Шешендік өнер қолданбалы курсы бағдарламасы

Раздел Начальные классы
Класс -
Тип Презентации
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Есть
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:


Павлодар облысы Ақсу қалалық

«Достық селолық округі Парамоновка орта мектебі »

Коммуналдық Мемлекеттік мекемесі


Бағдарлама авторы:


Төрехан Г қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі,



« Шешендік өнер »

6 сыныпқа арналған факультативтік курс бағдарламасына

дидактикалық материалдар жинағы









Бағдарлама 2014 - 2015 оқу жылында кұрастырылған


Мектеп әдістемелік кеңесінде бағдарлама 2014 жылдың қыркүйек айында бекітілген




«Шешендік өнер»

6 сыныпқа арналған факультативтік курс бағдарламасына

дидактикалық материалдар жинағы



















«Шешендік өнер» атты факультативтік курстың бағдарламасын құрастырған :

Төрехан Г қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі,

Рецензент:







Кіріспе


Қазақ тілі пәнінің құрылымы мен мазмұнын айқындауда тіл білімі негіз болады. Оқытылатын танымдық материалдар оқушының дамуына негіз болуы тиіс. «Шешендік өнер» бағдарламасының түпкі мақсаты - оқушыларды қазақ халқының шешендік өнерімен, халықтың асыл қазынасы - шешендік сөздермен таныстырып, білімдерін толықтыру; алған білімдерін ауызша да жазбаша көркем тілмен жеткізе білуге ынталандыру; шешендік сөздерді оқып үйрену арқылы тіл байлығын, сөйлем құрылысын, дұрыс сөйлеу заңын жетілдіру, ой-өрісін дамыту.

Аталған мақсаттарды іске асыру үшін алған қойылатын міндеттер:
- қазақ тілінде еркін қарым-қатынас жасауға дағдыландыру;
- өз бетінше ізденуге, қазақша тыңдаған ақпарат бойынша ой қорытып,
мәдени, ресми қатынасқа бейімдеу;
- дидактикалық, психологиялық, тәрбиелік, танымдық ұстанымдар мен пәнаралық байланысты ескеру.

Осыған орай бағдарлама басты мына міндеттерді атқарады:

  • білім беру;

  • дамытушылық;

  • тәрбиелеу.

Ұсынылып отырған тақырыптар мен тапсырмалар қазіргі заманғы білім беру жүйесіне қойылатын талаптар тұрғысынан ізгілендіру, ақпараттандыру, нәтижелендіру ағымдарына сәйкес.

Жалпы алғанда, бағдарлама бойынша жүргізілетін жұмыс түрлері:
- лексикалық материалдарды оқып, түсініп, шешендік сөздерді мазмұнына,
құрылысына қарай ажырата алу;
- мәтіндерге қатысты тапсырмаларды орындау (мәнерлеп оқу, жай және күрделі
жоспар құру, сұрақтарға жауап беру, пікір-талас, салыстыру, тақырып қою);
- толғаулар мен мақал-мәтелдерді, т.б. жаттау;
- кестелермен жұмыс;
- шығармашылық жұмыс (эссе, реферат, баяндама, шағын шығарма).


№ 1 сабақ

Қазақ ауыз әдебиетінің бір түрі - шешендік өнер


Қазақ ауыз әдебиетінің бір түрі - шешендік өнер. Шешендік өнер - ақындық айтыс, секілді қазақ әдебиетінің өзіндік ерекшелігін көрсететін негізгі жанрларының бірі. Әдетте, шешендік өнер айтыс - дауларда туып дамиды. Сондықтан елдің, ердің тағдыры сарапқа түсетін маңызды мәселер сөз болатын сот залдары, парламент сарайлары, халық көп жиналатын астар мен тойлар, міне сондай сарамжал шешендер мен саяси қайраткерлер сөз сайысына түсетін, сыннан өтетін және шынығып шындалатын орындар - форумдар болған. Есімдері әлемге әйгілі тілмар шешендердің көбінесе мемлекет қайраткерлерінен, заң қызметкерлерінен, парламент мүшелерінен шығатыны кездейсоқ емес. Мәселен, ежелгі Афин шешені Демосфен, Рим шешені Цицерон әуелі адвокат, кейін парламент басшылары болған. Ал XIX-XX ғасырларда өмір сүрген орыс шешендері П.А.Александров, Ф.Н.Плевако, А.Ф.Кони адвокаттар еді. Сол сияқты белгілі қазақ шешендері Төле Әлібекұлы (1663-1756), Қазыбек Келдібекұлы (1667-1763), Әйтеке Бәйдібекұлы (1682-1766) дау-жанжалды шешетін билер болған. Қазақ шешендігінің жалпы шешендік өнерден өзіндік ерекшеліктері бар. Ең алдымен қазақ шешендерінің сөздері ауызекі айтылып, ауызша таралған, қағазда емес, халық жадында сақталған. Сондықтан олар бастапқы қалпында емес, бізге, кейінгі ұрпаққа ұзын-ырғасы, үзік-жұрнағы ғана жеткен, олардың өзі де ауыздан ауызға ауыса жүріп, өндеу-жөндеуге көп ұшыраған, әлденеше ұрпақтың, талай таптың санасынан, сарабынан өткен, сөйтіп қысқарып, ұстарып, жалпы халық шығармасына айналған... Шешендік сөздер қазақ ауыз әдебиетінің басқа түрлері сияқты ауызша шығып, ауызша таралған. Қонақта, немесе бір мәселені талқылау үстінде көп жасаған, кәрі құлақты қариялардың аузынан шыққан жүйрік ойды, жүйелі сөздерді құйма құлақ талапты жастар, өнер қуған қыз-бозбала жаттап алып, жүрген-тұрған жерлерінде, ойын-жиындарда айта жүрген. Шешендік сөздер ертегі-аңыздар мен халық поэзиясынан іріктеліп, сұрыпталып, бөліне отырып, халықтық бірыңғай әдеби тіліміздің қалыптасуына себепкер болған. Шешендік сөздердің сөйлем құрылысы мен сөздік құрамы, мазмұны, тұлғасы да қазіргі әдеби тілімізден аса алшақ емес. Шешендік сөздерді зерттеп, талдау, оқып-үйрену ана тіліміздің байлығын, сөйлем құрылысын, дұрыс сөйлеу заңын жетік білуімізге, әдеби тілімізді дамытып, ой-өрісімізді кеңейтуге себепші болмақ. Шешендік сөз - қысқа болғанымен мақал-мәтел емес, бір оқиғамен байланысты туған, белгілі адамдардың атынан айтылатын сөздер. Шешендік сөздердің құндылығы тек шындығында емес, ойының тапқырлығында. Қиядан жол, қиыннан сөз табу - шешеннің бағалы қасиеті.

Сөздік:

дау - спор

тағдыр - судьба

жанжал - разногласие

тапқыр - находчивый

кездейсоқ емес - не случайно

сын - критика

құндылық - ценность

халық жадында - в памяти народа

жетік білу - знать в совершенстве

мәселені талқылау - обсуждение проблемы

1-тапсырма.
Сызба негізінде «Шешендік өнер» деген тақырыпқа әңгіме дайыңдаңдар.


Шешендік өнер қолданбалы курсы бағдарламасы

Пысықтау сұрақтары:

  1. Шешендік өнер дегеніміз не?

  2. Шешендік өнер қайда туып дамиды?

  3. Тілмар шешендер көбінесе қайдан шығады?

  4. Белгілі қазақ шешендерін ата

  5. Қазақ шешендігінің жалпы шешендік өнерден қандай өзгешелігі бар?

  6. Шешендік сөз деп қандай сөздерді атаймыз?

  7. Шешендік сөздер қалай таралған?

  8. Шешендік сөздердің құндылығы неде?

  9. Шешеннің бағалы қасиеті не?

2-тапсырма. Төменде берілген мақал-мәтелдердің не туралы екенін айтып беріңдер. Жаттап алыңдар.

  • Шешендік күші - шындық.

  • Шебердің қолы ортақ,
    Шешеннің сөзі ортақ.

  • Ине көзінен сынады,
    Шешен сөзінен сынады.

  • Тілге шешен - іске мешел.



№ 2 сабақ

Қазақ шешендік сөздердің мазмұнына қарай бөлінуі


Қазақ шешендік сөздері мазмұнына қарай, шешендік арнау, шешендік толғау, шешендік дау деп үш тарауға бөлінеді. Шешендік арнау адам арасындағы қарым-қатынасты, шешендік толғау халықтың философиялық көзқарасын көрсетеді, шешендік дау қазақ қауымының заттық және рухани даулы мәселелерді реттейтін ежелгі әдет заңын бейнелейді. Шешендік арнау сөздер - мазмұны мен түрі жағынан алғанда аңыз-әңгімелерге жақын. Бірақ әңгімеге қарағанда шешендік сөздің көлемі шағын келеді, мазмұны өсиет-насихатқа құрылады, баяндаудан гөрі мақал-нақыл сөздерге бейім болады. Құрамында қарасөз бен өлең сөз араласып, алмасып отырады. Шешендік толғау сөздер тұрмыс-салт жырларына, ақындық толғау-термеге ұқсайды. Бірақ бұл ұқсастық форма жағынан ғана, ал мазмұнына көз салсақ, шешендік толғауларда бастан-аяқ өсиет, ақыл айтылады, сөйлемдері тапқырлық ойға құрылады. Шешендік даулар көлемі шағын, оқиғалы әңгіме сияқты. Бірақ мұнда оқиға мен кейіпкер сипатталмайды, сол оқиға тұсында туған «бір ауыз» тапқырлық ой, шешендік сөз айтылады. Шешендік дауларды мазмұнына қарай жер дауы, жесір дауы, құн дауы, мал дауы және ар /намыс/ дауы деп беске бөледі. Ар дауы адамдар арасындағы намысты жыртумен шектелмейді. Жер, жесір, құн, барымта дауларының бәрінде де бір жағынан дүние-мүлік таласы болса, екінші жағынан атақ-абырой үшін тартыс жатады. Қорытып айтқанда, шешендік сөздер, негізінде, халық даналығынан туған мұра, халықтың асыл қазынасы. Мазмұны халықтың бастан кешірген өмірін, арманы мен қиялын көрсетеді. өмірге, дүниеге көзқарасын, ой-өрісін бейнелейді. Шешендік сөздерінің шеберлігі, құндылығы сөз сайысында, алқа топтың алдында бағаланған. Шешендік сөздер көбінесе түсінік сөзбен басталады. Түсінік сөзде айтылмыш шешендік сөздің нендей мәселемен байланысты, қандай жағдайда туғандығы мен кім айтқандығы баяндалады. Шешендік сөздің тілі көркем, мағынасы терең болумен бірге сөздері сұрыпталған, сөйлемдері қалыптасқан болып келеді. Шешендік сөз әлдеқайда тұрақты болып келеді. Шешендік сөздерді құрылысына қарай термелі сөз, пернелі сөз деп екіге бөлуге болады. Құрылысы өлең-жырға ұқсас шешендік сөздерді термелі сөз дейміз. Шешендік термелі сөздің өлең-жырдан негізгі айырмасы - шешендік терме үшін буын-бунақ саны біркелкі болып келуі шарт емес. Шешендік терме түр жағынан ақ өлеңді еске түсіреді. Негізінде өлең - әнмен, жыр - әуенмен айтуға арналған. Ал шешендік терме әнге салып, әуенге қосуға келмейді. Көркем қара сөзбен айтылатын шешендік сөздерді пернелі сөз дейміз. Шешендік пернелі сөздің ерекшелігі сөздері сұрыпталған, сөйлемдері іріктелген.


Сөздік:

көзқарас - взгляд

өсиет-насихат - завет-пропаганда алмасып отырады - чередуются бастан-аяқ - от начала до конца құрылған - построено дүние-мүлік - имущество

тартыс - борьба, столкновение, схватка даналық - мудрость баяндалады - излагается сұрыпталған - отборный, наилучший

1-тапсырма. Тірек-сызба бойынша мәтіннің мазмұнын әңгімелеңдер.

Шешендік өнер қолданбалы курсы бағдарламасыШешендік өнер қолданбалы курсы бағдарламасы

2-тапсырма. Өлеңді мәнерлеп, нақышына келтіріп оқыңдар, жаттап алыңдар.

Төле би, ер Қазыбек, тілді Әйтеке,

Асқартау - Қазықұрттай білімді еді,

Бірі күн, бірі туған айдай болып,

Заманға сәйкесімен келіп еді.

Қазақтың Алатайдай ай серкесі,

Дүние-ай, көшетұғын көрінеді...

Жалған-ай, бір көшкен соң толу қайда,

Әділ би Төле бидей болу қайда?!

(Жаныл ақынның әл үстінде жатқан Төле биге айтқаны)

№ 3 сабақ

Асанқайғы мен Әз Жәнібек


Асанқайғы қойға қошқар қоймай, жылқыға айғыр салмай, бура шөгермей, сиырды бұқасыз сақтап, малды үш жылға дейін ту қылып алған екен. Сол ауып бара жатқан бетінде ноғайлының ханы Әз Жәнібекке кез
болыпты. Бұрын үш тойына шақырғанда Асанқайғы бармаған
екен. Ауып бара жатып кез болмаған соң, Әз Жәнібек айтыпты:
- Бұрын бір хан болыпты. Ханның қасында бір қараша кедей үй қоңсысы болған екен. Ханның малының сүмесінен қозы қарын май мен бір қап құрт алған екен. Күзді күні ел тауға қонар мезгілде, қараша: «Ханымды шақырып, осы құрт пен майдың алдын таттырып кетейік. Сонда бізге қалғаны жұғымды болар. Ханымға таттырмай кеткен соң берекесі болмас» - дейді. Ханымды үйіне шақырса, қарашының үйіне кіріп шығуға намыс қылып керіліп, «әне барамын», «міне барамын» деп, ақыры бармапты. «Құрт, майдың алдын ханымға таттырмай кетпейміз» деп, әлгі байғұстар ханымды сарғайып күтіп көп уақыт көшпей отырып қалыпты. Күндердің күнінде ханым шығып, қазыханаға барып қайтып келе жатса, ханның кісі алатын бурасы қуыпты. Ханым сасқанынан, қараша үйге қойып кетіпті. Сонда шал байғұс айтқан екен:

  • Шақырса келмес ханымды
    Бура қуып келтірді.
    Қалжы-бұлжы дегізбей

Тура қуып келтірді.
Бастай көр қатын құртынды,
Сала көр қатын майыңды, - депті.

Сол айтқандай, үш тойыма шақырдым, келмедің. Ақыры қадірсіз, аяқсыз келдің-ау Асаным! - Рас айтасың, Әз Жәнібегім. Ойың ұрғашыға ауған екен, - дейді Асанқайғы.
- Өз бойындағы ақыл, ісіңе ие бола алмаған жан едім. Сондығынан айтып отырсың, сен өзін неге той қылдың, белесің бе? Бірінші той қылдың, қарақалпақтың қызы Қарашаш сұлуды алдым деп. Екінші той қылдың, Жайық судың бойынан дауыл өтпесе, жан өтпейтін үй салдырдым деп. Үшінші той қылдың, құландыға қу ілдірдім деп. Оған несіне келейін деп Асан жырлап кетті.

- Ай, Жәнібек хан!

Айтпасам білмейсің,

Жайылып жатқан халқың бар,

Аймағың көздеп көрмейсің.

Қымыз ішіп қызарып,

Мастанып қызып терлейсің.

Өзіңнен басқа хан жоқтай

Өзеуреп неге сөйлейсің?

Қорған салдың бейнет қып,

Қызметшің жатыр ішіп-жеп.

Он сан ноғай бүлінді,

Мұны неге білмейсің?

Қатын алдың қарадан,

Айырылдың хандық жорадан.

Ел ұстайтын ұл таппас,

Айрылар ата мұрадан.

Мұны неге білмейсің?

Құладын құстың құлы еді,

Тышқан жеп жүні түледі.

Аққу құстың төресі,

Ен жайлап көлде жүр еді.

Аңдысып жүрген көп дұшпан,

Еліңе жау боп келеді.

Құлың кей сені өлтірер,

Осыны көрдім түсімде,

Біл десе де білмейсің.

Әй, Жәнібек! Ойласаң.

Қилы-қилы заман болмай ма,

Суда жүрген ақ шортан,

Қарағай басын шалмай ма?

Мұны неге білмейсің?

Айтқан тілді алмасаң,

Енді мені көрмейсің!

Асанқайғының айтқанына басын шұлғығаннан басқа хан дәнеме демепті. Сол жолы екеуі дос болып, жалғыз жетім Жанәліні сұрап алып қалыпты.

Сөздік:

таттырып кетейік - собрались угостить

береке болмас - не будет изобилия

сарғайып күтіп - заждавшись

сасқанынан - растерявшись

дәнеме демепті - ничего в ответ не мог сказать

1-тапсырма. Сұрақтарға жауап беріңдер.


1. Асанқайғы Әз Жәнібекке қалай жолығыпты?
2. Әз Жәнібек Асанқайғыға не депті?
3. Асанқайғы Әз Жәнібектің сөзіне қандай жауап қайтарыпты?
4. Асанқайғының жырынан не түсіндіңдер?
5. Неге Әз Жәнібек Асанқайғының айтқанына басын шұлғығанннан басқа
айтары болмапты?

2-тапсырма.


  • «Асанқайғы мен Әз Жәнібек» шешендік сөзі мазмұнына қарай қай түрге жатады?

  • «Асанқайғы мен Әз Жәнібек» шешендік арнауы екенін дәлелдеңдер.

  • Асанқайғының Әз Жәнібекке арнаған жырын мәнерлеп оқыңдар.

Қосымша мәлімет


Асанқайғы Сәбитұлы (XIV- XV ғғ.)


XIV ғасырдың екінші жартысында Еділ бойында дүниеге келген. Мемлекет қайраткері, ақын, жырау, философ. Оның өмір сүрген тұсы қазақ халқының қалыптасу кезеңіне сай келеді. Асанқайғы шығармашылығында негізгі орын алатын қазақ тұрмысының өзекті мәселелерін арқау еткен философиялық-нақылдық жанрлар: толғау, терме, шешендік сөздерболып табылады. Асанқайғының шығармаларын жинап, зерттеумен Ш.Уәлиханов, Г.П.Потанин, М.Ж. Көпеев, С.Сейфуллин, М.Әуезов т.б. айналысты. Жыраудың ақындық мұрасын бастыру XIX ғасырдың соңында басталды. Ол Алтын Орда хандығының негізін салған Ұлық Мұхаммедтің ең беделді кеңесшілерінің бірі болған. Шығыс Дешті-Қыпшақта өрбіген саяси күрес кезінде Әбілқайыр ханның қарсыластары Қазақ хандығының негізін қалаған сұлтандар Керей мен Жәнібектің жағында болды. Шу мен Арал аралығында Қазақ ордасы құрылған кезде Асанқайғы жаңа мемлекеттің ұраншысына айналады. Жыраудың толғаулары Әз Жәнібек ханға арналған. Ол ең әуелі ханның айналасына көз салмай, шабылып жатқан халқының жағдайын ойламай бейғам отыруына наразылық тұрғысында айтылады:

Қымыз ішіп қызарып,

Мастанып неге терлейсің.

Өзіңнен басқа хан жоқтай,

Елеуреп неге сөйлейсің? Ертеңгі халық болашағын Жәнібек ханның ақыл-айла, көрегендігімен тығыз байланыста алып қарайды. Осы арнауында жырау күншығысқа көз алмай қарайтын көрші патшалықтан сақтанудың қажеттігін арнайы ескертеді: «Қилы-қилы заман болмай ма, Суда жүрген ақ шортан қарағай басын шалмай ма?». Осы бейнелер арқылы орыс патшасы отарлауының мән\ жайын алдын ала айтып, көрегендік танытады.


Жәнібек хан (1478-1480 жж. билік құрған)


Жәнібек Әбусағит (туған жылы мен өлген жылы белгісіз) - Қазақ хандығы мен қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы, Барақ ханның ұлы, Орыс ханның шөбересі. XV ғасырда өмір сүрген. XV ғасырдың 50-жылдарына дейінгі өмірі мен өызметі туралы нақты деректер жоқ. XV ғасырдың орта шеңінде ежелден Жетісу өңірін мекендеген түркі тайпалары бір этникалық топқа біріге келе, қазақ халқын құрады. Жәнібек хан мен Керей хан Жетісу өңірі, Шу мен Талас өзендерінің бойын мекендеген қазақтардың басын қосуда көп еңбек сіңірді. Бұл мақсатпен олар өзара қырқысуларды басып, ірі феодалдарды маңайына топтастырды. Сақталып қалған халық аңыздары мен өлеңдерінде Жәнібек ханды Әз Жәнібек деп атаған.


№ 4-5 сабақ

Майқы би мен алаша хан Ормамбет би өліп, қырық сан қырым, отыз сан үрім, он сан оймауыт, тоғыз сан торғауыт, он сан ноғай бөлінетінде, бүкіл ноғайлының елі жау келіп қалған екен деп, бір үріккен ала тайдан бүлініпті. «Алатайдай бүлінді» делінген сөз сонан қалыпты. Сол замандарда Қотан, Қоғам, Қондыкер, Қобан деген кісілермен Майқы деген би болыпты. Майқы тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі дейді. Бұқардағы он бес азаншы азан айтатұғын мұнараны сол қырық ханның бірі жасатқан екен деседі. «Қызыл аяқ» деген бір елді шауып, ат сауырына салып келген бір қызға аяқ салып, сонан сауысқанның аласындай бір бала ала туады. Бәйбіше өзінен тумай, тоқалдан туған балаға іштарлық қылып, қызғанышпен:
- Бұл балаңды балам деп сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр. Мынау өскенде жұртыңды ала қылып ұстайды, елінді ала тайдай бүлдіреді, - дейді. Хан бәйбішесінің сөзімен қырық жігітке: «Мына баланы, тапқан шешесін Сырдариядан әрі өткізіп қоя беріңдер. Өлсе өлсің, өлмесе өз бетімен қанғып күн көрсін», - деп бұйрық беріпті. Бұлар Сыр суынан өтіп, Алатау, Қаратаудың алабынан аң аулап күнеліпті. Бала өз асын өзі тауып ішерлік болған соң, ешкіммен ісі болмайды, оны қырық жігіт далаға тастап кетеді. Бала он екі жасында Майқы бидің баласы Үйсінге кез болыпты, бірақ оған бір ауыз тіл қатпайды, үн-түн жоқ қала береді. Үйсін үйіне барған соң Майқы биге: «Бір ағаштың көлеңкесінде отырған жас баланы көрдім, ай десе ауызы бар, күн десе көзі бар, көрген кісі қызығып, бір қасық сумен жұтып жіберерлік. Жалғыз айыбы тілі жоқ екен» - депті. Майқы би ақсақ болғандықтан, өмір бойы арбамен жүреді екен және арбасына кісі жегеді екен.

  • Мені балаға алып барыңдар, оны мен көрейін, - депті Майқы. Бала Майқы биді көргеннен-ақ орнынан ұшып тұрып:
  • Ассалаумағалейкум хан біткеннің қазығы, бұқара жұрттың азығы, - деп сәлем беріпті.
  • Уағалейкуміссәлем, әмісе аман балам! Болайын деп тұрған ұл екенсің. Қолына алып, қараушының жоғынан кем болып тұр екенсің. Кел, балам, қасыма отыр, - деп арбасына мінгізіп, үйіне алып келеді. Төрткүл ошақ қыздырып, төбел бие сойдырып, жоғарғы елді шақырады. Ала бие сойдырып, аймақ елді шақырып той қылады. Тойдан кейін: «Ердің ері, егеудің сынығы» деп қасына баласы - Үйсінді бас қылып, жүз жігіт қосып беріп аттандырады.
  • Қаратаудан арман қарай асыңдар, Ұлытау, Кішітау деген таулар бар, Қаракеңір, Жездікеңір, Құдайберді деген жерге барып ірге тебіңдер. Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар. Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарашы боласыңдар. «Хан әділ болса, қарашы табанды болса, қара жерден кеме жүргізеді» - деп, батасын беріп жөнелтеді.
Жүз жігіт Шу мен Сарысудан көктей өтіп, Ақтау, Ортауды айналып, Майқы бидің айтқан жеріне келеді. Ұйқы бұзып жылқы алды, күйме бұзып қыз алды. Көшкен елді көш-жөнекей алды, ерулі елді отырған жерінде алды. Өз алдына мал малданып, жан жанданып, үйлібаранды бола бастады. Сатусыз дүние, қалыңсыз қатын алған соң, ел болмасқа немене, жұрт болмасқа немене?! Бұлардың мұндай болғанын баяғы Қызыларыстан хан естиді. Қотан, Қоған, Қоғам, Қондыкер, Қобан, Майқы билерге елші жіберіп: «Менің баламды жігіт-желең етіп желіктіріп жібергені не қылғаны? Баламды өзіме әкеп берсін, сөйтіп менен қалағанын алсын» - дейді. Сонан соң бұлар: «Сендер барып, шақырып келіңдер» - деп, Қотанұлы Болатты жүз жігітпен жібереді. Бұлар барған соң бұрыңғы барғандар, өздерің де қайтпаңдар, «қайт» деген сөзді бізге айтпаңдар, - дейді. Шақыра барған кісі де қайтпай қалып қояды. «Үндемесе де үйден шықпаса да еңбек» дегендей, Майқы би үйде жатып-ақ жұмыс тындырып жатады. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би деген кісі осы екен. Сонымен бұл үш жүз кісі: «Енді ел болғанымызды, жұрт көзіне түсірейік» - деп баяғы ала баланы, алашаға отырғызып, Ұлытаудың басына көтеріп шығарып, хан сайлайды. Оған «Алашахан» деген ат қояды. Бастапқы бірге келген жүз жігітті бастығының аты Үйсін болғандықтан «Ұлы жүз Үйсін» деп атайды. «Оларды - Салықшы, жауға шапқанда бұлар шаппасын, тас-түйін болып тұрсын!» - деседі. Ортада келген жүз жігітті Болатқожа болғандықтан «Орта жүз Ақжон» (Болатқожаның лақап аты) деп атайды. «Бұлар тосқауылшы, ортада» деседі. Соңғы келген жүз жігітті (бастығы Алшын болғандықтан) «Кіші жүз - Алшын» деп атайды, бұлар алда жүрсін, жауға алдымен шабатын болсын дейді.

Сөздік:

бүлініпті - замарался

сол замандарда - в те времена

іштарлық - зависть

қызғанышпен - с ревностью

көзін жоғалт - избавься

тіл қатпайды - не молвит

ақсақ - хромой

аттандырады - отправляет в дорогу

ірге тебіңдер - поселитесь

елші - посол

қалағанын алсын - пусть возьмет что пожелает

қайтпайды - не возвращаются

жұрт көзіне түсірейік - покажем

1-тапсырма.

  • Мәтінді түсініп оқып, күрделі жоспар құраңдар.

  • Жоспар бойынша мазмұнын әңгімелеңдер.

2-тапсырма. Сұрақтарға жауап беріңдер:

  1. «Алатайдай бүлінді» деген сөз қайдан шығыпты?

  2. Майқы би туралы не білдіңдер? Ол қандай адам екен?

  3. Қызыларыстанда қандай оқиға болыпты?

  4. Бала он екі жасында кімге кез болыпты?

  5. Майқы би неліктен баланы көргісі келеді?

  6. Майқы би қандай шешімге келеді?

  7. Қызыларыстан хан не естиді?

  8. Үш жүз кісі хандарын қалай сайлайды?

  9. «Алашахан» деп кімді атайды?

  10. Алашахан елін жүздерге қалай бөледі?

Қосымша мәлімет


Майқы би (XII ғ. соңы - XIII ғ. орта шені)


Атақты би, суырып салма ақын. Энциклопедиялық әдебиеттерде оны «Майқы би», «Байқы», «Байқу» деп те атайды. Әкесі - Ман. Майқы жастайынан ақсақ болды. Сондықтан да болар Майқы атанғаны және оның 18- атасының да есімі Майқы болған. Шыңғыс ханның замандасы әрі кеңесшісі. Ел оны ең беделді адам, әулие деп те атаған, себебі, ол ел тағдыры мен оқиғаларды болжай білген. Шыңғысханның ұлы Батысқа жорыққа аттанған кезде әскерінің оң қанатын сеніп тапсыратын болған. Абай Майқы биді12 бидің санатына қосқан, сонымен бірге ол 1206 жылы Шыңғыс хан моңғолдардың ханы болып сайланған кезде құттықтауға барған 12 ханның бірі көрінеді. «Майқы би айтыпты» дейтін мақал, нақылға айналып кеткен сондай аталы сөздің кейбіреулері мыналар:

Алтау ала болса, ауыздағы кетеді,

Төртеу түгел болса, төбедегі келеді.

Ханның биі ақылды болса,

Қара жерден кеме жүргізеді.

Би екеу болса, дау төртеу болады.

Дауыл болмай жауын болмас,

Даулы болған қауым болмас.

Егіз ешкі сауын болмас,

Екі жалқау ауыл болмас.

Естіге айтқан тура сөз,

Шыңға тіккен тумен тең.

Есерге айтқан тура сөз,

Құмға сіңген сумен тең.

Ақиық қыран қартайса,

Жас жағалтайдан тепкі жейді.

Парақор биге ісің түспесін,

Сараң үйге кісің түспесін.


Майқы би жүздер арасында болып жататын қызу айтыс-тартыстар мен даудамайларға да қатысып жүрген. Ол әрқашан халықтың шешендік сөздері мен мақал-мәтелдеріне сүйене сөйлеген. Ол халық бірлігін бәрінен де жоғары қойған. «Бірліксіз - тірлік жоқ» деген аталы сөз де Майқы бидің аузынан шыққан.


№ 6 сабақ

Жедебай мен Қараменде

Әлтеке Жидебай батыр әрі шешен болған екен. Жидебай көп жасап, көпті көріпті. 95 жасқа дейін өмір сүріп, нәсілі өсіп, немерелі-шөберелі болыпты. Бертін қартайған кезінде жастық шағының жолдасы Қараменде би есіне түсіп, өткен жастық уағындағы істерін, қартайып-қажығандағы өзгерістерін айтып, пікір алыспақшы болуды ойланады. Бірақ өзі бара алмайды да, сөз мәнісін білетін бір жас жігітті шақыртып: - Шырағым, Тобықтыда Қараменде деген досым бар еді. Көрмегелі көп жылдар болды, сағындым. Өзім іздеп баруға шамам жоқ, о да қартайды, іздеп келе алмайды. Соған айтатын бір сәлемдерім бар еді, соны жеткізіп келші, - дейді. Жігіт жүрмекші болған соң Жидебайдың айтқаны: «Бес ауыз бір сөзім бар, алты ауыз бір сөзім бар. Осыларды бірімен бірін шатыстырмай анықтап ұғып ал» - деп тапсырады.

Жидебайдың айтқан сөзін жаттап алады.

Бес ауыз бір сөзім:

Төрт нәрседе үміт бар,

Бір нәрседе үміт жоқ, - осыны айт дейді.

Алты ауыз бір сөзім:

Мұсылман жаудың қолында қалдым,

Бес атаның малын іздеп әуре болдым,

Алпыс ат үйір бермеді,

Жетпіс торғай шырылдайды,

Сексен балапан ұя басып жатыр.

Тоқсан жұмыртқаның қашан жарылары белгісіз. Жаздың күні, жайлауға қонған қалын елді аралай бірнеше күн жол жүріп, бағанағы жігіт, Қараменде биді іздеп табады. Біраз күн жатып тынығып, ел жайлы, ер амандығына қанысқасын жігіт қайтпақшы болады. Сонда Қараменде: «Жидекем тірі болса, маған басқа сәлем айтпады ма?» - деп сұрапты.

Сонда жігіт батырдың сәлемін айтыпты. Қараменде шарта жүгініп отырып, көп толғанып-ойланады. Біраздан кейін:
- «Төрт нәрседе үміт бар» дегені, адам баласы төрт үмітпен жүріп өтеді екен-ау:

Жас өсемін деп үмітті,

Жалғыз көбейем деп үмітті.

Жарлы байимын деп үмітті,

Ауру жазыламын деп үмітті. - «Бір нәрседе үміт жоқ» дегені - шіркін, көктемі мен жазы өтіп жапырағы қуарған ағаштай, ұрты солып, жағы суалған кәріліктен ғана үміт жоқ екен, дейді. - «Мұсылман жаудың қолында қалдым» дегені: бірге жасасып, тәтті өмір сүріскен, бір-біріне иістері сіңіскен жастық шақтың жолдасы - жұбайы қайтып, жесір болып, келін баласының қолына қарап қалған екен ғой. Екі елі аузына төрт елі қақпақ қойсың, балаға сонда ғана сыйымды болады, - депті. - «Бес атаның малын іздеп әуре болдым» дегені: Қайран батыр қартайып, көзі көр болған екен ғой. Жастан серік болған бес жолдасы: Мұсуақ, тәспақ, орамал, бәкі, қамшы - болар. Осылардың басын құрап жинау үшін жан-жағын сипалап іздеп тапқанша, түске дейінгі уақыты өтеді екен ғой. Жанына жан қалта, төсіне төс қалта салдырып алсын, - депті. Ол уақыттағы қазақтың киімдеріне қалта салынбайды екен. - «Алпыс ат үйір бермеді» дегені, алпыс жас ағайынды жауға беріспейтін қайрат-күштің қайтпайтын кезі екен ғой. - «Жетпіс торғай шырылдайды» дегені - жетпісте торғайдай ғана қуатым қалды дегені екен ғой. - «Сексен балапан ұя басып жатыр» дегені - сексенде ұяда жатқан балапандай төсек тартып жаттым дегені екен ғой. - «Тоқсан жұмыртқа қашан жарыларын білмеймін» дегені - тоқсаннан асқан жасым бар, бір аяғыммен қабірдемін, ажал қашан жетеді деп күтудемін дегені екен ғой, - депті.

Сөздік:

нәсіл - потомство
есіне түсіп - вспомнив
сөз мәнісін білетін - здесь: толкового
сағындым - соскучился
шама - сила, возможность
шатыстырма - не перепутай
ұғу - понимать, осозновать
толғанады - размышляет
үміт - надежда
қабірдемін - в могиле
ажал қашан жетеді - когда настигнет смерть



1-тапсырма.

  • Мәтінді оқып, мазмұнын толық сақтап әңгімелеңдер.

  • Мәтіннің қандай тәсілмен жазылғанын анықтаңдар: автор сөзі баяндауға жата ма, әңгімелеуге жата ма?

2-тапсырма.

  • Төмендегі кестені толтырыңдар.

  • Шешендік сөздің мазмұнына қарай қай түрге жататынын анықтаңдар.

Жидебай батырдың

Қараменде досыңа айтқан сәлемі

Қараменде бидің Жидебайдың

сөздерін қалай түсініп, шешкені


«Төрт нәрседе үміт бар»

«Бір нәрседе үміт жоқ,»

«Мұсылман жаудың қолында қалдым»

«Бес атаның малын іздеп әуре болдым»

«Алпыс ат үйір бермеді»

«Жетпіс торғай шырылдайды»

«Сексен балапан ұя басып жатыр»

«Тоқсан жұмыртқаның қашан жарылары белгісіз»


№ 7 сабақ

«Шернияз ақын мен едім»


Шернияз қоналқаға бір ауылға келеді. Бірақ үй иесі «үйімде кісі бар», - деп қондырмайды. «Анау ауылға барып қон», - деп алдағы ауылға сілтейді. Сонда Шернияз:
- Қарағым-ай! Өз үйіңе келіннен батып қондыра алмай тұрып, «анау ауылға барып қон» дейсің. Ол ауылға бір жапырақ қағаз бере қойшы - дейді. Үй иесі «өзің кім боласың?» - деп сұрайды.

  • Өзіңнің бір қондыратын адамың бар шығар, айтып қарашы, сол болайын, - десе оған үй иесі көнбейді.
  • Сонда Шернияздың айтқаны екен:

Жаз жайлауым сұрасаң,

Жанабай көлінің жағасы.

Қыс қыстауымды сұрасаң,

Шыңғырлаудың саласы.

Майлыбай-Кете руым,

Шернияз ақын мен едім,

Жарлығас бидің баласы.

Көліктің басын бұр бала.

Қондыратұғын емес қой,

Мынау үйдің шамасы.

Үйде отырып мұны естіген қонақтар жүгіре шығып, ақынның шылауына оралып үйге түсіріпті.

Сөздік:

қоналқа - собрание (здесь: сборище)

сілтеу - указывать, махать

көнбейді - не соглашается

шылауына оралып - оказывая почести

1-тапсырма.

  • Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңдер.

  • Шернияздың айтқан сөзін мәнерлеп оқып,
    Шернияз ақын туралы білгендеріңді айтып беріңдер.

2-тапсырма.

  • Мәтіннен сұраулы сөйлемді тауып, қандай сұрақ (негізгі, жетек, анықтауыш) екенін анықтаңдар.

  • Сұраулы сөйлемнің жасалу жолын айтыңдар.

№ 8-9 сабақ

Ғалымның хаты өлмейді


Таймас Жұдас шешен айтты дейтін сөз Бір күні Абылай хан қарамына көз тойған, үш жүзден озған, ақылы асқан билермен бас қосып отырғанда: - Дүниеде тозбайтын нәрсе бола ма? Өлмейтін жан бола ма? Осыны тауып беріңдер де, менен қалағандарыңды алыңдар,- депті. Сонда отырғандардың біреуі: - Тас тозбайды, темір тозбайды, асқар тау өлмейді, аққан су өлмейді деп, біреуі оны, біреуі мұны айтыпты. Абылай өзі де біліп отырған жоқ, білсе сұрай ма? Бұл сөздер көңіліне қона қоймапты. Сонда түптегі Қыпшақ, Таймас Жұдас деген жұпыны киімі бар бір кісі тамам билер гуілдесіп, дүрілдесіп отырғанда ләм-мим деп тіл қатпай, сөз тыңдапты. Сонан бір орайы келгенде орнынан ұшып тұрып Абылай ханның алдына шарт жүгініп, былай депті. - Алдияр тақсыр! Бұлардың айтып отырғаны тозатын нәрселер, өлетін нәрселер. «Тозбасты ұста соқпаған, өлместі құдай жаратпаған» демей ме? Міне, мен тозбайтын не, өлмейтін не айтып берейін. Құдай дескен құда болады, құшақтасқан дос болады. Дос болғанда бірінен бірі жүйрік ат алады, қыран құс алады, түзу мылтық алады. Жүйрік ат өледі, қыран құс ұшады. Түзу мылтық қисаяды. Достық сондаймен тозады. Төсекте бас қосылсын, төскейде мал қосылсын деп құда болады. Кит саларда бір дау, мал берерде екі дау, үйге енгізерде, үш дау, ұзатарда төрт дау, осы даулардың бәрі де тозады. Бірімен бірінің құдалығы да тозады. Құдай қосқан құдай емес, құшақтасқан дос емес. Бірінен бірі жан аяспайтын, көрмесе сағынып тұратын екі тату болады. Тозбағанда сол екі татудың достығы тозбайды.

Қара жердің өлгені,

Қар астында қалғаны.

Асқар таудың өлгені,

Басын мұнар шалғаны.

Аққан судың өлгені,

Мұз боп тоңып қатқаны.

Ай мен күннің өлгені,

Түнеріп барып батқаны.

Өлмегенде не өлмейді?

Ғалымның хаты өлмейді.

Жақсының аты өлмейді. Абылай хан риза болады. Қамқа тонын бас қылып үстіне жауып,
Таймас Жұдасқа толық тоғыз сый береді. Отырғандар шулап
қоя береді: «Батырдан сауға мергеннен сыралғы, бізге алған
олжаңнан байла!» - деп. Сонда Таймас Жұдас шешен:
- Мұны бір қимас дүние көріп, байламай бара жатқанын жоқ, атамыз Абылай ханның бір айтқан сөзін шешіп беріп, алған жүлдесі екен деп, балаларым мұра қылып, айта жүрсің деп алып барамын, - деп байламастан алып шығып жүре беріпті.

Сөздік:

тозбайды - не износиться, не обветшает (здесь: будет вечным)

өлмейтін жан - не умирающая душа

көңіліне қона қоймапты - здесь: не удовлетворился ответом

гуілдеу - гудеть

тату - дружно

олжа - добыча

жүлде - приз (здесь: награда)

1-тапсырма.

  • Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңдер.

  • Таймас Жұдас шешеннің айтқан сөзін қалай түсінесіңдер?

2-тапсырма.

  • Мәтіннен дара және күрделі баяндауыштарды тауып, жасалу жолдарын түсіндіріңдер.

  • Мәтіннен сұраулы сөйлемдерді тауып, қандай сұрақ (негізгі, жетек, анықтауыш) екенін анықтаңдар.

Өздік жұмыс.

  • Мәтіннен бір сөйлем көшіріп алып, тұрлаулы мүшелерге талдау жасаңдар (құрамына, тұлғасына, сөз табына қарай)


Пысықтау сұрақтары:

  1. Абылай хан билерге қандай сауал қояды?

  2. Отырған билердің біреуі қандай жауап береді?

  3. Бұл жауап Абылайдың көңіліне қона қойды ма?

  4. «Тозбасты ұста соқпаған, өлместі құдай жаратпаған» деген сөздерді қалай түсінесіңдер?

  5. Кім Абылайдың айтқан сөзін шешіп береді?

  6. Абылай хан Таймас Жудас шешенге ризашылығын қалай білдіреді?



№ 10 сабақ

Жұмырбай ақынның Жәңгір ханға айтқаны Хан Жәңгірдің заманында Жұмырбай хан алдында жырлайтын ақын екен. Хан оған жылда бір түйе береді екен. Бір жылы тағы да келіп жырлап, енді кетерінде: «Мына ақынға бір түйе әкеліп беріңдер» - дейді хан. Түйешілер бір түйені әкеліп есік алдына байлап қояды. Түйе кәрі екен. Жұмырбай далаға шығып түйені көріп келеді. «Түйенің қасында неғылып жүрсің?» - дейді хан Жұмырбайға. «Түйемен сөйлесіп жүрмін» - дейді Жұмырбай. «Сен не дедің, түйе не деді?» - дейді хан. Сонда Жұмырбай былай депті:

- Мен түйеге: шөп берсем жермісің,

Айдап жіберсем, келермісің?
Бөкей, Сығайдың әкесі
Айшуақты білермісің? - дедім.
- Шөп берсең жермін,
Айдап жіберсең келермін.
Нұрланның әкесі Айшуақ түгіл,
Айшуақтың әкесі Әбілқайырды да білемін, - деді түйең.


Сөздік:

заман - время, эпоха

байлап - завязав

былай депті - сказал так

неғылып жүрсің - что делаешь

1-тапсырма.


  • Мәтінді түсініп оқыңдар.

  • Жұмырбай ақынның шешендігін неден байқауға болады?

  • Шешендік сөздің мазмұнына қарап түрін анықтаңдар
    ( арнау, толғау, дау).

Қосымша мәлімет
Бөкей Ордасының (1823-1845) ханы, Бөкей ханның ұлы.1815 жылы әкесі мұрагерлік салтқа сәйкес хандық тақты Жәңгірге берді. Аалайда, Жәңгір жас болғандықтан, Бөкейдің тапсыруы бойынша хандықты Бөкейдің інісі Шығай сұлтан басқарды. 1823 жылға дейін Жәңгір Еуропалық үлгіде тәлім-тәрбие алады, Астрахань губернаторы Андреевскийдің үйінде жатып оқиды. Сол жерде ол хандықты әкімшілік басқару әдістері бойынша да дәріс алды.
1841 жылы Ордада Жәңгір ханның бастамасымен балалар грамматика, математика және басқа пәндер бойынша білім алатын жоғары
мектеп ашылды. Осы мектептің қабілеті жоғары зерделі
түлектері Ресейде білімін жалғастыруға мүмкіндігі болды.

№ 11-12 сабақ

Ыбырайдың Есенберліге айтқаны


Орта Жүз Бәтеке Ыбырай деген шешен адам болыпты. Шаруасы төмен кедей болғанымен өткір тілді, қисық істі көргіш әділ шешен Ыбырайды халық қатты сыйлайды екен. Бір жылы қыс ішінде Орта Жүзде бір ұлы жиын болып, әр елге сауын айтылады. Осыған Бәтекеден Ыбырай да бармақшы болып, үйінен шығыпты. Ыбырайдың басқа мінетін аты болмай, жаз бойы ері алынбаған жауыр құнанын шанаға жегіп жолға шықса, әлсіз арық құнан болдырып, жүрмей қалыпты. Болдырған атын шалдырып отырғанда манадан жапалақтап жауған қар күшейіп, көтерілген желмен үлкен қатты боранға айналып кетіпті. Сол кезде Ыбырай алпыс бестер шамасындағы қарт адам болса керек. Бораннан адасып кетермін деп, ертерек ел қарасын көрмекші болып, ілгері жүреді. Біраздан кейін аты ағытылып қалады. Сақал, мұртына мұз қатып, қойын-қонышына қар толған қарт дірдектеп атын жеге алмай жатқанда астында семізден жаратып мінген күрең жорға аты бар, ер-тұрманын әшекейлеп, алтын-күміспен безендірген, өмілдірік, құйысқандатқан атының басына ноқта, жүген салған, өзі әдемі киініп, басына үкі қадаған бір жас жігіт атын сипай қамшылап, Ыбырайдың қасынан сәлем де бермей өте шығады. Жас жігіттің қайрымсыз мінезін көңіліне түйіп, Ыбырай да қала береді. Біраздан кейін атын ептеп жегіп, ел орынға отыра бір ауылға келіп жетсе, манағы жиын болатын ауыл екен. Белгіленген даяшы жас жігіттер келе жатқан Ыбырайдың алдынан шығып түсіріп, өзін қонақ үйге алып барады. Көп ұзамай қонақасы да келеді. Қыста сауылған қысырдың қымызын ішіп, енді алдарына ет қоя берген кезде, есіктен бағанағы жігіт кіреді. Үлкендер арасында әңгімемен отырған Ыбырай болған істі айтып, сол елдің адамдарынан әлгі жігіттің аты-жөнін сұраса, Торсан байдың Есенберлі деген баласы екен. Ыбырай табақтан бір уыс ет алып, бағанағы жігітке асатып, ол енді кейін шегіне бергенде:

Тауда жүріп таста өскен,

Ағайыннан басқа өскен

Ел қадірін білмейді.

Кісіден сый көрмеген,

Кісіге сый бермеген

Ер қадірін білмейді.

Шөл жайлаған дуадақ,

Көл қадірін білмейді.

Көл жайлаған қоңыр қаз

Шөл қадірін білмейді, - депті.

Сонда жігіт асатқан етті жұта алмай, аузын басып далаға шыға жөнеліпті.

Сөздік:

әділ - справедливый

әлсіз - беспомощьный

арық - худой

ілгері - вперед

біраздан кейін - через некоторое время

ағытылып қалады - здесь: распряглась

қойын - пазуха

қоныш - голенище

дірдектеп - трясясь от холода

ер-тұрман - сбруя

қайырымсыз - жестокий, безжалостный

жұта алмай - не проглотив

1-тапсырма.

  • Мәтінді түсініп оқыңдар.

  • Мәтін не туралы, неге үйретеді?

  • Ыбырайдың Есенберліге айтқан термелі сөздерін оқып шығып, түсінгендеріңді ортаға салыңдар.

2-тапсырма.

  • Мәтіннен асты сызылған пысықтауыштарды қарым-қатынасқа түскен сөздермен қоса теріп жазыңдар.

  • Пысықтауыштарды құрамына қарай талдаңдар.

3-тапсырма.

  • Дастаннан үзіндіні оқып, шешен-билерді сипаттайтын жолдарды тауып оқыңдар.

  • Дастандағы қарамен жазылған анықтауыштардың сөз таптарын ажыратыңдар, қандай сөзді анықтап тұрғанын көрсетіңдер.

Төле бидің тарихы

[Дастаннан үзінді]

Атақты қазақ үш биі,
Бірінші әзіз Төле еді.
Дүниеде сөзі кем еді.

Мың ауыз сөзге татитын

Бір ауыз сөзі ем еді.

Бұзылмайтын сөз айтқан

Шешеннен шешен демегі.

Және өзі киелі,

Қазыбектің жағына

Дарып кеткен деуші еді.

Күніне екі адамның

Қара тілі тағы да

Қаз дауысты демегі,

Көзі көріп жан естіп,

Үш жүз алпыс тамыры,

Адамзаттың айтады,

Қара тастай болса да,

Босатқан буын, жүйені.

Онан да өткен Әйтеке

Қудан ұшқыр, құланнан...

№ 13 сабақ

Cөздің атасы мен анасы

Қаз дауысты Қазыбектің атағы шығып тұрған кезде ауылына бір саудагер келіпті. Түстеніп болған соң Қазыбекке:
- Сізден бір сөз сұрайын деп едім, - депті.
- Бір керуен едік, өзара дауластық та, ойластық та, бірақ шешуін таба алмай қойдық: «Сөздің атасы кім, анасы кім?».

Қазыбек ойланып қалады.

  • Япырай, өзбектің саудагері ғана білмейді екен десек, қазақтың Қазыбегі де білмейді екен ғой; биыл таппасаңыз ендігі жылы табарсыз, - деп саудагер үйден шығып кетеді.
Қазыбек орнынан ұшып тұрып, іле-шала тысқа шықса, саудагер асығыс атқа мініп қалған екен. - Япырай, саудагердің ісі сарт-сұрт деген рас екен ғой! Артыңа қарамай аттанғаның не? Әлгі сөздің шешуін іздеп, ендігі жылы тағы келіп, саудаңнан қаларсың, артыңа қарамайтын болып кет. «Сөздің атасы - бірлік, анасы - шындық! Жолың болсын, жүрген жеріңе айта жүр!» - депті Қазыбек.


Сөздік:

түстеніп болған соң - пообедав

іле-шала - кое-как

асығып - спеша

1-тапсырма.

  • Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңдер.

  • Шешендік сөзді құрылысына, мазмұнына қарай ажыратыңдар.

  • Қазыбек бидің шешендік-тапқырлық сөздерін көшіріп жазып алыңдар.
    Сөйлемдегі сызықшаның қойылу себебін түсіндіріңдер.

Өздік жұмыс.

  • «Сөздің атасы - бірлік, анасы - шындық» атты
    шағын шығарма жазып келіңдер.

Қосымша мәлімет. Қазыбек би Келдібекұлы - XVII ғасырдың аяғы мен XVIII ғасырдың алғашқы жартысындағы қазақтың атақты биі. Руы - Арғын ішіндегі Қаракесек. Орта жүзге Қазыбек биді Тәуке хан тағайындаған. Ол «Жеті жарғыны» жасауға қатысқан. Қазыбек би қазақ хандарының ішкі және сыртқы саясатына едәуір ықпал жасап отырған. Ол жоңғар басқыншылығына қарсы халық күресін ұйымдастырушылардың бірі болды. Қазыбек би ел арасында «Қаз дауысты Қазыбек би» атанған. Қаз дауысты Қазыбек би - ең алдымен, асқан шешен, ақын; екіншіден, ел басқарған, дау-жанжалды әділ шешкен әділ қазы; үшіншіден, ол - халықаралық, дәрежедегі дипломат, қоғам қайраткері.

№ 14 сабақ

Үш арсыз, үш ғайып, үш жетім


Ноғайдың ханы Әз Жәнібек халықты жиып:

  • Үш арсыз, үш ғайып, үш жетім болады, соны кім табады ? - депті.
Жиылған халық көп дағдарып: Үш арсыз: ұйқы арсыз, күлкі арсыз, тамақ арсыз. Үш ғайып: қонақ ғайып, несібе ғайып, ажал ғайып, - деп шешіпті. Бірақ үш жетімді ешкім таба алмапты. Сонда Әз Жәнібек хан: - Елде келмеген кім қалды? - деп сұрапты.
  • Келмеген Қарабас шешен қалды, - депті халық.
Әз Жәнібек Қарабасты шақыртып алып, әлгі сөздің шешуін сұрапты: Сонда Қарабас: - Жетім үшеу емес, бесеу еді ғой! Оты жоқ жер жетім, Басшысы жоқ ел жетім. Елінен ауған ер жетім, Тыңдаушысыз сөз жетім, Жоқтаушысыз қыз жетім, - деді. Сонда Әз Жәнібек: - Сенің атыңды қоюшы адам ақылсыз екен. «Қарабас» дегенше «Алтынбас» десе болмай ма? - деген екен.

Сөздік:

арсыз - бесчестный

ғайып - небытие жетім - сирота дағдарып - подумав несібе - доля, судьба ажал - смерть жоқтаушы - оплакивающий

1-тапсырма.

  • Мәтінді оқып, мазмұнын айтып беріңдер.

  • Мәтіннен айқындауыштарды тауып, түрін ажыратыңдар (қосарлы, оңашаланған).

2-тапсырма.

  • Төле бидің өлеңін оқып шығыңдар.

  • Қарабас шешен айтқан бес «жетіммен» салыстырып көрііңдер. Айырмашылығы, ұқсастығы неде?

Жеті «жетім»

Тыңдамаған сөз жетім,

Қиюсіз тозған бөз жетім,

Иесіз қалған жер жетім,

Басшысы жоқ ел жетім,

Аққу-қазсыз көл жетім,

Жерінен айырылған ер жетім,

Замандасы қалмаса -

Бәрінен де сол жетім. (Төле би)

№ 15 сабақ

Білгендерден ғибрат ал

Керей Жалайыр Абыз жүз жиырма жасқа келіп, қартайып отырған кезінде, Әсет би келіп, амандасып болған соң:

- Е, Абыз, жасыңыз келіп қалды, Абыз айтушы еді деп айтып отыратын бір сөз айтыңызшы, - депті.

Сонда Жалайыр Абыз былай дейді:

Ата-ананың қадірін

Балалы болғанда білерсің.

Ағайынның қадірін

Жалалы болғанда білерсің.

Балалықтың қадірін

Саналы болғанда білерсің.

Асыл менен жасықты

Бағалы болғанда білерсің.

Бостандықтың қадірін

Жабылғанда білерсің.

Қалтаңдағы ақшаңды

Қағылғанда білерсің.

Денсаулықтың қадірін

Ауырғанда білерсің.

Ақ бетіңнің қадірін

Қан кеткенде білерсің.

Ақ білектің қадірін

Әл кеткенде білерсің.

Жиырма бестің қадірін

Жас кеткенде білерсің.

Қара көздің қадірін

Нұр кеткенде білерсің.

Татулықтың қадірін

Дос кеткенде білерсің.

Жақсы әйелдің қадірін

Өлгенінде білерсің.

Жақсы туыс қадірін

Көмгенінде білерсің.

Аяқ-қолдың қадірін

Ақсағанда білерсің.

Отыз тістің қадірін

Қақсағанда білерсің.

Қызыл тілдің қадірін

Тоқтағанда білерсің.

Білгеніңді сөйлеп қал,

Білгендерден ғибрат ал!

Сөздік:

ғибрат - образец, пример

1-тапсырма.

  • Мәтінді түсініп оқыңдар.

  • Жалайыр Абыз қандай адам екен?

  • Қалай ойлайсыңдар? Жалайыр Абыздың сөздері өсиет-насихатқа құрылған ба әлде мақал-нақылға жата ма?

2-тапсырма.

  • Мәтінді оқып шығып, тақырыбын қойыңдар.

  • Сөйлемдерді мағынасына және құрылымына қарай талдаңдар.


Ертеде қазақ халқында билік айту деген дәстүр болған. Билер өздерінің бір ғана сөзімен даулы мәселелерді шешкен. Олар ерте заманда осы күнгі соттың да, тергеушінің де қызметін атқарған. Қазақ билері әділ және елге сыйлы болуға тиісті болатын. Өз әділдігімен елге танымал болған қазақтың атақты билері: Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би. Қазақ халқының бұл билері елді үш жүздің бірлігін сақтауға шақырған.


№ 16 сабақ

Ақтайлақ пен Қанай шешен

Ақтайлақ шешен Қанай шешеннен:

- Ер басында бақыт нешеу? Кемдік нешеу? Құлазу нешеу? - деп сұрайды.

Сонда Қарауыл Қанай шешен былай деп жауап береді:

- Ер басында бақыт - бесеу, кемдік - үшеу, құлазу - төртеу.

Атың жүрдек болса,

Жалғанның пырағы.

Алғаның жақсы болса,

Үй мен қонақтың тұрағы.

Әкең - асқар тау,

Шешең - қайнар бұлақ,

Балаң жақсы болса,

Екі көздің шамшырағы.

Міне, бес бақыт осы.

- Атың шабан болса,

Жалғанның азабы.

Алғаның жаман болса,

Дүниенің тозағы.

Балаң жаман болса,

Көрінгеннің мазағы.

Міне, үш кемдік осы.

- Қалың ел көшсе,

Көл құлазиды.

Қаптаған мал кетсе,

Бел құлазиды.

Нарқын танымаған

Сөз құлазиды,

Қатарынан айрылған

Шал құлазиды.

Міне, төрт құлазу осы.

Сөздік:

кемдік - недостаток

құлазу - печалиться, тоскует

1-тапсырма.


  • Мәтінді түсініп оқыңдар.

  • Шешендердің сөздерін қалай түсіндіңдер? Өз ойларыңды білдіріңдер.

  • «Бес бақытты» жаттап алыңдар.

  • Сөйлемдердегі сызықшаның қойылу себебін түсіндіріңдер.


№ 17 сабақ

Бұл дүниеде не жаман?

Біріншіден не жаман -

Білімсіз туған ұл жаман,

Екіншіден не жаман -

Ененің тілін алмаған,

Тілазар туған қыз жаман.

Үшіншіден не жаман -

Үшкіліксіз пішкен тон жаман.

Төртіншіден не жаман -

Төресін әділ бермеген,

Парақор болған би жаман.

Бесіншіден не жаман -

Бес уақты ақ намаз

Қаза болған сол жаман.

Алтыншыда не жаман -

Алтын тақтың үстіне

Толықпай мінген хан жаман.

Жетіншіде не жаман -

Жеткіншектен оқ тиіп,

Жер таянған сол жаман.

Сегізінші не жаман -

Серке санды ат мініп,

Ат құйрығын шарт түйіп,

Жоқ қараған сол жаман.

Тоғызыншы не жаман -

Толықпай түскен жар жаман.

Он дегенде не жаман -

Оймақ ауыз, қиғаш қас,

Жазық маңдай, қара шаш

Бір перзентке зар болса,

Бәрінен де сол жаман.


1-тапсырма.

  • Шешендік толғауды мәнерлеп оқып шығыңдар.

  • Шешендік толғаудағы «он жаманды» қазіргі уақытқа да жатқыза аламыз ба? Қалай ойлайсыңдар?

2-тапсырма.

  • Мәтінді оқып шығып, мазмұнын баяндаңдар.

Шешендік сөздер қиыннан қиысқан, өзіндік орны, көркемдік ерекшелігі бар халық ауыз әдебиетінің дербес, әрі бағалы жанры болып табылады. Шешендік өнер көрген-білгенді көкейге тоқып, көп үйренуді тілейтін, талай тартысқа түсіп, жалықпай жаттығу арқылы жетілетін өнер. Нағыз шешен үшін сөзге шебер болу жеткіліксіз. Табанда тауып сөйлейтін тапқыр, топқа тайсалмай сөз бастайтын батыл, сөз сайысында саспайтын сабырлы болу қажет. Шешендік өнердің қиындығы туралы айтылған: Көш бастау қиын емес - Қонатын жерде су бар. Қол бастау қиын емес - Шабатын жерде жау бар. Шаршы топта сөз бастау қиын, Шешуін адам таппас дау бар, - дейтін сөз соны аңғартады. Асылы шешен кісі өз заманынан озат ойшылы, оқыған, оқымаса да көкейге тоқыған, саналы, білімді, мәдениетті азамат болуға тиіс. Бізге есімдері аңыз, әңгімелерден мәлім Аяз би мен Жиренше шешендер, Сырым мен Исатай батырлар сондай от ауызды, орақ тілді адамдар болған. Демек, шешендік сөздерд озат ойшылдар мен тілмар шешендер жасап, халық сынынан, ғасыр шыңдауынан өткізген, сөз өнерімен соғылған әдеби мұра, аысл қазына деуге болады.

№ 18 сабақ

Бұл дүниенің баласы


Бұл дүниенің баласы,

Алды-артыңа қарашы.

Ата-анаңның ақылы

Қазылған қара жолмен тең.

Ағайының көп болса,

Ұлы әскер қолмен тең.

Қарсы келген кәрілік,

Жайып қойған тормен тең.

Жақсының бәрі сұм болса,

Қазып қойған көрмен тең.

Кей адамның баласы

Бойында ақылы болмаса,

Ербиіп тұрған бір байғұс,

Өлі жүнді таймен тең.

Жүрген жері жақсының

Күнде базар, мереке,

Күндіз-түні қой сойып,

Ат шаптырған тоймен тең.

Көп жаманның ішінде

Бір жақсысы болмаса,

Қарап тұрсаң қалпына

Серкесі жоқ қоймен тең.

Білген кісі азар ма,

Тәубесіне жазар ма,

Білгенін түзу кім айтса,

Оның өзі мұңмен тең.

1-тапсырма.


  • Шешендік толғауды мәнерлеп оқып шығыңдар.

  • Өсиет, нақыл сөздердің мән-мағынасын қалай түсіндіңдер?

  • Шешендік толғау кімге арналған?

2-тапсырма.

  • Берілген сөздерге фонетикалық талдау жаса.

1 нұсқа - дүниенің;

2 нұсқа - тұрсаң;

3 нұсқа - түзу;

4 нұсқа - ербиіп;

5 нұсқа - бәрі;

6 нұсқа - әскер.

Қосымша ақпарат

Төле би (1663-1756) - атақты шешен, қазақ халқының қоғам қайраткері, Ұлы жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» әдет заңын шығарушылардың бірі. Дулат тайпасының Жаныс руынан, тоғыз ұлды Құдайберді әулетінен Төлеге дейін бай да, би де шықпаған.

№19 сабақ

Өнер алды - қызыл тіл

(Шешендік толғау сөздер)

Өнер алды - қызыл тіл

Қызыл тілін безеніп

Шешен жігіт дауда ойнар.

Ақ балтырын түрініп,

Палуан жігіт дауда ойнар.

Баданасын киіп ап,

Шашақты найза қолға алып,

Батыр жігіт жауда ойнар.

Дастарқанын кең салып,

Жомарт жігіт күнде ойнар.

Баданасын кие алмай,

Жауға батыл тие алмай,

Бедірей бетпақ үйде ойнар.


III деңгей

1.Мәтіннің басты тақырыбын анықта.

2.Шешендік толғауды мәнерлеп оқып шығыңдар.

II деңгей

1.Мәтіннен есімшелерді теріп жазып, жасалу жолдарын түсіндір.

2. «Өнер алды- қызыл тіл» деген нақыл сөздің мағынасын ашыңдар.

I деңгей

1. Шешендік толғау сөз туралы пікір таластырыңдар.



Тіл туралы мақал-мәтелдер:


  • Тіл қылыштан өткір.

  • Піл көтермегенді тіл көтереді.

  • Тәрбие басы - тіл, өнер алды - тіл.









№20 сабақ

Жақсы жігіт белгісі

(Шешендік толғау сөздер)


Жақсы туған жігітті

Жаны десе жарасар.

Жақсы ұл туған қатынды

Ханым десе жарасар.

Жақсы туған жігітке

Бүкіл елі таласар.

Жаман туған жігіттер

Қара жолдан адасар.

Арғымақ аттың құйрығы-

Сатса жібек, кессе қыл.

Жақсы жігіт белгісі-

Түзде мырза, үйде құл.

Қошқар болар тоқтының

Маңдай жері дөң болар.

Адам болар жігіттің

Айтқан сөзі жөн болар.

Би болатын жігіттің

Төбеде болар жұмысы,

Мерген болар жігіттің

Жебеде болар жұмысы.

III деңгей

1. Шешендік толғауды мәнерлеп оқыңдар.

2. Толғаудың басты тақырыбы қандай?

II деңгей

1. Мәтіннен антонимдерді тауып жазыңдар.

2. Адамның жақсы, жаман қасиеттерін атаңдар.

I деңгей

1. Шешендік толғаудағы нақыл сөздерді пайдаланып, өз ойларыңды ортаға
салыңдар.




№21 сабақ

Қонақжайлық белгісі

Сырттан келген мейманға,

Сәлем беріп, қол алсаң,

Бірінші еткен құрметің.

«Түсіңіз» деп түс беріп

Шылбырына оралсаң,

Екінші еткен қызметің.

Есік ашып енгізіп,

Көрпе төсеп құп алсаң

Үшінші еткен құрметің.

Мейман риза болмағы

Құрметпен үйге қонғаны.

Кешіктірмей шай берсең,

Ұмыт болар тоңғаны.

Тысқа шықса қария,

Қолында болсын құмғаны.

Ірікпесең барыңды,

Қонақжайлық сол- дағы.



I деңгей


1. Мәтінді нақышына келтіріп, мәнерлеп оқыңдар.

2. «Қонақжайлық» деген ұғымды қалай түсінесіңдер?

«Қонақ» деген сөздің түбірлес сөздерін атаңдар.



II деңгей


1. Шешендік толғау жолдарында келген қонаққа үй иесі қандай құрмет көрсету керек екен?

2. Сөйлемдердің тиісті тыныс белгілерін қойып, сөйлемнің түрін анықтаңдар. Үй ішінің қарбалас жүрісі саябырлады да барлық үлкен-кіші қонақтардың айналасына жиылды. Жазира кір жуады немесе тамақ пісіреді.


III деңгей


1. «Қонақжайлық» тақырыбына сабақтас құрмалас сөйлем құраңдар.

2. Қазақ халқының қонақжайлық қасиеті туралы мақал-мәтелдерді оқып, түсінгендеріңді айтып беріңдер.

  • Қонаққа бара білсең, шақыра да біл. Қонаққа «кел» демек бар,
    «Кет» деген жоқ.

  • Шақырғанда бармасаң, Шақырғанға зар боларсың.

  • Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма.

Тапсырма: шахмат атының жүрісімен жүріп өлеңді табыңыз



қонақ


нәсіпке


есікке


жүгіріп


қонақты


кешікпе


қарсы


келсе


болар


кесір


шық



алмасаң





















Жауабы:
Қонақ келсе есікке,

Жүгіріп шық, кешікпе.

Қарсы алмасаң қонақты,

Кесір болар нәсіпке.



















№22 сабақ

Бұл заманда не ғаріп?

Бұл заманда не ғаріп?

Қадірі біліп ұқпаса,

Дүррі гауһар сөз ғаріп.

Замандасы болмаса,

Қария болар тез ғаріп.

Ел жағалай қонбаса,

Бетегелі бел ғаріп.

Қаз, үйрегі болмаса,

Айдын шалқар көл ғаріп.

Әділ биі болмаса,

Бірлігі кетіп ел ғаріп.

Қадірін елі білмесе,

Қайратты туған ер ғаріп.

Бақытты адам қаласа,

Қар үстіне от жанар.

Бақытсыз адам қаласа,

Құрғақ үйден су тамар.

Жақсы туған баланың,

Атасы жаман болса да,

Түйе үстінен ит қабар.

Жаман адам белгісі,

Сүйек сақтар, тек болмас.

Жақсы адамның белгісі,

Ашуы бар, кек болмас.

Жақсыдан туса жаман ұл,

Қаратсаң да ем қонбас.



III деңгей

1. Шешендік толғауды түсініп, мәнерлеп оқыңдар.

2. Мәтіннен бір құрмалас сөйлемді көшіріп жазыңдар.


II деңгей

1. Сабақтас құрмалас сөйлемнің жасалу жолдарын түсіндіріңдер.

2. Шартты бағыныңқылы сабақтас құрмалас сөйлемге синтаксистік талдау жасаңдар.

I деңгей

1. Мәтін тақырбына сұхбат дайындаңдар.

2. «Адамның жақсы, жаман қасиеттері» кестесін толтырыңдар.


Жақсы

Жаман





№23 сабақ

Талассаң бағың кетеді

/Күдері баланың айтқаны/

Екі елдің басшылары шабындықа таласып келе жатып, қой жайып жүрген он төрт жасар Күдеріге кез болады да: «Кел, осы балаға жүгінісейік» - дейді.

  • Біз шөпке таласып келе жатырмыз. Олар: «Біз орамыз» - дейді, біз: «Жоқ, біз орамыз» - дейміз. Осыған жас та болсаң төрелік айт,- дейді даугерлер.

Сонда Күдері баланың айтқан төрелігі:

Өзімнің атым Күдері,

Ер Көшектің баласы.

Талассаң бағың кетеді,

Таласпасаңдар не етеді?

Бірлік қылсаң, ағалар,

Анау тұрған шабындық,

Баршаңыөға да жетеді.

Дүние деген жалған ғой,

Бастарыңнан әлі - ақ өтеді.

«Бала да болсаң атаңа рақмет, төрелігіңе құлдық. Бала ғұрлы ақылымыз жоқ екен» - деп, шөпті бөліп, даугерлер жай-жайына кетеді.



III деңгей

1. Мәтінді мәнерлеп, түсініп оқыңдар.

2. Шешендік сөздегі төл сөз бен автор сөздерін ажыратыңдар.




II деңгей

1. Шешендік сөздердің ерекшеліктері туралы айтыңдар.

2. Мәтіннен Күдері баланың айтқан жауабын тауып, оқыңдар.




I деңгей

1. Күдері баланың айтқан шешендік сөзін жатқа айту.

2. Төл сөзді төлеу сөзге айналдырыңдар.
«Бала да болсаң атаңа рақмет, төрелігіңе құлдық. Бала ғұрлы ақылымыз
жоқ екен» - деп, шөпті бөліп, даугерлер жай-жайына кетеді.






№24 сабақ

Жортуылшының құны


Екі елдің арасында кісі құнды дау болып, Тоқсан би Ізбастыға барыпты. Тоқсанды кемсітіп:

  • Тоқсан - Тоқсан дегенге көзге толық кісі ме десем, томаша торғайдай кісі екенсіз ғой, - депті.

  • Торғай тоғыз табады, соның бірі бұлбұл болады, торғай болсам бұлбұл шығармын, - дейді Тоқсан.

  • Өрмекшіге ұқсаған өрлей беретін кісі екенсіз,- депті Ізбасты.

  • Өрмекші он бір табады, оның бірі бүйі болады, өрмекшінің бүйісі болармын, - дейді Тоқсан.

  • Осы билік өзіңе бітті ме, атаңа бітті ме? - депті Ізбасты.

- Төрт ата қарауыл баласы енші алғанда, Атығай ағалықты алыпты, Қарауыл байлықты алыпты, Уақ-Керей батырлықты алыпты, Түбек-Керей мырзалық пен билікті алыпты, - депті Тоқсан. Сонда Ізбасты бөгеліп қалыпты. Қасындағы Киікбай би айтыпты:

Сенің атың Ізбасты,

Айтқан сөзіңді құм басты.

Тоқсан бидің сөзіне жауап бере алмай,

Сені басып тұр ма албасты?- депті.

Ізбасты:

  • Кісің жолаушы ма еді? - депті.

Тоқсан:

- Жолаушы еді, - депті.

Ізбасты:

  • Ендеше жарты құнын берейін, - деп мойындапты.

Ол күнде ер құны 100 жылқы болады екен. Бұған осы құнның жартысын беріпті.


III деңгей

1. Мәтінді мәнерлеп, түсініп оқыңдар.

2. Берілген сөз тіркестерінің аударып, сөйлем құрастырыңдар.

дау болып -

өрлей беретін -

байлықты алыпты -

батырлықты алыпты -

мырзалық пен билікті алыпты -


II деңгей

1. Шешендік сөздің мағынасына қарап түрін ажыратыңдар (толғау, дау, арнау).

2. Мәтін бойынша сұрақтар дайындаңдар.


I деңгей

1. Мәтінде кездесетін төл сөзді төлеу сөзге айналдырыңдар.

2. Сол сөйлемге синтаксистік талдау жасаңдар.


№25 сабақ


Қанайұлы Бекболат шешен


Абылай ханның тұсында Қарауыл Қанайұлы Бекболат би Қаздауысты Қазыбекке, Шақшақұлы Жәнібекке еріп, Кіші жүз алшынға бір дауға барады. Бітім сөйлесуге Кіші жүзден бір кісі шығады. Амандықтан кейін
әлгі кісі алақанын ашып үндемей тұрады, Бекболат: «құп болады»дейді.
Тағы да алақанын жұмып қолын созады, Бекболат: «құп» дейді. Саусақтарын жазып,қолын созып тұрады Бекболат: «құп» дейді. Екі қолын түйістіріп,
бірінің үстіне бірін салып тұрады, Бекболат: «құп»дейді. Тағы да
сегіз саусағын көрсетеді, Бекболат: «құп!» дейді. Содан кейін Кіші жүздің кісісі кетіп қалады. Бекболат қасындағы билерге: «дау бітті, біз енді елге
қайтайық» дейді. Елге келген соң Абылай Қаздауысты Қазыбек пен
Шақшақұлы Жәнібектен бітістіңдер ме? - деп сұрайды. Сонда екі биі төмен қарайды.

  • Уа, неге төмен қарадыңдар? «Әйел ерге, ер жерге қарайды» дегендей, мен сендерді дауға жіберіп едім ғой, - деді Абылай. Сонда екі би:
  • Мына Бекболат деген «құп» ұстап қайтты, - дейді.

Абылай Бекболатқа қарап:

  • Барушы да өзің, сөйлеуші де өзің көрінесің, енді өзің айтшы, - дейді.

  • Дауда көп сөйлескеніміз жоқ, ол жақтан билікке шыққан адам қолымен біраз шара көрсетті, соны мен өзімше ұққанымды айтайын деп ишара қылған түрін айтты да былай деді: «Бірінші - алақанын ашқаны: «алысуға да жараймын» дегені еді. Екінші - қолын жұмғаны: «ашсаң аяңда, жұмсаң жұмырында, тату-тәтті тұрайық»дегені. Үшінші - қолын созғаны: «атса, шапса, қылыш, мылтық сенде де бар, менде де бар, жанжалды қоялық»дегені. Төртінші - бір қолын екінші қолының үстінде салып түйістіргені: «құшақтап көрісейік»дегені. Бесінші - саусағын көрсеткені: «сегіз күнде ханның алдына тарту-таралғымен барамыз»дегені. Сонда былай:
  • Уай, бәрекелді-ай, алдамаса игі еді, - дейді.

Бекболаттың айтқанындай, Кіші жүздің кісілері сегіз күн дегенде тарту-таралғысымен Абылай ханның адына келіпті.








III деңгей


1. Мәтінді мәнерлеп, түсініп оқыңдар.

2. Мәтінді рөлге бөліп оқыңдар.



II деңгей


1. Мәтінде кездесетін төл сөзді төлеу сөзге айналдырыңдар.

2. Мәтіндегі төл сөз, автор сөзі бар сөйлемдерге сызба жасаңдар.




I деңгей


1. Мәтіннен Бекболаттың Абылайға берген жауабын оқып, талдаңдар.

2. «Озат ойшылдар мен тілмар шешендер» тақырыбына эссе жазыңдар.


Қосымша мәлімет:

Қазыбек би - Қазақтың атақты биі. Қазақ жүздерін басқаруды реттеу ниетімен Тәуке хан Орта жүзге Қазыбек биді би етіп тағайындайды. Ол - жоңғар басқыншыларына қарсы азаттық күресті ұйымдастырушылардың бірі. Тәуке, Сәмеке, Әбілмәмбет және Абылай хандар тұсында мемлекет басқару ісіне белсене араласып жүрген Қазыбек би ішкі және сыртқы саясат мәселелерінде ықпал ете алатын.











№26-27 сабақ

Абай мен Шәкі шешеннің кездесуі


Найманның ішінде Саңқабай деген болыпты, мұның жинаған көп ақшасы бар екен, шамасы қырық мың сомдай болса керек. Осы ақшасын үйінде жұмыс істеп жүрген бір Самалық деген жігіт ұрлапты. Осының дауы Арғын - Найманның арасында неше рет бас қосыста шешілмепті.Ақша иесі Саңқабай оязға арыз беріп, екі уездің адамын шақырыпты. Ояз алдында Саңқабай қырық мың сом ақшам жоғалды десе, Самалық ұрыны жақтағандар оязға: - Сіз осыған нанасыз ба? Көшіп-Қонып жүрген даладағы қазақта мұнша ақша бола ма? Бұл өтірік, қазақ елінің арасында дау-жанжал бола береді, соның кегін алам деп жала жауып отыр, - депті. - Бұл да дұрыс, дала қазағында мұнша ақша болушы ма еді? - депті де, ояз істі қысқартыпты. Саңқабай: «Уа, тірнектеп жинаған дүнием- ай, бекерге кете ме, жоқ осы арызымды губернаторға жеткізетін адам болар ма?»- екен деп мұңайыпты. Сөйтіп жер ауып келген, әр істен хабары бар Мүсәпір Байтулақ баласына айтады. Мүсәпір «біздің елде ақшалы екі адам еді: бірі Маманбай, екіншісі осы Саңқабай көпес. Мұның ақшасының көбін жұрт білетін-ді. Қолы қысқалар бұдан ақша алып отырушы еді» - деп губернаторға барып арыз етеді.Бұл істі ел адамдары сөйлесіп шешсін деген бұйрық алады. Губернатордың бұйрығы бойынша екі уездің бас қосыс жері Балдыбек сайы болсын дп белгіленеді. (Өйткені бұл жер үш уездің аралығы екен). Осы жерге бірнеше үй тігіледі, екі уездің адамдары шақырылады, арғыннан Абайға хабар етіліп, ол келмекші болады. Найман өз елінің білгіштерін жинайды.Абаймен сөйлесуге әуелі Әріп Тәңірберген баласын шығармақшы болады, бірақ Абайдан Әріп жеңіліп қалады деп қауіптніп, өр наймандағы Шәкі шешенді алғызады. Шәкі жиынға Абайдан бұрын келеді, Абай келгенде Шәкінің үстіне түсіреді. Абайға ерген топ отырғандарға сәлем беріп кіргенде, Шәкі шешен сәлем алып, Абайды бұрын көрмеген екен, сырт пошымыннан танып: - Уа, сыртыңнан атыңа қанық, жүзіңе танық едім, сен, шырағым, Абай баласың ба?
- Ел -жұртың аман ба? Кешегі Кеңгірбайдың ұрпағы еді, Базаралы аман ба?- депті. Базаралы сол жылы ғана сотталған екен. Абай сөзден тосылып қалып, дауысын ақырын шығарып «аман» дей салыпты. Отырғандар Шәкі шешен мен Абайдың аузына қарап, үндемей отырып қалыпты. Абай да сөйлей қоймапты. Біраз үнсіз отырған соң, Шәкі шешен:

  • Уа, Абай шырағым, бұрынғының мынадай бір сөзі бар еді: «Бір бала атадан асып туады, бір бала атамен тең туады, бір бала көптен кейін туады» деген, сені жұрт көтеріп мақтайды, сен осы үшеуінің қайсысысың? - депті.
Абай үндемей отырып қалыпты, даулы іске келгенде де Абай Шәкіге қарсы шықпай, арғын ақшаны төлемекші болыпты. Даудан қайтқан соң арғынның адамдары Абайға:
  • Саған не болды? Біз сізді әдейі арнап алып келіп едік, Найманның бір шалына жауап бермедің? - депті. Сонда Абай айтыпты:
  • Ей, Шәкі өте айтқыр - шешен екен, ол келген жерден, Базаралыны сұрап сөз қозғады. Оны өзіміз тұтқынға беріп отырып не дерміз. Екінші - сен әкең Құнанбайдың қандай баласысың? деді. Мен үндемей қалдым. Үндегенде әкемнен асып тудым деймін бе? Әкем дүние жүзін кезіп, Байтуллаға үй салдырды, мен оны істегем жоқ. Ал кем тудым десем, мына сендер: «Абай - Абай» деп атымды шығарып жібердіңдер... Соған жауап бере алмай тоқтағаным осы. Ал мына істің жөніне келсек, Найман елі нақақтан бізге жабысып отырған жоқ, кінә бізде. «Істің ағы, жігіттің бағы» деген бар ғой, сондықтан ел болып мына істі бітірген жөн» - депті.
Сонымен арғын болып найманның ақшасын төлеп, ел арасы тынышталыпты.


III деңгей 1. Мәтінді мәнерлеп оқыңдар. 2. Мәтіннен құрмалас сөйлемдерді табыңдар.


II деңгей


1. Мәтіндегі сабақтас құрмалас сөйлемдердің жасалу жолдарын түсіндіріңдер.

2. Мәтіннің мазмұнына күрделі жоспар құрып, мазмұндаңдар.



I деңгей


1. Бір сабақтас құрмалас сөйлемге толық синтаксистік талдау жасаңдар.

2. Абайды қандай жаңа қырынан таныдыңдар?
Шәкі шешен Абайды қалай бағалады?

Қосымша мәлімет.

Шернияз Жарылғасұлы (1817-1881 жж.) Ақтөбе облысының Ойыл ауданында дүниеге келген, туған жерінде дүние салды. Арқалы ақын. Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бастаған шаруалар көтерілісінің бел ортасында жүрген Шернияз бұл қозғалыстың ұраншысы әрі ақыны болды. Кқтерілісшілер жеңіліске ұшыраған соң, Шернияз қуғындалды және оған қатаң бақылау қойылды. Осыдан кейін ол Баймағамбет сұлтанның қол астынан пана тауып, қалған ғұмырын осында өткізді. Шернияз Исатай батыр туралы көптеген жыр жолдарын жазды. Өазіргі таңда ақын өлеңдері халық арасына кең таралып және мектептер мен жоғары оқу орындарында оқытылады. Шернияз Жарылғасұлының шығармашылығы мен оның қоғамға сіңірген еңбегі өскелең ұрпаққа рухани дем береді.

№28 сабақ
Ақтайлақ шешен


Баласы Сабырбай бір күні отырып әкесіне:
- Әке, аяғыңыз жас ботаның аяғындай қаздаңдай ма, қалай? - деп кәрілігіне тигізе қалжыңдайды. Сонда Ақтайлақ:
- Өз баламды сүйейін таз да болса,
Өз малымды бағайын аз да болса, - дейді. Сонда Сарыбай аяғын айтқызбай:
- Ақтайлақтан Сабырбай безбей ме екен,
Қартайғанда әкесі қазба болса, - деп бұрып әкетіпті.

III деңгей

1.Мәтінді мәнерлеп оқыңдар.

2. Әке мен баланың арасында қандай сыйластық көрінеді?

II деңгей

1. Мәтін бойынша көрініс көрсетіңдер.

2. Ата-ана, бала туралы мақал-мәтелдерді естеріңе түсіріп, дәптерлеріңе жазыңдар.

I деңгей

1. Отбасы сыйластығы, тәрбиесі туралы эссе жазыңдар.

Ақтайлық шешен Халқы түзу болмаса хан бола ма, Тірлікте бейнет тартпас жан бола ма? Қысқа түнде қырқ алған қыран едім, Арықтаған тұлпарға сын бола ма? Жақсыға асың берсең сыйға болмас, Қазандағы ас қазғанып жылға болмас. Қыз дегенің қияда бір-ақ қоныс, Атадан ұл тумаса тұлға болмас. Қай күні ажал келеді пенде білмес, Шын әулие мүриті аза бермес. Ғазірейіл жан алғыш тура келсе, Мырзаны қайтейін деп қоя бермес,- дейді екен Ақтайлақ шешен

III деңгей

1. Мәтінді мәнерлеп оқыңдар.

2. Мәтіннен архаизм сөздерді табыңдар.

II деңгей 1. «Атадан ұл тумаса тұлға болмас» деген шешендік сөздің мағынасын түсіндір. 2. Тірлікте, қоныс сөздеріне дыбыстық талдау жасаңдар.

I деңгей

1. Шешендік сөзді жатқа мәнерлеп айту.

№29 сабақ

Сырым батыр - рухтандырушы, ділмар шешен


Сырым Датов - ХVIII ғасырдаың екінші жартасында өмір сүрген тарихи қайраткер. Сырым батырдың өмірі мен еңбегі Кіші жүздің Нұралы, Ералы, Есім хандарға қарсы ұлт-азаттық қозғалысымен тығыс байланысты. Ресейде Емельян Пугачев бастаған басыбайлы шаруалар көтерілесі патша отаршыларының тепкісінде отырған «бұратана» халықтардың да санасын оятып, бүйірін қыздырды. Башқұрт, татар шаруалары сияқты қазақ еңбекшілері де екі жақты езгіге шыдай алмай, Сырым батырдың бастауымен 1783 жылы Нұралы ханға қарсы ашық күреске аттанды. Күрес 1797 жылға дейін созылды. Көтерісшілер Сырымның басшылығымен Нұралыны тақтан тайдырып, оның баласы Есім ханды өлтірді. Шеқара бекіністеріне шабуыл жасап, кейбір жазалушы отрядтары талқандады. Бірақ қозғалыс жеңіске жете алмады, жеңіліс тапты. Көтерілістің көсемі Сырым батыр Хиуға барып паналап жүргенде, 1802 жылы қаза тапты. Сырым батыр көтерілістің батыл басшысы ғана емес, рұхтандырушы ділмәр шешені де болған. Ел аузында оның атына байланысты сақталған аңыз әңгіме, шешендік сөздер көп.

III деңгей

1. Мәтінді мәнерлеп оқыңдар.

2. Мәтінде кездесетін жалқы есімдерді табыңдар.

II деңгей

1. Мәтіндегі бірінші және екінші жай сөйлемдерден құрмалас сөйлем құрап жазыңдар.

2. «бұратана» сөзіне түсінік беріңдер.

I деңгей

1. Сырым Датұлына байланысты ел аузында сақталған аңыз-әңгіме, шешендік сөздердерді оқып, шағын шығарма жазыңдар.

Қосымша мәлімет

Сырым Датұлы (1712-1802 жж.)
XI ғасырдың 1 жартысындағы отарлық езгіге қарсы ұлт-азаттық күрестің ұйымдастырушысы әрі көсемі. Сырым екі мың шаңырақты басқарған. Сырым Датұлы өз халқының нағыз патриоты екенін таныта білген және отарлық бұғаудан елді босатуға зор үлес қосқан. 1792 жылы хандық билік қайта күшіне енген соң, Сырым Датұлы бастаған халықтық жаппай бас көтеру кезеңі басталды.

№30 сабақ


Бала Сырым


Сырым кішкене бала күнінде далада бір қарт кездесіп, оған сәлем беріпті.

Сонда қарт:

-Балам, аман ба? Кімнің баласысың? - депті.

-Сенің балаңмын, -депті Сырым. Тағы сұрапты, Сырым әлгі сөзін тағы қайталапты. Үшке дейін сұрапты, Сырым сол жауабын үшке дейін қайталапты. Содан соң қарт:

-Неге менің балам боласың?- депті.

-Е, неге сенің балаң болмаймын, өзің «балам, аман ба?» дедің ғой!» - депті Сырым сонда.

III деңгей

1.Мәтінді рөлге бөліп оқыңдар.

2.Мәтіннен төл сөз бен автор сөзін табыңдар.

II деңгей

1.Төл сөз бен төлеу сөз айырмашылығын түсіндіріңдер.

2.Мәтіннен бала Сырымның жауабын тауып, түсіндіріңдер.

I деңгей

1.Сырымның әрі батыр, әрі шешен болғандығы туралы қосымша материалдардан оқып айтыңдар.












№31 сабақ


Отын - олжа, су - нұрлық


Сырым 15 жасында бір құшақ отын құшақтап Нұралы ханның ауылының сыртынан өтіп бара жатса, иығына шапан жамылып далада тұрған хан баланы шақырып алып:

- Үй ішінің кемдігі отын-сумен жетеді, Ауыл сыртынан отын ұрлап, бала, есің неден кетіп еді?- дейді.

- Тақсыр, даланың оты олжа, суы нұрлық, елдің малы мен ақысын жеу ұрлық,-деп, Сырым жөніне жүре береді.

III деңгей

1.Мәтіннен Сырым мен Нұралы ханның сөздерін ажыратыңдар.

2. «Ауылының сыртынан, иығына жамылып, елдің малы» сөз тіркестеріне морфологиялық талдау жасаңдар.

II деңгей

1.Мәтіннен бір құрмалас сөйлем тауып, оған ситаксистік талдау жасаңдар.

2. «Отын олжа, су нұрлық» сөз тіркесінің мағынасына түсінік беріңдер.

I деңгей

1.Мәтіндегі төл сөзді төлеу сөзге айналдырыңдар.














№32 сабақ

Бала Сырым мен билер

Шеркеш руының бір үйір жылқысын Есентемірдің жігіттері барымталап кетеді. Сонымен екі ру араздасып, шеркеш тұрған би мен Есентемір Бөкен би хан алдында айтысуға кетіп бара жатып, жолда мал суарып жатқан балаға кездеседі. Аттарын суарып тұрып билердің бірі

  • Қатты жерге қақ тұрады деген не,

Қатты адамға мал туұрады деген не? - дейді.

Қарсы би оған жауап бере алмай ойланып қалады. Сонда қауға тартып тұрған бала:

  • Қатты жерге қақ тұрса.

Шөп шықпайтын тақыр-дағы.

Қатты адамға мал тұрса,

Ақыреттен бейхабар пақыр-дағы, - дейді.
Билер бір-біріне қарап, жүрейін деп жатқанда бала:

- Уай,ағалар, жолдарыңыз болсын! Үйімде қартым бар. Кешке барағанда, кім көрдің, қандай жұмыспен жүр екен? - деп сұрайды. Сонда сіздер туралы не деймін? - дейді. Жолаушылар жөнін айтып жүріп кетеді.Жолаушылар құдықтан жүз қадамдай шығ бергенде, арттарынан бала жүгіріп келіп:

- Уай, ағалар, мен сіздерден ақыл сұрай келдім. Бір тоқтым өлді, соны қайтсем сасытпай қажетке жаратамын, - дейді.

- Тұз сеуіп, қақтап ал!-дейді билердің бірі.

- Ет сасыса тұз себейін, тұз сасыса не себейін?- дейді бала.

Билер баланың бетіне бажырая бір қарап, жауап берместен желе жөнеледі.

Құдықтан көз көрдім жер ұзап шыққан соң, Бөкен би атын бөгеп:

- Тұрлан, мен ауылға қайтамын. Ақымды бермесең, саған ас болсын,әлгі баланың сөзі өңменімнен өтіп кетті. 30 тай үшін екі ел айтысып ханға барғанымыз ұят-ты, - деп бұрылып кетіпті. Артынан сұрастырса, әлгі бала Сырым екен.

Арада бір жыл өткен соң Тұрлан Бөкенге сәлемдесіп:

- Бөке, тәуірсің бе?- дейді.

- Отыз байталдың еті сенде, дерті менде болғанмен шүкір, жаман емеспін,- депті Бөкен. Тұрлан үш күннен кейін жылқыларын айдатып әкеп беріпті.

III деңгей

1. Мәтіннің мазмұнын түсініп, рөлге бөліп оқыңдар.
2. Мәтін бойынша сұрақ дайындаңдар.

II деңгей

1. Мәтіннен бала Сырымның билерге берген жауабын тауып, оқыңдар.

2. Қазақтың тарихы бойынша рулар туралы не білесіңдер?

I деңгей

1. Төл сөз бен автор сөздерінің қойылған тыныс белгілерін түсіндіріңдер.

2. Өздеріңнің жеті аталарыңды жазыңдар.

№33 сабақ


Сырымның сыннан өтуі


Айшуақ, Есім хандардың тұсында Сырым жаңа атағы шығып келе жатқан жігіт екен. Хандар мен билер Сырымды сынамақ болып бір жиында
Сырымды табақ тартып, ет жасау жұмысына қосады. Ол күнде өлген адамға бірнеше мал сойып байлар ас береді екен. Сырым етті жасағанда хандар
мен билерге, төрелер мен байларға, балалар мен әйелдерге
ішек-қарынды бірдей етіп табаққа салады. Хандар, билер, байлар:
- Бұл табаққа ішек-қарын салған кім? - деп Сырымды шақыртып алып, - табаққа ішек-қарын салып, бізді әйел дедің бе, немесе мазақ еткің келді ме?
Бұл үшін сені айыпқа бұйырамыз, - дейді. Сонда Сырым:
- Еркек әйелден шығады, ет ішек-қарыннан шығады. Егер менің айтқаным
дұрыс болса кімдер айыпты болар екен? - дейді. Әкімдер сөзге еш нәрсе
дей алмайды. Сырымды іштерінен жаратпай қалады.

III деңгей

1.Мәтінді мәнерлеп оқыңдар.

2. Сырым қандай сыннан өтті?

II деңгей

1. Мәтіннен жай және құрмалас сөйлемдерді тауып, оларды түрлеріне ажыратыңдар..

2. Қазақ халқының салт-дәстүрлері туралы не білесіңдер?

I деңгей

1. «Қонақасы - қазақ халқының салт-дәстүрі» тақырыбына реферат дайындаңдар.




№34 сабақ


Ата тұрып ұл сөйлесе ержеткен болар


Сырым 26 жасында бір жолдасымен Нұралы ханның үйіне барса, хан Қараман тана Малайсарымен сөйлесіп отыр екен.
- Балалар, аман ба, - депті де, елемей өздері сөйлесе беріпті. Сырым жолдасына дауыстап:
- Жүр кетейік, бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой, - дейді.
Сонда Малайсары жалт қарап:
- Ата тұрып ұл сөйлегеннен без,
Ана тұрып қыз сөйлегеннен без.
Сырнайдай сарнаған мына бала кім еді? - дейді.
- Ата тұрып ұл сөйлесе, ержеткені болар,
Ана тұрып қыз сөйлесе, бойжеткені болар.
Ата балаға кесір болса, кері кеткені болар, - дейді Сырым.
- Сен толған екенсің, мен тозған екенмін,- деп Малайсары сонда Сырымды қасына шақырған екен.

III деңгей

1.Мәтінді рөлге бөліп оқыңдар.

2. Мәтіннен төл сөз бен автор сөзін тауып, тыныс белгілерін түсіндіріңдер.

II деңгей

1. Мәтіннен құрмалас сөйлемдерді тауып, түрлеріне ажыратыңдар.

2. Мәтіндегі нақыл сөздерді дәптерлеріңе жазып, есте сақтаңдар.

I деңгей

1. Шешендік сөзде айтылған тақырып бойынша пікір таластырыңдар.





© 2010-2022