Ашық сабақ Әліппеге рахмет (1 класс)

Раздел Начальные классы
Класс 1 класс
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:



Әліппеге рахмет !

Орындаған: Ұзақова Ақмарал Өтетілеуқызы

Тақырыбы: «Әліппеге рахмет!»
Мақсаты: Білімнің бастауы болған, әліппеден үйренгендерін тиянақтау, өнерлерін тамашалау, білімдерінің артып, сөз байлығының молайғанын, саналарының өскенін көрсету.
Оқушыларды ана тілі оқулығымен таныстыру.
Отаным, мектебім, ұстаздарын, ата - аналарын құрметтеуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: шарлар, «Әліппе», «Ана тілі» оқулықтарының макеті, көрініс, ертегі кейіпкерлерінің макеттері

Барысы: 1. фонфар қосылады
Ертегілер әнімен ашу орындайтын: Мухамметова Нуршат

( Патша сарайының уәзірлері мен ханшайымдары ертегілер әлемінің табиғатын тамашалап келеді)
1- уәзір: (Ерсаин) Уа, уәзірлер, қараңдаршы! Үлкен мереке болғалы жатыр ғой деймін, көп қонақтар отыр.
2- уәзір: (Асылжан) 1 - сыныпта үлкен қуаныш екен, «Әліппемен қоштасу ертеңгілігі болады» деп естідім.
1- уәзір: (Ерсаин) Ой, неге тұрмыз, патшамызға хабарлайық!
Ханшайым: Уәзірлер, қараңдаршы! Осында патшамыз да келе жатыр.
Уәзірлер: Патшамыз, төрлетіңіз, отырыңыз.
Патша: (Әділет) Уа, уәзірлерім, ертегі әлемінде не болғалы жатыр?
2-уәзір:(Асылжан) Қымбатты патшамыз, бүгін 1- сыныптың ертегілер еліне келіп ән айтып, би билейтінін, Әліппемен қоштасатынын, сауаттарын ашып, әріп танып алғандарын ұзынқұлақтан естідік.
Патша: (Әділет)Не дейді? ( Ашуланып қолындағы алтын таяғын 2-3 рет қатты қатты ұрып) Осыны ұйымдастырған кім екен, шақырыңыз!
Уәзірлер: Құп, тақсыр! ( Екі уәзір ұйымдастырушыны қолдарынан жетектеп ортаға патшаға келеді)
Патша:(Әділет) Менің рұқсатымсыз неге әліппемен қоштасқалы жатырсыздар?

Мұғалім: Иә, білім патшасы, кешіріңіз. Сіз бүгін бізді тоқтата алмайсыз. Менің кішкентай достарым сіздің еліңіздің барлық әріптерін танып, біліп, үйреніп, жазып оқи алатын жағдайға жетті. Осы қуанышымызды мына жұрттың алдында паш етеміз. Одан да ашуыңызды басып, 1 сынып оқушыларының өнерін тамашалаңыз. Мерекемізді бастауға рұқсат етіңіз.
Патша: (Әділет)- Жарайды, онда рұқсат берейін, өнерлерін көрейін.

Мұғалім:
Рахмет, білім патшасы!
Тыңдаңыздар! Тыңдаңыздар!
Естімеген естіңіздер,
Тыңдамаған тыңдаңыздар!
Қазір бізде «Әліппе тойы» басталады.

-Сөз кезегі мектебіміздің директоры _____________беріледі.

Мұғалім:
Нұрлы үмітін арқалаған арқаға,
Жан сәулесін тарататын баршаға
Шын пейілмен құрметімізді көрсетіп,
Бүлдіршіндерді шақырайық ортаға...
( оқушылар кіреді)
1- қыркүйек 2014 жылы 1- сыныпқа қадам басқан, сүйкімді әліппе оқулығын қолдарына ұстаған 4 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады.

Мұғалім:

- Құрметті ата - аналар, ұстаздар, қонақтар! Бүгінгі біздің 1 сыныптың әзірлеген «Әліппеге рахмет!» атты ертеңгілігімізді бастаймыз. Балалардың ең алғаш бетін ашқан оқулығы - Әліппе. Әліппені бітіру алдыңғы өмірге бастайтын көп белестердің бірі. Ендеше, біз бүгінгі күні сол белестің бірінен асып отырмыз. Сондықтан бүгінгі ертеңгілік сіздер мен біздер үшін ортақ та салтанатты мереке. Олай болса, мерекемізді бастауға рұқсат етіңіздер!

Мұғалім:
Іші толы әріпке,
Білімдегі жарық не?
Оқушылар: Ол сүйікті Әліппе!
Мұғалім: Балалар, олай болса, бәрімізге ең қымбат «Әліппені» ортаға шақырайық!
Оқушылар: Әліппе, Әліппе, Әліппе!
( Әліппе келеді)

Әліппе: Атабек
Армысыздар, жас достар!
Армысыздар, ата - ана!
Болашаққа жол бастар,
Әліппең келді ортаға
Білім деген ғажаптың
Әліппесін меңгерген
Келешегі қазақтың
Басталады сендерден.
Таудай болса талабың,
Айтары көп әріптің.
Қуанышы баланың
Қуанышы ананың
Жақсы білім - көрімдік
Болсын сізге халайық!
Не үйреніп, не білдік
Қане, ортаға салайық!

Мұғалім: Балалар, осы "Әліппе" сөзінің әр әрпін саралап айтсақ:
Ә -әлемді
Л -легімен
І - ізгілік
П - парасатпен
П - паш
Е - етеміз
Мұғалім:
- Балалар, олай болса, сүйікті Әліппемізді ренжітпей, рахметімізді айтып, өзімізден кейінгі кішкентай бауырларымыз бен қарындастарымызға табыс ету - біздің міндетіміз. Сондықтан біз осы уақытқа дейінгі алған білімімізді көрсетіп, ән - күймен, өлеңдермен өрнектеп, өнерімізді ортаға салайық.
- Әліппе, бүгін кешіміздің ең қадірлі қонағысыз. Сондықтан құрмет тағына жайғасыңыз.
Мұғалім: - Қане, Әліппеге арнаған қандай өлеңдерің бар, айтып берейік.
1- оқушы: Ислам
Келгенде алғаш мектепке,
Білмеуші едік әріп те
Оқимыз қазір ертек те
Үйреткен оны Әліппе

2-оқушы: Асхат
Ата - апа атын сен,
Бізге үйреттің Әліппе
Бізге нағыз жақынсың
Сенен білдік әріпті.

3 - оқушы: Нуршат
Енді жаза білеміз,
Әріпті қосып әріпке.
Риза болып саған жүреміз,
Сүйікті біздің Әліппе.
4- оқушы: Жеңіс
Әліппе сауатыңмен санамды аштың,
Достарыммен теңдес араластым
Үйреніп, әріптер мен әңгімені
Күн сайын алға қарай қадам бастым.

Хор: Әліппе
Тапсырма: Сөздерді буынға бөлу: Әліппе, мектеп, мұғалім, асхана, дәрігер, оқушылар, ұя, аюлар, шахтёр
Мұғалім:

- Балалар, Біз Әліппеден оқи алатынымызды көрсеттік, ал математикадан санауды, есептеуді, сандарды жаза білуді үйрендік.Осы уақытқа дейін математикадан не үйрендіңдер?
- Ендеше, сандарды сөйлетейік

Ислам:
1 дегенім - білім,
Білім - жарық күнің.
2 дегенім - еңбек,
Еңбек бәрін жеңбек.
3 дегенім - үміт,
Үмітсіз жоқ жігіт.
4 дегенім - талап,
Талмайтұғын қанат.
5 дегенім - бірлік,
Бірліксіз жоқ тірлік
6 дегенім - арман,
Атар таңың алдан.
7 дегенің - жігер,
Жеңер жолын білер.
8 дегенің - сенім,
Сүйенішің сенің
9 дегенің - талғам,
Тура жолға салған
10 дегенің - Отан
Отанды сүй ботам.
Мұғалім: Балалар, біз сандарды сөйлеттік. Енді қазір мен сендерге математикадан білімдеріңді тексеремін. Ойланып барып шешіңдер!
1. 5 алманың үшеуін
Досың сұрап алады
Айтшы сонда нешеуі
Өз қолыңда қалады?
2. Сымда 7 үйрек отыр еді, 4 еуін үркітіп жіберсек, нешеуі қалады?
3. Он асықтың жетеуін
Досың сұрап алады
Айтшы, сонда нешеуі,
Өз қолыңда қалады? 3
Мұғалім: Балалар, біз әлі бағаланбаймыз, бірақ жаңа жылдан кейін сендерге баға қойылады. Қай баға жақсы екенін білу үшін, бағаларды сөйлетіп көрейік
2 дегенім - нашар баға, інішегім нашарлама (Асхат)
3 дегенім - орта баға, сапасы оның орта ғана (Нуршат)
4 дегенім - жақсы баға, алады оны жақсы бала (Ислам)
5 дегенің - үздік баға, оқитын бол үздік қана (Жеңіс)
Мұғалім: Ең жаман бағалар қандай екен?
- Ендеше бұл бағаларды арамыздан аластатайық.
- Ендеше ең жақсы бағалар қайсы екен?
- Әрине ол 4 пен 5. Ендеше сол бағаларды ортаға алайық.
Мұғалім: Балалар, енді әліппемен қоштасатын да кез келді. Әліппе бізге қаншама нәрсе үйреткен екен. Біз Әліппенің арқасында оқып, жазуды үйрендік ендеше не дейміз?
Хормен: Әліппеге мың алғыс!
Әліппе: Атабек
Сендерге де рахмет, балалар!
Оқуда зейінді болыңдар
Еңбекте бейімді болыңдар!
Ақ жол болсын, қарақтарым
Айдай болсын қабақтарың
Күнделіктерің беске толсын
Қош бол менің балаларым!
Хормен: Қош сүйікті Әліппе!
Бізде саған ақ жол тілейміз!
Мұғалім: - Балалар, олай болса, сүйікті Әліппемізді ренжітпей, рахметімізді айтып, өзімізден кейінгі кішкентай бауырларымыз бен қарындастарымызға табыс ету - біздің міндетіміз.
Жеңіс:6-ға сен де келесің
Артымыздан біздің ересің
Қуыршақ пен машинаңды тастай сал
Артыңнан ерген ініңе
Сый қылып мұны бересің
Әліппең сенің Әліппең
Мұны қолыңа алып сен
Есігін ашасың мектептің
Ертеңгі сәуле жарықпен!
Даярлық сынып оқушысы:
Айбану:

6-ға мен де толамын,
Таудай биік талабым.
Ойыншықты сыйға беріп
Әліппемен дос боламын

Нуршат:
Орындаймыз әліппе ақылыңды
Жарысқанда жазамын тақымымды
Қандай қиын жұмбақты шешу үшін
Арттырамын ғылымға құштарлықты
Мұғалім:

- Балалар, сендердің жаңа достарың Ана тілі оқулығы болады. Сондықтан әліппені қалай меңгерсеңдер, ана тілін солай оқитын болыңдар. Ал енді ортаға ана тілін шақырайық.
( Ана тілі келеді)
Ана тілі: Әмина
Туған елдің тілімін,
Ақылыммен танылдым.
Түсіндірер бәріне
Ана тілі пәнімін.
Асхат:

Ана тілі - ұраным
Ана тілі - құралым.
Ана тілім болмаса
Мықты болмас тұрағым.


Хормен:
Әліппемен қоштастық,
Ана тілмен достастық
Ана тілі: Балалар, ең алғаш әліппені кім жазды?
Оқушылар: Ахмет Байтұрсынұлы
Ана тілі: Ең алғашқы ұстаз кім?
Оқушылар: Ең алғашқы ұстаз Ы. Алтынсарин
Ислам: «Осы біз қандаймыз?»
1. Талабы биік таудаймыз
2. Жанып тұрған шырақпыз
3. Өнерліміз, білімдіміз
4. Қазақ тілін көркемдетеміз
5. Бабаларға тағзым етеміз
Хормен: Біз қазақ елінің болашағымыз
- Оқушыларды марапаттау мектебіміздің оқу ісі жөніндегі орынбасары ____________ беріледі.

Мұғалім:
- Міне, біз ертегі еліне саяхат жасап, онда ән айтып, би билеп, тапсырмалар орындап, білімімізді көрсеттік. Әліппені оқу барысында ата - аналардың қосқан үлесі өте мол. Ата - аналар сіздерге көп рахмет!
Келесі сөз кезегі ата - аналарға беріледі.
Патша: Әділет
- Мынадай, білімді, өнерлі, тәрбиелі, тату, ұжымы жарасқан, елін, жерін сүйетін, Тәуелсіздік туын биік ұстап өсіп келе жатқан оқушылар бар мектепті ешқандай дау алмайтынына бүгін менің көзім әбден жетті. Ендеше, осы білім ордасында ұлттық рухты, дарынды балалар көбейе берсін деп тілеймін.
Мұғалім:
Білім патшасының сөзіне мен де қосыламын. Біз сендерден үлкен үміт күтеміз. Қымбатты балалар! Мектептегі алғаш жеткен жетістіктеріңмен құттықтаймын. Әліппе сендерге тек әріптерімен таныстырып қойған жоқ, сендерді бір - біріңмен достыққа, мектеп ережелерін орындайтын тәртіпті оқушы болуға үйретті. Білім баспалдағына өрлеген сапарларың сәтті болсын! -деп осымен ертеңгілігімізді аяқтаймыз, келіп тамашалағандарыңызға рахмет!
Бірге: Сау болыңыздар!



© 2010-2022