Өтірік деген дұшпан бар

Раздел Классному руководителю
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Есть
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Өтірік деген дұшпан бар«Өтірік деген дұшпан бар,

Отқа сүйреп салатын!».

Күннен күнге жаңалықтар жар салып, алуан түрлі алып жоспарлар іске асырылып жатқан мына өркениетті заманда өкінішке орай «кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» да бар. Ата-аналарының жауапсыздығынан, бала тәрбиесіне жеткілікті мән бермеуінен көп жағдайда балалар жапа шегеді. Әке-шешенің отбасындағы берекесіз тірлігі баланың мінез-құлқының қалыптасуына кері әсерін тигізеді. Жауапкершілікті сезінбеген бала өз бетімен жүгенсіз жүруді жөн санайды, ескертусіз үйден кетеді, сабаққа бармайды, жалқаулыққа салынады, мектеп пен ата-ананы алдауға көшеді. Ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажыратып үлгермеген жасөспірім жағымсыз қасиеттерді бойына жинай бастағанын өзі де байқамайды.

Адам бойындағы өте нашар қасиет суайттықтың салдарынан өтірік туындайды. Өтірікшінің әрекеті шын мәніндегі жағдайды әдейі бұрмалауға бағытталады. Өтірік айту өтірікшіге ғана емес, оны тыңдайтындарға да опық жегізеді. Өтірікке үйір адам жалған сөзімен айналасын абыржытып, елге ірткі салуы мүмкін.

Өтірік неден туындайды, адам қандай жағдайда алдауға бейім тұрады және қандай адам өтірік айтуға шебер? Осы сұрақтарға жауап іздемес бұрын, алысты болжап, тереңнен толғайтын бұрынғы өткен бабалардың даналық ғибраттарына назар аударайық.

Мұхамед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың уағызында «Екі жүздінің үш әлеметі бар: сөйлесе жалған сөйлер, уәдесіне қайшы іс тұтынар, аманатқа қиянат қылар» және «кемшілігі ең көп кісі, ең көп өтірік айтқан пенде» - делінген.

Шәкәрім бабамыз «өтіріктен тілін тия алмаған адам, арамдықтан ындынын тия алмас» - деп оймақтай сөзге, қорғасындай салмақ берген.

Шығыс ойшылы Сараи «өтірік жарақат сияқты, жазылса да орны қалады» - деп анықтама жасаса, XVII - XVIII- ғасырларда өмір сүрген от ауыз, орақ тілді кемеңгер Төле би «Досыңа өтірік айтпа сенімі кетер, дұшпаныңа сырыңды айтпа түбіңе жетер» деген ұлағатты ой қалдырған.

Баласы Бауыржанды әкесі Момыналы «Өлсең де өтірік айтпа» деп тәрбиелесе, кейін даңқты батыр Бауыржан «тәртіпті өтірік айтпайды, тәртіпке бас иген құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды», «шындық бал, ал өтірік сен оны қаншама жылтыратып көрсеткеніңмен у күйінде қалуға тиіс», «өтіріктің қанатын қолдағанша, ауыртпалықтың жүгінен бүгілген артық» деп ой түйіндейді.

Ал Абай атамыз:

Ғылым таппай мақтанба,

Орын таппай баптанба,

Құмарланып шаттанба,

Ойнап босқа күлуге,

Бес нәрседен қашақ бол,

Бес нәрсеге асық бол

Адам болам десеңіз

Өсек, өтірік, мақтаншақ,

Еріншек, бекер мал шашпақ

Бес дұшпаның білсеңіз

Талап, еңбек, терең ой,

Қанағат, рахым ойлап қой

Бес асыл іс көнсеңіз

деп сымбаты мен сырын келістіре толғап, жас ұрпақтың мінезіне зиян жат қылықтарды саралап, үлгі болар жақсы қасиеттерді де жүйесін тауып тізіп берген екен.

Сонымен, біздің ойымызша, қандай адам не себепті өтірікші екен, соның бірнешеуін сөз етейік;

Суайт - уақытша болса да жазадан құтылу үшін өз кінәсін бүркемелеуші;

Арам - өзгелердің өрге басқан қадамын кері кетірудің амалын ойлап табушы;

Өсекші - біреудің сөзін біреуге әсірелеп жеткізуші;

Қаңғыбас - мақсатсыз қыдыру үшін сан түрлі желеу ойлап табушы;

Жағымпаз - бас пайдасын ойлап, күні түскен адамның өзіне деген жақсы көзқарасын, оң пейілін ояту үшін, әсіре қызыл сөзге тойғызушы;

Мақтаншақ - айналасындағылардың алдында өз беделін көтеру үшін түймедейден түйедей жасаушы;

Жалқау - ештеңемен айналыспас үшін, шаруаны кейінге сырғытып, ойына келген жауапты айта салышы;

Күншіл - өзгенің бойындағы жақсы қасиеттерді көре алмаушы;

Байбалам - оқиғаның ақ-қарасына көз жеткізбей, алдын-ала өзіне қорған іздеуші;

Кесір - тек қана өз пікірін дұрыс деп санап, шындыққа құлақ аспаушы;

Екі жүзді - өзіндік пікірі жоқ, әр адамның ыңғайына жығылушы;

Тілазар - сыныққа сылтау табуға дайын адам.

Осындайлардың кейбіруі туралы мағыналы өлеңдер де баршылық.

Мақтаншақ.

Мендейді кім білмеген,

Бәрі қорқады бір менен,

Күрескенді жығамын,

Жарыстарда әрдайым

Алға ғана шығамын,

Деп Байтемір мақтанды,

Сөзін айтып жаттанды,

Ертесіне тірескен,

Өтті жарыс күрестен

Бармады оған Байтемір,

Дейді ол: бәрін жеңемін

Әуреленіп қайтемін

(Лесбек Сайлаубек).

Тілазар

  • Тазалашы мұз болған

Есік алдын тайғанақ

  • Жата берсін біз оған

Теуіп жүрміз сырғанақ,

Шыға бере Жалтақбай

Ұшып түсті қалпақтай.

(Қадір Мырзаәлі).


Тазша бала тәрізді өтірікті шындай, ақсақты тыңдай етіп әсірелеп жеткізушілер күні бүгін де баршылық. «Өтіріктің терлетіп, шындықтың өрлететінін» оларға түсіндіріп отыру ересектердің талмас төзімін қажет етеді. Тазша бала демекші, ол ауыз әдебиетінің көне үлгісі, қисынды ойлау мен тапқырлықты талап ететін «өтірік өлеңді» құрастырып айтушы бейне. Ол айтатын өтірік өлең айналасындарға зияны жоқ, әзіл-оспаққа құрылып, көбіне той-думандарда, ойын сауықтарда айтылған. Өтірік өлеңнің оқиға желісі нақты шындықтан алынғанмен ондағы іс-әрекет шынайы өмірге жанаспайды.

  1. Ұстап алып масаны,

Көріп едім сойып мен

Қуырып жеп бауырын,

Шыға келдім тойып мен

  1. Тіреу етіп Шолпанға

Алты қазық қойдырдым,

Той жасап мың масаны,

Ай бетіне сойдырдым.

  1. Шолпан деген жаздайғы

Біздің жайлау мекен ғой,

Алты терек сондағы

Қазығыңыз екен ғой.

  1. Барып келдім айға мен

Зәулім сарай салдырдым

Наурыз тойын тойлап жүріп

Қазанымды қалдырдым.

  1. Каникулда ол жаққа

Демалуға барармыз

Ай бетінен қазаныңды

Ет асуға алармыз.

  1. Әзіл болды аздаған

Қайдағы мен жайдағы

Апта сайын айға бару,

Арманымыз алдағы!

Бірде-бір адамзат қоғамы өзінен бұрынғы аға буынның ақыл-ойын, тәрбиелік тәжірібесін пайдаланбай өмір сүрген емес. Қазақ халқы да ғасырлардан ғасырға өз көрген түйгенін сұрыптап, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін ұрпақ тәрбиесіне пайдаланып келген. Бізге де өтірікке байланысты жеткен мақал-мәтелдердің тәлімді ұлағаты әлі талай ғасыр ұрпақтарына ой салады. Солардың бірі мыналар:

  • Өтірік қаңбақ, шын салмақ.

  • Өтірікші мен өсекші егіз.

  • Өтірікшінің шын сөзі зая кетеді.

  • Түстік жерге өтірік айтсаң,

Кешке ізіңмен барады.

  • Өтірік - ұят, шын - зият.

  • Өтірік айтып пайда тапсаң

Ақырында залал табарсың.

Рас айтып залал тапсаң,

Ақырында пайда табарсың.

  • Өтірікші алдымен өзін алдар.

  • Сор сараңнан, өтірік арамнан шығады.

  • Мақтаншақтық өтірік айтқызады.

  • Өтірік көңіл қатқызады.

Ал өтірік айтуға жол сілтер жат қылықтар туралы да мынадай нақылдар бар:

  • Арамның адамы қысқа.

  • Күншілге өлімнен өзге ем жоқ.

  • Жетесіз бала мақтаншақ.

  • Жалқаудың жауы жұмысы.

  • Өсекшіде бет болмайды.

  • Іріген ауыздан шіріген сөз шығады.

  • Қорқақ ер болмайды, қола зер болмайды.

Зер салып қарап отырған адамға осылардың бәрі әр нәрсеге ақыл жеткізе назар аударып, ой елегінен өткізбегеннен екен.

Бейімдеу орталығына орналастырылған әр тәрбиеленушімен жұмысты ұйымдастырғандағы біздің де мақсатымыз:

  • Ауыз әдебиеті үлгілерінен өнеге ала отырып, айналадағы өмір шындығын ұғынуға тәрбиелеу;

  • Нақыл сөздердің ғибратын танымдық қажеттілікті қанағаттандыру үшін пайдалынуға тәрбиелеу;

  • Баланың мінез-құлқында имандылық тәрбие негіздерінің іргетасын қалыптастыру,

Баланың оқуға, танымдық іс -әрекеттерге қызығушылығын ояту үшін алдымен оның өзіне деген сенімін қалыптастыру керек. Ол үшін баланың алдына оның мүмкіндігі жететіндей өзінің «жақын даму» аймағындағы орындай алатын тапсырмалар мен міндеттерді қоямыз. Жаңадан кездесетін сәтсіздіктер орнығып қалмау үшін, баланы еркін тәрбиелей отырып, оны бастаған ісін аяқтауға, алғашқы кездескен қателіктерге бола ісін кейінге қалдырмауға ұмтылуына ықпал етеміз. Себебі, бейімдеу орталығына түскен балалардың басым көпшілігіне тән қасиет: өз еңбегінің нәтижесін көруге талпынбайды, алдына мақсат қоя білмейді, бастаған істерін соңына дейін апаруға төзімдері жетпейді. Осыдан келіп олардың өміріне кейін пайдасын тигізер дара шығармашылықтың іргетасы дұрыс қалыптаспайды. Сондықтан тәрбиеленушілермен жеке жұмыс ұйымдастыру барысында оларға өзгелердің жетістіктерін үлгі ете отырып, өз жетістіктерін де назарға аламыз.

Бейімдеу орталығына келіп түскен әр тәрбиеленушінің жаңа қырынан көрінуі, өз бойынан бұрын байқамаған талпыныс таба білуі, олардың алдағы өміріне сенім мен сенімді серпіліс берсе, ол біздің педагогтарымыздың алға қойған мақсат-міндеттерді айқындап, материалды ұсынуда бала санасына жеткілікті тілмен жеткізе білгендігі және нәтиженің көрнекті болуындағы еңбегі екені даусыз.

Сәнді Макарқызы Мубаракова

«Жезқазған қаласы кәмелетке

толмағандарды бейімдеу орталығы»


© 2010-2022