Шара жоспары 8 наурыз 5 сынып

Раздел Математика
Класс 5 класс
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Есть
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

«Сыйынар ем ана деген тәңірге» атты кештің сценариі.

Шара жоспары 8 наурыз 5 сынып

Мерекелік кештің басты мақсаты: Ана жайлы тамаша сөздер, өлеңдер, әндер арқылы аналар мен әжелерді мерекемен құттықтау, оқушыларды білімге, мейірімділікке, ұстамдылыққа тәрбиелеу, ұстазға ата-анаға деген құрмет сыйын арттыру, ана еңбегін қадірлей білуге үйрету. Нәзік жанды аруларымыздың қоғамдағы рөлінің айтарлықтай екендігін дәлелдеп, оларға қуаныш сыйлау. Оқушылардың оларға деген ізгі ниеттерін көрсету. Кештің көрнекілігі: Елбасы жолдауы, Жолдаудан үзінді жазылған қағаздар, ұлағатты сөздер, суреттер, шар, шақыру билеті, үнтаспа, гүл т.б.

Кештің барысы: Қонақтарды кешке шақыру, оларды қарсы алу, тілек білдіру, өнер көрсету, құттықтау сөздер, қорытынды сөз, жалпы қорытынды жасау.

Асылбек Еңсеповтың «Детство» күйі қосылып тұрады. Сахнаның сыртынан Мұқағали Мақатаевтың «Ана» атты өлеңі оқылады.

Ана
Сен бақыттысың,
Жыламағын!
Жай түсіп жатқанда да құламадың
Тәңіріңнен мен едім ғой сұрағаның
Сондықтан жыламағын, жыламағын!

Бармын ғой
Тірімін ғой,
Қасыңдамын.
Өлмеймін, мен өзіңдей асылданмын.
Таусылып, өз-өзіңнен шашылмағын,
Байырғы берекеңді қашырмағын.

Мен сенің қанықпын ғой көз жасыңа
Өзім кепіл тот басып, тозбасыма.
Екі жыр жазсам саған бірін арнап
«Ана» деп жаздым ылғи сөз басына.

Тәңірім кеше көрсін кесірімді
Аспанға жазсам сенің есіміңді!!!
Ана,
Сен бақыттысың, тербете бер
Құба талдан иілген бесігімді…

(Өлең аяқталып болған соң, бірден көңілді әуен қосылып оқушылар сахнаға шығып флешмоб билейді)

Фанфар ойналады. Жүргізушілер сахнаға шығады.
1-жүргізуші: Армысыздар, аяулы аналар, құрметті ұстаздар, гүлдей құлпырған қыздар! Барлығымыз асыға күткен көктемнің алғашқы күндерімен бірге 8 наурыз Халықаралық әйелдер күні де келіп жетті. Бұл - бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналар мен нәзік жанды қыздар қауымының төл мерекесі.

2-жүргізуші: Кейін шегініп, қалың тарихтың бір парағына көз салсақ, қасқайған Нью-Йорк қаласы мен сол алып, батыр қаланың әділеттілікті талап еткен нәзік жандыларын көреміз. 1857 жылдың 8 наурызында тігін және аяқ киім фабрикасының жұмысшы әйелдері үміттерін үкілеп, ереуілге шығады. Бұл күні тәулігіне 16 сағат жұмыс істеп, шағын ғана айлық алатын жұмысшы әйелдер басшылықтан 10 сағаттық жұмыс күнін, жарық әрі таза жұмыс орны мен еңбекақыларының ер-азаматтардың жалақысымен бірдей болуын талап етеді. Нью-Йорктың жан-жағынан көтерілген әйелдердің өз үні бейнебір толқын іспетті жан-жақтан естіліп, қоғамдағы әйелдердің орнын нақтылағандай болды. Осы күннен кейін алғаш рет әйелдердің қоғамдық ұйымдары құрылып, олар өз құқықтарын қорғауды қолға алды.

1-жүргізуші: 1910 жылы Копенгагенде жұмысшы әйелдердің қатысуымен II халықаралық конференция өтті. Социал-демократ партиясының әйелдер тобының көшбасшысы Клара Цеткин 8 наурыз халықаралық әйелдер күнін жыл сайын белгілі бір күнде тойлау керектігі туралы ойын ортаға тастады. Оның бұл ұсынысын өз құқықтары үшін күресуге бел буған қалың әйелдер тобы іліп әкетіп, келесі жылы-ақ, яғни 1911 жылдан бастап, Австрия, Дания, Германия мен Швейцарияда 8 наурыз мейрам ретінде тойланды.

2-жүргізуші: Наурыз айының басында біздің еліміздің көп аймағында әлі де қар жатады. Қыстағыдай ызғарлы, бірақ көңілімізді көктемнің алғашқы мерекесі жылындырады. Бұл мерекенің жылдың басқа мезгілінде болуы қисынға келмейтіндей, себебі, көктем секілді әйелдер де адамзатқа өмір, жылылық пен әсемдік сыйлайды емес пе?

1-жүргізуші: Барлықтарыңызды айтулы мерекемен шын жүректен құттықтаймыз! Жер-дүниенің жаңаруын, оның сәні мен мәнін паш етіп келе жатқан тамаша көктемнің мерекесі қарсаңында Сіздерге және отбасыларыңызға мол береке, бақыт, шаттық, мызғымас денсаулық, болашаққа зор сенім, көтеріңкі көңіл-күй тілейміз! Барша туған-туыстарыңызды жылы жүрегіңіздің мейірімділігі мен ыстық ықыласына бөлеуден шаршамаңыздар! Жылдан-жылға табиғаттың тамаша мерзімі - көктемдей құлпырып, жасара беріңіздер!

Сенен өскен балалар,
Батырлар мен даналар.
Құттықтаймыз мейраммен,
Құрметті, жан аналар!

2-жүргізуші: Қош келдіңіздер, құрметті аналар мен мектебіміздің аяулы ұстаздары! Бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздерге сарқылмайтын денсаулық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Осы күні өздеріңізге бағытталған тілектер періштенің құлағына шалынсын. Әрдайым біздердің жанымызда жүре беріңіздер. Бүгін сыныбымыздың Сіздерге арналған «Сыйынар ем, Ана деген тәңірге» атты мерекелік шарамызға қош келдіңіздер.

Ана десем шешек ашып жанары,
Өмірімнің бастау алар ажары.
Ана деген тіршілікке пана боп,
Әрбір үйде жұлдыз болып жанады, - дей отырып, алғашқы мерекелік құттықтау сөзді мектеп директоры ... (апайға немесе ағайға) береміз.

1-жүргізуші:

Әркімнің де өмірден аласы бар,

Аласы бар адамның анасы бар.

Мерекесін құттықтап аналардың,

Ән жолдайтын апалардың баласы бар.

Ән: «Аяулы анашым» орындайтын аудандық «Балдаурен» фестивалінің жеңімпазы Алмасұлы Азат

2-жүргізуші:

Барша ана құтты болсын мерекеңіз,
Әрқашан ана сізбен берекеміз.
Ақтасақ ақ сүтіңді, асыл анам,
Сонда біз кісілікке теңесеміз,-дей отырып ұл-қыздарыңыз жүрекжарды тілектерін ұсынады.

1-оқушы: Анасыздар, әр үйге панасыздар,
Бала десе от болып жанасыздар.
Сәтті басса ұрпағың,- мерей тасып,
Қыз күлкісін сусын қып қанасыздар.

2-оқушы: Анасыздар - Ақ Еділ, Жайықсыздар -
Жүзе алмайды өтінде қайықсыздар.
Маздататын, жүректе от лаулататын,
Әр үйдің Күні десе, лайықсыздар.

3-оқушы: Өр десек те сіздерді - лайықсыздар.
Төр десек те сіздерді - лайықсыздар.
Ер десек те сіздерді - лайықсыздар.
Зор десек те сіздерді - лайықсыздар.

4-оқушы: Анасыздар, кең байтақ даласыздар.
Жаны жайсаң жеңімпаз данасыздар.
Көлеңке жоқ көңiлінде, қылауы жоқ,
Үлбіреген жауқазын баласыздар.

5-оқушы: Сіздер - Күнсіз, аспанда жарқыраған,
Сіздер - өзен, тау суы сарқыраған,
Сіздер - ана, сіздер - жар, сіздер - қыздар,
Сіздер - жаңбыр, ақ нөсер сарқыраған.

6-оқушы: Біз сіздерсіз тіршілік ете алмаймыз.
Дегенге де сіздерсіз жете алмаймыз.
Айнала ұшып сіздерді көбелек боп,
Өртеніп қастарыңнан кете алмаймыз.

2-жүргізуші:

Бишілер бар бізде қыздар мен ұлдар тобы,
Мерекеге өнерімен келген бүгін.
Таң қалдырып, қанекей би билеші,
Қол соғып, демеу берсе көрермендер! - деп кезекті сыныбымыздың байсалды да,байыпты бишілеріне береміз.

1-жүргізуші: «Әйелдер адамды бесігімен баулиды... Өмірдің іргетасы солардың қолымен қаланады» деген екен орыс жазушысы Пирагов.
2-жүргізуші: Орыс жазушысы Максим Горький: «Адамдар-әрқашан өз аналарының перзенттері. Ана болмаса ақын да, батыр да болмайды»,- деген.
1-жүргізуші: Мұхаммед пайғамбар айтқан: «Жәннәт-аналардың аяғының астында» деп. Ислам діні әйелдерді ерекше құрметтейді. Егер де бір үйде қыз бала дүниеге келсе, береке, молшылық, бейбітшілік болады, ата-анасына қуаныш әкеледі дейді.
2-жүргізуші: Талай ренжітсек те, еркелігімізді көтеріп, туған анамыздай маңдайымыздан сипай білген ұстаздарымызға айтар алғысымыз шексіз. Олардың еңбегі ұлан-асыр мұхитпен тең. Сабақтарды әрдайым қызықты өткізіп, ойын ойнататындарыңыз әлі де есімізде. Сол себепті бүгін біз сіздерді ойнатамыз.
Ойын: Қағазға алдын ала ерекше қылығы бар 3 ұстаздың және 3 оқушының есімі жазылады. Артынша бұл қағаздар таратылады. Ұстаздар қағазда есімі жазылған оқушыны, ал оқушылар ұстазына пародия салады. Барынша сыпайы жақсы мінездерін салуға тырысу керек.

1-жүргізуші:, Қазірет пайғамбарға бір адам келіп: -Мен бір зор күнә істедім. Енді мен үшін тәубе ету мүмкін бе?-деп сұрайды. Сонда пайғамбар: -Анаң бар ма? -деп сұрайды. -Бар,-дейді әлгі адам. -Онда анаңа қызмет көрсет,-деген екен пайғамбар. Олай болса шәкірттеріңіздің аналар жайлы өлең шумақтарын тыңдайық.

2-жүргізуші:

Анам менің, асылым, лағыл әнім,

Кең кеудеңе гүл болып тағыламын,

Жұлдызындай көгінде жағыламын.

Алыс кетсем аңсаймын сағынамын,

Анам менің, асылым, лағыл әнім.

Алдарыңызға әнші қыздарыңыз Ақтан Дананың орындауындағы «Күнге табыну» атты әнін қол соғып қошеметтеп қарсы алыңыздар.

1-жүргізуші:

Десек те уақытпен жарыспайды Қиялға қиялменен қарыштайды.

Шәкірттер шын жүректен тебіреніп, Өнерін аналарға бағыштайды

(Жайдарман көріністері)

2-жүргізуші:

Көңілің Алатаудың ақ қарындай,

Мейрімің күннің шуақ шақтарындай.

Қалайша аяулы ана тына алармын

Ән болып сағыныштан ақтарылмай,-деп абзал аналарымыз бен қырмызы қыздарымыздың құрметіне Алмасұлы Азаттың орындауындағы «Кең дала» әнін қабыл алыңыздар.

1-жүргізуші:

Дүниедегі ең кемеңгер дананы

Ана табады, аялайды, бағады.

Сол үшін де құдіретіне бас иіп,

Құрметтейік қасиетті ананы,-деп ақын ағаларымыз жырлағандай «Аридай» әнімен Айымгүл Сағидуллинаны қарсы алыңыздар.

2-жүргізуші: «Отбасы-шағын мемлекет» деген сөз бар. Ынтымағы келіскен, түтіні түзу ұшқан әрбір шаңырақ мемлекеттің құт берекесі. Әйел-ана отбасы жылуын сақтаушы, қоғамның ертеңі болашақ балаларды тәрбиелеуші.
Көркем сөз: Сәкен Сейфуллин «Ана» оқитын Нәсіпқалиева Фариза.

1-жүргізуші:
Әлемнің жарығын,
Сыйладың сен маған.
Даланың әр гүлін,
Жинадың сен маған.

Тіршілікке нәр берген ана сүті қандай құдіретті. Әлемдегі жақсылық көзі, адамдық қасиет, ақ тілек мейірбандықтың бәрі ана деген сөзбен астасып жатыр. Қадірменді аналар, ұстаздар біздердің сіздерге арнап дайындаған кішкене сұрақтарымыз бар еді. Сол сұрақтарға жауап берулеріңіз сұралады.

(Оқушылар кезек-кезек аналарға, мұғалімдерге сұрақ қояды:)

1. Мұғалімге: Мектептегі ең сүйікті оқушыңыз кім?

2. 8 наурыз мерекесіне қандай сыйлық алғыңыз келеді?

3. Жарыңыздың осы мерекеде сыйлаған ең алғашқы сыйлығы есіңізде ме?

4. Мектебіміздің ең-ең бұзық оқушысы кім деп ойлайсыз?

5. Өлең айтып бере аласыз ба?

6. Әріптестеріңізді құттықтап 4 жол өлең шығара аласыз ба?

7. Осы мерекеде сізді кім ең бірінші құттықтады?

8. 8 наурыз мерекесі қайдан шықты?

9. Бұл мереке біздің елімізде қай жылдан бастап атап өтіліп келе жатқанын білесіз бе?

10. Осы мерекеде анаңызға қандай сыйлық жасадыңыз?

2-жүргізуші: Өміріміздің әрбір сәтін есімізде сақтап қалу мүмкін емес. Десе де, фотоаппараттың көмегімен оны жүзеге асыруға болады. Назарларыңызға естеліктерді ұсынамыз. (Алдын ала оқушылар мен ұстаздардың өмірінен, ата-аналармен бірге түскен суреттерден слайд жасалып қояды). Проектордың көмегімен слайд көрсетіледі.


1-жүргізуші:

Аяулысың, ауылымның асылдары,

Жайнасын көңілдердің жасыл бағы.

Сендер үшін ән менен күй, өлең мен би,

Сендер үшін мереке шашулары.

Ән: «Мерекем» орындайтындар Ермекова Ақбота, Төлеуова Ранида, Ақтан Дана, Нәсіпқалиева Фариза.

2-жүргізуші: Әйел-Ана, Әйел-Өмір, Әйел-тіршілік өзегі. Өмір бесігінде іңгә тербетіп, адамзат баласына ұрпақ сыйлар ұлы құдірет иесінің есімі әрқашанда қастерлі, сөзі-өсиет, тұғыры биік. Алтын құрсағынан адамзаттың алабы жаратылған асыл ананың жүрегі үлкен, жүзі мейірімді, қолы қайырымды. Көңіл шуағына мейірім төгілген аяулы жанның өмірден алар несібе жемісі-алтын босағасы мен сүйкімді перзенті болар. «Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да қарызыңнан құтыла алмайсың» деген ұлы ғұламалардың сөзі бар. Шынымен солай. Адамзат жүріп өткен небір ауыр жол, алмағайып заманнан ұрпағын аман-есен бүгінгі күнге жеткізген әйел-ана құдіретін жырмен өрнектеп, әнмен әлпештеп, сөзбен айтып тауысу мүмкін емес.

1-жүргізуші:Сондықтан да өз сөзімізді ақын Баязиевтің «Ана туралы ой» деген өлеңімен аяқтағымыз келеді. Халқымызға билік айтар даналар, Даналардың өзі анадан жаралар. Жүрегінің бір бөлшегі бала үшін Сізден жақын адам бар ма аналар?! Балаға ең жақыны сіз ғой ана, Сіздің ыстық құшағыңыз бізге пана. Сіздерге теңестірер еш нәрсе жоқ, Теңесе алар бір-ақ нәрсе Отан ғана!
Осы айтылғандардың бәрі шындық, бәрі шын, аналар ажалдан күштірек, жапанға бір тоқтамсыз данышпандарды, ақындарды, ерлерді тауып беретін аналар. Барлық жақсылықты себетін де аналар. Ендеше сол аналар алдында бас иелік!
Мерекелік кешімізді қорытындылау сөзін сынып жетекшіміз Талғат Табылдыұлына береміз.

Ең соңында оқушылар ай секілді дөңгеленіп тұрып, алдын ала мұғалімдерге арнап шығарылған 4 жол өлеңдері жазылған ашық хатты оқып, шоқ гүл немесе сыйлықтар ұсынады.
2-жүргізуші:
Демеңіз біз өнерді аяп қалды,
Мезгіл де біраз жерге таяп қалды.
Қош болып тұрыңыздар көріскенше
Осымен концертіміз аяқталды.

Ана әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы, ақ сүтін емізіп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы. Мен ана деген сөзді қанша айтсам да жалықпаймын. Өйткені ол дүниедегі ең ардақты жан. Ана баланы тоғыз ай көтеріп, толғатып, дүниеге келтіріп қана қоймайды, оны көзінің қарашығындай қорғап, аялап өсіріп аяғынан тік тұрғызады. Өмір есігін жаңа ашқан баланың бойына елінің рухын сіңіретін, жылауын қойғызатын ана. Ана баланың амандығын бақытты, абыройлы болуын тілейді.

1-жүргізуші:

Бойымыздағы ең жақсы қасиеттер бізге алдымен анадан тарайды. Қайран ана, өз перзентін әдемі не ұсқынсыз, ақылды не ақымақ, мейірімді не рақымсыз, кесір-қырсық болса да бәрібір шексіз сүйеді. Дүниеде ананың көз жасынан салмақты, одан ауыр таразы басын басатын ештеңе жоқ. Өйткені ананың көз жасы өзінің киесімен ауыр. Алайда «Ананың көңілі - балада, баланың көңілі - далада» демекші, өзінің перзенттік борышын ұмытқан, сөйтіп ата-анасын сыйламайтын адамдарды да өмірден кездестіруге болады. Ана-тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Анасы жоқ балалар да аз емес. Олар ананың мейірімін, аялағанын ешқашан сезген емес. Ендеше, анамызды сыйлап, құрметтейікші!

Бірге: Келесі кездескенше аман-сау болыңыздар! 8 наурыз құтты болсын!



© 2010-2022