Таныстырған 42 әріппен, Қош бол, менің сүйікті Әліппем!

Раздел Начальные классы
Класс 1 класс
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:



«Таныстырған 42 әріппен,
Қош бол, менің сүйікті Әліппем!»

Мақсаты:
Оқу тілін дамытып, сөздік қорын молайту. Оқушылардың әліппеден алған білімдерін тиянақтау. Әр оқушының іс- әрекеттері арқылы икемділігін, қабілеттерін көрсету,шығармашылық мүмкіндіктерін ашу;
Оқушылардың елін, Отанын сүюге,оны қорғай білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Қазақ әліпбиі,суреттер, «Әліппе», «Ана тілі», «Математика»,
оқулықтарының мұқабасы, әсем безендірілген сахна. БАРЫСЫ:
Қуаныш бүгін мереке,

Шуағын шашып тұр әлем.
Тойға келген қуанып

Қонақтар сізге мың алғыс!
Ортамызға 1 «Ә» класс оқушыларын қошеметпен шақырайық!
Құрметті ата-аналар, ұстаздар және оқушылар.

Бүгінгі «Таныстырған 42 әріппен, Қош бол, менің сүйікті Әліппем!» атты әліппемен қоштасу мерекемізге қош келдіңіздер. Осыдан 4-ай бұрын мектеп табалдырығын қысылса да қызыға аттаған бірі отбасының тұңғышы, бірі кенжесі, бірі әзірге жалғызы, ата-әжесінің сүйікті де еркесі болып жүрген ұл- қыздарымыз, өздерінің ең алғашқы оқулығы болған әліппемен бүгін қоштасқалы отыр.

Бүгін елдігіміз ескеріліп, егеменді ел болған, тәуелсіз тұлпардай етек-жеңіміз кеңейіп, атымыз алысқа жетіп жатқан шақта мерекемізге тағы бір мереке қосылмақ. Бұл мереке бүгінгі қуанышты күн әліппемен қоштасу мерекесі. Кеше ғана мектеп табалдырығынан аттаған бүлдіршіндер бүгінде сапалы оқушы болып, ғылымның атасы- Әліппені бітірді. Бұдан былай да білім жолындағы белестерге қанаттары таламай көтеріле берсін дегім келеді.

Мұғалім: Балалар, мен бір жұмбақ айтайын, сендер жауабын айтыңдар.

Іші толған әріпке

Білімдегі жарық не?

Хорменː Болашаққа жол ашар, ол сүйікті Әліппе!

Мұғалімː Олай болса, бәріміз Әліппені ортаға шақырайық.

Хорменː Әліппе, Әліппе, Әліппе!

Әліппе келедіː Армысыздар жас достар,

Армысыздар ата-ана

Болашаққа жол бастар,

Әліппең келді ортаға!

Білім деген ғажаптың,

Әліппесін меңгерген

Келешегі қазақтың

Басталады сендерден.
Мұғалімː Құрметті Әліппе!

Келгенің жақсы болды.
Ортамызға қосылып балалардың өнерін тамашалаңыз.
Хор: «Әліппе»

Балалар, қараңдаршы мына жерде ағаш тұр - бұл жай ағаш емес,
̎білім ағашы ̎ екен. ̎ Ерте, ерте ертеде бір жаханда ̎ Әліпби ̎ атты ел болыпты. Бұл елде Ханзада мен Ханшайым ұзақ жылдар бойы өмір сүріпті. Содан екеуі елдің орта шетіне көшет отырғызады. Күтім жақсы болған алма ағашының тамыры кеңге жайылып, көкке шарлап өседі. Алайда ханзада мен ханшайымның алма ағашына көңілдері толмайды. Өйткені, оның себебі де бар еді.

Мұғалім: Ол қандай себеп екен? Ол алма ағашының тамыры жайылып өскенмен неліктен жеміс бермейді екен. Сыры неде? Менің қатты білгім келіп тұр.

- асықпа, өз уақыты келеді, сонда біле жатармыз. Ал, құрметті көрермен қауым, ендігі кезекті алфавиттерімізге берейік. Ортаға Бекнұр мен Сымбатты шақырамын.

Бекнұрː Алфавиттің А тұрады басында

Әрқашанда Ә тұрады қасында

Байқадың ба? Б тұрады үшінші

Ал осының сыры неде түсінші.

Сымбатː А деген ол - аналар ғой ардақты

Ә деген ол - әкелер ғой салмақты

Б деген ол - балалар ғой әдемі

Біздің елде - үшеуі де қадірлі.

Енді Әліппеге арналған тақпақтарға кезек берейік. Ортаға:
(осылайша, әр бала тақпағын айтқан сайын дауысты немесе дауыссыз әрпін білім ағашына іліп кетеді. Солай білім ағашы жемісін береді)

Ернар: Көлге айналған бұлақтың,
Қайнар көзін көріппең.
Том - том қалың кітаптың,
Басы болар Әліппең!
Мадина: Тәуелсіз бейбіт күн туды,
Балалар шат көңілді.
Жасасын туған еліміз,
Жасасын көркем жеріміз.
Камила: Мама, папа, атын сен,
Бізге үйреттің Әліппе.
Бізге жарық жақтың сен,
Сенен білдік әріпті.
Альфия: Біз атаның ұлымыз,
Біз ананың гүліміз.
Адамдыққа үйоеткен,
Асыл ана тілімыз.
Дана: Отан менің ата - анам,
Отан досым, бауырым.
Отан өлкем Астанам
Отан туған ауылым.

Дамир: Ақыл ойда, білімде,

Туған ана тілінде,
Ана тілсіз дәлденбес,
Ауа, су, жер, күнің де.



Мұғалімː Балалар Отан дегеніміз не?

Хорменː Отан деген ата-анамыз, туған жеріміз.

Мұғалімː Біз қай Республикада тұрамыз?

Хорменː Қазақстан Республикасында.

Мұғалімː ҚР-ның ел ордасы қай қала?

Хорменː Астана

Мұғалім: Кеше ғана еліміздің егемендік алған күнін тойладық. Тәуелсіз
Қазақстанның президенті кім?

Хорменː Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлы

Хор: « Менің Отаным!»

Саян: Атыраудың айдыны

Алтай таудың айбыны

Астанамыз - астана

Болды әлемге - әйгілі.
Дания: Күмбір - күмбір қоңырау,
Соғылған ай қыркүйек.
Қалам ұстап қолыма,
Жазылған ай қыркүйек.
Жамиля: Өтті оқу сан сабақ,
Бүгін үлкен салтанат.
Басқа оқулық достаспақ,
Әліппемен қоштаспақ.

Сұлтан: Ғарышкері ғаламның,
Намысшы ері даламның.
Тоқтар сынды ағамның
Ізбасары боламын.
Исламбек: Алфавитті білдіңдер,
Онда жүйе қалып бар.
Біздің қазақ тілінде,
42 әріп бар.

Көркем: Өзім оқып кітапты,
Жалынбаймын ағама.
Қуанар ағам оқудан
Алған бестік бағама.
Аяна: Арта берді кітапқа,
Бойымдағы құмарым.
Бірге жүрген қолымда,
Кітап болды сыңарым.

Әлихан: Ең алғаш қолға алғанда әліппені,

Қызығып қарай бердім әріптерді.

Мен үшін жұмбақ болып қалармеді,

Ұстазым оның кілтін алып берді.

Би: «САМ» бишілерімізді қарсы алыңыздар.
(Биден кейін сахнаға Жалқаубек кіреді.)



Бекнұрː Балалар, сендер неге жиналып тұрсыңдар?

Назеркеː Әліппемен қоштасу мерекесін өткізіп жатырмыз.
Бекнұрː Әліппе? Әліппе деген кім?

Назеркеː Кім емес, не деу керек.

Бекнұрː А-А-А мынау ма? (теріс ұстап). Мен сендер сияқты оқымай-ақ,
мектепке бармай-ақ, ақылды боламын.

Мұғалімː Жалқаубек, Әліппең бар екен, жарайсың. Бірақ оны былай дұрыстап ұстау керек. Ұқыпты таза, күтіп ұстау керек.Біздің балалар Әліппені түгелдей бітіріп шықты. Енді ана тілін бастайды. Әріптердің бәрін біледі. Кітапты өздері оқи біледі. Солай ғой балалар? Жалқаубек, сен, біздің қонағымыз бол, балалардың барлығы шетінен ақылды, өнерлі.Олардың өнерлерін тамашала.

Бекнұрː Жарайды, көрсем көрейін.

Келесі кезекте ортаға:
Абилмансурː Отан - анам

Отан - әкем

Осы сөзім қате ме екен,

Қате болса неге біздер

Дейміз оны Атамекен.
Аянат: Сөйлейді олар тіл бітіп,
Небір қызық сырларды.
Тыңдай бердім мен жұтып,
Тіл біткен тақпақ, жырдарды.

Гауһар: Әліппемен қош айтысып қаламыз,
Енді қолға басқа кітап аламыз.
Ата - ана қуанышқа ортақ бол,
Сауатты боп шықты міне, балаңыз.

Рустам: Айнымайды аспаннан,
Біздің тудың бояуы.
Оны халық қашанда,
Биікке іліп қояды.
«Бүлдіршіндер» вальсі. Әлихан - Жамиля, Саян- Көркем, Сұлтан - Дания, Исламбек - Аяна.

Муслим: Оқитын әрі жазатын,
Білімге қол созатын.
Оқушы болдық сауатты,
Білімнің кенін қазатын.
Назерке: Үйретті бізге Әліппе,
42 дербес әріпті.
Сөз, сөйлем құрап әріпті,
Лайық болдық дәріпке.
Аслан: Ыстық әрбір беттерің,
Жазуыңды ұғамын.
Ақыл бердің Әліппе,
Сенен білдік әріпті.





Аяулым: Әліппем менің Әліппем.
Сені қолға алып мен.
Есігін аштым мектептің,
Ертеңгі сәуле жарықпен.
Рамазан: Ата - баба жерінің,
Қасиетін мен білдім.
Әжеміз ғой үйреткен,
Әліппесін өмірдің.
Мұғалім: Міне көрдіңдер ме балалар, "білім ағашы" жемісін берді.
- Иә, оқушылар Әліпби елінің әріптерін меңгеріп шығып еді, білім ағашы жемісті болды. Рахмет сендерге оқушылар

Мұғалім: Ендігі сөзді әліппеге берейік

Әліппе: Мен бүгін өзім келген жоқпын. Достарым ана тілі мен математиканы да ала келдім.
Ұстаздар мен балалар

Аталар мен аналар
Танысыңдар досыммен
Достасыңдар осымен

Аттанғанда бүгін мен

Ана тілін таныңдар

Оқып ана тілін

Ақыл, білім алыңдар

Ана тілі келеді: Амансыңдар ма достарым,

Сөйлетер сөзді шеберлеп.

Өзіңнің ана тілімен

Байыптап жақсы сөйлесең

Негізі менде білімнің

Ана тілің құралың

Ана тілің ұраның

Ана тілің болмаса

Мықты болмас тұрағың

Әліппе: Еңбек білім мәнінде

Есептейтін бәрінде

Шақырамыз ортаға

Математика пәнінде

Математика келеді: Сәлемет пе, достарым?

Сабағы көп жоспардың

Төрт амалды қолданған

Математика достарың

Қане қайсың- жүйріксің?

1. 10-ға дейін кім шапшаң санап бере алады?
2. Өсу ретімен кім санай алады?
3. Кему ретімен кім санай алады?

Хор: «Сурет сабағы»





Көрініс: «Алма»
Бір күні Дамир есебін шығара алмай қатты қиналып отырды.
Оған апасы Аянат кеп:
- сенде бес алма бар, екеуін Муслимге бердің. Өзіңде нешеуі қалды? - деді. Сонда Дамир:
- Мен Муслимге екеу түгілі бір алманы да бермеймін, - деп мұрнын тыржитып.

Ж. Бекнұр: Балалар сендер кө-ө-өп нәрсе үйреніпсіңдер ғой. Осының бәрін
үйреткен кім?

Хормен: Ол алтын ұя мектебіміз. Ұстазымыз. Ата-анамыз.

Әліппе: Балалар аз уақыттың ішінде көп табысқа жетіпсіңдер. Мен сендерге
ризамын. Сендерді білім жолына жетелейтін достарың Ана тілі.

Оны да жақсы оқитындарыңа сенемін. Қош сау болыңдар жас достар!

Хормен: Қош, сау бол, сүйікті Әліппе!

Ж.Бекнұр: Балалар, мені де өз қатарларыңа қосыңдаршы. Мен енді түсіндім.
Бұдан былай ұқыпсыз, жалқау болмаймын. Тәртібімді де түзеймін,
сендер сияқты әріптерді танып, жазып үйренгім келеді.

Мұғалім: Балалар алдымен Жалқаубекке "қандай бала болуға болады" айтып беріңдерші... (Балалар өз ойларын ортаға салады)

Мұғалім: Балалар, Жалқаубек өз қателігін түсінген сияқты, ортамызға қосамыз ба?

Хормен: Иә

Ж.Бекнұр: Рахмет, алақай, алақай-деп шығып кетеді

Би: «Қара жорға» Рамазан - Аяулым.

Мұғалім: Құрметті ұстаздар мен ата-аналар 1 «Ә» класының осымен бүгінгі
мерекеміз өз мәресіне келіп жетті.
Ата-ананың тілегі - адам болып өскенің, адамдықтың тірегі - адал болып өскенің - деп аяқтағым келеді. Көңіл қойып тыңдағандарыңызға көп рахмет.


© 2010-2022