Әліппе-білім бастауы атты ертеңгілік

Раздел Начальные классы
Класс -
Тип Рабочие программы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Жүргізуші: Армысыздар, аналар!

Бармысыздар, балалар!

Сөзіме құлақ салыңдар,

Бір серпіліп қалыңдар.

Әліппеге арналмақ,

Бүгінгі би, ән-жырлар!

Қайырлы күн, бүгінгі салтанатқа жиылған қауым!

Иә, жиылып отыруымызға себеп - кеше ғана оңы мен солын танымаған, А-ны әріп деп білмеген ойын балалары, 4 ай ішінде сауаттанып, хат танып, өздері оқып, жаза білер халге жетті.Кеше ғана дәптер деген нәрсені шимайлай ғана білетін кішкене бүлдіршіндер, бүгінгі күні дәптер жолымен түзу, әдемі етіп жаза алатын болып, сіздерді - ата-аналар мынадай салтанатқа шақырып отыр.

Міне, "Әліппе -білім бастауы" атты ертеңгілігіміздің мақсаты - жетістіктерімізді өздеріңізбен бөлісу.Осы жетістіктерге алғаш қолдарына ұстаған кітаптары "Әліппе" арқылы жетіп отыр.Ендеше, ертеңгілігімізді ашық деп жариялаймын.

Жүргізуші: Жаза білер ол егер,

Қолға берсең қаламсап.

Зуылдата жөнелер,

Әліппені ала сап, - деп ортаға бүлдіршіндерімізді шақырып, қарсы алайық!

(Әсем әуен ырғағымен балалар кіреді)

Вальс: "Миллион алых роз"

Жүргізуші: Балалар, іші толған әріпке, білімдегі жарық не?

Балалар: Болашаққа жол ашқан,

Ол - сүйікті Әліппе!

Жүргізуші: Олай болса, бәрімізге қымбат дос "Әліппені" ортаға шақырайық.

Балалар: Әліппе! Әліппе! Әліппе!

Әліппе: Сәлеметсіздер ме, балалар!

Балалар: Сәлеметсіз бе?!

Әліппе: Армысыздар, жас достар!

Армысыздар, қонақтар!

Болашаққа жол бастар,

"Әліппең" келді ортаға.

Білім деген ғажаптың,

Әліппесін меңгерген.

Келешегі қазақтың,

Басталады сендерден.

Жүргізуші: Қош келдіңіз, Әліппе!Бүгін бізде үлкен той.Балалар қыркүйек айынан бері сенімен достасып, сөмкелерінен, қолдарынан түсірмей келеді.Енді міне, сүйікті кітаптарымен қоштасқалы отыр.Ендеше, балалардың білімдерін, өнерлерін тамашалаңыз.

Әліппе: Әрине, тамашалаймын.Балалар, қазақ әліпбиінде неше әріп бар?

Балалар: 42 әріп.

Әліппе: Дұрыс айтасыңдар, балалар!

Жүргізуші: Балалар, Әліппеге арнап тақпақ айтып берейік.

Самал: Қолыңа тұңғыш қалам ап ,

"А" әрпін жазарсың.

Білім ап "А-ны" саралап,

"Б-сына" көзді саларсың.

Айдын: Әліппе деген алтын жол,

Апарар сені алысқа.

Жеңіл емес, ауыр жол,

Тырысып бақ намысқа,

Раушан: Жақсы кітап Әліппе.

Үйретеді әріпке,

"А-дан" бастап әріпті,

Түгел маған танытты.

Арыстан: Әліппе сенің сырласың,

Әліппе досың болады.

Әріптердің шұғыласы,

Дәптеріңе қонады.

Диана: Әріптерге үйреткен,

Оқулық біздің - Әліппе.

Бәрімізде тілашар,

Жақсы кітап Әліппе.

Арсен: Әкең менен анаң да,

Анаң менен ағаң да.

Барлық-барлық жақсы адам,

Әліппеден бастаған.

Алина: Кәне, қарап шығыңдар,

Сурет сырын ұғыңдар,

Білім бар да, оқу бар,

Оқығанды тоқыңдар.

Ән: "Әліппе"

Әліппе: Балалар, жұмбақ шешуге қалайсыздар?Тез әрі дұрыс шеше аласыздар ма?

Балалар: Иә - ә - ә ...

Әліппе: Балалар, кезекпен кезек мына суреттерді келіп таңдаймыз.Сол суреттерде жазылған нөмірді маған айтасыз, мен сізге жұмбақ жасырамын, сіздер шешуін табасыздар.Келістік пе?

Балалар: Иә - ә - ә ...

  1. Әжеде бар да, атада жоқ

Әтеште бар да, көжекте жоқ.Ол қай әріп? Жауабы : (Ә)

  1. Мынау-доға, қарайық,

Ұқсайды оған қай әріп? Жауабы : (Л)

  1. Ірімшікті жедің ғой,

«Тәтті екен» дедің ғой.

Оның аты, біз жазған

Қай әріптен басталған? Жауабы : (І)

  1. Ата-анаңмен барып сен,

Пілді көрдің парктен.

Осы атаулар, зер салшы,

Басталған қай әріптен? Жауабы : (П)

  1. Пілде бар, шілде жоқ,

Допта бар, шарда жоқ. Жауабы : (П)

  1. Ешкіде бар, қойда жоқ

Кеседе бар, қасықта жоқ. Жауабы : (Е)

Жүргізуші: Балалар, сіздер айтқан әріптерден қандай қасиетті сөз шығаруға болады?

Балалар: Әліппе (хормен айтады)

Әліппе: Ал, ендеше "Әліппе" сөзін тақтаға жазып, талдап көрейік.Кәне, кім шығады?

(Бір оқушы шығып, тақтаға әдемі етіп жазады және талдау жасайды)

Әліппе - 6 дыбыс, 6 әріп, 3 буын.

Ә - дауысты дыбыс

Л - дауыссыз дыбыс

І - дауысты дыбыс

П -дауыссыз дыбыс

П - дауыссыз дыбыс

Е - дауысты дыбыс

Әліппе: Ризамын, балалар, ризамын.

Жүргізуші: Балалар, әдемі ән айтып берейік.

Ән: "Бөбектер"

(Осы кезде айғайлап : «Балалар, Дымбілместі көрдіңдер ме?»-деп Жалқаубек келеді.Қолында теріс ұстап алған Әліппе кітабы.)

Жалқаубек: Ой, мына жерде көп балалар отыр ғой!Сендер не істеп отырсыңдар? Жүргізуші: Әй, сен бе, Жалқаубек!Жай жүрсің бе?

Жалқаубек: Иә, мен Жалқаубекпін.Немене, бұл жерге келуге болмай ма?Мен досым Дымбілместі іздеп жүрмін.

Жүргізуші: Жарайды, Жалқаубек.Саған ешкім болмайды деген жоқ қой.Сенің досың Дымбілместі біз көрмедік.Қолыңдағы кітабың қандай кітап?Сен оқи аласың ба?Кітапты неге ұстап жүрсің?

Жалқаубек: Қалай еді осы кітаптың аты?Ұмытып тұрғаным-ай?(Кітапты түзеп ұстап алады)

Жүргізуші : Оның атын балалардан сұра, саған балалар айтып береді.

Жалқаубек: Балалар, бұл кітапты біле ме?

Жүргізуші: Әрине, біледі.Кәне, балалар, айтып жіберіңдерші.

Балалар: Әліппе!!!

Жүргізуші: Дымбілмес сенің әліппені оқи алмайтының қиын болды.Ал біздің балаларымыз Әліппе оқулығын аяқтағалы отыр.Балалардың барлығы оқи да, жаза да, есеп те шығара алады.Жалқаубек, кел, біздің балаларымыздың білімдерін, өнерлерін тамашала.Кәне, балалар, Жалқаубекке арнап әдемі би билеп берейік.

Би: "Жалқаубек"

Жүргізуші: Балалар, енді сіздер жаңа жылда жаңа кітап Ана тілін оқитын боласыздар.

Біздің бүгінгі тойымызға ол да келе жатқан секілді.Бәріміз қошеметтеп қарсы алайық!

Балалар: Ана тілі! Ана тілі! Ана тілі!

Ана тілі: Армысыздар, жас достар!

Балалар: Сәлеметсіз бе, ана тілі!

Ана тілі: Туған елдің тілімін,

Ақылы мен танымын.

Түсіндірер бәріңе,

Ана тілі пәнімін.

Ана тілім - елдігім,

Ана тілім болмаса,

Бүтінделмес кемдігім.

Ана тілің біліп қой,

Еркіндігің, теңдігің.

Ана тілің біліп қой,

Мақтанышың, елдігің.

Ана тілің - арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!

Жүргізуші: Дұрыс айтасың, Ана тілі.Басқа тілдерді білсек те, өз тілімізді білейік, жоғары

ұстап, құрметтейік, балалар!

Ана тілі: Балалар, мен сіздермен ойын ойнағым кеп тұр.Сіздер дайынсыңдар ма?

Ойын: "Мерген"

Шарты: балалар шарларды көздеп атып, жару қажет.Жарылған шар ішінен сұрақ пайда болады, соған жауап береді.

Сұрақтары:

1. Қазақ әліпбиі қанша әріпті құрайды?

2. "Отан" сөзін талда.

3. Дыбыстар нешеге бөлінеді?

4. Дауысты дыбыстар қалай айтылады?

5. Дыбыс пен әріптің айырмашылығы қандай?

6. Тосын сый.

Ана тілі: Жарайсыңдар, балалар!

Жүргізуші: Балалар, Ана тілінің көңілінен шыққан сияқтысыздар.Алдағы уақытта ана тілі пәнін жақсы оқыңыздар!

Би: "Асатаяқ"

(Залға әдемі әуенмен ырғағымен Суретші келеді)

Жүргізуші: Түрлі түсті қарындаш, тату - тәтті қарындаш,

Ақ қағаздың бетіне, түрлі өрнек салыпты.

Көбелекті, гүлдерді, әсем қала, үйлерді,

Түрлі түске бояпты.

Суретші: Сәлеметсіздер ме, балалар! Тойларың тойға ұлассын!

Балалар: Сәлеметсіз бе?!

Суретші: Балалар, сендер түрлі түстер туралы не білесіңдер?

Жүргізуші: Біздің балаларымыз барлығын біледі деп ойлаймын.

Суретші: Ал сіздер ойын ойнағанды жақсы көресіңдер ме?

Балалар: Жақсы көреміз.

Ойын: «Өз түсіңді тап»

(Ойын шарты: Еденге түрлі гүлдер қойылады. Балалар қолдарына түрлі - түсті көбелек ұстап залда еркін қозғалады. Әуен тоқтаған кезде балалар түстері сәйкес гүлдің қасына келіп тұрады)

Суретші: Балалар, сендер түстерді жақсы айыра алады екенсіңдер. Мен сендерге өте ризамын.

Жүргізуші: Суретші сіз біздің тойымыздың соңына дейін бірге болыңыз!

Суретші: Әрине, әрине.

Жүргізуші: Балалар, сендерге осыншама өнер, білімді үйреткен кімдер?

Балалар: Мектеп.Мұғалім.Ата- ана.Әліппе.

Жүргізуші: Ендеше, тағы қандай өнерлеріңіз бар?

Балалар: Тақпақ айтамыз!

Жүргізуші: Ал, кәне, көрелік.

Диана: Күлімдеген,

Күнім деген,

Қамқор болған ұстазым.

Айдын: Жаны жайсаң,

Жайдары жан,

Ұғындырған сөз сазын.

Раушан: Бәрін білген,

Білім берген,

Жас ұрпаққа талмастан.

Арыстан: Әрбір жастың,

Қарлығаштың,

Көңіл сырын дәл басқан.

Самал: Талаптанып,

Қанаттанып,

Өмір сырын ұғамыз.

Алина: Білім алып,

Тұлғаланып,

Азамат боп шығамыз.

Бірге: Әліппе даңғыл жол ашты,

Жаңадан пәндер жалғасты.

Әліппе сырын ұқтырған,

Рахмет ұстаз алғашқы.

Ән: "Мәңгі жаса, Отаным!"

Жүргізуші: Балалар, сендерді оқуға, жазуға үйреткен Әліппе достарыңа не деу керек?

Балалар: Бізге оқу үйреткен,

Бар уақыты бірге өткен.

Әліппеге мың алғыс!!!

Әліппе: Балалар, рұхсат болса мен кетейін.

Жүргізуші: Таныстырған 42 әріппен,

Қош менің қасиетті Әліппем!

Сенің арқаң оқи, жаза алғаным,

Сауатты адам санатына кіргенім.

Әліппе: Қош болыңдар, балалар!

Балалар: Қош бол, сүйікті Әліппе!!!

Жүргізуші: Балаларымыз Әліппені қастерлеп оқыды, әріп таныды, жазу мен сызуды үйренді.Ендеше, осы бөбектеріміз марапатқа да лайық секілді.Балаларды марапаттау және құттықтау сөз кезегі алтын ұямыздың басшысы - Гүлнар Камитқызына беріледі.

(Балалар марапатталады)

Жүргізуші: Мұнда біреу жымияды қызына,

Мұнда біреу ақыл айтар ұлына.

Мұнда біреу сөз сөйлейді сызыла,

Мұнда бірей елтіп отыр жырыма.

Ол кім десең,

Қуаныштан езулерін жимаған,

Ол - ата-ана әлемдегі сыйлы адам, - дей сөз кезегін ата-аналарға берейік.Өз балаларына тілектерін айтсын.

Ән: "Астана"

Жүргізуші: Кеше ғана мектеп табалдырығын аттап едік, енді бүгін әріп танып, жаза білетін халге жеттік.Сіздердің жетектеп әкелген балапандарыңыз бүгін оң мен солды танып, сауатты оқушы санатына қосылып тұр.Бұл той бәрімізге ортақ той.Тойларыңыз тойға ұлассын!!!



© 2010-2022