Құқық негіздері бойынша 10-11 сыныптарға арналған бағдарлама

Раздел Обществознание
Класс -
Тип Рабочие программы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ МИНИСТРЛІГІ




«ҚҰҚЫҚ» ПӘНІ БОЙЫНША

БІЛІМДІК БАҒДАРЛАМАЛАРЫ


«Мемлекет және құқық теориясының негіздері»

10-сынып

«Құқықтың негізгі салалары»

11-сынып





БАҒДАРЛАМАНЫ ДАЙЫНДАҒАН:


№159 жан-жақты профильді гимназияның

тарих және құқық пәндерінің мұғалімі,

Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі,

«Жаңашыл педагог» Асанбекова Г.С.














Алматы -2009










1. ТҮСІНІК ХАТ

"Құқықтану" бойынша оқу бағдарламасы «Қазақстан Республикасының 2006 жылғы Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының негізгі ережесінің» талаптарына, Қазақстан Республикасының "Білім туралы Заңы"және "2005-2010 жылдардағы білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы" негізінде дайындалды.

Қазақстан жуық арада ғана демократиялық дәстүрлер мен институттар жеткілікті дәрежеде болмаса да, өз алдына азаматтық қоғамды қалыптастыру мақсатын қойды, осыған байланысты құқықты мектептерде оқытуға ерекше назар аударылуы тиіс. Біздің қоғамымызға «құқықтық нигилизм», жазба заңдарға деген немқұрайдылық, заңдарды орындамау сияқты келеңсіздік тән. Адам құқықтарына сенбеу мен заңдарды құрметтемеушілікке не себеп?

  • Осы уақытқа дейін өмір сүріп келген тоталитарлық құқықтық жүйе мен адамгершілік нормалары арасындағы терең қайшылық;

  • Тоталитаралық жүйе арқылы сол заңдарды бұзушылық;

  • Мемлекеттің адам құқықтарын үнемі аяққа таптап сақтамау үстіне адам құқықтарын жариялауы;

  • Осы уақытқа дейін жетілген адам құқықтарын қорғаудың механизмінің болмауы;

  • Адамдардың өз құқықтарын қорғау тәсілдерін білмеуі.

«Құқықтану» бағдарламасын жалпы білім беретін мектептердің 10-11 сыныптарында оқыту: адамның қадір қасиетін сезіне алатын ізгілікті адам, жеке тұлғаны тәрбиелеуге, шыдамды, зорлықсыз, сыйласымдылық пен ынтымақтастық рухында жеке тұлғалық қатынастарды қалыптастыруға, халықаралық және ұлттық өлшемдегі адам құқықтары, оның Жер бетінде бейбітшілікті сақтаудағы адам құқықтарымен үзілмес байланысын түсіну біліміне бағытталады.

Оқыту мақсатынан төмендегідей міндеттер туындайды:бостандықты бағалау қабілетін дамыта отырып, оны қоғам алдындағы жауапкершілікпен тікелей байланыстыру; халықтар арасында өмір сүретін түрлі мәдениетті қабылдау мен мойындау қабілетіне тәрбиелеу; мәдени мұраны, өзі тұратын елдің тілін, өркениетін құрметтеуді қалыптастыру; ынтымақтастық жеке және ұжымдық құндылықтар арасындағы келісушілікті дамыту; дау жанжалдарды шешуде күш зорлықсыз реттеу тәсілдерін білуді қалыптастыру, жеке және азаматтық жауапкершілікке, ұлттық деңгейдегі ынтымақтастыққа тәрбиелеу, қоршаған табиғатты қорғай білуді, түрлі өмір жағдайында құқық негіздерін қолдана білуді, үнемі өзін- өзі дамыту мен өздік білім алуды қалыптастыру.

Жалпы білім беруде құқықты оқыту төмендегідей қызметтерді атқаруы тиіс:

  • Рухани қызмет. Бұл оқушылардың әлемдік санасы, қоршаған ортаға , адамдар мен адам қауымдастығына деген ізгілікті қарым қатынасын қалыптастыру. Рухани тұлға болу, арлы болып өмір сүру деген сөз. Адамның құзыретіне жататын ұрпақтан ұрпаққа берілетін мәңгілік құндылықтарға өзінің іс әрекетін жатқызу. Руханилық оқушылардың құндылық бағыттар, мүдделер мен ұстанымдардың белгілі бір мөлшерін қамтиды.

  • Білімдік қызметі. Мемлекет пен құқық негіздері бойынша оқушылардың жалпы түсініктері болуына бағытталады. Адам құқықтарының маңыздылығы қоғам өмірі мен оның әрбір мүшесі үшін негізгі екенін түсінуге қызмет етеді. Ол адам құқықтарының тарихы, оны жүзеге асырудың механизмі, адам құқықтарының бұзылуы мен оның зардаптары туралы оқушыларды таныстырады. Адам құқықтары құқықтық білімнің негізгі бөлшегі болып табылады. Оның түсіндірме компоненті негізінен оқушылардың құқықтық тәжірибесіне арқа сүйейді. Құқық нормалары, құқықтық қатынастардың элементтері, құқықтық институттар оқушылардың алған білімдерін заңдылықты сақтау мақсатында әлеуметтік құқықтық мәселелерді шешеуге ықпал етеді. Екінші компоненті тұлғаның эмоциялы аясына байланысты. Оқушылардың құқықтық құндылықтарға деген көңіл күйінің дәрежесін, осы қатынастарға тұлғалық мінез - құлқын заңдарға құрметтеушілік сезіммен қарауын сипаттайды. Оқушылардың алған құқықтық білім негіздері қоғамдық өмірдің құқықтық аспектілеріне деген тұрақты мүддесін қалыптастыруға көмектеседі. Заңдылықты қатал түрде сақтау, өз қылықтарын басқа да нормативті акттермен өлшеу, құқықтық оң тәртіппен құқықты қорғау тәртібі құқықтық мәдениетке жатады. Құқықтан хабары болу мен құқықтық ақпараттану қоғамдық қатынастар аясында еркін бағыт алуды қамтамасыз етеді. Тәрбиелік қызметі. Бұл күнделікті мектеп өмірі қызметінде адамгершілікті, ізгілікті тәрбие беруде жүзеге асырылады. Басты тұтқа болар түсінігінде адам құқықтары туралы барлық жүйе « адамның қадір қасиеті» түсінігінде құралады. Осы адамгершілікті, өздік бағалауға, адамның қоғаммен байланысына, оның маңызына, қоғам тарапынан құқықты сыйлауға, жауапкершілік сезіміне әкеледі. Тәрбиелік қызметі оқушылардың адам құқықтарын терең түсінуі, оған баға бере алу түсініктерінің болуы, талаптары, тұлғалық қатынастарына бағытталып, оның тұрақты қағидаға, біліктілікке, әдетке, саналы түрдегі құқықтық оң тәртіпке ұласуына ықпал етеді.

  • Психологиялық даму қызметі. Адам құқықтарын оқыту оқушылардың өзіне, өзін қоршаған ортаға, құндылықтар жүйесіне, мүдделері, қағидаларына деген қызығушылығын туғызады. Өздік тәрбиелеу мен өзін өзі жетілдіру, «Мен» дегенді терең түсінуге психологиялық негіз ретінде қызмет етеді. Бұл қызмет мектепте адам құқықтарын оқыту шығармашылық түрде қарап, оқушылардың даму үрдісінде өзін өзі анықтай алуы, өз бетінше болашақты болжауы, реттеуі, жүзеге асыруы, заманына сай ілесе отырып, өмір қызметін анықтай алуға көмектеседі.

  • Реттеу қызметі. Бұл қызмет мұғалім, психологтың қызметін анықтайды. Қалыптан тыс ауытқып бара жатқандардың (гипербелсенді, өзінен басқаларды кемсітетіндер ) тәртібін реттеуге бағытталған. Қалыптан тыс мінез-құлық көрсететіндердің тәрбиесінде кезінде кемшіліктер болғанын анықтап, соны дер кезінде тауып, оларға педагогикалық, психологиялық технологияларды қолдану үшін осы қызмет бағытталады. Оқушылардың өзін - өзі бағалау дәрежесін көтеруге, басқа адамдарға деген сыйласымдылықты, шыдамдылықты, зорлықсыздықты, ішкі сезімдік тұрақтылықты, біреудің қайғысына ортақтаса сезіну, басқаларға қол ұшын бере алу сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастыру.

2. ТҰРАҚТЫЛАУ БӨЛІМІ НЕМЕСЕ МАЗМҰНДЫҚ БӨЛІМ

Осы бағдарлама 10-11 сыныптардың оқушыларына арналған. Бағдарлама авторы бұл пәнді оқытудың төмендегідей нұсқасын ұсынады:

« Мемлекет және құқықтың теориялық негіздері» деп аталатын бірінші бөлім оқушылардың мемлекет пен құқық, олардың өзара тәуелділігі, әлеуметтік құндылықтары, құқықты жүзеге асырудың формалары туралы түсініктерді білуге шақырады. Ол сонымен қатар, құқықтық тәртіп, құқық бұзушылықтар, заңды түрдегі жауапкершілік, заңдылық пен құқықтық тәртіп туралы білім береді.

« Құқықтың негізгі салалары» деп аталатын екінші бөлімі жалпыдан жекеге өту тәсілі бойынша, бірінші бөлімдегі ережелерді өрбіте отырып, құқықтық реттеушілік, конституциялық, еңбек, отбасылық, азаматтық және қылмыстық құқық мазмұнын ашады. Әкімшілік, жер және экологиялық заңнамаларды оқып меңгеруге басты назар аударылып отыр.

Бағдарламаның бірінші бөлімі 10 сыныптың бір оқу жылына арналса, ал екінші бөлімі 11 сыныпта оқытылады. Осы пәнді әр сыныпта оқыту үшін 34 оқу сағаты бөлініп, аптасына 1 сағаттан өту жоспарланып отыр. Әр тақырыпқа бөлінген сағат санын анықтау мектеп мұғалімінің тақырыптың маңыздылығы мен мөлшеріне қарай қою еркі беріліп отыр.

Бағдарламаның практикалық бағыты оқу бағдарламасының «Білім берудің базалық мазмұнында» әр мазмұндық тізбекте практикалық тапсырмалар ретінде көрсетілген. Оқу технологиялары, сабақтың түрлері мен қалыптарын мұғалімнің таңдау еркіндігіне беріліп отыр. Модульді технологияны меңгерген мұғалімдерге оқу қызметін әр модульдің ішінде ұйымдастыру түрлерін көрсеткен

10-сынып (қоғамдық гуманитарлық бағыт)

І бөлім. Мемлекет пен құқықтың теориялық негіздері (34 сағат)

1-тақырып. Мемлекет \3 сағат\

Мемлекеттің әлеуметтік орны мен түсінігі. Мемлекеттің белгілері мен оның атқаратын қызметтері. Мемлекеттің түрлері. Мемлекет пен құқықтың арақатынасы.

Практикум: «Мемлекет және қоғам» атты тақырыпқа реферат дайындау.

2-тақырып. Мемлекеттік органдардың жүйесі \3 сағат\

Биліктің бөліну теориясы. Биліктің заң шығару, атқару және сот тармақтары. Президент, Парламент және Үкімет. Министрліктер, агенттіктер және басқа республикалық органдар. Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару. Сот органдары.

Практикум: «Қазақстан Республикасындағы биліктің үш буыны» атты тақырыпқа баяндама жасау.

3-тақырып. Құқықтық мемлекет \5 сағат\

Құқықтық мемлекеттің белгілері. Құқықтық мемлекет және азаматтық қоғам. Қазақстанда құқықтық мемлекетті қалыптастырудың жолдары.

Практикум: «Мен өмір сүретін бұл мемлекет!» атты тақырыпқа эссе жазу.

4-тақырып. Құқық \ 5 сағат\

Әлеуметтік нормалар жүйесіндегі құқық. Құқықтың түсінігі мен белгілері. Құқық нормалары. Нормативті құқықтық акттердің түрлері. Конституция, заң және заңдық күші бар акттер. Құқықтың жүйесі. Ұлттық заңнама мен халықаралық құқық нормаларының ара қатынасы.

Практикум: Адам құқықтары бойынша өкіл атына үндеу жазу.

5-тақырып. Құқықтық қатынастар \3 сағат\

Қоғамдық қатынастардың құқықтық сипаты. Құқықтық қатынастардың құрылымы. Заңи айғақтар және олардың түрлері. Құқық қабілеттілігі мен әрекет қабілеттілігі.

Практикум: Интернет және тағы басқа да ақпарат көздерінен юридикалық айғақ туралы материал дайындау.

6-тақырып. Құқықтық тәртіп. \3 сағат\

Құқықтық тәртіптің түсінігі мен сипаты. Құқықты пайдалану, міндетерді орындау, тыйым салуларды сақтау. Құқықтық тәртіптің жіктелуі.

Практикум: «Мен заңды сақтаушы азаматпын!» атты кесте құрастыру.

7-тақырып. Құқық бұзушылық және заң алдындағы жауаптылық \5сағат\

Құқық бұзушылық түсінігі мен оның заңды құрамы. Құқық бұзушылық түрлері. Заң алдындағы жауапкершілік түсінігі мен ұстанымдары. Қылмыстық, әкімшілік, тәртіптік және мүліктік жауапқа тартылушылық түрлері.

Практикум: Талап етуші атынан сотқа талап арыз жазу.

8-тақырып. Заңдылық және құқықтық тәртіп. \5 сағат\

Заңдылық пен құқықтық тәртіптің сипатты белгілері. Заңдылықты қамтамасыз ету мен қорғау. Заңдылық пен құқықтық тәртіпті жүзеге асырудағы құқықтық сана мен құқықтық мәдениеттің ролі. Азаматтың құқықтық тәрбиесі.

Практикум: Қала тұрғындары арасында құқықтық тәрбие мен құқықтық мәдениет туралы сұраунама жүргізу.

Қайталау \2 сағат\

11-сынып (қоғамдық - гуманитарлық бағыт)

ІІ бөлім. Құқықтың негізгі салалары (34 сағат)

9-тақырып. Конституциялық құқық \5 сағат\

Қазақстан Республикасының конституциялық құрылымының негіздері мен оның ұстанымдары. Халықтық билік. Мемлекеттік және жеке меншік. Идеологиялық және саяси алуандық (көптүрлілік). Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім. Мемлекеттік тіл. Қазақстан Республикасының мемлекеттік нышандары. Саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар және қозғалыстар.

Жеке адамның конституциялық мәртебесі. Азаматтық. Азаматтардың жеке, әлеуметтік- экономикалық, мәдени, саяси құқықтары. Азаматардың конституциялық міндеттері. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың механизмі.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары және олардың қалыптасуының ұстанымдары. Мемлекеттік органдардың түрлері мен жүйесі және олардың өкілеттілігі. Қазақстанның конституциялық практикасында биліктің бөліну ұстанымын жүзеге асыру. Билік тармақтары арасындағы тежемелік және тепе-теңдік.

Практикум: Жеңілдетілген нұсқадағы Конституция жобасын әзірлеу.

10-тақырып. Еңбек құқығы \4 сағат\

Еңбек шарты (контракт): түсінігі, шартқа отыратын жақтар және оның мазмұны; жасалу тәртібі. Жұмысқа тұрушының құқығы мен міндеттері. Еңбекпен қамту және жұмысқа орналастыру. Кәмелетке толмағандардың еңбек құқығы. Еңбек даулары. Еңбек кітапшасы. Еңбек тәртібі.

Практикум: Еңбек шартының үлгісін құрастыру.

11-тақырып. Отбасы құқығы \5 сағат\

Неке және ерлі-зайыптылық. Ата аналар мен балалардың арасындағы құқықтық қатынастар. Кәмелетке толмаған балалардың құқықтары. Алимент төлеу міндеттемесі. Ата анасыз қалған балаларды тәрбиелеу. Асырап алу.

Практикум: Бала асырап алудың тәртібін құрастыру.

12-тақырып. Азаматтық құқық \5 сағат\

Меншік құқығы. Азаматтық құқықтық келісім ( мәміле). Кәсіпкерлік. Заңды және жеке тұлғалар. Шаруашылық серіктестіктері, акционерлік қоғамдар. Коммерциялық емес ұйымдар. Міндеттемені бұзғаны үшін жауаптылық. Мұрагерлік құқығы. Интеллектуальдық меншік құқығы.

Практикум: Жазбаша түрдегі мәміле келісім шартты құрастыру.

13-тақырып. Қылмыстық құқық \ 5 сағат\

Қылмыстың түсінігі және құрамы. Қылмысқа қатысушылық. Қылмыс үшін жауаптылық. Жазаның мақсаты мен түрлері. Қазақстан Республикасының қылмыстық құқығы. Кәмелетке толмағандардың қылмыстық жауаптылығы.

Практикум: Прокуротураға шағым жазу.

14-тақырып. Әкімшілік құқық \4 сағат\

Әкімшілік құқық субъектісі. Мемлекеттік басқару. Қоғамдық тәртіпті қорғау қызметі. Әкімшілік құқық бұзушылық пен әкімшілік жауаптылық. Әкімшілік жауаптылықтың бір түрі айыппұл. Кәмелетке толмағандарды әкімшілік жауапқа тарту.

Практикум: Сот ісін өткізудің тәртібін сипаттап жазу.

15-тақырып. Жер құқығы негізі \2 сағат\

Табиғат ресурстары мен жерге меншік құқығы. Жерді иелену, пайдалану және билік ету. Жер қорының жеке санаттары үшін құқықтық режим.

Практикум: БАҚ материалдары ішінен жерді пайдаланудағы құқықбұзушылықтар туралы іздеу.

16-тақырып. Экологиялық құқық \ 3 сағат\

Қоршаған орта мен табиғатты қорғау туралы Заңдар. Экологиялық құқық бұзушылықтың объектілері. Табиғат ресурстарын рациональды пайдаланудың құқықтық негіздері. Қазақстанның табиғи ортасын қорғаудағы мемлекеттік органдардың жүйесі. Экологиялық құқық бұзушылық үшін жауаптылық.

Практикум: Әкімшілікке тұрғын үй тұрғындары атынан зауыттың экологиялық құқықбұзушылық туралы шағымын жазу.

Қайталау. \1 сағат\

3. НОРМАТИВТІ БӨЛІМ

Оқытуда жоспарланған нәтижелер:

10-сынып

«Адам және қоғам» білімдік аймағы бойынша түлек:

«Құқықтану» бойынша 10 сынып түлегі:

Қоғамдағы саяси, әлеуметтік, экономикалық үрдістердің даму ерекшеліктерін түсінеді.

Олардың мүмкін болар болашағын болжай алады.

Мемлекет, мемлекеттік органдар, нормативті құқықтық акттер, құқықтық қатынастар, заңдылық, құқықтық тәртіп түсініктерін біледі.

Азаматтың құқықтары, міндеттері мен жауапкершілігін, сайлаушы, салық төлеуші, меншік иесі, жұмысшы, тұтынушы құқықтарын және олардың мүдделерін қорғауда қолдана біледі.

Жеке адамның конституциялық мәртебесін, оның құқықтарын, бостандықтары мен міндеттерін біледі.

Құқықты сақтау, орындау, қолдануда құқық нормаларының салаларын жүзеге асыра алады.

Заң жолдарымен өзінің құқықтары мен мүдделерін қорғай алады.

Құқықтық білімдерін қолдануды біледі.

Түрлі өмір жағдайында құқықтық әрекеттер тәсілдерін жобалай алады.

Ізгілік бағытында нақты құнды бағдарды біледі.

Адамның өмірі мен денсаулығы, адам құқықтары, қадір қасиет пен ар намыс сияқты құндылық артықшылықтар жүйесінде жол таба алады.

Құқықтық тәртіпті бұзушылыққа негативті қарым қатынас жасай алады.

Заңға бағынушылықтың нақты жолын біледі әрі құқықтық тәртіпті бұзушылыққа негативті қарым қатынас жасай алады

Өз құқықтарын біледі.

Өз құқықтарын іс жүзінде: юридикалық нормаларға сай өмірдің түрлі аясында жетекшілік ете отырып, жүзеге асыра алады.

Юридикалық түсініктерді біледі.

Юридикалық түсініктер мен ұғымдарды қажетті мөлшерде құқық негізін оқытуда меңгереді.

Оқытуда жоспарланған нәтижелер:

11-сынып

«Адам және қоғам» білімдік аймағы бойынша түлек:

«Құқықтану» бойынша 11 сынып түлегі:

Қазіргі заман қоғамындағы отбасы институтының ролін түсінеді.

Некеге тұрудың юридикалық шарттарын, некеге тұру мен неке бұзылуының тәртібін біледі.

Ерлі зайыптылардың жеке және мүліктік құқықтары мен міндеттері, ата аналар мен балалардың, бала тәрбиесіне қатысты ата- аналардың құқықтық жауапкершілігін біледі.

Мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық, саяси жүйесін, саяси режимдердің заңдылығын біледі әрі түсіндіре алады. Құқықтар, міндеттер, бостандықтар, жауапкершіліктердің әлеуметтік өзара әрекеттің байланысы мен мәнін түсінеді.

Демократия, билік тармақтары ұғымдарының мазмұнын түсінеді. Қазақстанда құқықтық мемлекетті қалыптастырудың алғышарттары мен жағдайын біледі.

Құқықбұзушылық оның түрлері, белгілерін біледі, оның әлеуметтік зардаптарын сезіне алады.

Түрлі ұлт өкілдері мен дінге сенушілер өкілдеріне қатысты шыдамдылық танытып, өзараәрекет етуді біледі. Қоғам дамуындағы этномәдени салттар мен технологиялардың өзара алмасуы мен өзара кірігу идеяларын түсінеді.

Құқықтық тәртіп пен құқық нормасының өзара байланысты буынын, әлеуметтік тиімділік жағын біледі.

Басқа адамдардың рухани құндылықтары, ұлттық, этномәдени дәстүрлеріне сыйласымдылықпен қарым қатынас жасауды біледі.

Құқықтық білімдерді қолдана алады.

Өзінің әрекеттері, басқа адамдардың қылықтары мен өмірдің құбылыстарына құқықтық баға бере алады.

Юридикалық түсіндірмені дұрыс қолдана алады.

Юридикалық құжаттардан үзінділер келтіріп, олардың мәнін түсіндіре алады.

Маңызды заң актілерінің кейбірінің мазмұнын біледі.

Маңызды заң актілерін мемлекет пен жеке адам арасындағы қатынастарды реттеуші құқықтың ұстанымын, Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесін, азаматтардың міндеттерін, атап берумен қатар,олардан үзінділер келтіре алады.

Құқықтың әлеуметтік құндылығын анықтай біледі.

Қоғам мен жеке адамды қорғау тәсілі ретінде құқықтың әлеуметтік құндылығын сезіне алады.

Арнайы юридикалық білімді талап етпейтін ресми қағаздарды атай алады.

Кейбір ресми қағаздарды ( арыз, сенім хат, еңбек шарты) дұрыс құрастыра алады.

Әр бөлім бойынша компетенттік-бағдарлы тапсырмалар:

10сынып (қоғамдық- гуманитарлық бағыт)

1-тапсырма

«Мемлекет» бөлімі

Ақпарат көздерін пайдалана отырып, «Мемлекет пен құқық. Қайсысы бірінші?» атты тақырыпта конференцияға сөз дайындау. Қарсы аргументтер дайындаңдар. Конференцияда екі түрлі көзқарас болады. «Бірінші мемлекет, сосын құқық қалыптасты » және « Алдымен құқық, содан кейін мемлекет пайда болды». Аргументтер келтіру үрдісінде ақпарат көздерінен цитаттар келтіріңдер.

2-тапсырма

«Мемлекеттік органдар жүйесі» бөлімі

Ең алдымен мемлекеттік органдарға нелер жататынын анықтап алыңдар. Бес минуттық мемлекеттік органдарды сипаттайтын хабарлама дайындаңдар.

« Мемлекеттік билік құрылымы мемлекет дамуының шешуші факторы» атты тақырыпта пікірталас өткізіңдер.

Бірінші көзқарас. Қоғамды басқарудың ең жетілген тәсілі монархия.

Екінші көзқарас. Басқарудың анағұрлым прогресті түрі республика.

3-тапсырма.

«Құқықтық мемлекет» бөлімі

«Мектеп және құқықтық кеңістік» атты тақырыпта жоба дайындаңдар. Одан кейін мектеп қабырға газетін шығарыңдар. Онда мектептің хал ахуалы жайына анализ жасалған мақалаларды жазыңдар.

Мектеп омбудсмен қызметін енгізіңдер. Осы қызметке сайлау өткізіңдер.

4-тапсырма

«Құқық» бөлімі.

« Құқық және интернет» атты тақырыпқа әлеуметтік жоба дайындаңдар.

5-тапсырма

«Құқықтық қатынастар» бөлімі

Құқыққабілеттілігі мен әрекетқабілеттілігі арасындағы ұқсастықтары мен айырмашылықтарын жазып шығыңдар.

6-тапсырма

«Құқықтық тәртіп» бөлімі

БАҚ ақпараттарын қолдана отырып, сынып семинарында оқушылардың құқықтық тәртіптері туралы материал дайындаңдар.

7-тапсырма.

«Құқықбұзушылық және заңды жауапкершілік» бөлімі

Өз сыныптарыңда пікірталас өткізудің ережелерін құрастырыңдар. Содан кейін «Жасөспірім және құқықбұзушылық» атты тақырыпта пікірталас өткізіңдер.

8-тапсырма

«Заңдылық және құқықтық тәртіп» бөлімі

«Білім туралы заң оқушылардың көзімен » атты тақырыпта зерттеу жұмысын жүргізіңдер. Алдымен оқушылардан олардың «білім алу» туралы не ойлайтынын білу үшін сұраунама жүргізіңдер.

11 сынып ( қоғамдық-гуманитарлық бағыт)

9-тапсырма

«Конституциялық құқық» бөлімі

Мектеп Конституциясын жасаңдар. Ол үшін анықтамалар мен оқу құралдарын пайдаланыңдар.

10-тапсырма

«Еңбек құқығы» бөлімі

Өз аттарыңнан жұмысқа қабылдау туралы арыз жазыңдар.

11-тапсырма

«Отбасылық құқық» бөлімі

Түрлі материалдарды қолдану арқылы кесте құрастырыңдар. Онда екі бағана болсын, «Махаббатты неке» және «Есепті неке». Әр бағанаға минус пен плюстерін жазып шығып, әрқайсысына аргумент келтіріңдер.

12-тапсырма

«Азаматтық құқық» бөлімі

Жазбаша түрде қарапайым мәміле құрастырыңдар. Мәмілеге қатысушыларды өздерің анықтаңдар.

1.Жиһазды сату және сатып алу келісімі

2.Сақтау келісімі

13-тапсырма

«Қылмыстық құқық» бөлімі

Кәмелетке толмағандардың ісімен айналысатын инспектормен кездесу жасаңдар. Онда құқықбұзушылықтың алдын алу туралы сөйлесіңдер.

14-тапсырма

«Әкімшілік құқық» бөлімі

Әкімшілік құқықбұзушылық: әкімшілік жаза белгілеу туралы қаулыны жазып шығыңдар.

Әкімшілік құқықбұзушылық ісі туралы қаулыға шағым құрастырыңдар.

15-тапсырма

« Жер құқығы» бөлімі

Арнайы санатқа арналған жер қорының құқықтық режимі туралы нұсқауды құрастыруға көмектесіңдер.

16-тапсырма

«Экологиялық құқық» бөлімі

Интернет ақпаратын пайдалану арқылы Алматы қаласының экологиялық картасын құрастырыңдар. Қаланың қай аудандарында өндірістік объектілердің орналасқанын анықтаңдар. Экологиялық құқықбұзушылық үшін кім жауап беруге тиіс?

Білім беру үрдісін ұйымдастыру мен жүзеге асырудың жағдайларына қойылатын талаптар.

Қазіргі заманғы жалпы білім беру жүйесінде құқық аймағында оқу-тәрбие жұмысының негізгі формасы-сабақ болып табылады. Мұны мамандар құқық курсының логикалық бірлігі деп те атайды. Құқық сабағы- бұл кешенді ұйымдастырылған, мемлекеттік стандарт бойынша білім берудің құқықтық модулінің мақсатын жүзеге асыруға, басты дидактикалық бірлікті, практикалық қызметте заңдық білімдерді қолдана алуды үйрететін мұғалімнің оқу-тәрбие қызметіне бағытталады. Құқық сабағы өзара кіріктірілген бес негізгі компоненттерден құралады:

  • Құқық мұғалімі;

  • Оқушылар;

  • Оқу курсы немесе пәннің юридикалық мазмұны;

  • Қызмет тәсілдері;

  • Мақсат пен нәтиже.

4. АҚПАРАТТЫҚ-ӘДІСТЕМЕЛІК БӨЛІМ

Құқық сабағының негізгі оқу формалары.

Жүйелі оқу үрдісі туралы сөз болғанда, құқықтық оқытудың ұйымдастыру «безендірілген» сипат алады. Құқық сабағының түрлі базалық негіздерінде мамандар оқыту формаларының түрлерін салыстырмалы түрде анықтайды. Юридикалық материалдың мазмұнына қарай: жаңа материалды меңгерту сабағы, толықтыру немесе өткен материалды пысықтау сияқты түрлерін бөліп айтуға болады. Әдіс-тәсілдердің жүйесін негізге ала отырып, сабьақтардың түрлері туралы айтқанда: кіріспе сабақ, -бақылау-пысықтау сабағы, дәріс-сабақ, семинар-сабақ, рольдік ойындар т.б. сияқтыларын атауға болады.

Мектепте білім берудің қазіргі заманғы жүйесі құқықтық мәселелерді оқытудың түрлі нұсқаларын қарастырады. Оның ішіндегі маңызды рольді атқаратындар кіріктірілген және модульдық оқытулар болып табылады. Бірінші жағдайда, құқықтық мәселелер «Қоғамдық білім негіздері» курсының аумағында жүзеге асырылады. Басқа жағдайда оқушылар заңнаманың маңызды мәселеріне терең еніп, меңгеруге мүмкіндік алады.



Оқыту үрдісінде қолданылатын технологиялар.

ХХ ғ соңындағы оқулықтарда төмендегідей мазмұндағы сұрақтар мен тапсырмаларды байқауға болады: «салыстыр», «неге», «неліктен»,

« қорытындысын шығар» немесе «мақсатын айқында». Мұндай жағдайда юридикалық мазмұндағы материалдар оқушылардың санасы арқылы «өтіп», жадында сақталған. Дегенмен, қазіргі заманғы құқықты оқытудың бағыттары оқушылардың танымдық қызметтерін белсенді етуге ықпал етеді. « Біліп кел», «өз пікіріңді ұсын», « өз тұрғыңды негіздеп бер», « осы дау -жанжалдан шығудың алдын алу жақтарын таба отырып, бұл қылыққа баға бер», «мәселені шешуде өз нұсқаңды ұсын» сияқты жаңа типті тапсырмалар пайда болды.

Қоғамдық өмірдің ағымы оқыту формаларының жан-жақты болуы мен оған өзгерістер енгізуді талап етіп отыр. Оқытудың жаңа қадамдарында сабақтардың белсенді және интерактивті түрлері басым бола бастады.

Драмалық-ойындар (көріністер қою, рольдерді ойнау). Осындай ойындарды жалпы рольдік деп атайды. Бұндай ойындар құқықтық мәселелерді білу мен көзқарас бойынша оқытуға, өз пікірі мен көзқарасын ұстануға, даулы мәселелерде «қарама-қарсы жақты» терең түсінуге мүмкіндік береді.

Пікірталастық әдістер. Құқықтық білім беруде пікірталастық әдістер басты роль атқарады. Пікірталас жансыз пәнді жанды етіп, бірыңғай құрастырылған параграфтарды қайталаудың орнына, өмірден алынған өздік мысалдарды келтіруге мүмкіндік бере отырып, қазіргі заманғы қоғамдағы адам құқықтарын пайдалану мен қолданудың өзекті жағдайларын көрсетіп бере алады. Пікірталастың өзі әдіс ретінде басты құқықтар мен бостандықтар ұстанымдарын қолдану қажеттілігіне көз жеткізеді. Ол өз пікірін еркін білдіру құқығы, азшылықтың пікірін ескеру, бір-біріне қарама-қарсы көзқарас қақтығыстарында шыдамдылық танытуға мүмкіндік береді.

Газетпен жұмыс. Демократиялық қоғамды бұқаралық ақпарат құралдарының кең желісінсіз көз алдымызға елестетуге болмайды. Газетпен жұмыс оқушылардың жүздесу біліктілігін дамытады.

Сұхбаттасу. Бұл- адам құқықтарын оқытуды күнделікті өмірмен байланыстыратын, оқушылардың әлеуметтік ой-өрісін кеңейтетін, түрлі адамдармен жүздесу біліктілігін дамытатын жақсы тәсіл.

Ақпаратты қабылдау. Бұл тәсіл ақпаратты түсіну мен меңгеруден басқа да түрінде қабылдауға үйретеді. Әдіс ой-қиялды кеңейтіп, көз алдыға елестетуден басқа бақылауды, таңдау мен логикалық тұрғыдан ойлауға ықпал етеді.

Казустарды оқыту. Құқықтық білім берудің ажырамас бөлігі, казустарды (жағдайлар) оқыту болып табылады. Бұл оқушылардан өзекті мәселелерді анализдеу мен олардың өздеріне қалыптасқан жағдайдан шығудың дұрыс жолын көрсету мен салыстырмалы түрде болса да қортынды жасауды қалыптастырады.

Түрлендіру. Оқушылардың анализдеуге және көзқарастарын талдауға қадам жасауға түрлендіру жаттығулары көмектеседі. Оқушылар өздерінің алдарында тұрған баламалар алдында дұрыс таңдау жасауы тиіс. Мысалы, олар құқықбұзушылықты түрлендіру арқылы салмақтыдан неғұрлым одан салмақтыраққа ауыстыруы мүмкін.

Жобалау техникасы. Бұл оқушыларға өз көзқарастарын белгілі бір құбылыстарға қатысты жобалауға, аяқталмаған ойды ары қарай жалғастыруға мүмкіндік береді. Мысалы, оқушыларға төмендегі берілген ұсыныстарды аяқтауға тапсырма беруге болады: «Мен Мәжіліс депутатына мыналарды ұсынар едім...», «Мен Президентттің былай істегенін қалар едім...», « Мен полицияны көргенде, маған мынандай ойлар келеді... ».

Азаматтық форум. Бұл азаматтардың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді бірлесіп шешіп, қабылдайтын, ашық қоғамдық диалогтың арқасында қол жеткізген жалпы тұрғыны таңдау мектебі.

Жұмыс дәптері. Бұл соңғы кезде құқық бойынша оқу әдебиетінің танымал жанрына айналды. Әр оқушыға арналған тапсырма материалдарды осылай атайды. Сабақта тақырыпты қарастыра отырып, оқушылар өздерінің білімін жеке тапсырмаларды шешу арқылы бекітеді.

Оқушылардың қол жеткізген нәтижесін бағалау


Оқушылардың пән бойынша оқу жетістіктері 12 баллдық жүйемен бағаланып, оның деңгейлері төмендегідей анықталады:

1 балл- оқушылар құқықтың негізгі түсініктері мен ұғымдарын атауда дөрекі қателер жібереді.

2 балл- оқушылар құқықтық жүйе, құқық түсінігін айыра алады, алайда өз бетінше түсіндіріп бере алмайды.

3 балл- оқушылар оқу материалын оның арасындағы элементтердің байланысын түсінбей қателер жібереді. Көбіне өзінің қатесінің кейбір бөліктерін өзі түзей алады. Құқықтық тапсырмаларды орындауда дөрекі қателер жібереді ( оқушының өзі құқықтың анықтамасын, заңдылық белгісін сипаттай алмайды).

4 балл - оқу материалының көп бөлігін сабақтастық пен жүйелілікті сақтай отыра, меңгеріп түсіне алады. Құқықтық ұғымдарға қарапайым түсініктер бере алады. Жеңіл тапсырмаларды орындай алады.

5 балл - оқушылар оқу материалының негізгі бөлігін меңгере алады. Берілген тапсырмаларды көрсетілген үлгі бойынша ғана орындайды.

6 балл - оқушылар теориялық материалдың негізгі мөлшерін онша дөрекі емес қателер жіберу арқылы сабақтастыра айта алады. Материалға қатысты қойылған мұғалімнің сұрағына өз бетімен нақты жауап бере алмайды.

7 балл - оқушылар теориялық материалдың барлық мөлшерін меңгере алады және оған мысалдар да келтіреді. Мұғалімнің жетегімен ғана нақты сұрақтарға жалпы жауап беріп, өз бетімен жауаптарды дәл құра алмайды.

8 балл - оқушылар оқытылып жатқан тақырыптардың тікелей және жанама көздерінен ақпараттарды өз бетінше қолданады. Кұрделі емес құқықтық тапсырмаларды қажетті деңгейдегі теориялық білімдеріне сүйене отырып, орындайды.

9 балл - теориялық білімдерін шарты көрсетілген тапсырмаларды орындауда қолданады. Өз бетімен қателерді тауып түзете алады. Мемлекеттің құқықтық білім берудегі саясатын түсіне алады. Құқықтық сауатсыздықпен күрестің мақсатын айыра алады.

10 балл - оқушылар әр түрлі тақырыптардағы оқу материалынан құрастырылған тапсырмаларды орындауда теориялық білімдерін орнымен қолдана алады.

11 балл - оқушылар рефераттар жазу мен басқа да шығармашылық жұмыстарды, құқықтық жағдайларды шешуде негізгі құқықтық білімдерді толық қолдана отырып, әлеуметтік жобаларды құрастыра алады. Теориялық материалды жаңа жағдайларды шешуде қоғамдық пәндердің басқа бөлімдерден алған білімдерін қолдана алады.

12 балл - оқушылар теориялық материалды анализдеу мен бағалауда шығармашылық қабілеттерін көрсете алады. Күрделі алдын ала шарты көрсетілмеген құқықтық есептер мен жағдайларды шеше алады. Өздері де өз бетінше есептерді шығарудың жаңа алгортимін құра алады. Өздігінен білім көздерін тауып, өзінің қабілеттерін дамыту мен зерттеуге бағытталған жұмыстарды атқара алады.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Қазақстан Республикасының Конституциясы, Алматы «Жеті жарғы», 1996 ж

  2. Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан -2030». Алматы «Білім» 1998 ж

  3. ҚР Білім туралы Заңы Алматы «Юрист» 2002 ж

  4. ҚР Еңбек туралы Заңы Алматы «Юрист», 2002ж

  5. ҚР Баланың құқықтары туралы Заңы Алматы «Юрист», 2002ж

  6. ҚР Азаматтық кодексі Алматы «Юрист», 2002 ж

  7. ҚР Қылмыстық кодексі Алматы «Юрист». 2002ж

  8. ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексі Алматы, «Юрист», 2002 ж

  9. Ғ.Сапарғалиев Қазақстан мемлекеті мен құқығының негіздері. Оқулық. «Атамұра» 1998 ж

  10. Азаматтық білімге кіріспе. 10-11 сыныптар. Алматы, 2001 ж

  11. Алғашқы қадам. Адам құқықтарын оқытудың бастапқы оқу құралы. Конфликтологический центр 2001 ж

  12. Мұқтарова А.К. Баршаға арналған адам құқығы. Орта білім беретін мектептердің 7-сынып оқушыларына арналған оқу құралы. Алматы, 2000 ж

  13. Мұқтарова А.К. Баршаға арналған адам құқығы. Орта білім беретін мектептердің мұғалімдеріне арналған оқу құралы. Алматы, 2000 ж

  14. «Қазақстан Республикасының 2006 жылғы Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартының негізгі ережесінің» талаптары.

  15. ҚР "2005-2010 жылдардағы білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы"


© 2010-2022