Статья тақырып Абай макала

Раздел Обществознание
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Адамзат тудырған алып тұлға

(Ұлы Абайдың рухани асыл мұрасы)

Шын хакім, сөзің асыл баға жетпес,

Бір сөзің мың жыл жүрсе дәмі кетпес.

Қарадай хакім болған сендей жанның

Әлемнің құлағынан әні кетпес!

Мағжан

Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы - қазақ халқының ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани асыл қазынасы. «Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» ұлы Абайды ұлтымыздың мақтанышы санап, жырларын ұрпақтары ұмытпай мәңгілік мұраға балайтыны сөзсіз. Әрине, ұлы ақынның мұрасы жатқан бір теңіз іспетті. Сол теңіздің тұңғиығына тек жүзе білген ғана бойлап, теңіз түбіндегі інжу-маржандарды тереді. Демек қазақ әдебиеті тарихына осындай дара, дана тұлғаны өмірге әкелген жаратушыға айтар алғысымыз шексіз. Ақын мұрасын оқыған әрбір оқырман рухани дүниесі байып, тебіренбеген жүрек, толқымаған көңіл қалмайды. Жарық дүние есігін ашып ес білгелі бері Абай өлеңдерін оқып сусындамаған қазақ жоқ шығар сірә. Абай өлеңдері, ғақлиялық қарасөздері, дастандары, әндері - мен үшін киелі . Әр қазақ баласының санасына жатталып қалғаны да сондықтан. Абай аты аталғаннан менің көз алдыма қапсағай денелі, бойына бар асыл қасиеттерді жинаған, ақылдың кені, кіршіксіз көңілі таза адам елестейді. Ол қашанда маған дұрыс жол сілтеуші, бағыт - бағдар беруші жарық шоқжұлдыздай болып аспан төрінен өз ұрпақтарына мейірлене қарап тұрғандай көрінеді.

Жүрегімнің түбіне терең бойла,

Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла.

Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,

Мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма!-деп Абай болашақ ұрпаққа сөзін осылай арнады. Даланы торлаған надандық түнегіне ол шамшырақтай сәуле төкті және таңы атып, күні шығатын жаққа апаратын жолды өз халқына көрсетті. Бұл күнде ұлы Абай сөзі әр қазақтың ағзасына ана сүтімен бірге дариды десе артық айтпаған болар едік. «Ана сүті тән қорегі ретінде жас сәбидің буыны бекіп, бұғанасы қатаюына қызмет етсе, ақын сөзі оның санасына адамдық пен азаматтықтың ұрығын сеуіп қызмет етеді» -деген екен Ж.Ысмағұлов.

«Алтын пышақты тот баспайды» - деген сөз дәл осы Абай атамызға арналған іспетті. Себебі ол қашанда өз құнын түсірмейді, тозбайды, қайта жарқырағанның үстіне жарқырай береді. Дәл осы алтынға тең келетін -Абай дер едім. Ұлы Абайдың рухани асыл мұрасын оқыған сайын ол өз құнын жоғалтқан емес, керісінше оқырманын баурап, елітіп алады. Демек, ақын шығармаларын саф алтынға теңесек те еш артық айтпаған болар едік. Абай мәңгілік құнын жоғалтпас тақырыптарды жырға қосады. Адамның өмірі, оның болмысы, жеке тұлғасы мен көпшілік ортасы, жан мен тән байланысы, адамгершілік, азаматтық, имандылық және тағы басқа терең ойлары мәңгілікке қаланған кірпіш сияқты ұрпақтар көкейінде сақталуда. Сондықтан қазақ ақын-жазушыларының кейінгі ұрпағында да Абайға соқпай өткен ақын жоқ десе болады. Осы негізде Абай мектебі қалыптасты. Бүкіл қазақ әдебиеті осы мектептен сусындап, сабақ алды, сол ұядан өрбіді. Демек Абай жүріп өткен жол жарық жұлдыз қызметін атқарып келеді. Абай әруағы бар ұрпақты өз өлеңдерімен желеп-жебеп жүр. Абай - қазақ халқының маңдайына біткен бағы дер едім.



© 2010-2022