Шығармашылық жоба Үлгілі оқушы

Раздел Классному руководителю
Класс -
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат docx
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Шығармашылық жоба

Үлгілі оқушы.


Кіріспе.

Осы замандағы қоғамның басты міндеті-жан жақты тұлғаны қалыптастыру. Қазіргі әлемдік тәрбие үдерісінің алға қойып отырған мақсаты баланың зияткерлік дамуына ғана емес, сондай-ақ өз бетімен ойлап, өз білімін толықтыра, кеңейте білуден, өзінің ойлау жүйесін, әлеуметтік мәнді мінез-құлқын, қарым-қатынастарын, сезімдерін қалыптастыра білуден, өз елінің экономикалық, әлеуметтік мәдени және саяси өміріне арласуға дайын болу үшін жағдай жасаудан тұрады.

Еліміздегі әлеуметтік-экономикалық қарқынды даму жағдайы азаматтардың шығармашылық деңгейі, қабілетті және белсенділігімен айқындалады. Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жеке тұлғаның уақыт талабына сәйкес дамуын «Ұлттық бәсекелестік қабілеті бірінші кезекте оның білімділік деңгейімен айқындалады» деп тоқталып өтті.

Тұлға-қоғам мүшесі. Тұлғаның ішкі дүниесінің байлығы оның өзгелермен қарым-қатынасынан, өмірге деген көзқарасынан аңғарылады.

Мағжан Жұмабаев «Жас бала-жас шыбық, жас күнде қай күйде иіп тастасаң, есейгенде сол иілген күйінде қатып қалмақ» деп түйіндеген екен.

Оқушы дегеніміз-мектеп партасында отырған өмірге бейімделуші адам. Оқушы-табиғаттың бір бөлшегі, тұлға.

Оқушылардың мектептерде өзін-өзі басқаруы, өз-өзіне мақсат қоюы, оны жоспарлауы, шабыт, ізденімпаздық, еңбекқорлық, белсенділік, қызығушылық сияқты көптеген қасиеттерді бойына сіңіртеді. Бойына барлық қасиеттерді жинаған бала «үлгілі оқушы» бола алады.

Өзектілігі.

Мен бұл жобада оқушыны шығармашылыққа баулу-өз еңбегінің нәтижесін көруге, оны бағалауға бағыттау-өте күрделі үдеріс екенін көрсете білдім. Егер оқушы бойындағы шығармашылық жас кезінде қалыптаспаса, онда болашақта да оның қалыптасуы екіталай екенін жобаның негізі етіп алдым. Мектебіміздегі үлгілі оқушыны зерттеп, олардың игі қасиеттерін бағаладым.

Мақсаты:

Мектебіміздегі бойында түрлі ерекше қасиеттерімен ерекшеленетін оқушыларды анықтау, олардың үлгі боларлықтай қасиетін дәріптеу. Үлгілі оқушыларды бұрынғы оқушылармен салыстыра отырып бағалау.

Міндеті:

Оқушыға анықтама беру. Мектептегі оқушыларға тоқталып, олардың бойындағы дарақылықтарын зерттеу. Талантты, талапты оқушыны анықтап, оларды зерттеу. Бұрынғы бітіріп кеткен оқушылар мен қазіргі мектеп партасындағы оқушылардың айырмашылығына тоқталу.

Күтілетін нәтиже:

Автордың ойы:

Білімденушінің ошағы-мектеп. Адамның өсетін, жетілетін, жеткіншек дәуірінің бәрі осы мектепте өтеді.Тәрбиенің ауданы кең, түбі терең. Тәрбиенің әсері үлкейген кезде де қалмайды. Тәрбие болмаған жерде шын ақылды, мәдениетті өмір де болмайды. Ал тәрбиелі, білімді оқушы мәдениеттен бастау алады. Мәдениетті, парасатты, білімді, өнерлі, жан-жақты оқушы-ең үлгілі оқушы болып саналады. Үлгілі оқушы дегеніміз-басқа адам сырттай қызығып қарайтын, жолдастарын жақсы іске еліктірер жан.

Мен бұл жобамда үздік оқушының кескін-келбетін бейнелей алдым деп ойлаймын.

Негізі:

Теориялық негіздемесі. (Ғалымдардың еңбектері,зерттемесі)

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білімді дамыту тұжырымдамасында «Білім берудің негізгі басты мақсаты-жасөспірімдерге қарапайым білім-білік дағдыларын игерту ғана емес, оларды жеке, әлеуметтік, кәсіптік құзіреттілігіне негізделген ақпаратты өз бетімен іздеу, талдау және оны тиімді пайдалана отырып, қоғамда өмір сүруге және жұмыс істей білуге үйрету» деп баса көрсетілген.

Сондықтан қазіргі мектептің алдына қойылған негізгі міндет-әр оқушының дамуына өркениетті жағдай жасау. Қазіргі білім кеңістігінде бұл міндеттерді жүзеге асыруда оқушы мотивациясын туғызатын түрлі оқу технологиялары мен әдіс-тәсілдері жеткілікті. Солардың бірі-оқушыларды өз беттерімен жұмыс жасату арқылы білім алудың қарапайым дағдыларын меңгерту. Оқушыларды өздігінен жұмыс істеуге үйретуде мынадай екі міндетті орындайды. Біріншісі- оқушының танымдық қызметіндегі дербестікті дамытады, өнер-білімді өздігінен игереді, дүниеге көзқарасын қалыптастыруға үйретеді. Екіншісі- алған білімін іс жүзінде қолдана алатын жағдайға жетеді. Осы міндеттерді еркін қолдана білген оқушы үздік оқушы бола алады.

Оқушыларды даралыққа жетелер алғашқы қадам-шығармашылық екені даусыз. Шығармашылықпен жұмыс жасай алған оқушы-ойы жүйрік, талантты, ынталы, жан-жақты дәл көздей алатын, бір сөзбен айтқанда болашағынан зор үміт күттіретін оқушы.

Шығармашылық-ойлау қабілетінің ең жоғарғы түрі, тұлғаның өмір шындығында өзін-өзі тануға ұмтылуы. Оқушы дұрыс ой түйіп, өздігінен сапалы, дәлелді шешімдер қабылдай білулері қажет. Мектепте жиі өткізілетін апталықтар, ашық сабақтар, кештер оқушылардың шығармашылық ізденісіне жол ашып қана қоймай, қызығушылығын отып, ұлы өнерге деген құрметін арттырады.

Оқушыларға эстетикалық тәрбие бере отырып, жас талапкерлерді өнер өріне ұмтылуға дағдыландыру керек. Сонымен қатар саяси хабарлама, газет-журналдармен жұмыс істеуге үйрету, байқаулар өткізу оқушылардың ой-өрісін, тапқырлығын,шеберлігін, қабілетін жетілдіру,шыңдай түсу мақсатын көздейді. Баланы үлгілі етіп тәрбиелеу-оның әлеуметтік ортамен өзара тікелей белсенді әрекеті жағдайында жүзеге асады.

Америка ғалымы Роджерстің айтуынша әр адам бала кезінен бастап «Сен мынаны дұрыс істемедің», «Бұл ісің дұрыс емес» тағы да басқа сынау сөздерді көп естиді. Сол себептен бала өз бойындағы қабілетіне қорқа қарайды және сенімсіздік туады. Сондықтан да балалардың шығармашылық қабілетін үнемі жетілдіріп отыру керек. Сондықтан дара тұлғаны дамытудағы алынған негізгі он бір бағытты ұсынған.

  • Білім-ілім.

  • Өркениет

  • Өнер

  • Бабалар жолымен

  • Салауатты өмір салты

  • Тағылым

  • Елім-жерім

  • Мұражай

  • Отбасы

  • Халықтық педагогика

  • Тарихтану

Оқушылардың танымдық іс-әрекетін тиімді ұйымдастыру біліктілігін дамыту керек. Олардың шығармашылық іс-әрекетін жетілдіру бағыты танымдық біліктерінің қалыптасу белгілеріне шартты түрде мынадай үш топқа бөлуге болады.

Бірінші топ-танымдық іс-әрекетте табанды, міндеті мен мақсатын біледі, ізденімпаз, шығармашылық жұмыстарға белсене қатысады.

Екінші топ-ізденіске ұмтылады, бірақ шығармашылық тапсырмаларды орындауға барлық уақытта бірдей бейімділік көрсете бермейді. Тапсырмаларды орындауға мұғалім көмегін қажет етеді.

Үшінші топ- шығармашылық сипаттағы тапсырмаларды орындауға құлықсыз, белсенділігі төмен, репродуктивті тапсырмаларды ұнатады, жұмыстарды орындауға үлгіні қажет етеді, оны орындауға көмек қажет етеді.

«Мұғалім әрдайым ізденісте болса ғана, шәкірт жанына нұр құя алады» деп А.Байтұрсынов айтқандай, әр мұғалім алдындағы шәкірттеріне өз пәнінен білім беріп қана қоймай, әр баланың бойындағы ерекше қабілетін анықтап, оны әрмен қарай дамытып отырса, үлгілі оқушылар қатары көбейер еді.


Өзіміздің зерттеулеріміз.

ХХІ ғасырдың жан-жақты зерделі, дарынды, талантты тұлғасын қалыптасыру бағытындағы білім беру мәселесі мемлекетіміздің басты назарында. Қазақстанның дамуына оңтайлы әсер ету үшін дүниежүзілік кеңістікке ену, оқыту жүйесін заман талабына сай жүргізу-оқушы бойындағы барлық қасиетті дамытып, тұлға болып қалыптасуына үлкен әсер етеді.

Мемлекетіміздің иесі бүгнгі жастар екені даусыз. Олай болса, сол жастардың білім деңгейі, ата-анадан алған тәлім-тәрбиесі қандай дәрежеде деген сұрақ туындайды.

Оқушы-дара тұлға. Үлгілі оқушы бір нәрсемен айналысатын, бос жүрмейтін болып келеді. Бойындағы қасиеттерді шығару үшін, ойындағы ісін жүзеге асыру үшін, оқушы шығармашылықпен айналыса бастайды. Оқушы екі түрге бөлінеді. Біріншісі-туа біткен дарынды оқушы, екіншісі-көре, біле жүріп өнерді бойына дарытқан оқушы. Осы үлгілі оқушыны рухани дамыта отырып өсіру әрбір адамның басты парызы.

Жеке тұлғаның рухани өсуі дегеніміз-кісілік қасиетін, шығармашылық қасиетін, дүниетанымын кеңейту. Біреулер айналасындағы құбылысқа тамашалай қарайды, ал енді біреулер сын көзбен қарайды. Таңдана, тамашалай қараған баладан шығармашылық жұмыс жасай алатын қасиет болады. Тек сол қасиетті шыңдау керек.

Шығармашылық қызығуы қалыптасқан үлгілі балада мынадай ерекшелік болады:

-балалардың өзіндік ойлау ерекшелігі басым, түрлі болжамдар жасауға қабілетті, қиялы ұшқыр, өзін тануға құштар;

-шығармашылықпен айналысуға ұмтылып тұрады, шығармашылық күшін сынауға тырысады;

-қиялдары жүйрік, бейнелер сомдауға шебер, жан дүниесі нәзік, лирик болып келеді, болмыстары поэзиядан құралады;

-ақыл-ой қабілеттілігін тек өзін қызықтырған іске бағыттайды, ал қызықтырмаған іске қалыпты білік-дағдылармен шектеледі;

-оқушылар мазмұндама, мінездеме жазудан гөрі әңгіме, өлең, ертегі жазуға бейім тұрады.

Үлгілі оқушыларды шығармашыққа баулу үшін, оларды әрмен қарай дамыту үшін, оқушыларға психологиялық қолдау керек. Шығармашылық шеберлік үшін психологиялық әсері мынадай болмақ;

  • «Сенің қолыңнан бәрі келеді», «сен қабілеттісің» деп баланың еркін билемей, сенім білдіру;

  • Оқушының кішкентай жетістігі болса да жоғары бағалап, мадақтап, көтермелеу, оқушылар басылымында өлең, әңгімелерінің жарық көруіне көмектесу;

  • шығармашылық сәтте оқушыға құптаушылық көзқарас білдіру, қамқорлық білдіру;

  • ақын-жазушылардың, өнер адамдарының өмірінен қызықты оқиғаларды әңгіме ету;

  • оқушының қойған сұрақтарына пейілменен дұрыс жауап беру, олардың психологилық еркіндігін қамтамасыз ету.

Оқушы өзі жасаған дүниеден шын ләззат, қуаныш сезімін алуы тиіс. Жаңаны жасау, өзі жасаған тың дүниеден алған жан ләззаты оқушы үшін сұлулық пен әсемдіктің белгісі.

Үлгілі оқушыларды , қызығуы қалыптасқан балаларды іздеу, оларды тәрбиелеу, қоғам үшін өте қажет. Сол себепті үлгілі оқушыларды зерттеу, бейімдеу, ынталандыру жұмыстары көптеп жүргізілуі керек.

Осы қағидаларды ұстана отырып, біздің мектептегі оқушылардың ішіндегі тума талант иесін тану мақсатында біз тест жүргіздік. Байқағанымыз 9-сынып оқушысы Тілекқабылов Асылжанды тума талант иесі деп атауға болатынын түсіндік. Пән олимпиадаларынан жүлделі орындар алумен қатар, мектепішілік, аудандық жарыстардан орын алып жүрген бұл оқушының бойындағы барлық өнердің бар екенін көріп жүрміз. Асылжанның қызығушылығын оятпай отырған жағдайда да, ол оқушы өзінің талантының арқасында шығармашылықпен жұмыстанып, өлеңге сөз жазып немесе әнге музыка шығарумен айналысып келеді. Ал біздің мектебімізде осындай оқушыны жетектейтін, өнерін дамытатын жетекші шықпай отырғаны өкінішті.

Кейінге шолу жасасақ, мектебімізде үлгілі оқушылар көп болған екен. Мысалы: 1993-94 жылғы оқушыларды алып қарасақ, олардың бәрі дерлік үлгілі оқушылар. Барлық іс-шараларға белсене араласуымен қатар сабақтарын жақсы алып жүрген оқушылар болған. Олардың ішінде Васиханова Жанерке, Жұмағалиева Құндыз, Садирова Назгүл, Мұқанғалиева Айбану, Меңдібаева Назерке, Мамбетова Жұлдыз, Қуанғалиева Данагүл,Тілекқабылова Гүлзада сынды оқушыларды үлгілі оқушылар қатарына жатқызуға болады. Бірақ, олар тума талант емес, жүре-бара дамыған, соның ішінде еліктеушілікпен талантты болған оқушылар. Осы оқушылардың мінез-құлықтарына шапшаңшылдық, тез жауап қайтару, берілген тапсырманы өз уақытында орындау, үй тапсырмасын тереңірек, жан-жақты қарастыру, іздену сияқты ізгі қасиеттер үнемі болатын.

Ал кейінгі оқушылардың бойында сылбыр, берілген тапсырманы жай, асықпай орындау, тапсырмаға немқұрайлы қарау, шақырған уақыттан кешігіп жүру деген қасиеттер басым. Айтылып жатырған сөзге көңіл аудармай «ия» деген бір сөзбен ғана жауап береді, түсінбеген жерін сұрамайды.

Іздене келе мұның жауабын еліміздің күннен-күнге дамып келе жатқандығынан деп шештік. Себебі: бұрынғы кезде жаңа технология деген болмаған. Олар өздері жазумен, оқумен, ізденумен,қоғамдық жұмыстарғада белсене араласумен т.б қасиеттерін пайдаланып жұмыстанды. Жаңа сабаққа қызығушылық танытып отырды. Түсінбеген жерлерін мұғалімнен сұрап, ұстаздарымен тығыз байланыста болды.

Ал кейінгі оқушылар жаңа технологияға сүйеніп кеткен. Яғни, интернет, ұялы телефон, компьютер деген нәрседен бәрін аламыз деп сенеді. Оқудың керегі тек «оқуға түскенше» деп түсінеді. Сол себепті олар сабаққа немқұрайлы қарайды. Кітапханадан ізденіп оқымайды. Өздерінің қалаған істерімен айналысқанды қалайды. Бұған басты себеп: ата-ана баладан оқуын талап етпейді, тек ескертумен ғана шектеліп қояды.

Мектебімізде үздік оқушылар саны-17, ал екпінділер саны-18

үздік оқушылардың дені төменгі сыныптардан. Ал осы үздік оқушыларымызды жоғары сыныпқа барғанда үздіктер қатарынан көре алмаймыз. Себебі ол оқушылар шығармашылықпен жұмыстанбайды, ізденіп оқымайды. Бар болғаны үй тапсырмасын толыққанды орындайды. Мұғалім тапсырма берсе де, немқұрайлығы басым тұрады, себебі оларда тапсырма көбейеді. Сол себепті үздіктердің бәрін бірдей үлгілі оқушылар деп айтуға келмейді.

Оқушылардың өздерін танып білу мақсатында сауалнама жүргіздік. Мектеп оқушылары «оқушы деген кім?» деген сұраққа 48,9 пайызы «Тәрбиеленуші» деп жауап берсе, 26,5 пайызы өмірге бейімделуші адам деп жауап қайтарды.

Ал екінші сұрақ бойынша оқушылар өздерін қандай оқушыға жатқызатынын білдік. 28,5 пайызы сабақты жақсы оқитын оқушыға жатқызса, 26,5 пайызы үлгілі оқушыға жатқызады екен. 22,4 пайызы жан-жақты оқушы болып шықты.

«Өзіңнің бойыңдағы үздік қасиет»- деген сауалға мектеп оқушыларының 38,7 пайызы үлкен-кішіні сыйлайтын десе, 26,5 пайызы таланттымын деп жауап қайтарды.24,4 пайызы өнерлі екен.

«Үй тапсырмасын қалай орындайсың?» деген сауалға 36,7 пайызы «тек берілген тапсырманы ғана орындаймын» деп жауап берді. Жан-жақты ізденіп орындайтын 30,6 пайыз, терең ізденіп оқитын 22,4 пайыз болды.

«Кітапханаға жиі барасың ба?» деген сауалға , мұғалім тапсырма берген кезде ғана барамын деп 30,6 пайызы жауап берсе, 30,6 пайызы тек бір ақпарат керек кезде барамын деп, 28,5 пайызы кейде барамын деп жауап қайтарды. «Ия, жиі барамын» деген оқушы 1 пайыз болып шықты.

Мектебіміздегі оқушылардың 36,7 пайызы жан-жақты оқушы болғысы келсе, 26,5 пайызы ұстазға ұнайтын оқушы болғысы келеді екен.18,3 пайызы сабақты жақсы оқығысы келеді екен.

«Үлгілі оқушы деп қандай оқушыны айтасың?» деген сауалға, 53 пайызы «Бойында барлық қасиет бар оқушы» деп жауап қайтарды.18,3 пайызы сабақты жақсы оқыған оқушыны жатқызады екен.

«Үлгілі оқушы болу үшін не істеу керек?» деген сауалға, 48,9 пайызы бойға барлық қасиетті жинау керек екендігін айтса, 26,5 пайызы сабақты жақсы оқу керек екендігін айтады. 16,3 пайызы үлкенді тыңдау керек екендігін айтады, ал 8 пайызы өнер үйрену керек деп жауап қайтарды.

Бұл сауалнамадан біздер мектептегі оқушылардың сабақты жақсы оқығылары келетіндігін білдік, бірақ өнер жағына бейім екендігін аңғардық. Мектебіміздегі оқушылардың тәрбие саласына көбірек баса назар аударатыны байқалды. Осылайша жеке тұлғаның жан-дүниесіне үңіле келіп, әр баланың мінезі байсалды, үлкен-кішіні сыйлай алатын, жуас, жан-жақты бала мектеп партасында отырғанын анықтадық.

Жақсылыққа ұмтылып, жағымды істермен айналысатын адамның айналасындағыларға көрсетер үлгісі мен берер тәлім-тәрбиесі де мол болмақ. Сондықтан осы мектептен жақсы, үлгілі оқушылардың көп шыққанын қалаймыз.

Қорытынды.

Әрекет түрлерінің ( оқу, еңбек, таным, сөйлеу әрекеттері, шығармашылық) арасындағы байланыс оқушының тек терең білім алуына ғана емес, оның жан-жақты тәрбиесіне де әсерін тигізеді. Олардың бірін-бірі толықтырып отыруы нәтижесінде оқушы өзінің бар мүмкіндік, қабілеттерін дамыта түседі. Соның қорытындысында оқушы жан-жақты, үйлесімді тұлға ретінде дами алады. Сабақтан тыс жүргізілетін әр түрлі тәрбиелік іс-әрекет керек. Ол әдетте мектептен тыс тәрбие болып бөлінеді. Бұндай орталықтар шығармашылық белсенділігін арттыруға, білімді өз бетінше алуына және оны қолдана білуге септігін тигізеді. Бұл жұмыстар мұғалімнің сабақ үстінде жүзеге асыратын тәрбие жұмысын толықтыра, тереңдете отырып, ең алдымен, балалардың таланттары мен қабілеттерін неғұрлым толық ашудың, олардың белгілі бір нәрсеге қызығуы мен ынтасын оятудың құралы ретінде, оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырудың тетігі болып табылады және олардың адамгершілік мінез-құлық тәжірибесін қалыптастырудың негізі ретінде қызмет атқарады.

Қоғам дамуының ең басты шарты-үлгілі оқушы тәрбиелеу десек, сол үлгілі оқушыны тек шығармашыл тұлға ғана тәрбиелей алады. Ал, «Үлгілі оқушы» болу сапалы білім, саналы тәрбие бере алатын ұстаздардың еншісінде.



© 2010-2022