Сабақ тақырыбы: Ұшардың ұлуы

Раздел Музыка
Класс -
Тип Рабочие программы
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Тақырыбы: Ұшардың ұлуы

Мақсаты: баланың ішкі жан дүниесін музыканың құдіреті тілімен ашу және өмірге деген көзқарасын қалыптастыру.
Білімділік: Қорқыт ата туралы аңыздармен таныстыру, қобыз аспабының дыбыстық ерекшелігін түсіндіру.
Дамытушылық: аңыз күйлерін түсінуге - тұжырымдауға, ой мәдениетін дамытуға мүмкіндік жасау.
Тәрбиелік: халық ауыз әдебиетін және ұлттық өнерге құрметпен қарауға, тыңдай білуге тәрбиелеу.
Сабақтың типі: жаңа сабақ меңгеру сабағы.
Сабақтың әдісі: эвристикалық, іздену
Сабақтың жабдығы: Қорқыт ата портреті, плакаттар, үнтаспа

САБАҚТЫҢ БАРЫСЫ:
I. Ұйымдастыру кезеңі
II. Білімді белсенді меңгеруге дайындау
а) Музыка әуенімен сәлемдесу
ә) «Салауат» әні - орындау
б) Сабақтың барысын айту, мақсатымен таныстыру.

III. Үй тапсырмасын тексеру
Қ. Сағырбаевтың өмірі мен шығармалары - мазмұндау
"Домбырасыз сән қайда"- орындау
"Жеті саз"ойыны(әр нотада сұрақтар берілген, дұрыс жауаптарын айтып нота сызықтарына орналастыру)
Берілген сұрақтар мазмұны:
1. Музыкалық бейне дегенді қалай түсінесің?
2. Қандай өнер түрлерін білесің?
3. Құрманғазының туып өскен жерін ата?
4. Құрманғазының қандай күйлері бар?
5. Үнтаспадағы әуен таныспа?
6. Құрманғазы кімдерге қарсы күресті?
7. Ән әуенін мұқият тыңдап ажырат?
Ән айту: Домбырасыз сән қайда.

Ребус шешу: Құрманғазы - күй атасы.
Мұғалімнің кіріспе сөзі: Бүгінгі сабағымыз қобыз аспабында өмір жырын толғаған ұлы бабамыз "Күй атасы - Қорқыт" атаға арналады.
2. Сабақ рефлексиясымен таныстыру

IV. Жаңа білімді меңгеру
Қорқыт ата кім болған?
Қорқыт - бүкіл оғыз - қыпшақ, түркі халықтарына ортақ тұлға. Әйгілі жырау, күйші, қобызшы, оғыз - қыпшақ ұлысынан шыққан бақсы, абыз. Өз халқының бақыты үшін"жерұйық"іздеп көптің мүддесін көздеген.
а) аңыз: Қорқытты туарда анасы құланның жаясына жерік болыпты. Жыл сайын бір рет толғатып, баланы үш жыл тоғыз күн көтереді. Бір күні нәрестенің дүниеге келер сәті жетеді. Анасы, туарда тоғыз күн толғатыпты, сол сәтте жер дүниеге үш күн, үш түн қараңғылық түсіпті, қара жаңбыр, дауыл соғып, біреуді біреу көре алмай, қорқыныш басыпты. Бала анасынан туа тіл қатып, сөйлей бастайды. Шілдеханасына жиналғандар:"Бұл ерекше қасиетті болып өмірге келуі арқылы біздің бәрімізді қорқытты ғой, сондықтан аты Қорқыт болсын",- деп нәрестенің атын қорқыт қояды.
Қорқыт туған кезінде,
Қара аспанды су алған
Қара жерді құм алған
Ол туғанда ел қорқып,
Туғаннан соң қуанған - өмірге келуі жайында жыр.
б) аңыз: Міне осы ғажайып жағдайда туған Қорқыттың ер жеткеннен кейінгі іс - әрекеттері де ешкімге ұқсамайды. Ол жиырмаға толғанда түсінде біреулер аян беріп,"қырықтан артық жасамайсың"депті. Міне, осыдан кейін Қорқыт дүниенің пәнилігін көп ойлап, өлмеудің жолын іздестіреді, түйесі Желмаяға мініп, әлемнің төрт бұрышын аралайды. Ол қайда барса да, қазулы көрді көреді... бұл кімнің көрі,- деп сұрағанда"Қорқыттың көрі"деп жауап алады. Ақырында өзінің туған жері Сырдария бойына келеді, қарағайдан қобыз жасап, өлмес өмір күйін тартады. Қазақта "Күй атасы - Қорқыт"деген аңыз осылайша пайда болады. Ол Сырдария суының бетіне кілем төсеп, күй тартқанда дүниедегі жан иесінің бәрі де құлағын елжіретіп тыңдаған.

Қобыз тарихы.
Келесі аңызда Қорқыттың қобыз аспабын ойлап табуы туралы баяндалады.
а) аңыз: Қорқыт жасынан өте ұғымтал, құйма құлақ болып өседі, сол кездегі аспаптардың бәрінде де керемет ойнайды екен. Алайда, ол оған қанағаттанбай, адам және жануарлардың үнін, табиғаттағы құбылыстар мен дыбыстарды жеткізетін жаңа бір аспап жасағысы келеді. Он ойлап, тоғыз толғанды. Қарағай ағашын кесіп әкеліп, одан бір нәрсенің жобасын жасайды. Бірақ ары қарай қалай, не істерін білмей қиналады. Күндер осылай өте береді. Бір күні шаршап отырып, көзі ілініп кетіп, түс көреді. Түсіне періште енеді. Ол балаға:"Қорқыт, жасап жатқан қобызын алты жасар нар атанның жілігіндей екен. Енді оған түйенің терісінен жасалған шанақ, ортекенің мүйізінен ойылған тиек, бесті айғырдың құйрығынан тартылған қыл ішек жетпей тұр. Осылар болса, аспабың сайрағалы тұр екен",- деп кеңес береді. Қорқыт ұйқысынан ояна сала, осы айтылғандардың бәрін жасайды.

Қарағайдың түбінен
Қайырып алған қобызым,
Үйеңкінің түбінен
Үйіріп алған қобызым,
Желмаяның терісін
Шаңақ қылған қобызым,
Ортекенің мүйізін
Тиек қылған қобызым,
Бесті айғырдың құйрығын
Ішек қылған қобызым,
Құлағыңды бұрайын,
Осы айтқаным болмаса,
Қайырып жерге ұрайын.

ә)"Ақпараттар ағыны"стратегиясы
сурет: Қобыз (бейнесі) құрылымы
Тиегі
Қобыз
Басы
Шаңағы
Құлағы
Ойығы
Ішегі

"Қорқыт ата кітабы" жөнінде не білеміз?
Қорқыт ата кітабының біздің заманымызға жеткен екі түрлі нұсқасы белгілі, оның бірі 1815жылы Дрезден, екіншісі Ватикан(Италия) нұсқасы оны тануда шығыс зерттеушісі Бартольдың еңбегі өте зор. Ол 1894 - 1904 жылдары жырдың 4тарауын орыс тіліне аударды. Бұл кітаптың толық нұсқасы В. М. Жирмунский мен А. Н. Канановтың редакциясымен 1962 жылы КСРО Ғылым академиясының баспасынан жарық көрді.
Әдебиет зерттеушілері Ә. Марғұлан, Ә. Қоңыратбаев, М. Жолдасбеков және Еуропа зерттеушілері бұл кітапты жыр тілімен жазылған, яғни жыр үлгісі деп бағалайды.
Қорқыт бабаның бейіті мен ескерткіші қай жерде?
Сырдария жағасында, Қызылорда облысы Қорқыт станциясынан 5шақырым жерде бабаның бейіті бар. Қорқыт 95 жасында қайтыс болған. Көп жылдар бойы халықтар басына шырақ жағып келген. 1952 жылы су тасқынынан бейіттің бір қабырғасы құлап қалған. 1980 жылы алматылық жас архитектор Бек Ибраевтың жобасы бойынша жүзеге асырылған, қазақтың көне музыкалық аспабы қыл қобыз бейнеленген бұл ескерткіш желмен бірге ыңылдап, ән салып тұрады. Ескерткіш Қызылорда облысы, Қармақшы ауданының теміржол станциясына жақын жерде бой көтерді.
(Ескерткіш суреті)

Қорқыт баба күйлерін жалғастырушылар:
Ықылас Дүкенұлы, Нышан Шәмекұлы, Жаппас Қаламбаев, Дәулет Мықтыбаев деген ағаларымыз болған.
Қорқыттың 20-дан астам күйлері бар."Аққу","Кілем жайған","Сарын","Алпауыт","Елім - ай","Ұстаз","Желмая","Қорқыт күйі","Башпай", т. б.
Қорқыттың нақыл сөздері:
Бұл сөздер Қорқыттың күйшілігімен қатар, ақын - жыраулығын білдіреді. Әрине, жырау сөздерінің арада қанша ғасырлар өткенде бұлжымай жетпеуі де мүмкін емес.
Ата даңқын шығарып, өзінің тегін қуған балаға ешкім жетпейді,"Өтірік сөз өрге баспайды","Кімнің батыр, кімнің бақыл екенін жырау білер,"өлмейтін өмір кілті өнерде".
Ат тұяқты келеді,
Ақыл тілді келеді.
Ат шалдықпай жол бітпес,
Қанжар тимей жау қайтпас.
Анасыз қыз ақылға жарымас,
Әкесіз ұл сыйға жарымас.
Тай төбесі құл болмайды,
Күйеу бала ұл болмайды.
Музыка тыңдау:"Ұшардың ұлуы".
Бір жесір кемпірдің жалғыз баласы болады. Ол құс салып, ит жүгірткен аңшы, саятшы екен. Қашқаныңды құтқармайтын ұшар деген тазысы, желмен жарысқан жүйрік аты бар екен. Күндердің күнінде кенеттен жігіт қайтыс болып, сол кездегі елдің әдеп - ғұрпы бойынша жерленгеннен кейін жұрт қоныс жаңартып, басқа жерге көшеді екен. Жаңа орынға көшіп келгеннен кейін кемпір баласынан қалған көзі - тазы итін іздейді. Ол жоқ болып шығады. "Ескі жұртта қалған болар", - деп апа бұрынғы қонысқа келсе, айтқандай - ақ ұшар иесін қиып кете алмай, мола басында сай - сүйекті сырқырата аспанға қарай ұлып отыр екен. Мұны көрген ана:
"Жалғызымнан айырылдым,
Қанатымнан айырылдым
Ұшар, ұшар - кә, кә" деп аңырайды.

б) Талдау жасау
V. Жаңа білімді бекіту кезеңі
Сабақты қорытындылау мақсатында пысықтау сұрақтары:
Қорқыт атаның ескерткіші қай жерде?
Анасы Қорқытты құрсағында неше жыл көтерген?
Қобызға алғаш тіл бітіріп, үнін күй етіп сөйлеткен өнер иесі кім?
Қорқыт кім болған?
Қорқыт күйлерін жалғастырушы кімдер?
Венн диаграммасы:
Құрманғазы - Қорқыт (салыстыру)
Ән айту. "Жас дәуірдің түлегіміз" И. Нүсіпбаев

Сабақты бағалау: Оқушылардың сөз қолданысына, ой толғанысына қорытынды бере отырып бағалау
IV. Үй тапсырмасын хабарлау, нұсқау беру
Қорқыт және қобыз туралы, қобызға арналған аңыз күйлер туралы қосымша деректер жинау.

© 2010-2022