Доклад на тему: Киіну мәдениеті

Раздел Русский язык и Русская литература
Класс 8 класс
Тип Рабочие программы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Киіну мәдениеті немесе ХИЖАБтың ар-ұятпен байланысы

Киім кию адамның сыртқы дүниесіне ғана байланысты мәселе емес екені ертеден мәлім. Адамның киген киімі оның ішкі дүниесінен хабар беріп тұратыны анық. Есі түзу адамның тойға киетінін қойға, қойға киетінін тойға кимейтіні де бесенеден белгілі. «Адам көркі шүберек», «Киіміне қарап қарсы алады, ақылына қарап шығарып салады» деген мақалдар да біраз жайдан хабар бергендей. Дүниеде әр халық пен қауымды басқа халықтардан ерекшелеп тұратын нәрселері тілі мен дінін айтпағанда: салт-дәстүрі, ішер асы мен киер киімдері сияқты нәрселер. Осыған байланысты пайғабарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, «Кім бір қауымға ұқсаса (еліктесе) ол - солардан» дейді. Яғни, осы дүниеде кім бір қауымға еліктесе, Қияметте ол солармен бірге тіріліп, солармен бірге болады. Бірақ жастарымыз, жастар ғана емес кейбір жасамыстарымыз да жаһанданудың «жемін» жеп, қағынан жерініп, ұлтсыздануға ұрынып, америкалануға аңсары ауып, батыстануға бүйректері бұрылып жүр. Жаһанданудың жеткізген тағы бір «жетістігі» - жастарды жалаңаштануға жетелеп желіктіріп жүр. Сондықтан америкаланған, жаһанданған жастар мейлінше ойын да, бойын да ашық көрсетуді ерлік санайтын сияқты. Осының кесірінен жылдан жылға жалаңаштанудың жаңа үлгілері «жетіле» түсуде. Қыздарымыз кіндігін ашып қана қоймай, кіндігіне жылтыратып сырға тағып қоятын болды, жеңіл жүрісті жезөкшелер ғана киетін киімдер әр үйдегі қыз-келіншектердің күнделікті көшеге киетін киіміне айналып, үйреншікті болып бара жатқаны үркітеді. Киімнің негізгі міндеті аты айтып тұрғандай адамды киіндіруі тиіс болса керек. Ал қыздарымызды киіндіруден гөрі шешіндіруге көбірек қызмет ететін «киімдер» бұл күндері қала қыздарын қамтып қана қоймай, ауылдарды аралап кеткелі қашан?!.

Жалпы адам баласында туа бітті ұят деген қасиеттің болатынын білеміз. Оның ақиқаттығына есі кірмеген баланың ұялғанын көргенде толық көзіміз жетеді. Есі кірген сайын ұят ұғымы санада сақталып, жүрекке жинақталып, адамның арлы болуына апаруы тиіс. Осы ұят деген қасиет адамды көптеген жаман қылықтарға жібермей ұстап тұратын тізгін сияқты. Бойында ұялу қасиеті жоқ адамды халқымыз «арсыз» деп қатты жазғырады. Ал пайғабарымыз, оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын, бір хадисінде: «Ұят пен иман егіз нәрсе, бірі кетсе екіншісі де жоқ болады» десе, басқа бір хадисте «Ұялмасаң қалағаныңды істе» дейді.

Осы ұялудың бір көрінісі - адамның ұятты жерлерін жауып, дұрыс киініп жүруінен көрінеді. Ал шариғаттың шарты бойынша ұятты жер (ғаурат) еркектерде кіндік пен тізенің арасы болса, әйелдерде беті, қолының басы мен аяғының тобықтан төменгі бөлігінен басқа барлық денесі. Бұл ұятты жерді есі кіріп, балиғат жасына (12-13 жас) толғаннан бастап ешкімге көрсетуге болмайды. Тек үйленген соң некелі жарына ғана толық ашуға құқысы бар. Қыз бала, әйел адам үйде болғанда орамалын шешіп, жеңіл-желпі үй киімімен жүруге рұхсат етіледі. Ал көшеге шыққанда Алла Тағаланың бұйрығына сәйкес жабық болып шығуы керек.

«Мүмин әйелдерге де айт: (Бөгде ерлерден) көздерін сақтасын. Сондай-ақ әдеміліктерін көрсетпесін. Бірақ олардың өздігінен көрінгендері басқа (беті, қол-аяқтары). Және орамалдарын омырауларына түсірсін. Әдеміліктерін көрсетпесін. Бірақ, ерлеріне, әкелеріне, қайын аталарына, өз ұлдарына, өгей ұлдарына, аға-бауырларына, олардың ұлдарына, әпке-сіңілдерінің ұлдарына, мұсылман әйелдерге, қолдарындағы күңдеріне, әйел керек қылмайтын қызметшілерге немесе әйелдердің ұятты жерлерін білмейтін балаларға көрсетулеріне болады. Және де көмескі әдеміліктерін басқаларға білдіру үшін аяқтарын ұрып жүрмесін. Әй мүминдер! Түгел Аллаға тәубе қылыңдар! Әрине құтыларсыңдар». Нұр сүресі, 31-аят.

«Әй пайғамбар! Жұбайларыңа, қыздарыңа және мүмин әйелдерге айт: «Үстеріне бүркеншіктерін орансын. Бұл олардың танылуларына, сондай-ақ кейітілмеулеріне жақынырақ. Алла аса жарылқаушы, тым мейірімді». Ахзаб сүресі, 59-аят.

Халқымызда «Ес біліп етегін жапты», «Есті қыз етегін қымтап ұстайды» деген сияқты мақалдар бар. Бұл екі мақалдың өзінен халқымыздың ұлт болашағы болып табылатын келешек аналар - қыз баланың тәрбиесіне қатты көңіл бөлгенін байқауға болады. «Қызым үйде, қылығы түзде», «Қызға қырық үйден тыю» деген мақалдардың өзі есті адамға талай нәрсені аңғартқандай. Ал қазіргі жастардың түсінігінде ұялу деген керегі жоқ, адамды артта қалуға, көп нәрседен құр қалуға душар ететін құбылыс. Ұяңдықты бейшаралық деп қабылдайтын жастардан болашақта ұлтжанды, иманды азамат күту қиындау сияқты.

Дегенмен жастардың бәрі батыстың бастауынан сусындап жүр десек ақиқатқа қиянат жасаған болармыз. Өйткені, осы күні Құраннан қуат алып, Сүннетке сүйеніп, ата дініміздің ақиқатын ақылына азық еткен, мешіттерге бет бұрған иманды да ибалы жастарымыз да баршылық. Бес уақыт намазын қаза жібермей, діннің талаптарына сай өмір сүруге үлкендерге қарағанда жастар көбірек көңіл қойып, белсенділік танытып жүргенін көзі ашық жұрт көріп жүр. Өкініштісі сол, жақсылыққа жаршы болған жастарды қолдағанның орнына кеңестік тәрбиенің тәлімдері таңдайынан кетпей жүрген кейбір кісілер оларды кемсітіп, соңдарына шам алып түсуін қояр емес. Орамал таққан қыздарды отты тілдерімен тілдеп, имандылыққа бет бұрғандарды «бейшаралар» деп санайтындар Құдайдан қорықса етті! Олар отпен ойнауға болмайтынын ойламайтын сыңайлы. Отпен ойнау дейтініміз Алла Тағала өзінің әмірлеріне қарсы шығушыларды тозақта отпен азаптайтынын айтады. Ал орамал тағу Алла тағаланың бұйрығы. Оған қарсы шығу Алла Тағалаға қарсы шығу деген сөз. Көктер мен жерді, ол екеуінің арасындағы жанды, жансыз барлық нәрсені жаратқан, бізді де жаратып жан берген, жұтқан ауамыз бен ішкен-жеген ас-суымызды беріп тұрған, денсаулық берген, ауырсақ шипа беретін, қиналғанда құтқаратын, ажалымыз келгенде кеудеміздегі шыбын жанды алатын, әміріне қарсы келсек тозаққа салатын Жаратушымызға қарсы шығуға қаншалықты құқығымыз бар?!.

Атазаңымыз азаматтардың діни сенім бостандығына кепілдік береді. Ал зайырлы боламыз деп зар қақсаған зиялылар орамал тағуға қарсылық білдіруде. Имандылыққа бет бұрып, арын сақтауға тырысқан қыздарды қудалау аяқталар емес. Сонда иманжүзділермен күрескендегі мақсатымыз оқу орнында жүріп жүкті болып қалатын, арақты суша сіміретін, аузынан шығатын үш сөздің екеуі боғауыз, Құдайдан қорықпайтын, болашақ жемқорларды дайындау ма?!. Керісінше, ондай опасыздардан құтылудың жолын таба алмай дал болып отырған жоқпыз ба?!. «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілу керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі» деп әлемге танымал Әл-Фараби бабамыз айтқан еді. Бір түсініксізі қыздардың қысқа киінуіне, боянуына демократиялық құқығы бар да, ал орамал тағуға келгенде сол демократия демалысқа кеткендей жоқ болатыны қалай? Заңгерлер орамал тағуға тыйым салатын заңның жоқтығын айтып дабыл қағуда.

Кезінде Кеңес өкіметінің сойылын соққан сабаздар сол кезде ол өкіметтің келмеске кететінін білмегені аян. «Құдай жоқ» деп қақсаған қызыл өкіметтің өкілдері кеңес өкіметі келмеске кеткен соң бұл күндері тәубесіне келіп, Жаратушыға жалбарынып жүрген жағдайы бар.

Алла өзгермес адамзат күнде өзгерер - деп Абай атамыз айтпап па еді?!.

Жас қартаймақ, жоқ тумақ, туған өлмек,

Тағдыр жоқ өткен өмір қайта келмек.

Басқан із, көрген қызық артта қалар,

Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек - деген де сол дана бабамыз.

Келесі жылы Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалық етсек, одан кейінгі жылы Ислам конференциясы халықаралық ұйымына төрағалық етпекпіз. Дүние жүзі бізді демократиялық ел деп европалық ұйымды басқаруды сеніп тапсырса, мұсылман әлемі бізді мұсылман мемлекеті деп Ислами ұйымды басқаруды сеніп тапсырып отыр. Бұл екеуі де оңайлықпен келмегені түсінікті. Осындай мәртебелі істі абыроймен атқаруға кейбір кеңестік тәрбиені көзсіз сүйетін кісілердің кесірі тиіп жүрмесін.

«Құдайдан қорықпағаннан қорық» деген екен аталарымыз. Даналығымен, ерлігімен Алладан басқа ешкімге құл болмай еркіндікті аңсап өткен бабалардың бүгінгі ұрпағы аталарының әруағын сыйламай ма? Зайырлымыз деп жүрген сол аға-апаларымыз әкесі мен шешесі немесе ата-әжесі өмірден өтсе жаназасын шығартпай ма, артынан Құран оқытпай ма? Өзінің де өмірден өтетінін, Жаратушы алдында әр ісі мен сөзіне жауап беретінін білмей ме?!. Байлық пен билікті қолдың кірі деп білген бабаларымыз мәңгілік құндылықтарды дүниеге айырбастамаған болатын. Олай болса зайырлымыз деп өрекпіп аталарымыздың аңсап кеткен тәуелсіздігімен бірге дініміз бен тіліміз ортамызға оралғанда опасыздықтан опық жеп жүрмейік.

© 2010-2022