• Преподавателю
  • ОБЖ
  • Құрманбек Зейтінғазыұлының өмірі мен ақындық ерекшелігінен бір үзік сыр

Құрманбек Зейтінғазыұлының өмірі мен ақындық ерекшелігінен бір үзік сыр

Бұл мақала Ерте заманнан бері жер бетіндегі халықтар ішінде «өмірі –өлең» болып бір қанатын ат, ендігі бір қанатын ән етіп келе жатқан халық бар десек әрине ол қазақ халқы екендігі шындық. Қазақ халқы өзінің елдігі мен ерлігін тарихта тамаша жырлармен тасқа басқан таңбадай етіп жазып қалдырғаны  бізге мәлім.  Топты жарып қол бастаған, жауды жеңіп жол бастаған батырдаң ең жақын серігі де, сенері де астындағы аты болса, ерлігін жалпақ жұртқа жайып, елдігін айқындап көрсететін алып жарнамасы –өлең ... Ежелгі заманалардан бүгінге дейін жалғасып, күн өткен сайын өзінің озық кемелін көрсетіп келе жатқан сара да, дара дәстүрімізге айналып, көзіміздің қарашығындай болып, қалың қауымның құрметтеуіне ие болған, асыл өнеріміз – ақындар айтысы. Қазақ бар жерде қанына сіңген асыл қасиет те жойылмақ емес. Сөзге тиек еткелі отырғанымыз, бүгінгі «аспан асты елі» атанған Қытай халық республикасының Шинжяң ұйғыр автономиялы раионында( бұрынғы Шығыс Түркістан) өмір сүріп жатқан қандастарымыздың айтыс сахнасында артына өшпестей із қалдырған, тамаша жырларымен тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, жақсы жырларымен қара ормандай халқына рухани ләззат сыйлап өмірден өткен бірегей ұлдарының бірі, ақиық ақын Құрманбек Зейтінғазыұлы жайында болмақ.
Раздел Основы безопасности жизнедеятельности (ОБЖ)
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Құрманбек Зейтінғазыұлының өмірі мен ақындық ерекшелігінен бір үзік сыр



Ерте заманнан бері жер бетіндегі халықтар ішінде «өмірі -өлең» болып бір қанатын ат, ендігі бір қанатын ән етіп келе жатқан халық бар десек әрине ол қазақ халқы екендігі шындық. Қазақ халқы өзінің елдігі мен ерлігін тарихта тамаша жырлармен тасқа басқан таңбадай етіп жазып қалдырғаны бізге мәлім. Топты жарып қол бастаған, жауды жеңіп жол бастаған батырдаң ең жақын серігі де, сенері де астындағы аты болса, ерлігін жалпақ жұртқа жайып, елдігін айқындап көрсететін алып жарнамасы -өлең болып келген.

Ежелгі заманалардан бүгінге дейін жалғасып, күн өткен сайын өзінің озық кемелін көрсетіп келе жатқан сара да, дара дәстүрімізге айналып, көзіміздің қарашығындай болып, қалың қауымның құрметтеуіне ие болған, асыл өнеріміз - ақындар айтысы.

Қазақ бар жерде қанына сіңген асыл қасиет те жойылмақ емес. Сөзге тиек еткелі отырғанымыз, бүгінгі «аспан асты елі» атанған Қытай халық республикасының Шинжяң ұйғыр автономиялы раионында( бұрынғы Шығыс Түркістан) өмір сүріп жатқан қандастарымыздың айтыс сахнасында артына өшпестей із қалдырған, тамаша жырларымен тыңдарманның құлақ құрышын қандырып, жақсы жырларымен қара ормандай халқына рухани ләззат сыйлап өмірден өткен бірегей ұлдарының бірі, ақиық ақын Құрманбек Зейтінғазыұлы жайында болмақ.

Белгілі айтыскер ақын Құрманбек1941 жылы10 қаңтарда шұрайлы дала, құтты мекен Алтай аймағының Шіңгіл ауданындағы Шыбартобылғы деген жерінде көзі ашық, сол топырақтан елге танымал адамның бірі болған Зейтінғазы Мұқаметжанұлының отбасында дүниеге келіпті. « Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дегендей, жетелі отбасында өскен ақын ауданнан бастауышты үздік тамамдап(1950-1954.ж.ж), Алтай аймақтық орта мектебіне оқуға қабылданады (1954-1957.ж.ж). Толықсыз ортаны үздік аяқтағаннан кейін, өлке орталығындағы өрелі білім ордасы - Шинжяң университетінде жоғарғы оқу орнындағықұлшынысқа толы білім алу жолдарын енді ғана бастағанда сол кездегі « төрттік төбе » атанған кері тартпашылардың қолдан жасалған он жылдық (1966-1976.ж.ж) зобалаңның кесірі тимей қалмады. «Кері төңкерісші, сасық зиялы» сынды жалған жаланың шекпенін кигізіп, әкесін темір тордың қараңғы қапасына қамауға алады да « кері төңкерісшінің баласы» деген атпен оқу ордасынан қудаланады. 1978жылы ел астанасы Бейжиің қаласында өткен партия орталық көмитетінің 11 кезекті үшінші жалпы мәжілісінен кейін « жаттың жапқан жаласынан» ақталып, көкірегіндегі қасірет - қайғысы арылып, қайырылған қанаты жетіледі.

Ақынның құмға құйған судай болған солақай саясаттың кесірінен ауыр еңбекке жегіліп, өлең атты ажырамас қасиетті мұрасынан шектелгеніне табаны күректей 20 жылдыңжүзі болғанда« алауыртқан таңдардан сені іздедім»,-деп М. Мақатаев жырлағандай өнерге, өлеңге деген үміті мен тебінді кезіне қайырылуды былай жырға қосады:

« Отыздың ортасынан ауғанымша,

Орнынан тұра алмады « мешел» денем.

Екпіні жиырма бестің оралар ма?

Ағылып ақ жауындай нөсерлеген.

Қырықтың қырқасында қимылдадым,

Әперсең қолдан кеткен есемді өлең...»[1,5б] (Құрманбек туралы зерттеулер. 4 том) ,- деп зарлы жылдардың жанына түсірген сызаттарынан арылуды құдіреті мол өлең атты пірінен күтеді.

Тағы бір дерек келтірсек, 1980жылы Толы ауданының Қоңыроба сазында өткізілген облыстық 7 кезекті ақындар айтысында:

« Мұрагерміз атаның мұрасына,

Бүгін еркін самғадық құлаш ұра.

Жақсы өлеңді бір кезде жала өртеді,

Келсек егер, әріптес расына.

Бөгеуден ағытылған ақ өзендей,

Шапқының шылқысын ән қиясында.

Мұрасын халқымыздың тұншықтырған,

Жазылды «төрттік төбе» күнасына»[2,] (Құрманбекпен Күланның айтысынан) -, деп мәдени мұралардың аяққа тапталған, халықтық өнердің тұншықтырылған сол бір өткен дәуірдің шындығын қасиетті жыр тілімен жеткізеді.

Өткен күндеріне оймен қарайтын ақын алдағы күндерге зор үміт артып, жанарын қиырларға жүгіртеді де жетелі мақсаттарын айқындап, жемісті еңбек етуге бел буады. Жемісі мол жұмыстар да жасайды. 1962-1984 жылдары аралығында Шіңгіл аудандық мәдениет мекемесінде қызметкер, мекеме бастығы, 1984-2003 жылдар аралығында аудандық саяси кеңестің орынбасар төрағасы болып қызмет атқарған ақиық ақын 2003 жылы құрметпен зеинеткерлікке шығады.

Біржан мен Сараны ұстаз тұтқан ақын алғашқы айтыс сапары 1977 жылы аудандық айтыста Мұрат Інгеншеұлымен айтыста 1 орынды алса, 1979 жылы Қанаста өткізілген Алтай аймақтық 3 кезекті ақындар айтысында Кәлен, Мәріхан және Бәтимамен жыр додаларына түсіп 1 дәрежені, 1980 жылы Қоңыробада өткізілген Іле қазақ облыстық 4 кезекті ақындар айтысында Изетпен, Күләнмен,Бүбімәримен жыр майданында тағы бір мәрте біріншілік тұғырынан көрінеді. Ақын ағамыз бұдан кейін де талай мәрте жыр додаларына түсіп бірінші дәрежелі, ерекше марапаттаулар алып, қалың қауымның, көрерменінің құлақ құрышын қандырады. Ақын тек ел іші ғана емес, халықаралық айтыстарда да өнер бәсекесіне түседі. Мәселен, 1991 жылы Қазақстанда (Талдықорғанда) болған Ханшамен айтысында топтық сыйлыққа ие болса, 1992 жылы Түркияда өткізілген айтыста алтын медальға ие болды. 1997 жылы Сауан ауданында өткен Тарбағатай аймақтық 12 кезекті ақындар айтысында Жамалқанмен айтысып ерекше құрметке бөленіп, ат мініп қайтады. 2001 жылы13 кезекті ақындар айтысында « Еңбек сіңірген халық ақыны» атағы беріліп, алтын медаль тағынады.

Құрманбек Зейтінғазыұлы - тек айтыскер ақын ғана емес, әрі жазба ақын, әрі зерделі зерттеуші.

Ақын « Әуедегі әңгіме», « Мұраты биік мұз балақ», « ақын туралы жыр» дастандарын, 50 - ден артық толғау, 500 - ден астам өлең, « Ақын Арғынбек туралы», « Ұстаздың ықыласы», «Қара теңіздегі қайырлы сапар», «Есімде жүрген екі реткі кездесу» т.б зерттеулер мен эсселер жазған.

Жанарынан от, мерейінен шуақ шашқанмаржандай тізбектелген жанға жайлы әсем жырларын артқа тастап,2011 жылы 8 қаңтарда:

« Достарым кейімеңдер мен өлгенде,

Хабарла жоғарғы елге, төменгі ерге.

Айна халқым кешсе екен айыбымды,

Өкпелері бар болса егер менде.

Сүйдім елді жаныммен, өлеңмен де,

Елден бесқа ешкім жоқ сенер менде.

Әрі - сәрі болмастан әділін айт,

Ақымақтың бірі еді дегендерге.

Артық мақтау абырой әпермейді,

Айналдырып жіберме кемеңгерге.

Өлген жанның денесі көмілседе,

Көмілмейді дегейсің өлең жерге!»[1,18б],- деген жырларын қалдырып ұзақ сапардың жолаушысы болып кете барды.

Шинжияң қазақтарындағы айтыс өнерінің биігінен көрінген жарық жұлдыздардың бірі, кемел ойдың кемеңгері екендігін 1979жылы Қанаста өткізілген аймақтық 3 кезекті ақындар айтысында Кәленмен болған додада былай көрсетеді.

Кәлен:

« Құрманбек қара өлеңге қамалмайсың,

Қалайда айтқаныңнан тана алмайсың.

Ағалап бір арыста шыға алмасаң,

Ақын боп ел алдында сыналмайсың.

.... ...

Алтайға атым анық Кәлен деген,

Жүлдені мен тұрғанда ала алмайсың»,- деп жүлде үшін айтысатын, ат-атағын шығаруды жүлде алумен байланыстырған әріптесіне не айтады?

Құрманбек:

« Ей, Кәлен, жүлдеме талаптарың?

Келгелі жүлде алам деп далақтадың.

Айтысып менен бұрын екі ақынмен,

Бетіңе ешқайсысын қаратпадың.

Ентелеп есіл-дертің жүлдеге ауған,

Өзімшіл мінезіңді жаратпадым.

Алтайда мен ғана деп ала сұрма,

Белгілі көрінеді шанақтарың.

Ұғарсың алдыңғының үлгісі деп,

Қазақта айтыс дейтін санат барын.

Өнеге ұрпағына көрсетпеген,

Келмейді жарамсызды жағаттағым.

Есіңде мұнан кейін берік сақта,

Халықтан ақынға ауыр талап барын»[1,44б], - деп «өзімшілдік өктемдікке өтсе өзгенің басындағы алтын тақия да көзге көрінбейді» дегендей айтыс деген сара жолдың бағасын берер халық, ал жүлде болса болмашы бұйым екендігін аңғартып кемеңгерлік танытады.

Қазақ айтысындағы мазмұны жағынан да, құдіреті жағынан да күрделісі жұмбақ айтыс болса, айтыстың бұл түрі де Құрманбек айтыстарынан қалыс қалмай кемеңгер жанның кемел ойын тағы бір мәрте айғақтайды. 1985 жылы Үрімжіде өткен фольклор қоғамының ғылыми талқы жиналысында « шын жүйрік өрге салсаң өршеленер» дегендейн Жамалқан Қарабатырқызымен жыр додасына түседі. Бір - бірін сынасып, жан тамырларын жасырын ұстап, қабілет қарымдарын жақсы білетін сыралғы әріптесі Жамалқан ақын бірде :

« Жол тартып көшкен екен бір керуен,

Алдынан жүрген сайын нұр көрінген.

Ысқырып төбесінен бір айдаһар,

Керуенді айдап салған тілдерімен.

Керуен жүрген сайын жайтаңдайды,

Жаман деп қонған жұртын айта алмайды.

Артында ат басындай алтын қалса,

Ысқырып әлгі айдаһар қайтармайды.

Тоқтаусыз шеше алмасаң бұл жұмбақты,

Дарының мынау көпке байқалмайды»,- деп қарсыласына сұрақ қояды. Бұған қарсыласы іркілсін бе?

« Емес пе көшкен керуен өмір деген,

Қызыққа мәңгі тоймас көңіл деген.

Ысқырған айдаһарың сағат тілі,

Атқыласаң артына шегінбеген.

Уақыттың қымбаттығын сонда ұғынар,

Не білген, албырт кезде не білмеген.

Шығармас өлшеулі өмір бекіністен,

Адамзат аулақ емес өкініштен.

Соныдан соңғы ұрпаққа ізің қалсын,

Қайратың тұрған кезде жетіп үстем»[1,199б],-деп өзінің тұжырымды жауабын іркілместен қайтарады.

Ауыз әдебиетінің бір жаныры саналатын жұмбақ айтыс арыда Біржан мен Сарадан жалғасқан дәстүрлі жалғастық болып әріптестер арасында қарсыласының өресінің, ақындық қарымының қаншалық екенін сынаудағы мол қазына болып табылатын құнды мұра десек сол қасиетті өнердің сырынан сүрінбей өте алу кез- келген ақында бола бермейтін құдірет. Біздің тілге тиек етіп отырған ақынымыз сыралғы әріптесі Жамалқанның бұл сынағынан да сытылып шығып өзіндік өресін танытады. Міне мұнда айтыс көшінде 40 жылдай әріптес болған тарландардың аңдысуы мен қағысуында өзгешелік пен дарындылығын көрсете білу менмұндалап жатқан жоқ па?

Санасы саңылақ төкпе ақын, ақын ғана емес халық мұрасына терең зер салған, ұлт рухын ұлағат деп танитын халқының ардақты ұлы тек қана айтыс ақыны ғана емес жазбаның да жайсаңы болған. 1983 жылы Үшкөл жайлауындағы айтыстан қайтқанда жазғаны:

« Кербез таудай өсірген иықты қып,

Аттандырды ел аузымнан сүйіп тұрып.

Босап тұрған көңілдің ернеуінен,

Жіберейін өлеңді құйып - құйып...»[1,263б] көңілін көлдей толқытқан сезім мен шарықтаған ақын қиялы бар.

Ақын тек көркем суретке толы ғажайып дала көрнісін жырға қосып қана қалмай келер ұрпаққа « жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген аталы сөзін де тамаша жыр жолдарымен ғасыр індетіне айналған ішімдіктің ұрпақтарымыздың, ұлтымыздың табиғи өжет рухын, тектілік сапасын әлсіретіп отырған уытты дүние болып табылатын арақтың кесірі мен қасіретін былай жырына қосады:

« ...Айранмен мас болатын қымыз ішіп,

Құтырмай, қызбай жүрсең нең кетеді.

Жиіркеніп иісінен ит ішпейді,

Солғұрлы иттен күнің кем бе тегі...». [1,382б]

Тағы бір өлеңінде:

« Біріміз бірігіп ап бірімізге,

Безбейік ар- ұяттан тірімізде,

Аз күндік арақ тамыр араздасып,

Алакөз болған мынау түріміз не?

Аздырып әзезіл су азаматты,

Жетеді-ау, тиылмасақ түбімізге...»[1,383б],- деген жыр тармақтарынан бір адамға ғана емес барша азаматтарға айтылған ащы шындықты шымырлата жырға қосып « дос жылатып айтады » деген халық даналығын тағы бір мәрте айғақтайды да ұлттың басына түскен салғырттық, жалқаулық қатарлы қазаққа жат әрекеттерден аулақ болып білім, өнер іздеуге үгіттейді.

« ...Бірлік те, тірлік те жоқ бүйте берсек,

Не қалар тілімізде, дінімізде.

Балалар өнер ізде, білім ізде»[1,383б] ,-дей келе неге өзіміздің өмірді өзіміз күйретеміз деген ақынды мазалаған сұрағы мен шығар жолдың қалай болатынын да көрсетіп кетеді.

Бойына біткен азғана дарынына бола қара орманы болған дана халқын ұмытып өзінің қайда жүргенін сазбей де қалатын жандар қаншама? Біздің шығармаға арқау етіп алып отырған ақиық ақынымыз бұндай астамшылық пен менменсіуден аулық. « Өз әкеңнің білмесең ұлылығын, онан ұлы әкесін кім береді!», « ұмытпа қарғам ен -таңбаңды тануды» деп келетін жолдар- ақ айғақтап жатқандай болалы. Біз сұлыулықты гүлге, биіктікті тауға теңейтін болсақ біз тілге тиек етіп отырған ақынымыз еңсесі таудай ұлы, ақын жаны гүлдей нәзік.

Құрманбек Зейтінғазыұлы нар Алтайдың тегеуірінді қыраны. От тілді, орақ ауызды ақынымыз жағымпаздықтан аулақ болып, айтар сөзін ішіне бүгіп қалмайтын болған. Мәнсәбіна сеніп кісімсінген жандарды көргенде « ақ сайтаны» ұстайтын болған. Көрелік;

« ... Ей, жігіт, мынау жұрттың ішіндесің,

Өзгені менсінбейтін пішіндесің.

Көрмесең көпшілікті адам құрлы,

Сен өзі неменені түсінесің!?

Халықтан артықпын деп ойламаңдар,

Мәнсәбің үлкен болсын, кіші болсын.

Еліріп елден ала неменеңе,

Суырдың айғырынша кісінейсің?!...»[3,67б],-деп ащы тілмен шенейді.

Айтыс - қазақ өмірінің сахналық көркем шығармасы. Дарқан дала табиғатынан қазақ қанына сіңген асыл өнері. Ақынның қалың қауымның алқауына ие болғаны да осы сөз барымтасы еді. Бар ынта пейілімен беріліп, ұлы мұрасына үлкен үміт артады.

« Нөсерін өлең - жырдың селдетуге,

Ақындар арман қуған кел бекімге.

Айтыстың жойылуы мүмкін емес,

Бір қазақ қалғанынша жер бетінде...»[1,289б],- деген зор сенімі мен өшпес үміті менмұндалайды.







Әдебиеттер:

  1. Қауытұлы Ж, Шаңбаева Г. Құрманбек туралы зерттеулер.1,2,3,4-том. Бекин: Ұлттар баспасы, 2013.-463б.

  2. Құрманбек дәптерінен. Шинжия: Халықбаспасы,1993.

  3. Айдынбекұлы І, Құрманбекқызы Н, Солтанияұлы Ғ, Масайұлы Қ. Тап берменің тарланы. Үрмжі: Шинжяң Шинхуа баспасы, 2010,Маусым.-349б.

  4. Құрманбекұлы З. Жылып өткен жылдар- ай. Бекин: Ұлттар,2009.- 338б.

© 2010-2022