Бауыржан Момышұлы елшіл ер, ұлтжанды тұлға

Бауыржан Момышұлы елшіл ер, ұлтжанды тұлға, қыран қайраткер.            Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл  облысы, Жуалы ауданы, Көлбастау ауылында туған. Кеңес Одағының батыры. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1976ж). Шымкенттегі жетіжылдық интернатты бітірген  (1928 ж) соң, бастауыш мектеп мұғалімі, ауатком хатшысы, милиция бастығы болды.  1932 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылды. Қызметін өтеп қайтқан соң, Шымкент, Алматы өнеркәсіп банкілерінде жұмыс і...
Раздел Русский язык и Русская литература
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Бауыржан Момышұлы елшіл ер, ұлтжанды тұлға, қыран қайраткер.


Бауыржан Момышұлы 1910 жылы 24 желтоқсанда Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Көлбастау ауылында туған.

Кеңес Одағының батыры. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1976ж).

Шымкенттегі жетіжылдық интернатты бітірген (1928 ж) соң, бастауыш мектеп мұғалімі, ауатком хатшысы, милиция бастығы болды. 1932 жылы Қызыл Армия қатарына шақырылды. Қызметін өтеп қайтқан соң, Шымкент, Алматы өнеркәсіп банкілерінде жұмыс істейді. 1936 жылы Ленинград финанс академиясы жанындағы курсты бітіріп, Қызыл Армия қатарына қайта алынады, взвод, рота командирі, полк штабы бастығының көмекшісі, ал 1941 жылы Қазақ әскери комиссариатының нұсқаушысы.

Қазақ халқының данқты перзенті Бауыржан Момышұлының аса күрделі өмір жолы Ел басындағы ірі тарихи кезеңдермен тұспа - тұс келеді. Өткен XX ғасырдың басында, атап айтқанда - 1928 жылдан бастап үнемі ат үстінде сапар шегіп, бұрыңғы КСРО, қала берді одан тыс алыс елдерді аралап, козімен көріп қайтты. Шығысы-сонау Қиыр Шығыспен,батысы Америка континентіндегі Куба мемлекетімен, оңтүстігі-Термез, солтүстігі мүк баскан, азулы азынаған аязды, бет қаратпайтын боранды терістіктің кең алқабын аралап қайтқаны белгілі.

1932 жылы алғашқы әскери дайындықты Өзбекстанның Термез қаласында өткен Б.Момышұлының әскери өмір жолы осы жерден бастау алған болатын. 1933-36 жылдары кіші командирлер құрамын дайындайтын курсты да сонда тамамдап, ішкі командир санатында іріктелген арнайы топтың құрамында әскер қатарына шақырылған. Кеңес Қызыл Армиясының қатарына командир ретінде шақырылған алғашқы қазақтардың бірі. Мұнан кейін ол тұрақты әскер қатарына біржолата қалып, ғұмырының 25 жылында, яғни 1955 жылға дейін Қызыл Армия құрамында әртүрлі шенде құрама командирінен дивизия командиріне дейінгі дәрежеге жетті.

1936 жылы Қиыр Шығыстағы шекаралық әскери құрамы артиллериялық взводының командирі дәрежесіне котеріліп,өзі қызмет еткен полктің ат спорты командасының капитаны,әрі жаттықтырушысы міндетін қоса атқарған.

Қиыр Шығыста әскери қызметін өтеп жүрген Б.Момышұлы әскердегі адал,әрі шынайы қызметі үшін армия құрамындағы ат спорты жарысының жеңімпазы ретінде маршал В.Блюхердің қолынан марапат алды. Ол тұста бүкіл КСРО әскери құрамында бес маршал ғана болғаны анық. Бауыржан Момышұлы сол бес маршалдың біреуі В.Блюхердің қолынан арнайы марапат алған.

Момышұлы 1941 жылдың басынан Қазақ КСРІ әскери комиссариатында аға нұсқаушы қызметін атқарып жүрген кезінде-еріктілердің бірі ретінде батальон командирі дәрежесінде 316 атқыштар дивизиясының құрамында Ұлы Отан соғысына-майданға аттанды.

1942 жылы И.Панфиловтан кейінгі сегізінші атқыштар дивизиясының командирі генерал И.Чистяковпен тізе қоса қан майданды бірге кешті.

Генерал - полковник Кеңес Одағының батыры Чистяков Иван Михаилович Бауыржанға былай деп мінездеме береді. «Ол қазақ ұлтынан шыққан, алған бетінен қайтпайтын, қатал мінезді, сымбатты келген жас командир болатын».

Ал генерал Панфилов болса Момышұлының батальонын өзінің резерві етіп ұстап, оны ең қиын - қыстау жерлердегі ұрыстарға жіберіп отырған. Соның бәрінде де батальон үздіксіз жеңіске жетіп отырды. «Ол шыншыл еді. Қанша қиын болса да, тіпті өзіне содан зиян келсе де, тек қана шындықты айтатын. Және де өзінің бағыныштыларынан соны талап ететін».

Бауыржан Момышұлының қаһарман командир ретіндегі атақ-даңқы,әсіресе,фашистер КСРО астанасы-Москваны басып алу үшін барлық қарулы күштерінің негізгі тобын шұғыл шоғырландырып, Волоколам, Старая Русса-Холм бағыттарында жанталаса ұмтылған кезеңде 1941 жылдың аяғы мен 1942 жылдың алғашқы айларында бүкіл елімізге әйгілі болды. Сол кездерден бастап барлық Кеңес баспасөзі қазақ халқынан шыққан қайтпас, қайсар қолбасшы туралы тоқтаусыз жазатын еді.

Куба саяхаты жазушының өміріндегі ең зерделі сапары болып есептелінеді. 1959 жылы Куба революциясы жеңіске жетіп , Америка континентіндегі алғашқы социалистік мемлекет ретінде қалыптасып жатқан тұста Б.Момышұлы Куба мемлекетінің басшысы Ф.Кастроның арнайы шақыртуымен бір айға жуық сол елді аралап қайтып , өзінің « Куба әскерлері» деген атпен сапарнамалық шығармасын жарыққа шығарды.

Ұлы Отан соғысы кезінде ұрыс жүргізудегі әскери шеберлігімен, тапқырлығымен және жеке басының ерен ерлігімен ерекше көзге түсті, қаһармандық даңқы аңызға айналды.

1952 жылы Кеңес Армиясы Бас Штабының жанындағы Жоғарғы әскери академияны бітірді. 1956 жылға дейін әскери академияда сабақ берді.

Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, 1-дәрежелі Отан соғысы,2 рет Қызыл Жұлдыз, «Құрмет белгісі» ордендерімен, медальдармен марапаттатталған.

1941-1942 жылдары Москва үшін шайқаста генерал К.Рокоссовский басқаратын 316 атқыштар дивизиясы небір қантөгіс майданды басынан өткізді. Дивизия құрамындагы 1-атқыштар батальонын аға лейтенант Бауыржан Момышұлы басқарды. Бауыржан Момышұлының басқаруымен батальон техникадан « бес қаруы сай» тұрған фашист әскерлеріне біресе тура қасқа маңдайдан, біресе ту сыртына шығып кетіп,тылдан өлтіре соққы берді. 1941 жылдың қазан-желтоқсан айларында Москваны фашистерден құтқарып қалу үшін 16Армияға қосымша көмекке 20-Армия, кейіннен 1-ші Екпінді Армия келді.

Қан майданның барлық кезеңдерінде де Бауыржан Момышұлы басқарған 1-батальон айрықша қаһармандық көрсетті. Әсіресе,сол жылдың 16 қазаны күні Волоколам қаласынан 7 шақырым жердегі Дубосеково разъезінде болған сұрапыл шайқаста 28 панфиловшы жауынгер мерт болды. Батальон командирі Бауыржан Момышұлы да өте көп жауынгерлерінен айырылды. Сөйтсе де фашистердің омыртқасы қатты опырылды...

Екінші дүниежүзілік соғыста адам мен техниканың бар мүмкіндігін барынша сарқа пайдаланған бұл қырғын « Волоколам тас жолы » атанып, мәңгілік тарихта қалды...

Бауыржан Момышұлы жау шептеріне ішкерлей еніп ұрыс жүргізу теориясын соғыс тәжірибесінде алғаш қолданушылардың және оны дамытушылардың бірі болды.

Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарында. Жас сардар Бауыржан Момышұлы Мәскеу түбінің қалың қарына малтыға жүріп,бес рет қоршауды бұзып, жалпы саны 207 рет қол бастап, ұрысқа кіріп, 27 рет әскери ғалымдардың айтуынша,соғыс тарихында болмаған тактикалық жаңалық жасады. Командир Бауыржан Момышұлы жетік стратег, асқан тактик болумен қоса, сұңғыла психолог та еді.

Бауыржан Момышұлы өмірбаянының осы ең жауапты кезеңінде Мәскеу түбіндегі шайқас ерекше орын алады.

1941 жылы қазанның он бесі күні таң атар атпастан панфиловшылардың И.В.Капров басқарған 1073 полктің қорғаныс шебіне фашистер шабуылын тынымсыз қайталай берді. Алған жолынан ,айтқан сөзінен қайтпайтын қайсар командир Бауыржан роталардың соғыс қимылын жаңа тактикаға жанастыра отырып ,операцияны орынды басқара білді.

Осы күндердегі арпалыс күндерінде жауға қайсарлықпен қарсы тұрып ,майдан даласында ерлік көрсеткендердің ішінде Қ.Шәріпов, Р.Жанғозин, Б.Жетпісбаев, М.Әлімжанов, Д.Снегин, Е.Таймасов, Т.Ахтановтардың ерлігі бір төбе.

Алайда аласапыран қысылшаң жағдайға ұшыраған кейбір полктердің батальон,роталарымен байланысы үзіліп ,жауынгерлердің қай жерде ,қандай халде екенін білу қиынға соқты. Сондай жағдайға ұшырағандардың бірі -Бауыржан басқарған бірінші батальон еді.

Баукең енді шегінудің нақты жоспарын жасады. Батальонның алдында жүретін он бес адамнан құрылған барлаушы қойып,взвод-взводпен бөлек-бөлек болып, бірінің ізімен бірін жүргізе жылжуды ұйғарды. Батальон алдындағы барлаушыларды аға лейтенант Рахимов пен саяси жетекші Мұхаметқұл Сләмқұлов басқарды. Күндіз жау көзіне түспеу үшін жауынгерлеріне түнделетіп жүруді бұйырды. Күндіз қалың тоғайда тыныстап,түнде барлаушылар арқылы белгіленген бағытпен сақтана жүріп отырды. Қалың қарағайлы тоғай іші қар. Жауынгерлер шаршады. Әйтсе де табанды төзімділік көрсеткен батальон екі күннен кейін Новлянск пен Ивановск деревняларыныі аралығынан шықты.

Барлаушылардың айтуынша, осы Ивановск деревнясында панфиловшылардың 1075 -полкінің бірінші батальоны тұрады екен. Бұлар әлі шайқасқа қатыспапты. Әдісқой, тәжірибелі командир И.В.Панфилов бұл полкті уақытша әдейі резервте ұстап тұр екен. «Б.Момышұлы басқарған батальон түгелдей жау қолынан қаза тауып ,жойылып кетті» деген лақапты естіген олар түгелдей аман оралған жауынгерлерді зор қуанышпен қарсы алды.

Бауыржан бастаған батальон жауынгерлерін көргенде И.В.Панфилов қуанғаннан көзіне жас алды. Иван Васильевич көптен көрмеген бауырын кездестіргендей Бауыржанды қаусыра құшақтай алып ,бетінен сүйіп:

« Жарайсың, сұңқарым !» деп арқасынан қақты.

Кеңес әскерлерінің 1942 жылғы қаңтар-ақпан айларындағы ұрыстарында 8- гвардиялық дивизияның Бауыржан Момышұлы басқарған полк жауынгерлері ерекше көзге түсті. Дивизия екі ай ішінде батысқа қарай 500-600 шақырым алға басып, фашистердің мыңдаған солдаты мен офицерін қырды, көптеген техникасын жойып жіберді.

Бауыржан Момышұлының қатардағы жауынгерлер жайлы айтқан небір қасиетті сөздері халқымыздың есінде. Даңқты қолбасшы солдаттың мінез-құлқын, парасатын, ел үшін шыбын жанын қиятын ерлігін керемет білген. Соның арқасында оларды ерлік жеңістерге бастап, жігерлендіріп отырған.

Бауыржан Момышұлы соғыс жылдарында адуынды да қатал әскери басшы болып қана қойған жоқ ,сонымен қатар қарамағындағы жауынгерлер мен офицерлердің ақылгөй жетекшісі ,зерделі де білгір, байыпты да мейірман тәрбиешісіде бола білді.

Бауыржан Момышұлы - әскери педагогика мен әскери психологияны байытушы баға жетпес мұра қалдырған дара тұлға. Оның атақ, даңқы,батырлығы А.Бектің «Волоколамск тас жолы» атты кітабында суреттеледі. Кітап неміс,чех,еврей,ағылшын,француз, т.б. шет ел тілдеріне аударылды.

Соғыстан кейін Бауыржан Момышұлы Совет Армиясы Бас штабының Жоғары әскери академиясын бітіреді. Әскери - педагогикалық жұмыспен айналысып, Совет Армиясы әскери академиясында сабақ береді. 1956 жылы полковник атағымен отставкаға шыққан Бауыржан біржола шығармашылық жұмыспен айналысады.

Соғыс кезінде Бауыржан Момышұлы наградаға ұсынылды.Онда «Майор Момышұлы Кеңес елінің намысы мен тәуелсіздігін қолына қару алып қорғаған қазақ халқының адал ұлы. Осы халықтың ең таңдаулы өкілдерінің бірі ретінде біз оны наградаға ұсынамыз» делінген.

Мінездеме жөнінде сұралғанда Бауыржан: «Білмеймін. Мен награда қуғаным жоқ. Ешкімнен награда сұрағаным жоқ. Мен өзімнің солдаттық, азаматтық борышымды адал атқардым. Мен награда үшін емес, еліміздің тәуелсіздігі, халқымыздың намасы үшін соғыстым» делінген.

Бауыржан бірнеше орден,медальдармен наградталады, Кеңестер Одағының батыры атағын алады. Алайда халықтың өзі батырым деп танып ,ардақтаған қаһарман ұлына бұл атақ Отан соғысы біткеннен кейін жарты ғасырдай уақыт өткенде барып берілген болатын.

Ел тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті Н.Назарбаевтың жарлығымен оған « Халық қаһарманы » деген атақ берілді.

Бауыржан Момышұлы 1982 жылы қайтыс болған.

Гвардия полковнигі Бауыржан Момышұлының 1990 жылдың 12 желтоқсанында туғанына 80 жыл толуына орай Кеңес Одағының Батыры деген жоғары атақ берілді. Б.Момышұлының «Әділет қашанда жеңеді ,ол кешіксе де келмей қоймайды» деген сөзі шындыққа айналып ,ел тілегі орындалды.

Арын жалау етіп, жанын жалау етіп жауға аттанған ел ұландары Отанымыздың байтақ жерін қорғады, айдын көлін қорғады, халқымыздың өмірін қорғады, өзі туған өңірін қорғады, ақ сүт берген анасын қорғады, ақ самал ескен даласын қорғады, пәк күлкі шашқан баласын қорғады, парасатты данасын қорғады. Осы әділет жолында қасық қанын қиып ұрыс даласынан қайтпай қалған қаһармандар қаншама.

Солардың қасиетті рухы бүгінгі бейбіт тірлігіміздің нұрындай мәңгі шуағын шашпақ.

«Ұлылыққа тек ұлы адамдар ғана бас иеді. Бұл да ұлылық» дейді Бауыржан ата. Ендеше біз де Бауыржан ата ерлігіне бас иеміз.







Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:


Қазақстан мектебі. № 5 - 6. Алматы. 2005 жыл. 16 бет.

Тайшыбаев К. Елге мұра, ұрпаққа үлгі ерлік ; «Атырау облысының Ұлы Отан соғысындағы жеңіске қосқан үлесі » \\Жалын. № 9-10. 1996 жыл. 223-227 бет.

Әбжанов К. Қазақстандықтардың жеңіске қосқан үлесі: Қазақ халқы екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында \\ Қазақ тарихы . №4. 1996 жыл. 43-46 бет.

Кривощеков Л. Жеңіс көктемі: «9 мамыр - Жеңіс күні» // Қазақ әдебиеті. № 18. 1997 жыл. 4 бет.

Алексеев С.П. Қаһармандар: Ұлы Отан Соғысы тарихынан хикаялар. Ауд. Б.Бабақов. Алматы. Жалын. 1987жыл. 336 бет.

Мекемтас Мырзахметұлы. «Қаһарман Бауыржан Момышұлы». 2008ж.







© 2010-2022