Бастауыш сыныптарға арналған мазмұндама материалдары

Раздел Начальные классы
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Мазмұндама материалдары

Сағыныш

Бір күні ағайым екеуміз қыдырып, ауылдың шетіне шықтық. Жапалақтап қар жауып тұр. Жуық маңнан қоян көрінді. Жақындасақ та қашатын емес. Сөйтсек, қақпанға түсіп қалыпты. Аяғынан аққан қаны сорғалап, қар үстіне тамып жатыр. Біз оны босатып алдық, үйге әкеліп, аяғын емдеуге кірістік. Аяғы жазылған соң, босатып жібердік. Ағам өте мейірімді. Кішілерге ұдайы қамқорлық жасап жүреді.

Ағатайымның аты- Мырзабек. Ол қазір әскерде. Менің ағатайым өте жақсы адам. Менің де ертерек ағамдай болып өсіп, ержеткім келеді.

Аю мен бөрене

Қалың орманды аралап келе жатқан бір аю бал арасына кез болыпты. Ағаш басындағы бал арасына тамсанып, аузынан сілекей шұбырып, оны жегісі келіпті. Аю ағаш басына өрмелеп шығып, ұяға жақындағанда, ілініп тұрған ауыр бөрене оған кедергі жасапты. Балға ұмтылған аю бөренені итеріп жіберді. Әрі серпілген ауыр бөрене өз салмағымен қайта оралғанда аюдың басына сарт ете қалады.

Қара күшке сенген өжет аю ашуланып, бөренені одан бетер қатты итерді. Аюдың құлағы шыңылдап, басы айналады. Бұған ызаланған аю күшімен бөренені үшінші рет итеріп жібергенде, қайта оралған бөрене аюдың басын қақ айырып, ағаштан ұшырып түсірді.

Алматы апорты

Алматы апортының өзіндік тарихы бар. Өткен ғасырдың орта шамасында Алматыға Орал уезінен Редько деген орыс шаруасы көшіп келеді.

Ол ат-арбамен Алматыға бір жыл жол жүріп жеткен екен. Ол Оралда апорт алмасын өсірген. Соның бір жас бұтағын құмыраға отырғызып, баптап-күтіп ала келеді. Алматы жеріне отырғызады. Әлгі бұтақ аз жыл ішінде үлкен ағашқа айналып, жеміс береді. Бір ғажабы жаңа қонысында бұл апорт көлемі мен дәмі жағынан өзінің атамекеніндегі күйінен әлде-қайда асып түседі.

Сөйтіп, ойда жоқта апорттың жаңа сорты пайда болып, көбейтіледі. Жер шарында Алматыдан басқа жерде мұндай апорт түрі өспейді.

Қорқақтық жараспайды

Балалардың бәрі Асанды қорқақ деп атайды. Өйткені ол найзағайдан қатты қорқады. Жаңбыр жауып, күн күркірегенде кірерге жер таппайды.

Бірде күн бұлттанып, майда жауын сіркіреп жауа бастады. Бір топ бала ауыл сыртындағы алаңда футбол ойнап жатқанбыз. Асан қақпашы еді. Ол дегбірсізденіп, абыржи бастады. Ретін тауып ойыннан шыққысы келді.Сөйткенше болмай, аспан жарқ-жұрқ ете түсті. Асанның зәресі ұшты, балалар ойынды тоқтатып, қақпаның жанында үйіріліп тұр. Асанды найзағайдан қорықпауға, жауынның өткінші екенін айтып сабырға шақырды. Асан үйіне тұра жүгіруге балалардан ұялды. Қанша қорықса да, шыдауға бекінді. Біраздан кейін жаңбыр басылды. Ойын қайта жалғасты.

Торғай

Бақша арасындағы жолмен аңнан келемін. Итім алдында жүгіріп бара жатқан. Ол кенет құстың иісін сезгендей-ақ төрт тағандап бұға бастады. Мен ілгері жол бойына қарадым. Торғайдың сары жағал, үрпек балапанын көрдім. Ол ұясынан құлап түсіпті. Ит балапанға ептеп жақындай бергенде, кенет үлкен торғай ағаш басынан иттің дәл қасына келіп қонды. Ол өзінің балапаны үшін ажалға қарсы ұмтылды. Ол балапанын өз денесімен бүркемек болды. Титтей денесі қорыққаннан дірілдеп, даусы шыр-шыр етеді. Ол баласы үшін өзін-өзі құрбан еткелі жүр.

Оның көзіне ит қандай болып көрінді десеңші. Бірақ балапаны отқа түскенде бұтақта отырып қала алмады. Оны өз еркінен басым бір күш жерге түсірді. Менің итім шегінді. Ол да әлгі күшті мойындаған тәрізді. Мен итімді тез өзіме шақырдым. Кішкене ғана торғайдың, ұлы ананың жүрегінің күші мен таң қалдырды. Мен жайыма кеттім.

Құс - бақтың досы

Егіндіктің қасында үлкен бақ бар. Бақтың шетінде биік теректер, аппақ қайыңдар өсіп тұр. Бақта алма, алмұрт, өрік, шие ағаштары бар. Күзде жемістер пісіп, адамдар жинауға келеді. Жаздыгүні біздің жерімізде құстар көп болады. Бақ ішіндегі құстар зиянды құрт-құмырсқаларды, көбелектерді жейді. Құстар бақтарды зиянды жәндіктерден сақтайды. Құстарға тимеу керек. Оларға ұя жасап, қамқорлыққа алған жөн. Олар қыстыгүні ашығады. Балалар қыста жем беріп, оларды аштықтан құтқарады.



© 2010-2022