Шекти аспаптар 3 сынып

Домбыра -қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы.Ол – қазақтар өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма – күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Қазіргі кезде домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап болып табылады. ...
Раздел Музыка
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Есть
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Домбыра

Домбыра

Шекти аспаптар 3 сынып

Жіктелуі

екі ішекті музыкалық аспап

Туыстас аспаптары

Қомыз

Музыканттар

Құрманғазы Сағырбайұлы, Дина Нұрпейісова



Домбыра -қазақ халқының ең кең тараған екі ішекті, көп пернелі музыкалық аспабы. Ол - қазақтар өмірінде маңызды орын алатын, өзіндік музыкалық сипаты бар аспап. Алғаш эпикалық дәстүр шеңберінде жыр, толғау, термелерді сүйемелдеуге қолданылған домбыра кейін аспаптық шығарма - күй жанрының қалыптасуына ықпал еткен. Қазіргі кезде домбыра жеке әнді сүйемелдеуге, күй тартуға, халықтық-фольклорлық музыкада, классикалық шығармаларды орындауға қолданылатын, мүмкіндігі кең музыкалық аспап болып табылады.

Мазмұны

1 Домбыраның тарихы

2 Домбыраның түрлері

3 Сипаттамасы

4 Домбыраның дамуы

5 Көп ішекті домбыралар

Домбыраның тарихы

XIX ғасырда қазақ халқының тұрмысында анағұрлым кең тараған музыкалық аспап екі ішекті домбыра болатын. Егер бұрынғы заманда көне аспаптар ән, жыр, ертегі-аңыздарды сүйемелдеу үшін ғана қолданылған болса, енді домбыра жеке шығарма орындауға арналып, күрделі аспаптардың қатарына қосылды.

Әр түрлі ескерткіштерге, сондай-ақ этнографтардың жазып қалдырған еңбектеріне жүгінсек, домбыра және өзге халықтардың осы тектес аспаптары тіпті сонау орта ғасырларда белгілі болған екен. Мысалы, Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектерінен тамбур аспабы жайында оқимыз.

Өзбектердің домбыраға өте ұқсас екі ішекті дутары алғаш рет әл-Хусейнидің «Музыкалық канон» деген трактатында ауызға алынды. Қазақтың халық аспабы домбыра XIV ғасыр жазбаларында кездеседі. Оның бастағы түрі мен құрылысы қазақтың домбырасынан аумайды, осындай аспап аттарының ұқсастығы да олардың түпкі шығу тегі бір екекін көрсетсе керек.

Өткен жүз жылдықта ұлы халық композиторы Құрманғазымен бірге Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Байсерке, Қазанғап секілді саңлақ күйшілер дүйім жұртты аузына қаратқан еді. Бұлар бармағынан бал тамған майталман домбырашы болуымен бірге нелер бір ғажап күй де шығарған шын мәніндегі өнер иелерітін. Солардың арқасында домбырада тартылатын күйлердің музыкалық формасы үздіксіз жетілдіріле түскен-ді. Домбыраның техникалық мүмкіндіктері артқан сайын домбыра тарту өнері де едәуір өрге басып, байи түсті.

Қазақстанның батыс аудандарында домбыра тартудың өзгелерге ұқсамайтын бөлек дәстүрі қалыптасқанын айту керек. Батыс аудандардағы домбыраның негізгі өзгешелігі, көлемі үлкен болып келеді, сондай-ақ шанағы сопақ, мойны жіңішке, перне саны көбірек. Сондықтан мұндай домбыраны тартқанда қолданылатын техникалық, тәсілдерді шанағы жалпақ домбыраға қолдану қиын, өйткені бұл соңғы домбыраның мойны едәуір енді және ондағы перне де аз.

Шанағы жалпақ домбыраның бірнеше нұсқасы кең тараған. Егер батыс аудандардағы домбыраларға 12-14 пернетағылса, ал шанағы жалпақ домбыраға не бары 7-8 ғана перне байланған. Перне санын арттыру процесі өте баяу жүрді және оның өзі орындалатын репертуарға тікелей байланысты еді. Әдетте, жаңа перне онымен алғаш орындалатын күйдің атымен аталынды. Пернелердің бірі домбырада «Түрікпен күйін» орындағанда байланды да, «Түрікпен пернесі» деп аталды. Бейтарап терция интервалын беретін басқа бір перне Қазақстанның батыс аудандарында «Сарыарқа пернесі» деп аталады.

Аңыз-ертегілердің бірінде аспаптағы жоғарғы тиектің қалай пайда болғаны жайында айтылады. Жаумен шайқасып, одан соң алыс сапар шегіп әбден қалжырап келе жатқан батыр жолшыбай демалуға аялдайды. Сайдың ішіндегі саялы жерде жайғасып отырған соң талдан бір шыбық кесіп алады, оған жылқының қылын керіп байлайды да, дыбыс шығармақ болып көреді. Бірақ қолдан жасаған тым жұпыны аспаптан ешқандай үн шығатын емес, тым-тырыс, меңіреу күйінде қала береді. Батыр оны жанына тастай салады да, өзі қисайып жатып ұйықтап кетеді. Ол жанындағы өзі жасаған аспаптан шығып жатқан дауыстан оянады. Қолына алып қараған батыр аспаптың мойын тұсынан титтей ағаш тиекті көреді, оны әлдебіреу ішектің астынан келтіріп орнатып қойған екен. Батыр: «Е, бұл шайтанның ісі болды ғой»,- деп ойлайды. Бәлкім содан бері қалған сөз болса керек, халық арасында жоғарғы тиекті «шайтан тиек» деп атайды. Ішекті жылқының қылынан тағу, жоғарғы тиектің болмауы көне аспаптарға тән сипат.









Домбыраның түрлері

Шекти аспаптар 3 сыныпШекти аспаптар 3 сынып

Алып домбыра Кішкентай домбыра

Қазақ даласының әр өңірінде кездесетін домбыралар жергілікті жер жағдайына, тұрмыс-салты мен дәстүріне, ән, жыр, күй мектебі мен әр өнерпаздың орындаушылық мәнеріне, аспапшы шеберлердің ісмерлігіне байланысты әртүрлі пішімде дамытылып, өзгеріп отырған.

Ән, жыр айтуға арналған домбыраның пернелері 8 - 9, әрі кеткенде 14 - 15-ке жетсе, күй домбырасына 20-дан астам перне тағылады. Олардың құлақ бұрауы да қажетіне қарай (кварта, квинта) өзгертіледі. Домбыра, негізінен, екі ішекті және кейде үш ішекті болып келеді. Домбыра тартуда қағыстардың түрлері өте көп. Мысалы, «сермеп ойнау», «іліп қағу», «шертіп ойнау», т.б.

Қазіргі кезде домбыраның 20-дан астам түрлері бар. Олардың ішінде

  • ән мен күй домбырасы

  • торсық

  • тұмар

  • кең шанақты (екі нұсқасы)

  • балдырған

  • балашық

  • шіңкілдек

  • аша

  • үш ішекті

  • қуыс мойын

  • шертер

  • оркестр домбыралары:

    • қоңыр дауысты (альт)

    • жіңішке дауысты (прима)

    • ащы дауысты (секунда)

    • бас домбыралар (екі нұсқасы) [1]

Сипаттамасы

Домбыра құрылысы бірнеше бөліктен тұрады: басы, құлақтары, пернелер, мойын, шанақ, бетқақпақ, ілгек және ішектер. Сондай-ақ, оның көптеген қосымша бөлшектері бар (тиек, кемер ағаш, тұжым ағаш, бастырма, ойық, қалқа, түйме, өрнек, желкелік). Домбыра тиегі үш түрлі болады (шайтан тиек, негізгі тиек, табалдырық тиек).

Домбыра дыбыс өткізгіштігі жоғары қарағай, дыбыс жаңғырту қасиеті бар тұт, қатты жынысты үйеңкі, емен секілді киелі ағаштардан, негізінен, екі түрлі әдіспен - құралып немесе ойылып (шауып) жасалады. Құрама домбыралардың шанағы жұқа тілшелерден құралып жасалса, бітеу домбыра тұтас ағаштан ойылады.

Домбыра аспабы халықтық кәсіби өнердің туып-қалыптасуына, өркендеуіне негіз болған. Байжігіт, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Қазанғап, Сүгір, Тоқа, т.б. даңқты күйшілердің төкпе, шертпе күй дәстүрлерінің тууы, дамуы осы Домбыра аспабымен тікелей байланысты. Олардың дәстүрін, мұрасын бүгінгі күнге жеткізген Дина Нұрпейісова, Ә. Хасенов, Науша, Махамбет Бөкейхановтар, Т. Момбеков, М. Хамзин, Қ. Жантілеуов, С. Балмағамбетов, Л. Мұхитов, т.б. сияқты домбырашылар болса, қазіргі майталман орындаушылар - Қ. Ахмедияров, У. Бекенов, Р. Ғабдиев, С. Шәкіратов, Б. Ысқақов, Б. Тілеуханов, А. Үлкенбаева, А. Райымбергенов, т.б.

Домбыра - тек күй тартуға ғана емес, ән айтқанда сүйемел үшін де қолданылатын аспап. Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса, Мұхит, Мәди, Кенен, Әміре Қашаубаев, М.Ержанов, Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, Қ.Байбосынов т.б. белгілі әншілер домбыраның әнге әр беріп, әншіге демеу болатынын дәлелдеді.

Домбыраның дамуы

Домбыра аспабының дәстүрлі үлгілерін, халықтық дәстүрдегі перне байлау, домбыра баптау, күй ойнау, домбыра жасау жөнінде зерттеулерді Б. Сарыбаев, Б. Орымбеков, Т. Әсемқұлов, А. Сейдімбек, Д. Шоқпарұлы, т.б. еңбектерінен кездестіреміз. Домбыра құрылымдық, сапалық дәрежесінің кемел деңгейге жетуі барысында бүгінге дейін бірнеше сатыдан өтті:

  • 1932 - 1934 жылдары домбыра аспабын жетілдіру бағытында белгілі аспапшы шеберлер Қ.Қасымов, А.Ермеков, ағайынды И. және Б.Романенколар, Қ.Оңалбаев, т.б. еңбек етсе,

  • оны 1960 - 1970 жылдары Ә.Аухадиев, О.Бейсенбекұлы жалғастырды.

  • 1934 жылы Халық аспаптар оркестрінің (Қазақ мемлекеттік халық аспаптар оркестрі) құрылуымен байланысты домбыраның прима, альт, тенор, бас, контрабас сияқты түрлері дүниеге келді.

  • 1990 - 2000 жылдары аспап жасаушы-қолөнерші шеберлердің республикалық «Үкілі домбыра» сайыстары өткізіліп, соның ықпалымен домбыра аспабы жаңаша зерттеу, даму, жетілу бағытына бет түзеді.

Шоқпарұлы, С.Ділманов, Ж.Тұрдығұлов, С.Кенжеғараев, т.б. домбыра жасаушы шеберлер шоғыры пайда болды. Олар дамытып, жетілдіріп жасаған домбыралар сырт нұсқаларына, бөлшектері мен ішек сандарына, дыбыс ерекшеліктеріне, дыбыс ауқымына және басқа да қосымша ерекшеліктеріне қарай «үш ішекті», «кең шанақты», «қуыс мойын», «бүктемелі», «желбезекті», «тұмар», «қос шанақты» немесе «қос мойын», «үшем», т.б. деп аталып, халықтық-аспаптық музыка дәстүрін байыта түсуде. Домбыра тектес аспаптар Орта Азиядағы түркі халықтарының барлығында дерлік бар. Мысалы, башқұртта «думбыра», қырғыздарда «қол қомуз», түріктерде «саз», «уд».

Жетіген

Шекти аспаптар 3 сынып

Жіктелуі

шекті аспап

Жетіген (аспап)

Жетіген - қазақ халқының көп ішекті шертпелі аспабы. Жалпы тұрқы ұзынша, жәшік тектес етіп жасалады. Бетіне жұқа тақтайдан қақпақ жабылып, үн беретін ойықтары салынады.

Мазмұны

1 Тарихы

2 Жетіген сөзінің пайда болуы

3 Жетіген даму тарихы

4 Жетігеннің құрам бөлшектері

5 Жетіген туралы аңыз

6 Пайдаланған әдебиет

Тарихы

Жетіген - жасалуы да, ойналу әдіс-тәсілі де өте күрделі аспап. Ертеректе ел арасында сақталған көне жетігеннің ішегі аттың қылынан тағылып, тиектің орнына асықтар пайдаланылатын болған. Аспаптың құлақ күйі осы асықтарды әрлі-берлі жылжыту арқылы келтірілген. Ішек сандары жетеу болғандықтан, аспап Жетіген аталған.

18 ғ-да қазақ даласын аралаған саяхатшы-этнографтар И.Лепехин, И.Георги, т.б. екі ішекті домбырадан басқа көп ішекті аспаптардың да болғандығын жазады. Ал саяхатшы А.С. Паллас 1786 жылғы қазақ даласын аралаған сапарында осы күнгі жетігеннің көне түрін кездестірген. "Бұл аспап шыршадан жасалған шағын ғана жәшік, оның түбі ғана бар. Оған ішектер ешбір құлақсыз керілген. Бұл аспапты құлақ күйіне келтіру үшін әрбір ішектің астына кішкене тиек - қойдың асықтары қойылады. Музыкант ішектің ұзын жағын сол қолымен тартады да, оң қолымен дишкантта ойнайды", - деп жазған. Этнограф-саяхатшылардың осы секілді жазбаларына қарағанда, Жетіген аспабы қазақ халқы арасында 19 ғ-дың ортасына дейін сақталып, бертін келе жоғалып кеткен. Осы этнографиялық сипаттамалар бойынша қалпына келтірілген немесе жетілдіріліп жасалған жетігеннің алғашқы үлгісі өмірге қайта келіп, өнеріміз бен аспаптық музыкамызда орын ала бастады. 1817 жылғы "Сибирский вестник" журналында жазылған анықтама бойынша белгілі шебер Оразғазы Бейсенбекұлы 1966 ж. Жетіген аспабының алғашқы нұсқасын қалпына келтіріп жасап шықты. Бұл алғашқы үлгінің дыбыс ауқымы бір жарым октава болып, 13 ішек тағылып жасалды. Оның ұзындығы 1060 мм, шанақ ені 250 мм болып, бетіне екі-үш жерден тиектер қойылып жасалды.

Жетігеннің ноталық жүйесін анықтаған ғалым-зерттеуші Б.Сарыбаев болды. Жетіген аспабына байланысты оны ертеде жеті ұлынан айырылған күйші-өнерпаз жасап, "Жетігеннің жеті күйін" шығарыпты дейтін аңыз бар. Аспаптық-фольклорлық музыкамызда ерекше орын алатын бұл аспап 1970 жылдан бері Т.Сарыбаев, Е.Құсайынов, С.Мерекеев, т.б. музыкашылардың орындауында жаңаша сипатқа ие болды. Жетіген аспабының қазіргі шеберлер жасаған үлгісінің дыбыс ауқымы 2 - 2,5 октаваға дейін жеткізілді. Қазақ халық музыка аспаптары мұражайында жетіген аспабының этнографиялық сипаттамалар бойынша жасалған көне үлгісі мен жетілдірілген үлгілері сақталған. Оларды О. Бейсенбекұлы, Н. Әбдірахманов, Д. Шоқпарұлы, С. Ділманов секілді аспапшы шеберлер жасап шықты. Аспап " Сазген", "Мұрагер", "Адырна", "Отырар сазы", т.б. белгілі өнер ұжымдарында ойналып келеді.

Жетіген аспабы түркі тілдес халықтардың барлығында да бар және өз тілдік атауларымен аталады. Мысалы, татарлар - "етиган", тывалықтар - "жадықан", хақастар - "шатқан" деп атап, музыкалық аспаптарымыздың да этникалық шығу, пайда болу негізінің ұқсас, тектес екендігін байқатады.

Жетіген сөзінің пайда болуы

«Жетіген» деген атау тегінде екі сөзден құралса керек: жеті және ән. Яғни, мұны әндетуші немесе күй шертуші жеті ішек десе де болғандай. Өйткені түркі тілдерінде мынадай музыкалық терминдер бар: аган - өлең, әуен; ган-ни - жырға қосу; ганани - ән, шумақ; таган - ән салу.

Татар және ұйғыр тілінде - ахан, өзбекше аханг. Бұл сөздердің мәні де сол - ән, әуен. Қазақ тілінде бұл сөздерді дыбыстағанда, бәлкім, «аһан», «аган» дегенді «ән» деп кеткен болу керек.»

Профессор Құдайберген Жұбанов бүл жайында былай деп жазған еді:

«Тегінде, «ән» парсының «оһаник» деген сөзінен шықса керек.

Жетіген даму тарихы

Шертпелі аспаптардың ең көне түрінің даму тарихы бізге күні бүгінге дейін белгісіз. Сондықтан бүл саланы зерттеушілер бар болғаны әр түрлі болжаулар айтумен ғана шектелулері мүмкін. Әр түрлі халық аспаптарының дамуында кейбір орталық заңдылықтар бар дедік. Осындай аспаптар жетілдірілген сайын ондағы ішектер саны бірте-бірте көбейе берген. Аспаптар тұтас ағаштан ойып жасалған, шанақтары әдетте көн терімен қапталған, кейбір этнографиялық еңбектерде шанағы ашық қалдырылған аспаптар жайында да сөз болады. Қарапайым аспаптарда құлақ болмаған, сондықтан ішектерді қолмен керіп байлаған. Күйге келтіру үшін тиек орнына қойылған асықты жылжытатын болған. Музыканттардың орындаушылық шеберліктері артқан сайын шертпелі аспаптардың түрі өзгеріске ұшырап, жетіле түсіп отырған. Мойын жасалып, байланатын пернелер саны артқан сайын мұндай аспапта ойнау техникасы едәуір байи түскен.

Өз еңбектерінде XVIII ғасырдың ғалымдары үш ішекті домбыраны қалай тартатындары жайлы көргендерін жазады және осыған орай садак, түріндегі шертпелі көне аспаптан қылқобыздың пайда болуы мүмкін дегенді айтады.

Мысалы, XVIII ғасырдағы саяхатшылар И. Лепехин, П. Паллас, И. Георги және П. Рычков өздерінің жазбаларында түркі халықтары арасында тараған шертіп ойналатын көп ішекті көне аспап жайында жиі-жиі ауызға алады. Олар бұл аспапты көбінесе Сібірдің батыс бөлігін мекендеуші тұрғындар арасынан кездестірген. Осы аспаптардың құрылысын суреттеп жаза отырып, ғалымдар оның гуслиге, арфаға және лютняға ұқсайтындығын айтқан, сол себепті өз еңбектерінде оны «гусли», «жатқызылған арфа» деп атайды. Соңғы атаудың тағылу себебі, аспапты ойнаған кезде көлденеңдете ұстау керек. Зерттеушілердің барлық еңбектерінде жеті ішекті көне аспап -жетіген жайлы баяндалады. Бірақ әр этнограф оны өзінше атаған, мысалы, «етиге», «етиган», «ятага», «елтаға», «джатыган» дейді, солай бола тұра, түркі тілінің, келтірілген сөздерінде ортақ түбір бар екенін байқау қиын емес.

Саяхатшылар көп жайларда қазақ ауылдарын да аралап көрген. Ертеде жазылған этнографиялық мақалалардың бірінде былай делінген:

«Джатыган» деген атау аспапқа тағылған жеті ішекке байланысты алынған, өйткені джаты (жеті - Б. С.) жеті деген сөз. Ол ішін ұңғылап жасаған ағаш жәшік сияқты, ұзындығы - бір жарым аршын шамасында, ені аршынның төрттен біріндей, ал биіктігі екі вершокқа жетеді, ұзын әрі кең бүйірлі жағы ашық қалдырылған, екінші бүйір жағы жабық. Жабық бүйірге жуандығы әр түрлі сым ішектер тағылады, олардың әрқайсысының астында екі тиектен болады. Ойнау кезінде жіңішке ішектерді бері қаратып қояды да оны екі қолымен үрғылайды, бір қолымен дауысқа ыңғайлай шертеді де, екіншісімен тиектен біршама жерден мұңды, әрі дірілдеп шығатын дауысты келтіреді».

Саяхатшылар XVIII ғасырдың екінші жартысында кездестірген жетігендердің кейбір түрлері тіптен қарадүрсін жасалынған. Академик П. С. Паллас солардың бірі туралы былай деп жазады:

«Аталмыш аспап шағын шырша жәшігінен тұрады, оның түбі ғана бар, оған жуандықтары әр түрлі алты сутужный (сым- Б. С.) ішектері ешқандай құлақсыз-ақ керілген».

Ертеде көптеген үй жабдықтары, музыка аспаптары, солардың ішінде жетіген де тұтас ағаштан ойып жасалатын болған, сол себепті саяхатшылар жетігеннің сыртқы түрін астау сияқты жәшікпен салыстырған. Мұндай жетігенде құлақ, қақпақ дегендер болмаған. Ішектер аспаптың сырт жағына қолмен керіліп байланған.

Этнографтардың мәліметтеріне қарағанда, жетіген кейбір аймақтағы қазақтардың арасында XIX ғасырдың ортасына шейін кездескен. Өткен ғасырдың 60-жылдары Москвада этнографиялық көрме ұйымдастырылған, оған Орынбор губерниясының қазақтары музыка аспаптарының бірнеше түрін әкеліп қойған. Кейін бұл аспаптар Дашковский этнографиялық музейіне беріліпті.

Осы музейдің 1868 жылы жазылған коллекциялық тізімінде сыбызғының үш түрі жайында, қылқобыз бен домбыраның бірнеше түрі, сондай-ақ жеті ішекті жетіген туралы айтылыпты. Суреттеп жазылуында бұл аспаптар: цибизга, кубыз, думбра жэне ятага деп аталған.

А. Масловтың «Сибирский вестник» (1818) журналында жарияланған мақаласында жетіген анағұрлым толық суреттелген. «Ятага,- деп жазыпты ол, - Орынбор қырғыздары (қазақтары - Б. С.) қолданатын музыкалық аспап. Шанағы ұзын, орта тұсы төрт бұрышты, бір жағына қарай доғал бұрыштанып сәл иілген. Бүйіріндегі екі қақпағы тұтас, қалған екі қақпақтың әрқайсысы екі бөліктен біріктірілген, олардың бір-біріне қатынасы 9:25-ке қатынасындай. Төменгі қақпақта бес жұлдызша орналасқан 25 қосымша дауыстар жасалған, сәл дөңестеу жоғарғы қақпақта, иілген тұсына тақтай жапсырылған, оған ішектерді байлауға арналған жеті ағаш құлақ орнатылған, ішектер аспаптың, түп жағындағы кішкене мыс шығыршыққа бекітілген. Төменгі қақпақтын, түбін ала бірнеше тақтайша бекітілген: олар тек сәндік үшін емес, аспапты жерге қойғанда тіреуіш қызметін де атқарады. Ятаганың жалпы түрі үлкен жапон котосына өте ұқсас. Ятаганың қақпағы сарғыш сырмен ал қалған бөліктері қара түске боялған, құлақтары сияқты ұсақ белшектерін айтпағанда, қызыл сырмен сырланған. Ятаганың бұрауы белгісіз. Көлемі мынадай: ұзындығы-102 см, ені-14 см, биіктігі осы шамалас, бірақ резонатордың қалыңдығы екі есе кем.

«Ятага» аталып, осылай суреттелген бұл аспаптың жетігеннен аумай ұқсастығы дау туғызбаса керек. Масловтың еңбегінде Орынбор қазақтарының арасынан табылған жетігеннің суреті бар және бұл сурет бірден-бір құжат болып саналады.

Сібірдің батыс аймақтарын мекендеуші халықтардың, тұрмыс салты, әдет-ғұрыптары бір-біріне жақын екені, сондай-ақ олардың музыкалық аспаптарының ұқсастығы жайында этнографтар көп жазып қалдырған. Саяхатшы П. Паллас манси халықтарының (қазіргі Ханты-Мансийск ұлттық округі) музыкасы туралы былай деп жазады:

«Ойнаушы бұл аспапты тізесіне қояды да сол қолымен шертіп бас үнін келтіреді, ал оң қолымен әуен шығарады. Өлеңдердің буындары қарапайым, татар халық әуеніне ұқсайды».

Бұл арада Паллас жетіген тектес аспапты жазып отыр, ал «татардікіне ұқсайды» дегені әдетте саяхатшылар шығыс түркі халықтары арасынан өздері естіген әуенді айтқаны.

XVIII ғасырдың өзге де саяхатшылары: И. Лепехин, С. Гмелин, П. Рычков, И. Георгидің еңбектерінде осындай мәліметтер келтірілген. XVIII ғасырда жетігенмен бір тектес аспаптар түркі халықтары арасында неғұрлым көбірек тараған. Алайда, олардың бәрінде бірдей сақталмаған. Татар халқы арасында «етиганның» ұмыт болғаны, оның орнына гуслидің тарап отырғаны жайында А. Масловтың еңбегінде былай делінген:

«...гусли татарларда кездеседі...алайда, бұрын оларда гуслиге ұқсайтын өз аспаптары болған, оларды «етиган» деп атаған.

Жетіген тектес аспап Астрахань мен Орынбор татарлары арасында кездеседі. Бұл туралы И. .Георги былайша еске алады:

«...Олар өздерінің лютнясінде ойнайды, оны «елтага» деп атайды.

Архив материалдарынан көрікетіндей, жетіген тектес аспаптар Қазақстан территориясынан солтүстікке таман мекендеуші көптеген халықтарда: «марилерде, чуваштарда, буряттарда, удмурттарда, тувалытарда, хакастарда және тофыларда болған. Г. Миллердің «Қазан губерниясын мекендеуші мәжуси халықтар, яко то черемис, чуваш жэне вотяктарды олардың тұрмыс салттарын көрсете отырып баяндау» атты мақаласынан:

«Олардың музыкалық аспаптарының ішінен алдымен ауызға аларымыз жатқызылған арфа іспеттес аспап»

деген жолдарды оқимыз.

Этнограф С. Болотов қазақтардан көп ішекті шертіп ойналатын аспап тапқан. Ол бұл аспапты торбанмен салыстыра келіп, «шебер орындаушынын, қолында оның үнін рақаттана отырып тыңдайсың»,- деп жазады.

Халықтың аңыз-ертегі, өлең-жырларында әр қилы музыкалық аспаптар жиі аталып отырады. Сонау бағзы заманнан бері келе жатқан көне аңыздардың бірінде жеті ішекті жетігеннің шығу тарихы баяндалған. Бұл аңызды біз 1966 жылы Өзбек ССР-іне қарасты Бұхар облысындағы Тамды ауданына экспедицияға барғанымызда жазып алдық. Оны бізге жергілікті домбырашы Жақсылық Елеусінов айтып берді. Мұны ол бала кезінде өзінің атасынан естіген екен:

«Жұрт әр түрлі ауруға, аштыққа жиі-жиі ұшырайтын өткен заманда, қаһарлы қыстың қақаған аязды күндерінің бірінде жұттан мал қырылып, ел қатты күйзеледі.»

Жетігеннің құрам бөлшектері

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, көне жетігенде құлақ болмаған. Ішектердің астына екі жақ шетінен асық қойылған. Аспап осы асықтарды жылжыту арқылы күйге келтірілетін болған. Даусын көтеру үшін асықтарды ішектердің екі жақ басынан ортасына қарай жақындатқан, ал оларды кері жылжытып, араларын алшақтатса дауыс төмендеген. Әрбір ішектің бұрауын келтіргенде орындалатын әннің, әyeнi басшылыққа алынған. Осы арада айта кетелік, домбыраны күйге келтіргенде тек ішектерді қатайтып не босатып қана қоймайды, сонымен қатар тиек пен шайтан тиекті жылжыту арқылы да бұрауын реттейді. Бұдан көретініміз, жетіген мен домбыраны күйге келтіру әдісінде кейбір ұқсастық бар. Ішектерінің бұрауы бұрынғыша келтірілетін домбыралар әлі де кездеседі. Ондай домбырада құлақ жалғыз болады. Жоғарғы ішек қолмен керіліп аспаптың басына байланады. Екінші ішек құлаққа бекітіледі және оны жоғарғы ішектің дыбысына келтіріп бұрайды. Жетігенге қүлақ жасағаннан кейін де оның ішектерінің бұрауын келтіруге тиекті пайдалану принципі сақталып қалды.

Жетіген талай жүздеген жылдар өтсе де сол баяғы қарапайым күйінде қала берді. Ішек саны жетеу, тиегі асық.

1966 жылы Оразғазы Бейсембаев «Сибирский вестник» журналында 1818 жылы суреттеп жазылуы бойынша жетіген аспабын жасады. Нақ осы жетігеннің бейнесін қайтадан өмірге келтіру көне аспаптарды қайта жасау ісінің бастамасы болды.

Жетілдіріліп қайта жасалған жетігенді жеке күй орындауда және әншілерді сүйемелдеуші аспап ретінде халық оркестрлері мен ансамбльдерінде кеңінен пайдалануға болады.

Жетіген туралы аңыз

Ерте кезде ауылда бір қария тұрады. Оның жеті ұлы болған. Бір жылы қатты жұт болып, адамдар тамақсыз қалады, сөйтіп қарияның үйіне қайғы орнайды. Аштықтан үлкен ұлы Қания өлгеннен кейін қария кепкен ағаштың бөлігін алып, оған шек салып, тиек қойып, "Қарағым" күйін орындайды, Төралым деген екінші ұлы өлгеннен кейін екінші шек тартып, "Қанат сынар" деген күй шығарды, үшінші ұлы Жайкелдіге ол "Құмарым" күйін, төртінші ұлы Бекенге "От сөнер", бесінші ұлы Хауасқа "Бақыт көшті", Жүлзарға "Күн тұтылуы" атты күй шығарады. Ең кіші ұлы Қиястан айрылған қария жетінші шекті тартып, "Жеті баламнан айрылып құса болдым" атты күй орындайды. Аспаптан қайғыға толы көп дыбысты ала отырып, орындаушы әртүрлі әуен арқылы өзінің балаларының бейнелерін көрсетеді. Бұл шығарылған әуендер мұнан әрі дамытылып, аспапты орындаудағы күй-пьеса түрінде бізге "Жетігеннің жетеуі" деген жалпы атпен жеткен. "Жетіген деген атау екі сөзден тұрады: жеті және ән" - "жетіген" деген ұғымды береді















© 2010-2022