Мәңгі Батыр қыз Мәншүк!

                             Мәңгі Батыр қыз Мәншүк!                        Кереева Гүлмира Еселқызы         «Әкемді босатыңыз, қыз да болсам соғысқа келдім» Мәншүк Мәметова Батыр қыздың Сталинге жазған үш хаты. Соғыс қашанда шытырман оқиғаларға толы болып келедi. Оның соңғы ақиқаты әлi ашылған жоқ. Қолына қару алған ең соңғы жауынгердiң көзi жұмылғанша бар шындықтың әзiрге айтылмасы да анық. Еуропаның он бiр мемлекетiн азат еткен Кеңес жауынгерлерiнiң ерлiк iстерi мен сол кезеңдегi түрлi саяси ...
Раздел Музыка
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Батыр қыз Мәншүк!

Кереева Гүлмира Еселқызы

«Әкемді босатыңыз, қыз да болсам соғысқа келдім»

Мәншүк Мәметова

Батыр қыздың Сталинге жазған үш хаты. Соғыс қашанда шытырман оқиғаларға толы болып келедi. Оның соңғы ақиқаты әлi ашылған жоқ. Қолына қару алған ең соңғы жауынгердiң көзi жұмылғанша бар шындықтың әзiрге айтылмасы да анық. Еуропаның он бiр мемлекетiн азат еткен Кеңес жауынгерлерiнiң ерлiк iстерi мен сол кезеңдегi түрлi саяси келiсiмдердiң 2017 жылға дейiн аса құпия күйiнде сақталуы жөнiндегi шарт та бойына әлi талай сырды бүгiп жатқаны ақиқат. Ол да ашылар.

Мәншүк майданға сұранған алғашқы өтiнiшiн 1941 жылдың 27-тамызында жазыпты. Ол өзiнiң жазған өтiнiшiнде: «Мен, Мәметова Мәншүк, 1922 жылы кедей шаруаның отбасында дүниеге келгенмiн. Ата-анам қазiргi уақытта қайтыс болған. Жұмысшы факультетiн оқып бiтiргенмiн, қазiр Халком кеңесте халық комиссарлары кеңесi төрағасы орынбасарының жеке хатшысы болып қызмет етемiн. Өмiрбаяным жөнiнен қысқаша мағлұмат бере отырып, Сiзден ағаларыммен және апаларыммен (қарулас) бiрге фашист-қарақшыларды талқандап, құрту үшiн менi майданға жiберуiңiздi сұрағым келедi, өйткенi майданға баратындай ағайым да, апайым да (отбасым да) жоқ, сол себептен де өзiм сұранамын.

Өтiнiшiмдi қанағаттандыруыңызды сұраймын.

1939 жылдан комсомол мүшесi. 27.08.1941 ж. (Мәметова)» - деп көрсетiптi.

Өтiнiштегi: «ата-анам қазiргi уақытта қайтыс болған» деген сөздер нақты шындық едi. Мәншүктiң туған әкесi Жеңсiкәлi Ахмет Мәметовпен немерелес туыс болып келедi. Анасының аты - Тойылша. Мәншүктiң азан шақырып қойған шын аты - Мәнсия. Жас кезiнен Моншақ деп еркелеткен қыз, есейе келе Мәншүк аталып кетедi. Мәншүк - Жеңсiкәлi мен Тойылшаның бiрнеше ұлдан кейiн көрген жалғыз қызы. Өздерi перзент сүймеген Ахмет пен Әмина оны ерекше жақсы көрiп, ата-аналарынан қалап алып, бес-алты жасынан бауырларына басып тәрбиелейдi. Адам баласын көптiгiнен бермейдi, қалау нұрымен, аманатпен бередi. Ахмет: «Оқытамын, өз баламдай тәрбиелеймiн, бiрақ өз атыма көшiрiп аламын» деп қиылып қоймаған соң, Жеңсiкәлi: «Жақсы көретiн iнiм едiң, көңiлiңдi қалдырмаймын, ендi саған аманат» деп Мәншүктi немере iнiсi мен келiнiне бiржола қолдарына жетектетiп жiбередi.

Ахмет пен Әмина ол кезде Н.Чернышевский атындағы Саратов университетiнiң бiрi медицина, екiншiсi филология факультетiнiң студенттерi болатын.

Бертiн келе Мәншүк он жасқа толғанда анасы Тойылша, екi жылдан кейiн әкесi Жеңсiкәлi қайтыс болады. Әскери комиссариатқа жазған өтiнiшiнде «қайтыс болған» деп өзiнiң туған әке-шешесi Жеңсiкәлi мен Тойылшаны көрсетiп тұрғаны да сондықтан.

Екiншiден, 1934 жылы Ахмет әкесiн Алматыда «халық жауы» деп қамауға алғанда оның қандай жолмен болса да майданға барудың жолын iздегенiн көресiң. Басқа амал жоқ-тын. «Халық жауы» атантып, ату жазасын алған Ахметтiң қызы екенiн бiлсе, НКВД оған сенiмсiздiк көрсетiп, майданға жiбермей қоюы мүмкiн едi. Сол бiр сұрапыл күндерi Әмина апам да: «ата-анам деп бiздi емес, Жеңсiкәлi мен Тойылшаны көрсет» деп әбден үйретiп қойғаны бар.

Не керек, Мәншүк бiр жыл iшiнде аудандық комсомол комитетi мен әскери комиссариатқа бiрнеше рет барады. Алғашқыда «әскери дайыңдығың жоқ» деген негiзсiз себеп те айтылады. Дәрiгерлiк институтта оқып жүргенiне қарамастан, медбикелер дайындайтын курсқа барады. Әскери дайындық батальонына да жазылады. Тапаншадан оқ атуды да үйренедi. Совинформбюроның хабарларын дайындау тәжiрибесiнен өтiп, үгiтшi қызметiне де ден қояды. Алматыдағы радистер даярлайтын курсқа бiлiм алуға жiберiлсе де ол курсқа қабылданбайды.

Майданға сұранып, Мәскеуге де хат жазып жiбередi. Амалы қалмағасын Қазақстан Компартиясы орталық комитетiнiң хатшысы А.Қойшұғыловтың, әскери бөлiм меңгерушiсi П.Алексеевтiң жеке қабылдауында болып, өз өтiнiшiн қайталайды. Майдан даласынан оларға өз атынан хат жазып, ризашылығын бiлдiргенде олардың ықпалы болған iспеттi.

Сөйтiп, Мәншүк Мәметова 100-шы дербес атқыштар бригадасының құрамында 1942 жылы 13-тамызда қолына қару алып, Отан қорғаушылар сапына тұрады.

Мәншүк тiптi майданға кетерде Әмина анамызбен де қоштаса алмаған екен. Ойда жоқта бiздiң өмiрiмiздi өзгертетiн жағдайдың бәрi кездей соқтық емес. Оған бiрнеше себептер де әсер етедi. Әмина апам басында Мәншүктiң майданға баруына өз қарсылығын бiлдiрiптi. Жан дегендегi жалғыз қызының соғысқа сұранып жүргенiн сезген ана: «Басыңды қатерге тiгiп майданда нең бар, жаумен соғысу ерлердiң iсi емес пе? Оның үстiне «халық жауының қызы» деген атың бар. Осының бәрiн ұғатындай болдың ғой. Ол ойыңды қой да, өзiңе тән жастық iсiңмен айналыс» - деп қызын бастапқы райынан қайтарғысы келедi.

Анасының айтқан ақылын үнсiз тыңдаса да, өз ойын ашық бiлдiрмей iштей тынады. Мәселе шешiлсе, бүгiн-ақ майданға аттанбақ.

Мәншүк соғысқа өз еркiмен бару жөнiндегi өтiнiшiн бiр жыл күтедi. Аяқ астынан әскери комиссариат шақырып, апыл-ғұпыл жолға жиналған Мәншүктiң ешкiммен қоштасуға да уақыты бомаған. Ол әскерге шақырылғанда атына әскери билет те толтырмапты. Қолда бар жиналған құжаттар бригада комиссары Сақтаған Бәйiшовтың қолында болған көрiнедi.

Майданға аттанарда Әмина апамыз Алматыдан тысқары жүрген көрiнедi. Сондықтан асығыс түрде анасына үшкiл хат жазуын парыз санаған. «Әпкетай, маған ренжи көрмеңiз, Сiздi қалдырып барамын. Апашым менiң! Қамығып уайым шекпеңiз, мен майданға аттандым. Батылдық танытып, кiсiлiк келбетiмдi көрсеткiм келедi, егер қажет болса, Отан үшiн жаным да пида. Қабiлет-қарымымды iспен көрсетпекшiмiн. Хош, анашым!» дептi ол майданға аттанғалы тұрған эшелонға шығар алдында.

Мәншүктiң анасы Әмина апамыз аса зиялы ақсүйектер әулетiнен тарайтын. Төре руына жататын Әбiлқайыр, Нұралы, Жәңгiр хандардың тiкелей ұрпағынан болып келедi. Ол кiсiнiң Құдай қосқан қосағы да Алаш қайраткерлерiнiң бiрi - жазушы, ғалым-дәрiгер Ахмет Мәметов едi. Алайда 1937 жылы ұлтымыздың асыл азаматтары қамалып, «халық жаулары» аталып жатқанда Ахмет атамыз да ұсталып, соңынан жазықсыз атылып кетедi. Осыдан соң, Әмина апамыз Ахмет атамыз түрмеде отырғанда, соңын күтпей-ақ өзге адамға күйеуге шығып кетедi. Қатал тағдырдың қарбалас сәттерiн жеңiп, өз мақсатына ерiксiз жету үшiн де ол осы жолды таңдайды. Әрине, мұның бәрi амалдың жоқтығынан болған iс болатын. Оның уайым-қайғысыз ырду-дырдумен сүретiн өмiрге араласуы жар құшағын аңсау емес, ол, сол тұстағы үрейдi алған кесапаттан аман қалудың амалы едi. Екiншiден, желкiлдеп өсiп келе жатқан Мәншүктi «халық жауының» қызы деген көзтүрткi атақтан аман алып қалудың әрекетi болатын. Мұның бәрiн бала Мәншүкке қалай айта қойсын. Осы әрекеттiң iшкi иiрiмiне бойлай қоймаған Мәншүк те намыс отының буымен Алматы дәрiгерлер институтының жұмысшы факультетiне түсiп, жатақханаға орналасып алады. Оның бұл iсi анасынан «кек алудың» қайырымы сияқты балалық ренiштен туған балалық өкпеге саятын. Бiрақ Мәншүктiң анасын аңсап, жүрегi қан жылағаны оның жазған хаттарынан бiрден аңғарылып тұратын. Мәншүктiң немере сiңiлiсi Айман Мәметоваға жазған хаты : «Әпкетай, қалай айтып жеткiзерiмдi де бiлмеймiн. Мен Сiздi өте сағындым, өйткенi, өзiңiздi өте сүйемiн, арамызда белгiлi дәрежеде бiр-бiрiмiзге қитықтану, мiнездердiң шекiсуi орын алып өттi ғой, маған соның бәрi бiр-бiрiмiздi жақсы көргендiктен шыққан от ойын-қалжыңымыз секiлдi, жүрегiм менiң Сiздi бұрынғыдан да артық бағалайды әрi ынтыға сүйедi.

Мәншүк майданнан жазған хаттарының бәрiн де анасы Әминаға жазыпты. Орал қаласындағы Мәншүк атындағы мемориалдық мұражайда оның майдан даласынан жазған бес хатының түпнұсқасы сақталған. Әмина апамыз ол хаттарды көзi тiрiсiнде өз қолымен тапсырса керек. Әрине, Мәншүктiң хаттарының бәрi түгел сақталмауы да мүмкiн. Жазылған хаттарда Мәншүктiң анасына деген жүрек лүпiлi, сағынышы басым. Онда нәзiктiк пен балаңдық, тазалық пен инабаттылық табын байқайсың.

Алғашқы жазылған хаттарындағы: «Мен де ешқандай суретiңiз жоқ, тек хаттарыңызды қайталап оқи беремiн…» деп жазғанын оқи отырып, аяныш сезiмiн бiлдiресiң.

1943 жылғы 20-мамырда жазған хатында: «Қайткенмен де жауынгерлер арасында жалғызбын ғой, дегенмен менi олар өте сыйлайды, менi қынжылтпау үшiн бәрi де тырысып бағады» дептi. Бұл жерде Мәншүк ер азаматтардың арасында өзiнiң жалғыз екенiн айтса керек. Осы жылғы 7-тамызда ұрыс даласына келген күнi жазған хатында: «Алматыда құрылған бiздiң жүзiншi бригада қазiр Калинин облысында, Великие Лукиден қашық емес, майдан шебiнен 10-12 шақырым. Қала немесе деревня көрмегенiмiзге таяуда бiр жыл толмақшы, деревня болса да түгел қираған, халық тұрмайды. Жерден қазылған жертөледе тұрып жатырмыз. Көңiлсiз, бiрақ күн сайын жаттығу немесе қорғаныс жұмыстары, сондықтан уақыт байқалмай тез өтедi.

Әуелi мен бригада штабында аға жазарман (писарь) болып iстедiм, бiрақ қолыма қару алып ұрысқа тiкелей қатысқым келдi, сөйтiп батальонға ауыстым, онда мен қазiр пулеметшiмiн. Жуықта өз арамыздағы озық ретiнде «Үздiк пулеметшi» значогын алмақпын.

Бiздiң бригада да қазiр қазақтар аз, өйткенi екi бiрдей ұрысқа қатысып шыққан ғой. Әпке, бәлкiм сiзге Алматыда газет редакциясында iстеген Бәйiшов деген подполковник таныс шығар, ол кiсi әйтеуiр Сiздi бiледi. Әпкетай көп жазарлықтай ештеңе жоқ. Капитан Сиқымбаев Кенже штабта химиялық қызметтiң бастығы, менiң тiрлiгiм турасында ол Сiзге өзi айтар, одан маған әлденелер берiп жiбере аласыз. Әрине, әпкетай мен Сiздi өте сағындым, тiрi қалсам, соғыстан соң үйге келермiн деп армандаймын. Менiң тағдырым бiрақ шатқаяқ, басқаша айтқанда сау қаламын деу қиын. Мен Сiзге, әпкетай ашық жазып отырмын, тек езiлiп қынжылмаңыз және ештеңе ойлап уайымдамаңыз. Егер қаза болсам, Отан үшiн, әкем үшiн және Сiз үшiн…» дей келе хатының соңын «Әпкетай, кiшкентай айна салып жiберерсiз» деп аяқтайды.

Қазақстанда құрылған 100-шi бригада 1942 жылдың желтоқсан айының соңында Великие Луки түбiне орын өзгертедi. Қала 1941 жылдың шiлде айынан бастап жау қолында қалған екен. Қаланы азат ету үшiн кеңес әскерлерi жауды жан-жақтан қоршауға алады. Құрамында Мәншүк те бар 100-шi бригада кескiлескен ұрысқа бiрден қойып кетедi. Великие Луки қаласын азат ету жолында мыңдаған жауынгер қаза табады. Қаланы азат ету жолындағы 100-шi бригада ерлiгi Дубосеково разъезi түбiнде генерал-майор Панфилов басқарған 316-шы атқыштар дивизиясының ерлiгiнен бiрде-бiр кем болмайды.

1943 жылы 5-қаңтарда жау күштерi екiншi рет шабуыл жасап, барлық күшiн жұмылдырады. Алайда 100-шi бригада жаудың бiрде-бiр танкiсiн iлгерi жылжытпайды. Дұшпанның алты ротасы мен он үш танкiсi ұрыс алаңында күлi көкке ұшады.

Мәншүк 1943 жылғы жазған хатында: «Мен 1943 жылдың 1-мамырын Қызыл армиямен бiрге алдыңғы шепте, Ұлы Отанды қорғау жолында, адамзаттың кемеңгерi И.В.Сталиннiң «бiр адым да кейiн шегiнбеңдер» деген бұйрығын орындап, абыроймен қарсы алғалы тұрмын. Мен өзiм партияның сенiмiн ақтаймын» - деп мақтаныш сезiмiн бiлдiрiптi.

Мәншүк әкесi Ахметтiң туған бауыры Қанаттың әйелi Майраға жазған тағы бiр хатында: «Әкемдi босатыңыз, қыз да болсам соғысқа келдiм» деп Сталинге үш рет хат жазғанын бiрақ оған жауап болмағанын айтыпты. Әрине, ол әкесiнiң тiрi екенiне сенiп кеттi. Бала жүрегi жазықсыз жаладан Ахмет атамның опат болғанын сезбедi. Оған сездiруге ешкiмнiң де батылы бармады. Бiр жағынан ол да дұрыс болған сияқты. Әйтпесе, жанындай жақсы

көретiн әкесiнiң қазасы намыс оты мен өршiл мiнезi атойлап тұрған Мәншүктi қандай күйге түсiрерiн кiм бiлсiн!..

Қасиеттi кiтапта басыңа қаншама қасiреттi күн туса да туысқаныңнан қол үзбе деген. Сондықтан да болар, Мәншүк 1943 жылдың 22-қыркүйегiнде жазған хатының бiссiмiләсiн «Ардақты, анашым, - деп бастапты, - бiз алға қозғалған күнi және сол сағатта көп күткен сәлем-сауқат пен хатты алдым. Бұның өзi 10/09-43 жылы болды. Бiз осы күнi сағат 7.00-де алға жүруiмiз керек едi. Әлгi капитанның келгенiн маған сағат 6.00-де ғана айтты.

Мен әйтеуiр оған барып және алып үлгердiм. Алайда әңгiмелесiп сөйлесе алмадым, әлi де соған опынамын. Маған бар болғаны бiр алма тисе де, сондай керiм қуандым. Менiң кiшкентай сияпатты күткенiм сияқты, бiздiң жауынгерлер мен командирлерiм де менi қуанып қарсы алды. Маматай, бiздiң жемiс-жидек, жалпы үйдiң ешнәрсесiн көрмегенiмiзге екiншi жыл. Бәрiңiзге үлкен рахмет, сондағы жолымыз сәттi болды.

Ал қазiр пулеметiммен алғы шептемiн, фрицтердi қадағалап қарап отырмын, түнде тiптi мызғымаймыз да, ал күндiз демаламыз, мiне уақыт тауып сiзге хат жазып отырғаным.

Қымбатты әпкетай, бүгiн күндiз демалуға жатқанмын, түн бойы көз iлмегенбiз, сондықтан бiрден ұйықтап кетiппiн және мен мынадай бiр түс көрдiм. «Әкем келiптi, бiрақ онымен сөйлесiп жатқаным жоқ, ол армияда қызмет етiп жүрме-ау, бiр уақытта Алматыдан делегация келген екен деймiн, есiктi ашып кеп қалсам, Сiздiң даусыңыз естiледi. Кенет қарасам, Сiз тура алдымда тұрсыз, жақындай берiп бас салып құшақтап, аймалап, сүйiп жатырмын, дәл осылай Сiздi кездестiремiн деп ойламап едiм деймiн және сосын бәрi тап қазiргi өмiрiмiз сияқты, бiздiң қалай тiршiлiк жасап жатырғанымызды, әкемдi қалай кездестiргенiмiздi айта бастадым, сiздiң сосын мұнда қалай тап болғаныңызды мошқауға кiрiстiм, Сiз айтасыз маған осы делегацияның құрамында келу бақыты бұйырды деп, сөйтiп жатқанда менi түскi тамаққа оятып жiбердi, әттеген-ай, манағы тәттi минуттардың бәрi түсiм екен ғой. Жалпы алғанда қазiр өмiрiмiз қызықтырақ бола бастады, немiстермен қару арқылы ғана тiл қатысамыз, бiресе олар атады, бiресе бiз… Егер қателеспесем, бiз осы күндерi алға қозғалмақпыз. Менен сондықтан хат кешеуiлдейтiн шығар. Әпкетай, бiз ашық жылы күндердi көруден қалдық, салқын, жаңбыр толастамайды. Сiздi мен жылы бiрдеңкелер жiберер деп күткен едiм. Штапта болғанымда жылы киiмнiң қажетi жоқ едi, ал қазiр сапта тұрғанда тоңазимын. Мiнеки Сiздiң екiншi хатыңызды алып отырмын, өзiмнiң балалық шағымды ерiксiз еске түсiруге тура келедi. Сiзге менiң мынадай өтiнiшiм бар. Қаншайым келгенде, Динашты тәрбиелеудi қолға аласыз ғой, сонда көбiне-көп қоғамдық ортаға үйiрiп үйретуге тырысыңыз, жападан жалғыз өздерi қалмасын. Жалпы жеңiспен оралғанда айтар әңгiме көп …»

Мәншүктiң майданнан жазған әрбiр хаты бiр-бiр көркем шығарманың желiсi. Осыдан 70 жыл бұрын жазылған хаттардың әрiптерi көмескi тартқанымен оның iшкi сыры күнi бүгiнге дейiн мәнiн жоғалтқан жоқ.

Мәншүк майданда 418 күн болды. Ұлы Отан соғысы 1418 күнге созылды десек, оның 418 күнiнде қазақтың ержүрек қызының азапты күндерi мен ерлiк iсi қалды. Әлемге даңқы шыққан Мәншүк жұмыр жердiң бетiнде небәрi 21 жыл 13 күн өмiр сүрдi. Бұл көп пе, әлде аз ба?! Әдетте ерлiк жасау үшiн ұзақ өмiр сүру парыз болмаса керек болар!

Мәншүк анасына ең соңғы хатын 1943 жылы 11-қазанда жазыпты. Онда:

«Ардақты анашым. Сздiң хатыңызды алғаннан кейiн мен жауап жазған болатынмын, ал қазiр алдыңғы шептемiн, тағы да хат жаза алам ба, жоқ па бiлмеймiн, сондықтан открытка салып отырмын. Әзiрге денсаулық жақсы. Қымбатты анашым, бiзден бәлкiм делегация барар болса, қалған жаңалықты естiп бiле жатарсыз. Көп жазудың қисыны қазiр келмейдi. Ендi хатты ұрыстан кейiн күт. Хатты жиiрек жазыңыз. Бәрiне сәлем, мен үшiн Динашты шөпiлдетiп сүйiп аларсыз. Сiздi тыңдайтын болсын. Хош, қатты-қатты сүйдiм Сiздi. Қызың Мәншүк. 11.10.1943 ж.»

Хаттың соңында анасына 400-500 сом шамасында ақша салып жiбергенiн жазыпты. Мiне, бұл Мәншүктiң ең соңғы хаты болған. Осыдан соң ол төрт күннен кейiн Невель қаласы үшiн болған шайқаста ерлiкпен қаза табады.

Бүгiнгi зерттеу амалдары көрсеткендей, сол кезде бүкiл Кеңестер Армиясында Мәншүк Мәметова жалғыз пулеметшi қыз болған көрiнедi. Бес сағаттан асқан ұрыс кезiнде Мәншүк жауға қарсы үш пулеметтен де оқ жаудырыпты. Ол соғысқа шығар күнi ерекше мерекеге дайындалғандай күй кешiптi. Пулеметiн сүртiп-сипап, әбден бабына келтiрiптi. Түн баласын жамылып, пулеметтi орналастыратын орынды дайындаған көрiнедi. Келесi күнi жау шетiне барлау да жасаған көрiнедi.

Ол: «Мынау тұрған бөрiктей шоқ терек - бiрiншi белгi, екiншi белгi, оған дейiн 300 метр» - деп барлау жобасын қағазға сызып көрсетiптi. Атыс схемасын сызып көрсетiп: «бiз жауды аңдимыз, жау бiздi аңдиды. Өзара сырын бiлiп алуымыз керек және оларды алдап жаңылыстыруымыз керек» деп жанындағы жауынгерлердi соғысқа дайындапты. Әр күн - кiшкентай өмiр, бүкiл өмiрiмiз - тұтас бiр күн. Мәншүк апамыз окопта жатып та әрбiр күнiн жастыққа тән жiгермен өткiзген көрiнедi. Өмiр - шексiз жетiлу. Өзiн-өзi жетiлдiм деген жан өзiн өлтiрумен бiрдей. Мәншүк соғыста жүрiп те айналасына шуақ нұрын шашып, ағаларына рух берiп жүрiптi. Қарындастарының еркелiгi мен назына булыққан ер азаматтардың бiрi оған сүйiспеншiлiкпен де қараған көрiнедi.

Расында Мәншүк өмiрге шын ғашық болыпты. Ғұмырының думанды да қызықты шағы ендi ғана басталған жас ару, сұлу бойжеткен болған көрiнедi. Өзiне сүйiспеншiлiгiн бiлдiрген жауынгер жiгiтке: «Майданға сүйiсу үшiн емес, соғысу үшiн келдiм!» деп кесiп айтуы көңiл күйiнiң бiр сәтсiз ауаны болған iспеттi. Әйтпесе, майданда туған махаббат аз ба?! Иә, ол өз құрбылары сияқты ана болу, бала сүю, жар құшу бақытына ие бола алмады. Жастығын соғысқа ұрлатты.

Мәншүк әндi де әуездi айтқан көрiнедi. Оның қазақ және орыс әндерiн әдемi шырқағаны соншалық оны бiлетiндердiң бәрi де сүйсiне сөз етедi. Ол «Қараторғай», «Көзiмнiң қарасы», «Зәуреш» тағы басқа ұлттық бояу қанық тамаша әндердi кереметтей айтады екен. Мәншүктiң бүкiл аңсары туған Отанын сүюден тұрған. Ең алғаш әскерге алынғанда жолай пойыздан туған жерi Оралға түсiп, бiрден оның топырағына тәу етуi недеген кереметтiк! Осынысы үшiн ол пойыздан да қалып қоя жаздапты. «Мәншүк-ау, қайда жүрсiң?» - дегендерге: «Су iштiм. Оралдың суы қандай тәттi», - деп жауап берiптi.

Аудан аумағында 368 көл бар екен. Айнала сыңсыған орман алқаптары. Күмiс көлдер аумағының айналасы аяқ алып жүре алмайтын ну-батпақ. Фашистердiң «тәбетiн» қайтарған да осы батпақ көрiнедi. «Iздегенге табылған» деген. Қала маңындағы деревняда Мәншүктi жерлеуге қатысқан Новикова-Власенкова деген қартаң әйел тұрады екен. Әкiмшiлiктiң қызметкерлерi көлiкпен ол кiсiнi Мәншүк жерленген жерге алып келдi.

« - Мен ол кезде 17 жастағы қыз едiм, - дедi ол әңгiмесiн бiрден бастап жатып, әкем колхоз басқармасының бастығы болатын. Қалада кiлең кемпiр-шалдар қалған едi. Бiздерге қаза тапқан жауынгерлердiң қалталарын қарап, құжаттарын жинау тапсырылды. Мiне, осы жерде қара шашты, қос бұрымды бiр әйелдiң денесi жатты. Ал әрiректе, етекте тағы бiр әйелдiң денесi табылды. Негiзi ол байланысшы болса керек. Жанында сым катушкалар жатыр екен. Ол табылған сары шашты, орыс па әлде белорусь па деп шамаладық. Ал мына жердегi әйел қара шашты, үлкен бұрымы бар екен.

Ерлердiң бәрiн бiр жерге бауырластар зиратына жерледiк. Әйелдердi олармен бiрге қосқан жоқпыз. Екi әйелдi өз алдарына бөлек жерледiк. Оған осы жерде «1943 жылдың қазан айында Мәншүк Мәметова ерлiкпен қаза тапты деген белгiтас қойдық», - дедi қарт ана.

Невель жерiнде 23 мыңнан астам боздақтың бейiтi бар екен. Мәншүк қаза тапқан бауырластар бейiтiнде 800-ге жуық соғыс құрбаны жерленiптi.

-Тiрi адамға жақынының сүйегiнiң қайда қалғанынан басқа қасiрет жоқ шығар.

1944 жылдың 1-наурызында Кеңес Одағының Батыры атағы берiлгеннен кейiн арада көп уақыт өтпей, Мәншүктiң мәйiтi анасы Әмина Сүлейменқызының қатысуымен Невель қаласының орталық саябағында қайта жерленген. Көзi тiрiсiнде Әмина апамыз Невель қаласына алғаш рет 1944 жылдың көктемiнде барған.

Иә, Мәншүк ерлігі миллиондаған жандарды өмірге осылайша құлшындырды. Отанымыздың талай буын ұрпағы оның ерлік өнегесінен бойына қуат алды. Мәншүк - мәңгі сөнбейтін жұлдыз.

Әлемге тарап атағың

Құрбаны болдың ақ таңның.

Мен бүгін «Мәншүк апаның

Еліненмін»-деп мақтандым.


© 2010-2022