Ұлы күйші, күй атасы Құрманғазы

Раздел Музыка
Класс -
Тип Статьи
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Ұлы күйші, күй атасы Құрманғазы.

Құрманғазы атындағы саз колледжінің

халық аспаптары бөлімінің меңгерушісі ,

«Қазақстан Республикасының Білім

беру ісінің құрметті қызметкері».

Батыс Қазақстан облысы



Ұлы күйші, дарынды композитор - Құрманғазы Атырау облысы, Теңіз ауданы, Жиделі деген жерде дүниеге келген. Әкесі - Сағырбай он екі ата Байұлының ішіндегі Қызылқұрт руынан шыққан, бүкіл өмірін байлардың малын бағумен өткізген адам. Құрманғазының кішкентайынан домбыра үні естілсе бәрін ұмытатын музыкаға құмарлығы әкесі Сағырбайға ұнай қоймады. Домбырасын үкілеп ел кезіп жүретін сал - серілерге ілесіп, сол заманның түсінігінше қызыл «әуесті» болып кете ме деп іштей уайымдайтын. Содан ба тілі шығар - шықпастан домбыра шанағына жармасқан баласын адал еңбекке бейімдеуге ұмтылды.

Құрманғазының анасы - Алқа елге сыйлы, еті тірі Мәтіғұл деген кісінің бұлаңдап өскен ерке қызы еді. Алқаның ағалары шетінен төкпе ақын, асқақ әнші, бармағынан бал тамған күйші, жауырыны жер иіскемеген палуан болатын. Солардың ортасында өскен Алқа еркек-шоралау қайратты болып бой жетті.Өзі қатарлы бозбалалармен белдесе кеткенде талайын шаң қаптыратын. Алқа құрбыларының арасында сызылта салған әнімен де сыйлы еді.

Жасынан өнердің қадірін біліп өскен Алқа тұңғыш ұлының бойындағы ұлы дарынды жүрегімен сезінді. Ұлының асқан ажарлы, сымбатты, әрі ешкімнен қаймықпайтын жүректі, алысқанын алып ұратын қайратты болып өсіп келе жатқанына іштей қуанатын. Ол ұлының бетінен қақпады, қолына домбыра тисе аруақтанып, нұрланып шыға келетін кішкене Құрманғазының тегін адам емес екенін бірінші болып мойындаған да Алқа еді...

Бөкей хандығына атағы жайылған Ұзақ деген дәулескер күйші болды. Туып өскен жері Жайықтың шығыс жақ беті болғанымен, Ұзақ домбырашылық дәстүрде Бөкей жағына бейім еді. Ұзақ қартайған шағында ел аралап жүріп Сағымбай қоңсы қонып отырған баяғы Шағбала байдың ауылына келеді. Ауылда күйші бала бар дегенді естіген қария ат маңдайын Сағырбайдың қоңыр үйіне тірейді. Ұзақтың күйін тыңдауға көптен құмартып жүрген Алқа қадірлі қонаққа қолдан келген көмегін көрсетті. Күй кешіне жиналған халық Сағырбайдың төрт қанат үйінің аузы - мұрнынан шықты. Ауыл адамдары тарап, өзді-өзі қалған кезде Ұзақ Құрманғазыға домбыра тарттырады. Жас талапкердің домбыра тартқанына сүйсінген қарт күйші болашақ үлкен дарын иесінің табиғи талантын бірден аңғарып, ақ батасын береді.

Құрманғазы болса атақты күйшінің мақтау сөздеріне қанаттанып қария тартқан күйлерді сол бойда қағып алып өз домбырасымен бебеулетіп отырды. Болашақ ұлы композитордың өнер айдынындағы тұсау кесері осылай басталып еді.

Құрманғазы он алтыға толып, оң-солын тани бастады. Ел ішіндегі әділетсіздікті аңғарып, байлардың озбырлығына, зорлық-зомбылығына мойын сұнып, ертелі-кеш қой соңында салпаңдап жүре беретін көп кедейдің бірі емес екендігін табиғат берген алып күшімен, ешкімнен қаймықпайтын батылдығымен, ойындағысын бетің бар, жүзің бар демей айтып салатын өткірлігімен таныта бастады. Өмірдің қым-қиғаш шытырман сырларын терең түсіне қоймаса да, бай мен кедей тірлігінң арасындағы жер мен көктей айырмашылықты аңғарып, көкейіне түйе берді.

Әкесінің байға қарсы келме, әркімнің өз ризығы бар деген уағызына да құлақ аспай, албырт жас еркіндікті аңсады да тұрды.

Бойдағы бұла күш, асау талант Құрманғазыға өз дегенін істетпей қоймады. Өзінің ер жетіп, азамат болғанға дейін біреудің малын бағып, қызметін істеп жүргеніне қапа болған Құрманғазы бір күні қызыл өгіздің үстіндегі ерді сыпырып алып, он сегіз жыл бойы әкесінің адал еңбегін жеп, тізесін батырып келген Байбақты Ақбайдың Әубәкірдің алалы жылқысын аралап жүріп, өзіне ұнаған қалбан құлақ қара атты аяқ тұзақпен ұстап алып ерттеп мінеді. Ауылға келіп мән - жайды әке - шешесіне түсіндіріп, батасын алып, өнер сапарына бір жола аттанады. Сонымен бірге боз бала өзінің бұл қылығын жылдар бойы жүрегіне шемен болып қатқан әділетсіздіктен кек алу деп ұқты.

Өзіне өзі еркіндік әперіп, қара домбыраны серік еткен Құрманғазы әдейі іздеп барып Ұзақ күйшінің жанына ереді. Ел аралап, талай-талай алқалы ортада атақты сал-серілердің өнеріне қанып, атақты домбырашылардың күйлерін тыңдайды. Кезегі келгенде өзі де беделді ортада бағын сынатады.

Он тоғызыншы ғасырдың отызыншы жылдарының аяқ кезінде Бөкей хандығында патша үкіметі мен үстем тап өкілдерінің үрейін ұшырған шаруалар көтерілісі болды. Хан және туысқандары, сұлтандар, егістік, шабындық, жазғы және қысқы жайылым жерлердің жақсыларын шараулардан тартып алады. Балық аулауға тыйым салады. Тіпті мал суаратын суатқа шейін өздерінше «тәртіп» орнатты. Осының бәрі еңбекші шаруалардың наразылығын күшейтіп, ақыры кең жайылған көтеріліске әкеліп соқты. Көтерілісті бастаған Исатай Тайманов пен Махамбет Өтемісов еді.

Исатай - Махамбет көтерілісі қазақ тарихында үлкен роль атқарады. Патша үкіметінің екпініне төтеп бере алмай, жеңіліске ұшырағанымен халық санасында мәңгі сақталды. Көтерілістің қару күшімен басылуы, Исатайдың патша әскерлерінің қолынан қаза табуы, көтеріліске қатысқан рулардың ұзақ уақыт қудалануы-Құрманғазының қанаушы топқа деген ыза-кегін оятып, ымырасыз күреске шығуға іштей бекіндірді. Қолындағ қаруы, домбырасымен халық арманы, игілігі жолында көзі жұмылғанша қызмет етуге серт берді. Көптен жан дүниесіне маза бермей жүрген ой толғаныстары асыл арманы домбыра шанағынан күй болып құйыла бастады.

Он тоғызыншы жылдардың аяғында Құрманғазының алғашқы творчестволық дәуіріне жататын күйінің бірі «Кішкентай» дегенге келеді. Ол күйді Құрманғазы «кішкене інісінің үлкен ағасы Исатайға арнауы» депті. Күйдің «Кішкентай» атанып кеткен себебі осы болса керек. Құрманғазы өзінің күй шығарудағы қадамын осылай бастады.

Ұлы композитор, күй атасы Құрманғазының асқақ та жігерлі күйлері еркіндікті ұнататын жауынгер халқымыздың жалынды рухының жарқын көрінісі іспетті. Ол оның бүкіл әлемге танымал ардақты есімі ұлтымыздың ұлылығы мен мәңгілігінің символындай қастерлі.

Оның халықтық өміршең музыкалары мазмұнының даламыздай кең ауқымдылығы, теңіздей тереңдігі, жойқын күш жігерге толы екпіні, алай-дүлей алабұртқан сезімі, емін-еркін ойнақы ырғағы, әр иірімі әсемдікке айналған көркемдігі мен асқан орындаушылық шеберлігі қазақ күй өнеріне ұлы жаңалық әкелуші ретінде даңқын бүкіл әлемге жайды. Халқымыздың Күй-Атасына айналды. Құрманғазының сиқырлы музыкасы дүниенің түкпір-түкпірінен - Мәскеуден немесе Хельсинкиден, Кальярдан немесе Токиодан, Бухаристен немесе Пекиннен, Бакуден немесе Таллиннен естіген тыңдаушысының жан дүниесін толқытпай, таң тамаша қалдырып тамсандырмай, табындырмай қоймайды.

Ұлы күйшінің есімі туған топырағымыз Қазақстанда әлдеқашан аңызға, рухани қасиетті әулиеге айналды. Оның бейіті киелі орын болып есептеледі. Ұлы бабаларының басына жас күйшілер, сазгерлер де келіп тағзым етіп жатады... Күй атасының мәңгілік тыныштығын сақтап тұрған жерде сайын даланың ортасында пайда болған ертегідей жап-жасыл арал тәрізді қасиетті мекен. Бұл жерде оның ғажайып музыкасымен киелі рухы билеп тұрғандай...ұлылығы бүкіл әлемді мойындатқандай әсерде қаласыз...

Құрманғазы боз бала кезінен-ақ халыққа асқан талантты күйшілігімен белгілі болды. Оның трагедиялық «Кішкентай» атты күйі әрбір қазақтың жан жүрегін егілтеді...«Адай», «Сарыарқа», «Кісен ашқан», «Төремұрат», «Түрмеден қашқан», «Қызыл қайың»... тағыда басқа күйлері сияқты ұлы шығармалары ғасырдан ғасырға шарықтай береді.

Құрманғазы соңына шығармашылық мол мұра қалдырған дарынды композитор ғана емес, ол өз шығармаларын ұрпағына үйрету арқылы бүкіл бір күйшілік-домбырашылар мектебін жасап кеткен ұлы ұстаз. Биік тұлғаның шығармашылық бағыттағы орындаушылық шеберлігі кең ауқымдылығымен, телегей теңіз екпінді күшімен әрі нәзік те жарқын, мөлдір сезім иірімімен ерекшеленеді. Күні бүгінге дейін ұлы шебердің күйлерін нақышына келтіріп орындау дәстүрі әкеден балаға жалғасып келе жатқан құбылыс.

Дина, Қали, Оқап, Рүстембек, Әзидолла, Қаршыға - бұлардың қай-қайсысы да аты әйгілі өнер тұлғалары. Күй атасының дәстүрлі мектебінен шыққан сан-алуан балғын музыканттардан бастап ақсақалдарға дейін небір талантты күйшілерді атап шығуға әбден болады.


© 2010-2022