Оқушылардың мәдентеттілігін қалыптастырудағы тіл мәдениетінің ролі

Раздел Начальные классы
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Оқушылардың мәдентеттілігін қалыптастырудағы тіл мәдениетінің ролі

Тіл - адам баласын қазіргі прогреске жеткізген ұлы да бірегей туынды. Осы себептерден де сөйлеу мәдениетіне жетілу, тілді дұрыс та, тиімді және шебер де тартымды пайдалана білу талабы көне замандардың өзінде-ақ басталған.

Байырғы замандардан пайда болған алғашқы грамматикалық топшылауларды «өнертабысы», «грамматикалық өнер» деп атау, грамматиканы сөйлеу, жазу өнерін үйрететін ілім деп анықтау, тілді шебер қолдануға, шешендікке үйрететін «риторика», «стилистика» деп аталатын ғылымдардың пайда болуы айтылғандарды дәлелдесе керек.

Тіл тазалығына, сөйлеу шеберлігіне қазақ халқы ерекше мән берген. Ғылым-білім дегендерден алыс жүрген замандардың өзінде де тіл өнерін - өнердің өнері, «Өнер алды - қызыл тіл» деп бағалаған. Асылы, жақсы сөзді жанына азық ете білген, атқан оққа тоқталмаса да жүйелі сөзге бас иген, орнын тапқан екі ауыз сөзді ер құнымен теңестірген бір халық болса, ол қазақ халқы болар. Тіл ұстартқан халқымыз тіл өнерін мәпелеп отырып, сол қадірлісінің қадірін түсіретін, оған жауапсыз қарайтын, сөз мәнісін білмейтін көз жұмбайлыққа да жирене қарап, солардың атына да ащы, өткір сын айтқан. Мәселен: Байлауы жоқ шешеннен, үндемеген есті артық; аузына келгенді сөйлеу - ақымақтың ісі, алдына келгенін жеу - айуанның ісі, өсекшінің тілі қышып тұрады; іріген ауыздан - шіріген сөз шығады; Жақсы сөйлесе - аузынан гүл төгіледі, Жаман сөйлесе аузынан жын төгіледі - деген мақалдар осындайларға айтылса керек. Сондықтан да «бауыздамай қан шығаратын», «мірдің оғындай өткір» ащы мысқылдарды тіл бұзушыларға, сөз жүйесін білмейтін бәтуәсіз адамдарға айта білген.

Халқымыздың бағзы заманнан келе жатқан осындай жақсы дәстүрі бұл күндері қайтадан жалғасын тауып (егеменді ел болғаннан кейін), ғылыми негізде дамытылып келеді.

Жаңадан «тіл мәдениеті», «сөйлеу мәдениеті» деген күрделі ұғым-түсініктер пайда болды, кейін оның арнасы кеңейіп, өзіндік бір мақсаты бар жеке ғылымға айналды. «Сөз мәдениеті» дегеніміз мағыналық өрісі кең дүние. Тіл жеке сөздерден тұрса да, оның әрбір сөзінде тура, ауыспалы, қосымша мағынасы болады (омоним, синоним, метафора). Мысалы: Ақындар «сөз» деп, поэзияны ұғынса, ұлы Абай «... сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп, «сөз» деген ұғымды жаңа сападағы поэзияға байланысты қолданады. «Өлең - сөздің патшасы, сөз сарасы» деп, жүректен шығатын әрбір ойды бейнелі де көркем, қысқа да нұсқа бір негізі - поэзияда екендігін нақты мысалдармен айқындап береді. «Сөз» деп - жеке адамның ой-пікірін де, сонымен қатар идеясын да айтады.

Мысалы: «Ол артында сөз қалдырды» (соңында өшпес мұра қалдырды), «сөзі өтімді» дегенде - «айтқан пікір қонымды, нақты, иненің көзінен де өте алады» дегенді, «Ол маған сөз айтты» дегенде - «мені жақсы көретіндігін, сүйетіндігін білдірді» деп айтылғанын түсінеміз.

Сөзге байланысты мынадай да тіркестер бар: «отты сөз», «жылы сөз», «жүйелі сөз», «орынсыз сөз», «жаман сөз», т.б. Бұлардың қайсысы болсын, сөйлеуші адамның ішкі жан дүниесін қандай мақсатпен қозғалысқа түсетіндігінен хабар береді десек, артық айтқандық емес.

Қысқасы, санай берсек, сөздің беретін ұғымы өте кең. Сондықтан «сөз мәдениеті» дегенді - «сөйлеу мәдениеті», «тіл мәдениеті» деп те айта береміз. Сөз - тілдің қолданыстағы көрінісі болса, «тіл мәдениеті» тілдің жеке элементтерін, тұлға-тәсілдерін, оның тәжірибе елегінен өтіп қалыптасқан, қоғам тарапынан қабылданған заңдылықтарына сәйкес дұрыс пайдалану туралы білім саласы. «Сөз мәдениеті» - тілдің фонетиканың нормаларын бұлжытпай сақтау ғана емес, айтайын деген ойымызды тыңдаушыға жүрекке жылы тиетін, «айналасы теп-тегіс жұмыр келген», әсерлі ұғымды дәл жеткізу жайын қамтиды.

Тіл мәдениетін қалыптастырудың жолы - тілдің халықтық қасиетін ауыз әдебиеті үлгілері, көркем әдебиеті арқылы бала бойынша сіңіру. Оқыған шығармасы бойынша ойын көркем етіп жеткізуге білу де-тіл мәдениетін меңгерудің бірден бір шарты. Мәдениет" ұғымына батыс еуропалық әдебиеттерде 400-ден астам анықтама берілуі оның күрделі әрі өзекті мәселе екенін дәлелдейді. Әйтсе де барлық анықтамалардың түйісер нүктесінде мәдениет адамның рухани әлемінің, қатпары мол, қабаты қалың, жұмбақты болмысының, әдеп пен саналылық деңгейінің көрсеткіші деп тұжырымдалады.

Қазақ тіліне мәдениет сөзі араб тілінен ("маданият" - қала, қалалық деген мағынаны білдіреді) енген. Ал, көне заманда "культура" сөзі "жерді өңдеу" деген мағынада қолданылған. Цицеронның еңбектерінде (б.з.д. 45 жыл) бұл сөздің мағынасы тереңдеп, "жанды жетілдіру" ұғымымен барабар пайдаланылды. Көне Грекияда ерте заманның өзінде-ақ өмірге икемді, қабілетті, жан-жақты қалыптасқан азаматтарды тәрбиелейтін сирек кездесетін білім беру жүйесі болғаны белгілі. "Адамзаттық" қасиеттерді жетілдіруге ерекше көңіл бөлініп отыратындықтан, мұнда жастарды қоғамдық өмірге дайындауға басымдылық берілген. Бұл бағыттағы мәдени білімнің мақсаты адамның ойлау, пікір айту, пайымдау қабілеттері мен эстетикалық сезімдерін дамыту болды. Әлемнің түрлі елдерінің қоғамдық даму жүйесінде бұл идеялар сан түрлі бағытта өрістей бастады. Мәселен, уақыт өткен сайын еуропалық тілдерде "культура" сөзі "білім беру", "даму", "қабілеттілік", "құрметтеу" сияқты мағыналарға ие болды.

Орта ғасыр ғалымдары мәдениетті тәлім-тәрбиенің, үйлесімділіктің, тәртіптің өлшемі, адамның үздіксіз рухани жетілуі мен көп қырлылығының көрінісі деп бағалады. Олар адам ақыл-ойының тәуелсіздігін батыл қолдады, мәдениет адамның ішкі табиғи мүмкіндіктерін, ақыл-ойын жетілдіретін қуат көзі деп санады. Олардың пікірінше, мәдениет - білім мен тәрбиенің құралы, адам қабілеттерін дамытудың тетігі. Ойшылдар мәдениетте адамдық пайым-парасат, ақыл-ой, ізгілік пен әдемілік заттандырылады деп көрсетті. Мәселен, Э.Тэйлор "мәдениет - рухани құндылықтарды дамыту арқылы адамзат баласын жан-жақты жетілдірудің жолы" деген тұжырым жасады.

Отандық ғылым жүйесінде сөз мәдениетін зерттеудің алғашқы арналары әл-Фарабидің "Риторика" еңбегінен, әлеуметтік-философиялық трактаттарынан, Ж.Баласағұнның "Құдатғу бiлiк", М.Қашқаридiң "Диуани лұғат ат-түрк", А.Йүгiнекидiң "Ғабатум Хама", А.Йасауидiң "Диуани хикмет", т.б. еңбектерінен бастау алады. Ғалымдардың тұжырымдарын саралай келгендегі басты түйін: білім мен тәрбие - адамзат мәдениетінің қайнар бұлағы болса, өз кезегінде мәдениет - адамның дара тұлға ретінде қалыптасуының негізі.

Сөз мәдениетінің жеке сала ретінде қалыптасу жолында шешен сөз, шешендік туралы зерттеулер де өзіндік мәнге ие. "Шешен сөз" ұғымын тұңғыш рет термин ретінде қалыптастырып, оны жан-жақты саралап көрсеткен ғалым - А.Байтұрсынұлы. Ол шешендік сөздің құрылымын, түрлерін анықтады. Ш.Құдайбердіұлы, Ә.Бөкейханов, М.Әуезов, С.Сейфуллин, Ә.Мәметова секілді ғалымдар шешендікті әр қырынан талдады. Б.Адамбаев қазақ шешендіктану ғылымын жаңа сапаға көтерді. Ол шешендік сөздерді іштей жіктеп, өзіндік ерекшеліктерін саралады.

Шешендік сөздің табиғатын жаңа заман тұрғысынан қарастырып, оның тілдік сипатын танудың жүйесін белгілеген ғалым - Р.Сыздықова. Ол "Шешендік сөз" еңбегінде "шешендік өнер" мен "шешендік сөз" терминдерінің аражігін ажыратып, қазіргі шешендік пен дәстүрлі шешендіктің ерекшеліктерін айқындап берді, шешен, шешенге қойылатын талаптар жөнінде ғылыми пайымдауларын ұсынды. Ғалым "Сөз құдіреті" және "Сөз сазы" еңбектерінде де сөз шеберлігіне қатысты мәселелерді зерделеді. С.Негимов "Шешендік өнер" атты зерттеуінде жалпы шешендік өнердің тарихын жүйеледі, шешен сөздің жанрлық түрлері, шешендік сөздің тектері жөнінде өз тұжырымдарын ұсынды. Г.Қосымова "Шешендік өнердің негіздері" атты ғылыми еңбегінде қазақ шешендіктануының тарихын көне түркі жазбаларынан бастап зерттеді, оның тарихи арналарын, дәстүрлі және бүгінгі заман шешендігінің арасындағы біртұтас сабақтастықты негіздеді. Осылайша сөз мәдениетінің зерттеу аясының кеңеюіне орай бұрын халық ауыз әдебиетінің бір жанры деп саналған шешендік сөз ендігі жерде сөйлеу өнерінің шыңы деген тұжырым орнықты. Шын мәнінде шешендік өнер қоғамдық мәні жоғары, пайымдық сипаты терең сөз шеберлігінің ең жоғарғы деңгейі болып саналады. Сондықтан ол сөз мәдениеті аясында қаралады.

Қазақ сөз мәдениетінің пән ретінде қалыптасуында қазақ тілі бойынша жазылған алғашқы оқулықтар мен оқу құралдарының (А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, С.Аманжолов, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, А.Ысқақов, К.Аханов, т.б.) рөлі зор. Оларда грамматикалық, орфографиялық, орфоэпиялық нормалардың ереже түрінде берілуі әдеби тілдің нормаларын қалыптастыруға ықпал етті. Сөз мәдениетіне қатысты Алаш арыстары қозғаған ой-пікірлер аракідік тілші-ғалымдар еңбектерінде бой көрсеткенмен, ол нақты зерттеу нысанына алынбады. Тек 1968 жылы желтоқсан айының 16-18 күндері Алматы қаласында Қазақ ССР Ғылым академиясының Тіл білімі институты мен Қазақстан Журналистер одағы "Тіл мәдениеті және баспасөз" деген тақырыпта ғылыми-практикалық конференция өткізді. А.Ысқақов осы конференцияда: "Тіл мәдениеті проблемасы - қазақ әдеби тіл білімінде тіпті тексерілмегені былай тұрсын, сөз болып көрмеген, шеңбері мен шені де, өрісі мен өресі де айқындалмаған аса үлкен де аса актуальды проблема",- деді . Бұл тіл мәдениетінің тек соңғы қырық жыл шамасында ғана зерттеу нысаны ретінде алынғанын дәлелдейді. Конференцияда тіл мәдениетін зерттеу күн тәртібіне қойылғанмен, арнайы сала ретінде дами алмады. Дегенмен, тікелей сөз мәдениеті деп аталмаса да, оған қатысты бірқатар зерттеулер осы ғылым саласының негіздерін қалыптастырды. Сөз мәдениетiнің аспектілерін тануда Б.Шалабайдың, сөз этикасын арнайы зерттеген А.Қобланованың еңбектеріндегі пікірлер маңызды рөл атқарды. Сөз мәдениетінің дара тұлға дамуының тетігі екендігін негіздеуде тілі білімі саласындағы зерттеулердегі лингвокогнитивтік тұжырымдар тірек етіп алынды. Көпшілік алдында сөйлеу мәдениетіне байланысты жазылған еңбектер де зерттеу жұмысының негіздерін айқындауға іргетас қалады.

Сөз мәдениетіне қатысты негізгі ой-тұжырымдарды бүгінгі заман талаптарымен үндестіріп және сөз мәдениетін арнайы сала ретінде тұжырымдап берген іргелі еңбектер Н.Уәлидің "Сөз мәдениеті" және "Сөз мәдениетінің ғылыми-теориялық негіздері" атты зерттеулері болды. Бұл еңбектерде сөз мәдениетінің категориялары, сөз мәдениетінің ғылым саласы ретіндегі маңызы теориялық тұрғыда дәйектелген.

Сөз мәдениетін оқу пәні ретінде қарастыру үшін "тіл мәдениеті" мен "сөз мәдениеті" деген терминдердің аражігін, олардың қарастыратын нысандарын анықтап алу қажет болды. Ғалымдар арасында пікірталас тудырған бұл терминдер туралы Т.Қордабаев: "Өмірде мәдениетті тіл, мәдениетсіз тіл деген болмайды, мәдениеттілік те, мәдениетсіздік те тілді қолдануда, сөйлеу (жазу) процесінде болады. Тіл мен сөйлеу бір-бірімен айырылмастық бірлікте болатындарына қарамастан, бұл екеуінің бірлігі - тепе-теңдік бірлік емес, әрқайсысының өзіндік ерекшеліктері бар диалектикалық бірлік. Тіл дегеніміз - сөйлеуге қажетті материалдардың жиынтығы. Ал сөйлеу - сол жансыз материалдардың өзара қарым-қатынасқа келуі, тілдің қимыл үстіндегі күйі. Тілге жақсы, жаман, мәдениетті, мәдениетсіз деген сын жүрмейді. Осы себептен "тіл мәдениеті" дегеннен гөрі "сөйлеу мәдениеті" деу өз мазмұнына сай келеді",- деп көрсетті. Ғалым Р.Сыздықова: "Сөз мәдениеті" дегенді "сөйлеу", яғни "тіл жұмсау" тәртібі (мәдениеті) деп танимыз. Демек, бұл жердегі "сөз" - орысша "речь" дегеннің баламасы. Соңғы термин "тілдің қолданыстағы көрінісі" дегенді білдіретіні мәлім. Бізде ғылымның бұл саласын атауда "тіл мәдениеті" деген тіркес жиірек қолданылып жүр. Бірақ мазмұнға сай дәлірегі, дұрысы - "сөз мәдениеті". Сөз мәдениеті тек тілдің нормаларын бұлжытпай ("сықитып") дәлме-дәл сақтау ғана емес, айтпақ ойды тыңдаушыға жүрекке жылы тиетін, "айналасы теп-тегіс жұмыр келген", әсерлі етіп жеткізу жайын да қатар қамтуы тиіс",- деді. Ғалым Н.Уәли "тіл мәдениетінің" әдеби тілдің нормасы туралы білім саласы ретінде пайда болғанын, оның жалпы "сөйлеуде, жазуда тіл амалдарын дұрыс қолдана білу" деген ұғымды танытатынын атап көрсетті. Зерттеуші "сөз мәдениетінің қарым-қатынас құралын қалай игеріп, өмірде қалай пайдаланып жүрміз, оның әр қилы амал-тәсілдерін дұрыс, дәл, тиімді қолданып, мазмұнды, әсерлі етіп жұмсай алдық па дегенге саятынын" айтады. Ол сөз мәдениетінің екі сатысын айқындап берді. Ғалым З.Бейсенбайқызы: "Тіл мәдениеті" ұғымы көбіне-көп қарым-қатынас құралы болып табылатын тілді жетілдіре беруге, негізгі нормаларын қалыптастыра түсуге тікелей жәрдемі тиетін грамматикалар, сөздіктер, түрлі анықтама құралын жасау бағытында іс-әрекеттерді қамтиды",- деп тұжырымдады.

Алаш арыстары көтерген оқытудың сан тарау мәселелерінің аясында баланың ойы мен тілін шыңдауға қатысты пікірлерді дамытқан, оқушыны сөз шеберлігіне баулу мен тіл мәдениетін оқытуды арнайы қарастырған ғалым М.Балақаев болды. Ғалымның тіл мәдениетін меңгертуге қатысты ой-пікірлерін мазмұн сипатына қарай екі топқа бөліп қарастыруға болады: біріншісі - тіл мәдениетін оқыту әдістемесіне қатысты нақты пайымдамалары, екіншісі - қазақ тілінің білім мазмұнына шешендік сөзді енгізуді ғылыми тұрғыда дәйектеген пікірлері. Ол "шешендiкке үйрету жай ғана көркем, шебер сөйлеуге үйрету емес, баланың ой өрiсiн, жалпы, бiлiм дәрежесiн арттыратынын; шешендікке үйрету оқушының өздік әрекет етуіне негізделгенде ғана оң нәтиже беретінін" негіздеді. Бұл пікір Я.Коменскийдің "сабақта мұғалім аз үйретсін, оқушы көп үйренсін" деген қағидасымен және қазіргі оқыту үрдісінде оқушыны өз әрекетінің субъектісі деп тануды негіздейтін жаңа педагогикалық парадигмамен терең ұштасып жатыр.

Соңғы жылдары білім беру жүйесінде, тіл дамытуға, сөз мәдениетін үйретуге, шешендік қабілеттерді шыңдауға бағытталған зерттеу еңбектері мен оқу құралдары жазыла бастады. Мәселен, С.Рахметованың, А.Жапбаровтың зерттеулерінде қазақ тілінен оқушының тілін дамыту жайы қарастырылды. Жоғары білім жүйесінде шешендіктануды оқыту мәселесін арнайы зерттеген ғалым А.Қыдыршаев "Шешендіктануды оқытудың ғылыми-әдістемелік негіздері" атты монографиясында студенттерді шешендікке баулудың ғылыми-әдістемелік мәселелерін зерделесе, Б.Салыхованың "Усвоение казахского ораторского искусства на гуманитарных факультетов университетов с русским языком обучения" атты еңбегінде шешендік өнерді үйретудің талаптары қарастырылды. Н.Құрманованың "Шешендік өнерге баулу" атты зерттеуі де орта мектептерде шешендікті оқыту жүйесін жетілдіруде маңызды орын алды. Сонымен, бұл еңбектер сөз мәдениетінің қалыптасу тарихын зерделеуде, сөз мәдениетінің шешендікпен байланысын ашуда, сөз мәдениетін меңгертудің мақсатын, ұстанымдарын белгілеуде басшылыққа алынды.

Сөз өнеріне қатысты ұлттық философиялық тұжырымдар орта ғасыр ойшылдарынан, Абай мен Алаш арыстарының идеяларынан бастау алады. Қазақ философиясының өзіне тән ерекшелігі - ақ пен қара, көркемдік пен сұлулық, өмір мен өлім, болмыс пен батырлық, адам мен табиғат үйлесімін ұстануы. Сөзді кие тұту, оған жауапкершілікпен қарау хақындағы түйінді ойлар сөзді өнер деп бағалаған ақын-жыраулардың қай-қайсысының мұрасынан ұшырасатыны да кездейсоқтық емес. Сол себепті сөз мәдениетіне тән заңдылықтарды зерделегенде, сөз зергерлерінің шығармаларына да талдау жасалды. Мысалы, сөйлеуге қойылатын талаптар мен ережелерді Бөлтірік шешен: "Сөзден тәтті нәрсе жоқ, сөзден ащы нәрсе тағы жоқ. Сөзден жеңіл нәрсе жоқ, сөзден ауыр нәрсе де жоқ. Сөзіңді тіліңе билетпе, ақылыңа билет. Ақылды сөзіңді ақылсызға қор етпе, ақылдыға айт. Не сөйлейтініңді біл, кімге сөйлейтініңді біл, қашан сөйлейтініңді біл, қайда сөйлейтініңді біл, қалай сөйлейтініңді біл. Оны білмесең, сара сөзің шала болады, арты жала болады",- деп, бір ауыз сөзбен түйіндейді. Дулат Бабатайұлының:

Сөз - жібек жіп, жыр - кесте,

Айшығы айқын көрінбес,

Өрнексіз тігіп баттаса...- деген өлең жолдарында табиғатынан қоры бай, жүйелі, оралымды қазақ сөзінің бар мүмкіндігін қолдану үшін де үлкен талғампаздық, олардың ішкі үйлесімін тап басып тани алар көрегендік керек екені айтылады. Ал Шал ақын жырлаған сөздің жылылығы, шалқақтығы, тұтқырлығы, сұлулығы, жатықтығы, анықтығы - бүгінгі сөз шеберлігіне тән маңызды талаптар. Сондықтан сөз мәдениетін оқытудың философиялық негізін айқындауда ұлттық-танымдық тұжырымдар да оқушының интеллектуалдық әрі мәдени сапаларын дамытумен байланыста қарастырылды.

Психологтардың пайымдауынша, жас өспірімнің интеллектісі, даралық қабілеттері, әлеуметтік қатынастары өзгеше болады. Оның танымдық белсенділігі артады, талғамы өседі, қабылдау дағдысы жетіледі, логикалық есі мен ерікті зейіні тұрақтанады. Сондықтан негізгі сатыда оқушыға берілетін қазақ тілінің ғылыми жүйесі баланың дұрыс сөйлеуіне қажетті білімдерді тиянақтауы тиіс. Онда тіл туралы оқушы дүниетанымын кеңейтуге, олардың тілдік талғамын жетілдіруге іргетас қаланып, баланың бастауыш сатыда меңгерген сауаттылық дағдылары ғылыми пайымдауларға ұласады. Оқушының тілдік сезімі, танымдық қабілеті дамытылады, ойлау жүйесі шыңдалады.

Сөйлеу барысындағы тілдік құбылыстардың ерекшелігін таныта оқыту баланың логикалық ойлауына оң әсер етеді. Дәл осы ойлау жүйесінің дамуы, ең алдымен, оның теориялық ойлауын қалыптастыруға алғышарт жасайды. Бұл өз кезегінде оқушының рефлексиясын дамытады, яғни өз ортасындағы орнын тани бастауы оның өзіндік санасының қалыптасуына мүмкіндік береді. Жасөспірімге талдамалық сипаты басым жұмыстарды ұсыну, өзіндік ой қорытындыларын жасату тиімді. Психологиялық дамуындағы өзгеріс оның интеллектуалдық қабілетінің өрлеуімен байланысты. Мәселен, осы сатыда лингвистикалық дүниетанымды қалыптастыру нәтижесінде оқушының тілге деген қатынасы өзгереді, бұл оның оқу сапасына оң ықпал етеді.

Жеткіншек кезең (14-18 жас арасы) - балалық пен ересек кезең аралығындағы "үшінші әлем". Бұл жастағы басты әлеуметтік міндет - мамандық таңдау. Жалпы білім алуға енді мамандыққа бейімделу міндеті қоса жүктеледі. Жеткіншек күрделі интеллектуалдық операцияларды орындауға бейім болады. Оның өміріне қажетті негізгі дағды өзін дұрыс ұстау, айналасымен тіл табысу, көпшілік алдында өзін-өзі дәлелдеу екені сөзсіз. Мұндай дағдыларды ол қалай да меңгеруге ұмтылады. Бүгінгі бәсекелестік заманның сынына төтеп беру үшін оқушы сөйлеу шеберлігінің құпияларын тануға мүдделілік танытады. Ол үшін қазақ тілі қатардағы оқу пәнінен оқушының өмір қажетінің алғышартына айналады. Жеткіншек кезеңдегі жаңа сапалық өзгеріс - өз жолын өзі анықтауға ұмтылыс болса, сөз мәдениеті осы таңдауға кең жол ашатын, оқушының өмірлік дағдыларының тетігіне айналатын білім мен біліктердің жиынтығын құрайды. Ол өзінің сапалық қасиеттерін тануға мейлінше ынталы болады. Бұл да өзіндік сананың өсуіндегі маңызды фактор. Жеткіншек танымына формальды-логикалық, формальды-операциялық ойлау тән. Сондықтан сабақта жобалау технологияларын, проблемалық тапсырмаларды жиі пайдалану жеткіншектің болмысымен толық үйлесім табады.

Бүгінгі қоғамдық-әлеуметтік сұранымға сай дара тұлғаның тілдік қабілеттерін шыңдау, мәдениетті қарым-қатынас жасауға төселдіру, шешендікке баулу бағытындағы оқу материалдары екі бағдардың ерекшелігіне сай ұсынылады: жаратылыстану-математикалық бағдарлы мектепте базалық деңгейге лайықталған білім мазмұны жинақталып беріледі, ал қоғамдық-гуманитарлық бағытта оқу материалдары күрделендіріліп, таратылып, тереңдетіледі.

Жинақтай айтқанда, жалпы білім беретін орта мектептерде әдеби тіл нормасы мен тіл мәдениетіне: 5-сыныпта - 8/8 сағат, 6-сыныпта - 10/10 сағат, 7-сыныпта - 14/12 сағат, 8-сыныпта - 4/4 сағат берілген. Ал, 9-сыныпта бөлінген 34 сағаттың барлығы да тіл мәдениетімен байланысты. Өйткені онда стилистика мен пунктуация тіл мәдениетімен бірлікте берілген.

"Сөз мәдениетін оқытуда оқушылардың өздік жұмыстарын ұйымдастырудың жолдары" атты тармағында қазақ тілі пәніндегі өздік жұмыстар аясында оқушылардың алған білімін, меңгерген іскерлігі мен дағдыларын тәжірибеде дұрыс қолдануы мен қоршаған ортамен белсенді әрекеттесуін қамтамасыз ету үшін ұжымдық, топтық және даралық жұмыстың түрлері ұсынылды. Оқушылардың сөз мәдениеті дағдыларын дамытуға бағытталған жұмыстар екі үлкен топқа жіктелді: тілдік дағдыларды қалыптастыратын жаттығулар және қатысымдық дағдыларды қалыптастыратын тапсырмалар. Жаттығулар мақсатына қарай тіл дамыту, тіл ұстарту, сөз мәдениеті құралдарын қолдану жаттығулары деп, ал тапсырмалар сипатына қарай: ізденімдік, проблемалық және шығармашылық болып бөлінді. Тіл дамыту жаттығуларында оқушының ортологиялық дағдыларын дамыту көзделді де, тіл ұстартуда оқушының өздігінен шешім жасауына бағытталған жаттығулар топтастырылды. Сөз мәдениеті құралдарын қолдану жаттығуларында этикеттік орамдарды, клишелерді, көркемдеу тәсілдерін мақсатқа сай талғап пайдалануға төселдіретін жұмыстар іріктелді. Ізденімдік тапсырмалар дайын оқу материалдары негізінде оқушының шешім жасауын талап етсе, проблемалық және шығармашылық тапсырмалар оқушылардың ойлау, танымдық, қатысымдық қабілеттерін дамытуға бағытталды. Бұл жұмыстарда мәтіндерді редакциялау, мәтін бойынша өзгеше нұсқа құрау, эссе, шағын шығарма жаздыру секілді жұмыстармен қатар жоба жасау, проблемалық жағдаяттарды шешу, сөзжұмбақтар, коллаждар құрау және т.б. әрекеттер қамтылды.



© 2010-2022