Классный час посвященный к творчеству поэта М. Макатаева

Раздел Классному руководителю
Класс -
Тип Рабочие программы
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Сынып сағатының тақырыбы: Мұқағали мұрасы - халықтың асыл қазынасы

Мақсаты: Оқушыларды ғасырдың ғаламат ақыны, біртуар тұлға Мұқағали Мақатаевтың бай шығармашылық дүниесімен таныстыру. Жас буындарды поэзия нәрімен сусындату, өз елінің нағыз патриоттары болуға тәрбиелеу.

Балалардың поэзияға, қазақ әдебиетіне деген қызығушылығын дамыту.

Көрнекілігі: Мұқағали портреті, «Мұқағали» журналы, Мұқағали жайында естеліктер, магнитофон.

Өту барысы:

І Ұйымдастыру кезеңі

Кіріспе. Поэзияны жұлдызды аспан десек, соның ең жарығының бірі Мұқағали Мақатаев болар еді. Поэзияны биік шың десек, Мұқағалиды тек биікті мекен ететін мұзбалаққа балар едік. Ал поэзияны алып мұхит десек, ақын жырларын сол мұхит тереңінен ғана табылатын маржан дер едік.

Биіктік, мөлдірлік, тазалық, пәктік, сұлулық - бәрі де Мұқағали поэзиясынан табылады. Оның өлеңдері оқырманның жүрегіне жол салып, жанды баурап әкететін нәзіктігімен құнды. Мұқағалиды білмейтін қазақ жоқ шығар, сірә. Бір кездері:

Бүгін менің туған күнім, ой пәлі-ай,

Мына жұрттар неге жатыр тойламай

Банкет жасап, берер едім өзім -ақ,

Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойған-ай

деп жырлаған ақынның туғанына биыл тірі болса, 79 жыл толар еді. Тарланбоз талант иесі 1931 жылы 9 ақпанда киелі Жетісу жерінде, Райымбек ауданындағы Қарасаз ауылында дүниеге келген. Дарабоз дарын иесінің балалық балдәурен шағы әйгілі Хат Тәңірінің қарлы шыңдарының бауырында, аспанға өрлей өскен қарағай-қайыңдары, қоғалы көлінде ұшып- қонған үйрек - қаздары айрықша жарасым тапқан Қарасаздың киелі топырағында өткен. Ақынға туған жері, өскен ортасы өзгеше қабілет дарытып, өнердегі жолын ашты. Мен таулықпын өлеңі оқылады.

Мен таулықпын,

Таудан мен жаратылғам

Тау деген ана туған, дара тұлғам

..... Тауға барып,

Көкке ұшып кетсем бе екен

Ұстап алып қыранның қанатынан, - деп асқақ көңілі асқар биікке ұмтылған тау ұлының өмір өткелдерімен таныс болу - әрбір азаматтың парызы.

Бірінші жүргізуші:

Әрбір әрпі қанға шомған тарихына қараңдар

Отырардай опат болған қала жоқ па, жарандар?

Тату - тәтті бармысыңдар, армысыңдар адамдар, - деп Мұқағали айтқандай

Екінші жүргізуші:

Армысыңдар, бармысыңдар, жарандар!

Бірінші жүргізуші:

Поэзияны жүрегінің түбіне терең бойлатқан ақиық ақын Мұқағали Мақатаевқа арнап өткізілгелі отырған сынып сағатына қош келіпсіздер, өлең сүйер, өнер сүйер қауым!

«Менің анкетам» өлеңі

- Туған жерің?

- Ұланымын Қарасаз деп аталатын ауылдың

- Туған жылың?

- 1931. Құрдасымын Шәмілдің

- Жынысың кім?

- Еркекпін ғой, еркекпін.

- Мекен - жайың?

- Жерде жүрген ақын деген пендемін.

- Қалам, қағаз, уақыт бер аздаған

- Мен өмірді жырлау үшін келгенмін - деп жырлаған Мұқағали жан жолдасы болған поэзиямен былай сырласқан екен.

Поэзия өлеңі

Екінші жүргізуші:

Күйбеңмен, азаппен өткен өлі күндерді қойшы

Жырсыз өткен күндер, мен үшін өлі күндер

Осылайша поэзияны өзінің егізі санаған ақын, барлық тақырыптарға қалам тартқан.

Ей, өлең, қайтсем саған жан бітірем

Жансыз өлең жанымды алды кілең

Бір ойым, жүрегімде қаза болып,

Бір ойым, көмейімді қалды тіреп

Ей, өлең, қайтсем саған жан бітірем?

Кезекті Мұқағали өлеңдеріне берелік.

1. Отан туралы

2. Сен үшін

3. Бақыт деген

4. Нені аңсайсың?

5. Үш бақытым

6. Отан

7. Досым саған сенемін

8. Қиын не бар?

Мұқағали Мақатаев Алматы облысы, Райымбек ауданында Қарасаз ауылында 1931 жылы 9 ақпанда дүниеге келген. Мұқағалидың азан шақырып қойған аты - Мұхаметқали. «Пайғамбардың атын түгел айту балаға ауыр тиеді», - деп қысқартып Мұқағали атап кеткен. Ақын 10 жасынан бастап өлең жаза бастайды. Ақын өмірінде ауылдық кеңестің хатшысы, әдебиет пәнінің мұғалімі, республикалық газеттің тілшісі, қазақ радиосының дикторы, «Жұлдыз» журналының әдеби қызметкері, Жазушылар одағы поэзия бөлімінің жастар жөніндегі кеңесшісі міндеттерін атқарады. Көптеген жинақтарын оқырман қауымға ұсынды: «Армысың достар», «Шуағым менің», «Дариға жүрек», «Аққулар ұйықтағанда» т.б. Бүгінде ақынның өлеңдері поэзия сүйер қауымның іздеп жүріп оқитын жырына айналды.

Бірінші жүргізуші:

Мұқағали поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры - туған елі, өскен жері, Отан тағдыры. Осының бәрін Мұқағали жас дарынға тән қайталанбас шеберлікпен, тәңірдің таңдайынан төгілгендей поэтикалық үлесіммен, әр жүректен тіл табысар сыршыл да, шыншыл сезіммен, нағыз поэзияға ғана тән бейне образдарымен бедерлеп, өлмес өнер деңгейінде туындатып отырды. Ол өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын жаңа сатыға көтерді. Оның өлмес өнері, қанатты поэзиясы оның кісілігін биіктетіп, парасатын кемелдендіре түсті.

Қара өлең


Қалқам,

Мен Лермонтов, Пушкин де емен

Есенинмін демедім ешкімге мен

Қазақтың қара өлеңі - құдіретім

Онда бір сұмдық сыр бар естілмеген

Ақынмын деп мен қалай айта аламын

Халқымның өз айтқанын қайталадым

... Күпі киген қазақтың қара өлеңін

Шекпен жауып, өзіне қайтарамын.

Бірінші жүргізуші:

Ақын поэмаларына да бет бұрсақ, әр поэманың тарихы және көркемдігі ерекше, өзіндік маңызы зор. Мысалы: ең ірі «Райымбек, Райымбек» поэмасындағы аса ірі оқиға Жоңғар шапқыншылығына қарсы күрестегі ерлігімен, ержүректілігімен көзге түсер Райымбек батыр туралы жырлайды. Ал, енді осы поэмадан үзінді ретінде сахналық көріністі тамашалаңыздар! («Елім -ай» өлеңі орындалып тұрады)

Албан батыры Райымбектің Қабай жыраумен кездесуі.

Райымбек батыр:

- Ата, біздің өлкені қара жаулар шаппады,

Жауларына біздің ел сәйгүлігін баптады.

Қойын сойып, қолдарын қусырды да, сорлылар,

Аяғына бас ұрды, бірі садақ тартпады.

Тартпаған соң олар да әуреленіп жатпады,

Алдыдағы аларын, белімізден аттады.

Батыр емес, қария, қатындар бар бұл елде,

Беруге әзір барлығын билігі асқан біреуге

Батырлар жоқ бұл елде, қатындар бар бұл елде,

Әркім қара басының амандығын тілеуде.

Қабай жырау:

- Жамандама жұртыңды, жамандасаң болмассың?

Райымбек батыр:

- Қатындардың ішінде өзімдағы оңбаспын.

Үні шықпас жалғыздың, шаңы шықпас жаяудың

Мен де қатын болармын, сірә, батыр болмаспын.

Қабай жырау:

- Нешедесің?

Кімнің сен тұқымысың, құлыным?

Райымбек батыр:

- Хангелдіден тараған бір тұғырдың ұлымын,

Мал соңына сап қойды, ұстатты да құрығын

Жылқы жады әкеме жақпай қалып қылығым

Қабай жырау:

- Қара жауың қайтадан шапса еліңді, не етер ең?

Райымбек батыр:

- Хас батырын бауыздап, қанын судай етер ем.

Қатын болып күн кешіп жүргеннен де, қырқысып, қылша мойным талша боп, қанжығада кетер ем!

Қабай жырау:

- Өзің бала болсаң да, сөзің дана отты екен,

Ақ күн тусын алдыңнан, басқа айтарым жоқ бөтен!

Бірінші жүргізуші:

Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім

Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің

Өлсе өлер, Мұқағали

Өлтіре алмас, алайда, өлеңді ешкім.

«Сәби болғым келеді» өлеңі

Екінші жүргізуші:

«Естеліктер кітабында Нұрғиса Тілендиев: Мұқағали дүниеден өткен соң, қатты күйзелдім. Жүрегім әлсіреп, екі ай емханада жаттым. Арада екі ай өткен соң жұмысқа кеттім, бешпентімнің қалтасынан хат шықты. Мұқағалидың жазуы: Аға, мен ғой. Дертім қозып барады. Не боларын білмеймін. Мынаған назар аударып көріңіз, - депті. Бұл «Есіңе мені алғайсың» әні еді

(магнитофоннан «Есіңе мені алғайсың» өлеңін тыңдату)

Екінші жүргізуші:

Әлем - дархан саялаңдар

Бәріне де орын бар

Қорған емес, салтанатты

Сәнді сарай соғыңдар

Ей, адамдар, сендер тату

Сендер тату болыңдар!

Біртуар дара ақын Мұқағали Мақатаевтың қаламынан туған қанатты жырлар халқымен бірге мәңгі жасай бермек!

Ақын мұрасы, маржан поэзиясы - мәңгілік болашақ ұрпақтың еншісі, қастерлеп, қадірлейтін қазынасы.


© 2010-2022