Сыныптан тыс іс-шара Тілашар (даярлық сынып)

Раздел Начальные классы
Класс 1 класс
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Мақсаты: мектепке келген балаларды мектеп өмірімен таныстыру, олардың оқуға, білімге деген ынталарын, қызығушылықтарын арттыру, балалардың тіл байлықтарын, сөздік қорларын дамыту, дүниетанымын кеңейту, оқу-білім, өнерді жаны сүйетін, білімділікті мақсат еткен, білімге құштар ұрпақты, болашаққа сенімді азаматтарды тәрбиелеу.

Барысы:

Бақытты балдырғандар, ардақты ата-аналар, құрметті меймандар, тілашар тойы құтты болсын! Мектеп есігін алғаш ашқан шәкірттерім қадамдарың сәтті болсын!

Шуағын шашып тұр әлем
«Тілашар» тойы мектепте
Шәкірт.Ұстаз. Ата-ана
Қуанғын бүгін бәріңде.

Қыр гүліндей жайнаймыз

Ән сап, билеп, ойнаймыз

Бүгін бізде мереке

Тілашарды тойлаймыз

Балаларсыз қандай той, не қызық бар?

Ендеше бүгінгі тойдың иелерін 1 д сынып оқушыларын қошаметтеп қарсы алайық.

Кешегі сәби балаңыз

Жарады міне қараңыз

Ғылым, білім жолында

Өседі ой санамыз

Хош келдіңдер, балалар

Қадамдарың құтты болсын.

Енді балалар өзімізді қысқаша таныстырайық

14 үлмыз, 6 қызбыз

Барлығымыз жұлдызбыз

Қыздар: Біз сыныптың гүліміз

Жарқыраған күніміз

Ұлдар: Біз қыздарды қорғаймыз

Өте жақсы балалар, Ал енді сендер қайда келдіңдер?

Не үшін келдіңдер?

Сендерді кім деп айтамыз?

Жақсы, балалар, олай болса мектепке не үшін келгендеріңді ән арқылы жеткізіп көріңдер. 1 Д сынып оқушыларының орындауында «Сәлем, саған, мектебім!» әні.

Ал, балалар, әнді тамаша орындап шықтыңдар, ендігі кезекті өлең жолдарына берейік.

Қабылан:

Тәрбие берген ұямыз

Тәртіпті бала боламыз

Қоштасып балалықпен

Мектепке біз барамыз

Ерке:

Алты жасқа толамыз

Әдепті бала боламыз

Қуантып ата-ананы

Мектепке кетіп барамыз

Әділ:

Мектеп - қамқор анамыз,
Оқып, білім аламыз.
Өнерпаз боп өсетін,
Біз - оқушы боламыз!
Әмірхан:

Әріптерді тіземін

Өзім жаза білемін

Өзім барам мектепке

Өзім уйге келемін

Фатима:

Ер жетеміз, өсеміз

Елге қызмет етеміз

Мұғалімнің айтқанын

Мықтап миға тоқимыз

Сөз береміз сіздерге

Кілең беске оқимыз

Дарын:

Нағыз білім - ырыс, бақ

Дүниені тұр ұстап

Енді біздер сабаққа

Кірісеміз дұрыстап

Малика:

Мектепке биыл барамын

Қолыма кітап аламын

Дайын тұр оқу құралым

Дайын дәптер, қаламым

Қанат:

Енді мен үлкен баламын

Апамның тілін аламын

Ұстаздың барлық айтқанын

Миыма құйып аламын

Алайдар:

Кешегі сәби балаңыз

Жарады міне қараңыз

Ғылым, білім жолына

Енді қайық саламыз

Нұршат:

Жүрегімде қуаныш

Мен бүлдіршін баламын

Енді жайнап нұр жүзім

Мен оқушы баламын

Әсет:

Кітап - өмір айнасы

Күнде тиер пайдасы

Өмірдің ол шырағы

Тәлім беріп тұрады

Мейірбек:

Біз бақытты баламыз

Қағаз, қалам аламыз

Ұстазымыз үйреткен

Әріптерді саламыз

Дәнекер:

Мектеп қамқор анамыз

Оқып, білім аламыз

Өнерпаз боп өсетін

Біз оқушы боламыз

Әлішер:

Сәлем, саған мектебім

Сәлем, білім ордасы

Жасыл бақты көктемім

Жастық шақтың жолдасы

Аслан:

Біздермен ойнап күледі

Сырымызды біледі

Қасымызда қашанда

Қамқор болып жүреді

Ерганат:

Көзге ыстық партасы

Оқулығы картасы

Оқу қызық болғаны

Мұғалімнің арқасы

Қарақат:

Анашымдай сыр шерткен

Ақыл-білім үйреткен

Әліппені оқимын

Ерекше зор құрметпен

Рахмет, балалар, тамаша. Енді балалар ән айттық, тақпақтарды айттық енді бір сәт серіп ойын ойнайық.

«Мектепке қажетті құралдар» ойыны

Әріп жазылған карточкалар тарату, кімде «о» әрпі болса сол балалар ойынға шығу. Сандар жазылған шарларды ретімен орналастыру.

Мұғалім:

6 жасқа жеткенім

Мектебіме беттедім

Ойыншықпен қоштасып

Оқулықпен достастым

Мұратбекқызы Фатиманың орындауында «Қуыршақ» әні

Рахмет, Фатима, талабыңа нұр жаусын!

Мұғалім: Тілашар дәстүрі - ана тілін үйренудің негізі, Баланың ойын, тілін дамытып, дүниетанымын қалыптастырады, нағыз адам болу үшін ең алдымен өз ана тілінде таза сөйлеуі керек. Сондықтан да бөбектің тілі шыға бастағаннан қазақ халқы баланың тілін дамытып, ойы мен қиялын шарықтату мақсатында тілашар дәстүрін қалыптастырып салтқа айналдырған. Енді сендердің тілдеріңді, ой-қиялдарыңды дамыту мақсатында ойын ойнайық.

«Адасқан әріптер» ойыны

Мұғалім:

Балалар! Оқуға бар! Жатпа қарап!
Жуынып, киініңдер шапшаңырақ!
Шақырды тауық мана, әлдеқашан,
Қарап тұр терезеден күн жалтырап.
Адам да, ұшқан құс та, жүрген аң да,
Жұмыссыз тек тұрған жоқ ешбір жан да:
Кішкене қоңыз да жүр жүгін сүйреп,
Барады аралар да ұшып балға,-деп Ыбырай атамыз айтқандай еліміздің болашағы сендерсіңдер. Оқып, еңбектенсе адамның алмайтын асуы болмайды,Өз Отанымызды сүйіп, жанашыры болайық, еліміздің дамуына зор үлес қосатын азаматтар болып өсіңдер. Болашақта ғалым да, дәрігер де, ұстаз да, кенші де осы алдымыздағы бүлдіршіндерден шығады деген сеніміміз мол.

Ән «Отаным»

Рахмет балалар! Өркендерің өссін!

Кешег сәби - бүгінгі бүлдіршін, ертеңгі азамат. Ең бастысы балапандарымыздың дені сау, өмірлері ұзақ болсын. Осымен бүгінгі «Тілашар» мерекеміз мәресіне жетті, құттықтау сөз кезегін мектебіміздің директоры Есмағанбетов Арарат Мылтықбайұлына береміз.

Ендігі сөз ата- аналарымызға беріледі.

Келген ұстаздарымызға, ата-аналарға, қонақтарымызға, оқушыларымызға рахмет, осы ертеңгілікті өткізуге ат салысқан музыка пән мұғалімі Ниетпаева Зауреш Ермановнаға алғысымыз шексіз. Келесі кездескенше сау болыңыздар.

© 2010-2022