Математика сабағында оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамыту

Раздел Математика
Класс -
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Талғар қаласы

№9 орта мектебі

математика пәнінің мұғалімі

Сагиндикова Халбике



Математика сабағында оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамыту

Бүгінде білім беру жүйесінде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамыту тұжырымдамасында орта білім берудің мақсаты - жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайында алынған терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін - өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру деп атап көрсетілген. Мектеп жұмысы мен оқушы жетістіктерін өрістетудегі негізгі тұлға-мұғалім (Strong, Ward&Grant,2011). Мұғалім қызметіндегі маңызды дүние - жекелеген оқушылардың тақырыпты қабылдау ерекшеліктерін, оқушылардың түсінігін жетілдіру немесе жақсарту мақсатында олармен жұмыс жүргізу қажеттігін ұғынуы, сондай-ақ кейбір оқушылардың тақырыпты өзіне оңтайлы бірегей тәсілдермен меңгеретіндігін жете түсінуі (Мұғалімге арналған нұсқаулық, 6-7 бет).

Сабақ - мұғалімнің шығармашылық ізденісінің жемісі. ҚР-ның педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру курстарының үшінші (негізгі) деңгейі бойынша білім алып, үйренгенімді өз тәжірибеме қолданып келемін. Осы курсты оқу барысында мен өзімнің сабақ беруіме емес, оқушыларға қалай оқу керектігін үйретуге, оқушылардың оқу ептілігін дамытуға басты назар аударуым керек екендігін түсіндім.

Мен өз сабағымды жоспарлауда ең алдымен оқушылардың жас ерекшеліктері мен қызығушылықтарын ескере отырып, өзара сыйластық пен бірлесіп шешім табуға, тақырыптың мазмұнын өз бетімен меңгеруіне ықпал ететіндей оқу материалы мен қажетті құралдармен қамтамасыз етуге тырысамын. Сабақтың құрылымы оқушыларға оқу бағдарламасының (берілген тапсырманың немесе жаңа тақырыптың) мазмұнын игертіп қана қоймай, оқуға деген өз қабілетін дамыта алатындай етіп әзірлегенде ғана тиімдірек оқуға мүмкіндік береді. Сабақ барысында оқушыға білім алуға ыңғайлы, жағымды орта қалыптастыра білу табысқа жетудің бір факторы.

Оқушыларды сабақта топқа бөлудің әртүрлі қызықты тәсілі олардың алдағы жұмысқа деген қызығушылығын арттырады. Бөліну кезінде араларында бір-біріне деген жылы сезімдер орнап, өздерінде туындаған сенімсіздік пен қобалжудан арыла бастайды. Ең бастысы оқушы өзінің қабілеттері мен ерекшеліктерін көрсете білу мүмкіндігіне ие болғандығын түсінеді.

Математика сабағында оқушылардың құзыреттілін дамыту үшін «Сыни тұрғысынан ойлау» технологиясының маңызы зор. Сыни тұрғысынан ойлау технологиясын қолдану арқылы оқушылардың өз беттерімен меңгерген материалдағы ұғымдардың есінде ұзақ сақталып, оның білім деңгейінің артуына зор ықпал ықпал етеді. Елімізде 1997 жылдан бастап дамып келе жатқан «Сыни ойлауды оқу мен жазу арқылы дамыту» жобасы 3 кезеңнен тұрады: «Қызығушылықты ояту/Мағынаны ажырату/Ой-толғаныс».

1. Қызығушылықты ояту: оқушылар қарастырылатын тақырып бойынша бұрынғы білімдерін еске түсіреді, яғни жаңаны ескімен байланыстырады. Үйренуші жаңа ұғымдарды, түсініктерді өзінің бұрынғы білімін жаңа ақпаратпен толықтырады. Қызғушылықты оятудың екінші мақсаты үйренушінің белсенділігін арттыру. Оқушы өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады, көршісімен бөліседі, тобында талқылайды, яғни айту, бөлісу, ортаға салу арқылы өз білімдері мен түсініктерін өзгелерге жеткізеді. Қызғушылықты оятудың үшінші мақсаты - бір -бірімен пікірталасқа түсе отырып, әр оқушыда түрлі сұрақтар туындайды, бұл өз кезегінде оқушыларды ойлануға жетелейді.

2. «Мағынаны ажырату» кезеңі. Жаңа материалды игеруде туындаған сұрақтарға оқушылар өз тәжірибелері тұрғысынан жауап беруге тырысады, олардың оқу процесіне деген қызығушылығы артады.

3. Үшінші кезең «Ой толғаныс». Осы кезеңде оқушылар жаңа мәліметтерді өздерінің бұрынғы білімдерімен салыстырады, қажет болған жағдайда өз пікірлерін өзгертеді, жаңа білім, жаңа түсінік қалыптасады. Сыни тұрғыдан ойлауды дамытудың мақсаты барлық жастағы оқушыларға кез келген ой-пікірлеріне, тұжырымдамаларына сыни тұрғыдан қарап, екі ұйғарым бір пікірдің біреуін таңдауға, саналы шешім қабылдауға үйрету. Сыни тұрғыдан ойлау технологиясының мені қызықтырғаны баланың өзі ізденіп дәлелдеуі. Ол бұрын тек тыңдаушы болса, енді ізденуші, ойланушы, өз ойын дәлелдеуші, ал мұғалім осы әрекетке бағыттаушы, ұйымдастырушы. «Мен шәкірттерімді ешқашан да үйретпеймін; мен тек олардың үйренуіне тиімді жағдайлар жасауға тырысамын»,- деп айтқан А.Эйнштейннің принципін ұстанып жүрмін. 8 сыныпта геометрия сабағында «Тік төртбұрыш, ромб, квадрат және олардың қасиеттері» тақырыбында өткізген сабағым туралы сіздермен ой бөліскім келеді. Топты «Кеше қандай жағымды, жылы сөздер естідіңдер?» деп сұрап, олардың тақтаға жазып қойдым. Олар: «Жарайсың, балам! Үлкен азамат бол! Тұра ғой, жаным! Ботақаным менің!» деген сөздерді естігендерін айтты. Сол арқылы топқа бөлдім, 1 топ «жарайсың, балам!» тобы, т.с.с. әр топ мүшелерін топ атымен айтып сөз бергенде олардың жүздері бал-бұл жайнап, сабаққа көңілді, асқан қызығушылықпен қатысып отырды. 1 топқа өткен сабақ бойынша тапсырма бердім, 2-4 топтарға жаңа сабақты өз бетімен меңгеруі үшін оқу материалы мен қажетті құралдармен қамтамасыз еттім. Мұндағы мақсатым - өткен тақырыппен жаңа сабақтың өзара байланысын балалар өз беттерімен анықтап, әр фигураларға тән қасиеттері арқылы анықтама бере отырып, талдау жасай білу дағдыларын жетілдіру. Бұл тапсырмада оқушылар жүйелі ойлануға, керекті ақпаратты өздігімен түсініп, оны талдап, оның ішінен керектісін таңдап алуға, өз ойы мен пікірлерін дәлелдеуге, өз білімдеріне деген жауапкершіліктерінің артқандығын сездірді. Ең бастысы сыныптастарымен тиімді қарым-қатынас құруға тырысқандары мені қуантты. «Ромбының диагональдары тең болса, оның квадрат болатынын дәлелдеңдер» деген тапсырмада Ерболат есімді оқушы мыс сымнан квадрат жасап, қарама-қарсы бұрыштарын созу арқылы оны ромбыға айналдырып, «диоганалдарының ұзындықтары әр түрлі болса, ол ромб, ал диагоналдары тең болса квадрат болатынын» өз бетінше тәжірибе жасау арқылы дәлелдеді. Өзінің тіл байлығының аздығын сол сәтте ол сезініп, тәжірибені дәлелдеуді сыныптастарына қалдырды. Оқушылар фигуралардың өздеріне тән қасиеттері мен берілген анықтама, теоремаларды пайдаланып және сынптастары көрсеткен тәжірибеден оқушылар «Ромбының диагональдары тең болса, онда ол квадрат болады» деген қорытындының дұрыстығына көз жеткізді.

Сабақты қорытындылау кезеңінде бүгінгі тақырыпты алдымен топта, содан кейін бүкіл сыныппен бірге фигуралардың айырмашылығы немесе ортағын салыстыра отырып, ойлауға, бір-бірін толықтыруды Венн диаграммасы арқылы ұсыныс білдірдім. Сабақтың соңында бар білімдерін жаңа ақпаратпен толықтырып қана қоймай, алған білімдерін нақтылап, кей анықтамаларды өзгертіп, өздері бірін-бірі толықтырды.

Оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау қабілеттерін дамытудың тиімділігі - оқушының білімін арттырып ғана қоймай, сонымен бірге:

  • Мұғалім мен оқушылар арасында ізгілікті қарым-қатынас орнайды.

  • Оқушының өздігінен жан-жақты білім алуына жағдай жасалады.

  • Оқушы ойын ашық айта алуға, пікір айтуға, алмасуға үйренеді.

  • Алған білімге сын көзбен қарауға, білімді сапалы түрде алуға дағдыланады.

  • Мәселенің ең негізгі түйінін табуға дағдыланады.

  • Оқушылардың шығармашылық белсенділігі артады.

  • Алған білімдеріне жауапкершілікпен қарауға үйренеді.

  • Жеке тұлға ретінде жетілуіне, дамуына бағытталады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1 . Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы.

2. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы.

3. А.Әлімов. Интербелсенді әдістемені ЖОО-да қолдану мәселелері.

4. С.Мирсеитова. Оқыту ізденіс ретінде және ізденіс оқыту ретінде.

5. Интернет материалдары бойынша.



© 2010-2022