Абайдың-асыл мұралары тілдер күніне арналған ашық тәрбие сағаты

Раздел Классному руководителю
Класс 8 класс
Тип Другие методич. материалы
Автор
Дата
Формат doc
Изображения Нет
For-Teacher.ru - все для учителя
Поделитесь с коллегами:

Уәлиханов орта мектебі






Тіл күніне арналған

«Абайдың - асыл мұралары»


Ашық тәрбие сағаты



















Дайындаған: Калдыбаева С.Ж.


Сабақтың тақырыбы: Абайдың - асыл мұралары.

Сабақтың мақсаттары:

Білімділік:

Қазақтың ұлы ақыны Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының өмірі мен шыңармашылығын білу;

Дамытушылық:

Абайдың өскен ортасы, шығармашылығы туралы айта білу, мәнерлеп оқу, жатқа айту, ән айту.

Тәрбиелік:

Халқымыздың дана ақыны, ғұлама ойшыл, сазгер Абай Құнанбайұлының өлеңдері, әндері мен қарасөздерінің таралуын насихаттау. Бүгінгі ұрпақтардың Абай мұрасына қызығушылығын арттыру.

Сабақтың түрі:

Ашық тәрбие сабағы.

Жұмыс түрі:

Әдеби ән - күй композиция

Әдістері:

Іздендіру, мәнерлеп оқу, жатқа айту, ән айту.

Көрнекіліктері:

Абай Құнанбаевтің слайд, Абайдың өлеңдер жинағы, М.Әуезовтың «Абай жолы» атты төрт томдық кітабы, қарасөздері, плакатқа жазылған нақыл сөздер.



Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі:

ІІ. Кіріспе бөлім.

Жүргізушілер сөзі.

ІІІ. Негізгі бөлім.

  1. «Өнегелі өмірбаян».

Абайдың өмірбаянын оқу.


  1. «Ұлы ақын».

а) Абайдың ақындық жолына тоқталып өту.

ә) Абайдың әндерін мәнерлеп оқу.

3. «Абай - аудармашы».

а) Ақынның орыс тілінен аударған өлеңдері туралы қысқаша баяндама жасау.

ә) Аударған өлеңдерін мәнерлеп оқу.

4. «Абай - философ».

а) Абайдың қарасөздеріне қысқаша тоқталып өту.

ә) Қарасөздерін өз сөздерімен оқып беру немесе мазмұндау.

5. «Абай -сазгер».

а) Абайдың жазған әндеріне шолу.

ә) Әндерін орындау.

6. Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман - эпопеясына тоқталып өту.

7. «Абайға арнау».

а) Басқа ақын жазушылардың Абайға арнап жазған өлеңдерін оқу.

ә) Оқушылардың өздері шығарған өлеңдерін тыңдау.

8. Бекіту.

І жүргізуші:

Армысыздар, құрметті оқушылар, ұстаздар!

Бүгін Қазақстан халықтарының тілдер мерекесі.

Алғаш рет 1998 жылы 14-22 қыркүйек аралығында Тілдер мерекесінің апталығы Республика бойынша аталып өтті. Содан бері жыл сайын Тілдер күні үлкен ресми іс - шаралар жүргізу дәстүрге айналған. Тіл халықпен бірге дамиды. Халықтың сақталуы тіліне байланысты. Тіл халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін келбеті, болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін ана тілі мен ата дәстүрі. Біздің осындай қасиетті мұратымыз - ана тіліміз - қазақ тілі.

Бүгінгі біздің өнеге сағатымыз Абай шығармашылығының таралуына арналады. Елбасы Н.Ә.Назарбаев: «Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, Абай біздің ұлттық ұранымыз болуы тиіс», - деп бағалаған.

Абай туған халқының, болашақ ұрпақтың өнегелі тәрбиешісі, ана тілінің бастауы, қамқоры. Ұлы Абай бабамыздың өмірі мен шығармашылығын, әсем әндерін кейінгі ұрпақтары жақсы біледі.

Парасатты болып туған

Шыңғыстаудың Абайы.

Ән мен жырын мұра қылған

Сарыарқаның Абайы.

Нақылымен сана құйған

Қазағымның Абайы.

Ақылымен дана болған

Бүкіл елдің Абайы,-

дей отырып, бүгінгі «Абайдың асыл мұрасы» атты сабағымызды ашық деп жариалаймыз.

ІІ жүргізуші:

«Өнегелі өмірбаян».

Ақынның ата қоныс жері қандай?

Ата - баба, әулеті, тегі қандай?

Ақынды тебіренткен, күңіренткен,

Ұшқан ұя,ортасы, елі қандай?

а) Ақынның өмірбаяны. 8 «А» сынып оқушысы Науқанбай Аруна әңгімелеп береді.

Мұғалім:

«Ұлы ақын».

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге бола ма айтыңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған.

а) Ақындық жолына тоқталып өту.

Мұғалім:

Абай медреседе үш жыл оқиды.Ұлы ақын жас кезінде болыс та болды, ел де басқарды, есейе келе өлең жазумен, ойына келгенін ақ қағазға түсірумен айналысады. Абай бізді нәзік өлеңімен де, кесек-кесек пәлсапалық ой-пікірімен де, сұлу сазды әуендерімен де бірде қанаттандырса, бірде ойландырады. Абайдың ұлылығы мен кемеңгер данышпандығы да осы болса керек!

ә) Абайдың өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқу. 5-8 сынып оқушылары.

ІІ жүргізуші:

«Абай - аудармашы».

Мұғалім:

Абайдың қазақ әдебиетінде ашқан үлкен жаңалығы - профессионалдық үлгідегі көркем аудама жанрын әкелді. Алдында үлгі етер ешқандай нұсқа жоқ айтақыр жерден бірден шыңдалған аударма жасауы Абайдың ақындық кемеңгерлігін тағы бір мәрте дәлелдегендей. Абай аудармаларына алғашқы ақындық тәжірибе деп қарамай бірден ақынның ұстанған принциптері мен шеберлік жолына аса жоғары межеден баға беретін себебіміз, Абайдың бұл дәстүрді еркін игерген ғажайып құдіретімен ғана түсіндіруге болады.

ә) Аударған өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқу. 5сынып оқушысы Калдыбаева Балауса.

Мұғалім:

«Абай - философ»

а) қарасөздеріне қысқаша тоқталып өту.

Абай Шығыс пен Батыс мәдениеті мен өркениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» - тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.

ә) қарасөздерін мәнерлеп мазмұндау. 7 сынып оқушысы Асанова Аружан.

ІІ жүргізуші:

«Абай - сазгер»

Құлақтан кіріп, бойды алар

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең, менше сүй...

а) Абайдың сазгерлік жолына тоқталып өту.

Мұғалім:

Ол өзі қалдырып кеткен құнды мұраларында адам бойында кездесетін жаман мінез құлықтарды сынап, адамдықты, ақыл мен білімді алға қойды. Сонымен бірге басқа халықтың мәдениетін, өнерін білуге шақырды. Абай сазгер ретінде қазақ музыка мәдениетінде үлкен үлес қосқан. Ол өз әндерінде махаббат және табиғат суреттерін, жыл мезгілдерін жырлаған.
Сазгерлік шығармашылығы
- Абайдың 28 әні бүгінге жеткен. «Сегізаяқтың» - сегіз, «Көзімнің қарасының» - төрт, «Сұрғылт тұманның» - үш, «Евгений Онегиннің Татьянаға жазған хатының» үш вариантын қосып санағанда 64 ән, үш күйі бар. Күйлері сахнада ойналмайды. Абайдың әндері деп «Бойы бұлғаң», «Сұрғылт тұман», «Қараңғы түнде тау қалғып», «Желсіз түнде жарық ай», сондай - ақ Лермонтов арқылы Гетеден аударылған дүниелерін айтамыз. Баласы Тұрағұлдың естеліктеріне қарағанда, Абай кез келген өлеңін ыңылдап отырып жазған. Соған қарап зерттеушілер «Абайдың өлеңдерінің бізге жетпеген басқа да әуендері бар шығар деген ой туады» «Торыжорға», «Май түні», «Майда қоңыр», «Желдірме» атаулы күйлері бізге жеткен.

ә) Әндерін орындау. 7 сынып оқушысы Шкурупий Ангелинаның орындауында «Көзімнің қарасы»

Мұғалім:

«Абай жолы» эпопеясы - М.Әуезовтың басты кітабы. ЮНЕСКО - ның шешімімен 1995 жылы Абайдың 150 жылдығына арналған той ақынның туған жері Семей өңірінде аталып өтті. Елбасы Жидебайдағы мереке кезінде «Зерде» кітабына: «Абайдың сөзі - қазақтың бой тұмары. Абайдың мұрасы - қазақтың ең қасиетті қазынасы. Абай өзінің халқымен мәңгі - бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы қалың елін қазағын жаңа биіктерге, асқар асуларға шақыра береді. Абайдай данышпан перзентті дүниеге әкелген қазақ халқы ата - бабаларының арманы болып келген ел тәуелсіздігін көзінің қарашығындай сақтайтындығына, қорғайтынына сенемін. Ылайым, халқымыз Абай армандаған өмірге жетсін деп тілеймін», - деген қолтаңба қалдырды.

ІІ жүргізуші:

Ұлы ақынға арнау.

ә) Оқушылардың өздері шығарған өлеңдерін тыңдау. 8 сынып оқушысы Калдыбаевв Ұлпан «Абай атамызға» өлеңін орындайды.

Мұғалім:

Халқым сүйер Абайды,

Таңдандырар талайды.

Ұлы ақынды еске алып,

Жүрсеңіздер жарайды, -

деп бүгінгі сабағымызды аяқтауға рұқсат етіңіздер.
















АБАЙДЫҢ ӨМІРБАЯНЫ


Абай осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс деген тауды жайлаған Тобықты руының ішінде, 1845 жылы туған. Абайдың өз әкесі Құнанбай, оның әкесі Өскембай, үшінші атасы Ырғызбай. Бұлардың барлығы да ру ішінде үлкен үстемдік жүргізген адамдар. Өскембай - Ырғызбайдың өзге балаларының ішінде ең дәмелісі болды. Сол кездегі Кеңгірбай маңайындағы ағайын-туысқан, іні-баласының бәрінен пысық, епті болыпты. Өскембай Кеңгірбай қартайған кезде атқа мінеді.

Өскембай орта жасқа келгенде, баласы Құнанбай ер жетіп, атқа мінген. Құнанбай 1804 жылы туған. Құнанбайдың шешесі Зере, кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған деседі.

1850 жылы, 72 жасында Өскембай өледі. Зере байынан кейін көп жасаған. Ол бертін келіп: 90-ға жетіп өледі. Мұның ақын болатын немересі Абайдың бала, бозбала күнінде бәрі Зерені "кәрі әже" дейді екен. Кәріліктен құлағы есітпейтін болады. Балаларына дұға оқытып, үшкірте береді. Сонда өз қолындағы немересі Абай кәрі әженің құлағына өлең айтып келіп үшкіреді екен. Құнанбай жасында әке-шешесі мен өскен ортасынан алған тәрбиеден басқа оқу тәрбиесін көрмеген.

Бұл кезде Абай ержетіп, ел меңгеруге кіріскен еді. Әкесінің Жігітекпен алысқан, Тоқпамбет үстіндегі, Мұсақұл үстіндегі төбелестерінде баларақ болса да, ер жете бастаған сайын, әкесі мұны ел сөзіне, ел ісіне жұмсай бастайды. Осы Құнанбай ісінің жоғарыда айтылған көп уақиға, көп тартыстары және барлық сол заманның мінездері ақын Абайдың бала күнінен бастап нық байланыса өскен ортасы еді.

Көп басты адамынан айырылған Жігітек талай заманға шейін "көзге қамшы тигендей" болып қалады.

Абай елді меңгеріп алған кезде, Құнанбай біртіндеп кеп ел сөзінен шыққан. Сонымен 72 жасында қажыға барып, қажыдан қайтып келген соң 8-9 жылдан кейін қайтыс болады.

Абай әкесі Құнанбайдың 41 жасында туған. Ақынның өз шешесі - Ұлжан. Тегі Құнанбай көп қатынды болған. Үлкен қатыны қыздай алған - Күнке. Бұдан туған бал асы Құдайберді. Екінші әйелі Ұлжан - ол Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалындық екен. Інісі өлген соң келінін алған. Бұдан туған балалары: Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі - Айғыз. Одан Қалиолла, Ысмағұл деген балалары болған. "Атадан алтау, анадан төртеу" дейтін Абай өлеңінің мәнісі осы. Төртінші әйелі - Нұрғаным. Бұдан бала болмаған.

Күнкенің жасы Құнанбайдан үлкен екен. Берірек келгенде жасы ұлғайып, күйеуін күте алмайтын болған соң, Құнанбай Ұлжанның қолына шыққан. Бірақ Ұлжаннан туған балаларының бәрі бірдей өз шешесінің қолында тәрбиеленбеген. Үлкен баласы Тәңірбердіні жас күнінде Өскембай қолына алып өсіріпті. Ысқақты Құдайбердімен бірге Күнкенің қолында өсірген. Күнке ерте уақыттан бөлек ауыл болып кеткен.

Ұлжан мен Айғыз бір ауыл болып, Құнанбай осылармен тұрған уақытта, екі шешесінің ортасындағы тел баласы кішкене Ыбырай болады. Бұл екі шешесінен кейінірек Оспан, Ысмағұл деген екі бала туған. Бірақ бұлардың жасы Абайдан едәуір кіші. Айғыздың үлкен баласы Қалиолла болса, оқуда жүрген. Сондықтан Абай алғашқы балалық шағын екі шешесінің ортасындағы жалғыз баланың қалпында өткізген. Екі шешеге бірдей бала болып жүргендіктен, сол кездегі үлкендері Абайға "Телқара" деп ат қойыпты. Кейін Абай ер жеткен уақытта бірталай жеңгелері ертеден қойылған атпен "Телқара" дейді екен.

Абайдың өз шешесі Қаракесек ішінде Бертіс тұқымы болады. Ұлжанның әкесімен бірге туысқан ағалары Қонтай, Тонтай қалжыңымен даңқы жайылған, белгілі мысқылшыл, тапқыш күлдіргілер болған. Бұл әдет Бертіс, Шаншар руына түгел жайылған мінез. Көрші ел, Шаншардың қулары легенде: кісіні жазым қылып кететін ит-құсты сөз қылғандай сөйлейді. Жәрмеңке сияқты қалың жиындарда, бір жерде тобымен жиылып, күліп сөйлеп келе жатқан Шаншарды көрсе, көп елдің кісілері: "ойбай, Шаншар келе жатыр!" деп өрттен қашқандай дүркірей қашады екен. Бұл әдет Шаншардың мысқыл, мазаққа ұста болып, тауып айтқыш өткір тілдігінен туған нәрсе. Қандай жанның болса да мінін таппай қоймайды, мінін тауып алса түңлігін ұшырғандай қылып соқтығады. Сөз табуымен кімнің де болса есін шығарып, есеңгіретіп кетеді.

Осы Шаншардың бұрынғы-соңғы заманға шейін аузынан тастамайтын атақты "қуы" Тонтай болған. Тонтайдың барлық өмірі тұтас күлкі болып кеткен. Түгелімен, бастан-аяқ жеке-жеке күлкі әңгімеден құралады. Сол әңгімелерге қарағанда Тонтайлар қалың қазақ ортасының үнемі көңілін көтеріп жүрген, таусылмайтын думаны, ұдайы қызық күлдіргісі. Бүгінгі Европа, Американың Чарли Чаплины, Бестер Китоны сияқты. Осы Тонтайдың інісінен туған әйел бала Ұлжан болады.Ұлжан сабырлы мінезді кісі болған. Абай - балалық шағын сөз қылғанда өз шешесіне қатты ырза болып, Айғызға іші ренжіңкірейді екен. Анау күндестікті көп сыртқа шығарып, білдірмесе де, Айғыз сол жағынан белгі бергіш болса керек. Бұнысы - өзгемен бірге көп қатынды семьяның зәрін татып өскендігін де сездіреді.

Осындай тапқыштық және біреудің мінін ащы тілмен қатты түйрегіштік, нағашысы мен шеше жағынан Абайға да мол келген. Шынға келгенде: Абайдан қалған сөздің ішінде барлық ақындықтың шарты болатын жалынды жанды, өткір сезімді былай қойғанда, қалған сарынның ішінде салқын ақылмен сөйлегіштік көп пе, жоқ шанышпа тілді, соқтықпалы, ащы мысқыл, улы күлкіге бой ұрғандық көп пе? Бұл екі ортасын дәл кесіп-пішіп айыру, ұзақ тексеруді керек қылатын шығар. Бірақ біздің ұғынуымызша соңғы түрі көп сияқты.

Құнанбай жанның бәріне суық болған қалпында, өзінің балаларына да қатты, зілді болған. Сол қаталдық, зілін, ауыр өмір бұйрығын жас шағында еріксіз орындап, Абай да әке мінезінің ауыртпалығын көп көреді, басынан көп кешеді. Ал Ұлжан мінезді адам болғандықтан орайы келгенде, өзінің бала, бауыр, қайын сияқтыларына мысқыл әзілді айта береді екен. Қалжыңмен жауаптасуды Абайға бала күнінен өзі де еккен сияқты. Осының бір мысалы: Абайды сүндетке 8-9-ға ілініп, ересек болып қалғанда отырғызса керек. Сонда Абай қашып жылап "құдай, бүйткенше қыз қып жаратпаған екенсің!" депті. Ұлжан соған: "Балам-ау, қыз болсаң бала таппас па ең, содан қиын боп па", - дейді. Абай: "Ә, онысы тағы бар ма еді!" - деп қуанады екен.

Абайдың ақындық жолында өзге талай жазушы, талай ақынның жолынан бөлек өзіне ғана хас, ерекше тағдыры болған. Ақындығындағы сол ерекшелік Абайдың бала күнінен бастап, соңғы өлер шағына шейін өзгеше шарттардың ішінде өткен ерекше өмірінен туған. Сондықтан енді қолға түскен азын-аулақ мағлұматтар бойынша Абайдың өз басының өміріне келейік.

Абай жоғарыда айтылғандай екі шешенің тел баласы болып жүрген, кішкене кезінде сырт мінез жағынан аңқау, нанғыш және тентектеу де бала болса керек. Бірақ сол кішкене күнінде өзге балалардан ерекше жері, үйге қонған қонақтың әлде қалай айтқан ертегі сияқты әңгімелерін құлай тыңдайды. Жай өмірде пысық, ширақ емес аңқау болғандықтан, өз шешесінің аулындағы үлкендері: Құнанбайдың бұл баласынан да Күнкенің қолындағы Ысқақтан көбірек дәме қылған. Ол Абайға қарағанда жас күнінен тықылдаған пысық, ширақ болса керек.

Абай он жасқа келгенде, әкесі Семей қаласына әкеліп оқуға берген. Бұдан бұрын қырда да біраз оқыған болады. Семейдегі алғашқы берген молдасы Ғабдұлжаппар деген татар. Артынан бұдан шығарып, Ахмет Риза деген молдаға тапсырған. Екеуі де мешітте имамдық қылады. Және сол мешіттерінің жанында медресе болған. Оқушы шәкірттің көбі медреседе жатып оқиды. Оқу, әрине, ескіше, ылғи дін сабақтары. Соның барлығын да араб, парсы тілдерінде оқиды. Жалпы медреселерде кейінгі заманға шейін сақталып келген салтқа қарағанда: түрік оқу, жолшыбай ғана оқылатын қосымша оқу болу керек.

Оқушы мен оқытушының да барлық уақыты, түгелімен дін діңгегі сияқты болған арабша, одан қала берді парсыша болу керек.

Абай осы медреседе үш жыл оқиды. Оқуға өзімен бірге оқыған үлкен, кіші балалардың барлығынан сонағұрлым зейінді, ұғымтал және ерекше ықыласты болған. Дәрісте арабша кітаптан молдасының бір оқып, бір-ақ рет түрікшеге аударып берген сөздерін екінші ретте кітапқа қарамай өзі жатқа айтып шыға алатындай зерек болған деседі. Сонымен дәріс ретінде оқылатын сабақтарды ұғып, білу Абайға өзге балалардан сонағұрлым оңай болған. Көп уақытын да алмаған. Сондықтан барлық артылған уақытты Абай өз бетімен өзі сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп тімтінуге салынады. Өз бетімен оқитын кітаптары араб, парсы, түрік жұрттарының ақындары. Одан соң сол тілдерде жазылған ертегі, дастан, хисса сияқты әдебиет мұралары.

Бұларды Абай, бала кезіндегі құлай берілгіш мінезі бойынша барын салып, көп оқыған болу керек. Оқуға кірген соң-ақ, балалық дегенді көп білмей, тез есейіп, ілім қуған кісінің қалпына оңай түсіп кеткен. Оқыған кітаптың көбіне сынмен қарай білетін, сезімді оқушы бола бастаған сияқты. Өйткені, сол жылдары Абайдың араб, парсы, түрік ақындарының ішінде өзінің әбден сүйіп, таңдап алған ірі ақындары болған. Солардың әр сөздерін оқып шығып, талай бәйіттерін ұзыннан-ұзақ жаттап алғандары да болған.

Сол бала күнінде жаттаған кей сөздері ұлғайып, кәрілікке жеткен уақытына шейін есінен шықпаған, ұмытылмаған. Абайдың 30 жасында туған баласы Тұраштың айтуынша, балалары оқып жүрген кітаптардың ішіндегі кейбір сөздерді "Пәлен кітаптың пәлен бетінде" деп, жаңылмай жатқа айтып отырушы еді дейді.

Осы сияқты белгілерге қарағанда Абайдың медреседегі оқуы көбінесе "Мұқтасар" сияқты дін кітаптары болмай, дені ақын сөздері болу керек. Ерте күннен әңгімелі, өлең сөздерге ерекше ынтық болып, қатты құмартқан талапты жас шәкірт, ақындық өнерін кәдірлейтін мінезді сол балалық шағынан ала шыққан.

Медресенің ауыр тәрбиесінде жүрген жас шәкірттің шын сүйетін жандары - Науаи, Сағди, Қожа-Хафиз, Фзули сияқты ақындар болған.

Бұлардың сөздерін Абай бері келіп ұлғайған уақытына шейін тастамаған. Әрқашан оқып, әрқашан сүйсініп еске алып отырған.

Медреседе оқып жүрген кездерінде жаз болып елге қайтқанында қаладан ала қайтатын кітаптары тағы сол ақындар. Үй ішіне оқып беріп отыратыны да солар болған.

Өзі оқымаса да балаларын оқытып жүрген Құнанбай, бір баласы Қалиолланы орысша оқытып, Абайды мұсылманша оқытып жүргенінде, соңғы баласына Сопы Аллаяр сияқты ақындарды көп оқытып, өзі де тыңдай жүреді. Сол кезде Абайдан Ысқақ артық болады дегендерге: "Не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтесіңдер ғой" дейтін сөзі Абайдың өз есінде қалған екен.Ескіше оқыту тәртібі шынымен, "инемен құдық қазғандай" өнімсіз оқу болғанда, Абайдың үш-ақ жыл оқуы сырт көзге аз оқу болса да, өзіне көп жаңалық беріп, көп жаңа дүниенің шетін ашқан сияқты. Алдымен ақындарды көп оқу себепті, Абай араб, парсы тілін сол үш жылдың ішінде жақсы біліп шыққан. Мұның белгісі, сол заманнан қалған бірен-саран өлеңдерінен білінеді.



Шегіртке мен құмырсқа (И. А. Крыловтан)

Шырылдауық шегіртке

Ыршып жүріп ән салған

.Көгалды қуып гөлайттап,

Қызықпен жүріп жазды алған

.Жаздыгүнгі жапырақтың

Бірінде тамақ, бірінде үй,

Жапырақ кетті, жаз кетті,

Күз болған соң кетті күй.

Жылы жаз жоқ, тамақ жоқ,

Өкінгеннен не пайда?

Суыққа тоңған, қарны ашқан

Ойын қайда, ән қайда?

Оныменен тұрмады,

Қар көрінді, қыс болды.

Сауықшыл сорлы бүкшиді,

Тым-ақ қиын іс болды.

Секіру қайда, сүрініп,

Қабағын қайғы жабады.

Саламда жатып дән жиған

Құмырсқаны іздеп табады.

Селкілдеп келіп жығылды,

Аяғына бас ұра:

Қарағым, жылыт, тамақ бер,

Жаз шыққанша асыра!

Мұның, жаным, сөз емес,

Жаз өтерін білмеп пе ең?

Жаның үшін еш шаруа

Ала жаздай қылмап па ең?

Мен өзіңдей шаруашыл,

Жұмсақ илеу үйлі ме?

Көгалды қуып, ән салып,

Өлеңнен қолым тиді ме?

Қайтсін, қолы тимепті,

Өлеңші, әнші есіл ер!

Ала жаздай ән салсаң,

Селкілде де, билей бер!


Айтпай:

Піл мен қанден (И. А. Крыловтан)

Көшеде піл жетелеп біреу жүрді,

Кім көріпті хайуанды мұндай түрлі

Көрсеткелі ап жүрген жануарды

Тамашалап, артынан жұрт боп ерді.

Көшеде кез боп бір қанден

Ұмтылды пілге шаптығып.

Шаңқылдап үрді ерленіп,

Тартынбай ұрысар жан шығып.

Қанденге бір ит кездей боп

Деді: "Әліңді білсеңші,

Пілмен ұрысар сиқың жоқ,


Мирас:

Мазақ болмай, қой, көрші!

Қырқылдап қалдың, не бітті?

Әуре болмай, қой!- деді.

Сен бұлқындың, ол кетті,

Жан деген жоқ ол сені".

"Мен де соны білемін,

Сондықтан ер боп келемін.

Ұрыс, соғыс қылмай-ақ,

Ер атанып көремін.

Жұрт мұнымды көрмей ме?

Батыр атақ бермей ме?

Қой, бұл қанден - ер шіркін,

Пілге де үрген демей ме?"









© 2010-2022