1-сынып өзін-өзі тану сабақ жоспары

Раздел Начальные классы
Класс -
Тип Рабочие программы
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Тақырыбы: Мақтану - мақтаншақтық емес
Мақсаты: Балалардың кішіпейіл, қарапайымдылық сияқты адами қасиеттер туралы түсініктерін кеңейту.
Міндеттері:
- мақтану, мақтау, мақтаншақ болмау туралы түсініктерін қалыптастыру;
- жағымды, жағымсыз қылықтарды ажырата білу іскерліктерін дамыту;
- кішіпейілдікке, қарапайымдылыққа, ұстамдылыққа тәрбиелеу.
Көрнекі құралдар: үнтаспа, дәптер, оқулық.
Шаттық шеңбері:
Мұғалім балалармен бірге шеңбер құрып тұрып, сәлемдеседі. Абай Құнанбаевтың, Ғылым таппай мақтанба»өлеңінің бір шумағын бәрі қосылып айтады.
Бес нәрседен қашық бол, Өсек, өтірік, мақтаншақ,
Бес нәрсеге асық бол, Еріншек, бекер мал шашпақ
Адам болам десеңіз. Бес дұшпаның білсеңіз.
Әңгімелесу;
Мұғалім жаңа сабақтың тақырыбын таныстыру мен оның мәнін түсіндіру мақсатында әңгімелесу жүргізеді.
«Мақтану» дегенді қалай түсінесіңдер?
Сендер қандай істеріңмен мақтана аласыңдар?
«Мақтаншақ» адам қандай болады деп ойлайсыңдар?
Мұғалім балалардың жауаптарын түйіндейді:
- Адам өз еңбегімен келген жетістіктерін дос, жақын, туыстарына айтып, өзінің қуанышын бөліссе, оның айыбы жоқ. Оны мақтану деп атайды. Бет алды істемеген істі, жасадым деп айту, кішкентай еңбегін үлкейтіп айту, қолынан келмейтін іске масаттану, өзін өзгелерден жоғары санау - мақтаншақтыққа жатады. Бұл адамды ұятқа қалдырады.
Мәтінмен жұмыс:
Оқушыларға мақтану мен мақтаншақтықты ажырата білуге үйрету мақсатында әңгімелеу жұмыс жүргізіледі.
Мәтіннің мазмұнын оқушы әңгімелейді.
Мәтін атауы « Алтын мүйіз» ертегісі. Авторы: И. Хасенұлы.
Мұғалім балалардың ол туралы пікірлерін тыңдау үшін сұрақтар қояды.
*Алтын мүйіздің іс - әрекеті мақтануға жата ма, мақтаншақтыққа жата ма? Неліктен?
* Ол мақтаншақтығынан қандай қиындықтарға тап болады?
Балалардың жауаптары тыңдалады.
Дәйексөз:
Ертегі мазмұны бойынша туған ойлар дәйексөзбен түйінделеді.
Мұғалім тақтаға Жүсіпбек Аймауытовтың «Мақтаншақ кісі менмен кісі, менмендік - адамның міні» деген даналығын тақтаға жазып қояды да, оның мәнін түсіндіреді.
- Мақтаншақтық ұятқа қалдырып, ыңғайсыз жағдайларға душар етеді, өтірік айтқызады, бар күшін, ақылын босқа жұмсатады. Мақтаншақ өзін басқалардан артық санайды. Ондай адамға көпшілік жақындағысы келмейді. Ол өзінің сыйын жоғалтады. Сондықтан да үлгі болар іспен мақтануға болады, ал мақтаншақ болмау керек.
Оқушылар дәйексөзді дәптерлеріне жазып алады.
Тыныштық сәті:
Балалардың бір сәт денесі, ойы сергітіледі.
Балалар денесін тік ұстап, бастарын жоғары көтеріп, ыңғайланып отырады. Көздерін жұмуына болады. Ауаны терең жұтып, еркін тыныстайды, денелерін бос ұстап, айналадағы барлық тіршілік иесі оларды аялап, қоршап, қамқор болып жатқанын сезінеді. Тұла бойлары жақсылыққа, махаббатқа толғанын сезінуі тиіс. Осылайша екі минут отыруы тиіс.
Жағдаяттарды сахналау:
Мұғалім оқушылардың мақтану мен мақтаншақтықты ажырата білетіндіктерін байқау мақсатында сахналау ұйымдастырады.
Оқушылар үш топқа бөлінеді. Алдын ала дайындап қойған мәтінді әр топқа береді. Әр топ өздеріне тиісті мәтіндегі оқиғаны сахналап, оның мақтануға ма мақтаншақтыққа ма жататынын дәлелдеуі тиіс.
1 - топ тапсырмасының мәтіні:
«Үстелде қалың көк қағазбен қапталып, тысына әдемілеп жазылған сынып журналын көрген мұғалім: «Енді журнал тозбайтын, кірлемейтін болды. Мұны жасаған адамға көп - көп рақмет!» дегені сол еді. Орнына ұшып тұрған Алмас: «Оны қаптаған мен», - деп мақтанды. Шын мәнінде журналды қаптау керектігі ескертілген соң, қалың қағазды Нұртас деген бала тауып әкеліп, жазуын Әкім жазған еді. Ал Алмастың қаптағаны рас. Үш баланың тындырған ісін Алмас бір өзі иемденіп тұр.
Мұғалім қалған оқушылардың қатысы барын білетін. Ал олар: «Біз де көмектестік» деп қабаттасқан жоқ.
Мұғалім: « менің естуімше, Нұртас, Әкім үшеуің қаптаған сияқты едіңдер. Әлде мен жаңылыс естідім бе?» - деп оқушыларға барлай қарады.
Өз қылығына ұялған Алмас: « Иә, біз үшеуміз жасағанбыз», - деп кешірім өтінгендей мойындай сөйледі.»
2 - топ тапсырмасының мәтіні:
« Жадыра республикалық біріншілікке қатысып, жүлделі орынды жеңіп алды. Ертеңіне сыныпқа келе салып: «Мен бірінші орынды алдым», - деп айқайлайды. Сыныптастары Жадыраның жетістігіне шаттана қуанды.»
3 - топ тапсырмасының мәтіні:
«Шаңғы тебумен айналысқанына үш күн болған Айдос достарына: «Мен ертең биік таудан әкеммен бірге сырғанайтын болдым. Шаңғыны жаңа үйреніп жүрсем де, жаттықтырушым маған рұқсат етті», деді. Балалар оған таңырқап, күмәнмен қарады.»
Әр топ сахналап көрсетіп, ол туралы өз пікірлерін айтады.
Тапсырма:
Мұғалім оқушыларды өз жетістіктеріне орынды мақтана білуге дағдыландыру үшін «Жарнама» атты ойын ұйымдастырады.
Балалар үш топқа бөлініп тұрады. Бірінші топ достарын, екінші топ оқулықтарын жарнамалайды, үшінші топ өз сыныптастарының жетістіктерін жарнамалайды.
Жаңа ақпарат:
Мұғалім оқушыларға мақтаныш, мақтаншақтық сөздерінің мағынасын ашып түсіндіреді: «Адам өз еңбегінің жемісін көргенде мақтаныш сезіміне бөленеді. Адамның мақтаншақтық сияқты жағымсыз қасиеті өзімшілдік, менмендіктен туындайды.»
Дәптермен жұмыс:
Оқушылар сабақтан алған түсініктерін бекіте түсу үшін мынадай тапсырма беріледі.
Тапсырма: Дәптерде «Менің ойымша.....» айдарымен берілген бос жолдарға мақтану және мақтаншақтық туралы өз ойларыңды жазыңдар.
Қорытындылау:
Мұғалім бүгінгі сабақта қоржында берілген сөздерді пайдалана түйіндейді.
Жүректен жүрекке:
Мұғалім сабақты балаларға былайша аяқтауға ұсынады:
- Балалар, мақтаншақтық пен мақтан тұтуды ажырата білдік. Мақтаншақтық жағымсыз қылық болса, мақтан тұту - өнеге, үлгі алу, жақсы әдеттерді үйретеді.
Мысалы, сендер кімді мақтан тұтасыңдар? Соны қалай жеткізер едіңдер? Айтып көріңдерші.



© 2010-2022