Математика Білімді тиянақтау

Раздел Начальные классы
Класс 3 класс
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Пән: Математика 3 сынып

Сабақтың тақырыбы: Білімді тиянақтау.
Сабақтың мақсаттары:
Білімділік: Керуенмен саяхатқа шығу арқылы оқушылардың меңгерген білім деңгейін анықтау.
Дамытушылық: Кестелік көбейту және бөлу, ауызша қосу және азайту амалдарымен байланысты берілген есептерді тез және дұрыс есептеуге дағдыландыру. Таным-белсенділіктерін арттыру, қызығушылықтарын ояту. Өздігінен жұмыс істеуге үйрету.
Тәрбиелік: Қазақ халқының салт-дәстүрлерін оқушылар бойына сіңіру. Халықтық педагогиканы негізге ала отырып, оқушыларды қонақжайлылыққа, адамгершілікке, азаматтыққа тәрбиелеу.

Сабақтың түрі: саяхат сабақ.
Пәнаралық байланыс: ана тілі, дүниетану, ән-күй, еңбекке баулу.
Сабақтың әдісі: сұрақ-жауап, баяндау, топтық жұмыс.
Көрнекіліктер: ҚР картасы, ауылдар макеті, асықтар, қоржын, жануарлар суреттері.
Техникалық құралдар: магнитофон.
Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі.
- Бір, екі, үш,
Бойға жинап күш.
Жалқаулықты тастаймыз,
Сабақты біз бастаймыз.
(Оқушылар орындарына отырады).
- Балалар, бүгінгі математика сабағымыз ерекше түрде өтеді. Біз сендермен бірге саяхатқа шығамыз.
- Қазіргі уақытта саяхатқа немен шығуға болады? (ұшақпен, пойызбен, автобуспен...).
- Ал біздің ата-бабаларымыз бұрынғы кезде түйемен, ат арбамен бір ауылдан екінші ауылға той-думанға барып тұрған. Бүгінгі таңда біз ата-бабаларымыздың дәстүрін, салттарын жалғастырушы ұрпақ болғандықтан, біз де саяхатқа керуенмен шығамыз. (Керуеннің суретін тақтаға ілу).
- Саяхатқа шығуға дайынсыңдар ма? Керуенге орнығып отырып алайық. (Мұғалім және оқушылар өз фотосуреттерін түйелердің үстіне жапсырады).
- Халықта "Қазақ қонақсыз болмайды" деген сөз бар. Ол біздің еліміздің қонақжайлылығын білдіреді. Осы керуенмен біз көптеген ауылдарға қонаққа барамыз және әр ауыл дайындаған тапсырманы орындауға тырысамыз. Балалар, Қазақстан Республикасы неше облысқа бөлінген?
(Балалардың назарын облыстарға бөлінген картаға аудару. Қандай ауыл қандай облыста орналасқанын анықтау. Неліктен?)
Сәбит ауылы - Солтүстік Қазақстан облысында.
Ыбырай ауылы - Қостанай облысында.
Абай ауылы - Шығыс Қазақстан облысында.
- Жолымыз ұлы ақын атымен аталып отырған Жамбыл ауылынан басталады. Жолға шығып, Абай ауылына бет алайық. Абай атамыздың қандай өлеңін білеміз?
("Білім таппай мақтанба...").
- Өлеңді жатқа кім айтып береді?
Абай ауылы керуенді қарсы алады (магнитофон қосылады):
- Керуен, керуен, көш керуен
Көкшедегі көш керуен.
Ата салтын сақтаған
Қош келдің, көш керуен.
2. Ауызша есептеу.
- Абай ауылына келіп жеттік. Абай ауылының тұрғындары бізге арналған тапсырманы қоржынға жасырып қойыпты.
Қоржын ішінде сандар. Бұл сандар өз орнын табу керек.
Тақтада:
*8=32 :6= 6 25:5= 300-180= *6=120
6*=48 *5=45 28:=4 :6=21 60+170=
(Оқушылар кезекпен шығып әйнекшелерді толтырады. Сандар жазылған қағазды желімдеп жапсырады).
- Ауыл ақсақалдары жауаптарыңа риза, сендерге өз сәлемдемелерін жолдады. (Оқушыларға дұрыс жауап үшін жұлдызшалар тарату).
3. Геометриялық фигуралар туралы білімдерін бекіту.
- Даланың жарық жұлдызы - Ыбырай ауылына бет алайық. Ыбырай аталарыңның қандай өлеңдерін білесіңдер?
("Кел, балалар, оқылық...").
- Кім жатқа айтып береді?
(Ыбырай ауылы керуенді өлеңмен қарсы алады).
- Ыбырай ауылында үлкен той-думан. Тойға келген әйел затына дорба, қалта таратылады. Ер адамдарға жол беріледі. Бізге бұл тойдан не бұйырады?
- Ыбырай ауылының қоржынында көптеген әріптер бар екен.
Тақтадағы геометриялық фигураларды әшекейлейміз - әріптермен белгілейміз.
Тақтада: кесінді, нүкте, үшбұрыш, тік төртбұрыш, бесбұрышты, жетібұрышты көпбұрыштар бейнеленген.
(Оқушылар кезекпен тақтаға шығып фигураларды әріптермен белгілейді. Оқиды. Орнында отырған оқушылар дәптерге сызып белгілейді).
Геометриялық фигураларды көрсетіп бұрыштар санын анықтау.
- Қазақ халқында 3, 4, 5, 7 сандары қасиетті, киелі деп саналады. Неліктен?
Оқушылардың жауаптары: (Білмеген оқушылар дәптерлеріне жазып алады)
3 - үш жүз, 3 - үш би, ...
4 - төрт түлік мал,...
5 - бес асыл, бес дұшпан, бес қару,...
7 - жеті күн, жеті ата,...
- Не дөңгелек? Киіз үй, жер, күн, Айгөлектің жүзі.
- Бұл ауылдың тапсырмасын да орындадық. Ауыл тұрғындары сендерге риза. (Оқушыларға қол орамалдар тарату).
- Керуеніміз Мұхтар ауылына қарай бет алды. Қазақ халқының қандай ұлттық ойындарын білесіңдер?
( тоғызқұмалақ, асық, теңге алу...).
- Мұхтар ауылының қоржынына қол салайық.
Қоржын ішінде нөмірленген асықтар.
Топтық жұмыс.
(Сыныпты үш топқа бөлу: Балаларға қиылма қағаздар ұсынылады. Сыртына сандар жасырылған. Балалар қиылма қағаздарды таңдап алған соң оларды топтарға бөлу.
1-топ: 2 санына бөлінетін сандар (4, 8,...); 2-топ: 5 санына бөлінетін сандар (5, 25,...); 3-топ: 3 санына бөлінетін сандар (9, 27,...). (Топ мүшесі бір асықты лақтырып екінші асықты қағып алады. Қағып алынған асықтың нөмірі аталады).
Нөмір бойынша геометриялық фигура беріледі:
1 - шаршы;
2 - тік төртбұрыш;
3 - текше.
Тапсырма: 1. Берілген фигура туралы не білесіңдер? (ауызша айту)
2. Берілген фигураның периметрін, ауданын (1, 2-топ), көлемін (3-топ) табу.
- Қосу мен көбейтудің қандай қасиеттерін қолдандыңдар?
(Оқушылар кезекпен жауаптарын айтады. Топтарды бағалау).
- Сәкен ауылының тұрғындары жауаптарыңа риза. Балалар, ұзақ жолдан шаршадыңдар. Демалып, бойымызды жазып алайық.
4. Сергіту сәті: Кәне, түзу тұрайық
Кесіндіні құрайық.
Сәуле болып созылып,
Нүкте болып қалайық.
5. Сөзді есеп шығару.
- Шөлдедік, сусағанымызды Сәкен ауылына барып басайық. Қазақ халқының қандай сусындарын білесіңдер?
(қымыз, шұбат, айран, шалап...)
(Ауыл өлеңмен қарсы алады).
- Сәкен ауылының қоржынындағы тапсырма - сөзді есеп.
"Сәкеннің тойына әрқайсысы 3 литрден 7 ыдыс шұбат және 5 литрден 10 ыдыс қымыз әкелінді. Сәкеннің тойына барлығы неше литр сусын әкелінді?"
(Бір оқушы тақтаға шығып шығарады)
Шұбат - 7 ыдыс 3 л.-ден ? л.
Қымыз - 10 ыдыс 5 л.-ден
(3*7)+(5*10)=71(л.)
Жауабы: Сәкеннің тойына барлығы 71 литр сусын әкелінді.
Жақсы білім көрсетіп бұл ауылдың да тұрғындарын қуанттық.
6. Теңдеу шешу тәсілдерін қайталау.
- Сәкен ауылынан шығып Сәбит ауылына барайық. Өз ауылымызға жақындадық. Қазақ халқының қандай салт-дәстүрлерін білесіңдер?
(Қырқынан шығару, бесікке салу, соғым сою,...).
- Қандай сайыс түрлерін білесіңдер?
(Бәйге, көкпар,...).
(Сәбит ауылы өлеңмен қарсы алады).
Сәбит ауылында да той-томалақ қызып жатыр. Біз де тыс қалып қоймайық. Бір сайысқа қатыса кетейік.
Қоржында екі жылқы, жігіт пен қыздың суреті.
"Қыз қуу" ойынына қатысамыз. Ұл бала мен қыз бала жарысады. Егер ұл бала қалса, қыз бала оны қамшымен ұрады, қыз бала қалса, ер бала бетінен сүйеді.
Теңдеулер шешу: с*4=360 450:а=5
х:4 =80 х*3=210
"Білікті бірді жығар, білімді мыңды жығар" дегендей, біз барлық ауыл тұрғындарының дайындаған тапсырмаларын орындадық. Әрине, ол білімнің арқасы.
Сәбит ауылынан шығып үйге қайтайық. Жамбыл ауылына жеткенше, үй тапсырмасын жазып алайық.
7. Қорытынды.
Тапсырмаларды орындау үшін не білу керек болды?
(Көбейту кестесі, геометриялық фигуралар туралы білім, теңдеу шешу тәсілдері, периметрді, ауданды, көлемді табу тәсілдері,...).
Оқушылардың жауаптарын түйіндеу.
Бағалау: Ал енді ауылдар тұрғындары кімнің біліміне өте риза болғанын анықтайық.
Жұлдызшалар жинаған бала 5 алады.
Шаршылар жинаған бала 4 алады.
Үшбұрыштар алған бала 3 алады.
- Осымен Пограничник ауылына келіп жеттік.
"Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас" дегендей, өз ауылымыз бізді құшақ жая қарсы алды. Саяхатымыз ұнады ма?
Осымен сабағымыз аяқталды. Сау болыңыздар!



© 2010-2022