«МӘҢГІЛІК ЕЛ»- СТРАТЕГИЯЛЫҚ ТАРИХИ ҚҰЖАТЫН ОРТА МЕКТЕПТЕ ДӘРІПТЕУДІҢ МӘНІ, ҚАЖЕТТІЛІГІ МЕН МАҢЫЗЫ

Раздел Обществознание
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

«МӘҢГІЛІК ЕЛ»- СТРАТЕГИЯЛЫҚ ТАРИХИ ҚҰЖАТЫН ОРТА МЕКТЕПТЕ ДӘРІПТЕУДІҢ МӘНІ, ҚАЖЕТТІЛІГІ МЕН МАҢЫЗЫ

Асанбекова Гүлмира Сағатқызы

Ы.Алтынсарин атындағы №159 гимназияның

тарих және құқық пәндерінің мұғалімі

Алматы қаласы

Мен тарих пәні мұғалімі ретінде «Мәңгілік Ел» сөзін аяқ астынан пайда болды деп ойламаймын, ол біздің алып тамыры тереңде жатқан түп, төл тарихымыздан алынды. Оны дәлелдеп жатудың да қажеті жоқ. Десе де, бірер пікірді алға тастап, айтқанымызды бекемдеп алсақ. Мәселен, белгілі түрколог ғалым, тарихшы Қаржаубай Сартқожаұлы «Бұл, әрине, тектен-текке шыққан дүние емес. Кезінде Түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк абыз негізін қалаған идея» дейді[1].
Бұл тарихи асыл мұратты Ел Президенті дөп басып айтты. «Біз үшін ортақ тағдыр - бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел -жалпықазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы» деді[2]. Президенттің Жолдаудағы айтқан мазмұнды, мағыналы сөздеріне үңілетін болсақ, «Мәңгілік Ел» - біздің ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы екеніне көзімізді жеткізеді. Осы қазақ елінің ұлттық идеясына нелер жатады, ол қандай болуы қажет деген сұрақтар ара-кідік баспа беттерінде айтылып, жазылып, талқыланып жүрді. Біз болашағымызға бет бұрар бағдар, елді ел етіп, ұлтты ұйыстыратын, халықты ұлы мақсат-мұраттарға жетелейтін идеяның қажет екенін және соның мезгілі жеткенін іштей мойындап та жүрдік. Енді міне, ойдан ой туып, әркімнің көкейінде жүрген арман-мақсатты Елбасымыз «Мәңгілік Ел» идеясына тоғыстырды. Әрине, халқымыз тәуелсіздік алғалы бері өзінің ой-арманын жүзеге асырып, мақсат еткен мұраттарына қол жеткізе бастады. Ең бастысы-тәуелсіз ел болдық, еліміздің жүрегін, тәуелсіздігіміздің тірегін тұрғыздық. Енді қазақ ұлтының ғұмыры мәңгі болуы үшін, келешек ұрпақтың баянды болашағын қамтамасыз ету үшін ұлы істерді белгіледік. Келер ұрпақ-ол қазақ ұлтының туған перзенті, «Мәңгілік Ел» идеясы сол перзент үшін нағыз ұлттық идея, стратегиялық түп қазық болуы тиіс. Бір кездерде дүркіретіп билік құрған Көктүріктер империясы ту еткен, Тоныкөк негізін қалаған, ұлы Шыңғыс хан империясының атына айналған Мәңгі ел құндылығы бүгін, міне, осылайша Қазақстан мемлекетінің түп қазығы - ұлттық идеясына айналды.

Алайда айтылғанның бәрі бірден ақиқатқа айналып шыға келеді деу қисынсыз. Ата-бабаларымыздың ғасырлар бойы жинаған құндылығын бір сөзбен немесе жәй ауызбен айту мүмкін емес. Оған барынша адал, әрі шын жанашыр болып, ұлттық идеяны қайраткерлікпен, тектілікпен іске асыру біз үшін маңызды мәселе.

«Мәңгілік ел» идеясына сын көзбен қарап, оны кезекті бастамашыл, даңғой ұран, халық алдында кие салатын бетперде ретінде қабылдағандар да болды.
Белгілі қоғам қайраткері М.Жолдасбеков «Біздің тарихтан да, Құраннан да білетініміз мәңгілік тек Аллаға тән. Алладан басқа жер бетінде, аспан астында мәңгі ештеңе болмайды. Бірақ бізге адаспай жүретін идеология керек. Қазақтың ендігі ұлттық идеологиясы осы «Мәңгілік ел» деп ойлаймын»деді[3].

Әрине, 2050 жылы Қазақстан «Мәңгі ел» бола салады деп ешкім кесім жасай алмайды. Елбасыда оны айтып отырған жоқ, ол қазақтың түпкі арманын меңзеп, соған қол жеткізудің жарқын жолы мен оң бағытын ұсынып отыр. Сондықтан, «Мәңгілік Ел» желпілдеген идея, жалған белсенді тәсіл болмауы қажет.
Қазақты сан түрлі ойға жетелеген осы ұғымның сыртқы түр-түсі мен айтылу сипатына көз жүгіртсек, иә, бұл ата-бабалардан жеткен құндылық екен. Қазақстандықтардың, (қазақ ұлтының емес) басын біріктіретін идея екен. Осы арада белгілі ұлт қайраткері Берік Әбдіғали мырзаның мына бір сөзін келтірейік: «Әрбір мемлекеттің идеологиясындағы сүйенетін тұғыры тарих болатыны анық» [4].

Иә, елдік асылымыз ретінде қастерленуге лайық «Мәңгілік ел» идеясы да тарихтан жеткен ұғым. Идеологиямыз да тарихқа қатысты болып отыр. Тарих пен идеология бір-бірімен етене жақын ұғым екен.
«Мәңгілік ел» дейтін ұлы идеяның негізгі қазығы - ұлт тарихына жанын салатын қайраткерлердің нақты, ғибратты, тағылымы мол сауатты әрекеттері мен жолбастар тәуекел бағыттары. Осылай ғана аталған идеяны биікке көтере түсетін ұлтымыздың тілі мен руханиятына дем бере аламыз. Тарихтың тұғырына сүйеніп идеология саласын да салмақты қадаммен жолға бастап нық алға жүре аламыз.

Биылғы Елбасының халыққа Жолдауының ерекше құнды арнасы - Мәңгілік Ел идеясына басым мән берілуі болып отыр. Бұл ретте Елбасы: «Мәңгілік Ел - жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы», - деп түйіндейді[5]. Иә, Мәңгілік Ел - ата-бабаларымыздың ықылым ғасырлардан бергі асыл арманы екені белгілі. Болашағымызға айқын бағыт-бағдар беретін де, ұлтымызды ұжымшылдыққа ұйыстыратын да, межелі ұлы мақсаттарға жетелейтін де осы Мәңгілік Ел идеясы екені анық.

Енді осы Ұлы идеяны орта мектепте қалай дәріптеуге болады? Оны оқушылардың жүрегіне қалай жеткіземіз деген сауалдар төңірегінде ойлана келе, ұстаздардың бұл идеяны терең түсінуі мен оны насихаттаудың оң жолдарын анықтауы тиіс деген шешімге келдім. «Кеңес қылған ел азбас, кеңінен пішкен тон тозбас» дегендей, Елбасымыздың биылғы Жолдауын елдің еңсесін көтерген, елдік идеяларға толы бірегей стратегиялық тарихи құжатын сауатты түрде баланың көңіліне қондырып, зерделі ойға жетелеу керек. Ол үшін белсенді оқу әдістерін- ақпаратты өз бетінше, бастама жасай отырып, шығармашылықпен игеруде оқушылардың оқу үдерісіне толыққанды ойлану арқылы тартылуын көздейтін әрекеттер мен амалдарды қолдана отырып оқыту қажет. Белсенді оқыту әдістеріне дебат, пікірталас, рөлдік ойындар, жобажүргізу, т.б. жатады. Оның тақырыптарын төмендегідей алуға болады:

  • «Мәңгілік Ел - жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы» (дебат өткізу);

  • «Мәңгілік Ел» - ата-бабаларымыздың ықылым ғасырлардан бергі асыл арманы»(пікірталас ұйымдастыру);

  • «Болашағымызға айқын бағыт-бағдар беретін де, ұлтымызды ұжымшылдыққа ұйыстыратын да, межелі ұлы мақсаттарға жетелейтін де - Мәңгілік Ел идеясы» (жоба жасату);

  • ««Қазақстан - 2050» стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» (конференция өткізу);

  • «Ел қуатты болмай, қуаныш тұрақты болмайды» (эссе жаздыру);

  • «Дамыған ел - белсенді де білімді, денсаулығы мықты тұлғалары бар мемлекет» (шығарма жазу);

  • «Тозар елдің жанжалы, озар елдің арманы бітпес» (әлеуметтік жоба жасау);

  • «Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болады, оны ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн!» (брифинг өткізу);

  • «Елбасымыз - қазақ елінің көшбасшы тұлпары» (семинар өткізу);

  • «Тұлпары озған елдің тайы да озар!» (вебинар өткізу).

Бұл идеяны насихаттауда жоғары сынып оқушыларымен (10-11 сыныптар) өткізетін іс-шаралар жүйелі түрде ұйымдастырылса жөн болар еді.

Елбасы Жолдауындағы соны идеялар туған халқының мерейін тасытып, рухын көтеріп, соны серпіліс жасай білді. Күллі дамыған елдердің сапалы да қалыптасқан бірегей білім беру жүйесінің толымдылығына тоқтала отырып, ұлттық білім берудің барша буынының сапасын жақсартуда бізге ауқымды да кешенді істерге бел шеше кірісу қажет екенін көрсетті. Мәселен, бұл орайда мектепке дейінгі білім беру саласына заманауи бағдарламаларды, ұлттық негізде оқытудың тиімді әдістемелерін даярлаудың қажеттігі, сәйкесінше бұған білікті мамандардың керектігі, ал орта білім жүйесінде жалпы білім беретін мектептерді Назарбаев зияткерлік мектептеріндегі оқыту деңгейіне жеткізудің басты назарда ұсталуы болып отыр. Бұған қоса Елбасы Н.Ә. Назарбаев:«Мектеп түлектері қазақ, орыс және ағылшын тілдерін білуге тиіс. Оларды оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеруі болуға тиіс», - деп атап көрсетті [6]. Бұл тұжырымдар ағарту, білім беру саласы мамандарына еселенген зор жауапкершілік жүктері даусыз.

Сонымен бірге, халықтың жаны ана тілінде, ана тіліміз - рухани тірегіміз, Ел Президенті Жолдауда қазақ тілінің бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналғанын, тек соңғы үш жылда мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша аса мол қаржы бөлінгенін айта келе: «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар», - деуі қазақ елінің әр ұланының кеудесін қуанышқа толтырады[7].

Қашанда ел дамуының әр қадамы ғылыми негізді болғанға не жетсін. Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Қазақстан - 2050» стратегиясындағы басты мақсаттарға жетуді көздейтін күллі іс-әрекетіміз негізделер нақтылы қағидаттар сапынан қабылданатын барлық шешімдердің өзара тиімді ашықтықты, қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруды, бүкілхалықтық қолдауды баса атады.

«Мәңгілік Қазақстан» жобасы ел тарихындағы жаңа дәуірдің, кемел де келісті келбетін айшықтап, өтер жолдарды саралап берді деп толық сеніммен айтуға болады. Жолдау «Қазақстан 2050» стратегиясы бойынша 35 жыл ішінде - дүние жүзіндегі дамыған 30 елдің қатарына қосылудың негізгі құжаты саналып, «Мәңгілік Қазақстан» жобасы деп аталуы да әрбір отандасымыздың жүрегіне өз еліне деген мақтаныш сезімін ұялатып және оны орындау жолындағы сенімін нығайтады.

Ең бастысы Қазақстан болашағын - барша халқымыздың, оның ішінде қазіргі жас ұрпақтың, жарқын болашағын құрып, қамтамасыз ету болып табылады. Болашақ жастардікі - оны құратын, әрі дамытатын, сол дамыған елдің жемісін көретін де жастар. Ол үшін басты талап елімізде белсенді де білімді, денсаулықтары мықты жас ұрпақ тәрбиелеп өсіру аға буынның асқақ міндеті болмақ. Қазір барлық дамыған елдерде жоғары сапалы білім беру жүйесі қалыптасқан. Сондықтан да бізге ең бірінші кезекте ұлттық білім беру жүйесін жақсарту, жаңарту қажет.

Қандай да болмасын ауқымды да, келелі жалпы халықтық істерді орындау кім көрінгеннің қолынан келе бермесі ақиқат. Ол үшін халықты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін патриоттық, ұлттық идея керек екені, күмәнсіз шындық. «Ол идея - мәңгілік Ел идеясы» деп көрсетті Елбасымыз[8]. Соның арқасында халқымыз мәңгілік мұраттарына қол жеткізді. «Еліміз тәуелсіздігіміздің тірегі - Мәңгілік Елордамызды қысқа мерзімде тұрғызды. Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры - Ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналды. Ендігі Ұрпақ Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Қазақ Елінің Ұлттық идеясы Мәңгілік Ел»[9].

Мен ой-пікірімді Елбасымыздың төмендегідей ыстық қанатты сөздерімен тәмамдағым келеді. «Қазақстан 2050» - Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, сүйікті халқым! Әр бір күніміз мерекелі, әр бір ісіміз берекелі болсын! Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын! Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Жасай берсін Елдігіміз Мәңгілік!»[10] Сонымен бірге, Елбасы: «Мәңгілік Ел - ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман - әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман - тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық», - деді Н. Назарбаев[11].

Қорыта келе, «Мәңгілік Ел» идеясын орта мектепте дұрыс дәріптеп, оны оқушылардың арасында насихаттаудың мәні мен маңызы зор, себебі, осы ұлттық идеяны келешекте жүзеге асыратын бүгінгі мектептегі білім мен тәрбие алып жатқан жас өркен-жас ұрпақ.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қ.Сартқожаұлы «Этнокультурный связь древно-тюркского-уйгурского каганата» Алматы, 1988,76 б;

  2. Ел Президенті Н.Ә.Назарбаев, Қазақстан халқына Жолдауы, А, 2013 ж

  3. М.Жолдасбеков «Президент және халық» газеті, №28, 2013;

  4. Б.Әбдіғали, strategy2050.kz

  5. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 17 қаңтар

  6. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 17 қаңтар

  7. ҚР Президентінің ресми сайты: akorda.kz index php;

  8. ҚР Президентінің ресми сайты: akorda.kz index php;

  9. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 17 қаңтар

  10. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. 2014 жылғы 17 қаңтар

  11. strategy2050.kz



© 2010-2022