп баланы мезі қылып алуға болмайды. Ондай жағдайда баланың мінез- құлқына әсер етіп, іске ықыласы кемиді. Өзіне-өзі сенімсіз болады. Халықтың «Жақсы өскен бала ата-анасының есіктегі басын төрге шығарар, жаман бала төрдегі басын есікке сүйрер»,- деген мақалында қаншалықты тәрбиелік мән жатыр.

Адам мен адамның қарым- қатынасы былай болу керек деп ешуақытта ешкім де алдыңнан жол салып, бағдар нұсқай алмайды. Себебі адам реңі бір-біріне қандай ұқсамаса, әрбір жастың, әр адамның мінез құлқы да әртүрлі болып келеді. Сондықтан біз мұғалімдер, бастауыш сыныптан бастап, үлкенді сыйлау, кішіге ақыл айту, жаман әдептен жеркендіріп, әдемілікті, сыйластықты, сәлемдесуді, адамгершілік тәрбиесіне баса назар аударып отыруымыз керек.

Кейде үлкен кісілерге сәлем бермей өте шыққан балалардың артынан «Өй, көргенсіз, осыларды оқытқан мұғалімдер сәлем беруді айтпайды-ау! Осыларға сәлем-саухат жөніндегі бұрыннан ата-бабамыздан келе жатқан салтымызды неге айтпайды екен» деген сөздерді еститін жағдайлар кездеседі.

Кейбір жеке отбасылардың балалары - сабаққа ынтасыз, мінездері қырсық. Сәлем берудің орнына жаман сөздердің неше түрлерін біледі. Үйдегі жағымсыз тәрбиесін мектепте де істегісі келеді. Тәрбиеге көнбейтін «қиын» балалардың осындайлардан шығатынын көріп жүрміз. Бала мінезін, оны үлкенді сыйлап сәлем беруге үйрететін, мектеп, ұстаз, тәрбиешілердің еңбегі орасан зор.

Ал, жақсы ұстазға, жақсы ата-анаға еліктемейтін бала болмаса керек. Сондықтан біз ұстаздар, өзіміздің білім парасатымызбен, жүріс-тұрысымызбен, мінез байлығымызбен ерекше өнегелі болуға тиіспіз. «Жақсы мінез - өмір бойғы байлығың», «Бір жылы сөз - бір күнгі азық», «Жылы сөйлесең, жылан да інінен шығады», «Ащы сөз қанжардан бетер жаралар», деген сияқты тағлымдарда не деген түйінді мағына жатыр.


Сондықтанда бала тәрбиесі бүкілхалықтық іс.

Егеменді еліміздің өсіп келе жатқан ұрпағын ойлы да іскер, жігерлі де батыл, өзіне-өзі сенімді, интеллектуалдық деңгейі биік, дүниетанымы дұрыс қалыптасқан азамат етіп тәрбиелеп биіктерге талпынтайық, орынсыз еркелетпей, өмірден өз орынын табуға ақылшы болайық.

Маңғыстау облысы

Бейнеу ауданы

Үстірт орта мектебінің

Мұғалімі А. Сырлыбаева

© 2010-2022