Разработка урока по музыке на тему Музыка - барлық дертке ем!

Раздел Музыка
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Есть
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:



БАЯНДАМА

«МУЗЫКА - БАРЛЫҚ ДЕРТКЕ ЕМ»









Мұқташева Гүлшат Құрмашқызы



Құлсары қаласы

Жылыой ауданы

Жаңа Қаратон

№ 23 мектеп

Музыка пәні мұғалімі


КІРІСПЕ

«Құлақтан кіріп бойды алар,

әсем ән мен тәтті күй»

Данышпан Абайдың бұл сөздерінде үлкен мән, терең мағына жатқаны ешқандай дау тудырмайды. Құлақтан кірген әсем әннің шын мәнінде бойыңды баурап алатыны, содан адамды жоғары сезімдерге жеткізетіні өнер саласында да, ғылым саласында да сан мәрте дәлелденген жәйт.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ

Музыка сырлы да сиқырлы дыбыс.


Музыканың адам өміріндегі мәні ерекше. "Ән жоқ жерде адам тірлігі де жоқ" деп Ю. Фучек өте тауып айтқан. Музыка адамды шаттыққа бөлеп, мұң - зарын сейілткен. Музыканың әсер - ықпалының күштілігі соншалық, ол адамдардың мінез - құлқы мен салт - дәстүрін де өзгерте алады екен. Сөзіміз дәлелді болу үшін қытайлық музыка зерттеушісі Сыма Цяньның мына пікірін еске алайық: "Дүниеге келген адам баласы өміршең рухты, жүрек пен сананы еншілей туады. Ал, қайғы мен шаттық, ашу мен қуаныш болса, туа бітетін қасиеттер емес, мұның бәрі де сыртқы әсерге деген адам сезімінің өзгеруі ғана, әрі - беріден соң сезімді қалыптастыратын да сол сыртқы әсерлер. Содан да болар, баяу да бойлауық, зарлы да сарнауық әуен бел алған ортада халықтың санамен сарғайып, мұңға батқаны; егер ерке де еркін, жайдары да жеңіл, иірім - қайырымы алабұрта елпілдеген әуен бел алса, онда халықтың шат - шадыман ғұмыр кешкені; егер қатқыл да қаһарлы, бастауы жігерлі, қоштауы асқақ, қайырмасы кең орамды әуен бел алса, онда халықтың өзіне - өзі сенімді де табанды болғаны; егер қоңыржай да ашық, орнықты да қалыпты, байсалды да шыншыл әуен бел алса, онда халықтың сыпайы да ізетшіл болғаны; егер шалқар да шалқымалы, жүрекке жылы, жанға жайлы әуен бел алса, онда халықтың мейірім мен махаббатқа бөленгені; ал егер жабайылардың әндері сияқты шегіне жете бүлініп - бұрмаланған, жанығып - жан ұшырған, ырду - дырду әуен бел алса, онда халықтың бұзылғандық пен бейбастақтыққа белшесінен батқаны" (Трактат о музыке юэшу) - Исторические записки ("Ши цзи". М., 1986. ІV том. 74, 81, 82 - б.). Сөйтіп, Сыма Цянь халықтың музыкасы арқылы олардың ішкі және сыртқы тіршіліктерін аңғарып, анықтауға болатынын айтады.
Музыка дегеніміз - сырлы да сиқырлы дыбыс. Ал, дыбыс - табиғат. Табиғатсыз тіршілік жоқ болса, дыбыссыз музыка жоқ. Әуен көптеген сансыз дыбыстан құралады. Табиғаттан пайда болған жаңбыр, дауыл, жел үні, су сылдыры, құстардың әні, аңдардың үні мен қимылы, жан - жануарлардың боздауы, кісінеуі т. б. дыбыстарға еліктеуден әуен құралады. Мысалы, талантты сазгер Нұрғиса Тілендиевтің "Құстар қайтып барады" әнінің ырғағына бір сәт құлақ түріп, зейін қоя тыңдаңызшы. Құлаққа құстардың қиқуы келіп, ол үн жүрегіңді баурап, көңілді мұң шалмай ма?!

Ағаш жапырақтары сарғайып, күн нұрын сирек шашып, күңіреніп күз жеткенде құстар жылы жаққа қайтып кетеді. Осы бір табиғи құбылысты дара тұлға Нұрғиса Тілендиев «Құстар қайтып барады» әнге салған еді.

1965 жылы ол кезде ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері деген атағы бар ұлы сазгер Нұрғиса Тілендиев Қазақфильм киностудиясында музыкалық бағдарламалардың бас редакторы қызметін атқарған екен. Бірде жұмыстан шығып, көңілсіз күйде үйіне қарай тартады. Сірә, жұмыста бір дүниеге көңілі толмаса керек. Алматыдағы 28-Панфиловшылар саябағына аяңдай келіп, орындыққа отырып, айналасына қарай бастайды. Кенет көзіне ұшып жүріп, ағашқа келіп қонған тырна түседі. Жаңа қонған тырнаға ағашта отырған өзге құстар, оның ішінде қарғалар тыныштық бермейді. Қайта-қайта келіп, шоқып, мазасын алады. Құстардың бұл әрекетін көрген сазгер: «Адам мен құстың өмірі қандай ұқсас» деген ойға келеді.«Жер бетінде адам баласы бір-біріне сұстана қарап, қызыл сөзге жол біріп, бір-бірін көре алмай, қудалап жатады. Бұл әрекет құстардың да өмірінде бар екен-ау. Тырнаны қарғалар отырғызбай қойды. Мен болсам, көзге жас алып, үйге қарай беттедім» - деп үйге келген бойда саябақтағы жағдайды жары Дариға Тілендікелініне айтып береді.Саябақтағы оқиға сазгер жүрегінде қалып, көңіліне тигені соншалықты, ол «Құстар қайтып барады» әнін дүниеге әкеледі.

Разработка урока по музыке на тему Музыка - барлық дертке ем!

Кейін Тұманбай Молдағалиев бауырын шақырып алып, әннің шығуына ықпал еткен жағдайды баяндап, көңілі босағанын айтып береді. Ақын інісі ағасын мұқият тыңдап, ән мәтінін жазуға бел буады. Осылай «Құстар қайтып барады» әні халық назарына ұсынылады.

Разработка урока по музыке на тему Музыка - барлық дертке ем!Бұл әннің алғашқы орындаушысы - ҚР халық әртісі Роза Жаманова. Кейін қос дауыста сол кезде өнерге енді ғана қадам басқан Бақыт Әшімова мен Шолпан Тоқсанова деген жас әншілер шырқады. Осы ән арқасында жас әншілердің есімдері кеңінен таралды. Ән танымалдылыққа ие болып, «Құстар әні», «Бара жатыр құс қайтып», «Құстар қайтып бара жатыр» деген атауларға ие болды. Сазгердің жүрегінен шыққан әуенді сырын бұзбастан тек шебер орындаушы ғана жеткізе алады. «Құстар қайтып барады» әнін ҚР халық әртістері Майгүл Қазтұрғанова, Ермек Серкебаев, Нұрғали Нүсіпжанов сияқты саз өнерінің майталмандары шырқады. Нұрғиса Тілендиев көзі тірісінде өз концерттерінің барлығын осы әнмен аяқтайды екен. Өзі шығарған туындылардың ішінен бұл әнді жанына жақын тартып, ерекше санаған.Қайтпас сапарға аттанар сәтінде: «Мені «Құстар қайтып барады» әнімен шығарып салыңдар» деп аманат еткен екен.

Құстар қайтып барады

Сөзін жазған: Тұманбай Молдағалиев

Әнін жазған: Нұрғиса Тілендиев

Жаз өмірін, мәз өмірін қысқартып,
Бара жатыр, бара жатыр құс қайтып.
Зымырлайды менің бала кезімдей,
Бір жалт етіп өте шыққан, өте шыққан сезімдей.

Құстар, құстар сызылып ән салады,
Сол әнімен тербетеді даланы.
Ал, адамдар күліп бастап өмірін,
Кетерінде жылай да алмай, жылай да алмай қалады.

Біздің жаққа бауыр басып кеткен бе,
Тамаша әнмен келіп еді көктемде.
Өскен жерге сыймай кетіп барады,
Өскен жерін қимай кетіп, қимай кетіп барады


Халқымыздың білгір сазгері, академик Ахмет Жұбанов музыка жайлы: "Қазақ халқының талантты күйшілерінің күйлерінде құлаққа әрең естілетін шөптің сыбдыры, кең далада келе жатқан жалғыз жолаушының әні, аспанда қалықтап жүрген қайсар бүркіттің қанатының суылы бар…" - деп ерекше тебірене жазыпты.
Жақсы ән мен сазды музыка - жан азығы. Әсем ырғақты, жан тербетер ән, сазды музыка тыңдаған адамның жүрегі жай тауып, рахат сезімге, ерекше қуанышты күйге бөленеді. Солардың арқасында қан айналу, зат алмасу процесі жақсарады. Музыка көңілді көтереді, қайғыны жеңілдетеді, бойды сергітеді, жанға жайлы эмоция тудырады.
Ежелгі гректер музыка мен медицинаны қосып, оған қамқоршы етіп бір Құдайды - Аполлонды беріпті. Музыканың адам денсаулығына, көңіл - күйіне әсер ететіні жайлы мәліметтерді ұлы дәрігер Эскулаптың, ежелгі грек математигі' философы Пифагордың, философтар Аристотель мен Платонның еңбектерінен табуға болады. Музыка ырғағы күш - қуат беріп, көңіл - күйді көтеретінін әскери мамандар да ертеден мойындаған. "Музыка армияның жігерін екі - үш еселендіреді" деп орыс армиясының белгілі қолбасшысы А. В. Суворов дәл айтқан.
Қытай мен Грекияда музыканың емдік қасиеті жайлы ертеде ақ белгілі болып, ол біздің дәуірімізге музыкатерапия немесе вакалотерапия ретінде жетіп отыр. Музыканың дыбысына, ырғағына байланысты адам организмі әрқалай әсер алады. Сондықтан, оны кейбір жүйке ауруларын емдеуге, олардың алдын алу мақсатында пайдаланатыны белгілі. Мысалы, әсерлі музыка эндокринді бездер қызметін едәуір жақсартады да, гормондар бөліну күшейе түседі. Музыка ас қорыту тізбегіне де жағымды әсер етеді. Музыканың адамға әсері оның қандай аспапта орындалуына байланысты. Мысалы, сыбызғы үні қан айналымына, жүрек тамырларына пайдалы әсер етсе, скрипка мен фортепиано адамның жанын жай таптырып, жүйкесін тынықтырады екен. Ал, қазақтың екі шекті музыкалық аспабы қоңыр домбыраның күмбірлеген үні, киелі қылқобыздың жүрек елжіретер сырлы сазы қалай сізді бей - жай қалдыра алады?
Музыкатерапия қазіргі кездері невроздар мен неврастения секілді ауруларды емдеу мақсатында, шаршап, ұйқы қашқан кезде жүйкені тыныштандыратын ем ретінде пайдаланылып жүр. Музыкатерапия гипертониялық, жүректің ишемиялық аурулары мен нейроциркуляторлық дистония сырқатын емдеуде де қолдау тапты. Ғалымдар музыканың тіршілікке қандай пайдасы барын анықтау үшін бірде мынадай тәжірибе жасаған. Гүл өсірілген плантацияның бірінде үнемі жанға жайлы сазды музыка ойнап тұрған да, ал екінші бір плантациядағы гүлдер музыкасыз жай тәсілмен өсірілген. Тәжірибенің қорытындысында ғалымдар музыка ырғағымен өскен гүлдердің жақсы да әсем болып өскенін анықтаған.
«… Қазақ баласының шыр етіп жерге түскенінен ер жеткенге дейінгі бар ғұмыры өлеңге толы, оның алғашқы еститіні ана әлдиімен айтылатын бесік жырының әуені»,- деп өзінің «Қазақ халық әдебиеті» атты еңбегінде Х.Досмұхамбетов балаларға арналған ән-жырдың бала өміріндегі тәрбиелік ықпалының зор екендігі туралы атап көрсетеді.

Лондон университеті мамандарының дәлелдеуі бойынша, кез келген аспапта орындалатын музыка ақыл парасатты дамытып, өзін жақсы сезінуге септігін тигізеді. Және иммунитет жүйесінің жақсы жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.

Музыка өнері өмірдің ажырамас бөлігі ретінде эстетикалық, танымдық, тәрбиелік функциялар атқарады. Бұл туралы Д.Б.Кабалевский былай деп тұжырымдаған: «Адам жасаған өнер сол адам туралы және сол адам үшін жасалады, музыка мен өмірдің байланысы осында жатыр… Міне сондықтан да өнер үнемі адамдардың идеялық дүниесін байытып, рухтандырып, дүниетанымын бекітіп, күш қуатын арттырып келеді».
Тағы бір тәжірибе музыка сазымен сауылған сиыр сүтті әдеттегіден көбірек бере бастайтынын дәлелдеді. Өз ұлтымыздың да музыка мен сазды әуенге байланысты неше бір аңыздары бар. Солардың бірі - ботасынан айырылып, көздерінен жас сорғалап боздап тұрған аруанаға сырлы сыбызғымен ән ойнағанда жаңағы түйе боздағанын тыйып, бойы босаңсып, иіген екен. Міне, әннің құдіреті!
Осы келтірілген мысалдардан - ақ музыканы тек адам ғана емес, бүкіл табиғат ұнатады екен, ол бәріне қажет екен. Зейін қойып, зер салсаңыз, табиғаттың әрбір құбылысы, әрбір суреті таңғажайып саз, музыка емес пе? Мәселен, ағаш жапырағының сыбдыры, бұлақ суының сылдырай аққаны, құстардың үні, шегірткенің шырылы, араның ызыңы, көбелектің көлбей ұшуы… Сезіне, түсіне білген адамға бәрі әуен, бәрі музыка.
Табиғат аясында бірер сағат болудың өзі адамға бір аптаға қуат, күш - жігер беретіні сондықтан. Мысалы, жұмыстан шаршап келгенде 15 - 20 минут жанға жайлы жеңіл музыка тыңдасаңыз, жаныңыз сергіп сала беретінін, күш - қуат аз уақыттың өзінде қалпына оралатынын байқайсыз. Жігерлі, екпінді де шабытты музыка адамдарға жігер қосып, ерлікке бастайтыны белгілі. Мысал үшін өзіміздің елдің әнұранын (мемлекеттік гимнді) алайық. Ол ойнағанда бойыңда елге деген, халқыңа деген ерекше ұлттық сезім пайда болып, сол елдің азаматы екеніңді ерекше мақтаныш тұтатындай күш пайда болмайды емес пе?
Сазды да сырлы музыка, әсіресе, жасөспірімдер мен жас балалар үшін қажет - ақ. Музыка олардың орталық нерв жүйесіне, яғни, жүйкесіне әсер етіп, ой - өрісін жетілдіреді, рухани дүниелерін байытады, сезімталдыққа, нәзіктікке, қайырымдылыққа тәрбиелейді.

Музыка мен ән күйдің емдік шипасы.

Адам тәні биоөрісі тепе - теңдігі өзгеріске ұшырағанда, оның денсаулығының күйін ыңғайсыз жағдайларға душар ететіні ғылыми тұрғыдан дәлелденген. Мұндай жағайлар адамның көңіл - күйінің бір қалыптылығына кері әсер етіп, ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Адамның ой-жүйесінің психологиялық теңдігінің өзгерісі артады. Адамның көңіл-күйінің өзгеріске ұшырауынан оның тәндік биоқуатының тұрақтылығы ауытқып, дененің кейбір мүшелерінде сырқат белгісі сезіле бастайды. Осы жағдайдан адамды шығаруда әсерлі емдік шипалық құпиясы бар ерекше музыка, ән - күй және дыбыстар бүгінде әлемдік халық шипагерлігі саласында ғана емес, осы заманғы медицина жүйесінде де арнайы ғылыми анықтамаларға негізделіп пайдаланылуда. Музыка, ән - күй мен дыбыстың да шипалы, шипасыз және кері әсерлісі де барын аныталған. Адамның жан-дүниесі тәтті бір ұйыған, тыныштықта болу үшін жайлы, нәзік музыканы тыңдау пайдалылығы анықталуда.

Халық шипагерлігінде сырқатты түріне қарай анықтаған соң оны емдеп жазуда музыка мен ән-күйдің де көмегін пайдалану тәсілдері де ертеден қалыптасқаны белгілі. Ата - бабаларымыз ертеден-ақ музыка өнерінің тозған, шаршаған жүйке талшықтарына қозғау салып, жан бітіретін күшке ие екендігін білген. Бұл әдісті одан ары дамыту жолдары да бүгінде көптеген елдер мен қазақ елінде де ғалым дәрігерлер мен шипагерлер тарбынан қолданысқа еніп, оң нәтижесін беруде. Кез-келген адамның көңіл-күйін бір қалыпты ұстауына дыбыстық үн әсері зор болып қалмастан, оның психологиялық жақтан ауытқуға ұшырай бастаған жүйке-жұлындарының бір қалыпқа келуіне, тербелістік үндік толқындардың тигізер емдік шипасы да осы заманғы медицинада да пайдалануда.

Адамның психологиясы мен биоқуатының бір қалыптылығы барлық уақытта бір деңгейде бола бермейді. Қаншалықты өнерден хабарсыз, оны онша ынталы түрде жаны сүйіп тыңдай қоймайтын адамның өзіне де ең алдымен ұлттық музыка, кұй, ән бір әсер ететіні анық байқалуда. Музыкатерапевт - емші Рушель Блаво осы музыканың көмегімен сырқаттарды емдеудегі алғашқы кітаптың авторы. Ол өзінің көп жылғы тәжірибесіне сүйеніп, музыканың емдік пайдасы туралы былай дейді: «Музыкамен емдеу жолы жылдар бойы адамның өмірін қинаған, жүйке - жүйелерін тоздырған және өте қауіпті асқынған сырқаттарын емдеуде зор көмегін тигізеді» - деп жүйелейді. Музыкалық емдік шипаның жүйкенің ауытқуына, гормондық тепе-теңдіктің бұзылуына, шаршап әлсіреуге емдік әсері жоғары екені дәрігерлік-емшілік саласында да нәтижелі болуда.

Музыка мен ән - күй құрамында химиялық уы болмайтын, адамның тәнін уламайтын, жанына рахат сезімін тудыратын, психологиялық әсері күшті таза мөлдір дәрі деуге болатынын, мен өзімнің жиырма жылға жуық шипагерлік қызметімде тәжірибеден өткізіп, оң әсерін анықтай алдым. Мұндай анықтамаларды шипагерге емделушілердің өздері бере отырып, шипагердің пікір мен ұсыныс журналдарына қалдырған ықыласты пікірлерінен байқауға болады. Көптеген сырқат адамдар өздерінің сырқаттарынан музыка мен ән - күйдің әсерінен кейін оңала бастағанын және көңіл - күйлерінің жақсара бастағанын сезген. Ресейлік дәрігер-хилер А. Затеев музыканың емдік сипаты жөнінде: «Музыка бізді қоршаған адамдармен өзара қатынасымызға және байланысымызға жақсы әсер етеді. Тыңдаған музыканың бәрі жағымды бола алмайды. Әр музыканың өз тыңдаушысы болады. Сондықтан да музыканың түрі денсаулыққа емдік пайдасымен ерекшеленеді »,- деген ұғымын білдіреді.

Бірақ, әр адамның өзіндік жеке психологиясына, сырқатына, әлеуметтік жағдайына және қоғамдық ортасы орнына қарай әр түрлі музыканың әсері де өзгеше болатыны анықталуда. Мәселен: біреулердің жүйкесін күй, ән немесе эстрада әндері қозғаса, ал симфония мен баяу әндер көңілді жайландырады немесе, керісінше, әсер ететінін науқастар-дың өздері байқаған. Жан - дүниені тербейтін өте әсерлі тербелістік ұнамды музыка ғарыштық жүйемен үндесе отырып, адамның және жануарлар мен тірі организмдердің де жүйелі дамуына молдығы барын халықта және ғалымдарда ертеден бақылап біліп отырған.

Қытай, Үнді, Египет, Греция, Франция т.б. елдердің дәрігерлері мен емшілері, философтар мен музыканттары музыка мен биді сырқатты емдеуге пайдаланған. Сиқырлы қобыз сарыны, күмбірлеген домбыра үні, сызыла шыққан сыбызғы үні т.б. аспаптарда ойналатын музыкалық туындылардың адам организміне әсер етуі де әр түрлі болғанымен, жалпы психологиялық емдік сипаттарында ұқсастықтың емдік шипалық қасиеттері барын аңғаруға болады. Мәселен, Ежелгі грек философы Пифагор музыканың адам ағзасына, көңіл-күйіне қалай әсер ететіні туралы ғылыми анықтама берген. Адам мұңайғанда, қайғырғанда, қажығанда ән мен күй оның ауыр жағдайынан шығуына немесе ауытқыған қуатын бір қалыпты жағдайға келуіне көмектесетінін тәжірибелік ізденістер көрсетуде.

Әлемдік кейбір білімді адамдар мен дәрігерлер де музыканың үнімен көп нәрселердің шешімін тапқаны жөнінде баспасөзде жазылып келеді. Пифагор, Гомер мен Госиоданың жырларын адамның жан-дүниесін емдеуге қолданған.

Әлемге әйгілі Гай Гракх халық алдына шыққанда сөзі өтімді болуы үшін, өзінің жанындағы музыкантына музыка құралын ойнатып қойған. Кейбір әншілер жағымды әндерді орындағанда адамдардың жан дүниесіне, тіпті жабайы аңдар мен құстарға да жағымды әсер ететіні байқалған. Кейбір жерде дәрігерлер музыканың ерекше ырғақтық дыбыстық көмегімен саңыраудың құлағының есту қабілетін де ашып, қалпына келтірген. Баяу ырғақты музыканың адам денсаулығына пайдасын көне дәуір дәрігерлерінің бірі - Асклептиидің баяндауынша емдеуге музыка мен ән әуендерін пайдаланған. Аса дыбысы жоғары, шулы сүйкімсіз музыка мен әндер адамның қан қысымын көтеріп, ауыр жағдайға душар етуі де мүмкін. Көбінесе рок музыканың қаупі басым екені, адам психикасын теріс бағытқа өзгертетіні ертеден анықталған. Рим дәрігері Гален жылан, қарақұрт шаққан адамды музыканың көмегімен емдей алған. Адамның нерв жүйесіне байланысты ауруларға музыканың да пайдасы анықталған. Немістің музыка зерттеушісі Маттесон: «Адамның жан-дүниесі тәтті бір ұйыған, тыныштықта болу үшін жайлы, нәзік музыканы тыңдау керек», - дейді.

Дегенмен, сырқаттардың біреуінің жүйкесін күй, ән немесе эстрада әндері қозғаса, ал симпония мен баяу әндер көңілді жайландырады немесе керісінше әсері сезілген. Мінезі жеңіл, көп шаршағыш, ашушаң және уайымшыл адамдарға музыканың көмегі зор болады. 1913 жылы Парижде композитор Игорь Стравинскийдің бір қойылымында залдағы көрермендердің ішінен айғайлаған, төбелескен, билеген және қызықты күлкіге бөленгендер болған. Олар не болғанын білмеген. Басты себеп музыка адамдардің жүйкесінің қозуына, ауытқуына адамның тұлғалық психологиясына қарай әр түрлі әсер еткен. Бұл жағдайдың кілтін Берлиндегі музыка зерттеуші Кристоф Рюгер таптым деген тұжырымын жасаған. Гармония мен ырғақ адамдардың сана-сезіміне тікелей әсер етеді. Кейде оның кері әсері немесе емдік қасиеті бары да анықталуда. Профессор Рюгер «Үйдегі музыкалық дәріхана» деген анықтамалық кітапта жазып ұсынған екен.

Бұл ғалым өзінің көп жылғы тәжірибесі негізінде, ауыра қалған жағдайда емделу үшін музыкалық рецепті ұсынады. Ал бізде көп жылғы тәжірибемізде емге музыканы, ән мен күйді пайдалана отырып ұлттық музыканың өзіндік шипалық қасиеттерін ашып, жалпы халықтық пайдалануға ұсындық. Оң нәтижесі барын пайдаланушылар дәлелдеп беріп келеді. Менің өзімнің сөзін жазып әрі әнін шығарған оннан асық әндерімді халық шипалық емге пайдаланғалы көп жыл болды. Бұл әндердің шипалық қасиеті барын алғаш нотаға түсірген композитор-лар Ә. Телғозиев пен Т. Тайбеков байқаса, одан кейін «Жас Алаш» (21. 2. 1995), «Шымкент келбеті» (1997) т.б. газеттерде жариялады. Әсіресе «Құдірет» әнім психикалық ауруларға тез әсер ететінін, шипалық емге пайдаланушы емшілер дәлелдеп келеді.

Кез келген ән мен күйдің өзіндік ерекше мәні бар ырғағы мен ритмі болғандықтан, оның мәнділігін орындап халыққа жеткізуде әнші мен күйшінің орындау қабілетіне байланысты болады да, әсері де әр түрлі болады.

Ертеде қазақтар ән мен қиссаларды таңға ұйықтамай тыңдағанда, демалып қалдық деп тарқасуы да бұл өнердің шипалық қасиетінен деуге болады. Қазіргі уақытта дыбыстың да емдік шипалық қасиеті зерттеліп, денсаулықты жақсарту саласында пайдалана бастады. Музыка зерттеуші Х. И. Хан: «Музыка адамның өнері мен поэзиясын дамытып қалмастан, ол адамның рухын көтереді және емдейді де. Музыка өнер, әрі ғылым»,- дей келе, музыканың таза үндік, ырғақтық және дыбыстық әсерінен түрлі толқынды емдік қуаттар пайда болатынына көңіл бөледі. Кейінгі кезде шипагерлік саласының емдік жүйесіне дыбыстың да пайдасы молдығы анықталуда. Мәселен, азан шақырғандағы жоғары тонды дыбыстар мен шіркеудегі қоңыраудың қатты дыбысы аралықтан әсер ететін, тез тарайтын тұмау т.б. аурулардың микроптарын жойып жіберетіні анықталған.

Жеке қарыптарды да мәнерлеп оқығанда әр түрлі ауруларға шипасы бары іс жүзінде тәжірибеден өткізіліп келеді. Бұл тәсіл жеке адамның өзі-өзі емдеуіне өте қолайлы әдіс түрі екенін шипагерлер мен емделушілер де дәлелдеуде. Бұндай қарапайым емдеу тәсілі шипагерлік емнің жаңа шипалық жүйесіне жол ашып ғана қалмастан, ұлттық шипагерлікті байыта түседі.

Дыбыстың шипалық емдік әсері оның негізгі принциптері резонансына, ритміне, үндік мелодиясына, гармониясына, дыбыстың ауқымдығына, тембріне, ағыны мен толқынды тиянақтылығына және дыбыстың қуатты-лығына байланысты екені зерттеушілер тарабынан ғылыми түрде зерттеліп, тұжырымдамалар жасалуда. Тэд Эндрюс дыбыспен емдеудің негізгі принциптерінің құпияларын зерттеп, оның емдік ерекшелігі туралы: «Жоғары тонды дыбыс - ол өте қуатты күш. Дыбыстың әсері де дұға, музыка, ән және мантраға ұқсас келеді. Дыбыс адамдар мен дыбыс Басқарушының ортасындағы байланыс құралы ролін атқарады. Дыбыс ол біздің денсаулығымыздың жағдайы мен сананың нақтылы уақыттағы жағдайын анықтайды... Емдік шипалық дыбыс адамның физикалық денесіндегі чакраларға бағытталып, өзінің шипалық қасиетін жалғастырады», - деп тұжырымдайды.

Дегенмен, адамдардың есту, қабылдау және сезім қабілеттері бірдей болмағандықтан, олардың түпкілікті әсер алып қабылдауы да әр түрлі болады. Музыка мен ән-күй адамның миінің клеткаларына әсер ете отырып, оның импульсті ырғағын қозғап, теңшеп, қызметін жақсартып, шаршағанын басуға көмектеседі. Адамның ағзаларында жаңадан күш қуат пайда болып, ағзалар ескі қуаттарынан тазарып, жаңа қуатпен қоректенеді. Адамның сенімі оянып, жаңа іске талпынады. Музыка ұлт таңдамайды. Музыканың үні, ырғағы мен әсер ету күші барлық адамзат баласына да әсер ете алады.

Емдік шипалық сипатқа ие «Елім - ай» әні жан дүниені оята алады, ұлттық патриотизмге рухыңды көтереді. Күңіренген қобыздағы Қорқыт, Ықылас күйлері мен Құрманғазы, Дина, Тәттімбет, Сүгір, Т.Момбеков пен бүгінгі С. Тұрысбеков т.б. - дың домбырадағы әсем үнді, жүректі тебірентетін күйлерінің емдік шипасын көптен анықтап келеміз. Музыкалық шипа емі бүгінде арнайы бір орталыққа топтастырылмағанмен, көптеген дәрігерлер мен емшілер жеке емдік сеанстарында жиырма жылға жуық тұрақты пайдаланып, оның оң нәтижесін анықтап келеді. Әлемдік шипагерлердің көбі сеанс кезінде емделушілердің психологиясына әсері мол «Ғарыштық» музыкаларды пайдалану арқылы, емін бастап әрі аяқтайды.

Ресейде арнайы музыканың емдік әсерін зерттейтін орталықтар мен қоғамдық ғылыми зерттеу институттары және Санкт-Петербург қаласында арнайы «Музыкатерапия» мектебі жұмыс істеуде. Бұдан музыканың емдік шипасының болашағы барын аңғаруға болады. Батыс елдерінде классикалық Шопен, В. Моцарт, Ф. Лист және Бетховеннің шығармаларын жүйке ауруларының түріне қарай пайдаланса, қазақ елінде де емдік қолданысқа емдеушілерде пайдаланып келеді. Музыка мен ән - күй адам ағзасына ғана әсер етіп қалмастан, жан - жануарларға, аң - құстар мен өсімдіктерге де оң немесе теріс әсері ететіні анықталуда. Музыка дыбысы электромагнитті толқын тудырып ірі қуаттық өріске айналатындықтан, ол жер бетіндегі тірі организмдерге әсері тез болады. Мешіттерде азан шақырғанда және шіркеулерде қатты қоңырау дыбысы шыққанда эпидемиялық жұқпалы аурулардың таяқшалары мен сары аурудың вирустарын өлтіретін «улътурадыбыстық шағылу тербелісі» болатынын ғалымдар анықтауда. Жапониялық ғалымдар музыканы жемістер мен көкөністерде жақсы көретінін анықтаған. Олардың пікірлері бойынша музыкалық аспаптар сазы өсімдік жапырақтарының араларын кеңейтуі нәтижесінде оттегі, қоректік заттар көбірек сіңіріліп, фотосинтез процесі кұшейтетінін анықтаған.

Музыка дыбысы арқылы жемістердің, көкөністердің тез өскені, пісу уақыты қысқарып, өнімі отыз пайызға артқаны әсіресе классикалық әуендердің жағымды әсерінің күштілігі байқалынған. Музыкалық дыбыстың кері әсерінен жаңбыр жауатынын Қытайдың бір таулы аймағында анықтаған. Қазақ елінде алғаш өлеңмен емдеу ХХ ғасырдың тоқсаныншы жылының басында басталды. Денсаулық журналы насихаттап, халық емделе бастады. Бұның ғылыми қорытындысы әлі белгісіз.

Адамның психологиясына тербелістік жүйе бойынша өте нәзіктікпен әсер етіп, тұйықтықтан еркін шығаратын музыкалық толқынның үндік емдік сипаты өркендей бастады. Исламда да музыканың өте жағымды, адамға қуат беріп көңілін көтеретіндей әсерлі, үні нәзік әндеріне пайғамбарымыз Мұхаммед / с. ғ. с / тиім салмағаны, қайта қуаттағаны айтылады.Осыған байланысты әр отбасында жеке жинақтағы музыкалық шипалық ән мен күйлердің болуы қажеттігі, дамып келе жатуы, қоғамның талабы мен жетістіктеріндегі адамның салауатты өмір сүрудегі басты қағидаларының бір саласының өркендей бастағанын аңғартады.

ҚОРЫТЫНДЫ

Музыка арқылы жас ұрпақты тәрбиелеуге, әр түрлі дыбыстарды тануға, өзіндік ақыл ой парасатын дамытуға үлкен септігін тигізеді. Музыка адамның жан дүниесін баурап алып, армандарға жетелейді. Музыка адамгершілік қасиетін жоғары ұстауға жетелейді. Сондықтан Әл Фараби: «Музыканның жұмыс салдарынан пайда болған шаршағандықты ұмыттырып, өзіне баурап әкететін қасиеті болады. Ол - бізге осы жұмыстың зардабына шыдауға, төзуге көмек береді.»

Расында да, музыка - адамды ерекше рахатқа бөлейтін ұлы күш. Ән - әуен адам сезімін баурап алып, жанға жайлы, мол эмоциялық сәттер туғызады. Тартымды да мәнді музыка - дертке де шипа.



© 2010-2022