Менің Отаным - Қазақстан

Раздел Начальные классы
Класс 3 класс
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

"Менің Отаным - Қазақстан!"

Мақсаты:

Отан туралы білімдерін назарға ала отырып, Отанымыз - Қазақстан Республикасы туралы не білетіндігін саралау, алған мәліметтер бойынша білімдерін бекіту. Отаны туралы білімдерін кеңейту; Отан сүйгіштікке баулу; Жан - жақты дамыту;
Міндеттері:
1) Білімділік: Балалардың Отан, Қазақстан, туған жер туралы түсініктерін кеңейту.
2) Дамытушылық: Отанды сүюге, еліміздің рәміздерін қастерлеуге, туған еліне деген сүйіспеншілігін аттыру.
3) Тәрбиелік: Оқушыларды елін, жерін сүюге, байлығын қорғауға, өз елінің патриоты болуға тәрбиелеу.
Түрі: Дамыта оқыту
Әдісі: топтық жұмыс, сұрақ - жауап, пікірталас
Көрнекіліктері: әр түрлі суреттер

Күтілетін нәтиже: Оқушылар өз ойларын айтып, жеткізетін, қайырымдылықты түсінетін, елін, жерін қорғайтын жеке тұлға болып қалыптасуын. Отанын сүйе білуге, өз ана тілін қадірлеуге. Патриоттық сезім, Отанға деген махаббат, ерлікке деген құштарлық.

Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі.
Хор: Әнұран.

Мұғалім: Құрметті оқушылар, келген қонақтар! Бүгінгі «Менің Отаным - Қазақстан» атты ашық тәрбие сағатына қош келдіңіздер. Егемендігімен тәуелсіздігі жас мемлекетіміздің жаңа Конституциясын қабылдау оңай болған жоқ. Қазақстан үшін өндірістік қатынастардың жиынтығы болып табылатын экономикалық базисте, қатынастардың құқықтық негіздерін қайтадан қалыптастыру қажет болды. Сөйтіп Қазақстанда 1993 жылғы 28 қаңтарда құқықтық базаның іргетасы болып табылатын тұңғыш конституция қабылданды.


- Кәне балалар Отан деген не?
- Адамның туып өскен жері, туған - туысқандары, біз тұратын атамекен.
- Балалар біздің отанымыз қалай аталады?
- Біздің - Отанымыз Қазақстан.
- Ендеше, бүгінгі тәрбие сағатымыз «Менің Отаным - Қазақстан» деп аталады.


ІІ. Негізгі бөлім.
Оқушыларды -4 топқа бөлу. Әр қатарға қиылған қағазды тарату. Шыққан суреттен әр топтың аты шығады.
1 - топ: Туған жер
2 - топ: Отан
3 - топ: Атамекен

4- топ: Қазақстан
(Өлең, мақал - мәтел айтқан топқа текшеден беріп отырамын. Көп текше жинаған топ жеңіске жетеді.)
Тақтаға назар аудару. Дұрыс жауап берген топ өзінің қоржынына ұпай жинайды.

1. - ҚР тәуелсіздігін қай жылы алды?
2. - Еліміздің бас қаласы
3. - ҚР президенті
4.- Конституция қүні?
5. - Бірінші қыркүйек қандай күн?
6. - Жазғы демалысыңды қалай өткіздің?
7. - Еліміздің көрікті жерлері
8. - Отан туралы өлең айт
9 - Отан туралы ән шырқа


1. Өткен күн.
Баяғыда көп жылдар бұрын 15 республика бірігіп, Кеңес Одағында өмір сүрді. Олар тату, бірлік қарым - қатынаста болды. Уақыт өте әр республика өздері тәуелсіз ел болғысы келді. Сөйтіп біздің Отанымыз - Қазақстан да 1991 жылы 16 желтоқсанда өз тәуелсіздігін алды.

2. Сонымен қатар Қазақ елінің хандығына 550 жыл болған. Бұрын хандық, батырлар, билер болған. Қандай батырларды, билерді білесіңдер?

Оқушылар : Өз білгендерін жауап береді. Содан кейін толықтырып айтып өтемін.

Көрініс:

(Қарт орындыққа келіп демалып отырады осы кезде немересі келеді.)

Немересі: Ата не ойлап отырсыз?

Атасы: Ә, балам, атаң не ойламайды дейсің? Сенің болашағыңды ойлаймын. Еліміздің болашағы жайлы, өткен өмір жайлы ойлаймын.

Немересі: Ата, өткен өмір деген не?

Атасы: Ендеше, тыңда, балам,, атаң бір сөйлесін.

Балам сен өз тарихыңды білуге тиіссің, сонау ерте кезде біздің ата- бабаларымыздың қазақ руларының басын қосып, халық болып қалыптасуынан басталады бұл тарих. Қазақтың тәуелсіздігі жолында күрескен, егеменді ел болуын аңсаған батырлар аз болмаған. Мұндай тұлғалардың есімі Орда тарихында да аз кездеспейді. Атап өтетін болсақ: И. Тайманұлы, М. Өтемісұлы, т.б. деп , атасы ойланып қалды. Балам тәуелсіздік таңы атты. Кең байтақ қазақ даласы бодандықтан құтылып, 1991 ж. 16- желтоқсанда Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін жариялады. Тәуелсіздік жолында қазақ тіліне мемлекеттік тіл мәртебесі берілді. Тұңғыш Президенті сайланды. Елдің негізгі заңынан кейінгі аса маңызды нышандары мемлекетіміздің Елтаңбасы, Туы және Әнұраны қабылданды деп атасы сөзін аяқтады.

Міне балалар тақтаға қараңдар. (Тақтадағы Ту, Елтаңба жайлы айтып кетемін)

Енді міне, балалар желбіреген көк байрағымыз, айбынды әнұранымыз, жарқыраған елтаңбамыз төрімізде ілулі тұр.

Сонымен қатар біздің мемлекетімізде 100 ден аса ұлт өкілдері мекен етеді.

Қандай ұлттарды сендер білесіңдер?

Оқушылар жауап береді.

Сол елдердің ішінен біздерге бүгін қонаққа Грузин елінен келіп отыр. Қәне, ортамызға шақырайық, танысайық, білісейік.

Ортаға Грузин шығып өзін таныстырады.

Балалар Қазақстан туралы өлеңдер оқып, елімізді, жерімізді мадақтау бүгін біздің еншімізде. Ендеше өнерімізді ортаға салайық.

Оқушы: Күнді құшқан қос қыран,
Аясында қалқыған.
Аспан түсті туым бар,
Көк теңіздей шалқыған.

Оқушы: Көк туым көтерілді бағым жанып,
Елтаңбам әлемге танылды анық.
Шырқадым ән ұранды бар дауыспен,
Арманым ата заңым қабылданып.

Оқушы: Өзіңдікі туыңда,
От пен ауа, суың да.
Жаса Қазақстаным,
Белді бекем буында.

Оқушы: Отан деген атамекен
Отан деген туған жер.
Отан ана, Отан үлкен
Қазақстан туған ел.


- Отан, туған жер туралы қандай мақал - мәтелдер білеміз?

1 - оқушы: Отан от басынан басталады.
2 - оқушы: Туған жердей жер болмас,
Туған елдей ел болмас.
3 - оқушы: Отансыз - адам, ормансыз - бұлбұл.
4 - оқушы: Отан оттан да ыстық.
5 - оқушы: Отан үшін отқа түс күймейсің,
Арың үшін алыссаң өлмейсің.

Әр топтың ұпайын санап, қорытындысын шығару.

Әрі қарай әр топқа тапсырма беремін сол тапсырманы орындайсыңдар. Алдарыңдағы параққа

1-топ: Отан туралы не ойлайсыңдар соны жазасыңдар. Қалай түсінесің өз ойлаоыңды жазасыңдар.
2-топ: Қазақстанның қандай қалаларын білесіңдер соны жазасыңдар.

3-топ: Елтаңбада небейнеленген соны суретіне қарап отырып жазасыңдар.

4-топ: Қандай ұлттарды білесіңдер? Соны жазыңдар.

Оқушылар жазғандарын қорғап айтады.


Тілек.
(Оқушыларға көгершіндер таратылады. Өз тілектерін жазу керек. Болғаннан кейін плакатқа келіп, көгершіндерді іледі.)
- Балалар! Біздің Отанымыз - Қазақстан Республикасы екен. Отансыз адам болмайды. Отанымыз көркейіп, гүлдену үшін біз көп еңбектенуіміз керек. Еңбектену дегеніміз білімді, тәртіпті болуымыз.
Хор: «Көк тудың желбірегені»
Қорытынды.
Байтақ дала жерім менің
Арта берсін даңқың сенің
Көк байрағың желбіресін
Егеменді елім менің
- дей отырып, құрметті қонақтар, балалар осымен "Менің Отаным - Қазақстан!" атты тәрбие сағатымыз аяқталды.



Жем қалалық №5 орта мектебі











Тәрбие сағаты

"Менің Отаным - Қазақстан!"

3 "а" сынып

Дайындаған: С.Б Досыбаева



2015-2016 оқу жылы

© 2010-2022