Өзін-өзі тану Тақырыбы: Мейірімділік-асыл қасиет

Раздел Начальные классы
Класс 3 класс
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Есть
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Өзін-өзі тану Тақырыбы:Мейірімділік-асыл қасиет.Өзін-өзі тану Тақырыбы:Мейірімділік-асыл қасиет.Өзін-өзі тану Тақырыбы:Мейірімділік-асыл қасиет.«Бекітемін»

Мектеп директоры: Қ.Өтеген

Мерзімі: 10.02.2015 жыл

Тақырып: № 25 сабақ. Мейірімділік-асыл қасиет.

Құндылық: Сүйіспеншілік.

Қасиеттер: жақсы көру, сүйіспеншілік, бауырмалдық, жанашырлық, қамқорлық.

Мұғалім: Ибраимова Нұргүл

Сынып: 3 «а»

Оқушы саны -20.

Сабақ мақсаты: Сүйіспеншіліктің құндылық ретіндегі мәнін ұғындыру.

Міндеттері:

1.Мейірімділік, қайырымдылық туралы түсінігін кеңейту.

2.Мейірімділіктің адам өміріндегі маңызы, өзара қарым-қатынастары.

3.Мейірімділікке, сүйіспеншілікке, қамқорлыққа, жанашырлыққа тәрбилеу.

Ресурстар:

Оқулық, дәптер,

кеспелер,

сурет,

аудиоплеер

Сабақ барысы:

І.Ұйымдастыру кезеңі: Тыныштық сәті.

«Нұрға бөлену» (баяу музыка қойылады)

Ыңғайланып отырыңыздар, денелеріңізді түзу ұстаңыздар. Аяқ-қолыңызды айқастырмаңыз. Қолыңызды тізеңізге немесе үстелге қоюға болады. Көздерңізді жұмуларыңызды өтінемін.

Елестетіп көріңіз: Күн нұры сіздің төбеңізден өтіп, кеудеңізге қарай бойлап барады. Кеудеңіздің орта тұсында гүл түйнегі орналасқан. Гүлдің түйнегі нұрдан баяу ашылып келеді. Балғын және таза әсем гүл сіздің әр ойыңызды, әр сезіміңізді, эмоцияңыз бен тілек-қалауыңызды шайып, жүрегіңіздің қауызын ашты.

Нұр сәулесі сіздің бойыңызға ақырын тарай бастағанын елестетіңіз. Ол біртіндеп күшейе түсуде. Оймен осы нұрды қолдарыңызға түсіріңіз. Сіздің қолдарыңыз нұрға бөленіп, сәуле шашуда. Қолымыз тек жақсы, ізгі істер істейді және баршаға көмектеседі. Нұр аяқтарыңызға тарады. Аяқтарыңыз нұр сәулесін шашуда. Олар сізді тек жақсылық жасау үшін жақсы жерлерге апарады. Олар нұр мен махаббат құралына айналды.

Одан әрі нұр сіздің аузыңызға, тіліңізге тарады. Тіліңіз тек шындықты және жақсы, ізгі сөздер ғана айтады. Нұрды

құлақтарыңызға бағыттаңыз, құлақтарыңыз тек жақсы сөз бен әсем әуенді ғана естиді. Нұр көздерімізге де жетті, көзіміз тек жақсыға қарап, бәрінен тек жақсылықты ғана көреді. Сіздің басыңыз түгелдей нұрға бөленіп, басыңыза тек ізгі, сәулелі ой келеді.

Нұр бірте-бірте қарқындап және шұғылана бастайды, сіздің денеңізден шығып, жан-жағыңызға сәуле шашады. Осы нұрды туысқандарыңызға, мұғалімдеріңізге, достарыңызға, таныстарыңызға бағыттаңыз. Нұрды уақытша түсініспей, ренжісіп жүрген адамдарға да бағыттаңыз, олардың да жүрегі нұрға толсын.

Осы нұр бүкіл әлемге: барлық адамдарға, жан-жануарға, өсімдіктерге, барлық тірі жанға таралсын....

Ғаламның барлық түпкір-түпкіріне нұр бағыттаңыз. Ойша айтыңыз: «Мен нұрлымын... Нұр менің ішімде... Мен нұрмын.»

Осыдан Нұр, Махаббат және Тыныштық күйінде отыра тұрыңыз....

Енді осы нұрды жүрегіңізге орналастырыңыз. Нұрға толы бүкіл әлем сіздің жүрегіңізде. Оны осындай әсем қалыпта сақтаңыз.

Жаймен көзіңізді ашуға болады.

Рахмет.

ІІ.Үй тапсырмасын тексеру.

1.«Мейірімділік» тақырыбына сурет салып келу.

2.№ 25 сабақ. «Сары тауық пен балапандары» М.Төрежановтың әңгімесін оқып келу.

Талқылау сұрақтары.

-Сары тауық өз аналық мейірімін қалай көрсете білді?

-Күн ашылып, ана жүрегіндей жадырады» дегенді қалай түсінесіңдер?

-Ал сендер мейірімділікті, қайырымдылықты кімдерден үйреніп жүрсіңдер?

-Сендер біреуге мейірімділік танытқан кезде қандай сезімге бөлендіңдер?

(Балалардың жауаптары тыңдалады).

Сабақ барысын талқылау

ІІІ. Дәйексөз. «Мейірімділікті анадан үйрен» (Халық даналығы).

Дәйексөзді ұлдар 2 рет, қыздар 2 рет және хормен 1 рет қайталап шығады.

-Дәйексөзден қандай ой түйдіңдер?

-Ана халық ұғымында жаратушы. Олай дейтініміз табиғатты да, адамды да дүниеге әкелуші ана. Ал барлық нәрсенің дүниеге келуі үлкен мейірім мен шапағаттан пайда болады. Табиғаттың барлық жанға бірдей мейірімді болуы сондықтан. Адамның да ананың кіршіксіз мейірінен берілген мейірімділігін сақтап қалуы өз қолында.

ІҮ. Әңгімелеу. (Балаларға сыйлық)

Отбасы татулығы.

(Аңыз әңгіме)

Баяғыда бір үлкен отбасы өмір сүріпті. Отбасындағы адамдар саны өте көп екен, бір қауым ел болып, бірге тұрыпты. Ол отбасы ерекше екен,отбасының өзара келісімде, татулықта өмір сүруі елді таң қалдырады. Оларда ұрыс-керіс, дау-жанжал деген атымен болмайды екен.

Бұл отбасы жайлы патшаның құлағына да жетеді. Патша естігенінің ақ-қарасын білгісі келіп, ауылға келеді. Ауыл тап-таза, барлығы да жеткілікті, тыныштық пен береке қонған. Патшаның көңілі толып, ерекше бір шаттыққа бөленеді. Сыйластығы жарасқан бақытты отбасында қариялардың орны төрде, уайым-қайғысыз, балалары бақытты, мәз-мейрам екен. Бұған патша таң-тамаша болады. Отбасының қалайша бақытты, тату-тәтті өмір сүруінің мәнісін білгісі келеді.

Ауыл ақсақалына келіп, отбасындағы татулық пен бірлікке қалай жеткендірін айтуын өтінеді.

Қарт үнсіз ғана жүз рет «сүйіспеншілік», жүз рет «кешірім», жүз рет «бірлік» деп қағазға мұқият жазып шығады.

Үш сөзді оқыған патша таң қалып:

-Осы-ақ па?

-Иә,-деді ақсақал. -Барлық жақсы отбасылары тек осы қасиеттерден құрылады, -деді де , сәл ойланып, «және шыдамдылық» деген сөзді қосып қойды.

Оқушылардың сабақтағы сүйіспеншілік, мейірімділік туралы алған білімдерін толықтыра түсу үшін төмендегі сұрақтар төңірегінде әңгіме жүргізіледі.

-Өсиет әңгіменің мәні неде?

-Неліктен патшаны ұйымшыл отбасы қызықтырды?

-Отбасы татулығы қандай сезімге бөлейді?

Ү. Ойын. Ауызша жұмыс пен жазба жұмыс арасында балалардың сезімін таныту мақсатында ойналады.

Ойын үнсіз ойналады.

Оқушылар үш топқа бөлініп тұрады. Әр топтан ойынды бастаушы сайланып, ойыншылар тізбектеле тұрады. Мұғалім ойын бастаушыларға жеке жасырын сурет көрсетеді, ол қатардағы өзінің алдындағы тұрған баланың арқасына саусағымен көрсетілген суретті салады. Осылай жалғасып, соңғы ойыншы суретті тақтаға салады. Ұстаз көрсеткен суретпен салыстырады.

ҮІ. Шығармашылық тапсырма.

Топтық жұмыс

(қазақ тілі пәнімен ықпалдастыру.)

Берілген сөздерден зат есімді тауып, мағынасын аша түсіндіру.

1)Абайға бұл ананың мейірімі тіпті қымбат адамшылық, шын рақымшылық болып танылды. (М.Әуезов)

Күтілетін жауап:

Мейірімді ана баласын әркез рақымшылық (не?) шынайы адамгершілік (не?) қасиеттерге тәрбиелейді. Тәрбиесі дұрыс қалыптасқан адамда қиянат жасау ойына да келмейді.

2)Таза болса табиғат, аман болар адамзат. (Ф.Оңғарсынова)

Күтілетін жауап:

Табиғат (не?)қа қиянат жасамау, сүйіспеншілікпен, жанашырлықпен қарау, саяхатқа шыққанда отырған орныңды тазалап кету, жас ағаштарды сындырмау, жануарларға, жәндіктерге қамқорлық таныту әр адам (кім?)ның міндетті борышы.

3) Қиянат қылма адамға-таза еңбек істе заманға. (Ш.Құдайбердіұлы)

Күтілетін жауап:

Істеген ісің адал, еңбексүйгіш болсаң, ешқашан да ешкімге, ешнәрсеге қиянат (не?) жасамайсың.

ҮІІ.Дәптермен жұмыс. (баяу музыка қойылады)

«Мен мейірімді баламын» тқырыбында өздері жасаған ізгілік істері туралы шағын әңгіме құрастырып жазу

Сергіту сәті. (2минут)

Балалардың ойын сергіту.

ҮІІІ.Топпен ән айту.

Мейірімді болайықшы, ағайын!

Сөзі:С.Қалидікі;

Әні:Қ.Махандікі.

Көктем етіп көркейтсе де маңайын,

Көріп жүрміз өкпешілдің талайын.

Өшігуді қояйықшы өзгеге,

Кешірімді болайықшы, ағайын!

Көк нөсерін көл етсе де жауындар,

Көк пен жерді сел етсе де дауылдар.

Пейілдерді пенделікпен тарылтпай,

Мейірімді болайықшы, бауырлар!

Болашаққа қол ұстасып барайық,

Ақиқаттың ауылын іздеп табайық.

Кішірейіп кетпес ғазиз басымыз,

Кішіпейіл болайықшы, халайық!

Ел болғанмен емеспіз ғой онша көп,

Сонда дағы бөлінумен шаршап ек.

Өзімізге қалатұғын нәрсені,

Тілейікші өзгеге де, болса деп!

ІХ.Үй тапсырмасы:

  1. №26 сабақ «Жан Ана» түсініп оқып келу.

  2. Өз анаңның жақсы қасиеттерін жазып келу.

Соңғы жаттығу сәті:

Көзімізді жұмып бүгінгі сабақта меңгерген қасиеттерді жүрегімізге сақтайық.

Сүйіспеншілік, сүйіспеншілік, сүйіспеншілік, сүйіспеншілік бар жерде,

Сүйіспеншілік, сүйіспеншілік, сүйіспеншілік, сүйіспеншілік бүкіл әлемде.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Өзін-өзі тану. 3 сынып. Алматы. «Бөбек» 2010 ж

2.Өзін-өзі тану. 5 сынып. Алматы. «Бөбек» 2010 ж

3.Өзін-өзі тану. 3 сынып. Мұғалімдерге арналған әдістемелік құрал. Алматы. «Бөбек» 2010 ж

4. «Самопознание. Kz» Республикалық ғылыми -әдістемелік журнал.

№8 2014ж тамыз.

5. «Самопознание. Kz» Республикалық ғылыми -әдістемелік журнал.

№7 2013ж шілде.

6. «Самопознание. Kz» Республикалық ғылыми -әдістемелік журнал.

№10 2014ж қазан.

7. «Самопознание. Kz» Республикалық ғылыми -әдістемелік журнал.

№12 2014ж желтоқсан.

8. Бөбектерге байғазы. Шартарап. Алматы 2000ж



© 2010-2022