Методическое пособие Домбыра Дастан

Работа преподавательского коллектива направлена на последовательную реализацию государственной политики, целей и задач образования в стране на новом этапе её развития. Воспитательная работа ведетсяв направлении становления личности учащихся, формирования их мировоззрения, расширения кругозора, любви к искусству, к творчеству. Методическое пособие предназначена для преподавателей музыкальных школ и школ искусств по классу домбыра.
Раздел Музыка
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Есть
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:







«Домбыра - Дастан»

(Балалар музыка және өнер мектептерінің домбыра класына

арналған оқу-әдістемелік құралы)









Орал, 2013 ж.

Мазмұны:





1.Кіріспе....................................................................................................................................4

2.Домбыраның тарихы.............................................................................................................5

3. Домбыраның музыкалық бұрауының тарихнамасы…………………………………....6

4. Домбыраның түрлері……………………………………………………………………..8

5. Сипаттамасы……………………………………………………………………………....9

6. Домбыраның дамуы………………………………………………………………………9

7. Көп ішекті домбыралар…………………………………………………………………..10

8.Домбыраны зерттеу нәтижелері………………………………………………………....12

9.Күйдің аймақтық дамуы…………………………………………………………………14

10.Шығыс Қазақстан күйшілік мектебі…………………………………………………...16

11.Домбыра аспабымен сабақ беру және оның әдістері…………………………………16

17.Сабақты ұйымдастыру………………………………………………………..................17

18.Ашық сабақтар………………………………………………………………..................19

20.Пайдаланған әдебиеттер………………………………………………………………..23







Кіріспе

Домбыра көне аспап және ол қазақпен кіндіктес ұлыстардың бәріне ортақ мүлік, себебі домбыраның жасы қазақ хандығынан үш мың жылдай үлкен, дәуірлей тексергенде аспап аттары әртүрлі диалект салдарынан өзгеріске ұшырағанымен түбі бір екені айдан анық білініп тұрады. Толғамды мәселелердің сырына үңілместен бұрын, әуелі аспап жайына түсіндірме бере кетейік.

Қазақтың домбырасы түркі-монғол (арғы атасы - ғұн) мәдениетінің меншігі, тамыры тарихқа терең жайылған, байырғы аспап. С.Өтеғалиева Орталық Азиядағы танбуртекті аспаптарды үш топқа бөледі: Сібір-Алтайлық, Орта Азиялық, Таяу Шығыстық (Орта Азиялық хордофоны. Алматы - 2006). Осы тұжырыммен қарасақ біздің шертпелі аспаптарымызды да шартты түрде үшке бөлуге болады. Формасы мен дауыс бояуы жағынан айырмашылықтары бар, аспаптың бұрыннан келе жатқан белгілі үш түрі бар, әрбір өлкенің күй өнері әртүрлі орындаушылық мектеп құрап отырғанына сәйкес аспаптарының да тұрқы (формасы) жағынан өзгешелігі бар. Арқа, Жетісу, Қаратау өңірлерінде кең тараған домбыраның тұрқы қысқа, мойыны жуантық, шанағы бұрышталып шабылады. Жалпы көпшілік қаталықтан қалақ домбыра деп айдарлап кеткен бұл аспаптың көне түбірлік аталуы - қыпшақ домбырасы болуы мүмкін (Әбу Насыр әл-Фарабидің «Музыканың үлкен кітабы» атты трактатында сипатталатын гипжак аспабының түбірі - қыпшақ, «Музыка және поэзия туралы трактаттар», «Ғылым» Алматы.1993), бұл шертпе күй тартуға қолайлы тоғыз пернелі аспап.

Қазақстанның батыс өлкесі мен Сыр бойында тараған мойыны ұзын, алмұрт пішінді домбыраның көне түбірлік аталуы - оғыз домбырасы деген ұйғарымға жақын, он екі пернесі бар, негізінен төкпе күйлер тартылады. Домбыраның бірінші байланатын пердесінің оғыз перде (соль диез) аталуы тегін емес, шабылуы да дутар аспабына ұқсас. Қазақстанның шығыс өңірінде кең тараған домбыра - Алтай домбырасы деп түбірленеді, ол үш ішекті, жеті пернелі, көбінесе желдірме екпінді шертпе күйлер тартуға лайықталған. Аспаптың бұл нұсқасы мұңғұл тектес ұлттардың арасына кең тараған топшурға келіңкірейді, үні де көмей (хоомэй) мәдениетіне жуық. Осы аталған домбыралар қазақтың аймақтық күй мектептерінің айқындауышы десе де болғандай, әрбір түріне лайық жинақталған күй қоры да мұны растайды. Бұл атаулардың тарихи негізі болғанмен домбыраның біртұтас аталуы көп қисынды, біз аспаптың туыстас халықтармен бірге жасасқан табиғаты мен сипатына қарай әрі қазақы күйшілік мектептерін нақтылау мақсатын көздейміз және домбыраның осылайша шартты түрде бөлінуін С.Өтеғалиеваның зерттеуіне сүйене келтіріп отырмыз.

Домбыра атауларының бұлай бөлінуі қазіргі құлаққа түрпідей тимес үшін түсіндірме бере кеткен жақсы. Шындығында, домбыра тек қана қазақтың ғана аспабы емес, оның басқа ұлыстар мен ұлттарға да ортақтығы жоғарыда айтылды. Ә.Мұхамбетова күйдің стилінің туындауы арқылы домбыра аспабының қазақ ұлтын құраған басқа ұлыстарға тәніктігін дәлелдейді, яғни домбыра аспабының құрылысы мен үн шығару мүмкіндігі қазақпен туыс халықтардың бәріне ортақ.

Түріктің кіндігінен тараған миллеттің қазір үш түрлі сөйлейтін тілдік диалектісі бар: қыпшақ тіліндегілер - қазақ, ноғай, қарақалпақ, татар, башқұрт; алтай тіліндегілер - қырғыз, хақас, алтай, бурят; оғыз тіліндегілер - түркімен, өзбек, ұйғыр, әзірбайжан, көк оғыз (гагауз), осман түріктері. Осылардың бәрінде арғы атасы домбырамен тектес төл аспаптары бар. Диалектінің сөздік, әуездік интонацияға айналуы - музыкалық аспаптың және оның үні мен формасының да белгілі шеңберде өзгеріске ұшырауына әкеліп соғары айқын. Қазақтың күй өнерінде түркімен («Көрұғылы», «Пиала» т.б.), қырғыз («Сақбикенің қосбасары», «Кертолғау» т.б.), қалмақ («Қалмақтың қара жорғасы», «Қалмақтың би күйі» т.б.), ноғай («Қарасай - Қази»), татар күйлері ішінара орыс (славян ұлысына кірген бұлғар мен пешенек әулеттері) әуеніне жақын туындылардың мол кездесуі кездейсоқ жай емес (аспаптың да балалайкаға, скрипкаға, дутарға ұқсата шабылған көне түрлері мұражайларымызда бар). Осы туыстас халықтардың музыкалық шығармаларында ұшырасатын мінездес (характерлі) сарындар қазақ домбырасына етене жақын болып кеткен, алайда аспаптарының түрі мен тембріне уақыт пен мемлекеттік құрылым өз әсерін тигізгені де рас. Қазіргі домбыра - жетілдірілген аспап (А.Жұбановтың оркестрлік аспап жасау ұсынысымен реконструкциясын жасаған - Э.Романенко), сондықтан оның үні де өзгеріске ұшыраған. Алғаш осы жетілдірілген домбырада күйлер жазып қалдырғандардың алды - Дина Нүрпейісова мен Әбікен Хасенов. Олар жаңа аспапты аса жатсына қоймағаны артына қалдырған күй таспаларынан белгілі боп тұр. Дегенмен, бұрынғы домбыраның үнін қайта жаңғырту жөнінде де дәйекті мәселелер қозғалып жүр.

Домбыраның құлақ күйі негізінен оң (таза кварта), теріс (таза квинта) бұраулар-ға келтіріледі. Қазақтың күйшілік дәстүрінде мұнан өзге шалыс бұрау (секунда), қалыс бұрау (үлкен терция), тел бұрау (унисон) деп аталатын көне түрлері де болған. Бұл бұраулар Тәттімбет, Тоқа заманына дейін қолданыста болғаны әрегідік айтылады, күй тартудың бұл бұраулардағы тәсілдері күрделі болатынын ескерсек, онда, мұндай құлақ күйлерімен күй тарту күй сайыстарында ғана болғанын болжамдаймыз. Музыкатанушы С.Өтеғалиеваның домбыра бұраулары жайлы көлемді зерттеу мақаласында ең көне бұрау - теріс бұрау екені айтылады, ғалым мұның дәлелін бурдон сарындас аңыз күйлердің осы бұрауда туғандығымен түсіндіреді (Орталық Азияның хордофондары: музыкалық бұраулар проблемасы. Ғылыми еңбектер жинағы. Астана - 2004). Қазақ домбырасының жоғарыдағыдай атауларының дәл қазір тәжірибеге ене қоюы екі талай, дегенмен осы атаулар күй мектептерін анықтауға тиек болар ма деген үмітіміз бар әрі күйші қауымға қозғау салу.

Домбыраның тарихы

XIX ғасырда қазақ халқының тұрмысында анағұрлым кең тараған музыкалық аспап екі ішекті домбыра болатын. Домбыра - қазақ халқының ең сүйікті аспабы. Домбыра музыкасы тарихы халықтың тарихымен тығыз байланыста дамыды. Олар табиғат, адам туралы өмірлік тәжірибені жеткізе отырып, бір ұрпақтан екінші ұрпаққа жеткізіп отырды. Жазба ескерткіштеріне және этнографтар мен музыкатанушылардың еңбектеріне қарағанда, домбыра мен басқа ұлттардың осы домбыраға ұқсас аспаптары ежелгі уақыттан жақсы белгілі болған. Көне салттың жөн - жоралғысымен және рәсімімен біте қайнаған замандар қойнауынан жеткен қазақтың киелі домбырасы көшпенділер тарихының алғашқы парақтарының естеліктерін өзімен бірге ала келді. «Домбыра - көшпелі тайпалардың өзінше ерекше және жарқын үнді тарихы. Оның ішектері жүз жылдықтардың музыкалық даналықтарын сақтауда». Егер бұрынғы заманда көне аспаптар ән, жыр, ертегі - аңыздарды сүйемелдеу үшін ғана қолданылған болса, енді домбыра жеке шығарма орындауға арналып, күрделі аспаптардың қатарына қосылды.

Әр түрлі ескерткіштерге, сондай-ақ этнографтардың жазып қалдырған еңбектеріне жүгінсек, домбыра және өзге халықтардың осы тектес аспаптары тіпті сонау орта ғасырларда белгілі болған екен. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фараби-дің еңбектерінен тамбур аспабы жайында оқимыз. Өзбектердің домбыраға өте ұқсас екі ішекті дутары алғаш рет әл-Хусейнидің «Музыкалық канон» деген трактатында ауызға алынды. Қазақтың халық аспабы домбыра XIV ғасыр жазбаларында кездеседі. Оның бастағы түрі мен құрылысы қазақтың домбырасынан аумайды, осындай аспап аттарының ұқсастығы да олардың түпкі шығу тегі бір екекін көрсетсе керек. Құрманғазымен бірге Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Байсерке, Қазанғап секілді саң-лақ күйшілер дүйім жұртты аузына қаратқан еді. Бұлар бармағынан бал тамған майталман домбырашы болуымен бірге нелер бір ғажап күй де шығарған шын мәніндегі өнер иелері. Солардың арқасында домбырада тартылатын күйлердің музыкалық формасы үздіксіз жетілдіріле түскенді. Домбыраның техникалық мүмкіндіктері артқан сайын домбыра тарту өнері де едәуір өрге басып, байи түсті.

Қазақстанның батыс аудандарында домбыра тартудың өзгелерге ұқсамайтын бөлек дәстүрі қалыптасқанын айту керек. Батыс аудандардағы домбыраның негізгі өзгешелігі, көлемі үлкен болып келеді, сондай-ақ шанағы сопақ, мойны жіңішке, перне саны көбірек. Сондықтан мұндай домбыраны тартқанда қолданылатын техникалық, тәсілдерді шанағы жалпақ домбыраға қолдану қиын, өйткені бұл соңғы домбыраның мойны едәуір енді және ондағы перне де аз. Шанағы жалпақ домбыраның бірнеше нұсқасы кең тараған. Егер батыс аудандардағы домбыраларға 12-14 пернетағылса, ал шанағы жалпақ домбыраға не бары 7-8 ғана перне байланған. Перне санын арттыру процесі өте баяу жүрді және оның өзі орындалатын репертуарға тікелей байланысты еді. Әдетте, жаңа перне онымен алғаш орындалатын күйдің атымен аталын-ды. Пернелердің бірі домбырада «Түрікпен күйін»орындағанда байланды да, «Түрікпен пернесі» деп аталды. Бейтарап терция интервалын беретін басқа бір перне Қазақстанның батыс аудандарында «Сарыарқа пернесі» деп аталынды.

Аңыз - ертегілердің бірінде аспаптағы жоғарғы тиектің қалай пайда болғаны жайында айтылады. Жаумен шайқасып, одан соң алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолшыбай демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерде жайғасып отырған соң талдан бір шыбық кесіп алады, оған жылқының қылын керіп байлайды да, дыбыс шығармақ болып көреді. Бірақ қолдан жасаған тым жұпыны аспаптан ешқандай үн шығатын емес, тым-тырыс, меңіреу күйінде қала береді. Батыр оны жанына тастай салады да, өзі қисайып жатып ұйықтап кетеді. Ол жанындағы өзі жасаған аспаптан шығып жатқан дауыстан оянады. Қолына алып қараған батыр аспаптың мойын тұсынан титтей ағаш тиекті көреді, оны әлде біреу ішектің астынан келтіріп орнатып қойған екен. Батыр: «Е,бұл шайтанның ісі болды ғой», - деп ойлайды. Бәлкім содан бері қалған сөз болса керек, халық арасында жоғарғы тиекті «шайтан тиек» деп атайды. Ішекті жылқының қылынан тағу, жоғарғы тиектің болмауы көне аспаптарға тән сипат.

Домбыраның музыкалық бұрауының тарихнамасы

Қазіргі музыкалық ғылым музыкалық бұрау жүйесін қандай да бір математикалық принциптер бойынша біріктірілген, дыбыстар арасындағы жиіліктер жиынтығы деп анықтаған. Неғұрлым қалыптасқан бұраулар - пифагорлық бұрау, таза бұрау және кең таралған он екі дыбыстық тең темперациялық бұрау. Математиканың, музыкалық акустиканың және оның методологиясын құруда және дамытуда (б.д.д. 570-500 жж.) Пифагордың және оның шәкірттерінің еңбегі зор. Гректердің музыка жөнінде жазғандары қазіргі өнертану сипатына сәйкес келмейді. Антикалық музыка танымының қазіргіден айырмашылығы туындының нақты музыкалық жағын талап етіп қоймады, керісінше, музыканың акустикалық жағын қарастырды.

Пифагоршылар музыканы арифметика, геометрия, астрономия және музыкадан тұратын математиканың (грек тілінен mathemata-білім) төрт тарауының біреуіне жатқызған. Сандарды идеалдау Пифагор уақытынан шыққан. Бұл идея Платонда да болған. Пифагорлық және неоплатондық мектептердің екеуі де музыканы сандар арқылы сипаттауға тырысқан. Пифагор теориялық емес, әрбір октавада дыбыстар санын көбейтпей, музыканттарға бір тоннан екінші тонға, бір пернеден екінші пернеге еркін өту үшін аспаптың құлақ күйін қалай келтіру керек деген сияқты практикалық мәселелерді шешумен айналысты. Октаваның ішінде алғашқы дыбыспен 3:2 қатынастағы квинта бірыңғай қабылданады. Сондықтан Пифагор квинтаны бұрауды негізі етіп алды да, 13 мүшеден тұратын геометриялық прогрессия қатарын ұсынды, онда әрбір тізбекті мүше алдыңғысын 3/2 көбейткеннен алынады. Ары қарай ол осы қатардың әрбір мүшесін сол 3/2 геометриялық прогрессияның дыбыс жиілігімен байланыстырды. Алынған дыбыс қатары квинттік шеңбер деген атау алды. Бұдан соң, бүкіл музыкалық диапазонды қамтитын бұл жиілік қатарды тізбектей көбейту немесе екіге бөлу арқылы дыбыстың атын сақтай отырып, бір октаваға келтірді (жиілік арасындағы аралық 192 және 384 Гц). Осы әрекеттерден кейін Пифагор октаваны алды. Бірақ алынған хроматиялық дыбыс қатарын қамтитын қатар он екі дыбыс емес, он үш дыбыс болып шықты, себебі, оң жақтағы және сол жақтағы шеткі жиіліктер бір дыбысқа ғана жатпайтын: фа-диез дегеніміз - соль-бемоль емес. Мұндай сәйкеспеушілікті пифагорлық комма деп атады.

Егер Пифагор формуласын квинта бойынша оңға 4 элементке жылжытсақ: до-диез, соль-диез, ре-диез және ля-диез шығады, ал бұның кез келген қосымша дыбысқа әділ екеніне көзіміз жетеді. Октавадағы дыбыстар санын көбейтпеу үшін, бұл жиіліктерді орташаландырды. Орташаландыру дәстүрлік болып қалды, қазірде мысалы, пианист бір қара клавишаны пайдаланады, ал ол жерде нақты акустикалық есеп бойынша екі клавиша болуы керек. Ал скрипкашының соль-бемоль мен фа-диезді, сондай-ақ, басқа да дыбыстың жоғарлауы мен төмендеуін әр түрлі алуға мүмкіндігі бар. Неғұрлым қалыптасқан бұраулар - пифагорлық бұрау, таза бұрау және кең таралған он екі дыбыстық тең темперациялық бұрау. Аспаптың құлақ күйін келтіру неғұрлым қарапайымырақ. Мұндай өзгерістер музыкалық бұрауда революция тудырды. Интервалдар тегістеліп қалды. Қосымша дыбыстардың нақты жиіліктері анықталды. Музыканттарға октавадағы он екі дыбысты пайдаланып, бір тоннан екінші тонға еркін өту мүмкіндігі пайда болды. Пифагорлық бұрау бір дауыспен айтуға арналған ең мелодиялық бұрау болғандықтан, көп дауыстық бұрау бұл бұрауда әрдәйім қанағаттанарсыз, сондықтан ол қолданылмайды.

Таза бұрау XVІ ғасырдан XVІІІ ғасырға дейін кең таралған еді. Оның негізін салушы - француз композиторы әрі теоретик Жан Филипп Рамо (1683-1764). Бұл бұраудың негізінде дыбыс қатары жатыр. Ал оның негізі ретінде таза терция мен таза квинта қабылданды. Бұл бұрау негізінен Әбу Насыр әл-Фарабиден алынған.

Қазақ халық аспаптары музыкасының ұлттық стилінің, оның ішінде, әсіресе, домбырада маңызды белгілерінің бірі - диатоникалық пернелерде мажорлық және минорлық, сонымен қатар кейде пентатоника пернелерінің табиғи мелодиялық күрделі жүйесі. Пентатоника - бір октаваға шегінгендегі 5 баспалдақтан тұратын музыкалық дыбыс қатары. Таза квинта түріндегі перне қалыптастырушы интервалы бар квинттік қатар - пентатониканың алғашқы формасы. Октаваға келтірілген квинттер көрші баспалдақтар арасында үлкен секундтар және кішкентай терциялар тудырады. Баспалдақтар арасындағы интервалдарға байланысты пентатониканы мажорлы және минорлы деп бөледі. Жоғарылаған квинттерден мажорлы пентатониканың пернесі пайда болады. Минорлы пентатониканың негізі - төмендеген квинттерден құрылған дыбыстық қатары.Тарихи пентатоника дыбыстың акустикалық заңдылықтарын адамның түйсікпен қабылдауына негізделіп, дыбысты іріктеу арқылы қалыптасқан. Жарты тондық пентатоника (ангемитоника) әр түрлі халықтардың музыкалық фольклорында кездеседі. Әсіресе, ол кейбір шығыс мемлекеттердің (Қытай, Вьетнам) және ТМД-да татар, башқұрт, марий, чуваштардың музыкасына тән.

Пентатониканың ерекше түрлері - полутондық, гемитондық. Мұндай пентатоника негізінде жапон музыкасына тән. Бірақ, ол қазақтың пернелік дыбыс қатарына да (Оңтүстік Қазақстандық лад) және чуваштарға да (оңтүстік чуваштық лад) тән. ХІХ-ХХ ғғ - да пентатоника еуропалық профессионалдық музыка әуеніне кірді. Мысалы, Листің фортепиано үшін "Des-dur" концерт-этюді, Бородиннің «Спящая княжна» әні.

Диатоника - үзіліссіз квинттік қатар құратын жеті дыбыстан тұратын музыкалық жүйе. Фортепианода ақ пернелердің дыбыс қатары диатоникалық болып, ал қара пернелердікі - пентатоникалық болып келеді. Пентатониканың диатоникамен байланысы субдоминантор, тоникалық, доминанттық деп аталатын үш пентатондық комплекстен тұрады. Тарихта пентатоника диатониканы туындатты. Пентатониканы диатоникаға түрлендіру үшін бес дыбысты квинттік қатарды екі-ақ дыбысқа ұзарту жеткілікті. Егер шығыста пентатоника әлі күнге дейін басым жүйе түрінде қалса, еуропалық музыкада диатоника сондай жағдайда.

Домбыраның дыбыс көзі - ішегі. Дәстүрлі қазақ домбырасында екі-ақ ішек бар. Ішек дыбысының жоғарылығы оның ұзындығына және оның физикалық-механикалық параметрлеріне тәуелді. Ішектің тартылуын реттеп отырып шығарылатын дыбыстың биіктігін жоғарылатуға немесе төмендетуге болады. Ішекті аспаптардың құлақ күйін келтіргенде, оның осы қасиетін ертеден пайдаланған. Аспаптың мойнының белгілі бір жеріне ішекті басып, музыкант оның ұзындығын және сол арқылы дыбысын өзгертеді. Осы мақсатта пернелер пайдаланылады: мойнындағы жіңішке көлденең шайтан тиек көптеген ішекті аспаптардың мойнында (домбыра, балалайка, бандура, мандолин және т.б.) пайдаланылатын бұрауына сәйкес орналасады. Домбыраның пернелері ішек жасалған материалдан байланады. Олар аспаптың музыкалық бұрауын, оның пернелік құрылымын анықтайды.

Лад - есту қабілеті арқылы қабылданған эстетикалық дыбыс биіктігі жүйесіндегі сәйкестік, дыбыстар арасындағы белгілі бір жүйелік қатынастарды есте тудыру және бекіту үшін негіз; дыбыстардың биіктік байланысы мақсатты түрде реттелген жүйе, дыбыстар тізбегі мен олардың рет заңы. Лад құрылымында халықтың музыка өнерінің тарихы мен ұлттық ерекшеліктері өз көрінісін тапқан белгілі бір кезеңдегі музыканы қабылдау және музыкалық акустика заңдылықтары бейнеленеді. Мұндай түсініктегі лад қызметі жалпыланған мелодиялық қатынастар жүйесінде жалпыланған әуендік тонның ролі болып келеді. Ежелгі уақытта музыканттар өздерінің музыкалық аспаптарын, соның ішінде домбыраны тыңдау арқылы, гармониялық дыбысты шығару есебімен құлақ күйін келтірген. Домбыра мойнында пентатоникаға сәйкес 5-6 перне байланған. Осындай ежелгі домбыраның кейбір үлгілері ұлттық аспаптар музейінде сақталған. Уақыт өте домбыра мойнындағы пернелер саны өсті. Қазіргі домбырада оның саны 22-ге дейін барады. Жоғарғы және төменгі баспалдақты табиғи ладты құруға қолданылатын домбыра музыкасының дыбыс қатарының барлығы өрбитін құрылымдық негіз - алғашқы 3-4 пернелік болып келеді. Домбыраның құлақ күйін квартаға келтіргенде (оң бұрау), мұндай интервал ретінде акустикалық қатынастары қарапайым квинта, кварталар болды, олар әртүрлі интервалдағы үлкен пифагорлық 204 центтік секундты береді (702-498 = 204 цент). Қазақ домбырасы өзінің даму тарихында осы бөлімде айтылған бұраулардың барлық сатысын басынан өткеріп келіп, қазіргі оркестрлік бұрауға таңылды.

Домбыраның түрлері

Алып домбыра

Методическое пособие Домбыра Дастан



Кішкентай домбыра

Методическое пособие Домбыра Дастан

Қазақ даласының әр өңірінде кездесетін домбыралар жергілікті жер жағдайына, тұрмыс-салты мен дәстүріне, ән, жыр, күй мектебі мен әр өнерпаздың орындаушылық мәнеріне, аспапшы шеберлердің іскерлігіне байланысты әртүрлі пішімде дамытылып, өзгеріп отырған. Ән, жыр айтуға арналған домбыраның пернелері 8-9, әрі кеткенде 14-15-ке жетсе, күй домбырасына 20-дан астам перне тағылады. Олардың құлақ бұрауы да қажетіне қарай (кварта, квинта) өзгертіледі. Домбыра, негізінен, екі ішекті және кейде үш ішекті болып келеді. Домбыра тартуда қағыстардың түрлері өте көп. Мысалы, «сермеп ойнау», «іліп қағу», «шертіп ойнау» т.б.

Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрлері бар.

Олардың ішінде:

  • ән мен күй домбырасы

  • торсық

  • тұмар

  • кең шанақты (екі нұсқасы)

  • балдырған

  • балашық

  • шіңкілдек

  • аша

  • үш ішекті

  • қуыс мойын

  • шертер

  • оркестр домбыралары:

  • қоңыр дауысты (альт)

  • жіңішке дауысты (прима)

  • ащы дауысты (секунда)

  • бас домбыралар (екі нұсқасы)

Сипаттамасы

Домбыра құрылысы бірнеше бөліктен тұрады: басы, құлақтары, пернелер, мойын, шанақ, бетқақпақ, ілгек және ішектер. Сондай-ақ, оның көптеген қосымша бөлшектері бар (тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, ойық, қалқа, түйме, өрнек, желкелік). Домбыра тиегі үш түрлі болады (шайтан тиек, негізгі тиек, табалдырық тиек). Домбыра дыбыс өткізгіштігі жоғары қарағай, дыбыс жаңғырту қасиеті бар тұт, қатты жынысты үйеңкі, емен секілді киелі ағаштардан, негізінен, екі түрлі әдіспен құралып немесе ойылып (шауып) жасалады. Құрама домбыралардың шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалса, бітеу домбыра тұтас ағаштан ойылады.

Домбыра аспабы халықтық кәсіби өнердің туып - қалыптасуына, өркендеуіне негіз болған. Байжігіт, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Қазанғап, Сүгір, Тоқа т.б. даңқты күйшілердің төкпе, шертпе күй дәстүрлерінің тууы, дамуы осы домбыра аспабымен тікелей байланысты. Олардың дәстүрін, мұрасын бүгінгі күнге жеткізген Д.Нұрпейісова, Науша, М.Бөкейхановтар, Т.Момбеков, М.Хамзин, Қ.Жантілеуов, С.Балмағамбетов т.б. сияқты домбырашылар болса, қазіргі майталман орындаушылар - Қ.Ахмедияров, У.Бекенов, Р.Ғабдиев, С.Шәкіратов, Б.Ысқақов, Б.Тілеуханов, А.Үлкенбаева, А.Райымбергенов, Е.Казиев т.б.

Домбыра - тек күй тартуға ғана емес, ән айтқанда сүйемел үшін де қолданылатын аспап. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мұхит, Мәди, Кенен, Әміре Қашаубаев, Ғ.Құрманғалиев, Қ.Байбосынов т.б. белгілі әншілер домбыраның әнге әр беріп, әншіге демеу болатынын дәлелдеді.

Домбыраның дамуы

Домбыра аспабының дәстүрлі үлгілерін, халықтық дәстүрдегі перне байлау, домбыра баптау, күй ойнау, домбыра жасау жөнінде зерттеулерді Б.Сарыбаев, Б.Орымбеков, Т. Әсемқұлов,А.Сейдімбек, Д.Шоқпарұлы, т.б. еңбектерінен кездестіруге болады. Домбыра құрылымдық, сапалық дәрежесінің кемел деңгейге жетуі барысында бүгінге дейін бірнеше сатыдан өтті: 1932-1934 жылдары домбыра аспабын жетілдіру бағытында белгілі аспапшы шеберлер Қ.Қасымов, А.Ермеков, Қ.Оңалбаев т.б. еңбек етсе, оны 1960-1970 жылдары Ә.Аухадиев, О.Бейсенбекұлы жалғастырды.

1934 жылы халық аспаптар оркестрінің (Қазақ мемлекеттік халық аспаптар оркестрі) құрылуымен байланысты домбыраның прима, альт, тенор, бас, контрабас сияқты түрлері дүниеге келді. 1990-2000 жылдары аспап жасаушы-қолөнерші шеберлердің республикалық «Үкілі домбыра» сайыстары өткізіліп, соның ықпалымен домбыра аспабы жаңаша зерттеу, даму, жетілу бағытына бет түзеді. С.Ділманов, Ж.Тұрдығұлов, С.Кенжеғараев т.б. домбыра жасаушы шеберлер шоғыры пайда болды. Олар дамытып, жетілдіріп жасаған домбыралар сырт нұсқаларына, бөлшектері мен ішек сандарына, дыбыс ерекшеліктеріне, дыбыс ауқымына және басқа да қосымша ерекшеліктеріне қарай «үш ішекті», «кең шанақты», «қуыс мойын», «бүктемелі», «желбезекті», «тұмар», «қос шанақты» немесе «қос мойын», «үшем» т.б. деп аталып, халықтық - аспаптық музыка дәстүрін байыта түсуде. Домбыра тектес аспаптар Орта Азиядағы түркі халықтарының барлығында дерлік бар. Мысалы, башқұртта «думбыра», қырғыздарда «қол қомуз», түріктерде «саз», «уд». [2]

Көп ішекті домбыралар

Қазақтың музыка мәдениетін зерттеушілер күні кешеге дейін өткен ғасырдағы этнографтардың көп ішекті домбыралар жайында жазып қалдырған еңбектеріне жөнді мән бермей келген еді. Ал, Семей облысынан үш ішекті аспаптар мен үш дауысты бірегей күйлер кездескеннен кейін ғалымдар бұл мәселедегі көзқарастарын өзгерте бастады. Қазақтарда бұрын өзінің құрылысы жағынан үш ішекті көне шертерге ұқсас көп ішекті домбыра болғаны жайында бұл күнде қосымша деректер табылып отыр. Бұрынғы кезде көп ішекті домбыралар Қазақстанның түрлі облыстарында болыпты. Мұны А.Алекторовтың, Д.Исаевтың, П.Юдиннің және басқа этнографтардық мәлімет-терінен көреміз. Осындай мақалалардың бірінен мынадай жолдарды кездестіруге болады. Қырғыздардың музыкалық аспаптары қызығарлықтай емес. Олардың бар болғаны бубен, джибизги және думбралар (думбра - үш немесе төрт ішекті аспап, біздің балалайкаға ұқсайды). Үш ішекті, кейде шанағының ішінде тартылған қосымша ішектері тағы бар, өте көне домбыралар Семей облысының Абай, Шұбартау және Жақа аудандарында жиі кездесетін. Семей облысында үш ішекті домбыра тартудың тамаша шеберлері көп болған. Солардың бірі Т.Мамырбековтың репертуарында ондаған күйлер болыпты. «Боз айғыр», «Қара жорға», «Қара атты», «Көк атты», «Боз жігіт», «Асан Қайғы», «Қорқыт» сияқты күйлерді нәшіне келтіре орындаған. Ұлы Абайдың баласы Ақылбай мен немересі Исраил үш ішекті домбыраны шебер тартқан екен. Исраилдің өзі де бірнеше күй шығарған, бірақ өкініштісі, ол күйлер бізге жетпеді. Қазір Семейдегі республикалық әдеби-мемориалдық Абай музейінде үш ішекті домбыра сақтаулы: олардың бірі Исраилдің домбырасы. Ол тұтас ағашты ойып жасалған. Бет қақпағы ағаш шегелермен бекітілген, оған тарамыс перне байланған. Екінші домбыраның шанағы бөлек - бөлек тақтайдан құрастырылған. Жоғарғы және төменгі қақпақтары фанерден жасалған. Он екі пернесі бар. Үшінші домбыраны ұлы ақын - ағартушы А.Құнанбаев пен оның досы Н.Долгополов Семей өлкетану музейіне 1885 жылы тапсырыпты. Ол да тұтас ағаштан ойып жасалған. Ағаш шегелермен бекітілген бет қақпақта үш шағын ойық бар. Жоғарғы тиек жоқ. Мойынға бес перне байланған.

Құрманғазы атындағы Алматы мемлекеттік консерваториясының аға ғылыми қызметкері А.Серікбаева басқарған фольклорлық экспедиция 1965 жылы жазда Семей облысы Абай ауданындағы М.Әуезов атындағы совхозда болды. Экспедиция мүшелері үш ішекті домбырада М.Әзімханов орындаған жеті бірегей күйді жазып алған. Олардың ішінде: «Қалмақтың би күйі», «Панкратов», «Қазақтың би күйі», «Сары өзен», Ағашаяқтың екі күйі және «Сылқылдақ» бар. Кейін консерваторияның фольклор кабинетіне осы ауданнан үш ішекті домбыра келіп түсті. Бұл домбыраның шанағының ішіне даусын күшейту үшін квартаға келтіріліп екі металл қосымша ішек тартылған. Аспап тұтас ағашты ойып жасалынған. Ағаш пернелері қозғалмайды. Тиектің ішек үшін жасалған үш кертігі бар. Бұл оны сақтау үшін істелген. Аспап квинта мен квартаға келтіріліп бұралады. Көп ішекті және екі ішекті домбыралардың құрылысында ұқсастық көп. Көп ішекті домбыралардың мойны қысқа, пернелері жылжымалы болған. Шығыс облыстарда кездесетін екі ішекті домбыралардың да мойны нақ осындай. Екі қосалқы ішегі бар екі ішекті домбыралар да кездеседі. Кейбір домбыраға сым ішек тағыла бастайды. Кейін жылжымалы пернелер тұрақты мыс пернелермен алмастырылды. Қосақталған екі сым ішекті және пернелері тұрақты бірегей домбы-ра 1967 жылы Талдықорған облысының Панфилов ауданынан табылды. Ол бұл күнде автордың музыкалық коллекциясында сақтаулы. Екі ішегі аспаптың шанағының және мойнының ішінен өтетін домбыралар да бар. Оларда төрт немесе екі құлақ болады. Құлақ екеу болғанда ішектер мынадай ретпен тағылады: екі ішектің ұштары мойынға шалынады да мойынның ішіне жіберіледі, одан әрі шанақтың төменгі бөлігіндегі ролик арқылы сыртқа шығарылады, одан соң сырттан керіліп екі құлаққа бекітіледі. Міне, осы себепті құлақты бұрағанда ішкі және сыртқы ішектер бір мезгілде күйге келтіріледі. Д.Нұрпейісова атындағы халық аспаптары оркестріне қатысушы Қ.Темірәлиев 1960 жылы жасаған домбырада төрт ішек бар. Олардың екеуі шанақ пен мойынының ішінен өтеді. Төрт құлақ болуы арқасында әр ішек жеке күйге келтіріледі. Ішкі ішектер сыртқылармен унисон түрінде күйге келтіріледі де, аспаптың даусын күшейте түседі. Мойынның сағасының бір бөлігі ашық қалдырылады, ол ішек үзілген кезде жаңасымен ауыстыру ыңғайлы болуы үшін қажет.

Домбыраға қосалқы ішек тағылуы және ішекті қос-қостан тағу ол кездегі музыкант орындаушылардың аспаптың үнін жетілдіруді мақсат етіп, үнемі ізденіс үстінде болғанын көрсетеді. Қостанай облысының Боровское ауданында шанағының ішіне қоңыраушалар ілінгек домбыралар да кездесті. Мұндай домбыра жасаушы шебердің бірі - Саубай Ахметов екен. Таулы Алтай автономиялы облысының Қосағаш ауданында бұрын халық композиторы Бейсен деген кісі тұрған екен, ол үш дауысты күй шығарыпты. Үш дауысты күйлерді алғаш зерттеп көргеннің өзінде-ақ олардың өзгеше әуезділігі байқалады. Музыка зерттеушісі Л.Тарасова үш дауысты «Сылқылдақ» күйінің до-тональдық, метрикалық, құрылымдық және басқа сипаттарын талдай келіп: «бұл күй бізге бұған дейін: белгілі күйлердің бәрінен мүлде өзгеше екен. Бүған «кінәлі» оның үш дауыстылығы, осы үш дауыстың нәтижесінде өте бір ерекше комплекстер, қазақ музыкасы үшін мүлде өзгеше әрі жаңа әуендер өмірге келген».

Көп ішекті домбыраларды тарту мәнері Қазақстанның, шығыс облыстарындағы домбырашылардың тартысына ұқсайды. Яғни күйлер ішектерді жеке-жеке шертіп ойнау тәсілімен орындалады. мұндай тәсіл республикамыздың бұл аймақтарында үш ішекті домбыраның сақталуына себепші болған. Үш ішекті домбырада орындалатын күйлер өзгеше естіледі және олардың орындалу тәсілі де басқаша. Екі ішекті және үш ішекті домбыралардың көп ішекті жетігенмен және үш ішекті шертермен ұқсастығы да жоқ емес. Үш ішекті домбыра тартудың қалыптасқан дәстүрін қазақтың аспаптық творчествосы дамуының неғүрлым ертеректегі кезеңіне жатқызуға болады.

Домбыраның жетілдірілуі аспаптық музыканың дамуымен тығыз байланыста жүріп отырған. Бірі - біріне ұқсамайтын орындаушылық екі дәстүрдің орын алуын құрылысы және сыртқы түрі жағынан басқа-басқа екі түрлі домбыра жасалуына себепші болды. Осының бәрі қазақ халқының музыка мүрасын байыта түсті. Қазақстанның орталық, оңтүстік және шығыс облыстарының орындаушылық дәстүрі әлі күнге дейін жете зерттелінбей отырғанын айта кету керек. Советтік заманда Қазақстанның аспаптық музыкасы дамытылуына байланысты екі ішекті домбыра жетілдіріліп қайта жасалды да оны тарту шеберлігі биік сатыға көтерілді.

1943 жылы Құрманғазы атындағы Қазақтың халық аспаптары оркестрі ұйымдастырылған шақта домбыраның бірнеше түрі бірден жасалынғанды. Оркестрге әр жылдары жетекшілік еткен А.Жұбанов, Л.Хамиди, Л.Шаргородский, Ш.Қажғалиев, сондай-ақ музыка аспаптарын жасаушы шеберлер И.Романенко, Қ.Қасымов домбыраны жетілдіру және домбыраның мүлде жаңа үлгілерін жасау жолында қажымай-талмай көп еңбек сіңірді. Домбыра мен қобыз Осакаровка музыкалық аспаптар фабрикасында және Алматыдағы мебель фирмасының музыкалық аспаптар цехында жасалынуда. Ал оларда жасалынып шығып жатқан аспаптардын, саны да, сапасы да аспапқа қойылатын талаптан көп төмен. Аспаптарды көптен шығару ісінің жолға қойылмай отырғаны, яғни сапалы аспаптың тапшылығы көркем өнерпаздар үйірмесінің кең қанат жайып дамуына, жас музыканттарды тәрбиелеп баулуға кедергі болып отыр. Қазақ ССР Министрлер Советі музыкалық аспаптарды шығару және сапаларын жақсарту жөнінде 1968 жылы 27 февральда қаулы қабылдаған болатын. Осы қаулыға сәйкес аспаптардың қолданылып жүрген түрлерін қайта жасауды және көне аспаптарды қалпына келтіруді қолға алған эксперименттік лабораториялар жұмыс істей бастады. Бұл кезеңде ағаштың физикалық-механикалық және акустикалық қасиетін зерттеп анықтау барысында біраз жұмыстар атқарылды. Аспаптарды жобалау қазақ аспаптарының көне үлгілерін, сондай-ақ халық шеберлерінің тәжірибелері мен дәстүрлерін, этнографиялық материалды зерттеп, игеру негізінде жүргізілді.

Домбыраны зерттеу нәтижелері

Әр түрлі үлгідегі домбыралардың қақпақтары зерттелінді. Қақпақтың жеке бөлшектерін құрастырып жинағаннан кейінгі серпінін белгілеу үшін кергіш орнатылады. Қақпақты шанаққа отырғызғаннан кейін топты жаңғырық пайда болады. бұл шанақ пен қақпақтың арасындағы бір тұтас жаңғырық болып саналады. Қақпақты өңмеу жұмыстары оның тербеліс жиілігіне өзгеріс енгізеді, сондықтан қақпақ шанаққа бекітіліп, біржола өңделгеннен кейін тербеліс жиілігі қандай болатынын күні бұрын білуге болады. Оның үстіне ағаштық физикалық ерекшелігіне байланысты көлемі бірдей қақпақтардың өзіндік үн шығару қасиеті де әр түрлі. Солай бола тұрса да қақпақты қажетті интервал шамасында дыбыстайтын етіп күйге келтіруге болады. Тақтайшаларды іріктеу, қақпақтың қалыңдығын анықтау және серпінді орнату әрбір қақпақтың ерекшелігіне байланысты, бұл іске аса мұқият болған жөн. Қалаған үнді келтіру үшін қақпақтың бөліктерін дұрыс іріктеудің де маңызы бар. Қақпақ құрастырылғаннан кейін тақтайшалардың санына қарай реттей отырып қажетті үнді алуға болады. Зерттеу жүмыстарын жүргізу нәтижесінде анықталғандай, егер қақпақтың көлемі неғұрлым кішірек болса, ағаштың тербеліс қасиеті де соғұрлым жиілей түседі. Қақпақты құрастырған және күйге келтірген шақта, сондай-ақ оның параметрлерін белгілегенде осы жайларды ескерудің маңызы өте зор. Ағаштың тербеліс жиілігі оның физикалық қасиетіне де байланысты дедік. Көлемі бірдей екі тақтайдың физикалық қасиеттері әр түрлі болса, олардан алынатын дыбыстың айырмашылығы да үш жарым тонға дейін алшақтайды. Жас ағашқа қарағанда кептірілген ағашты күйге келтіру оңай. Қақпақ бірнеше шағын тақтайды желіммен біріктіру арқылы жасалынады. Қақпақты құрайтын тақтайлардық физикалық қасиеттері мен түсі бірдей болуы шарт. Тақтайша ағаштың табиғи жолақтары бойынша бір бағытта жымдастырылып біріктіріледі. Ені - 250 мм, ұзындығы - 400 мм және қалыңдығы - 2,5 мм етіп құрастырылған қақпақтың тербеліс жиілігі ағаштың физикалық қасиетіне қарай 207,64-233,08 гц шамасында болады. Егер қақпақтың қалыңдығы 3 мм болса, онда тербеліс жиілігі 233>08-277,12 гц шамасында болмақ. Қақпақты күйге келтіру кезінде ескерілетін ендігі бір қажетті іс кергіш орнату. Қақпақтың жалпақ бөлігіне орнатылған кергіш қақпақтың тербеліс жиілігіне нұқсан келтірмейтін болуы шарт. Мысалы, егер кергіштін, ені - 5 мм, ал биіктігі - 6 мм болса, онда қақпақтың үні бір тон шамасында жоғарылайды. Тәжірибе көрсеткеніндей, қақпақтың алғашқы кездегі тербеліс жиілігін сақтау үшін серіппені бірте-бірте аласарта беру керек. Сынақ жүргізілгенде байқалғандай, қақпақтың тербеліс жиілігіне әсер ететін негізгі факторлар мыналар:

- ағаштың физикалық қасиеті;

- қақпақтың қалыңдығы мен жұқалығы және жанама түрде әсер ететін факторлар;

- қақпақтың сәл ұзартылуы мен қысқартылуы;

- өрнектеу.

Қақпақ үнінің тазалығы оның жақсылап жымдастырылуына, құрастырылуына және қалыңдығына байланысты. Әр түрлі аспаптардың үнін келтіру әдісінде ортақ жайлар көп болғанымен әрбір қақпақты жекеше алып қарау керек. Домбыра қақпағын күйге келтіру де, осы аспаптың қүлақ күйіне тәуелді. Домбыра - тенордың қақпағы тербеліс жиілігі-233,08-261,6 гц шамасында дыбыс алуға қолайлы келеді, өйткені мұндай жиілік домбыраның мензурасына, оның құлақ күйіне және дыбыстау сипатына сәйкес келеді. Аспапта жұмсақ тембр, майда қоңыр дауыс пайда болады. Егер қақпақты құрастырғанда оның күйге келтірілуі ескерілмесе, онда, практикада бақыланғанындай, қақпақтың тербеліс жиілігі көбінесе 293,6-349,2 гц шамасында болады. мұндай жағдайда аспаптың даусы нашар шығады, тембрі құлаққа жағымсыз келеді. Қазір домбыраның қақпағы 2-5 бөлек тақтайдан құрастырылып жүр. Тақтай бөлшектерінің санына қарай қақпақты құрастырудың және күйге келтірудің жолдары өзгеріп отыруға тиісті. Егер қақпақ екі бөлшектен ғана құралса, онда оларды бір тонға келтіру қажет, ал егер үш бөлшектен құралатын болса ортадағы тақтай күйге келтіріледі. Төрт бөлшектен құрастырылса ортадағы екі тақтайдың күйге келтірілетін болуы маңызды, өйткені негізгі тонды беретін солар.

Сөйтіп, қақпақ жасаудың бүкіл процесін оны күйге келтірумен бір мезгілде жүргізу қажет, яғни:

- қақпақтан өзіміз қажет еткен үнді оны әзірлеудің бастапқы сатысында-ақ алу керек;

- егер қақпақтың үні құрастыру ісі басталған кездің өзінде-ақ, тым жоғары болса, келесі тәжірибе үстінде де қажетті үнді ала алмайсыз, сондықтан оны күйге келтіріп және аспаптың шанағына орнатып текке әлектенбеу керек;

- аспаптың даусы жақсы болуы үшін қақпақтың үнін си-ге немесе си-бемольға жеткізу қажет;

- егер бөлек тақтайшалардың арасы дұрыс желімделмесе қақпақ біртектес ағаштан құрастырылмаса, талшықтардың бағытталуы қисық болса, жарықшақ сызат түссе, домбыраны күйге келтіру қиындайды. Тәжірибе көрсеткеніндей домбыра-тенордың, қақпағының үніне қарап аспаптың тембрлік даусын күні бұрын білуге болады. Ал мұның, өзі аспаптарды көбінесе сапалы етіп жасауға мүмкіндік береді. Қақпақтың үні жақсы болса - тембрі жұмсақ, ал үні жоғары болса - тембрі ащы болады.

1970 жылы Осакаровка музыкалық аспаптар фабрикасында жасалған бес домбыраға лабораторияда талдау жасап көрген кезде, зерттеу мынаны көрсетті. Қалыңдығы 3,1 мм-ден - 4,1 мм-ге дейінгі қақпақтарды ашып қарадық. Артқы пружинаның биіктігі 5,2-5,6 мм шамасында екен. Мұндай көлем тербелістің қасиетті жиілігін және дұрыс күйге келтіру үшін керек болатын шарттылыққа сай емес. Қақпақтың қалыңдығын 1 мм-ге жұқартқан соң және пружинаның биіктігін тағы 1 мм-ге кеміткен соң тербеліс жиілігі азаяды. Қақпақтың үні жарты тоннан астам төмендейді. Егер бұрын тербеліс жиілігі 138,56 гц болған болса, енді ол 128,8 гц кеміді. Мұнан қорытарымыз, көптеп шығарылатын домбыралардың дауыс шығару мүмкіндігін жақсарту үшін тэжірибе жүргізудің нәтижесінде алынған параметрлерді сақтау қажет екендігіне көз жеткізу қиын емес. Халық шеберлері аспаптың үнін жақсарту жолында үнемі ойластырып, көп ізденіп келген. Сондықтан да олар домбыраның формасы мен құрылысына ерекше назар аударған. Қолға алып зерттеген бірнеше домбырамыз тұтас ағаштан ойып жасалған. Сырт қарағанда бұл домбыралар жалпақ сияқты, алайда, шанақтың қуысы тостағанша дөңгеленіп ойылған, ал мұның өзі аспаптың даусы жақсы шығуына мүмкіндік береді. Қақпаққа серіппе орнатылмаған, бұл жағдай шанақтағы қақпақтың үні бір қалыптан өзгермеуіне көмектеседі екен. Белгілі шебер И. Романенко және басқа да шеберлердің қолымен жасалынған бірнеше домбыраға көрнекті музыканттар талдау жасады. Мысалы, атақты орындаушы Д.Нұрпейісова тартқан домбыра-альттің қақпағын ашып көрдік. Д.Нұрпейісова аспапқа мейлінше сын көзімен қарап ең сапалысын ғана таңдап алған болуы керек. Оның осы домбырасын 1939 жылы шебер Ермек Арыстанов жасапты. Талдау мынаны көрсетті: шанақтағы қақпақтың тербеліс жиілігі 281,5 гц-ге тең. Домбыра-альт қақпағының көлеміне қарағанда (ені - 195 мм, ұзындығы - 344 мм) мұндай тербеліс ең жақсы болып саналады. Қақпақтық тербеліс жиілігі оны бөліп алғанда да сол күйінде қалдық Қақпақтың қалыңдығы 2,3-2,5 мм шамасында, артқы серіппенің биіктігі - 2,2-2,7 мм, онық ені - 6,4 мм, алдыңғы серіппенің биіктігі - 2,2-2,7 мм, оның ені - 4 мм.

Шанақтың тербеліс жиілігі 320,12 гц. Шанақтың көлемі: оны құрайтын бөлшектердің қалыңдығы - 2,0-2,3 мм, шанаққа қондырылатын контробичайканың қалыңдығы - 2.0-1,7 мм шамасында, контробичайкалардық ені - 1,2 мм, бөліктер мен контробичайка-лардың жалпы қалыңдығы - 4,0 мм. Аспаптың шанағы жаңғақ ағашынан, мойны - қайыңнан, қақпағы - шыршадан жасалған. Сөйтіп, нақ осы тектес домбыра үшін ең қолайлы қақпақ қандай болуы керек екені белгілі болып отыр. Қақпақтың тиісті дірілі шыршаны кептіру арқасында алынды. Серіппелердің көлемдері қақпақтың үніне нұқсан келтірмейтіндей етіп жасалған. Шанақтың бөліктері мен контробичайкалары да тиісті көлемде, сондықтан шанаққа бекіткеннен кейін де қақпақ өз құлақ күйін сол бұрынғы қалпында сақтап қалды. Құрылысы мен даусының түпкі ерекшеліктері сақталып қайта жасалған домбыра оркестрдің құрамында домбыра-тенор қызметін атқара бастады. Нақ осы домбыраның арқасында дәстүрлі аспаптық музыка - күйлерді орындағанда оркестр даусы ұлттық өзгеше рең танытады Домбыраның репертуары орыс классикасы шығармаларымен және қазіргі заманғы музыкалық шығармаларымен де байып отыр.

Күйдің аймақтық дамуы

Қазақ күйшілерінің орындау мәнері аймақтық күй ұяларына байланысты дамиды. Күй әуені интонациялы саз ретінде әуелде бір түбірлі болғанмен орындаушылық мәдениеттің тезіне түскен кезде әртүрлі арнаға түседі. Қазақтың күй өнері негізінен төкпе, шертпе деп айдарланған екі машыққа бөлінеді, соған орай олардың жерге, топыраққа тартып тұратын айшықты мінездемелері де бар. Төкпе және шертпе деген анықтама күйдің тәсілді тартысына байланысты туындаған кейінгі аттар, А.Жұбановтың «Ғасырлар пернесі» кітабындағы Тәттімбет жайлы зерттеуде шертпе күй деген сөз кездеспейді, мұндай атау У.Бекенов кітаптарынан кейін енген (Шертпе күй шеберлері.).

Күйлердің қазіргі оқытудағы аймақтарға қарай ұялық бөліністері жеті мектепті құрайды:

  1. Алтай күйшілік ұясы, аймағы - Шығыс Қазақстан ;

  2. Арқа күйшілік ұясы, аймағы - Орталық Қазақстан ;

  3. Жетісу күйшілік ұясы, аймағы -Оңтүстік Шығыс Қазақстан;

  4. Қаратау күйшілік ұясы, аймағы -Оңтүстік Қазақстан;

  5. Жиделі Байсын күйшілік ұясы, аймағы -Сырдария, Арал өңірі;

  6. Орда күйшілік ұясы, аймағы -Батыс Қазақстан;

  7. Түбек күйшілік ұясы, аймағы - Маңғыстау.

Күйшілік ұялардың бұлай бөлінуінің жүйесін алғаш жасаған А.Сейдімбек, оған дейін мұндай мектеби жіктеу жасалған емес. Бұл күй тарихы мен орындалу мәдениетіне дұрыс бағдар бере алатын нақты әрі дәл анықтама болды.

Қазақ күйлерінің аймақтық ұяларының мұнан да басқа әлі айқындала қоймаған күйшілік мектептері бар, олардың көбісі өзінше төбелі мәнер болғанымен аз ескеріледі. Алтай күйшілік мектебінде - Тарбағайлық, Арқада - Тоқырауындық, Жаңа арқалық, Жетісуда - Таластық, Қаратауда - Күнгейлік, Жиделі байсында - Аралдық, Ордада - Оралдық, Түбекте - Үстірттік (Түркіменше шалу мәнері) мектептер қалыптасқан және олар жеке күйшілік ұя болуға әбден лайықты. Бұлардан өзге Іле, Шығыс Түркістан мен Байөлке жеріндегі күйшілік те өзінше төрге шығуға тұрарлық мәнерлі мектептер. Осы мектеп өкілдері - Аққыз, Тоқа, Байсерке, Үсен төре, Мәмен, Әренжан, Есір сияқты күйшілер орындаушылықтың шыңына шығып, артына із қалдырған домбырашылар. Бұл мектептер тәжірибеде орындаушылығы бөлек домбырашылық өнер болып бағаланғанымен жоғарыдағы мектептердің атына жалпылама телініп жүр.

Осыларды қомақтай айтқанда қазақтың күйшілік ұяларының жалпы саны он сегіз болар еді: Алтай, Тарбағатай, Арқа, Жаңа арқа, Тоқырауын, Жетісу, Талас, Қаратау, Қаратаудың күнгейі, Жиделібайсын, Арал, Орда, Орал, Түбек, Үстірт, Іле, Шығыс Түркістан, Байөлке. Күйшілік ұялардан басқа үлгілік мектептер де бар. Әрбір күйшілік ұяның басында сол саладағы орындау мәнерін жасаған тұлғалар бар. Байжігіт, Тәттімбет, Қожеке, Сүгір, Қазанғап, Құрманғазы, Абыл сияқты күйшілер өз мектебінің іргетасын қалағандар және шығармашылығы ерен жасампаз (реформатор) сазгерлер. Олардың үлгілерін әрі қарай дамытқан замандық күйшілеріміз солардың шәкірттерінің қолынан күй алғандар, әрі сол күйлерді тарту барысында өз орындаушылық мектептерін де қалыптастырған домбырашылар. Осы күні Ә. Хасенов, М. Хамзин, Н.Тілендиев, Ж.Қаламбаев, Т.Момбеков, С.Балмағамбетов, Б.Басығараев, Қ.Жантілеуов, Р.Ғабдиев, С.Шәкіратов сияқты күйшілердің орындаушылық мәнерлері де өз кезегінде жалғасын тауып, жеке мектеп болып қалыптасқан үрдіс саналады. Қазақ күйлерінің шығуы, құрылымы мен тегі бір. Алайда, аймақтық мектептерге бөлініп, жеке орындаушылық үлгілердің өз алдына отау тігетін заңдылығы және бар, бұл үрдіс күй табиғатын тануға әсте бөгет болмайды. Керісінше аспаптық музыкамыздың байлығы мен кемелдігін айшықтайды. Аймақтық факторларды ескергеннің өзінде, күйдің шертпе, төкпедеп бөлінуін тек қана тарту техникасының өзгешелігімен түсіндірген абзал. Күйлердің әуелде бір сарынды болып (көне күйлер, аңыз күйлер) кейіннен әр қалай мақамда дамуы - кезеңдену процессіне байланысты. Қазақ даласының шығыс аймағына кең тарап, ғасырлар бойы дамыған күйдің ұлы арнасы - шертпе, күй атасы - Кетбұғыдан басталып Байжігітке, одан Тәттімбет пен Бежеңе (Бейсенбі) ауысқан шертпе өнері ұлттық музыка мәдениетінің классикалық мұрасы болып табылады.

Шертпе күй - аты айтып тұрғандай шертіліп тартылатын күй, мұндағы сөздің түбірі - «шерту» етістігі, музыкалық сөздікке кейіннен енген атау (ертеде күйді бөле атау үрдісі жанрлық ерекшелігіне байланысты. Мысалы: жыр күйлер, би күйлер, ойын күйлер т.б.). Кейбір зерттеулердегі «шер» сөзінен шыққан, іштегі шерді қозғайтын күй деген анықтаманың көңілге қонуы қиын, төкпе болсын, шертпе болсын, қазақта шер қозғамайтын күй бар ма? Қысқасы, шертпе - тарту техникасы көбінесе бір ішекті саумалай шерту әдісіне құралған күйлер. Мінезіне келсек жалпы ұлттық күйшілік дәстүрге ортақ қарекеттің барлық белгілері бар, бір жақты «жуас» деу жаңсақ ұғым, себебі шертпе мектебінен шыққан екпіні төкпеге бара-бар әбжіл күйлер толып жатыр (мысал үшін «Салкүрең», «Дайрабай», «Ыңғай төкпе», «Көкбалақ» т.б.). Сондықтан, шертпе күйдің табиғатын танудың бір амалы-аймақтық мектептерін анықтау. Қазақтың тамаша күйшілік мектептерін орнықтырып кеткен ұлы күйшілердің шығармашылығын барлағанда әуені мен тартысына қарап қай өлкенің тумасы екенін анықтауға әбден болады. Өйткені ғасырлар бойы қалыптасқан белгілі бір сарындар тобы сол топырақтың ғана меншікті мақамына айналып кеткен күй қай аймақта, қай уақытта туса да қазақтың құлағы оны жазбай танитыны содан. Әрбір аймақтың тілінде, киімінде, қолөнері мен тұтынатын заттарында сол жерді мекендеген елдің қауымдық ерекшелігіне тән айырмашылықтар болатынын этнографтар да жоққа шығармайды. Алайда, бұл факторлардың ұлт мұрасының тұтастығына нұқсаны жоқ, керісінше мәдениетіміздің байлығы мен байтақтығы болып саналады.

Қазақ тарихын түркі заманынан бастап зерттеген орыс ғұламасы - Л.Гумилев шығыс өркениетінің Алтай жерінен бастау алғанын жазады, қазіргі кезеңге дейін жетіп отырған алтайлық әндер мен күйлерді тыңдағанда олардың көне түркілік сазға құрылғанын аңғару оңай. Музыкатанушы - ғалым П.Шегебаев бұл мектеп туралы мынадай пікір айтады: «...Шығыс аймақта дамыған аспаптық үлгі қазақ музыка мәдениетіндегі ерекше құбылыс. Мұны тарихи тағдыры бір түркі - мұңғұл халықтарынан қалған мәдениет деп тануға әбден болады. Аспаптық шығармаларының обертонға бай, тембрлік бояуларының қою (қоңыр) болатыны соның әсерінен». (Шығыс Қазақстандық аспаптық музыканың стильдік ерекшеліктері. Мақала. Ғылыми еңбектер жинағы, Астана 2004.) Шертпе өнерінің белді өкілі - Байжігіттің күйлерінен тек Шығыс өлке емес қазақтың барлық күй мектептеріне ортақ қайырымдарды кездестіруге болады. Айтпағымыз, қазіргі шертпе күй мектептерінің қалыптасуының басы - қасиетті Алтай жерінен бастау алады деген тұжырым.

Қазақтың шертпе күйлерінің аймақтық ұяларын былайша тарқатуға болады:

  • Шығыс Қазақстандық (Алтай-Тарбағатай) күйшілік мектеп;

  • Арқа күйшілік мектебі;

  • Жетісу күйшілік мектебі;

  • Қаратау күйшілік мектебі.

Жеке тұлғалардың орындаушылық мектептері:

  • Байжігіт мектебі;

  • Тәттімбет мектебі;

  • Қожеке мектебі;

  • Сүгір мектебі;

Өнерде ерекше ізі қалған күйшілердің мәнерлік мектептері:

  • Әбікен мектебі;

  • Жаппас мектебі;

  • Мағауия мектебі;

  • Төлеген мектебі;

  • Нұрғиса мектебі;

  • Уәли мектебі.

Әлбетте, осы аттары аталған күйшілердің тартыс үлгілері қазақ музыкасының алтын қорында сақтаулы, сондықтан кейінгі орындаушылардың шертпелік өнерде бірден-бір бағыт алар бағдары болып отыр. Оның үстіне осы үлгілерге еліктеп өскен бір қауым күйшілер буыны өсіп жетілді. Қазіргі уақытта шертпе дәстүрін дамытып, аймақтық күйшілік мектептердің салтын сақтап жүрген домбырашылардан - Б.Қошмағамбетов (марқұм), М.Тілеуханов, Т.Әсемқұлов, Д.Садуақасов, Б.Ысқақов, С.Тұрысбеков, Р.Әбілханов, Б.Мүптекеев, С.Ақмолда, С.Жүзбаев, М.Әбуғазин, Қ.Айтбаев, А.Қадырбектердің есімдерін атауға болады. Шертпе күй туралы арнайы кітаптар жазып, ғылыми зерттеу жүргізген ғалымдарымыз - А.Жұбанов, У.Бекенов, М.Айтқалиев, А.Сейдімбек, Ә.Мұхамбетова, П.Шегебаев, Р.Малдыбаева, Т.Әсемқұлов. Шертпе күйшілердің өмірі жайлы әдеби деректер қалдырған жазушыларымыз - Т.Әлімқұлов, С.Бегалин, М.Мағауин, Ж.Алтайбаев, К.Салықов, І.Жақанов, Т.Әсемқұлов, К.Жүнісов, Ө.Кәріпұлы, Я.Амандықовтар.

Шығыс Қазақстан күйшілік мектебі

Қазақ күйлерінің архаикалық (байырғы) түрлері Алтай-Тарбағатай жерінде мейлінше мол сақталған. Күйлердің орындалу машығы көнеден келе жатқан дәстүр екендігін айғақтайды, шығыс сарындарын тыңдаған жан оның барша түркі-мұңғұл (ғұндар деген ұғымда) нәсіліне ортақ әуен екендігін бағамдай алады. Күйлердің аттары тотемдік наным-сенімдерге құрылған. Мысалы «Самұрық», «Ақсақ марал», «Боз інген», «Бұлғын мен Сусар», «Ағаш ат», «Жорға аю» т.б. Алтай күйлерінің өзге мектептерден ерекшелігінің бірден-бір белгісі. Олардың әуелден домбыра, шертер, сыбызғы, шаңқобыз, жетіген аспаптарына ортақ саз ретінде туғандығы (музыкатанушы П.Шегебаевтың пікірі).

Сондықтан домбыра күйлері осы аспаптардағы бояулар арқылы аса байытылғаны айдан анық көрініп тұрады. Қыпшақ-Оғыз заманынан қалған көмекей ғырыл (бурдон) дыбысты аспапта сақтай отырып күй толғау қазақ жерінде тек шығыста ғана сақталған, (көмекеймен жыр айту үрдісі Сыр өңірінде жақсы дамыған десек те, ол жердің аспаптық шығармаларында бурдондық тәсіл қолдану жоқ) ол тек сыбызғыда емес, домбыра күйлерінде де кең қолданылады, әсіресе теріс бұраудағы шертісте көп.

Күйлердің құрылысы қайырмалы ән формасымен өрілген, сағаны қуып дамыту, тондық тұғырды (тональность) ауыстыру, ладты өзгерту мүлде жоқтың қасы. Кез келген Алтайлық шығарма тұтастай екі немесе үш рет қайталанып орындалады, финалында бастапқы тақырып емес, еске түсіріле шолақ қайырылып аяқталады. Күй мінезі асқақ, соған сәйкес ырғақтары да біркелкі жүрдек, қайғылы күйлердің өзінде мажордағы салтанат тәкәппарланып тұратыны бізден басқа ұлттың ұғымына түсініксіз де шығар («Аңшының зары», «Бөкен жарғақ» т.б.). Шығыс Қазақстандық күйшілік мектептің тағы бір қыры жоғарыда айтылған тотемдік нанымнан туған күйлер орындалғанда домбырашы белгілі бір аңның немесе жануардың мінез-құлығын аспапта суреттеуге ұмтыла қоймайды. Керісінше тақырыптағы мақұлық пен күйшінің ортасында құпия тілдесу (диолог) үрдісі пайда болады. Нәтижесінде - біз бейнелеуден бөтен, тұтас екеу ара сұхбатқа құрылған жораның (ритуал) куәсі боламыз. Шертпе күйлердің ішінде орындалуы, техникалық жағынан меңгерілуі ауыры - осы мектеп, себебі, мұнда ілме қағыс, терме (шектерді термелеу) қағыс, сол қолда кездесетін тайғанақ әдіс, ысырма әдістерді айтпағанның өзінде күйдің аңыздық, программалық ізі дәстүрлі методиканың дәрістерін керек етеді. Шығыс Қазақстаннан шыққан дәстүрлі күйшілер - Байжігіт, Бейсембі, Ж.Стамбайұлы, Ш.Шалап батыр, Сақбике, Т.Мүкей, Раздық, Шотайбай, Масығұт, Бейісбай, Әшім, Б.Саятөлекұлы, Ғ.Барлықов, Т.Әсемқұлов, Ж.Шәкәрімов, Б.Ысқақов, Т.Баяқов, Қ.Әбуғазин, Қ.Ақмерұлы.

Домбыра аспабымен сабақ беру және оның әдістері

Бүгінгі біздің негізгі тақырыбымыз ұлттық домбыра болғандықтан, сол қазақ домбырасының құрылысын, дұрыс түсіндіру домбырада отыруын құлақ күйінен бастау керек. Адамның көңіл күйі мен домбыраның құлақ күйі бір тектес. Өйткені домбыраның құлақ күйі келмейінше, онымен ән-күй тарту мүмкін емес. Сол себепті сыныпты құлақ күйінен бастаған жөн сияқты. Сабақты әрі жемісті, әрі қызықты өткізу үшін, оқушының көңіліне қонымды және түсінікті болу үшін, оқытушының сабақ беру, сабақ өткізу әдісі оқушының ой-өрісіне сай болуы керек. Демек, оқытушының сыныпта сабақ беру әдісі әр түрлі болуы заңды.

Білім беру мен тәрбиелеушінің негізгі формасы - музыка сабағының басқа сабақтармен ерекшеліктері, іс әрекеттің әр түрлі және мол болуы шарт. Музыкаға тәрбиелеу барысында баланың ақыл - ой белсенділігі талап етіледі, музыкалық әсер арқылы әр түрлі сезімге беріледі, көңіл күйі өзгереді. Ән салу арқылы ән мазмұнын өз басынан кешіргендей әсерленеді, ғажайып қиял елесі туындайды. Музыканың шығу тарихын қызықты баяндау арқылы елесі туындайды. Осымен бірге оқушының музыкалық ой - өрісін кеңейтуге музыкалық аспапта ойнау дағдыларын ойдағыдай дамытуға қажетті арналған педагогикалық репертуар пайдаланылады. Мәселен дыбыс шығару, перне басу т.б. әдіс амалдар. Штрихтың бірнеше түрлері болады пицикато, тремоло, қос пицикато т.б. Тремолар штрихы бір немесе бірнеше дыбыстың өте жиі қайталанылуы. Ол дыбысты ұзақ ұстап тұру үшін немесе әуенді әрлеу үшін қолданылады. Домбыра тремоло штрихы түрлі әдіспен орындалғанымен, негізінен оның екі түрі қолданылады.

1) Жеке саусақпен орындау. Бұл тремоланы домбыраның шанақ түбіндегі түйме тұсынан оң қол білегімен қаусыра ұстап, алақанды төмен қаратып отыру керек.

2) Сұқ саусақ пен бармақ арқылы ойналатын тремолалар қолдың әр түрлі қимыл қозғалысымен орындалады. Мәселен тремоло штрихының бірінші түрінде қозғалыс саусаққа берілсе, екінші буынға беріледі. Тремоло штрихында әр ішекте жеке жатыққан тиімді. Оқушы болашақ орындаушы болғандықтан оның өз бетімен жұмыс істеп үйренуі үшін, оған еркіндік берудің үлкен маңызы бар. Мысалы: шығарманы үйренуде оның ырғағы қиындық туғызса, орындау белгілері ойдағыдай шықпай жатса оқушы оқытушының айтқанын қайталап ойнаған сайын, есіне түсіріп, оны игергеннен кейін ғана шығарманың келесі буынына көшуге тиіс. Оқытушы ойын кезінде оқушының отырысында, оң қол мен сол қолының дұрыс пайдалануында бақылап жөндеп отырады. Мысалы, түрлі дыбыс шығару нюанстарына қарай оқушының оң қолын, оң қол шынтағын бақылап, оны ілгері - кейінді ысырып, жылжытып отыру оқытушыға қиындық туғызбайды. Оқушы шығарманы ойнап болғаннан кейін оқытушы байқалған кемшіліктерді жөндеп, дұрыстау методына көшеді. Негізінен оқытушы сабақ беру методына тек үйге берген тапсырманы тексеру, оны тыңдау, жөндеу немесе шығарманы талдап орындау шеберлігіне үрету сабақтары ғана жатпайды, оған орындалатын музыкалық пьесалар, жаттығулар мен этюдтар жайлы болатын кластағы әңгімелер де жатады. Мысалы: Құрманғазының «Бұлбұл» күйін, Қ.Ахмедияровтың «Қосбасары» ІІ түрі күйін ойнағанда оның оң қол қағысын қадағалап, сұқ-саусақтарына көп-көңіл бөлу керек. Негізінен жаңа шығарманы үйрену тәсілінен кейінгі негізгі үйрену жұмысының бірі, шығарманың техникалық орындаушылық жағын үйрену болып табылады. Оқытушы бұдан кейін де, оқушыға шығарманы түгел жатқа ойнауды мақсыт етіп қоймау керек. Бұған оқушыны біртіндеп дайындап, басқаша айтқанда, шығарманы бөліп-бөліп жаттау керек. Шығарманы осылайша басынан аяғына дейін, жатқа үйреніп болғаннан кейін, түгел ойнауға болады. Тек осылай үйренгенде ғана оқушы ол шығарманы ұзақ уақыт есіне сақтайтын болады.

Қорыта айтқанда, оқытушының әрбір сабағы, тиянақты,түсінікті болып, бір-бірімен астарласып, бірін-бірі толықтырып жатуы керек. Оқытушының сабақ беру әдісі, әр сабаққа лайықты жаңаланып өзгеріп отыруы тиіс. Оқытушы әрбір оқушының өзіндік ерекшелігін ескеріп, онымен есептесуге міндетті. Сонда ғана оқытушының сабақ беру әдісі жемісті болады.

Сабақты ұйымдастыру.

Сабақты әрі жемісті, әрі қызғылықты өткізу үшін, оқушының көңіліне қонымды және түсінікті болу үшін, оқытушының сабақ беру, сабақ өткізу методы оқушының ой өрісіне сай болуы керек. Демек, оқытушының сыныпта сабақ беру методы әр - түрлі болуы керек. Оқушы, домбыраны үйренгенде алдымен оның ерекшелігін, ұлттық қасиетін түсіндірген өте жөн. Домбыраның бұрауы нота тілімен айтқанда кварта болады (ре, соль). Домбыра тартуды үйреткенде әуелі төмен қағысты қағып үйретуден бастаған жөн. Себебі, ол - оң қолдың табиғи қозғалысына өте ыңғайлы қағыс. Сондай-ақ домбырада орындалатын ән-күйлердің көпшілігі төмен қағыспен басталады. Оқушы қағыстарға біраз жатыққаннан кейін сол қол саусақтарынан перне басып үйренеді. Сол қол саусағы домбыра мойынының астына жасырмай, қойылымдық қалпын сақтап ұстау керек. Пернеден пернеге ауысарда саусақтарды сәл босатып, ішектей бойлай сырғыта жылжыту қажет. Қолдың әрлі - берлі қозғалысы кезінде иық, шынтақ буындарын жоғары не төмен көтермей, білезік буынын бүкпей, алақанды домбыра мойнына тигізбей ұстаған жөн. Аппликатура - музыка аспабын тартқан кезде перне басатын саусақтардың орналасу,алмасу тәртібі және олардың нотадағы белгісі. Орындаушылық шеберлік үшін дұрыс қойылған аппликатураның маңызы өте зор. Музыкалық шығарманы орындаудағы жылдамдық қарқыны екпін деп аталады. Әрбір шығарманың нотасының басында оның екпіні, әрбір сабақтың өз алдына қойған мақсаты болады. Сабақтың сапалы, қызғылықты өтуі оқытушының дайындалуына байланысты. Оқытушы әрбір сабақтың мақсатын білумен қатар өткен сабақ пен келесі сабақты бір-бірімен жалғастыра, байланыстыра білуі керек.

Сабаққа дайындық.

Сабаққа дайындалу дегеніміз - сабаққа дейін оқушыға беретін репертуарды талдау, тексеру және ойнап көру деген сөз. Оқытушы, әсіресе домбыраға түсірілген басқа музыкалық шығармаларды өте мұқият түп нұсқасымен салыстырып тексеруі керек. Ал, оқушыға күй үйреткенде оқытушы ең алдымен, ол күйдің ерекшелігін, музыкалық құрылысын, формасын, орындау тәсілін өзі жақсы білуге міндетті. Әсіресе оның қағысына, аппликатурасына өте мән беру керек. Оқытушының ең негізгі қажет деген орындау аппликатура белгілерін нота үстіне жазып беруінің оқушы үшін пайдасы өте зор. Оқушысының музыкалық ой-өрісі өсіп түсінігі тереңдеген сайын, оқытушының орындалатын шығарманы жан-жақты түсіндіру жұмысы азая түседі. Әрине бұл оқытушының бұған дейін дұрыс сабақ беру методикасының, ұғымды түсіндірілгенінің, жемісті қорытындысы болып саналады. Осының арқасында оқушының өз бетімен дайындалып, үйренуіне де қабілеті жететін болады.

Сабақты жоспарлау.

Сабақты жоспарлау дегеніміз, сабақ сайын оқушыға берілетін әрбір тапсырманы белгілеп, сол тапсырмаға байланысты әзірлену деген сөз. Мұндай жоспарда сонымен бірге шығарма үйрену кезінде кездесетін, келесіде оған ерекше назар аударатын шығарманың техникалық қиын жерлері де көрсетілуі тиіс. Оқытушы әрдайым өзі үшін әдістемелік дәптер пайдаланып қоймай, оқушысына да күнделікті пайдалануды талап етуі керек. Оқушы күнделігіне берілген тапсырманың қысқаша мазмұны, шығармада кездесетін техникалық қиын жерлерін игеруі үшін берілетін жаттығулар, оқытушы айтып түсіндірген музыканың қысқаша мазмұны мен оның орындалу екпіні, характері жазылады. Күнделікке жазылған тапсырма, оқушының үйде дайындалуы үшін, класта оқытушы оқушысының күнделігін сабақ сайын тексеріп тұруға міндетті. Оқытушының келесі сабаққа жасайтын жоспары, өткен сабақтың қорытындысына байланысты жасалады. Сабақ қалай өтті, оның қандай жемістігі мен кемісігі болды, келесі сабақта шығарманың қайсы жағына назар аудару керек, сабақ беру, түсіндіру тұрғысынан оқытушының методикасы оқушыға қалай әсер етті, міне осы мәселелерді қамту керек. Сабақтың жоспарында нотаға қарап ойнату, жатқа орындату сияқты пайдалы жұмыстар көрсетілуі тиіс. Оқытушы әр уақытта мынаны еске сақтауы керек. Музыкалық шығармаларды үйрету деген, ең алдымен оқушының орындаушылық шеберлігін, қабілетін дамыту деген сөз. Екпін жай, орташа, жылдам болып негізгі үш топқа бөлінеді.

Ал динамика дегеніміз - күшін азайту немесе арттыру дәрежесі шығармашылық мазмұны мен табиғи болмысы, орындаушылық ерекшеліктері мен дыбысты күшейту немесе азайту дәрежесі динамика белгілері арқылы көрсетіледі. Қазақ халқы бейбітшілікті сүйеді. Көрші елдермен тату-тәтті өмір сүруді жақтап, әр қашанда жырға, әнге және күйге қосып отырған. Ән екі бөлімінен құралған. Бірінші бөлім, соль мажор тональдігінің жоғарғы тоникалық дыбысынан басталып, екінші жай сөйлемнің бір тактілік әуені арқылы тональдіктің төменгі дыбысына өтеді. Бұл жерде саусақ басу тәртібі мен позиция өзгермеген екі позицияның арасы квартаға жақындайды. Ойнағанда дыбыс сапасы әсем болу үшін саусақтары көтермей ауыстыру керек. Ал, күй жанырына келсек домбыра тарту өнерінің негізі - күйшілік. Бұл дәстүрде қағыс негізінен сұқ саусақтары да пайдаланылады. Қағыс кезінде қолдың білезік буыны бүгіліп немесе жазылып қағыс шеңбері де өзгеріп тұрады. Күй орындау барысында дыбыс бояуы мен күшін өзгерту үшін оң қол мен ішекті домбыра бетінің әр тұсынан қақпаққа тіреу немесе көтеру дыбыс үшін азайту немесе көбейту үшін қолданылады. Оқушы оқытушысын өзінің әрі қатал сыншысы ретінде ұстаз тұтады. Егер оқушы берілген шығарманы жартылай немесе бүтіндей үйреніп, ойнай алмайтындай болса оқытушы соның себебін білуге тырысады. Сабақтың соңғы уақыты жалпылама түсіндіру методына арналуы керек. Бұл біріншіден, оқытушы оқушы ойнаған шығарманың әуелі қиындау деген жерлерін ойнап, одан кейін оны басынан аяғына дейін орындап береді. Екіншіден оқушының үйге берген тапсырманы қандай дәрежеде орындап келгені жайлы кеңес өткізеді. Үшіншіден келесі сабаққа оқушы не дайындап келеді, оны қалай дайындау керектігі туралы нақтылы тапсырма береді.Мұның бәрі тек ауызша түсіндірілмей, аспапта ойнап көрсетілуі тиіс.

Қорыта айтқанда, оқытушының әрбір сабағы тиянақты, түсінікті болып, бір-бірімен астарласып, бірін-бірі толықтырып жатуы керек. Оқытушының сабақ беру әдісі әр сабаққа лайықты жаңаланып, өзгеріп отыруы тиіс. Сонда ғана оқытушының сабақ беру әдісі жемісті болады.

Ашық сабақ

Тақырыбы: «Дәстүрлі күйшілік өнер» 5-класс

Сабақтың мақсаты:

  1. Білім беру - күйшілік өнер туралы нақты, тиянақты әңгімелеу, күйлердің орындалу әдістерімен таныстыру, күйлер тыңдату.

  2. Тәрбиелеу - балаларды өз халқының музыкалық мұрасынан эстетикалық ляззат ала білуге баулу.

  3. Дамыту - музыкалық қабілеттерін арттыру, ән айту дағдыларын қалыптастыру, балалардың шығармашылық белсенділігін түрлі музыкалық тапсырмалар арқылы ояту.

Сабақтың түрі: жаңа сабақ.

Өткізу әдісі: сұрақ - жауап, әңгімелеу, тыңдау.

Пәнаралық байланыс - тарих, әдебиет.

Көрнекілігі: музыкалық аспаптар - баян, домбыра, магнитофон, бейнетаспа, үнтаспа, күйші композиторлардың портреттерінен жасалған слайд-шоу, буклеттер, сабақтың тақырыбы, әннің мәтіні жазылған плакат, сөзжұмбақ, чайнворд.

Музыкалық сәлемдесу. Үй тапсырмасын тексеру.

Жаңа сабақ.

- Күй дегеніміз не?

- Домбыра, қобыз, жетіген, сыбызғы, шертер сияқты қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарында орындалатын әуен-саз. Музыкалық аспаптарда орындалатын шығармаларды аспаптық музыка деп атаймыз. Күй әдетте 2-3 минутқа созылады және күйді орындаушы оның мазмұнын немесе шығу тарихын әңгімелейді. Күй - бағдарлы мазмұны бар, көркемдігі жоғары аспаптық жанр. Онда табиғат құбылыстары, тарихи оқиғалар, халық мерекелері, жан-жануарлар, аңыз-ертегілер, жеке адамдар, адам сезімдері тағы басқа түрлі оқиғалар суреттеледі.

Күйлер тақырыбы мен мазмұнына қарай:

1) аңыз күйлер

2) тарихи күйлер

3) арнау күйлер

4) лирикалық күйлер

5) философиялық күйлер болып жіктеледі.

Қазақтың аспаптық музыкасы XYIII ғасырдың соңында жоғары деңгейге көтерілді. Бұл кезде Баламайсан, Байжұма, Есжан, Боғда, Байжігіт, Ұзақ, Махамбет сияқты күйшілердің атағы кеңінен мәлім болды. XIX ғасырда ежелгі күйшілік өнердің одан әрі өрістеп дамуына Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Тоқа, Абыл, Есір, Ықылас, Байсерке, Қазанғап, Сейтек, Дина, Сүгір сияқты күйшілік өнердегі ірі тұлғалар елеулі үлес қосты. Домбыра күйлері өте көп, жүздеген күйлер бар.

Күйлердің орындалу негізінен 2 түрге бөлінеді: төкпе және шертпе.

Төкпе күйлер тұрақты екпін мен өлшемде болады. Көбінесе екпіні жүрдек, шапшаң, алай-түлей шабыс, ат тұяғының сатыры естілгендей болады. Мысалы: «Адай», «Көңілашар», «Төремұрат», «Ақсақ құлан». Төкпе күй әдісінде оң қол тұтас сілтенеді. «Төкпе» деген сөз «төгу» деген мағынаны білдіреді. Төкпе күй Батыс Қазақстанда жақсы дамыған. Төкпе күй мектебін қалыптастырушылар Құрманғазы, Дина, Дәулеткерей, Қазанғап, Боғда, Түркеш, Сейтек, Махамбет, Мәмен, Баламайсан, Алтынай, Есжан т.б.

Шертпе күйлер көбінесе жалғыз дауысты болып келеді, оң қол саусақтарының ұшымен орындалады. «Шертпе» деген сөз «шертіп ойнау» деген мағынаны білдіреді. Қазақстанның Орталық, Шығыс, Оңтүстік аймақтарына тән. Шертпе күйлер мектебін қалыптастырушылар Тәттімбет, Тоқа, Сүгір және бұл өнерді әрі қарай жалғастырушылар Ә.Хасенов, М.Хамзин, Т.Момбеков, У.Бекенов т.б.

Қазақтың ең көне күйлерінің көпшілігі - қобыз күйлері, өйткені Қорқыт YIII - IX ғасырларды өмір сүрген. Қорқыттың күйлері бізге таныс. Қобыз күйлерінде бұрынғы бақсы сарындары да көп кездеседі. Бұл өнерді дамытуға Қорқыттан кейін Кетбұға, Кербала, Айрауық, Ықылас, Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев сияқты ұлы күйшілер зор үлес қосқан. (Бейнетаспадан қобыз күйі ойналады).

Сыбызғы аспабына арналып жазылған күйлердің де саны аз. Сыбызғы күйлері ХІХ ғасырдың орта шенінен халық арасында сирек қолданылады.

Сыбызғышы күйші Сарымалайдың (1835-1885) аты бүгінге дейін ел есінде. (Бейнетаспадан сыбызғы күйі тыңдалады).

Дауыс жаттығулары: до-мажор гаммасын арпеджиосымен айту. «Домбырадай мұраны қастерлеуге тұрады» - қысқа қайырымды орындау төмен, жоғары бағытта.

Ән үйрену: Композитор Кәрім Жұмағалиевтің әні мен сөзіне жазылған «Киелі менің домбырам» әнін үйренеміз. Әнді әуелі мұғалім орындап көрсетеді. Әннің сөзі компьютермен жазылып, үйлестіріледі. Ән 3 шумақтан тұрады, қайырмасы бар. Әннің мелодиясының интонациясын, сөздерін таза айтуға тырысамыз.

Сабақты бекіту. Венн диаграммасы арқылы төкпе және шертпе күйдің ұқсастығы мен айырмашылығын көрсету.



Венн диаграммасы

Төкпе Шертпе

Оң қолдың тұтас сілтеп ойнайды, екпіні тұрақты, шапшаң Батыс Қазақстанда дамыған

Оң қолдың саусағының ұшымен орындалады, жалғыз дауысты, нәзік сазды, Оңтүстік, Орталық, Шығыс Қазақстанда дамыған



Домбырада орындалады, күй


Топтастыру арқылы күйлер тақырыбы мен мазмұнына қарай неше түрге бөлінетінін анықтау.

Аңыз күйлер

Психологиялық күйлер

Тарихи күйлер

Күйлер

Жан - жануарлар мен құстарға байланысты

Арнау күйлер

Халық мерекелеріне арналған күйлер

Табиғат туралы күйлер

Лирикалық күйлер

Сөз жұмбақ шешу: «Күйшілік өнер»

Чайнвордтағы сөзді оқу. Құдайберген Жұбановтың күй туралы айтқан сөзі.

Күйлер - халық музыкасында сирек ұшырайтын нәрсе, қазақ музыкасының ең жоғарғы дамыған үлгісінің түрі.

Ашық сабақ

Тақырыбы: «Ел тарихымен үндес домбыра» 5 класс

Сабақтың мақсаты:

Оқушыларды жалынды ақын, күйші, батыр Махамбеттің шығармашылығымен таныстыру; батырлыққа, ерлікке тәрбиелеу; хормен ән айту дағдыларын қалыптастыру; ойлау қабілетін арттыру; отансүйгіштікке тәрбиелеу.

Сабақтың көрнекіліктері: слайд-шоу (сабақтың тақырыбы, композиторлардың портреттері) баян, компьютермен жазылған әннің сөзі, магнитофон, үнтаспа.

Сабақтың түрі: жаңа сабақ.

Пәнаралық байланыс: әдебиет, тарих.

Мұғалімнің кіріспе сөзі: - Қазақ халқы талай қиын кезеңдерді басынан өткізді. Елін, жерін қорғап, азаттығы үшін ішкі, сыртқы жаулармен де айқасқа түсті. Ерлік, елдік көрсетті. Халық тарихындағы сондай бір елеулі оқиға - ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы Ішкі Бөкей Ордасында болған көтеріліс еді. Хандар мен сұлтандар Еділ мен Жайықтың арасындағы шаруалардың жерін тарылтты. Патша өкіметі кедейлердің жерін күшпен тартып алып, сұлтандарға тартып берді, шаруаларға алым-cалықты да көбейтті. Осының барлығы халықтың наразылығын тудырып, ел Исатай мен Махамбеттің бастаған көтеріліске шықты.

Махамбет Өтемісұлы 1803 жылы Батыс Қазақстан облысы, Бөкейорда ауданында, Нарындағы Бекетай құмында туған. Жасынан-ақ шешендігімен, ақындығымен көзге түскен. Махамбетті Жәңгір хан өзіне тартып, өзінің сөзін сөйлеп, ханды мақтап, беделін көтеретін сарай ақыны етуді ойлаған. Бірақ, Махамбет Орда айналасындағы әділетсіздікті, жауыздықты, ел басындағы ауыр халді ұғынып, ханмен ашық күреске шығады. 1836 жылы үлкен айқас Қиялымола деген жерде болады. Исатайдың әскері сирейді. 1837 жылы 3000-дай адам хан ордасына екінші рет аттанады. Бірақ, ханның: «Бар тілегін орындаймыз», - деген сөзіне Исатай алданып қалады. 1838 жылы Гекке басқарған орыс армиясымен соғыста Исатай қаза табады. Исатайдың қазасынан кейін Махамбеттің жырларында мұңаю, түңілу сарыны пайда болады. Махамбет өзінің жырларымен халықты айқасқа, күреске шақырып, жігерлендіріп отырады. 1846 жылы Баймағамбет сұлтан «Махамбетті ұстап берген жанға 1000 сом беремін», - деп жар салады. Ықылас деген қанішерМахамбеттің басын шауып алады.

Махамбет - халқын сүйген, халық мұңын жырлаған, елім деп еңіреген ақын. Еш уақытта болашақтан күдер үзбеген, мақсатты өздері орындай алмаған күнде, кейінгілер орындаса, күрескерлердің жолын қуса деп армандаған. Махамбет өлеңдері көбіне терме, толғау түрінде келеді. Ақынның жырлары халқын табандылыққа, жауғы мейірімсіз болуға, қиыншылықты жеңетін қайсарлыққа тәрбиелейді. Махамбеттің «Қызғыш құс» толғауы тыңдалады. Махамбеттің ақындығымен қатар, күйшілік өнері де болған.Махамбеттің күйлеріне академик Ахмет Жұбанов жоғары баға берген, оның барлығы біздерге жеткен 10 күйі бар. «Жұмыр - Қылыш» деген күйін батыр өзінің қарулас сенімді серіктеріне арнап шығарған. «Күйде шалт қимылды, батырлыққа лайық аршынды ырғақ, адуын серпін бар», - деп жазды халық жазушысы Әбіш Кекілбаев.

«Жұмыр - Қылыш» күйін үнтаспадан Асылбек Еңсеповтың орындауында «дэкко» жанрында тыңдаймыз.

Дәптермен жұмыс. Д - домбыра

Э - эстрада

К - компьютер

К - күй

О - орындаушы

«Дэкко» жанрын алғаш қалыптастырған, негізін салған Асылбек Еңсеповтың әкесі - музыкант - ғалым Жасарал Еңсепов. (Асылбек, Жасарал Еңсеповтардың суреті көрсетіледі).

  • Махамбетке арнап Құрманғазы атамыз қандай күй жазды?

  • «Кішкентай»

  • НеліктенҚұрманғазы бұл күйді «Кішкентай» деп атаған?

  • Құрманғазы көтеріліске жасы кіші болғандықтан қатыса алмаған, кішкене інісінің ағаларына арнаған күйі болсын деп, күйдің атын «Кішкентай» деп атаған.(Құрманғазының «Кішкентай» күйі Қаршыға Ахмедияровтың орындауында тыңдалады). Қаршыға Ахмедияров Махамбеттің күйлерін насихаттаушы, таратушы.

Атақты күйші, дирижер Нұрғиса Тілендиев: - «Махамбет, Исатай - мен сүйетін адамдар. Ерлік пен бірлік, адалдық пен турашылдық ұрпаққа ұран болсын деп мен осы «Махамбет» күй - поэмасын шығардым, оны шығарғанда құдыретті бір күш бойымды билеп, бұрқыратып әкетті», - дейді. Н.Тлендиевтің «Махамбет» күй-поэмасы тыңдалады. Дәптермен жұмыс. Күй-поэма - халық өмірінен алынып, тарихи шындықты баяндайтын аспаптық шығарма.

Дауыс жаттығулары: Дабылдатып даланы

Сарбаз кетіп барады.

Бір, екі, үш, төрт.

Бір, екі, үш, төрт.

Алуан - алуан ырғақ бар

Түрлі әуенге салады.

Шапалақпен: ІІ ііі, ІІ ііі, ІІ ііі, ІІ ііі.

Аяқпен: ііі ІІ, ііі ІІ, ііі ІІ, ііі ІІ.

«Солдат болам мен ертең» әнін еске түсіріп, қимылдарымен бірге айтамыз.

Ән үйрену: Бөкейордалық композитор Хабиболла Әлесовтың «Орда - туған мекенім» әні үйретіледі.

Әннің сөзі алдын - ала компьютермен жазылып, оқушыларға үлестіріледі.


Сабақты бекіту, қорытындылау.

Топтастыру.

Халық жақтаушысы

Исатайдың досы

Батыр

Махамбет

Күрескер

Ақын

Батыл

Күйші

Ер


Венн диаграммасы.

Кестені толтыру.

Шығарманың аты

Шығарма қандай аспапта орындалды

Авторы

Жанры

Қандай аспаптың сүйемелдеуінде орындалды

1. «Қызғыш құс» Махамбет толғау домбыра

2. «Жұмыр қылыш» Махамбет күй (дэкко) домбыра

3. «Кішкентай» Құрманғазы күй домбыра

4. «Махамбет» Н.Тілендиев күй-поэма оркестр

5. «Орда - туған мекенім» Х.Әлесов ән баян

Сөзжұмбақ шешу. «Махамбет».

  1. «Кішкентай» күйінің авторы.

  2. Махамбет күйлерін таратушы, атақты күйші.

  3. Н.Тілендиевтің Махамбетке арналған шығармасы.

  4. Махамбеттің досы.

  5. Махамбеттің күйі.

  6. Махамбеттің туған жері.

  7. ДЭККО жанрын қалыптастырушы.

  8. «Отырар сазы» оркестрінің жетекшісі, «Махамбет» күй-поэмасының авторы.

Қ ұ р М а н ғ а з ы

Қ А р ш ы ғ а

М а Х а м б е т

И с А т а й

Ж ұ М ы р Қ ы л ы

Б ө к е й о р д а

Е ң с е п о в

Т і л е н д и е в

Басқатырғыш. Атақты жазушы Зейнолла Қабдоловтың «Махамбет жаратылысы - аса сирек құбылыс» деген сөзін оқу.

Өлең құрастыру: Келеді тау бойынан...........................

Құлаққа қыздар жүрер......................

Ауылда той мен думан бола қалса,

Жігіттер...........................тұра қалып.

(ағып, тағып қалып - ұйқас сөздер)

Сабаққа ертең ерте ...........................

Қиналды уәдесін................................

Түнімен телевизор............................

(барамын деп, келемін деп, көремін деп, беремін деп - ұйқас сөздер)

Үйге тапсырма беру: Махамбеттің өмірі мен шығармашылығы туралы әңгімелеп беру.







Пайдаланған әдебиеттер

1. Киелі домбыраның 20-дан астам түрлері бар,

today.kz/kz/news/culture/2012-06-13/29138

2. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: "Аруна Ltd." ЖШС, 2005 ISBN 9965-26-095-8

3.Мәдениеттану негіздері: Окулық. - Алматы: Дәнекер, 2000. ISBN 9965-485-34-8


© 2010-2022