Баяндама: «Мемлекеттік рәміздер - қасиетті құндылықтар»

Кез келген тәуелсіз елдің өз рухани құндылықтары болады. Біздің рәміздеріміз солардың бірегейі. Осы арқылы, яғни, рәміздерімізді ұлықтау арқылы оқушы бойына патриоттық сезімдерді дарытып, өскелең ұрпаққа қаншалықты құнды екендігін ұқтыруымыз керек. Мемлекеттік рәміздер - тәуелсіздігіміздің ажырамас бөлігі. Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету - өз елімізге деген шынайы сүйіспеншіліктің, махаббаттың белгісі. Өйткені мемлекеттігіміздің айшығы - рәміздеріміз болғандықтан оған барлығымыз ерекше сез...
Раздел Классному руководителю
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Есть
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Кез келген өркениетті елге тән ортақ ұқсастықтар мен рухани құндылықтар болады. Ту, Елтаңба және Әнұран - солардың бірегей нышандары. Өйткені, бұл рәміздер әр мемлекеттің тәуелсіздігін білдірумен қатар, елдікке шақыратын, тұтастыққа ұйыстыратын, бірлікке үндейтін, жүректегі патриоттық сезімді оятатын, отанды, жерді сүюге жетелейтін, ерлік дәстүрлер мен сабақтастық рухында тәрбиелеуге жұмылдыратын айшықты белгілер саналады. Еркіндігіміздің Көк байрағы көкте желбіреп, Елтаңба төрде орнығып, Әнұран шырқала орындалғанда, ата-бабаларымыз сан ғасырлар аңсаған елдік қалпымыз бен сүттей ұйыған тірлігімізге, дербес саяси және экономикалық даму жолына түскенімізге шүкіршілік айтып, толқымайтын жан, селт етпейтін көңіл болмас, сірә! Осыдан 20 жыл бұрын Президент Қазақстанның Туы, Елтаңбасы және Әнұранының заңнамалық мәртебесін белгілейтін тұңғыш заңға қол қойды. Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде мемлекеттік рәміздердің алатын орны ерекше. Ол жөнінде жуырда өткен Президент жанындағы Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссия мәжілісінде атап өтілді. Мемлекеттік хатшы Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасының «Біз Тәуелсіздігіміздің нышандарын көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Еліміздің әр азаматы Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын ерекше құрметтеуге міндетті. Өйткені, олар халқымыздың мақтанышы, біздің киелі құндылықтарымыз» деген сөздерін келтіре отырып, мемлекеттік рәміздерді ұлықтау мәселесіне ерекше назар аударды. Сонымен қатар, нышандардың мән-мазмұны Отан тарихы мен тәрбие сағаттарында жүйелі оқытылады. Меніңше, мемлекеттік рәміздерді отансүйгіштікке тәрбиелеудің негізгі әдістеріне айналдыру мәселесін бірнеше бағытта қарастырған дұрыс секілді. Атап айтқанда, шығу тарихына қызығушылық, құрмет және мақтаныш сезімдерін орнықтыру арқылы қазақстандықтарды ұлтжандылыққа тәрбиелеу жұмыстарының жүйелілік сипат алуын күшейту керек. Жасыратыны жоқ, соңғы кездері ұлттық рәміздерді сыйламау, намысты аяққа таптау секілді келеңсіз оқиғалар қайталанып жүр. Оның бір себебі - бірмезгілдік шаралармен шектелетінімізге келіп тіреледі. Мәжіліс депутаттарының «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» заң жобасын әзірлеген Үкімет ұсыныстарына толықтырулар мен өзгерістер енгізіп, заң талаптарын қатаңдатуы әбден құптарлық.

Мемлекеттік рәміздер - Тәуелсіздігіміздің ажырамас бөлігі. Мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсету Қазақстанның барлық тұрғындарының азаматтық парызы екені анық. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Мемлекеттік рәміздер - біздің еліміздің, тәуелсіздігіміздің бөлінбейтін бір бөлігі. Олар Тәуелсіздіктің қасиетті біріктіруші образын бейнелейді» деген болатын. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу - әрбір қазақстандықтардың абыройлы міндеті. Өйткені, біз мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу және қастерлеу арқылы елімізге, мемлекетімізге деген ізгі ниетіміз бен шын ықыласымызды білдіреміз. . Әрине, Мемлекеттік рәміздердің, Тәуелсіздік нышандарының ішінде Әнұран қашан да оқшауланып тұрады. Себебі, Әнұран орындалған кезде адам айрықша тебірене толқып, оның жан-дүниесін елге деген үлкен мақтаныш сезімі кернейтіні анық. Бірақ, еліміз тәуелсіздік тізгінін өз қолына алып, жаңа дәуірге қадам басқаннан кейін соған лайықты жаңа Әнұран қажет болды. Осыған орай, ақын Ж.Нәжімеденовтің мәтініне жазылған Ш.Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні Қазақстан Республикасының жаңа Әнұраны болып бекітілді. Өйткені, бұл шығарманың мәтіні мен оның әуезді әні өз орындаушылары мен тыңдаушыларына шабыт беріп, ерекше шаттық сезімге бөлейтіндігімен әсерлі. Өкінішке қарай, қазіргі таңда Қазақстан азаматтарының кейбірі Әнұранның мәтінін де, әнін де білмей жатады (Олар көбінесе ауыздарын жыбырлатып, Әнұранды айтып тұрмын деп халықты сендіргісі келеді).

Мемлекеттік символдарымызға деген тиісті құрметтің көрсетілуі, оның өрескел бұзылуына жол бермеу, оған қатысты кез келген заң бұзушылықтардың алдын алу - мемлекеттік деңгейдегі міндеттердің біріне айналуы тиіс. Бұл ретте, Президенттің биылғы жылғы 15 наурыздағы Жарлығына сәйкес, Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссия құрамына бірқатар өзгерістердің енгізілуі осындай игі мақсаттан туындағанын атап өткеніміз жөн. Жақында Қазақстан Парламентінің жалпы отырысында Мемлекеттік рәміздердің дәрежесі туралы жаңа заң жобасы мақұлданды. Олай болса, Мемлекеттік рәміздердің 20 жылдық мерейтойы әрбір қазақстандық үшін айрықша патриоттық сезімге бөлейтін ұлттық мақтанышқа айналуы керек.

Тұғырым - Көк байрақ. Әнұран - мол қайрат. Елтаңбам - жұртқа айбат. Ошақтың үш бұтындай болған осы қасиетті ұғымдар әрбір қазақтың миында қатталып, санасында жатталып тұруға тиіс. Мемлекеттілігіміздің айшығы, ұлттығымыздың символы, халықтық қалпымыздың бейнесі тәрізді ұғымдардың табан асты болмауына, әркімнің қолжаулығына айналмауына әрбір қазақстандық азамат белсене араласып, барын салуға тиіс. Отан мен мемлекет ортақ. Олай болған соң, осы мемлекеттің басты рәміздері де бір. Еліміздің шекарасын қалай кірпік қақпай күзетер болсақ, онда мемлекеттік рәміздерімізді де солай қадірлеу әр адамның қасиетті парызы болып саналмақ. Қай уақытта болса да әлемнің әр түкпіріндегі елдер үшін де тәуелсіздік пен мемлекеттіліктің неғұрлым кең көрінісі мемлекеттік рәміздер болып табылады. Яғни, ел тәуелсіздігін мемлекеттік рәміздерден бөліп қарай алмаймыз. Мемлекеттік рәміздер өзінің болмысымен, мазмұнымен әрбір азаматтың туған еліне деген отаншылдық, патриоттық рухын асқақтатады. Әр жүректе өз Отаны үшін мақтаныш сезімін қалыптастыруда, ел тәуелсіздігін нығайтуда мемлекеттік рәміздердің алар орны ерекше. Қысқасы, Отан мен мемлекеттік рәміздер егіз ұғым. Осы екі егіз ұғым әр азаматтың жадында жүрер болса, онда олардың рухы да асқақ болмақ. Ал рухы мықты елдің алар асулары әрқашанда жоғары болатыны сөзсіз. Сондықтан Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біз тәуелсіздікке аңсап, зарығып жеттік. Енді тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін де ерекше қадірлеуіміз, қастерлеуіміз қажет. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы», дегені уақыттың қатаң талабы. Сонымен қатар, республиканың барлық тұрғындары санасында сақтайтын ұраны болуға тиіс. Ұранды тыңдау бір бөлек. Оны іс барысында жүзеге асырып, жұртқа насихат айту басқа жұмыс. Сол себепті әрбір Қазақстан патриоты мемлекеттік рәміздерімізге құрметпен қарауды өздерінен бастап, басқалардан талап етуі қажет. Сонда ғана біз мемлекеттік рәміздерімізді жалпыұлттық мақтанышқа айналдыра аламыз. Ата-бабаларымыздың сан жылдардағы аңсаған тәуелсіз ел болу бақытын көру бүгінгі ұрпақ несібесіне тиді. Сол тәуелсіздікті баянды ету жолындағы ел көшін әлемдік деңгейдегі саясаткер Н.Назарбаевтың бастауы да біздің үлкен бақытымыз. Бұл бабалар арманының орындалғаны, асқақ рухтың қайта жанданғаны дер едік. Біздің бейбітшілікті басты бағдар етіп ұстануымыздың сыры мемлекеттік рәміздерімізде де айшықты түрде бедерленген. Мемлекеттік туымыздың ашық аспан түстес көгілдір реңкті болуы Қазақстан халқының бірлік, ынтымақ, бейбітші­лікке адалдығын дәл аңғартып тұр. Көк түс ата-тегіміз - түркілер үшін қасиетті ұғым болған. Бұл өз кезегінде түркі тілдес халықтар үшін Қазақ елі ата-жұрт екендігінен, төл тарихымыз ата тарихтың жалғасы екендігінен де түсінік береді. ХХІ ғасырдағы ең бір қажетті жағдай жаһандық өзара сенім, теңдік және келісім атрибуттары біздің Елтаңбамызда айшықталды. Біздің Гербіміздің негізі, жүрегі ретінде шаңырақ бейнеленген. Шаңырақ отбасының белгісімен бірге күн шеңберін де бедерлеп тұр. Осы бейне арқылы бір шаңырақтың астында 130-дан астам этностың өкілдерін тату-тәтті өмір сүруге шақырдық және соған қол жеткізіп, әлемге үлгі болудамыз. Бұл өз кезегінде Қазақ елі өзінің жалпыадамзаттық құндылықтарға ортақтастығын және халықаралық қоғамдастықтың құрамдас бір бөлігі екендігін тағы бір дәлелдеп отыр. Жер шарын айналған күннен барлық әлемдік халықтар жылулық шапағатын күтеді, ерекше құрметтейді. Осы тұрғыдан келгенде, әлем халықтары бір шаңырақ астында екендігін түсінулері қажет. Елтаңбадағы уақыт пен кеңістікті біріктірген қанатты тұлпар бейнесі де бір шаңырақ астындағы ортақ уақыт пен кеңістікті сезінуімізге мүмкіндік береді. Елбасының сөзімен айтқанда, «Бұған дейін еш уақытта адамзат сәтті даму үшін де, сондай-ақ өзін өзі құрту үшін де дәл қазіргідей орасан зор әлеуетке ие болып көрген емес. Осыны түсінудің өзі жалпыәлемдік проблемаларды шешуді кешенді түрде қарастырудың ерекше маңыздылығын көрсетеді». Қыран бүркіт образы Қазақ елінің әлемнің әрбір халықтарына ортақ азаттық, еркін самғау, кеңістік сүйгіштік, айбындылық секілді қасиеттерді мұрат тұтатындығын нақтылады. Яғни, осындай ортақ қасиеттерге құрметпен, әділдікпен қарайтынын күннен күнге дәлелдеп келеді. «Менің Қазақстаным» әні қайта қайраттанып көкке шарықтады. Ол ең алдымен мызғымас елдігіміздің ұранына, тәуелсіздігіміздің баяндылығына қызмет жасар әнұранға айналды. Солайша, бір кездері желтоқсанның ызғарында жастарды жылытқан, жігер берген «Менің Қазақстаным» барлық қазақстан­дықтардың басты ұранына айналды. Лайым, мемлекеттілігіміз бен тәуелсіздігіміз мәңгілік болғай. Ал елдігімізді айшықтайтын басты рәміздеріміз жарқырай берсін!

Батыс Қазақстан облысы

Теректі ауданы

Шаған ЖОББМ


Баяндама:

Баяндама: «Мемлекеттік рәміздер - қасиетті құндылықтар»

/жалпы ата - аналар жиналысы/


Оқыған: Жолдасқалиева Г.Ж







2012-2013 оқу жылы

© 2010-2022