Студенттерге тіл мәдениетін қалыптастырудың тиімді жолдары

Раздел Русский язык и Русская литература
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Экономика және ақпараттық

технологиялар колледжінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы

Нуржанова Гульзада Амангелдіқызы


Студенттерге тіл мәдениетін қалыптастырудың тиімді жолдары.

Адамның ой-өрісін, мәдени дәрежесін, ақыл-парасатын, рухани байлығын көрсететін айна- ол - тіл. Тіл- қарым-қатынас құралы. Тіл мәдениетінің өзектілігі әрқашан ескеріліп, қай халық болса да бұл мәселені айналып өткен емес. «Өнер алды - қызыл тіл» деп қазақ халқы да сөйлеу шеберлігіне үлкен мән берген.

Көптеген ғылыми-педагогикалық әдебиеттерді, мерзімді баспасөз ақпараттарын қарастыра келе, бүгінгі күнгі оқушылардың сөз саптау мәселесіне көңіл аударарлық. Көпшілігінің тіл мәдениеті төменгі деңгейде деп айтсақ, артық айтқандық емес. Көбі өз ойларын дұрыс, түсінікті етіп жеткізе алмайды, басы артық бос сөздерді көп қолданып, ойын шашыратып жібереді. Кейбірі орысша сөздерді қосып, араластыра сөйлесе, бірі жаргонмен, диалектілермен сөйлегенді сән көреді.

Бүгінгі таңда, біздің өзекті мәселеміздің бірі - студенттердің тіл мәдениетін көтеру, сауатты жаза алатын, өз ойын айқын жеткізе алатын азамат тәрбиелеу.

Қазіргі заманымызда қойылған басты талаптардың бірі - өмірден өз орнын таңдай алатын, өзара қарым-қатынаста өзін еркін ұстап, кез-келген ортаға тез бейімделетін, белгілі бір ғылым саласынан білімі мен білігін көрсете алатын, өз ойы мен пікірін айта білетін мәдениетті жеке тұлға қалыптастырып, тәрбиелеу. Студенттердің жеке тұлға болып дамуы мен алған білімін іске асыруда әр мамандық бойынша сөйлеу тілін, әрекетін, тіл мәдениетін, әдебін қалыптастыру- педагогиканың өзекті мәселелерінің бірі болып табылады.

Оқушыларды осы бағытта тәрбиелеудің теориялық-практикалық мәнін қарастыру арқылы, негізгі міндеттері туындайды:

- тіл мәдениеті ұғымына ғылыми түсінік беру;

- оқушы жастардың тіл мәдениетінің төмен болуының себептерін саралау;

- тіл мәдениетінің жоғары болуына қойылатын талаптарды айқындау;

- тіл мәдениетін қалыптастыру жұмысының негізгі бағыттарын анықтау;

- оқушыларды тіл мәдениетіне тәрбиелеудегі дидактикалық, әдістемелік ұстанымдарды негіздеу;

- Студенттерді тіл мәдениетіне оқытуға бағыттау;

Студенттердің тілін ұстарту міндетін жүзеге асырудың амал-тәсілдерін қарастырумен қатар, тіл мәдениетіне тән нормалар студенттердің таза, нақты, лайықты әдеби тілмен сөйлеуге, диалект сөздер мен дөрекі сөздерді қолданбауға, сөйлеген сөздері жатық, әсерлі, түсінікті болуын күнделікті сабақтарда қадағалап, сонымен қатар, олардың мәнерлеп оқуын, сондай-ақ өз ойларын логикалық тұрғыдан байланыстыра алатын, жүйелі жазу дағдыларын қалыптастыру керекпіз.

Студенттердің тілінде болатын кемшіліктердің себептері:

1. Көркем әдебиет оқуға деген қызығушылықтарының төмендігі бәрімізге мәлім, көркем әдебиетті аз оқитын адамның сөздік қоры аз болады, соған орай олардың сөйлеу мәдениеттілігі мен өз ойын логикалық баяндауы да төмен екендігі байқалады;

2. Мәдени орталықтарға аз баруы;

3. Ата-аналар балаларының тіл мәдениетіне жете мән бермеушілігі;

4. Тілдік ортаның әсері;

5. Отбасы тәрбиесінде ұлттық педагогиканың, халық ауыз әдебиеті үлгілерінің тар шеңберде қолданылуы;

Тіл мәдениетін қалыптастыру тілді оқыту негізінде жүреді. Тілді оқыту - тілдің дыбыстық құрамын, лексикасын, грамматикасын оқыту арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан, оқытуда сөйлеу тілін дамыту тіл білімінің толық саласынан оқушыға білім беру арқылы жүргізіледі. Тіл материалдарын игеру дегеніміз, оны тану ғана емес, сол материалды дұрыс түсіну әрі дұрыс қолдана білу дағдысын игере білу деген сөз. Олай болса, тіл мәдениетін қалыптастыру, тіл дамыту тәсілдері мен әдістері, амалдары мен жолдарын ескере отырып жүргізілуі тиіс,- деп ойлаймын.

Қазақ тілі білімінің ғылыми негіздерімен жан-жақты таныс болып келген жеткіншектің игерген білімдерін біліктілік тұрғысында пайдалануға бағыт берілуі тиіс. Осы жағдайларда ғана студенттердің жеке адами қасиеттерін, тілдік бейімділік қабілеттерін арттыруы байқалады.

Студенттердің қабілеттерін арттыру жолындағы бағыттар:

Біріншіден, бүгінгі заман талабы іскер, белсенді, қандай жағдайда да өздігінен жол таба білуге бейім адам немесе маман тәрбиелеуді қажет етіп отыр. Сондықтан, жоғары сатыдағы студентке тілдің танымдық сипаты мен коммуникативтік қызметіне сай таңдаған кәсібінің маңыздылығын және өмір тіршілік-жағдайларын ескере отырып, жан-жақты меңгерудің тиімді жолдарын үйретуді көздейміз.

Екіншіден, тіл - адам санасында шындықты бейнелеу мен жинақтау құралы болғандықтан, ол адамдардың интеллектуалдық ой-өрісін дамыту әрекетін қалыптастыруымыз керек.

Үшіншіден, бүгінгі білім мазмұнындағы түбегейлі бетбұрыстар студенттерге теориялық терең мағлұмат берумен қатар, баланың өзіндік көзқарасы мен дүниетанымын қалыптастыруға қарай бейімделіп құрылуы тиіс деген қағиданы берік ұстау қажет,-деп санаймын.

Төртіншіден, жаңа білім мазмұнында ұлттық дәстүр мен жалпы адамзаттық құндылықтардың бір-бірімен түйісіп, өзара сабақтасып берілуі де маңызды талаптардың бірі болып саналады. Соның нәтижесінде оқушының өз тіліне деген құрмет сезімдерін ояту мақсат негізге алынуы керек.

Бесіншіден, ана тілін оқытудың мәні мен әлеуметтік қызметі - тілдің табиғи қызметі қарым-қатынас құралы яғни сөйлеу әрекетін дамыту арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

Міне, осы қағидаларды топтастыра отырып, тіл мәдениетінің мақсаты - ана тілінің тарихы мен шешендік өнердің алуан сипаттары туралы мағлұмат негізінде оқушылардың сөз мәдениетін жетілдіру, тілді әлеуметтік қызметіне сай орынды жұмсай білуге үйрету, интеллектуалдық қабілеттерін арттыру болып айқындалады.

Қорытындылай келе, қазақ тілі сабақтарында тіл (сөйлеу) мәдениетіне тәрбиелеуде ұстанатын жолдары:

- сөйлеу мәдениеті негіздерін меңгерту;

- сөз қолданудың ұлттық дәстүрлерін жаңғырта отырып, сөз әдебінің нормаларын меңгеру;

- іс-қағаздары үлгілерін сауатты жазуға дағдыландыру, жазба тіл мәдениетін қалыптастыру;

- қарым-қатынас түрлерінің сөз мәдениетімен, стильмен ара қатынасын таныту;

- шешендік өнердің мәні мен тарихы туралы мағлұмат беру;

- шешен сөйлеуге төсемді әлеуметтік-тілдік дағдыларын қалыптастыру;

- пікірталас түрлері, олардың маңызы туралы білім беру;

- оқушыны пікірталас мәдениетіне баулу;

- ұлттық көркем сөз нормаларын меңгерту .

-оқытудың, білім берудің тіліне, сөйлеу мәдениеті деңгейін көтере отырып, жеке тұлғалық мәдениетін қалыптастыру,- деп санаймын.

«Қазақстанның болашағы қазақ тілінде» - деп Елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқандай Қазақстанды дамыған өркениетті отыз елдің қатарына енгізетін біздің болашағымыз -бүгінгі жастар. Олардың міндеті елінің намысын қорғап, оны әлемге таныта білу. Әлемге таныту үшін әр жас өз елінің тарихын, тіл мәдениетін жетік білуі керек.

Пайдаланған әдебиеттер:

1. Балақаев М. Қазақ тілінің мәдениетінің мәселелері / М.Балақаев.

Алматы:Қазақстан,1965.-186 б.

2. Сыздық Р. Тіл мәдениеті және оның проблемалары / Р. Сыздық

// Тілдік норма және оның қалыптануы.-Астана: Елорда,2001.- 230 б.

3. Балақаев М., Серғалиев М. Қазақ тілінің мәдениеті: Оқулық

/ М.Балақаев, М. Серғалиев.-Алматы:Зият Пресс,2004.-140 б.

4. Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы.


© 2010-2022