Сценарий Тілдер фестивалі Бір шаңырақ астында

Раздел Классному руководителю
Класс 4 класс
Тип Конспекты
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Есть
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:



№3 Смирнов орта мектебі


Сценарий Тілдер фестивалі Бір шаңырақ астында


Сценарий Тілдер фестивалі Бір шаңырақ астында


Жүргізген: Сматаева Ж.Т.


Фестиваль «Бір шаңырақ астында»

Ең бірінші бақытым - ана тілім

Мақсаты:Оқушыларды өз халқын, тілін, туған жерін сүюге, қадірлеуге, бағалап мақтан етуге тәрбиелеу. Оқушылардың тілін, ой-өрісін дамыту, мәнерлеп оқуға, машықтандырып жетілдіру. Туған тілдің қадірін білу, сол жолда аз еңбек, ерлік істемегенін ұғындыру. Оқушыларға ана тілін сүюге, ардақтауға, қадірлеуге және тілдің қоғам өміріндегі маңызын түсінуге шақыру.

Көрнекіліктер: Мағжан, Жүсіпбек, Мұхтар, Абай, Сұлтанмахмұт, Сәбит, Ғабит және т.б ақын жазушылардың тіл туралы айтқан пікірлерін, суреттерін іліп қою. Құрманғазының «Сарыарқа» күйі орындалып тұрады.

1-жүргізуші: Аяулы абыройлы ана тілім

Өстім мен саясында қанатыңның,

Кетіпті ғазиз ана сені ойлап

Жыр болып көкірегімде жанатұғын.

2-жүргізуші: Тілім менің - қазынам қасиетім,

Қасиетім бар әлем бас иетін.

Тілі жоқтың түрі жоқ, түбірі жоқ,

Бола көрме, ана тіл, қасіретім.

1-жүргізуші: Құрметті ұстаздар мен оқушылар! «Бір шаңырақ астында» атты тілдер мерекесіне арналған кешімізді ашық деп жариялаймыз!

2-жүргізуші: Қазақ тіліміз - ана тіліміз. Ана тіліміз мемлекеттік тіл болып үлкен мәртебеге ие болды. Оны біздің қазақ халқы зор қуанышпен қарсы алды.

1-жүргізуші: Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылдың 20-қаңтарындағы Жарлығына сәйкес 22-қыркүйек «Қазақстан халықтарының тілдері» күні ретінде аталып келеді. Тіл халықпен бірге өмір сүріп дамиды, себебі әр ұлттың тілі - оның бақыты, тірегі. Бүкіл түркі елдеріне ардақты ағартушы, ғұлама ғалым Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі жоғалады» деген сөзінде үлкен мән жатыр.

2-жүргізуші: Бүгінгі тіл мерекесімен сіздерді құттықтай отырып, құттықтау сөзді мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары - Умбетова Жайнагүл Макенқызына береміз!

1-жүргізуші: Сүйемін өз тілімді - ана тілім,

Бесікте жатқанымда-ақ берген білім.

Шыр етіп жерге түскен минутымнан

Құлағыма сіңірген тыныс үнін.

2-жүргізуші: Тілім менің - тірегім, дінім менің,

Күшім кетсе не болады күнім менің?!

Өз халқына жетеді өз мәнінде

Өз тілімде оқылса жырым менің!

Барлық ұлт өкілдерін ортаға шақырамыз

1-жүргізуші: Тіл жайында толғанбайды кім бүгін?

Тіл жайында үгіттейді кімді-кім?

Сан мың жылдан сарқылмаған бұлағым!

Тілім менің, тілім менің - тірлігім!

1 сынып оқушыларын ортаға шақырамыз (қазақ халқымен таныстырады)

2 -жүргізуші: Туған тілім - бабам тілі, өз тілім,

Туған тілім - анам тілім, өз тілім,

Туған тілі - дала тілім, өз тілім,

Туған тілім - адам тілі, өз тілім.

1-жүргізуші: Тіл - табиғаттың адамға берген сыйы. Әр халықтың, өз тілі болады. Жер жүзінде қаншама ұлт болса, соншама тіл бар.

Тіл тағдыры - ел тағдыры,

Тіл - халықтың байлығы, қазынасы.

2 «а» сынып оқушыларын шақырамыз (орыс халқымен таныстырады)

1-жүргізуші: Ана тілін сөйлетейік биіктен,

Бабам сөзін қайта әкем тірілткен.

Кейінгі жас естіп өссін, үлгі алсын,

Ана тілім бастау алған бірліктен.

2-жүргізуші: Біз ана тілімізді, яғни халқымыздың мәдени дәрежесін көтеруге пәрменді құрал болып отырған, мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілін терең де тиянақты меңгеруіміз керек.

2 «б» сынып оқышыларын шақырамыз (татар ұлтын таныстырады)

1-жүргізуші: Мен қазақпын - мың өліп, мың тірілген,

Құшақ жая таныстым сан тілімен

«Жаман үйді қонағы билейді» деп

Қала жаздап айырылып өз тілімнен.

Өзге тілге еліктеп ел болмайық,

Қазағымның артығы жоқ өз тілінен.

2-жүргізуші: «Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Ана тілі дегеніміз - сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары аяққа басады» - деген екен тіл жанашыры Ғабит Мүсірепов.

1-жүргізуші: «Ана тілі - халықтың өткен ұрпағын, ажырамас туыстық жағдайда мәңгілік біріктіретін ең сенімді құрал. Ана тіліміз арқылы ғана біз халқымызды, Отанымызды танып білеміз. Халық рухының сарқылмас бастауы да сонда жатыр» депті Д.Ушинский.

3сынып (украин халқын таныстырады)

2-жүргізуші: Ел тарихы, жер тарихы - өзіміз,

Болашақтың қасиетті көзіміз.

Барлық ұлтпен бауырласып жетерміз,

Ақ, қараны тіліп тұрса сөзіміз.

1-жүргізуші: Әндетіп шалқып, қиялға сүйеп,

Ашыла түсер көңілді күй.

Өзің де үйрен, балаға үйрет

Абайдың тілін, Жамбылдың тілін.

4 сынып (өзбек халқын таныстырады)

2-жүргізуші: Тілім менің - ғасырлардан аманат

Аманатқа адал болсын қағанат,

Ар-намысқа келтірмейік жаманат,

Қазақ болып туылдық па,

Ендеше

Өз тіліңді өзгелерге бағалат!

1-жүргізуші: Тамаша өлең таңдайға татып балдай,

Өз тілінде жыр оқу бақыт қандай!

Жан дүниең жарқырап сала берер

Ағарып келе жатқан атып таңдай.

Ән: «Атамекен»

2-жүргізуші: Тағдырыңды тамырсыздық індетінен қалқала!

Әр адамда өз анасынан басқа да

Жебеп жүрер, демеп жүрер арқада,

Болу керек құдіретті төрт ана:

Туған жер - түп қазығы, айбыны,

Туған тілі - сарқылмайтын байлығы,

Туған дәстүр, салт-санасы тірегі,

Қадамыңа шуақ шашар үнемі

Және туған тарихы, еске алуға қаншама,

Ауыр әрі қасіретті болсада.

1-жүргізуші: Төрт анаға әнін жалғай алмаған

Пенделердің басы қайда қалмаған?

Төрт анасын қорғамаған халықтың

Ешқашанда бақ жұлдызы жанбаған.

Қасиетті бұл төрт ана - тағдырыңның тынысы,

Төрт ана үшін болған күрес - күрестердің ұлысы.

2-жүргізуші: Тіл - басты байлығымыз, сәніміз, ата-бабамыздың ұлы мұрасы. Ана тіліміздің мәртебесі биіктей берсін! Ана тілін ардақтайық ағайын!

1-жүргізуші: Бүгінгі тілдер мерекесіне арналған «Бір шаңырақ астында» атты кешімізді жабық деп жариялаймыз! Келіп кешке қатысып, тамашалағандарыңызға рахмет! Сау болыңыздар!

© 2010-2022