Тәрбие сағаты Мәңгілік елім

Раздел Начальные классы
Класс 4 класс
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Тақырыбы: Мәңгілік елім.
Мақсаты: Оқушыларды елін сүюге, бірлікке, ел тарихын білуге, еліміздің мемлекеттік рәміздерін қастерлеуге, Отанымыздың байлығын қорғауға, елімізді өркендетуге, білімді ұрпақ болуға тәрбиелеу.
Көрнекіліктері: Қазақ елі суреттері, Қазақстан Республикасының рәміздері,Н.Ә. Назарбаевтың суреті, нақыл сөздер, слайд.

Барысы:
«Менің Қазақстаным» тақырыбында дайындалған слайд көрсетіледі.
Кіріспе сөз:

2015 жылғы 30қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы жарияланған болатын. Елбасының сөзімен айтқанда, ең жақсы жоспар - уақыт талабына бейімделе алатын жоспар. Біз де заманның беталысына қарай межелерімізді белгілеп, жоспарларымызды жөндеп отырамыз. Біздің мақсатымыз - елі бақытты, жері гүлденген қасиетті Отанымыз Қазақстанды «Мәңгілік Ел» ету! Әлемдегі ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылып, бай да қуатты елдермен иық түйістіру. Біз бұл мақсатымызға міндетті түрде жетеміз.
Білім - барлық уақытта жоғары құндылықтардың бірі болған. Тек білімді, сауатты адам ғана келешек тізгінін қолына ала алады. Осыны ескере отырып Елбасы Н. Назарбаев өз Жолдауында Қазақстан Республикасының Білім беру жүйесін әрі қарай дамыту, жетілдіру жоспарын құрып, көптеген мақсаттарды көздеп отыр. Олар: инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамыту, оқыту әдістемелерін жаңғырту, елімізге қажетті технологиялар трансферті мен оларды қолдану үшін мамандарды оқыту. Бүгінгі ұрпақ білімді болса, ел ертеңі жарқын болмақ.
Елбасының әр Жолдауы - толғауы терең қайталанбас дүние. Болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол - Мәңгілік Ел идеясы. Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік Мұраттарына қол жеткізді. Еліміздің жүрегі, тәуелсіз-дігіміздің тірегі - Мәңгілік Елордамыз бой көтерді. Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады. Ендігі ұрпақ - Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы - Мәңгілік Ел!
Мәңгілік Ел - ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы. Ол арман - әлем елдерімен терезесі тең қатынас құратын, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді. Ол арман - тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді. Міне, сол армандар ақиқатқа айналып келеді. Мәңгілік Елдің іргетасы қаланды.
Елбасымыз Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары - «Қазақстан 2050» стратегиясының түп қазығы етіп алды. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын. Бұл - әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама. Біз, қазақ халқы өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана - Мәңгілік Ел біздің өз қолымызда. Ол үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек.
«Қазақстан 2050» - Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Президентіміз осы жолдан айнымауға шақырады.
2. Ой қозғау.

Оқушылар «Егер мен Президент болсам...» тақырыбында ой тастап, өз жұмыстарын қор-ғайды. Оқушыларға көмекші сөздер мен суреттер беріледі.

3. Қорытынды:

Сабақты қорытындылау мақсатында балаларға бір-бір сөзден беріледі. Сол сөздерді пайдалана отырып, әр оқушы өз елімізге деген тілектерін білдіреді. Өз тілектері жазылған стикерлерді «Мәңгілік ел» плакатына жабыстырады.

Мұғалім сөзі:

Бүгінгі «Мәңгілік елім» атты тәрбие сағатымызды Ескендір Хасанғалиев ағамыздың орындауындағы «Атамекен» әнімен аяқтаймыз. Еліміздің тұғыры мықты болсын!!!

Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым Мәңгілік Ел болу үшін бізде бәрі бар. Тәуелсіздіктің туын желбіретіп, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз - тәуелсіздік, тілегіміз - тұрақтылық, білегіміз - бірлік! Мен халқыма сенемін. Көк байрағы-мыздағы алтын қырандай еліміз қанатын кеңге жайып, асқар биіктерден көрінсін! Барды бағалап, жоқты жасай білген жасампаз жұртымыздың көк байрағы әрдайым биікте желбіресін!

Алға, Қазақстан! - деген елбасымыздың қорытынды сөзімен сабағымызды аяқтаймыз.

© 2010-2022